Кейде бағзыдан жеткен бірлі жарым сөздің өзінен аталарымыздың қай істе қандай ұстанымда болғанын жəне болмыс, танымын біле беруге болады.
Мысалы, «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» дейді. Қадірін білген адамға осы сөз ұлы қазына. Бұл бізге бабаларымыздың биік парасатын көрсетіп тұрған бір белгі. Алла адам үшін жаратқан соң киік несібе болады. Қажеттіліктен аулайды. Ғажап, сөйте тұра «ысқырып ат» дейді. Киікке де берілген бір мүмкіндік. Қапы кетпеуі тиіс. Өйтсе «обал болады» дейді ұлы далалық заң.
Техниканың күшімен түз тағыларын қорлау, оны мақтанып әлеуметтік желіге шығару надандық. Әсіресе, үйдей джиптермен қасқырды белден мыжып қаңқылдатып жатқан қазақтарды көргенде төбе шашың тік тұрады. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар». Иесіне арқаланған ит секілді, техникасына арқаланып қорлық жасағандарды Құдай да тегін қоймас. Хаюан да Алланың мүлкі. Қорласын деп жаратқан жоқ, әр қайсысын біздің әр қажеттілігімізге жаратты. Енді біздің адамшылығымыз оны өзі әдебі, өз тәртібімен пайдалану болса керек еді.
«Жауың да ер болсын», дейді қазақ. Тегінде бұл ұлттың ірі болмысын көрсететін үлкен сөз. Біз ұлы дала төсінде қаншама ғасыр Жоңғармен қырқыстық, жеңдік дейміз. Тарихи шындық өз алдына бөлек әңгіме, сонда соғыс жағдайында олардың өзара түсінісетін шарттары, жазылмаған заңдары болды. Ұйықтап жатқан жерінен баспалап барып өлтіру, ары қарап тұрғанда қапы кетіру дегендей әрекеттер пасықтық саналып, еш құпталмаған. Алдымен оятып алып жекпе-жекке шақырған. Бұл — қазіргі мәдениетті саналатын адамдардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін, түйсініп жетпес биік шың. Бұл киіз туырлықты, көшпелі халықтың ғажайып ерекшеліктері еді. Жауың да соны түсінсе ғой дейді сол ұлы өркениеттің өкілдері. Жоғарыдағы мәтел соны ишаралайды. Жауың да жазылмаған заңдылықтарды сақтай білсе шіркін! Абай хакімнің: «Достыққа достық — қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол!» дейтіні де сол ғой...
Қысқасы, бабаларымыз адам түгілі, аңға да әділеттілік жасаған. Адам мен адам, табиғатпен адам арасында заңдылықтар солай сақталған еді. Обал, сауапты біліп, жауына да әділетті болған аталар танымынан алыстап кеткеніміз өкінішті-ақ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі