1986 жыл. Ерте көктем. Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті тоғызыншы съезі шақырылды. Бұл кезде кенже қызым Ақмаралды жаңа босанып, біресе өзім, біресе балам ауырып қатты қиналып жүрген шағым.
Оңтүстік Қазақстанның облысаралық Жазушылар бөлімшесінде мәжіліс шақырылып, съезге делегаттар ұсынылыпты. Әріптестерім үлкен сенім артып мені де сайлапты.
Съезге жүрер күн жақындағанда бөлімше бастығы Мархабат Байғұтов телефон соқты.
— Съезге жүрейік деп жатырмыз. Жас балаң бар, сен бара алмайтын шығарсың...
— Сендер мәжілісте делегат етіп сайлағанда мәнің кішкене балалы екендігімді ескерген боларсыңдар. Тыңда, Мархабат, мен қайткен күнде де сол съезге қатысуға тиіспін!
— Қалай барасың? Балаңа кім қарайды?
— Сен қарайсың,— дедім қызуланып. — Күрішші, механизатор немесе шошқашы әйел делегат болса, оның жөнін табар едіңдер, сонда ақынның атқарар ролі әлгілерден кем бе? Менің балалы болуыма байланысты көмекшінің ретін қарастырыңдар! Мархабат сасайын деді.
Сонымен, съезге аттанатын күні баламды көтеріп, медицина институтында оқитын сіңлімді ертіп вокзал басынан табылдым. Балам небәрі төрт айлық. Ол кезде Одақта жұмыс та, жұмыс істейтін адамдар да бар еді. Менің жәйлі орынға орналасуыма да, баламды мезгілімен тамақтандырып тұруыма да жағдай жасалынды.
Съезд жүріп жатты. Айтыс-тартыс, қызылкеңірдек дау-дамай. Сол кездегі Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов өз баяндамасында Президиумда отырған Әбдіжәміл Нүрпейісовтың көзін бақырайтып қойып, оның шығармаларын іреп жатты. Нүрпейісовтың оған қарсы эмоциялық шабуылы...
«Япыр-ай, — дедім ішімнен, — жазушы табалдырығын жаңа аттап келе жатқан біз сияқты жас «перілерге» мына съездің берері бар ма өзі? Келелі тақырыпта әңгіме болады, бүгінгі таңдағы қаламгерлердің творчестволық потенциалды тұрмыс-тіршілігі жайында сөз айтылады деген ойым — айдындағы бос қайықтай, қалқыған күйі қала берді.
Осындай ой құшағында отырғанымда, мінбеге ақын Фариза Оңғарсынова көтеріліп келеді екен. Енді ақындар туралы айтылатын болды деп, ішімнен бір марқайып қалдым.
Ірі де өткір сөйлейтін апай тыңдарманды бірден өзіне баурап алды. Пікірі де, ойы да айқын. Дәлелді. Алыс мекендерде шетқақпай көріп жүрген ақын қыз-келіншектер жөнінде жүрек-жарды лебізін білдірді. Олардың атын атап, түсін түстеп те берді. Бірақ менің есімім аталмады. 2-3 кітабым жарық көріп, баспасөз беттерінде жиі жарияланып жүрген есімім неге атаусыз қалды? Неге? Тіптен мен сияқты адам өмірге келмеген де, болмаған да сияқты.
Үзіліс кезінде қыздар фоэде қызу әңгімелесіп тұрды. Аты аталғандар жабағы жүні көтеріліп, біздей «шыбын-шіркейлерге» маңғаздана қарайтындай. Дәл осыны күткендей-ақ, жаныма жақындаған биязы мінезді, талантты ақын Күләш Ахметова:
— Түу, Ханбибі-ай, сонша жерден емшектегі балаңмен, төсіңнен сүтің сорғалап келгенде, сенің атыңның аталмай қалғаны өкінішті-ақ, — деді.
Теріме сыймай тырсылдап тұрған маған осы сөз қамшы болды ма, сүтімді қайдам, екі көзімнен жас парлап-ақ кетті.
Кешке қонақ Үйде шағын семьямызбен отырғанбыз. Алматының сабылып жүрген қаламгер жастары ауылдан келген әріптестерінің қал-жәйін білмек ниетпен бөлмеден-бөлмеге сүңгіп жүрген. Бір тобы маған да келді.
— Нәрестенің бауы берік болсын, Хан апа! Бұл бала тарихта қалатын болды. Съездің қызы болды. Тұсауын кесіп жіберсек қайтеді, — дейді ақжарқын ниетпен.
— Рахмет, рахмет!
— Түу, Хан апа, — дейді бірі еркелеген сыңай танытып, — ерсіз ғой ерсіз! Өткен күзде, Фариза апай ұлын үйлендіріп той жасағанда, ай-күніңіз жетіп отырса да сонша жерден келіп, ішінде болғаныңыз-ай. Сонда сізді босанып қала ма деп қатты қорқып едім, — дейді жақын жансып.
Қазаққа әңгіме керек. Біреуді біреуге айдап салғанда алдына жан салмайтын халық емеспіз бе?
Шыны керек, сол сапардан ренжіп оралдым. Үйге келген соң да байыз таппай, жақсы көретін кітаптарымды қайта парақтаймын. Фариза апайдың соңғы кітабын қолыма алдым. Оқи түсемін. Не деген ой, не деген сезім! Тапқырлығында, сөздерді орны-орнына қоя білуінде мін жоқ! Ренішім мен өкпем әдемі сөздердің арасына көміліп жоғала берді, жойыла берді... Соңы сағынышқа ұласты.
Арада біраз уақыт өтті. Фариза апай Шымкент жаққа жолаушылап келген екен, үйге телефон соқты. «Уақытым болса соға кетемінді» қысқа қайырды. Қаһарлы қыстың кезі. Есіктен апай кіріп келгенде сұп-суық ауа қосыла кірді. Ол суықтың қай суық екенін аңғара алмадық.
Аздан соң мәре-сәре қалыпқа ендік. Үлкен қыздарым да, жүгіріп жүрген Ақмаралым да апайға жақындап, іштарта бастады. Апай өте балажан екен. Балалардың мен білмейтін ой-танымдарын дөп басып, үлкендерінің кластас құрбыларына, кішкентайымның тәжірибелі тәрбиешісіне айналып кеткендей...
Ара-тұра менімен әңгімелесіп отырды. Осында тұратын үлкені, кішісі бар, қолына қалам ұстап жүргендердің әрқайсысына жеке тоқтап, олардың жағдайларын тәптіштеп сұрайды. Бейне бір ағайын-туғанына төркіндеп, бауырларының сырына қаныққысы келген ұзатылған қыз сияқты.
Өзі сұраған соң, өзін ақынмын деп жүрген бір әйел баласының маған жасаған қиянаты жәйлі айта бастап ем, апай тыңдамай тастады.
— Сен уақ болма! Ондай әңгімені айтпа! Сен кім? Ол кім? Сенің басыңда — үйің, қасыңда — байың, бауырыңда — балаң, сөйте тұра қолыңда — қалам! Ол байғұста осының бірі бар ма? Адам баласы өзгеден несі артық, несі кем екенін бағамдай білгені ләзім! Қолыңнан келсе ондайларға көмектесуге тырыс. Көмектес! Бір кезде өз кемшілігін өзі мойындайтындай болсын!
Тағы да тығылып қалдым. Ештеңе дәлелдей алмасымды сездім де, асүйге қарай кеттім.
Мені ұрсып тастағаны — есі кіріп қалған қыздарыма қалай ұнай қойсын. Олар да орындарынан тұрып, ыдыс-аяқтарды жинап, жуып-шая бастады. Апай жалғыз қалмасын деп, қонақ бөлмеге қайтадан кіріп отырдым. Ашуы әлі басылмапты.
— Отырысын қарай қал! Құрттай балаларға ыдыс-аяғын жуғызып, — деді.
— Қыз балалардың үйренгені өзіне жақсы, — дедім, мен де қарап отырмай.
Апай орнынан тұрып кетті. Отырған жерімде сопайып әлі отырмын. Апай көрінбейді. Қайда кетіп қалды екен деп, бөлмелерді тінтіп шықтым. Асүйге бас сұқсам, ыдыс-аяқтарды өзі жуып жатыр. Бетімнен отым шықты.
— Апа, әкел, өзім-ақ жуам ғой.
— Бар, демал. Жас балаң бар, шаршайтын шығарсың, — деді дауысы жұмсарып. Сөзінде кекесін де, зіл де жоқ.
Менің апаймен бетпе-бет кездесуім бір бұл емес. Талай кездескем. Талай жылағам. Талай жұбанғам.
Әйтпесе:
Сезеді ішім, мені аса ұнатпайсың,
Жебемейсің. Немесе құлатпайсың.
Жеті өзен боп кеудемнен қашасың да,
Жеті көл боп қайтадан тұрақтайсың...
Сыйластықтың қол жеткен мәні бар ма?
Көнбіс көңіл — қуанар, қамығар да...
Үміт жібін үздіріп, түңілдіріп
Және өзіңдей жалғар жан табылар ма? — деп жазбаған да болар ма едім?
Бетпе-бет кездесуім бір бұл емес деуімнің себебі бар. Қолы қалт ете қалса, ешкімге айтпай-ақ «мен келе жатырмын» деп елді шулатпай-ақ, ойда-жоқта бір соғып кететіні болатын. Кейде «алдын-ала айтпайсыз ба, дайындалатын едік...» дегенімде, ештеңеге әуре болма, біреулерді әуре-сарсаңға түсіруді жаным сүймейді, дейтін. Кей көңілденген шағында «осы үйде жақсы түс көремін» дегені де бар-тын. Кейде келгенінен кеткені жылдам болады. Апай поезбен жүргенді онша ұнатпайды. Бірде самолетке шығарып салдық. Үйіндегі (балалары — ұлы болсын, қызы болсын бәрі апайды «папа» деп атайтын) балаларына «папаларының» ұшқан рейсін хабарладық. Арада екі-үш күн өткен соң телефон безілдеп қоя берді. Көтерсем Қызылорда облысының әкімі екен. — Фариза апай сіздерге жүріп кетті, — деп келетін поездың уақытын хабарлады.
— Жәй ма екен, — деп жүрегіміз зырқ етті. Вокзал басында апайдың жүзі жарқын. Е, тоба, тыныштық екен ғой, — деп үйге алып келдік. Есіктен кіре жолдасым Тұрдықылышқа:
— Сені бір әсем ән жазды деп есітіп, соны тыңдауға келдім! Жылдам отыр пианиноға, — асығыспын! — дегені бар.
— Қандай ән? — деді сасқалақтаған Тұрдықылыш.
— «Нурикамал» дей ме әннің аты?
— Ә, ә, солай ма? — деп Тұрдықылыш, күйсандыққа жақындай түсті.
Апай талантты ақын болумен қатар, музыкалық қабілеті де бір музыканттікінен кем емес. Есте ұстау, ырғақ, әуенді қағып алу секілді қасиеттеріне таңқалатынмын.
Бір рет күйсандыққа қосылып орындап берген әуенге қанағат қылмады, тағы, тағы да орында! — деді, әнге сүйсінген апай. Үшінші рет орындағанда апайдың өзі де қосыла кетті, Ән тексті мынадай:
Аспандағы ай ма дедім,
Жастық шағым қайда менің?
Жүрегімді елжіреткен,
Жаным, қандай жайдары едің!
Нурикамал, камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай.
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым, жанарыңа-ай, қарағым-ай! . . дейтін қайырмасында апай, ерекше бір шабытпен қосылып, әннің ойдағыдай шыққанына баладай шаттанып еді.
— Тұрдықылыш!— деді, — енді басқа ән жазбай-ақ қой! Композиторға көп ән жазу міндетті емес, ол бәрібір бір-ақ әнімен танылады. Ол әнді сен жазыпсың, құтты болсын!
Апайдың біздің жаққа келуіне байланысты мына бір нәрсені айтпай кетсем тағы болмас.
Бір жолы ұлы Айбармен келген, ұмытпасам, Түркістанға бармақ беті еді. Жолай біздің үйге соқты. Балалар жататын бөлмені босатып бергенбіз. Ол жаққа қия баспаймыз. Балалар бөлмесі ол кезде біз үшін құпия, әскери аймаққа айналды.
Айбар, бәріміз қонақ бөлмеде телевизор көріп отырғанбыз. Ақмарал 3-4 жаста болатын. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, апай жазу жазып отырған бөлмеге қайта-қайта бара береді. Апайдың ескертуінен кейін біз баланы ол жаққа жібермеуге тырыстық. Айтқаныңды тыңдай қалса, оның бала болғаны қанеки! Бір кезде әлгі бөлме жақтан Ақмаралдың бажылдап жылап шыққанын көрдік. Соңында апай. — Ақмарал, кешірші, байқамай қалдым! — деп, соңында жүр. Бала да көкірегі басылмай, жылаған қалпы бөлмеден-бөлмеге жүгіреді. Оның соңынан ерген апай «кешірін» қанша айтса да жұбата алмай жүр.
Осы көрініс бүгінгідей көз алдымда. Айғай салып жер тепсінген ерке сәби, соңында бурыл шашты, арыстан тұлғалы ақын ана. «Бала көңілі — патша» деген осы екен. Ерке бала да оңайлықпен райынан қайтатын түрі жоқ. «Кешірмеймін!» дейді айғайлап. Бір мезгіл бақырауық баланың орнына өзімді қойып, тәтті қиялданғаным да бар...
Қызықтың алды алда болды. Баланың қай жылағаны есте қалсын, мамыражай әдемі кеште, бас-аяғымыз түгел, кешкі шәй ішіп отырғанбыз. Фариза апай әңгіме айтып, бәріміз ұйып тыңдап отырдық. Әңгіме тақырыбын біздің шаңыраққа ойыстырып, үлкен қыздарымыздың үлгілі, өнегелі, көргенді болып өсіп келе жатқандығына сүйсініс білдіре келіп, тек мына кішкентайларың «шамалы» екен дей бергені сол екен, Ақмарал жұлып алғандай:
— Сен өзің шамалысың! — дегені.
Біз үнсіз бір-бірімізге қарап, не күлерімізді, не ұрсарымызды білмей қалдық. Апай күліп жіберді:
— Мен адам танысам, осы бала бір жерден шығады. Ұрыспаңдар! Баланың жасқаншақ, жасық болып өспегені дұрыс, — деді. Ақмаралды жанына шақырып, басынан сыйпады. Фариза апай әлі күнге Ақмаралды «шамалы» деп атайды.
Мен Алматыға жиі болмаса да, қызмет бабымен соғып тұрам. Астанаға барған сайын, алдымда шартқа айналған үш міндетім бар. Бірінші — Ақбас Алатауға бас иемін. Екінші — өзім тірі пайғамбар санайтын, адамгершілігімен, асыл қасиетімен піріме айналған ақындардың ақыны, ақындардың анасына айналған Мәриям Хакімжанова апама сәлем берем. Сосын... сосын алпыс арманымды, сексен сезімімді, үміт пен күдікке толы тоқсан ойымды ілестіріп, Фариза апайдың есігін қағып тұрамын.
Қазір ақылға зәру адам жоқ. Бірақ Фариза апайдың ешкімге ақыл оқығанын көрмеппін де, естімеппін де. Кейде амандық-саулық сұрасудан әріге бармай, бос қайтам. Ондай кезде әйтеуір, басы аман, бауыры түгелдігін көріп, көңілімді тоқ санаймын.
…Қалтасына мөр салып, уақ басшылардың қатарына қосылуым — сексенінші жылдардың екінші жартысы еді. Жер-жерде мүсәпір қарттарға көмек көрсететін қайырымдылық Қорлары құрыла бастаған кез. Негізгі тірек — Мәскеуде болды да, оның республикалық, облыстық бөлімшелері ашыла бастады. Оңтүстіктегі бөлімшені басқару маған тиді де, астанаға жиі қатынайтын болдым. Жаңа жұмыс өте қызық. Дүниеде біреуге көмек беруден, қамқор болудан, қайырымдылық жасаудан асқан іс бар ма? Біреуге қажет екеніңді сезіну, сенің де қолыңнан бірнәрсе келетінін білу — ақын жанды адамдарды қанаттандырып жібереді екен. Сыршылмын-ақ! Апайға келіп, кімге қалай көмектескенімді, мүсәпір жандардың психологиясын, олардың тұрмыс-тауқыметтерін ұзақ әңгіме етіп айтып беремін. Менің бұл қызметіме ешқандай қатысы болмаса да, апай өте бір қызығушылықпен, ықыластана тыңдайтын. Ара-тұра әрекетімді қостап, «дұрыс жасағансың», «солай етуің орынды болған» деп арқаландырып та қоятын.
Бұл тақырыпты қозғап отырғандығым — апайдың әңгіме тыңдай алатындығы. Ұнасын-ұнамасын, айтқаныңды бастан-аяқ тыңдап болып, пікірін соңынан айтатындығы. Әңгімені айта білумен қатар, оны тыңдай білу де асқан таланттылықты қажет ететіндігіне сондайда көзім жететін. Екіншіден, қайырымдылық тақырыбы — апай үшін, ешқандай қызмет құлағын ұстамай-ақ, ол үшін мекеменің орындығын тоздырмай-ақ істеген ісінің қайырымын күтпей-ақ, жалақысыз істеп келе жатқан кәсібі екендігін кейін түсіндім. Апайдың көзінен ұғынғаным — адамдарға мейірімді, шапағатты болу — адамның жүрегінің түбінен шымырлап шығып жатпаса, ондай жүректі Аллатағаланың өзі әу баста иіп бермесе, онда мейірімді болып көрінгің келгеніңнің құны бес тиын! Фариза апа талай-талай жетім-жесірлерге пана болып, солардың жолында өз шаруасын жиып қойып, арып-аршып, жүйкесіне салмақ түсіріп жүрген кездерінің де талай куәсі болдық. Басына ауыртпалық түсіп, өмір табалдырығын қалт басқан немесе әділетсіздіктің нысанасына айналған жандарға қамқор болып, қанатының астына алып, «жедел жәрдемдей» күй кешетіні - ақын болмысына тән қасиеттің бірі деп ұққанымыз жөн.
Өзімізден көш озық ақын жанның басынан өткерген өкініш пен реніштерінің қайта қайталанып шығатыны бар. Сондай сәттерде Фариза апа маған қарап:
Тосын тыққан, үрікпегін тасадан,
Өз бергенін өзі алар жасаған.
Қайырымым қайтпады деп, налыма,
Жақсылықты қайтады деп, жасама!
Жүзің — жарық, жаның — таза ете гөр,
Алғы күнге ұмтыла бер, жетелер.
Қиындық та адам таңдап қонады,
Адамның да адамы бар, көтерер!.. — деп тұрғандай көрінеді.
Фариза апай өмірде қатал, қайтпас, томырық мінезді болып көрінгенмен, қаталдығы-мейірімділікке, қайтпас бірбеткейлігі лезде жұмсарып, биязылыққа айналып, жан-жағына сәулесін шашып тұратын тартымдылыққа саятынын көп кердік. 1993 жылы Түркістан жақтағы бір сыйластары қазалы болып, қайырлы болсын айтуға келген. Қайтар кезінде біз Шымкенттен бір топ қыздар аэропорт басынан шығарып салуға келгенбіз. Апайдың керемет көңілділігінің сол бір сәт куәсі болдық. Сол сезімімді апай мінген ұшақ ұзап кеткеннен кейін былайша білдіріп едім:
Фариза Оңтүстікке тосын келіп,
(Жүре алмай бір-екі күн қасында еріп,..)
Оралған Түркістаннан, «қош айтуға»,
Шымкентте, аэропорт басында едік.
Үнемі тағдырменен жағаласып,
Жүретін ұлы ақынның — қабағы ашық.
Күлкісі (өзі сезбес) — жарасып тұр,
әдемі лебізімен араласып.
Жыр етіп Түркістанның қасқа тасын,
Сыр етіп — Әнитасын — жас ботасын,
— Ең мықты сыйлық болар, немереме,
Сауранның алдым, — дейді, — тасбақасын...
Ақын-ай! Қуанады, түңіледі…
Көңілі-қабағынан білінеді.
Қош айтып қалушылар, қорапшаға
тасбақа көрмегендей үңіледі.
Мен де ақын. Сөз дегенде жоқ шыдамы,
Майдалап, кейде, қасқаң — оқ шығады:
— Жерлесім тырбаңдаған бағы жанып,
Күні ертең алматылық боп шығады!
Қамқор да табылады астанадан, —
деп, күлді, терең ойлы, аспан адам.
Қазақпыз қарашасын Ханзада етіп,
Болсам деп ұмтылғанын жасқамаған! . .
Күлкінің астарынан жас көрем де,
Байлық жоқ қиялымнан басқа менде.
Тұрғанда ауыр ойдың құшағында,
Кетіпті самғап ұшақ тас төбемде!
Күтпеді, ұшақ мені ойда екен деп,
Жүр ме едім бос кеудені жәй мекендеп.
Ойландым: — Барлық иттің иесі бар,
Тәңірі бөрілердің қайда екен? — деп!..
Өмір қызық. «Әттең-айға» бармақ тістететін кездері көп-ақ, қой! Соның бірі — өмірін өлең деген өнерге бағыштап, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, қайтсем елге пайдам тиедімен тағдыр кешіп жүрген, әз ақынның өз халқының ақыны екендігін білдіретін айғақ қағаздың берілмей жүргені де соның бірі шығар! Көріп жүрміз қатарлас жатқан, қанаттас жатқан өзге елдердің қыздарына деген құрметін! Мен сол елдің «Халық ақыны» атағы бар біраз кісілердің творчествосымен Фариза ақынның жазбаларын салыстырған да кездерім болды. Танысу барысында тағы да қазақтың «қалқам-ау, сен қайдағы, мен қайдағы» екендігінің куәсі болдым десем, оны біраз жан мойындар да, мені түсінер де. Ақынға баладай нәзіктік пен аңғалдық та жат болмаса керек.
1991 жылы қазақтың тарлан ақыны Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейлі тойы оның туған ауылында тойланғаны баршаға мәлім де шығар. Жер-жерден тойға қатысуға жиналған делегация мүшелері Алматыда тоқайластық. Мен Фариза апай отырған машинаға түстім.
Аудан орталығында өткен мұражайдың ашылуына, басқа да мәдени шараларға қатыстық. Апай сөз сөйлеп, өлең оқыды. Той Шәлкөде жайылымында жалғасын тапты. Шалғыны шалғайыңнан алатын, адам ізі түсіп көрмеген жасыл жайлау бабында екен. Сән-салтанатқа толтырып, тігіліп тасталған киіз үйлердің келбеті көңіліңе «қазақ осылай жасаған» деген мақтаныш сезімін үйіреді.
Тойға келген қонақтарға — ауданы, облысы, астанасы бар, бәріне бөлек-бөлек арнайы үйлер тігілген. Біздің облысқа арнап тігілген үй — орталықтан қашық емес, жол бойына жақын маңда екен. Апайға тігілуге тиіс арнаулы үй белгісіз себептермен жабдықталмай қалыпты да, ол кісіні өзіне шақырушылар көбейіп, қашан орналастырғанша жанына еріп жүруге тура келді. Апай қатты ренжіді, «бері жүріңіз, бері жүріңізбен» біраз үйді адақтап шықтық. Бірі де апайға ұнамады. Ұнамағаны үй емес, сол үйдің ішіндегі адамдары болса керек. Ол кісіге ұнау — дүниедегі қиынның қиыны екенін білем. Ақыр соңында апайдың өзі де, біз сияқты соңына еріп жүрген нөкерлері де шаршайын дедік. Бір кезде апай «қайтамынға» басты. Қатты састық.
— Апа, — дедім — жәйлап, — осы шымкенттіктерге арнап тігілген үйге жүріңізші. Онда мүйізі қарағайдай әкім-қара да, кеудесіне нан пісер астананың жазып-сызғыштары да жоқ, өңкей жалаңаяқ қаратобыр өкілдері.
Шамалы ойланыңқырап тұрды да «жүріңдер» деп алға қарай аяқ басты. Біздер көңілденіп қалдық. Келгенімізде киіз үйдің есігі айқара ашық тұр екен. Көлденең жүрген бейсауат ешкім көрінбейді.
— Мына жер ызы-қызы емес, бір тыныш жер екен, — деді апай төрге озып жатып. Айқыш-ұйқыш жасауы, асып-тасқан байлығы болмаса да, біртоға қоңырлығымен-ақ бақытты шаңырақтар болады. Біздің қазіргі күйіміз дәл сондай еді. Апай кіріп келгенде жарқ ете қалғандай болған қара шаңырақ та маңғазданып, әрленіп кеткендей.
Манағы оңаша деп қуанғанымыз ерте екен, «Фариза мына үйде» дегенді естіп, сәлемшілер басты да кетті.
Ән шырқалды. Қазақтың қанына сіңген мадақтау, қолпаштауларға да орын беріліп жатыр. Бұл күні осының бәрі де жарасып тұрды. Бұл той — ақын тойы! Осындай көңілденген сәтінде апайдың домбыраға қол созатыны болушы еді, сол дәстүрінен айнымаған апай қара домбыраның құлағын күй тартуға бейімдеп, бұрай бастады.
Дәл осы кез керемет бір дауыл тұрғандай болды да, дүбірлеген ат тұяғының дүрсілі естілді. Апай отырған жақтағы керегені сықырлатып, мықты толқын соғып өткендей болды. Бәріміз абдырап қалдық. Шәлкөдедей шалғын жерде ат тұяғының дүбірі мұншалықты тасырламаса керек еді. Апай бір дәрменсіз күй кешкендей, маған қарап:
— Бұл не? — деп үрке сұрады.
— Мұқағали ағамыздың әруағы ғой сізді іздеп жүрген, — дедім сабырлы. Бұл сөздің аузыма қалай түскенін күні бүгінге дейін білмеймін.
— Солай ма? — деп апай, ашық ауыз баладай маған төніп қалыпты.
— Ендеше бұл не? — деп өзіне қарсы сұрау қойдым. — Жарайды, дауыл тұрды-ақ делік, ал мына ат тұяғының дүрсілі Шәлкөдедей миы былқылдап тұрған жерде қалайша тақтайға тас атқандай естіледі дейсіз?..
Ақын жүрек сенді де көнді. Бүгінгі отырыста апай маған жылы шыраймен қарап қояды. Сезіміне шаң жуытпай, шынайы ұстаған, ақын жүректің жан сырына үңіле білгенім үшін, мүмкін өзі де ойлап қойған сол бір сырға ортақтаса білгенім үшін бе, кім білсін!
Анда-санда болса да, апаймен сапарлас, сұхбаттас болған сәттерден нешетүрлі хикаялар мен шежірелер шертуге де болар. Бірақ апай туралы айту да, жазу да қаншалықты қиын екендігін оқырман жұрттың өздері де бағамдай жатар. Бірде алақаныңда тұрғандай болған сиқыр сыр шалт бұрылып ұстатпай кетсе, бірде жұмбақ жанның шешілер түйіні болып, алыс елеске шақыра береді, бастай береді…
Ақынның сыры да, шыны да оқырманмен бүкпесіз сырласатын жырында болса керек. Апайды таза табиғатыммен тани білген, көре білген кезім де сонау жетпісінші жылдар еді. Ол кезде табиғат та, адам жаны да экологиялық өзгерістерге ұшырамай, ұрынбай тұрған кез еді.
«Маңғыстау маржандары» деген алақандай кітабы жарық көріп, алыс шалғайда жатқан менің қолыма тигенде, мөлдір тұнбаға бас қойғандай, бір деммен оқып шығып, сол кездегі өзім қызмет ететін, аудандық газетте жарияланған жүрекжарды пікірімді білдіре алғаныма қуанам да. Қуанатыным менің сол кездегі балаң сенімімнің алданбауында еді. Күн сәулесімен құлпырып тұрған сол бір алақандай айнабұлақтың бүгінде тарам-тарам өзендерге айналып, мұхиттармен жалғасып жатуы көңіліме қуаныш сезімін ұялатады.
Ақын тағдыры — ауыр тағдыр. Қуанышы мен шаттығы алма-кезек ауысып отырар, тұрақсыз уақыттың көз арбар құбылысын дер кезінде қағып алып, оқырманға алмастай қырландырып, түрлендіріп ұсына білу — аз тер төгуді қажет етпес.
Қиыры да шиыры мол өлең жолында қисапсыз уақытымызды, ұйқысыз түндерімізді арнадық десек, Фариза Оңғарсынова бұл жолда бүкіл өмірін берді. Соның нәтижесінде бір ауылдың немесе бір аймақтың, ғана емес, тұтас бір ұлттың мақтанышына айналып отыр.
Елі азат, халқы тәуелсіз болып отырған бүгінгі шақта, тұлпар таланттың әппақ армандарын тиеген ақ кеме көз алдымыздан алыстап жүзе береді, жүзе береді. Ақ кеме алған меже — жарқын болашақ!
1995 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі