Өлең, жыр, ақындар

Күшіміз - бірлікте!

Қаралы қаңтар оқиғасы барлығымызды селт еткені рас. «Күшіміз бірлікте» ұранын ұстанып, бұл күндерді де артта қалдырдық. Осы жағдайдан кейін ата-бабаларымыздың «Бірлік бар жерде-тірлік бар» деген сөзінің мәнін тереңірек ұғынған сияқтымыз.

Тарихтың қай кезеңінде болмасын бірлік деген ұғым әрдайым маңызды болғанын көреміз. Бірліксіз ешкімнің де, ешбір елдің де ешқашан асығы алшасынан түспеген. Адамзат өмірі туғаннан бастап күрес, бірақ бірлескен күш-жігер, өзара ілтипат, бауырмалдық пен достық деген киелі түсініктер ерлікке де, жеңіске де, сән-салтанатқа да, мәңгілікке де бастайды.

«Бірлескен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» десек, тәуелсіз қазақ елінің көк байрағы желбіреп, әлемдік сахнада Азияның барысы іспетті нық қадам басып келуі-бірлік мәнін терең ұғынуынан.

Ел бірлігі дегенде ел қамын жеп, күңірене ой толғаған Асан қайғы, Жиембет, Қазтуған, Бұқарлар бастаған тереңнен толғаған жыраулар еске түседі. «Бірлігіңнен айрылма, бірлікте бар қасиет»-деген Ақтамберді сөзінде үлкен мән жатыр.

«Бөлінгенді бөрі алар» деген мақал бар.  Бір кездері аты шулы, даңқы асқан мемлекеттер неліктен тарих сахнасынан жоғалды десек, жауабын араздық, күншілдік, билікке талас деген сөздерден табамыз. Ендеше, бейбіт күн астында бір ананың баласындай Отаны, жүрегі, тілегі бір барлық қазақстандықтардың түріне, түсіне, ұлтына қарамай тату-тәтті өмір сүруі үшін бізге бірлік ауадай қажет. Күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық!

Айым Тлектес


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз