Өлең, жыр, ақындар

Міржақып Дулатұлының «Біздің мақсатымыз» мақаласына талдау

Өткен ғасырдың басы қазақ халқы үшін маңызды және сонымен қатар аса қатал кезең болғаны белгілі. Өйткені аумақтық тұтастықты жоғалту ғана емес, ұлт ретінде де, халық ретінде де жойылып кету қаупі болды. Осы қауіп халықты патша үкіметі мен оның отаршылдық саясатына қарсы қиян-кескі күреске алып келді. Осынау ызғарлы кезеңде жарқ еткен жасындай қазақ даласының арда азаматтары бой көтеріп, халықты ұлттық біртұтас мемлекет құру үшін бірігуге шақырды. Олар тәуелсіз мемлекетті қайта құру идеясымен және ойымен өмір сүрген адамдар болды.

Сол сындарлы сәттегі сап түзеген қазақ зиялыларының осындай жарқын өкілдерінің бірі –патшаның қатыгез саясатынан тайынбаған батылдығымен халқының ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген Міржақып Дулатұлы еді. Өз халқы үшін қыруар жұмыс атқарған және көп нәрсені үлгермей кеткен ұлы тұлға Қазақстанның қазіргі ұрпағы үшін ақын және жазушы ретінде ғана емес, Алаш Орданың саяси қайраткері ретінде де сан қырлы тұлғасымен күн сайын ашылып келеді.

Өз халқының тағдырына жаны ауырған патриоты әрі заманының озық ойлы тұлғасы болғандығының айғағы ретінде қайраткердің еңбектерін атауға болады.   «Ұлфат» татар басылымына қосымша ретінде шығарған «Серке» газетінің беттерінде «Арғын» деген бүркеншік атпен алғашқы үндеухаттарын жазған. Бар-жоғы екі номері шығып үлгерген «Серке» газетінде жарияланған «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы үлкен толқыныс тудырғаны соншалық, патшаның арнайы күзеті баспаға келіп, бүкіл таралымы тәркіленіп, авторыерекше бақылауға алынады. Патша билігініңназарын осынша аударған мақалада не айтылған екен?

Мақаласын қазақтардың ешқандай құқығы жоқтығы ыза мен кек тудыратынынан бастап, ары қарай халықтың шенеуніктер, урядниктер, қарауылдар тарапынан қорлық көретінін, кедей қазақтардың мал-мүлкін тартып алатынын, тіпті ойына не келсе, соны жасайтынын, бұл істері үшін оларға ешқандай жаза қолданылмайтынын ашына жеткізген. Шұрайлы қоныстардың Ресейдің ішкі жағынан шарасыз қоныс аударылған мұжықтарға беріліп, жергілікті тұрғындардың құнарсыз жерлерге ығыстырылып, өз жерінде құқықсыз басынушылыққа ұшырағанына қынжылады. Сондай-ақ халықтың өзінен жиналған алым-салықтың орнымен жұмсалмай, қажетсіз дүниеге құртылатынын баса көрсеткен. Халқына жан-тәнімен берілген батырлардың қуғын-сүргінге ұшырап, атылып-асылғаны, мыңдаған жанның тар қапаста жатқанын, Мемлекеттік Думадағы халық өкілінің алынып тасталғаны да қозғалған. Бұларға қоса, мақалада биліктің дін мәселесіне және әдет-ғұрыпқа да араласып, мұсылман кітаптарына тыйым салынғаны туралы айтылады. Бұл фактілер Қарқаралы петициясынан алынған болатын. Әңгіме тұтқындалған Ғабдолла Исабековтың кітаптары туралы еді.

Мақалада сол кездегі халықтың жағдайы баяндалғандай көрінгенімен ондағы әрбір сөздің астарында үлкен саяси мән жатыр. Ұлт жанашыры патша үкіметінің бұратана халықтарға қатысты отаршылдық саясатын әшкерелеп, көрсетіп отырған зорлық-зомбылығын қорықпай сынаған. Қылышынан қан тамған қаһарлы орыс империясының патшаға қарсы сөз айтуға кез келгеннің батылы жетпес заманында осындай шындықты шырқырата жеткізген мақала жазу үлкен ерлік екені анық. Ұлтының жоғын жоқтап, халықты бірлікке, елдікке шақырып, сол жолда жан аямай еңбек еткен есіл ердің есімін елі де ардақтап өтері хақ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика 1 курс Жуанқан Айтолқын


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер