(аударма)
Спиридон Вангели, Молдова
Гугуцэ өзінің қауқиған бөркін киіп үлгермей-ақ, қыс түсіп кеткені. Шамасы, тентек аязға бала да, оның дәу бөркі де ұнап қалған ғой.
Гугуцэні көру үшін дүниенің төрт бұрышынан ақша қар ұшып келді. Олар бірден-ақ баланы басынан аяғына дейін орап алды. Гугуцэ болса, қардан соғылған бала секілді: жұп-жұмыр, аппақ болып тұр. Тек бөркінің астынан түтін бұрқырайды.
— Ойпыр-ай! — деп таңданды ақша қар. — Мынау бөркінің астында от жағып жатыр-ау! Мынадай бөрікті киіп алса, оның ішінен аязыңның өзі де қашып шығар!
Бірақ ол Гугуцэнің аузынан шыққан демі түтіндей будақтап тұрғанын түсіне алмады. Ақша қар өз дегенін істеп жатыр: есіктің алдын, қора-қопсыны түгел жауып алды, баланы да шарбаққа тықсырды.
Гугуцэ көзін сүртіп жіберіп, жан-жағына қарап еді, таң-тамаша қалды. Күні кеше сайрап жатқан жол жоқ болып кетіпті! Далада жасырынып қалды ма екен деп шарбаққа шығып қарап еді, бірақ ол орнында екен. Төбелер де тұр. Тек бәрі аппақ болып кетіпті. Тіпті ауылға жақындап қалған сияқты.
«Қарай гөр! — деп ойлады Гугуцэ. — Бұлар қайда барады өзі? Ә-ә... Төбелер де бізбен бірге қыстап шыққысы келген екен ғой».
Гугуцэ бөркін көзіне түсірді де:
— Ой, бізге қаншама қыс келген! — деп қойды.
Ал ақша қар болса, оның жанынан әлі қалмай, топталып жүр. Бұлт секілді буға қарайды да, Гугуцэ бөркінің астында неге от жағып жатыр деп таңырқайды.
ГУГУЦЭНІҢ БӨРКІ
Мұның бәрі әкесінің Гугуцэге арнап тым үлкен бөрік тігіп бергенінен басталып кетті. Мейлі, бала бір жыл ғана киіп қоймасын дегені еді.
— Көзіме түсе береді, көке.
— Сен оны көтеріп қой, Гугуцэ. Міне, саған қыс бойы іс табылады сонда.
— Ә, солай ма! Яғни Гугуцэнің мұнан өзге шаруасы жоқ екен ғой. Ендеше көрсін олар!
Таңертең Гугуцэ жұрттың бәрінен бұрын тұрды. Аяғының ұшымен ептеп басып далаға шықты да, қойларды жемдей бастады. Әкесі келген кезде, Гугуцэ қойға мініп алып, қораның ішінде шапқылап жүр еді.
— Хал қалай, Гугуцэ!
— Ә-ә! Жақсы, көке!
Сонан соң бала жемді әкете бер деп қолымен белгі берді.
Сол күннен бастап Гугуцэ қойларды күтетін болды. Күн өткен сайын ауылда аяз күшейе түсті. Көшемен жүргеніңде, қар сықырлап қана қоймай, сым ішек сияқты сыңғыр-сыңғыр етеді. Адамдар қымтанып киініп алған.
Гугуцэ сыңғырлаған қарлы жолмен жүріп отырып, бірінші класс оқитын қызды қуып жетті. Байғүс тоңғаннан көгеріп кетіпті. Гугуцэ оның кітаптарын алды; ал қыз қолдарын жеңіне сұғып, оның соңынан секіре басып еріп отырды. Гугуцэ кітаптарды қолтығына тығып жүріп келеді, жүріп келеді. Кенет оның басына тамаша ой келе қалды. Кітаптарды бөркіме салып алайын, оның ішінде кітапқа да, басыма да орын жетеді деп ойлады.
Гугуцэ бөркін алды. Бірақ қызға тағы бір қарап еді, бұрынғыдан бетер аяп кетті.
— Тоңдың ба? Шыныңды айт.
— Аздап. — Қыздың тісі тісіне тимей тұр.
— Онда менің бөркімді ал.
— Жоқ, Гугуцэ, өзің тоңып қаласың ғой. Және мұндай бөрікті қыздар кимейді.
— Мейлің ендеше, — деді Гугуцэ. — Онда жолда-ақ қалсын.
Ол бөркін қардың үстіне қойды.
Екеуі жүріп келеді. Гугуцэ алдында, қыз соңында, оқтын-оқтын арттарына қарап қояды. Иесі тастап кеткен бөрік жетімсірегендей, жол үстінде тұр. Ақыры бөрік шыдамады, бар күшін жинап ауаны ішіне тартып қалып еді, үп-үлкен болып өсіп кетті.
Гугуцэ бөркін алып, жалма-жан өзінің басына да, қыздың басына да кигізе қойды. Екеуі бірге жүріп келеді, ал бөрік оларды аяздан жасырып келеді.
Сол кезден бастап бірінші класс оқушылары мектеп қақпасынан шығар-шықпаста-ақ, олардың жанына Гугуцэ жетіп келетін болды. Қеледі де, қатарынан жеті-сегіз қызды бөркінің астына алып, үйлеріне жеткізіп салады. Бөркі де Гугуцэні тыңдайтын болды — қанша керек болса, сонша кеңиді. Бір күні тіпті мұғалім апайдың өзі де балалармен бірге сол бөріктің астында үйіне барған. Жұрттың бәрі бұған қарап, бастарын шайқап таңданатын.
Бөрік деп осыны айт! Дәл бір шөмеле пішен тәрізді. Ғажап екен де!
Гугуцэ балаларды үйлеріне жеткізіп салады, ал бөркі сол бойда кіп-кішкене бола қалады.
Дегенмен бір күні бөрік баланы ұятқа қалдырды. Гугуцэ оны сипап та, жалынып та көрді — бәрібір бөрік өспей қойды. Дәл сол күнгі суықтық сонша, тіпті аяздан қоңырау үні де шықпай қалды және бүкіл ауылда бірде-бір ит үруге шамасы келмей койды.
Гугуцэ үйге келген соң бәрін түсінді: ертеңгісін ол қойларға жем бермеген екен ғой! Гугуцэ сонда ғана санын бір соқты: өзіңнің ісіңді ұмтушы болма! Енді бөркі де оны қайта тыңдайтын болды.
Сонан кейін Гугуцэ бүкіл ауылды үйлермен қоса бөркімен жапқысы келді. Бұл жайлы ойлағаны сол-ақ еді, бөрік өсіп барады, өсіп барады, тіпті аспанды тұтас жапқанша өсті.
Бөріктің астында көктем шықты. Рас, күндіз де электр шамдары жанып тұрды. Бірақ бөріктің астындағы өмір бұрынғысындай өте берді...
Ал адамдар бөріксіз жүретін болды. Біріншіден, онсыз да жылы, екіншіден, бөрік біткеннің бәрі Гугуцэнің үлкен бөркіне сыйып кетті. Бүкіл ауылда аз ғана бөрік қалды. Олардың өзі де тек халуа не тоқаш алуға, не басқа шаруамен қалаға баратындар үшін ғана еді. Өйткені сиқырлы бөріктің астынан шықсаң-ақ болды, қыс билеген жерге тап боласың.
БӘЙШЕШЕКТЕР
Бір күні Гугуцэ өз заттарының арасынан жеті тиын тауып алды. Артық та емес, кем де емес — жеті тиын ғана (басқа басқа ғой, ал Гугуцэ жеті емес, тіпті онға дейін санай білетін). Тиындарды қалтасына сүңгітіп жіберді де, сосын үш күн бойы оларға қол тигізген жоқ. Онысы тағы да жаңа тиындар қосылып қалар ма деген үміт еді. Бірақ әлгі жеті тиынға жаман шегеден басқа ешнәрсе қосылмады. Кішкене қарындасы өз қалтасында ешқашан ақша өніп кермегенін айтты. Ал енді әкесінің қалтасында ақша өне ме, өнбей ме — бұл туралы ағасы мен қарындасы ештеңе айта алмады, өйткені әкесі үйде жоқ болатын.
Дәл сол кезде жылына бір-ақ рет келетін күн жақындап қалғаны. Бұл күні барлық ер адам әйел адамдарға сыйлық әперіп, құттықтайды ғой. Ауылдағы ер атаулының бәрінен бұрын дүкенге Гугуцэ келді. Жолшыбай ол шешесіне машина, ал қарындасына вертолет сатып әперуді ойлады. Қарындасын машинаға отырғызып балабақшаға, ал шешесін базарға апарып келетін, әрине, Гугуцэнің өзі болмақ.
Бала дүкенге кірді. Бірақ ойлап келгені дүкенде болмай шықты. Шамасы, ауылдық дүкеннің ішіне вертолет сыймаған болса керек, ал сатылып жатқан машиналарға шешесін былай қойғанда, Гугуцэнің өзі де сыятын емес.
Мұны көрген соң Гугуцэ бір түйме сатып алды. Қалтасында үш-ақ тиыны қалды. Енді түймені қадайтын көйлек сатып алған дұрыс болар еді. Кез келгенін емес, тек көк көйлек алуы керек. Бірақ көк көйлек те болмай шықты. Мүмкін, әне бір биік өкше туфлиді ала салу керек шығар? Гугуцэ сатушыдан туфлиді алып бер деп сұрап қала жаздады да, бірақ қай размер алу керектігін білмеді.
Жүгіріп үйге келді де, кеш түсіп, шешесінің ұйқыға жатуын күтуге бел байлады. Шешесі тезірек ұйықтауы үшін, Гугуцэ оған ертегі айтты. Ертектің жартысын айтқанда, анасы ұйықтап кетті де, екінші жартысы баланың басында қалды. Мейлі, ханша өзінің Фэт-Фрумосын келесіге дейін күте тұрсын. Гугуцэнің оларда шаруасы қанша.
Ол еппен басып бөлмеден шықты да, жіп алып келді. Жіпті анасының аяғына апара беріп еді, кенет оның қолы қозғалып кеткені. Гугуцэ шешесінің қолын алақанымен сипап қойып, әлдилей бастады:
Мамық төсек, тымық түнде,
Ұйықта, қолым, тыныш түрде,
Әлди, әлди, әлди-ау!
Гугуцэ өлеңді айтуы-ақ мұң екен, қол ұйықтай қойды. Ол шешесінің аяғын өлшеп алды да, жіпті жастығының астына қойып, төсегіне жатты.
Таңертең Гугуцэ қолына жібін алды да, дүкенге жүгірді. Туфлидің бәрін жіппен өлшеп көрді де, орнына қойып жүре берді.
Егер сен сол маңда болған болсаң, Гугуцэнің шошайған бөркі ағараңдап, жолға түсіп алып, ауыл сыртына қарай қалай адымдай басып кеткенін көрген болар едің. Ал одан кейін құшағын бәйшешекке толтырып төбеден түсіп келе жатқанын да көрген болар едің.
Бәтеңкесі де жүрістен жалықса керек, аяғын аттатар емес. Ал бөркінің шаршағаны сондай, тіпті бұлғаңдап басына тұрмай қойды. Бірақ бейшара бәтеңке мен бөрікке қарағанда, Гугуцэ әлдеқайда күшті болатын. Ол бәйшешектерді бірден дүкенге алып келді. Ең үлкен шоқ гүлді сатушыға, қалғандарын дүкеннің ішіндегілерге бөліп берді.
Бұл биылғы жылдың тұңғыш бәйшешегі еді. Жұрттың бәрі Гугуцэні мақтап, ал сатушы апай тіпті оның бөркін сипады. Сол жерде Гугуцэ сатушының көзінше үш тиынын алып жіберіп үш рет санады да, туфлиге қарап күрсініп қойды. Бірақ сатушы еш нәрсеге түсінген жоқ.
Күн еңкейіп, аспан бетін ақша бұлттар жапты. Ал Гугуцэнің шешесіне сыйлайтын ештеңесі жоқ, көңілсіз.
— Түк те етпейді, — деп ол өзін-өзі жұбатты. — Ертең таң атысымен тұрамын да, бәйшешек әкелемін.
Алайда кешке қарай қар жауып кетті. Тіпті Гугуцэ бұрын-соң көрмеген алақандай жапалақ қар. Аспан қарауытып, төбешіктер ақ қар жамылды, ал бала ұйықтап кетті. Шешесі оны терезе алдында сүйеніп ұйықтап отырған жерінен тапты. Бала үш тиын мен жалғыз түймені алақанына қысып алыпты. Және мынандай көк түйме анасына өте қажет еді.
ГУГУЦЭНІҢ ӘНДЕРІ
Гугуцэ Иоанна кемпірдің тауығына кесек лақтырғаннан бері ауыл адамдарының ешқайсысы оған қарап бұрынғыдай езу тартпайды. Гугуцэні көрсе болды, қабақтарын түйіп, тұмсықтарын көтереді. Тіпті шешесі де бұрынғыдай күлімдемейді.
Не істеу керек? Бірге күлетін де ешкім жоқ...
Жол бойында тауық, үйрек, түйетауықтар кездеседі. Олармен сөйлесе аласың ба?! Тек жем жеп, су ішкенде ғана ауыздарын ашады.
Гугуцэ Лука шалдың үйіне келді. Лука атай басқалардай емес. Ол былтыр Гугуцэге қарбыз берген. Гугуцэ қақпаны соғып еді, дәліздің есігі сықыр етіп ашылды да, Лука атайдың бөркі көрінді.
— Немене, Гугуцэ?
— Ата! Менімен бірге күлесің бе?
— Мен тамақ ішкелі жатырмын. Балам, сен өкпелеме, бірақ мен ешқашан аш қарынға күліп көрген емеспін.
Гугуцэ әрі қарай жүре берді. Жолда кетіп бара жатқан Гудора әжейді қуып жетті.
— Әже, екеуміз күлсек қайтеді?
— Қой, айналайын! Мен сиыр айдап барамын, — деп, кемпір қолындағы шыбықпен сиырды жасқап қойды.
Гугуцэ келесі көшеге бұрылып еді, біреулер құдық қазып жатыр екен. Олар су іздеп жүр, ал әзір топырақтан өзге еш нәрсе шығатын емес. Гугуцэ құдықтың ернеуіне тізерлеп отыра қалып қарап еді, түбіндегі адамдар оның бөркінен де құрттай болып көрінді. Осылай қаза берсе, Америкаға да жететін түрі бар, бірақ әлі су шығатын емес.
— Ей, ағатайлар, күлейік! — деп айқайлады Гугуцэ.
— Ананы ұстаңдаршы-ей! — деп ашуланды олар.
Гугуцэ үйіне көңілсіз оралды. Бұл адамдарды қайткенде көңілдендіруге болады?
— Тұрбаның ішіне түсіп, үсті-басым қап-қара күйе болып ауылды аралап жүрейін. Жұрт күліп мәз болады да, сосын маған өкпелеуді қояды. Егер апамның көйлегін киіп алып жүрсем, тіпті керім болады, — деп ойлады Гугуцэ.
Бірақ оның басына тағы бір ой келді. «Мұнымнан ештеңе шықпайды. Иоанна кемпірдің тауығына кесек лақтырғаны аз болғандай, енді сұмырайға ұсап жұртты күлдіргісі келген екен. Нағыз ұятсыз деп жұрт тағы айтады».
Енді не ойлап табу керек? Гугуцэ ойланып тұр, ойланып тұр, бірақ басына ештеңе келмейді. Ол үйілген топырақтың үстіне отырып ойлап еді, онда да түк шықпады. Сонсоң Гугуцэ шарбаққа шықты да, сол жерде бір ақыл ойлап тапты. Онысын жұртқа айтқанша асық болып жүгіре жөнелді. Бірақ ешкім кездесе қоймады. Жолдың шетінде бір трактор тұр екен. Тракторшы олай қыздырады, былай қыздырады, бірақ от алмайды.
— Ағатай, ағатай! — деп айқайлады Гугуцэ. — Сен оған ән салып берсеңші!
— Не қылған ән? — деп тракторшы жақтырмай қарады.
— Міне, мынандай ән:
Трактор, трактор, қыз жылдам,
Жүйткіп атта жүз қырдан.
Тракторшы мәз болып күлді, ал трактор болса со бойда от алып, орнынан ытқи жөнелді. Тракторшы оны әрең қуып жетіп, кабинаға секіріп мініп алды да, күлімдеген күйі балаға қол бұлғады.
Гугуцэ одан әрі жүре берді. Жүзім бағының ішінде қарттар жерді кетпенмен қопсытып жатыр. Маңдай терлерін жеңдерімен сүртіп қояды. Олардың арасында Лука атай да жүр.
— Ата, ата, сен ол кетпендерге ән салып бер, сонда олар өзінен-өзі жерді қопсытады.
— О не қылған ән? — деп қарттар мән бермеді. Гугуцэ Лука атайдан кетпенді алды да, әндете жөнелді:
Қетпен, кетпен, кетпенім,
неге бүгін осындай
жалқау болып кеткенің?
Атайлар жүр жер өңдеп
неге тұрсың қосылмай?!
Қарттар ду күліп жіберді. Сол-ақ екен, кетпендер өз-өзінен жерді қопарып, жұмыс істей жөнелді. Қарттар өзінен-өзі істеліп жатқан жұмысты көрді де, көңілдене қол ұстасып үйлеріне қайтты.
Гугуцэ де адымдап үйіне келе жатты. Жол бойы кімді кездестірсе де, бәрі бұған күлім қағып, қолдарын бұлғады. Бірақ ол ауылдың ішіне кірген соң, кездейсоқ Иоанна кемпірдің үйінің жанынан өтпеу үшін, тар көшеге қарай бұрылып кетті.
ЖАҢБЫР
Аспандағы бұлттар күнімен жасырынбақ ойнап жүр. Біреуі күн көзін тасалай қояды, қалғандары қайда жасырынарын білмей бірінен соң бірі жөңкіліседі. Жер бетінде болса жасырыну оңай ғой: қораның артына немесе үйілген шөптің тасасына тығыла қоюға болады. Ал аспанда жасырынатын ондай ештеңе жоқ.
— Мен сендерді қазір-ақ тауып алам! — деп күн көңілдене айқай салады. Шоғыр бұлттар аспанның қай түкпіріне тығылса да, күн өзінің шуақ саусақтарымен ұстап алады.
Кенет бір кішкене бұлт айла тапты: ол еңбектеп келді де, өзіндей бір бұлтқа жасырына қойды. Сөйтіп, кішкене екі бұлттың орнына үлкендеу бір бұлт пайда болды.
Бұл ақыл басқа бұлттарға да ұнап қалды білем — бәрі біріне-бірі жасырынып, аспанды үлкен қара бұлт жапты. Күн тағы да оларды іздеп шығып еді, таныс бұлттардың ешқайсысын көре алмады. Сөйтіп, ол енді жасырынбақ ойнайтын да ешкім таппады, әлгі үлкен қара бұлт аспан бетін түгел жауып алыпты. Күн ашуланып кетті де, жарқылдаған қылышымен бұлтты тілді-ай кеп! Бұлт шытынап жарылды да, гүрілдеп жаңбыр құйды.
Түу-у, сондағы әбігерді көрсең ғой!
Әтеш тауықтарға бұйрық берді: — Тыңдаңдар мені! Тез қораға кіріңдер?
Құстар жапырақтарды паналап, ауыздарын басып отырды. Өйткені дыбыс шығып кетсе, жаңбыр естіп қалады да, сабалай жөнеледі ғой. Әдемі көбелек дір-дір етіп ұсқынсыз ошағанның астында отыр. «Мені гүлдер көріп қалса ғой, бұл көбелек ошағанды бізден жақсы көреді екен деп ойлап қалады-ау», — деген ой оған маза берер емес.
Ал аналар жаюлы кірлерді алып, терезелерді жауып жүр. Балаларын айқайлап шақырған дауыс естіледі.
Жалғыз Гугуцэ ғана қақпа жанында тұрып қалды. Алақанын жаңбырға тосып еді, екі тамшы ұстап алды.
— Әй, мәжнүндер! Сендер, немене, менің алақанымда бидай себілген деп ойладыңдар ма?
Сөйтті де, әндете бастады:
Жасыл түске боянса дала, маңай,
үйде шыдап отырсын бала қалай?!
Жаңбыр, жаңбыр, жаусаңшы жайлап қана
үй төбесін тамшымен сабаламай!
Жаңбыр әнді не қылсын, үй төбесін сатырлата тілгілей берді. Сонда Гугуцэ шалбарын түріп алды да, жол бойына шығып, жаңбырға айқайлады:
— Еріңдер менің соңымнан!
Жаңбыр Гугуцэнің артынан шапқылап еріп отырды. Жаңбыр тамшылары үйлерге соқтығысып, шарбақтардан секіріп әрең ілесті.
Далада жұмыс істеп жүргендер бастарына қап бүркеп алыпты. Біреулер — машинаның үстінде, кейбіреулер — арбада, енді біреулер жалаң аяқтанып су кешіп жүр. Тек Гугуцэ ғана батыл басып, жаңбырды соңынан ертіп кетіп барады.
Тамшылар қуып жетіп, оның құлағын тістелеп, мұрнын түрткілеп кояды. Бірақ Гугуцэ оларға көңіл аударған жоқ: мейлі олар да көңілдерін көтерсін. Осылайша ол жаңбырды егін даласына ертіп келді. Жаңбыр тамшылары өздері тәрізді нәзік те жіңішке масақтарды көріп, қуанғанынан олармен қосыла билей жөнелді.
Гугуцэ үйге су-су болып оралды. Қараса, кемпірқосақ шығып тұр екен. Ауылдағы аналардың бәрі оған қарсы терезелерді ашып мәз-мәйрам болып жүр. Ал әтеш тауық қораның басына шығып алып, маңғазданып кемпіркосаққа қарап тұр: оның ойынша, кемпірқосақтың үстіне шығып шақырса, жер үстіндегі әтеш біткеннің бәрі оған үн қосатын тәрізді.
ҚАРЫНДАС
Кішкене Қарбызша гүлдің арасынан бас көтеріп қарады, бірақ ол өзінің басқа қарбыздардай дөп-дөңгелек емес, қияр тәрізді сопақша екенін білген жоқ еді.
Ал оның дөңгелек ағасы Қарбыз жапырағын жарып жерге түскен. Бұл Қарбыз жасы үлкен болғасын, қарындасын қамқорлыққа алды. Өйткені Қарбызша әлі кіп-кішкентай болатын. Ол тіпті қашан жатып, қай мезгілде тұруды да білмейтін, күн мен түнді де айыра алмайтын.
Қарбыз кішкене қарындасын түн сайын әлдилеп, таңертең оятатын болды. Оған түрлі ертегілер айтып берді. Ақыры қарындасына ақыл ене бастады.
— Ағатай, мені мына қарбыздың сабағы қайдан алды?
— Сатып алды ғой.
— Ол мені құрттай кезімде сатып алғаны несі? Мен өскенше күте тұрса қайтеді екен?
Қарбыз не деп жауап берерін білмегенде, ашулана бастайтын:
— Сен неге балшыққа былғанып жатырсың, онан да соны айт?
— Ойнадым, ағатай.
— Бұған ақылың жетеді екен, ендеше санауды үйренсеңші.
— Біреу...
— Әрі қарай!
— Мен тек бірге дейін білем.
— Ақылың қысқа. Сен нағыз ақымақсың.
Қарбызша жапырақты жамылды да, қашан оны түскі тамаққа шақырғанша, үнсіз жатып алды.
Түскі тамақтан соң Қарбыз қарындасына тағы да ақыл үйретпек болды:
— Тамақ бергені үшін сабаққа не деу керек?
— Тағы да тамақ бер!
Қарбыз әбден ашуға булығып, қарындасын қомағай және оңбаған деп атады.
Олар өскеннен кейін, Қарбыз ән-күйді жақсы көретін болды. Ол ылғи екпетінен жатып алып, жақын тоғандағы бақалардың концертін тыңдайтын. Қарындасын онша жақтырмайтын. Өйткені Қарбызшаның музыкадан хабары жоқ еді. Шамасы, оның басының тым кішкенелігінен болар.
Бір күні түнде Қарбызша ағасын оятып жіберді:
— Ағатай, айтшы, ана аспанда бидай еккен кім?
— Ол бидай емес, жұлдыздар ғой.
— Жұлдыздардың сабағы бола ма?
— Болмай енді.... болады.
— Ағатай, осы бақалар неге бақылдайды?
— Қарбыздар жақсы өссін деп бақылдайды.
— Алдама.
Күндердің бір күні бақшада бір күрке пайда болды. Қарбызша аң-таң.
— Ағатай, мына күркенің аузы неге мұнша үлкен?
— Бақшаны түгел көріп отыру үшін.
— Сенің өзің де ақымақ екенсің ғой, аға. Ауызбен көре ме екен?
— Енді көп мазамды алма, — деп, Қарбыз жақтырмай теріс айналып жатып алды. Қарбыз ұйқылы-ояу жатып біреулердің жүрген дыбысын естіді. Бірақ не болғанын білген жоқ.
Ертесіне ол қарындасын оятайын деп қарап еді, сілейіп қатты да қалды: қарындасының ізі мен сабағы ғана жатыр екен.
ҚҰПИЯ СЫР
Егер сары ауыз балапандар аппақ үйрек болуға жетсе, ал кішкене әтештер терезенің алдына тұрып алып шақыра бастаса, бұл — Гугуцэнің туған күні жақындады деген сөз. Бала бұл күндері аттарды суаруды да ұмытып кетеді. Бір апта бойына ол түрлі түсті жалаушалар жасап, оларды шарбақтың басына, үй төбесіне, қораға желбіретіп іліп қояды. Мейлі, жұрт Гугуцэнің мерекесі екенін білсін.
Әжесі ұйқыдан оянған бойда жалаушаларды көреді де, Гугуцэге жүгіріп келеді, етегін толтырып оған тәттілерді ала келеді. Сонда Гугуцэнің құлағын сипайды да, өмірінің мынау жалаушалар сияқты көңілді де ұзақ болуын тілейді. Басқа адамдар да келеді. Олардың бәрі Гугуцэнің үлкен және мықты болып өсуін тілейді, өйткені елімізге осындай балалар керек қой. Гугуцэ «ел» деген сөзді естігенде, беліне ағаш семсерін байлап алады.
Шешесі туған күнінің құрметіне баласын қалаға ертіп барды. Базарға келді. Шешесі жайманың үстіне тауықтың жұмыртқаларын шығарып қойды, ал Гугуцэ қолына шұбар әтешті ұстап тұрды. Бұл — ашуланса тістеп алатын кәдімгі әтеш. Базардағы адамдар бағасын білгісі келіп, Гугуцэнің қасынан шықпай қойды. Көзілдірікті бір адам шұбар әтешті қолына алып салмақтап көрді, екінші біреуі оның айдарын сипап қойды. Ал бір әйел қауырсындарын үріп көрді.
— Жігітім, шұбар әтешің шақыра біле ме? — деп біреу сұрай қалса:
— О, не дегеніңіз! Өз құлағыммен талай тыңдағам! — деп жауап берер еді Гугуцэ.
— Балақай, сұрағаныңды ала ғой, — деп, бір әйел ақшасын ұсынады.
— Қой, сатқым келмей қалды, — деп, Гугуцэ қабағын түйіп, шұбар әтешін бауырына қыса түсті.
Жұрт тарай бастағанда, баланың қасына бір моряк келді:
— Иә, жігітім, әтешің жақсы шақыра ма?
— Шақырғанда қандай! — деді Гугуцэ. — Сен мұны жеп қоймайсың ба?
— О не дегенің? — деп таңданды моряк. Сөйтті де, балаға көзін қысып қойды.
Гугуцэ ақыры оған шұбар әтешін сатты.
Оның ақшасына шешесі Гугуцэге тәтті тоқаш, жаңа іш киім алып берді. Сонсын оны шаштаразға, музейге апарды.
Ауылға қайтатын автобус аузы-мұрнынан шыға лық толды. Жолаушылардың арасында ең маңғазданып отырғаны Гугуцэ болды, өйткені ол балаларға бір құпия сыр әкеле жатыр.
Үйге келгесін Гугуцэ жаңа шалбарын киіп, бақшаға жүгіріп шықты да, ағаштың басына шығып сырнай тартты. Сол-ақ екен, оның қасына қолдарында дүрбілері бар, таяқты ат қып мінген балалар жетіп келді.
— Тік тұрыңдар! — деп бұйрық берді Гугуцэ. — Сендерге сеніп, соғыс құпиясын айтқалы отырмын. Ауыздарыңа берік болыңдар!
Аттылар ауыздарын ашып, оны қоршап алды.
— Менің шұбар әтешімді білесіңдер ме?
— Білеміз, білеміз! — деп шулады балалар.
— Білсеңдер мынау. Ол бүгіннен бастап әскери кемеде қызмет етеді. Әр таң сайын Қара теңіздегі флотты оятатын болады.
— Ура-а-а! — деп шулаған балалардың даусы ауылды басына көтерді.
Гугуцэ осы сәттен бастап қызыл атты әскерлердің командирі болды. Ал кешкісін атты әскерлер көпке дейін ұйықтай алмады. Шұбар әтеш қандай бақытты еді деп ойлады олар.
ДЕГЕЛЕКТЕР
Олар ұя салу үшін ауылдағы ең әдемі үйді таңдаған жоқ. Кемпір мен шал тұратын жұпыны ғана үйді паналады. Кемпір-шалдың балалары өсіп алғасын өз бағыттарымен кете берген. Бар болғаны анасының жүзіне қалың әжім, ал әкесіне ақ селеудей шаш пен сүйенетін таяқ тастап кеткен.
Оның есесіне көктем сайын дегелектер ұя салып балапандарын өсіретін. Күн сайын ертемен қарттарды ешкі оятатын. Кемпір мен шал қолдарына бір-бір орындық алып, ешкінің екі жағынан екеулеп сауатын.
— Тұрыңдар, — деп ұябасар дегелек балапандарына сы — бырлайды. — Қарттар ешкісін де сауып болып қалды.
Кемпір сүтті қазанға қүйып пешке қойғанда, балапандар аспанға өрлеп бара жатқан түтінге қарап отыратын. Сосын үй иелері тамақ ішуге кіріскенде, қарт ылғи дегелектерге қарап дауыстайтын:
— Әй, үйдің төбесіндегілер! Қеліңдер, бізбен бірге тамақ ішіңдер?
Балапандар болса ұзын тұмсықтарын сыртылдатып күлетін де қоятын. Олар нағыз ауыз жаппастың өзі. Біресе көлбақа жейді, біресе балық жейді. Әйтпесе ұябасарға неше түрлі сұрақ жаудырады. «Әне бір қарт жалғыз аяқпен неге тұрмайды? Кемпір шелекпен құдықтан не алады екен?» Сұрақтары осы тәріздес. Анасы бұларға не деп жауап берерін білмейді. Ал ата дегелектің әңгімелесуге уақыты жоқ, ол күні бойы тоғаннан шықпайды.
Күн сайын кешкілікте анасы балапандарын әлдилейтін:
Көп өссе балық көлдерде,
Сендердің қорек қамдарың.
Түн келді, дем ал сендер де,
Ұйықтай ғой, балапандарым!..
Сонда балапандар анасының бауырына тұмсықтарын тығып ұйықтайтын да, күн көзі шыққанда бір-ақ оянатын.
Балапандардың қанаты қатая бастаған кезде, қарт оларға арнап қағаздан батпырауық жасады. Батпырауықтың құйрығы ұп-ұзын, тіпті тоғанға дейін жететін. Күндіз балапандар оның аспанда қалықтағанын көріп, түнде өздері де ұшып жүргендей түстеріне енетін.
— Атай бізге тамаша батпырауық жасап берді! — деп қуанысты балапандар.
— Бұл не тәйірі! Менің кішкентай кезімде осы атай маған ағаштан дегелек жасап берген. Әне, анау құдық басында жалғыз аяқпен тұрған сол, — деді ұябасар.
— Мен өскенде қарттардың ешкісін бағатын боламын! — деді үлкен балапан.
— Ал мен, — деді ортаншысы, — өзімнің тұмсығыммен есіктерінің алдына тоған соғып, оған балық жіберемін.
— Мен... Мен... — деп кішкентайы сасып қалды. — Мен сендерге көмектесемін.
Ертеңіне ата дегелек балапанның үлкенін ертіп кететінін айтты. Оған біраз пайдалы кеңес берді де, үйдің төбесінен үш айналып, балапан әкесінің соңынан ұшып кетті. Олар жолдағы үйлердің төбесіне бірнеше рет қонақтап дем алды да, ақыры тоғанға жетті. Келесі күні ортаншы балапан ұшты. Ал ең кішісі қайғыдан аузына қара су алмай қойды.
— Апа, мүмкін, мен қаз болармын? Анау ағаларым секілді неге ұшпаймын?
— Қаз емессің, — деп жұбатты анасы. — Сабыр ет, сенің де ұшатын кезегің келеді.
Үшінші күні әкесі екі үлкен балапанмен бірге кетті де, анасы кішкентайын ертіп ұшты. Тоған деген неткен тамаша! Жағасында қанша жүрсең де, құжынаған бақаларды шетінен ұстап алсаң да, қоя берсең де, өз еркің. Көкқұтан мен жабайы үйректі былай қойғанда, дегелек қандай көп десеңші!
Үлкен балапан бақалар елін көргенде, тіпті маңғазданып кеудесін көтеріп алды. Ортаншысы көрші ауылдан достар тауып, соларға қонып қалатын болды. Қарттардың ешкісін бағатын да, тоған қазып беретін де ешкім болмады. Мұның бәрін ұмытпай жүрген тек кішкентай балапан ғана. Бірақ жалғыз оның қолынан не келеді! Сейтіп жүргенде салқын түсе бастады. Қарт есік алдына шықса да бөрік киіп алатын болды. Бақалар да судан шығуды қойды. Құстар ұясымен қоштасып, көрші ауылдағы дегелектерді күтіп, далада отыратын болды. Алдымен бір-екеуі ұшып келді, сосын топ-тобымен келе бастады. Бастығы құстың бәрін санады да, түгел екенбіз деген белгі берді. Сөйтіп, дегелектер қанаттарын жайып, жылы жаққа қарай ұша жөнелді. Тек кішкентай балапан ғана жерде жатқан бұтақшаны көріп, әлденені есіне түсіргендей болды. Бұл бұтақшаны тұмсығымен қысып алып, қарттардың жинап қойған отындарына қосты. Сонан кейін есік алдында айналып жүрді-жүрді де, дегелектер тобына жету үшін ұшып кетті.
КҮЗЕТШІ АТАЙ
Ең қызық кез күздігүні басталады: ауылға қарай жүзім толған арбалар бірінен-соң бірі ағылады-ай дейсің кеп. Гугуцэ олардың бәрін қашан өзінің есебі таусылғанша санай береді, санай береді... Ал жүзім толы арбалар таусылар емес. Әттең, солардың біреуі Гугуцэ үйінің қасында сынып қалса ғой. Бірақ арба жеккен өгіздер мүйіздері қақырайып жүзімнің бәрін жанында бос бөшкелері үйіліп жатқан шарап жасайтын пунктке әкетіп жатыр.
Жүзімдік ауылдан қашық емес. Бір рет Гугуцэ әкесімен бірге барғаны да бар. Егер көңілі соқса, қазір де бара алады. Онда мынау арбалардың ізіне түсіп тартып отырасың. Гугуцэ тіпті ізге де түскен жоқ, тіке кетті. Ол иті бар үйлердің жанынан өткенде шарбақтың саңлауына қолындағы таяғын қыстыруды да ұмытқан жоқ. Өйткені ит деген жарықтығың шабалаңдап жармасуға сылтау іздеп, соны аңсап тұратын әдеті ғой.
Ауылдың шетінде Гугуцэ жүзім сабақтарына тап болды, жан-жағына қарап еді, ешкім көрінбеді.
— Ей, бұл жерде кім бар? — деп дыбыстады. Ешкім жауап бермеді.
— Бір шоқ жүзім алуға бола ма?
Тағы үн жоқ. Тек бір құс ұшып өтті. Енді сұрамай-ақ алуға тура келеді. Бірақ ешкім күзетпей тұрған жүзімді ұрлау қызық емес.
Гугуцэ әрі қарай жүре берді де, қып-қызыл жүзім шоқтарын тауып алды, айналада адам жоқ. Ол қызыл жүзімді өте жақсы көретін еді. Айналада ешкім болмаған соң, ұлықсат сұраудың керегі жоқ. Гугуцэ ең үлкен қызыл жүзімді таңдап, оған қол соза беріп еді, жүзім сабағының арғы жағында қатарласқан екі етік, сосын шалбар мен бешпет, бешпеттің үстінде тікірейген мұрт пен мылтықтың аузын көрді. Гугуцэ қолын созған күйі қатты да қалды. Күзетші атай екен.
— Бізге қонақ келіп қалыпты ғой, — деді мұртты күзетші оған еңкейіп. — Кімнің баласысың?
— Біздің, — деп сыбырлады Гугуцэ мылтыққа қарап. Ол қазір өзін ұстап алады деп ойлады, бірақ күзетші атай оны ұстаудың орнына басынан сипады да, иығынан мылтығын алып балаға бере салды:
— Темекі орап алғанша ұстай тұршы.
Бала өз құлағына өзі сенбей, мылтыққа қос қолымен жармасты.
Осы сәтте нағыз ұры келсе ғой!
Күзетші атай темекісін тартып болып, асықпай тағы біреуін орай бастады, бірақ ұры келмеді. Күзетші атай қоштасарда Гугуцэге ең ірі жүзім шоқтары қай жерде екенін айтты да, өзі мылтығын асынып алып, асыға басып жүріп кетті.
АЙЛАКЕР АТҚОРА
Қар қиыршықтары Гугуцэнің ауласын көрді де, шыр айналып атқораның үстінен шықпай қойды. Өйткені қораның ішіндегі екі қоңырау қайта-қайта сыңғырлап оларды қызықтыра берді.
— Қоңырауларды бізбен бірге жіберсейші! — деп қар қиыршықтары атқораға жалына бастады. — Жұрт қыс келе жатқанын естісін.
Бірақ атқора есігін ашқысы келмеді:
— Әуелі маған жақсы етіп бөрік жасап беріңдер.
Қар қиыршықтары жарты күн бойы жұмыс істеді. Атқораға төбесі шошайған аппақ бөрік істеп берді.
— Енді тереземнің алдына гүл керек! Қиыршықтар айтысып жатпады. Енді, міне, терезенің алдында ақ гүлдер пайда болды.
— Біз сенің тілегіңнің бәрін орындадық. — деді қар қиыршықтары. — Енді қоңырауларды босат!
— Қулықтарын қарай гөр! — деп кейіді атқора. — Енді мұнда Жасыл патшаны әкеліңдер, ол мені тазаласын.
— Қүлағың сал, атқора! — деп қар қиыршықтары шошып кетті. — Еліне жалғыз түйір қар қиыршығы барып көрмеген Жасыл патшаны біз қалай әкелеміз?
Атқора одан бетер ашуланды:
— Ендеше өздерің біліңдер! Қоңыраулар өзімде қалады. Амал таусылды. Қар қиыршықтарының жартысы ұшып кетті де, қалғандары атқораның үстінде айналып жүрді.
Атқора ақ бөркінің астынан оларға жақтырмай бір қарап алды да:
— Ал, сендер неменеге топырлай қалдыңдар? — деді. — Барып Қызыл патшаны алып келіңдер. Күзетші боп жұмыс істейтін болсын. Егер әкелмесеңдер, қоңыраудан дәмелерің болмасын.
— Атқоражан, — деп жалынды қар қиыршықтары, — Қызыл патша елінің алыстығы сонша, біз оған жете алмай жолда қаламыз.
— Ендеше шаруаларың білсін, — деп шытынды атқора. Сүйдеді де, қоңырауларын тағы бір сыңғырлатып қойды.
Қар қиыршықтары ұша жөнелді және сол кеткеннен қайтып оралмады. Жалғыз қалған ақсақ қар қиыршығы ғана есік алдында айналып жүрді. Қенет ол аяқ тысырын естіді.
— Патша келді! — деп ойлады ақсақ қиыршық. — Қайсысы екен — Жасылы ма, Қызылы ма?
Бұл келген Гугуцэ еді. Ол атқораның есігін шалқасынан ашып жіберіп, онда тұрған қос қоңыраулы жүйрік атты шығарды. Оны шанаға жекті де, қоңырау үнін сыңғырлатқан күйі желмен жарысып кете барды.
Сөйтіп айлакер атқора қар қиыршықтарын алдап-алдап, ақыры Гугуцэнің ат-шанасы үшін аппақ жол төсеттіріп қойды.
АЯЗ АТАЛАР
Аяз Аталардың қайдан шығатынын Гугуцэ жақсы біледі. Олардың өз елі бар. Онда бұлттар аяздан дірілдеп жүреді, ал күн мүлде болмайды, өйткені ол елде күн орнына айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана бар.
Ол елде түрлі-түрлі Аяз Аталар болады: жасы да, кәрісі де, тіпті құртақандайы да бар. Қыс әже оларды былай жасайды: әуелі қар бетіне түйіршіктер себеді де, әрқайсысына бөрік кигізеді. Ертеңіне әлгі түйіршіктен басында бөркі бар кішкене Аяз Ата өсіп шығады. Қыс әже олардың бәрін үш күн бойы үйде ұстайды да, тек қар түйіршіктерімен тамақтандырады. Сөйтіп, олардың мұрындарының астына аппақ мұрт пен сақал шыққанша үйден шығармайды. Содан кейін оларды аулаға ертіп шығарады да, өзі жаңа Аяз Аталарды өсіруге кіріседі.
Кішкентай Аяз Аталар қар үстінде бірін-бірі қуысып, тау басынан шанамен сырғанайды, бөріктерін ақ аюларға лақтырып ойнайды. Ал олардың үйде қалғаны қардан қуыршақ жасайды. Аяз Аталар мектепке бұғыға мініп барады. Мектепте оларға география мен шет ел тілдерін ғана оқытады. Себебі Аяз Аталар дүние жүзіндегі барлық тілді және жолдарды жақсы білуі керек қой. Олар қара тақтаның орнына ақ қарға жазады.
Қарт Аяз Аталар ойыншықтар жасайтын фабрикада жұмыс істейді. Олар кенеттен еріп кетпеу үшін фабриканың төбесін жаппайды. Үйлерін ақ қар басқан кезде Жаңа жылдың алдында, Аяз Аталар ойыншықтарды қапқа салып алады да, бұғыға мініп жолға шығады. Бұғылар далада аяқтарымен, ал орманда мүйіздерімен өздеріне жол жасап алады. Аяз Аталар ешкімнен қорықпайды. Тіпті қасқырлар да оларға ит орнына қызмет етеді. Аяз Аталар жүріп-жүріп, ақыры аппақ атқораға жетеді. Онда жарқылдаған үлкен кездерімен түнде де жолды көріп отыратын ақ боз аттар күтіп тұр. Сол жерде бұғылар кейін қарай, яғни солтүстікке қайтады да, ал ақ боз аттар Аяз Аталарды мінгізіп алып, бірін шығысқа, екіншісін батысқа, біреуін оңтүстікке әкетеді. Ақша қарды сықырлата сырғыған шана үстінде желмен желбіреген ақ сақалдарымен аттарды айдап қойып Аяз Аталар отырады. Олар барлық ауылдар мен қалалардағы балаларға сыйлық әкеледі. Аяз Аталар ойыншық толы қаптарын босатқан соң, шырша жанында балалардың, барлық тілде айтқан тақпақтары мен әндерін жаттап алып үйлеріне қайтады. Олар енді балалардан естіген әндерін бір-біріне айтады. Тақпақтар оқиды. Ендігі Жаңа жылдың келуін асыға күтеді.
Осы уақыттың бәрінде де Аяз Аталар елінде бұлттардың бәрі тоңғаннан дірдектеп жүреді. Ал аспанда айдың сынығы мен бірнеше жұлдыздар ғана жылтырайды.
ЖАҢА ЖЫЛ КЕШІ
Жасыл шырша өзі есік ашты да, үйге кіріп келді. Оның соңынан қыздың әкесі кірді. Орманшының қызы Дойна әуелі алақанын шапалақтап алды да, сонсын шыршаға өзінің кішкене кереуетін және оның жанындағы шыршаның тұратын орнын керсетті. Құстар, тиындар, қояндар шыршаның осында екенін бірден біле қойды да, біреулері бұтақтың үстіне, біреулері бұтаның астына рақаттанып отырды. Сөйткенше болмай, шырша сәулелерге бөленді. Барлығы да Жаңа жылды қарсы алуға дайын болды.
Жаңа жыл молдаван ауылдарына жайдан-жай келе қоймайды. Бұл жақта Жаңа жыл кешінде үйді-үйге кіріп құттықтайды. Терезе алдарында «гей-гей!» деген қуанышты дауыстар сыңғырлаған қоңырау үндеріне қосылып жатады.
Дойна терезенің алдына отырып, қараңғы далаға қарады. Онымен бірге шырша да терезеге көз жүгіртіп қояды. Жол бойында ешкім көрінбейді. Тек алысырақтан, анау ауыл маңынан қоңырау үні естіледі.
— Ауылға Жаңа жыл келіп қалыпты, — деді қыз өзіне-өзі. — Көкем біздің үйді орманға неге салды екен? Біздің терезенің алдында қоңырау сылдырламайды, тіпті Жаңа жыл бізді таба алмайтын шығар. Мені құттықтауға Гугуцэ де келмейді. Ол ауылда қорықпайды ғой, онда иттер бар. Ал мұнда орманда ше?
Дойна қабағын шытты. Шырша да өзінің оттарымен көңілсіз жымыңдап қойды.
Түн ортасы болды. Әкесі мен шешесі, атасы Дойнаның бетінен сүйіп Жаңа жылмен құттықтады, көп сыйлықтар берді. Бірақ терезе алдында «гей-гей» деп ешкім айқайламаса, қоңырау үні естілмесе, бұл қандай Жаңа жыл болмақ? Әкесі үйді орманға салғаны несі екен?
Қыз қараңғыға қарап отыра берді. Бірақ ұйқы атай келді де, оны терезенің алдынан алып кетті. Дойнаның кірпіктері жұмылғаны сол еді, терезенің алдынан қардың сықыры мен әндеткен дауыстар естілді:
Үй иесі, тұрыңыз!
Ұйқы бұлтын қуыңыз!
Көңілдерді көтерсін
Біздің айтқан жырымыз.
Гей-гей!
Қосылыңдар бұл жырға,
Қоңыраулар, сыңғырла!
Мына балалардың ішіндегі қолында үлкен қоңырауы бар ең кішкентайы кім екен? Гугуцэ екен ғой!
Ән саламыз, билейміз,
тұнжырауды сүймейміз.
— Бізден рұқсат, рұқсат! — деді Дойнаның әкесі. Қоңыраулар сыңғырлап, бугай1 үні естілді. Шыршада отырған аңдардың бәрі де оянды. Үй ішін көңілді дауыстар кернеді. Дойна қуанғаннан секірем дегенде, маңдайшаға төбесін ұрып алса да, ауырсынбады.
Далада қар жауып тұр. Балалар тізесіне дейін қар кешіп тұрса
да, әндетулерін қоймады. Қар белуардан жауды, сонда да ән мен күйді ешкім тоқтатар емес. Үлкендігі Дойнаның қолқабындай жапалақ қар жауа бастады. Қардың қалыңдығы иықтарынан келсе де, балалар қоңырау үнін бәсеңдетер емес.
Қатты болса қыс мына,
көктемеде көңілді,
күздігүні алтын дән
тербетеді өңірді.
Гей-гей!
Қосыл, орман, бұл жырға,
қоңыраулар, сыңғырла!
— Мен әкем үйді орманға салғаны несі деп өкініп жүрсем! — деп, қыз енді қуана бастады.
Кенет ол қар үстінде балалардың тек бастары қылтиып қалғанын
байқады. Ал Гугуцэнің бөркінің төбесі мен қолындағы қоңырауы ғана көрінеді. Дойна шапшаңдап тонын киді де, қолына күрек алып, балаларды арши бастады. Сонсын оның өзі де түні бойы балалармен қосылып «гей-гей» деп ән салды. Ал әкесі, шешесі, атасы оларға терезеден қарап тұрды. Олармен бірге түнімен ұйықтамаған шырша да қарап тұр екен.
Таңертең Дойна терезенің жанына жүгіріп келді. Аспаннан қар түйіршіктері құйылып тұр екен. Олар:
Ақ бидай ғой ақша қар,
шашып жатыр ақ аспан.
Қыс осындай болғанда,
көп болады қалаш нан! -
деп әндетіп жүр. Сөйтіп, ақ түйіршіктер аулада да, орманда да, терезе алдында да толып жатты. Айналаның бәрі аппақ. Жаңа жылдың алғашқы таңы осындай екен ғой!
Орманшының қызы етегін жаңғақ пен тәтті нанға толтырып, ақша қардың алдынан шықты. Бірақ бұл сыйлықты кімге беру керек? Ақша қардың қалтасы да жоқ, оған тәтті нан да, жаңғақ та керек емес.
Ақша қар әндетіп жүріп баламен қоштасты да, аппақ бөркі
жылтылдап әрмен қарай оны сағынып күткен ормандарға, дала мен ауылдарға асығып бара жатты.
БАРАБАНШЫ
Гугуцэнің көршісінде қыз туды.
Ол қыздың шешесі түні бойы шамын сөндірмейді — шамасы, қуанғаннан болар. Ал оның әкесі Михай ағай көшедегі бар баланы жиып алып, арбаға мінгізеді. Тіпті бір күні арба жеккен аттар орталық көшемен құйғытып бара жатқанда, Гугуцэге делбені ұстатып қойғаны бар.
Михай ағай Гугуцэні өз адамындай көреді. Екі үйдің арасын ап-аласа шарбақ қана бөліп тұрады: бір секірсең, арғы жағынан шығасың. Онда бесікте жатқан кішкене қыз бар. Өзі үлкен адамша көздерін жыпылықтатып қояды. Шешесі ол ұйықтап жатып күледі дейді.
Ол қызға Лили деп ат қойылатынын жұрттың бәрі біледі. Бірақ сәбиге ат қою үшін алдымен шілдехана жасау керек. Сондықтан да Лилидің бір әжесі ашымал ашытып, екінші әжесі жаңа туған ай тәрізді тәтті нан, тоқаш пісіріп әлек болып жүр. Ал Михай ағай ауылды кезіп әнші-күйшілер іздеуде.
Гугуцэ үлкендерге бөгет болғысы келмейді. Үйге де мезгілінде келеді. Ол өзінің көрші балаларды салып жүрген сурет дәптері мен қарындашын тауып алды да, есік алдына отырып, өз үйіне қарап тұрған кішкене қызды сала бастады. Сол жерде оның жанына Михай ағай келе қалды.
— Гугуцэ, сен барабан соғу білесің бе?
— Білгенде қандай, Михай аға!
— Мынандай жұмыс болып тұр, Гугуцэ. Менің кішкентай қызым бар екенін білесің ғой. Бүгін кешке қалай болғанда да біздің үйде көңілді ән-күй шалықтауы керек! Ал ауылдағы күйшілердің бәрін жан-жаққа тойға алып кетіпті. Таң атқалы жүгірсем де, аккордеоншы жалғыз жігіттен басқа жан таба алмай, шаршадым. Бірақ шілдеханадағы ең бастысы барабан екенін өзің білесің ғой.
— Ешкім табылмаса, барабан соғуға мен келейін, Михай аға. Тек менде барабан жоқ қой.
— Айналып кетейін Гугуцэ, барабан табылады!
Михай ағай сол бойда Крецуляк деген жесір әйелдің үйіне барып, бір кешке оның күйеуінен қалған барабанды сұрап алды. Әйел ілулі барабанды алып, шаңын сүртіп берген соң, Михай ағай оны иығына салып үйіне әкелді.
Күн ұясына батар кезде, Гугуцэ шарбақтан секіріп түсіп, көршінің үйіне келді. Таяқшаларын әзірлеп, барабанның жанына тұра қалып еді, аккордеоншы бала жігіт оған қызыға қарап қалды.
Оған жаны ашыған Гугуцэ:
— Шыдай тұр, саған да соққызамын, — деп қойды.
Аккордеон мен барабан үні қосылып, көңілді күй басталып та кетті. Аккордеон үні шарбақтан әрі шықпағанмен, оның есесіне барабан даусы бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызды.
Тоадер Крецуляк қайтыс болғаннан бері бұл барабанның үні естіліп көрген емес-ті. Бір ғажабы — барабан шаң-шаң болған күйі үн-түнсіз шарбақта жатса да, бірде-бір әнді ұмытпапты.
— Естисің бе, — деп таңданысты жол бойындағы адамдар бір-бірін тоқтатып. — Мынау Тоадер Крецуляктың барабаны емес пе? Иә, иә, дәл өзі! Шіркіннің үні бөлек қой! Ал, барабаншы қандай? Кім болды екен өзі?
Барабан үнін естіген халықтың бәрі Лилидің үйіне қарай ағылды. Михай ағай қонақтарды қарсы алуға әрең үлгеріп тұрды. Гугуцэ аккордеоншымен қосылып марш ойнап отырған. Қонақтардың бәрі бастарын иіп:
— Ән мен күй жасасын! — деп айқайлады. Барабан үнін естуге Крецуляк апай да келген еді. Гугуцэ барабан тартқанда бір орында тұру мүмкін емес. Жұрт билеп, секіріп, екеу-екеу дөңгеленіп жүр.
— Ей, Гугуцэ! Бір минут демалуға мұрша бер! Әбден сілемізді қатырдың!
Бірақ Гугуцэ қоятын емес. Ауладағы ағаштарға дейін бас шайқап таңданады. Құстар Гугуцэнің қалай барабан тартатынын тыңдасын деп ұяларындағы балапандарын оятып жатыр.
Сол кеште ауылда қатарынан үш той болып жатыр еді. Үш үйде де барабан соғылды. Бірақ барабаншылардың қай-қайсысы да Гугуцэмен теңдесе алмады. Михай ағай жан-жағына қарап еді, билеп жүрген адамдардың көптігі сонша, олар есік алдына сыймағасын көшеге шығып билеп жүр екен. Сол жерде Михай ағайға үш күйеу жігіт жүгіріп келді: «Біздің тойымызда адам қалған жоқ, қонақтарыңның біразын бізге берсейші», — дейді.
Гугуцэ барабанды соғып жіберіп еді, үш жігптің өздері де шыдай алмай, билей жөнелді. Күйеу жігіттерді іздеп қалыңдық келді. «Бізге қонақтардың қажеті жоқ, — дейді олар, — тек жігіттерімізді беріңіз». Бірақ осы сөзді айтып үлгермей, өздері де биге араласып дөңгеленіп кетті.
Күйеу мен қалыңдықсыз той бола ма! Енді, міне, үш тойға жиналған музыканттардың бәрі Гугуцэнің үйіне қарай ағылып келеді. Олардың алдында үш барабаншы келе жатыр.
Гугуцэ кішкентай Лилидің құрметіне қанша адам билегенін, аспанды да жұлдыздар қаптап кеткенін көрді де, жанындағы аккордеоншыға барабанды беріп, өзі ұйықтауға үйіне кетті. Адамдар онымен коштасарда бөркін толтырып конфет сыйлады. Ал Тоадер Крецуляктың жесірі күйеуінен қалған барабанды Гугуцэге түпкілікті беретінін айтты.
ТАРАЗЫ
Бірде Гугуцэ қалаға барғанда үлкен таразы көрді. Таразының жанында ақ халатты шал көшеде өтіп бара жатқандарды өлшеп тұр.
Гугуцэ үйге қайтып келе жатып, сарайда баяғыдан бір таразы жатқанын есіне алды. Таңертең әкесі мен шешесі жұмысқа кеткен соң, Гугуцэ кішкене қарындасы екеуі таразыны сарайдан шығарып, қақпаның алдына қойды. Гугуцэ үстіне көйлек киіп, етегін шалбарланбай қоя берді (қаладағы студенттер осылай жүретінін көрген).
Көйлек ақ, әрі ұзын, халаттан аумайды. Қарындасы үлкенді-кішілі кірдің тасынан аумайтын бірнеше картоп қазып әкелді.
Гугуцэ қағазға «4» санын жазып, қасына тиынның суретін салды. Қағазды таразыға жапсырды да, өзі жанына тұрды.
Өткенде қалада көрген таразыдан, өзі оның жанындағы шалдан аумай қалды. Бірақ таразыға ешкім келмейді. Жанынан өтіп жүре береді. Ол «4» санын сүртіп тастап, «3» санын жазды. Бәрібір ешкім келмеді. Ендеше бағасын бір тиынға дейін төмендету керек.
Бір кісі жақындап келді де, таразыға қарады. Бір нәрсе айтқысы келді білем. Бірақ үндемеді, әрі қарай жүре берді.
Гугуцэ жапсырған қағазды жұлып алды. Мұнысы таразыға тегін өлшенуге болады дегені. Бәрібір ешкім жақындамады. Сонсоң қарындасы бір етек алма, бір етек алмұрт алып келді. Таразыға шегілгені үшін, ер адамға бір-бір алма, ал әйелдерге бір-бір алмұрт беруге ұйғарды. Бірақ адамдардың бәрі келісіп қойғандай, жалғызы таразыға жоламайды. Оның есесіне көрші үйлердің балалары жүгіріп келіп, бөріктеріне дейін өлшетіп, ақыры алма мен алмұртты жеп тарасты.
Түске қарай есік алдымен Гугуцэнің ескі досы, арбашы кетіп бара жатты. Ол аттарын тоқтатып, Гугуцэнің хал-жағдайын сұрап білді.
— Қайғырма, — деді, — мен саған үйретейін. Таразыңды әкел, арбаға сал, қырманға барамыз. Халықтың бәрі сонда ғой.
Олар қырманға келіп, таразыны жерге түсірді. Расында да халықтың ұшы-қиыры жоқ екен.
— Ей, халайық! — деп айқайлады арбашы. — Өздеріңнің салмақтарыңды білгілерің келсе, мына жас жігітке келіңдер.
Алайда жұрттың бәрі жұмыстан бас алатын емес. Гугуцэ таразының қасында жападан-жалғыз тұрды да қойды. Ешкім өлшенбейтін болғасын не қажеті бар деп, ол таразысын қырманға тастап, үйіне қайтуға ыңғайланғанда, күн де батуға таянып еді.
Кенет Ион ағай топтан шықты да, маңдайынан шып-шып шыққан терін сүртіп тастап, Гугуцэнің жанына келді.
— Қане, жігітім, мені өлшеп жіберші!
Ион ағай Гугуцэге кірдің тасын әкеліп, өзі таразының үстіне шыққанда, қуанғаннан Гугуцэнің көзі оттай жайнап кетті.
Гугуцэ кірдің тасын былай қойып, құлағына қыстырулы тұрған қарындашын алып жіберіп есептей қойды.
— Ион аға, салмағыңыз мынандай екен.
— Шын ба? — деп, Ион ағай жымиып мұртынан күлді.
Гугуцэ енді басқа көк қарындашын алып, тағы есептеді. Ұзын саны алдыңғы өлшегенмен дәл келіп тұр.
— Ендеше мынаны өлшеп көрші, — деп, Ион ағай күлімсіреген күйі бір қап бидайды таразы үстіне тастай берді.
Гугуцэ қапты өлшеді де, оның салмағын Ион ағайдың өз салмағына қосып айтып еді.
— Дұрыс емес секілді. Мына бір бидайды қосып өлшеші, — деді ағай.
Гугуцэ содан қараңғы түскенше таразыға өлшеумен болды. Қара қарындаш та, көк қарындаш та таусылып бітті.
— Жігіт екенсің! — деп, Ион ағай мақтап қойды. — Мына бір қап дәнді де өлшей қойшы.
Бұл өлшегені бұрынғыдан жеті есе көп болып шықты.
Жұмыстан жалығатын Гугуцэ емес қой. Әлі кететін түрі жоқ. Сонда Ион ағай тағы да үлкен кірдің тасы мен екі көмекшіні қосып берді. Гугуцэ бір апта бойы қырманда жұмыс істеді. Қарындасы оған тамақ тасып, қарындаш, дәптер әкеліп берумен болды. Күнде бір дәптер бітеді. Ал қарындаш дегенің тіпті шақ келер емес. Гугуцэнің бір көмекшісі тек қарындаштың ұшын шығарумен тұрды.
Сегізінші күн дегенде Гугуцэ дәннің бәрін өлшеп болып, шыққан санды Ион ағайға көрсетті. Ион ағай қабағын шытты да:
— Әлі де дұрыс емес, ұлым. Тағы өлшеу керек, — деп, аспанмен таласып үюлі жатқан жүгері мен шекілдеуікті, арба-арба болып тұрған жүзімді көрсетті. Ион ағай Гугуцэге үшінші көмекші қосып, тағы да жаңа кірдің тастарын берді.
Күз болатын. Мектепте сабақ басталғалы қашан. Гугуцэ дәптерлерін чемоданға салды да, өлшегендерін есептету үшін, қарт мұғалімге келді. Мұғалім үшінші класты түгел отырғызып, есеп шығарта бастады. Балалардың бәрі сиясауыттағы сия таусылғанша қосып, алып есеп шығара берді. Ақыры олардың есебінің шығындысы керуен сияқты ұзыннан-ұзаққа созылған сан болды.
Гугуцэ оларға тағы да есептете берер еді, бірақ ол биылғы себілген бидайды, жаз бойы ауылдағы балалар жеген жүзімді, құстар жеп кеткен дәннің санын білмеді. Ол Ион ағайды тауып алып, жаңағы керуен секілді ұзын санды көрсетіп:
— Ион аға, сенің салмағың жүз мың пүт екен! — деді.
— Болса болар. Енді біршама дұрыс секілді, — деп, Ион ағай мұртын сипап қойды.
— Гугуцэ, денің сау, мықты болып өс! Сенен түбінде жақсы оқушы шығады, — деді сосын ол.
ГУГУЦЭНІҢ ПАРТАСЫ
Бірнеше күннен бері Гугуцэ есік алдында ойнауды қойды. Үлкен балалармен дос болып жүр. Өйткені олардан мектепке апаратын кітап алады. Ол ауыл балаларынан төрт әліппе тапты, немере ағасының аспалы сөмкесін сұрап алды.
Ертең бірінші қыркүйек деген күні кеште Гугуцэ бұрынғы бірге ойнайтын балаларға басқа дос тауып алыңдар деді. Ал қарындасына өзінің бар ойыншығын, тіпті рульде шофер отырған машинасын да берді.
Ол кешкісін күндегіден, ерте жатқанмен, ұйықтай алмады. Ит үреді. Егер балаларға жақсы түс көргізетін Ене атай келіп, мұның сөмкесін алып кетсе ше? Гугуцэ есік алдына жүгіріп шығып, байлаулы тұрған Тарзанды босатып жіберді. Таңертең төбет үйдің іргесінде ұйықтап жатыр екен. Шамасы, түнімен Ене атаймен арпалысып шыққан болар. Әйтеуір сөмке орнында екен.
Гугуцэ екі құлағын да әбден жуып, жаңа костюмін киді. Сонсын сөмкесін иығына асынып, бақшадан бір түп гүл жұлып алды да, мектепке тартты.
— Бір кітабың болса, бірінші класқа барасың, екі кітабың болса екінші класқа, — деп ойлады Гугуцэ жүріп келе жатып. — Ал төрт кітаппен нешінші класқа бару керек?
Мектептің алдында директор тұр екен.
— Гугуцэмісің? — деп таңданды ол. — Сен мына сөмкеңнен де кішкентайсың ғой! Бірінші класқа бару үшін саған анау бөркіңнің төбесіне дейін өсу керек. Жақсы енді. Қеліп қалған екенсің, мектептің тәжірибе участогынан қарбыз жеп кет.
Гугуцэ ұялғаннан жерге кіре жаздады. Сөмке толы кітап алып келген адамға бүкіл баланың көзінше қарбыз жеуге бар дегені қызық екен!
Гугуцэ ашуланып кетіп, үйіне қарай бұрыла жөнелді.
Директор ағай Гугуцэнің ашуланып кеткенін біліп, кешке қарай онымен татуласуға келді. Баланы былай үгіттейді, алай үгіттейді — бірақ Гугуцэ көнер емес, әлі ашулы.
— Ендеше, Гугуцэ, мен саған үзіліс кезінде мектеп қоңырауын соғуға рұқсат етсем, бұған қалай қарайсың? — деді директор.
— Керегі жоқ.
— Онда сен мейрамдарда мектеп сахнасынан тақпақ айтсаң қайтеді?
— Түк те айтпаймын.
Директор ақыры ештеңе шығара алмай кетті. Гугуцэ әкесіне айтты:
— Көке, маған есік алдынан мектеп жасап бер.
— Мектеп болса, кәдімгі шын мектеп салу керек. Ал менде көтергіш кран да, самосвал да жоқ, — деп, әкесі желкесін қасыды.
— Онда маған парта жасап бер, — деп қоймады Гугуцэ.
— Несі бар, парта жасауға болады...
Бір апта өткенде Гугуцэнің партасы да әзір болды. Мектеп жақтан қоңырау дыбысы естілгенде, Гугуцэ партасына отыра қалады, оқи бастайды. Ауылдағы кішкене балалардың бәрі шарбақтың тесігінен сығалайды. Олардың қызығатыны соншалық, Гугуцэнің партасына бір-ақ рет отыру үшін нені болса да беруге даяр.
Гугуцэ оларды аяп кетті: мейлі өздері кітап тауып алсын да, құлақтарын тазалап, бір-бірден келсін деп ойлады.
Гугуцэнің партасы туралы хабар ауылға түгел тарады. Тіпті үлкендер де бақшаның жанынан өте беріп, шарбақтың ішіне көз жүгіртетін, біздің ауылдан тағы бір оқымысты адам шығады деп қуанатын. Ал олардың кейбіреулері бақшаның ішіне де кіріп, партаны көріп кетіп жүрді.
Бір күні Гугуцэнің үзілісі кезінде мектеп директорының өзі келді:
— Гугуцэ, партаңа отыруға маған да рұқсат ет.
— Жарайды, — деді Гугуцэ. — Тек алдымен біздің бақшадан алма жеп ал.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі