1. ҮЙДЕН ҮРІМІШГЕ ДЕЙІН
Алматы әуежайына «кеш қалып қойдым ба» деп алаңдап әрең жеттім: машина тоқтамайды, тоқтағаны әкесінің құнын сұрайды. Жол сөмкемді арқалап жол бойына шығып ем, Зайсаннан келген қазақ жігіт кеудесі сырылдаған «Жигулиіне» мінгізіп алды. Не тәртібі жоқ, не жүйелі ісі жоқ үкіметті де, заманды да дыбыссыз сөзбен сыбап отырып, жеттім-ау.
Зайсаннан келген жігіт Қабыкен:
— Апай, мына қазақтар сізді жаяу жүргізіп, не абыройға жетейін деп жүр? Ауылдағы біздер Сізді «Волга» емес, «Мерседес» мініп жүретін шығар деп ойлаймыз, — деп тықылдап қоймайды.
Қара жынымның бәрі қаптап отырған мен:
— Үкімет басына өзің келгенде «Мерседес» мінгізерсің, — деп әзілдеген болам.
Үрімшіге бара жатқан жолсеріктерім — Қазақстан Ресиубликасы мәдениет министрінің бірінші орынбасары Әшірбек Сығаев бастаған Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің шағын ұжымы. Оларға қоса күміс көмей әнші Бибігүл Төлегенова, жезтаңдай Жәнібек Кәрменов (бұл — маңдайымызға сыймай кеткен талант иесі Жәнібек апатқа ұшырағанға дейін болған сапар — Ф. О.), республикамыздағы Ұйғыр музыкалық-комедия театрының Қазақстанға еңбегі сіңген актрисасы, көрнекті көркемсөз шебері Мәһинұр Рахманова, сол театрда биші Райхангүл Құдайбердиева мен дойрашы Марат Низахунов, қазақтың талантты кино және театр актері, атақты «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген рөлін шығарған Құман Тастанбеков бауырымыз бар екен.
Қияметтің қыл көпірі Алматы әуежайындағы тексерістен басталды. Сырт қарағанда сұп-сұлу қазақ жігіттері киім-кешегімді салған жаман сөмкемді аударып-төңкеріп, мен дәл бір халықаралық есірткі бизнесімен айналысып атым шығып жүрген адамдай, тексерсін! Тексеруші сары жігіт өзімнен ештеңе таба алмағасын Қытайдағы қарындасына екі сигарет пен бір көйлек орап, сәлемдеме берген журналист жолдастың затына тиісе бастады:
— Мұның ішінде өрескел ештеңе жоқ, біреудің сәлемдемесі еді, — десем, әлгі ініміз:
— Апай, біреудің затын неге аласыз? Мүмкін сигарет орнына есірткі салып жіберген болар, — дейді бет-аузы бүлк етпей бедірейіп.
Әттең, әуелі ұлтыңды, не ата-анаңды таңдап алып, сосын дүниеге келетін хұқық адам баласына берілмеген. Әйтпесе, не Биробиджанда, не Ереванда, ең болмаса Самарқанда-ақ туа салар едім. Өзің-өзіңе ренжігенде басыңа небір ойлар келе береді ғой.
«Халықаралық» деген айдары бар әуежайдың екінші қабатына көтерілдік. Он бірде ұшады деген Алматы — Үрімші рейсі түстегі 13.00-де көтерілетін болды. Шайымызды шала-пұла ішіп, үйімізден ертелетіп шыққан біз не шай ішетін жер жоқ, не жағдай сұрап жылы ұшырайтын жан жоқ, тұтқынға түскен бейшаралардай сарсылып отыруға мәжбүр болдық.
— Немерем тамақ ішпей қалып еді, — деп Бибігүл үйіне хабарласпақ болып еді, телефон табылмады.
Оркестрдің қобызшысы Жаңылсынның жездесі Қалқаман сол жердегі кіші бастықтардың бірі екен, сол жігіттің құрқылтайдың ұясындай бөлмесінде Әшірбек, Бибігүл және мен бір-бір кесе шай іштік. Қалаға телефон соғып, Қалқаман бауырымыз астымызға ат мінгізгендей ризашылықпен ұшаққа бет алдық.
«ТУ-154» ұшағының терезесінен төменге көз салып қоямын: денесі қоңырайған жалаңаш таулар тізбегі көрінеді. Табиғат та адам секілді ғой: сырты сұрықсыздау, бір көргеннен жалтылдап тұрмаған жердің әдетте қойны толы кен болып келеді. Адамдар да солай.
Отырғанымыз сол секілді еді, қазақ тілін жаңадан үйренген қазақ қызы:
— Белдіктеріңізді байлап, түзу отырыңыздар — ұшақ Үрімшіге қонуға бет алды, — деп адам ұялатындай шала-пұла қазақшамен хабарлама жасады.
Үрімші қаласының үйлері біздің Атыраудағы секілді қоңырқай көрінеді екен. Жасыл желексіз терек, қайыңы да кәрі кісінің тісіндей әр жерде сыйдыяды. Ұшақтан түскенде, ауа өртеніп тұрғандай көрінді.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы Мәдениет бірлестігінің басшысы Мәмед Зунун, оның орынбасары Ше, Шет елдермен байланыс бірлестігінің қызметкері Уан бастаған бір топ адам қарсы алды. Арасында қыз-келіншектің төбесі көрінбейді — кілең сауылдаған ер адам.
Әуежай үйіндегі қонақ қабылдайтын кең бөлмеде жүгіміз келгенше Мәмед Зунунның қош айтқан қонақжай сөзін естіп, осы елде болатын күндеріміздің жоспарымен таныстық. Мұндай жүздесулердің үлкен-кішісінің бәрінде алдымен термосқа құйылған ыссы суды тас аяқтағы қағазға түрілген қытай шайына құйып, шай беру дәстүр екен. Қант немесе кәмпитсіз тек шай ұсынылады.
Біз екі автобус, делегация басшысына арналған бір жеңіл мәшинемен Үрімші қаласының орталығындағы «Сауда сарайы» деп аталатын көнелеу қонақ үйге келіп жеттік. Қолдарында көз тартатын десте-десте жасанды гүл, бір топ қыз-келіншек күтіп тұр. Олар: бір кездегі биші — Әмина — Бибігүлмен ширек ғасыр бұрын кездескен екен, Рәпила Нұрмұхамедқызы талантты әнші, өткен жылы Шыңжаң — Ұйғыр ән-би ансамблімен Алматыға келіп, бізді әнімен тамсандырған сіңліміз, Ләззат Игісінқызы — ақын, Тарбағатайда туып-өскен, Үрімші теледидарында қызмет етеді, бұдан бірнеше жыл бұрын маған хат жазып, өлеңдерін жіберіп, өзіме сіңлі болып кеткен қыз. Әнші-сырнайшы Тұран, Мәдина, Гүлнар, Балшат, Елнұр — бәрі құшақ жая қарсы алып жатыр. Сөзбен жеткізілмейтін сезімдер...
Өзіміздің елде біреу оқып, біреу оқымайтын шимай-шатпағымызды шет жердегі бауырларымыз қолдан-қолға тигізбей оқып, туғаныңнан бетер ықыласпен алдыңнан құшақ жая қарсы алып жатса, жазатын адам үшін жұрт айта беретін, бірақ қолға ұсталып, не көзге көрінбейтін бақыт деген сол екен.
Жолдан арып-ашып келген бізге қонақ үйдің екінші қатарындағы кең асханада дастарқан да жаюлы екен. Мол мәзір, қонақжай ықыласқа көмілдік те қалдық. Дастарқанда қазақтың тағамы болмағанмен, ұйғыр, хансу халықтарының қуырылған, пісірілген, буға бұқтырылған, әйтеуір еттен жасалған ұлттық тамақтың он екі түрі бірінен соң бірі қойылып жатыр.
Менің Қытай еліне бірінші келуім еді. Түркияға, Иранға барған едім. Бірақ ондағы бауырластарымыздың арасынан менің жазғандарымды оқығандар бірен-саран кездесетін. Бұл жерде де бізді кім оқып-біліп жатыр дейсің деген көңілсіздеу ойда болатынмын.
Қонақ үйге келген жергілікті адамның бәрін бірдей жатақ бөлмеге жібере бермейді: қонақтардың мазасы кетеді, сондықтан төменгі қабаттағы ақшасыз телефонмен сөйлесіп алу керек.
— Апеке, сізге сәлем беруге адамдар келіп отыр, — деп төменнен Ләззат телефон соқты. Жазушылар, өлең-мақалаларымды оқитын студенттер, түрлі қызмет атқаратын келіншектер мен жігіттер.
— Шығармаларыңызға қанықпыз, жақсы көреміз!
— Дастарқанымыздан дәм татыңыз!
Бәрінің айтатыны осы. Қайран қазағым-ай! Қай елде, қай мекенде жүрсе де, жақсы көргеніне жастық болып, дастарқанға шақыратын ата салтын ұмытпайды. Күнге тотыққан жүздері, қарапайым киімдері, сезімді көздері — бәрі жүрегіңді елжіретеді.
Сол күні кешкісін Қытай коммунистік партиясы Шыңжаң — Ұйғыр автономиялы ауданының хатшысы Жанәбіл жолдас бастаған жергілікті үкімет басшылары бізді ресми қабылдады. Қабылдауда Әшірбек Сығаев, Бибігүл Төлегенова, Жәнібек Кәрменов, Құрманғазы оркестрінің директоры Еркебұлан Мүсірепов және мен болдым. Қазақстанның өз алдына жеке мемлекет болып шаңырақ көтергеніне Қытай елі қуанышты екенін, ежелден ниеттес, тілектес көршілес халықтар екендігімізді құрметпен айтып жатты. Кездесуде қытай тілінен орыс тіліне аудармашы хансу жігіті болды. Мен өзімнің көңілімдегі ойды жасыра алмай:
— Осы жерде қытайшадан қазақша аударма жасайтын қазақ азаматтары болмағаны ма, өз алдымызға ел болсақ та, орыс тілі арқылы түсінісеміз бе? — дедім. Әшірбек те өзінің ресми сөзін, рахметін ана тілімізде майын тамыза шебер сөйледі.
Біздің арамызда қытай тілін білетін ешкім жоқ. Концерт үстінде қазақшаны қолма-қол қытайша хабарлап тұратын жүргізуші қажет еді, Үрімшіде қытайшаға өз ана тіліндей ағып тұрған қазақтың ұл-қыздары көп екен. Солардың ішінен, біздің бағымызға, Үрімші теледидарының дикторы, біздің сүйікті әншіміз Роза Рымбаеваға ұқсай қалған сүйкімді қыз бала Әмина бізге аудармашы болып бекітілді.
Дүниеден ерте өткен ақын Тынышбай Рахимов ініміздің сөзін де, әуенін де өзі жазған «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген атақты әні осы Әминаға арналған.
Үкімет басшылары ресми қабылдаудан кейін кешкісін қонақасы берді, швед дастарқаны жайылып, төрдегі екі дөңгелек үстелге ғана орындықтар қойылыпты. Оған жергілікті басшылармен аралас біз жайғастық, қалған жолдастар қабырғаға тақап қойылған орындықтарға отырысты. Қонақасы патшаға жайылған дастарқандай екен. Қойдың терісін сыпырып, ішек-қарынын алып, қалған денесін тұтасымен пісіріп, дастарқан шетіне арбамен әкелу — қонақжай ұйғыр бауырларымыздың салты. Аспаз өткір балтамен шетінен шауып, тәрелкеге салып тұр.
Бізге қызмет көрсеткендердің мейірімді жүзі, ықылас-ниеті, тәртіп пен сезгіштік — осының бәрінен әр адамның ішкі мәдениетін көресің.
Қаламен таныстықты ертесіне Үрімші қаласындағы Шыңжаң өлкесіндегі аз ұлттарға арналған тарихи-этнографиялық мұражайдан бастайтын болдық. Қалмақ, қырғыз, себі, қазақ және бірнеше ұлтқа арналған музей үйі даладай кең, аз ұлттардың әртүрлі тарихынан мәлімет берердей. Жайлауға тігілгендей қазақтың сегіз қанат үйін көргенде ауылымызға келгендей жамырасып жатырмыз.
Ұйғыр ұлтының тарихын бейнелейтін бөлім де тамашалауға тұрарлық көрінді. Бұдан 200 жыл бұрын ұйғыр қыздарының таққан алқалары, сақина, сырға, зерлеген, оюланған киімдері... Біздің дәуірімізден үш мың жылдай бұрын өмір сүргендердің мүрделері де керемет сақталған. Ертедегі ұйғыр халқының мәдени мемлекеттік орталығы болған Тұрфанның маңынан табылған. Ол кезде өлген адамды сорға (тұзды жер) жерлейді екен: әуелі қабірді терең етіп қазып, оның ішіне құрғақ шөп, одан кейін құрғақ ағаш салып, оның үстіне қайтыс болған адамды жерлеген деседі. Біздің дәуірімізден бұрын өлгендердің денесі бүгінгі Тұрфанның кептірілген сары мейзіндей сақталыпты. Сол бөлімде жасы жиырманың ішіндегі жас жігіттің денесімен қатар, қартайып шашы ағарған әйелдің мүрдесі жатыр: жастай өлген күйеуінің жанына орта жасқа келіп дүние салған әйелін жерлесе керек. Мұның бәрі қалай сақталған? Ежелгі Тұрфан жерінің әлі зерттеліп бітпеген табиғат ерекшеліктері мол көрінеді. Сорға, яғни тұзды жерге көмілген адам денесі мейіздей қақталып, сол жатқан күйінде, тіпті ағарған шашына дейін сақталуында әлемдегі ең терең ойпаттағы Тұрфан аймағының қыста қоңыржай, жазда аспан жерге түскен жаңбырсыз ыстық ауасының әсері бар шығар деп болжамдасады.
2. САҒЫНЫШ ПЕН САЗ САМАЛЫ
Қытай — саны жағынан да, мәні жағынан да ұлы ел. Қазақта «көп қорқытады, терең батырады» деген мақал бар. Қытай халқымен бір шаңырақтың астында өмір кешіп жүрген, саны жағынан теңіздің қасындағы тамшыдай ұлттардың күні нешік екен деген ой жүрегімнің түбінде қылтыңдап барған едім.
Алғашқы күндерден-ақ көңілім орнына түскендей, қазақтың, ұйғырдың тілі қалың хансудың талқысына көміліп жатқан жоқ. Кездесу, жиындарда, көше мен дүкендерде «неге қазақша сөйлейсің» деп жекіріп не жақтырмаған кейіп білдіретіндер де көрінбейді. Қайта қай тілде сөйлесең де, үлкен ілтипат, сыйлы ізеттілік байқалады. Талғамы биік, әдебиетті бағалай білетін адамдар да көп секілді. Мұның бәрі аз ұлттың өнеріне, рухани өсіп-өркендеуіне деген қоғамдық көзқарастың, көңілдің дұрыстығынан екені белгілі.
Сонымен, музей үйінен шығып, автобустарға бет алғанымыз сол еді, шамасы 150-дей өңшең жас жігіттер мен қыздар «Фариза апай, Фариза апай» деп жамырай жүгіріп, мені қоршап алды. Фотоаппараттарын алып, суретке түсіріп жатыр.
Бұлар Үрімшіден 250 шақырым жердегі Күйтүн қаласындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқитын студенттер екен.
Бізбен кездесу үшін сабақтан әдейі сұранып, автобустар жалдап, арнайы келіпті. Қонақ үйге келіп сұраса, бізді мұражайға кетті дегесін, кешкі концертке дейін көрісейік деп келгендері екен. Көшеде кездесу өткізіп жатудың қисыны жоқ, тарасуға тура келді.
Өрісі араласып жатқан ежелден көрші екі елдің арасындағы адамдық, мәдени, рухани жақындықтардың тамыры нәрлене бастағаны көңілге қуаныш ұялатады.
Кешкісін — алғашқы концерт. Қазақ мәдениетінің рухани алтын діңгектерінің бірі — Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі. Бұл оркестр қазақ өнерімен бірге жасасып келеді. 50-ші жылдары Кеңес Одағы мен Қытай елінің достық, тілеулестік жағдайда өмір кешкен күндерінде Құрманғазы оркестрі бұл елде болып, сан ұлтты көрермендер ілтипатына бөленген екен. Енді, міне, қаншама жыл өткеннен кейін аты әлемге әйгілі оркестр тағы да өнер сүйер қауыммен қайта жүздескелі отыр. Оркестрдің құрамы жаңғырып, репертуары да, дирижерлері де жаңарған. Қазақтың бұлбұл көмей қызы Бибігүлді сүйемелдеуі керек. Алғашқы концертті қалың қауым қалай қабылдайды? Осындай ойлармен жүрегіміз жиілеу соғып, сырттай салмақты көрінгенмен, ішімізден дауыл алдында толқынын жасырған теңіздей едік.
Үрімшідегі Халық сарайы сыртынан қарағанда да, ішінен де салтанатты орын екен. Біз концерт басталудан бұрынырақ келдік. Шыңжаң өлкесіндегі Қытай компартиясының бірінші хатшысы бастаған үкімет мүшелері бізді қабылдайды екен. Халық сарайының маңы ығы-жығы адам. Айтыс болған күндері біздің театрлардың алдына халық осылай жиналады.
Концерт басталар алдында жергілікті үкімет, партия басшылары халық сарайындағы бір бөлмеде бізді ресми қабылдады. Шыңжаң аймағындағы партия басшысы — орнықты, қарапайым адам екен. Ақыл иесіне ұқсайды. Біздің делегация басшысы Әшірбек екеуі ресми түрде сөз сөйледі. Басшылар тарапынан да қарапайым халықтың бізге, өнер адамдарына, жалпы қазақ еліне деген ілтипатты ықыласындай жаймашуақ пейілді сезіндік.
Үш мың адам аузы-мұрнынан шыға толған сәулетті сарайдың сахнасы ашылып, ұшатын қырандай қомданған оркестрдің алдына концертті жүргізуші Мәһинұр Рахманова ұлттық киіммен жарқырай шыға келгенде, бүкіл зал аруақтанғандай дүр сілкіне қол соғып жатыр.
Әдемілік дегеннің құдіреті осындай сәтте сезіледі екен. Біз, концертке қатынаспайтын үшеуміз — Әшірбек, Құман және мен жергілікті әкім-қаралардың арасында, залдамыз. Жиналған халықтың ықыласы қол шапалақтаудан сезілгендей. Мәһйнұр оқыған менің «Қазақстан» өлеңімнің әр шумағына соғылған алақандар Қазақстан халқының дербес мемлекет болып, шаңырағын шалқайта көтергеніне көрсетілген ықылас деп түсіндік.
«Көңіл ашар» немесе «Сарыарқаның» сан мың аттың тұяғындай дүбірлеген үні, Қуаныштың қобызбен жеке орындаған күйі, болмаса Жәнібектің шырқай самғаған әні, Тұяқ орындаған «Бұлбұл» күйі бастала бергенде-ақ шатырлаған шапалақтың залды керней жөнелуі — осының бәрі біздің халқымыздың өнеріне деген аса бір ыстық сағынышты сездіргендей еді.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» демекші, шапалақтың көкесін Бибігүл ән салғанда көрдік. «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», «Гәкку», «Гауһартас»... Оның үстіне Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы ән-би ансамблінің аса талантты жас бишісі Тұрсынай Ибрайымжанға арналған «Бір ару бар Шығыста» деген менің сөзіме жазылған Әсеттің әні Бибігүлдің орындауында тыңдаған халықтың ерекше ілтипатын туғызды. Бауырлас екі ұлт бір-бірінің жақсысына сүйсініп, бірін-бірі мақтан етер туысқандық сезімде жүрсе, мұнан артық не бақыт бар?!
Үрімшіде гүл табылмайды екен де, оның есесіне өлмейтін, солмайтын керемет әдемі дестеленген жасанды гүл шоқтары сатылады екен. Бибігүл де, Мәһинұр да, Жәнібек пен Тұяқ, оркестрдің басқа мүшелері де, тіпті залдағы біз де гүлге оранып қалдық. Бұл ешбір ұйым ұйымдастырмаған, әркім өзінің жүрек лүпілімен әкелінген гүлдер еді.
Үш мың адамға арналған Халық сарайы төрт күн қатарынан берілген концерттің әрқайсысын осылай қарсы алды. Халықтың қояр да қоймай сұрауымен, маған да сахнаға шығып, «елге көрінуіме» (жұрттың сөзі), өлең оқып беруіме тура келді.
Ертесіне Үрімшідегі қазақ жазушылары қонаққа шақырды. Ауыл шаруашылығы мекемесінің кең залын алып, дастарқан басында дидарласып әңгімелестік. Үрімші қаласында, Тарбағатай, Алтай өлкелері мен Құлжа қаласында қазақ тілінде бірнеше газет-журнал шығады. Олар «Шұғыла», «Тарбағатай», «Мұра», «Іле айдыны» журналдары, «іле», «Шыңжаң» газеттері.
Үрімшідегі «Халық», Пекиндегі «Ұлттар баспасы» баспаларынан қазақша кітаптар шығады. Қытайда біздегідей қағаз тапшылығы жоқ көрінеді. Алыстан арбаламай, жергілікті өнімдерін (күріш сабағы, сабан) пайдаланып, қағаз жасайтын фабриктері бар. Біз сексен жылға жуық мерзімде республика көлемінде бір парақ қағаз, қағаз бетіне түсетін бір түйір бояуды өзімізде шығаруды ойланбай, қағаз ағаштан жасалады деген желеуге қалыбымыз қатып қалып, соның салдарынан бүгін басқаларға қол жайып, мүсәпірлік күй кешудеміз.
Үрімшіде қазақ жазушылары баршылық. Бұл — жақсылық. Әр ұлттың рухани ғұмырын жазушылар, өнер иелері, ғалымдар жасайды. Қоғамдағы тіршілік шығарма жазбақ түгілі басыңмен қайғы етер деңгейде болса, жазушы да шықпайды. Әрине, әр жүйрік өзінше шабады. Мен үрімшілік жазушы-ақын қаламдастарымыздың шығармаларына баға беруден аулақпын. Олар біздің жазған-сызған дүниелерімізді жақсы біледі, қазақ әдебиетінің тарихында кім қандай орын алады — олардың әрқайсысының көкірегінде сайрап тұр. Өйткені, олардың көбі біздің жазуды оқи алады.
Ал бізде шет елде жүрген бауырларымыздың шығармалары басылмайды. Олардың жыл құсындай бізге жететін бірен-саран шығармаларын оқитын қайран бізде жоқ — араб қарпін оқи алмаймыз, дербес мемлекет болған Қазақстанда алдағы уақытта ата-жұртымыздан жырақта жүрген бауырларымыздың шығармаларын жоспарлы түрде шығаруға жететін күн де туар деймін. Германияда, Түркияда, Иранда өмір сүріп жатқан қандастарымыздың арасында қазақша шығарма жазып, қазақ әдебиетінің қайнарына өз бұлақтарын құятын деңгейде жүргендері ілуде біреу. Бұл жағдай тек Қытай еліндегі бауырларымызда ғана тінін үзбей дамып келгендігі — қуанарлық жай екенін айтуымыз керек. Қытай елінде туып, кейін Қазақстанға келген республикамыздың бүгінгі белді қаламгерлері Марфуга Айтхожина, Қабдеш Жұмаділов, Нүкеш Бәдіғүлов, Тұрдыбек Алшынбаев, Несіпбек Айтовтар құнарлы топырақтан нәр алған.
Ал Үрімші қаласында талантты ағамыз Омарғазы бастаған Рахметолла, Әбденбай, Шәміл, Айтқали, Шәкен Оңалбай, Ахметолла, Сәли, Оразымбай сынды белгілі қаламгерлермен қатар Әуезхан, Заһира атты жазушы-ақын сіңлілеріміз де бар. Бұлардың соңына ілескен талантты жастар қаншама?! Олардың ішінен Шәкен Ғалиоллаұлы мен Ләззат Игісінқызын ерекше атағым келеді. Екеуі де ақын. Ақын болғанда қандай ақын! Өлеңдерін оқысаң, қазақтың ағыл-тегіл бай тілі мен ой тереңдігіне сүйсінесің.
Үрімшіде қаламдас ұйғыр бауырларымыз да қонақ үйге келіп, маған сәлемдесті. Талантты ақын Әбілемит Садық, Түрсынай Хусейін, жазушы журналист Тұрсынай Юнус ықыласпен қарсы алды. Ұйғырдың көрнекті ақыны Тайпжан ағамыз бұдан жеті жыл бұрын Алматыға келгенде, Хұршида ақынға бастатып, мені іздеп келіп еді. Ағамыз бұл күнде жоқ. Зунун Қадыр ағамыздың отбасы да Үрімшіде. Ардақты ақын-жазушы ағаларымыздың орнына бата етіп, жеңгелерімізге сәлем бермесек, әруақ кешірмес деп, бұл екі үйге кіріп шықтым. Зунун Қадыр ағамыздың үйіндегі Зылиха жеңгеміз менің Семейдегі досым Зүбәйданың әпкесі екен! Екі жеңгеміз жыласып көрісіп, алғыс-баталарымен жөнелтісіп жатыр.
3. ТҮРФАН МЕН ҚҰЛЖА ҚҰШАҒЫНДА
Тұрфан — ұйғыр халқының ежелгі астанасы. Күні ыстық, терең ойпатта жатқан, тарихи орындардың қоймасындай аймақ. Негізінен ұйғыр бауырларымыз тұрады. Тұрфанның жүзімі — шырын дәмі әлемнің талай елдерінің таңдайына татыған құнды өнім.
Қазақстан елінен келген өнер иелерін тосыннан әкелмей, алдын-ала хабардар ету үшін Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының мәдениет министрі Мәмед Зунунның өзі бізден екі күн бүрын Тұрфанға жүріп кеткен.
Мұнда да концертке халық көп жиналды. Мәһинұр нақышына келтіре, жүрегіңді суырып алғандай әсерлі оқыған республикамыздың көрнекті қаламгері Шайым Шаваевтың «Тұрфаным» өлеңін, Райхангүлдің мың бұралған биін, Бибігүл орындаған «Бір ару бар Шығыста» әнін тұрфандықтардың аса риза көңілмен қабылдағаны сондай, тіпті зал қол соғудан тынышталмай қойды. Бұл да ықылас-ілтипаттың бір көрінісі шығар деп қабылдадық.
Тұрфаннан Үрімші арқылы асып, сапарымыздың соңғы нүктесі — Іле аймағының орталығы Құлжа қаласына баратын болдық.
Менің қамқоршым — мәдениет министрінің бірініші орынбасары Ше жолдас мені Құлжаға ұшақпен жіберу керек деп шешті. Үрімші мен Құлжаның арасы мың шақырымдай. Мәшинемен ұзақ жол. Менің денсаулығым онша мақтанарлық болмағасын, Үрімшідегі Қытайдың халықтық дәстүрмен емдеу институтының ректоры, профессор Жан Жуй Бан мені қабылдап, біраз емделу, ең аз дегенде, 5-6 ай осында ауруханаға жату керек деген шешімге келді.
Ше жолдас бір топ хансулық ақындарды менімен таныстырып, әдейі қонақасы берді. Мұның бәрі, әрине, Қытай коммунистік партиясы мен жергілікті үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық деп түсіндім.
Қытайлар сөзді бағалайтын, сөзі арқылы кісіні танитын халық екен. Бұл дидарласу мәслихатына «Батыс Жүнге әдебиеті» журналының бас редакторы Чын Син Фу, ақындар Жау Жан Го, мәдениет министрлігінің әдебиет бөлімінің қызметкері, жас та болса ойлы, әдебиет сыншысы Жан Жун Чау болды.
Шәкен Ғалиолла мен оқыған бірер өлеңді жолма-жол хансу тіліне аударып, Рәпила екеуі кезектесіп тілмәштық қызмет атқарды.
Әскери киім киген, ұзын бойлы, бидай өңді әдемі жігіт Жау Тоу қазаққа ұқсайды. Ойы терең адам көрінеді. Көзілдірік киген, қапсағай қара жігіт Жан Дый көп сөйлемейтін, Анна Ахматова, Евгений Евтушенко, Александр Блокты хансу тілінде (Қытайда қытай халқын хансу деп атайды) оқыған азамат екен. Екеуі де бүкіл қытай еліне есімдері белгілі, өлеңдері ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылған ақындар болып шықты.
Екі-үш сағатқа созылған бұл дидарласу үстінде хансулық ақын-жазушылардың біздің әдебиетке, жалпы рухани байланысқа деген ықыласын сезіндім. Менің бұл сапарымның әсерлі өтуіне мұрындық болған Ше жолдас, әдебиетші болмаса да, үлкен ақыл-парасат иесі екен. Мәдениет пен әдебиет саласында басшылық ететін қызметкерлердің бәрі осы кісідей болса, қай елде болмасын, рухани тірлік алға басар еді деген ой келді.
Сонымен, Үрімші әуежайынан Құлжа қаласына жалғыз ұшатын болдым. Ұшақ бір сағат он бес минут ұшады екен. Хансу тілінде «ше-ше» (рақмет) деген жалғыз сөзді әрең үйренген мен тіл білмейтін ортада жанды мүсіндей қалқиып барып, ұшаққа отырдым. Алды-артымдағы, жанымдағы орындарға жолаушылар жайғасып үлгерген екен. Ұшақ көтерілуге қамданған кезде, стюардесса қыз бала менің алдымдағы және қатарымдағы жасаң екі жігітке бірдеңе деп сыбыр етіп еді — әлгі екеуі орындарынан тұрып, соңғы жақтағы бос бір-екі орынға барып отырды. Шамасы шетелдік қонақ (яғни, мен) кең, еркін отырсын деген болу керек. Бұл, әрине, ешқандай шешім, нұсқаумен емес, стюардесса қыздың адамгершілігі мен мәніс білуінен.
Құлжа әкімінің оң қолы Сабыр мен Шетел министрлігінің жауапты қызметкері, сүйкімді жігіт Уаңның ұшақ жанында күтіп тұрғанын көргенде қуанып кеттім.
Құлжаның біз тоқтаған қонақ үйі әдемі екен. Шамамен біздегі жоғары мәртебелі қонақтарды күтетін резиденцияларға ұқсайды. Бұрынғы Кеңес Одағы мен Қытай мемлекетінің арақатынастары өте жақсы кезінде Кеңес елшілігі тұрған үй екен. Бақтың арасында, у-шудан оқшау. Маған арналған жайлы бөлмеге жайғаса бергенімде, Құлжа облыс басшыларының бірі Захан жолдас та бір топ қызметкерлерімен келді. Біздің адамдар мұнда өткен түні жетіпті. Қонақ үйде мені күтіп бізге аудармашы болып бекітілген диктор қыз Әмина отыр. Өзі бұрын осы Құлжа қаласында диктор болып, еңбек жолын бастапты. Біздің адамдар қала аралап кетіпті.
Захан бауырымыз да, Сабыр да баяғы заманғы қазақтар секілді, асылдың тұяғындай азаматтар екен.
— Сізді күтіп жүрген ел көп, бауырларыңыз сізбен қалай, қайдан кездесеміз деп бізге телефон шалып, маза бермей жатыр, — деді Захан. — Мұндағы ел өзіңіздің шығармашылығыңызды жақсы біледі, хош келдіңіз бауырларыңыздың ортасына!
Іле аймағы табиғаты жасыл желекке малынған, жері сулы, шүйгінді, Алматыға ұқсас жер екен. Үрімшіде сығылысқан халық еді, мұнда тұрғындар саны азырақ болғандықтан ба, бір түрлі кеңдік байқалғандай. Үйлерінің түсі де ашықтау. Көшелері кең. Біздің елден келген орыс, ұйғыр, қазақ туристер. Осының бәрі ауылымызға келгендей әсер берді. Құлжа қаласының өз басында, біздің Алматыдағы секілді, қазақ аз екен.
Құрманғазы оркестрі келді дегесін қазақтар тайлы-таяғы қалмай жақын маңдағы ауылдардан келіп жатыр. Мұнда да үш күн бойы концерт қойылды. Мұнда да үш мыңға жуық адам сиятын Сарай бар екен.
Құлжадағы қазақ ақын-жазушылары да бір қауым ел. Мені өз орталарына бұлар да шақырды. Жәнібек екеуміз бардық. Белгілі жазушы Оразхан ағамыз бастаған Ұлыхан Сұлтанқызы, Әлима Ысқаққызы, «Тасқын» трилогиясының авторы Тұрсынәлі, өзін маған «Қожанасырмын» деп таныстырған Сәулет, Қасымхан, Уәлібай, қазақшаға судай өзбек Алым бауырымыз, хансу жігіті Шу Лин секілді қаламдастармен жүздестік.
Ал, жастар аса ойлы, талантты. Киімдері қарапайым болғанымен, көкіректеріне ақыл-парасат, намыс ұя салған. Бұларды көргенде жүрегім елжіреп, жер-көкте жоқ үлде мен бүлдеге оранып, бір кітаптың не бір газеттің бетіне қарамай, кердең басатын біздегі біраз іні-сіңлілерім көз алдыма елестеді...
Құлжа халқы да үш күн бойы Құрманғазы оркестрінің құдіретті күмбіріне, Бибігүл мен Жәнібектің алты қырдың арғы жағынан жаныңды жаулап алар үніне, Қуаныштың қобыз сарыны мен Тұяқ домбырасының сазына қарық болғандай.
Қытай жерінде бізге тағылым болардай нені байқадым? Ең алдымен, мұнда «түсінбейміз» демей, хансу, ұйғыр, сібе, қазақ — түгелдей қазақ елінің өнеріне қол соқты. Бізде, әдетте, ұйғыр өнеріне — ұйғырлар, орыс өнеріне — орыстар, қазақ өнеріне — қазақтар барады.
Қытай елі жазушы ағайындарға үлкен көңіл бөледі екен. Жазушылар, біріншіден, «жазушы» немесе «ақын» деген бір шапанды жамылып, астында таланттысы да талантсызы да бірдей деңгейде өмір кешпейді. Үкімет басындағы немесе Жазушылар одағындағы билікке қолы жеткен аз ғана топтың жең ұшынан жалғасқан шешімімен емес, шығармасын, азаматтық тұлғасын халық мойындаған, халықтың пікірімен Қытай елінің 1 дәрежелі кәсіптік жазушысы деген атақ беріледі және ол жазушыға үкімет басындағы қызметкерлермен бірдей жалақы тағайындалады. Екінші дәрежелі жазушы атағы да бар екен.
Үрімші қаласында жазушылар бір аулада тұрады. Жазушылар қалашығы секілді тыныш аудан. Зейнеткерлерге, атақты адамдарға емдеу, дерігерлік байқау, дәрі-дәрмек тұтасымен мемлекет есебінен. Сонымен қатар еңбек етіп жүргендер де өз мекемесіне мемлекеттік қордан арнайы бөлінген қаржы арқылы тегін емделеді.
Тұрғын үй мәселесі де біздегідей күрделі емес: әр мекеменің қызметкерлеріне берілетін пәтер, жатақхана сол мекеменің маңында: таң атпай алқын-жұлқын болып, автобусқа жүгірмейді. Түскі үзілістері үш сағаттан, үйіне барып, демалып, бала-шағасына қарауға мүмкіндік бар.
Ұрлық-қарлық жоқ, жазасы қатаң болғасын, жұрт ұрлық жасауға қорқады. Үйінде отырып аяғы ауыр болу секілді біздегі қыздар проблемасы атымен жоқ. Бала туып, оны жетімдер үйіне тапсыру деген ұғым ол жақтағы елге түсініксіз. Егер жазатайым аяғы ауыр болып қалған қыздан бас тартқан жігіт болса, ол 4-5 жылға сотталады, айып ақы төлейді.
Қытайда кадр мәслесіне қатты көңіл бөледі-ау деген пікірге келдім. Біз барған қалалардағы басшы қызметкерлердің әрқайсысы — шолақ белсенділер емес, шеттерінен сұңғыла жандар көрінді. Әңгімелессең, тарихты да, өнерді де жаңғақша шағады, әуелі өзінің тілін, сосын өзгенің тілін біледі.
Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Ше, Құлжа облысының әкімі Асхат, оның орынбасары Захан мен әкімшіліктің бөлім меңгерушісі Сабыр, Шетел министрлігінің қызметкері Уан, Үрімшідегі педагогикалық мектептің директоры Мұхамедқазы, «Халық» баспасының бас редакторы, белгілі аудармашы Найманғазы, «Мирас» атты ұйғыр журналының редакторы Әбілемит Садық — шағын кәсіпорнынан бастап, үлкен мекеме басшысы осындай болса деп армандайтындай азаматтар.
«Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді қазақта. Адамның қасиетін, адамгершілік тұлғасын көру үшін күн сайын дастархандас болып, шек-қарынды араластырудың қажеті жоқ. Үрімші теледидарының қазақ бөлімінің бастығы Шәкен Ғалиолла — әрі ақын, әрі журналист, аса білімдар, қазақта бір жігіт болса, осындай болсын дейтіндей азамат.
Менің көңілімде бір ғана «әттеген-ай» кетті. Ол — ел, ұжым басшыларының арасында қыз-келіншек атаулы көрінбейді. Ал ақыл-парасаты, көрік-мінезі сай келген қыздар көп.
Өткен жылы Шыңжаң-Ұйғыр ән-би ансамблін Қазастанға бастап келген Мәдениет министрлігінің қызметкері, ұйғыр қызы, Авақызбен Алматыда танысып, әңгімелесіп ем. Мен оны медениет министрі екен деп қалғам. Ұйғыр опера театрының актрисасы, «Айгүл» фильмінде басты рөлде ойнаған қазақ қызы Фатиха, Қытайдың халықтық дәстүрімен емдеу орталығының дәрігері Айгүл Мәуленбайқызы жас та болса, әлемдік әдебиетті қақпақылдай қағатын, ойы мен парасат тереңдігі кіммен де қатар тұратын жандар. «Ақтамақ» пен «Гауһартасты» Пекинде оқып жүріп қытай тілінде орындағанда, керемет музыканттардың өздері таңдай қаққан әнші Рәпила Нұрмұхамедқызы да сондай.
Қазақ театры болмағандықтан, ұйғыр театрында еңбек етіп жүрген Фатиханың, қазақтың халық аспаптар оркестрі немесе фольклорлық-этнографиялық ансамблі секілді ұжымы болмағасын, Ұйғыр ән-би ансамблінің құрамында жүрген Рәпиланың тағдырлары өз алдына бір әңгіме.
Сапарға шыққанда, оның ішінде, шет елге жол шеккенде, адамдардың кісілігі мен кішілігі, ірілігі мен ұсақтығы бірден көзге түседі. Осы сапарда бізді басқарып барған мәдениет министрінің бірінші орынбасары, белгілі әдебиетші Әшірбек Сығаевтың байыпты, байсалды, ақылды, елдің намысын өзінен биік қоятын үлкен азамат екенін байқадық.
«Қазақстаннан келген бауырларымыз базар кезіп, абырой атағын ұмытып, алқын-жұлқын болып, амандасуға жарамай, сөмке арқалап жүргенін көргенде, бір түрлі ыңғайсызданып қаламыз. Біздің де байлықтан асып-тасып жатқанымыз шамалы, дегенмен қанағат керек қой», — деген қандастарымыз да болды.
Көрші Қытай еліне 40 жылдан кейін өнер сапарымен барған Құрманғазы оркестрінің, оның шылауына ерген біздің саяхатымыз осылай аяқталды. Қимай қоштасқан бауырластарға жалтақ-жалтақ қараумен сағынышты сезімімізді арқалап шекарадан бері өттік.
1992
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі