Өлең, жыр, ақындар

Ерлік - елге мұра, ұрпаққа үлгі

Қазақстан - тар жол, тайғақ кешуменен  аласапыран жаугершілік заманды бастан өткеріп, азаттық жолында табанды күрестер жүргізіп, шыңға «Алаш» туын тіккен ата-баба рухы сақталған ұлан- байтақ, құдіретті ел! Бір шаңырақ астына барша ұлтты бауырындай басып, татулық пен бейбітшілікті ұстаным еткен қонақжай ел! Сан ғасырлық тарихы бар елімнің ертеден келе жатқан тілі мен діні, салт-дәстүрі ұрпақтан- ұрпаққа мирас болып сақталған ел!                                                                                                  

Қазақстан егемендігін алған жылдардан бастап, көзді ашып- жұмғанша әлем қызыға да, қызғана да қарайтындай өзгерді. Ел тірегі- президентіміз, бас ордамыз «Нұр- Сұлтан», көз тартар ғимараттары мен талантты да, дарынды жастары шоғырланған 14 облысымыз бар.

Мен үшін әрдайым ыстық, алысқа сапар шеккенде көзге жас ала сағынатын туған жерім - Ақтөбе! Ақтөбе - отқа да, мұзға да түсуге әзір, Отан үшін жан аямаған батыр бабаларымыздың найзасы тиген жер.     

Осыдан 81 жыл бұрын маусымның 22ші жұлдызы таң сәріде фашистік Германия одағы КСРО (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) жеріне шабуыл жасады. Бұл «Ұлы Отан соғысы» еді.  Соғысты алғаш қарсы алып, ерең ерлік көрсеткендер қатарында қазақстандықтардың сан мыңы болды. Сол кезде әлемді дүрліктірген аяусыз соғысқа Ақтөбе өңірінің батыр ұл- қыздары да қатысып, қан төгісті. «Ақтөбе өңірінен шыққан батыр» десек, ойымызға бірден тарихта есімі қалған, мерген Әлия Молдағұлова түсетіні белгілі. Дегенмен, бұл соғысқа шежірелі өлкемнен қатысқан даңқты батырлар жетерлік. Олардың есімдері мен ерлік істерін біліп жүру ешкімге де артық етпесі анық. Ендеше, сол ерліктін үлгісі бола білген, менің үлкен нағашы атам- Ниязов Ғалымжан Құрманғазыұлы туралы сыр шертетін боламын.     

Ниязов Ғалымжан Құрманғазыұлы 1916 жылы 16 ақпанда Алға ауданы, Бестамақ ауылында дүниеге келіп, балалық шағы сонда өтеді. Оқу оқып, сауатын ашқан Ғалымжан атам 13 жасынан бастап еңбекке араласады. Әскер қатарына алынбастан бұрын, механикалық- техникалық училищеде білім алды. 1939 жылы 9 мамырда «Зеңбірек атқыштар дивизиясына» қабылданып, Иваново қаласында жауынгерлік борышын өтейді. Сол жылдың 30-ншы қарашасында КСРО мен Финляндия арасында соғыс басталады. Бұл соғыс тарихқа «Кеңес- Фин» деген атаумен енді. Финляндия мемлекеті КСРО тарапынан төнетін қауіптен қорғану үшін арнайы «Маннергейм шебін» тұрғызады. Дегенмен, бұл қорғаныс ұзаққа бармай, КСРО 1940 жылдың ақпан айларында бұзып өтеді. Бұл тапсырманы орындауға 318ші атқыштар дивизиясы зор еңбек сіңірді. Осы дивизия құрамының алдыңғы қатарларының бірінде Ғалымжан ата да болды. Соғыс сәтті аяқталып, КСРО жеңіске жеткеннен кейін Ғалымжан ата Балтық жағалауы елдерінде әскери қызметін атқарып жүреді.             

1942 жылы 9 мамырда Ниязов Ғалымжан 102ші атқыштар дивизиясы қатарына қосылады. Сол жылдың тамыз айында неміс әскерлері Сталинград маңына жақындайды. Сталинград майданы құрылып, қорғаныс шептер салынады. Осы «Сталинград шайқасына» Ғалымжан ата да қатысып, ұрыста жаудың 70ке жуық әскерін жойған. 2010 жылы қаңтар айында Ғалымжан атаммен тілдескен жергілікті журналистер, «Актюбинский Вестник» атты газетке сұхбатты жариялайды. Сондағы сұхбатта: «Галымжан ага рассказывает, что в Сталинградской эпопее ему доводилось заниматься погрузкой пленных солдат в эшелоны для отправки в лагеря для военнопленных. Наши солдаты жалели замерзающих и голодных немцев, среди которых было много совсем молодых ребят, и, бывало, подкармливали их хлебом. Погибло их, конечно, там много...»  Осыдан-ақ, жау деп жатсынбай, жаратылысынан адамгершілікті алдыңғы қатарға қоя білген халқыма тәнтімін.     

1943 жылы Гитлердің «Цитадель» жоспары бойынша Белгород- Курск бағыттарында күшті шабуылға шығады. Қорғаныс шептер қайта құрылып, жауынгерлер зеңбіректерін жау әскеріне жаудыртады. Жаудың 500 мың әскерлерінің көзі жойылған бұл шайқаста ерлік көрсеткендердің бірі  Ғалымжан ата болды.           

Көптен күткен шешуші сәт... 1945 жылы 9 мамырда жеңісті өз көзімен көрген  Ғалымжан  ата көзіне еріксіз жас берді. Отан үшін жан аямай күн- түн өткен соғыс, қыршын кеткен жауынгерлер барлығы бір сәт көз алдынан өтті. Бар қиыншылық енді артта қалып, 1946 жылы еліне, өз үйіне аман- есен оралады. 1947 жылы Қания әжеме үйленіп, отбасын құрды. 1948 жылы Ембі қаласына теміржол саласы бойынша жұмысқа орналасып , 36 жыл сонда еңбек етеді.   

Жеңістің жемісі ретінде Ғалымжан ата «Қызыл жұлдыз» ордені, «Сталинградтты қорғағаны үшін», «Кенигсберг қаласын алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» тағы да басқа ордендер және медальдармен марапатталды. 2010 жылдың 2ші наурызында ғасыр көрген Ғалымжан ата дүниеден өтті.  Артында 4 бала, 11 немере, 21 шөбере, 3 шөпшегі бар.

Қазақ батырлары жасаған тарихи ерліктің құнын қадірлей білуіміз қажет. Себебі, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қазақ жері - ұрпаққа мұра болып қалған басты байлығы және тапсырған аманаты. Ал, аманатқа қиянат жасамау - біздің парыз!

Кенжебай Салтанат


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз