Совет ақындары халықтарымыздың өзара достығы мен ауыс-түйіс араласы жайлы шабыттана кеп жырлағандықтан бұл салада олардың ұшқыр қиялы шарламаған ой түкпірі жоқ. Кейде тіпті қармауға келмейтін бағзы бір фантастикалық цифрлар ойыңа оралатыны қызық. Әсіресе, қанаттас, қатар жатқан республикалар жайлы ойлағанын ылғи солай шығады. Қырғыз, түркімен, тәжік не өзбек жерінен көтерілген ылғал-будың неше тоннасы сағат сайын бізге жетеді екен, — деп те ойлайсың. Жаз айларында бал арасы арқылы күн сайын неше тонна гүл шырыны бір республикадан екіншіге тасымал болып жатқанын да білгің келеді.
Тоқтаусыз ара-қатынастың осы сияқты заңдылығына ұғым әбден дағдыланған себепті де, өз республикаң жайлы өзге туысыңа айта бастасаң, сол өзі көп онша «дүние ашу» (открытие) бола қоймайды. Және сол жаңалық дегеннің өзін досың сенен бұрын біліп, сенен бұрын-ақ сүйсіне құптап отыратыны қызық. Қазақ әдебиетінің Өзбекстандағы апталығы кезінде жасалып магниткамыз жайлы сөз қозғауымыз-ақ мұң екен, залдан ала топы киген бір инженер жігіт:
— Оның бірінші прокаты біздегі болат қорыту заводына келесі күні-ақ келіп жетті,— дегені ғой. Оған айтамыз деп тұрған жаңа хабарды сол жігіттің өзінен құп алғанымызды біз бір-ақ сезіндік. Түркіменстанда да дәл осындай жағдай болды. Гурьевтегі мұнай өңдеу заводы туралы айтқалы келе жатқан сөзімізді аузымыздан қағып алып, қатардағы бір жұмысшы түрікмен:
— Біздің осы балаң заводымыз дал соның күнделік жетегінде келеді, - деді.
— Тоқтаңыз, солай ма еді өзі,— деп аңырып тұруға ғана тура келді. Ал, Алматының кілем тоқу артелі Ашхабад фабрикасының бір филиалы десе болғандай екен. Мұндағылар фабрика тіршілігінің, бәрі-бәрін көріп келген бізден бетер жетік баяндап отыр. Мұндай мысалдар ұшы-қиырсыз. Мәселен, мен биылғы дақыл даласының жайларын немесе оның мыңнан бір мысалы О.Қозыбаевтың жауапкершілігіндегі Аманкелді өндіріс басқармасының биыл мемлекетке 15,5 миллион пұт астық тапсырғанын тағы да бір хабар етіп жазсам, өзі біліп отырған осы жайға тағдырлас тәжік досым таңдана қояр ма?.. КПСС Орталық Комитетінің ноябрь Пленумында баршаға белгілі болған бұл сипатты хабардар оның да көкірегіне ұялаған-ақ шығар. Сол сияқты еңбекте намыс туын көтеруші Надежда, Тұрсынойлардың алпыс екінші жылы немен аяқталғаны маған да мағлұм. Ол ол ма, тіпті биылғы бізде болған қуаңшылық пен қиын күрестен бастап, суретшілер ісіндегі ара-кідік ақаулыққа қынжылғанымызға дейін бауыр-туыстың баршасына аян. Өткен жылдың өндіргені мен алдағы жылдың бюджетіне дейін алақанымызда. Қарапайым тілмен айтқанда, біріміздің қаржы-қаражатымызды да екіншіміз біліп отырамыз.
Соңғы жылдың ішінде біздің республикамызда жапан түз есебінен жайлы қоныс болған жер қанша десеңші!.. Айтуға ғана оңай, аңыздан көркем, әсерлі осынау алып шындыққа күлліміз куәміз. Коммунизм салтанатына бағышталған бұл өзгерістерді Қазақстандықтар ғана емес, бәріміз-ақ сағат сайын сезініп отырдық. Айта берсеңіз, бейбіт дамудың бұл процестерін Кариб теңізі маңындағы күйзеліс күндері де бір минут тоқтата алған жоқ.
Өзгеріс демекші, сол өзгерістердің зор біреуі — алғашқы адам жайлы айта кетсем деймін. Бұрын «алғашқы адам» деген атаудың өзі жабайылықты аңғартушы еді Байтақ қазақ жерінен, барлық адам атынан космосқа шырқап шыққан кешегі жігіттер де тәуліктер бойы планетадан бөлек тұрмыс шеккені үшін алғашқы адамдар аталды. Бірақ мұның мағынасы бағы заманнан бері қалыптасқан ұғымға қарама-қарсы, яғни бұлар адамзат арманының шынынан шырқап асқан алғашқы адамдар ай, жұлдызға бізден гөрі бір табан жақын жандар. Я, XX ғасырдың алпыс екінші жазы космостың да адам мен адамды өзара сөйлестірген, орысша сөйлестірген, орысша әсерлі бір ән шырқатып, дуэтке сахналық еткен шағы болды. Сөйткен космос перзенттерін де Қарағанды даласы қабыл алды. Жоғарыда айтылған шындық хикаялары жайлы ән-күй, әсем би молшылығы да баршамызға ортақ аян. Кремльдегі съездер сарайынан сан-тарапқа мағлұм болған, «Қазақстан дастаны» аталған кешегі бір кезекті концертіміз естеріңізде шығар.
Қасиетті Москваға, Лениннің өз қасына барып өнер көрсету дәстүрі мұны да үлкен шежіреге енгізіп алды. Сол мәртебелі сахнада сайраушы бұл шақтың бұлбұлы өзіне дейінгі мұңдар заманының мұңлығын «ол менің апам еді дейтіні бар-ау!.. Осынау тетелес екі ұрпақтың аралығын қандай алшақтықпен теңесеңіз де баламы табылмайтын көрінеді (Көтеріле білген кісіге космос та бір-ақ сағат...)
Осы мақалада қырық жыл жасаған СССР-дің біздің ауылдағы ең бергі жылынан әрі қарай әлі шыға алмай отырмын. Және осынау соңғы жылдың аса сұңғақ бойына ұсынған қолым маңып барып, жете алмай жатқандай сезінемін. Ол заңды да шығар: ғасыр ішінен ғасыр басталған жыл ғой бұл. Ұлы Октябрьден бергі құс жолындай сайрап жатқан жарқын жолымыз, даңқты жылдарымыз былтыр ғана дүниеге келген коммунизм Программасын Отан ана құрсағында жетілдірді. Біз ол жылдарда ұлы симфонияның прологын жырлаппыз. Енді халықтың материалдық және рухани азығын одан бетер мол өндірудің дер шағында отырмыз. Еліміздің ендігі тұтыну қабілеті көп-көп өскендігін Сырдарияның өзі де сезіне бастағандай. Ол да бекерге лепірмей, барын байсалды жұмсауға бет алыпты... Мұндай құбылысты сезіне қалған сайын «дүлей табиғат дүйім жұрт талабының құлы» деп, мың мәртебе айтқаныңа жалықпайсың. Алып кемеге алыс сапар лайық деп орыс халқы дәл-ақ айтқан.
— Советтік Социалисттік республикалар Одағын дереу құрайық. Ол бізге қажет-ақ
Бұл цитата емес, жан сарайында жайлы сақталған Ленин сөзі.
СССР. Бұл атауды бірінші айтқан адам Ленин.Өйткені авторы да Ленин.
Елдік, теңдік, бауырластық, құлсыз, қожасыз құдіретті еңбек, бақыт ырыздығын тепе-тең бөліп тұтыну, тұтас тұлға болып, бар тамырға бір жүректей ортақ орталық жасау — жаңағы ұлы атаудың ішінде бәрі-бәрі түгел бар-ау осының!
Апат, қасірет дегеніңіз маңынан жүрмес алып тұлға, менмендігі және жоқ мемлекет — ақ тілеулі жан біткеннің арқа сүйеуі, ұстазы да болған ұлы держава! Сенің адресіңе де біреулер бірдеңе демек болады-ау... Бұған дейін де біздің керуен талай-талай үдере көшіп, бұралқы иттердің қанша бірі үріп-үріп қала берген. Соны ұмытқысы келгендерге сөз де шығын.
Ағаның астамшылығын да көрмей, тетелес емес-ау, тең өскен біздер өзгеден артығырақ білеміз бұл мемлекеттің қадірін.
Қазақта бұрынғы «қанды-көйлек» достар «өлмей ажыраспайық!» дейді екен. Жақсы-ақ айтылса да, осы нақыл бұл күндерде ескірді. Біздің өлсек те ажыраспаған өнегеміз бар: қара жердің қойнында құрбанымыз да құшақтасып бірге жатыр.
Біздерді «коммунизмнің құлдары» деушілерге жауап даяр. Біз оларға «Дүниеде коммунизм идеясына жанын бағыштаған адамнан артық, одан бақытты кім бар өзі — деп, тіке, тікесіне қараймыз. Туған күнінен бастап адамның жан-тәнін ірітіп-шірітіп бастайтын буржуазияның салдақы тәртібі садағам кетсін, демес пе едіңіз. Жемсауым толық күйде дүние салдым, армансызбын дейтін банкирдің өзі қарғыс арқалап өледі екен. Ал нағыз адам қарғалу, лағынат арқалап кету үшін тумаса керек еді
Қолымызбен қайтадан жаратып жатқан жеріміз — гүл бәйшешек десек, біз соның шырынын мұқият жинауға жаралған бал арасы боламыз. Ұлы идеялымыз — құнарлы жерге сепкен дән десек, біз соған нәр берер жердің мөлдір бұлақ, көктегі ылғал бу боламыз. Сөз басында айтылған осынау ылғал бу мен бал арасы сияқты, біздер үшін де ешқандай шекара болған емес. Отан жерінде омарта біреу-ақ біз үшін, дән-ырыздығы, дәм-сыбаға біреу-ақ
Бейбітшілік, еңбек, бостандық, теңдік, бауырластық пен бақыт — міне, бұлар құдай сыбағасы да емес, құл сыбағасы да емес, совет халықтарының сағат сайын алып отырған үлесі, социалистік: системаның ырыздығы. Ақ пейілді адам біткеннің бәрі алақан жайып, осы ырыздықты көктен күткенін қойды. Күрсінбей бұғау бұзып, күрескер жолына түскен қанша бір қара, сары нәсілдер СССР маршрутына маңдай түзеді.
Бұл заманда СССР мен Күн — егіз. Егер қазіргі қасиетті де, қатерлі тұста егіздің бірі жоқ болса, екіншісі бұл планетада сөзсіз сөнер еді.
1964 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі