— Көктем — қашан да көктем, ол дүние-тіршілікті көркейтеді, көбейтеді! — деп баяғы заманнан бері адам баласының бәрі айтып келеді Ол рас, әрине. Осыдан жиырма жыл бұрынғы сұрапыл соғыстың соңғы көктемінде жаралы ағаштың өзі де жапырақсыз қалған жоқ Окоптар үсті де әп-сәтте көгеріп шыға келген-ді. Ал сол «көктем көркейтеді, көбейтеді!» деген сөз қанша айтылса да, көнермейтіні қызық. Жылдағы көңілің өзінше құлпырып, шешек атады да, әлгі сөзін, жаңаша әрленіп, әлденіп жатады: бірін-бірі қайталаған көктем көрген емеспіз.
Дәл осы сәтте менің көзім көбіне терезеде. Бұл терезеден биыл осымен оныншы көктемнің көркіне қараймын. Өзгерістің жылдағысын жылда белгілеп қоямын. Басарық бойы бір жылдары кедір-бұдыр көгеріп, қасында қақ суы көлкіп жатушы еді, балалар сол суды кешіп ойнап, «кеме» жүздіретін-ді. Енді сол жер ойыншық кеме емес, жүз бала жүзетін төрт бұрышты, тамаша бассейн боп кеткен. Көшіп келген жылы Мұқан Төлебаев екеуміз барып әңгіме шертетін көк дөңес те бір жылы жоғалып, ол орынға атақты Абай проспекті жарқырап шыға келді.
Проспектің ортасы гүл-салаға айналды да, екі бетінде самсаған зәулім сарайлар сап түзеп болды. Бассейннен бергі барактар мен тоқал-тамдар орнына былтырғы жылы архив басқармасының алты қатар үйі салынып еді, қазір сол үй Құрманғазы көшесіне қарай тағы да созылып қалыпты. Оның шатырын, терезелерін де берідегі биік теректердің үстінен көріп отырмын, яғни, биылғы теректер жаңа Алматыны жарқыратып, төбесіне көтеріп тұрғандай көрінеді маған. Май мерекесінің сол жаңа үйдегі жағалаулары да әлгі бәйтеректердің басынан желбірегендей. Міне, бұл бір ғана терезе алдындағы көктем мен көктем айырмашылығын танытатын құбылыстар. Ал біздің байтақ Отанымызда осындай терезенің неше миллиард екенін кім санапты?!..
Бір терезенің алдын ғана емес-ау, бүкіл елімізді тұтас көріп отыруға да бәріміздің-ақ көзіміз үйренген. Ұлы Отанымыздың әр сәттегі тынысын тыңдап отыруға да дағдыланғанбыз. Қазақстанның қай жерлеріне жаңадан асбест, титан-магний комбинаттары, қай жеріне алюминий заводы орнығып бекіді. Әлі барар жеріне жетіп болмаған темір жол, асфальт жол, канал құрылыстарының қайсысы осы сағатта қанша белестен асты — бәрін көріп отырмыз. Бұған қарағанда, жаңалықты көру бізге жаңалық емес деп айтуға да болады. Бірақ, ересен өскелең өміріміз небір ғажайып шындықтарды алдымызға әкеп ақтара салғанда таңырқауымызды қоя алмайтынымыз тағы бар-ау!..
— Аспаннан арғы ғарышта кәдімгі нағыз адам — совет адамы жаяу, адымдап жүр, жүзіп жүр. Жердегілер оның дидарын көріп, сөзін де тыңдап отыр...
Кешегі марттың ғана хабары еді ғой осы. Осыдан аз күн бұрын өзге түгіл, өзіміз қайран қалған жай еді бұл. Ал қазір ше?.. Қазір әрбіріміз сол Алексей Леоновтың көзімен бүкіл жер шарын космостың үлкен терезесінен де көріп отырмыз, қара құрлық атанған Африканын көп жері көгеріп, көріктене бастаған, Латын Америкасында да бұлттың жыртылған жерлері бар. Әттең, сонымен бірге әлі де туырылып тұрған қара бұлт қанша десеңші!.. Мұхит үстінің мұнарту себебі де содан ғой. Бірақ бұлттың күнді көзден жасыра алмайтыны сияқты, жерді де өне бойы бүркеп тұра алмайтыны бәрімізге аян. Алыс космостан тып-тыныш көрінген аралдардың көбі-ақ — бұлт астында бұлқан!..
Беляев пен Леонов жарты мың километр биіктен жерге қарағанда, солардың көзіне түскен бір ғаламат — Сайгон үстіндегі нажағай еді-ау... Жеті секунд ішінде он бес дүркін жарқ еткен әлгі нажағай — сол тұсқа да адамзат көктемінің ақ жаңбырын төккізгелі тұрған құдіреттің күштің дүмпуі Американ империалистерінің қара құзғындай қалбаңдаған бомбашыларына Вьетнам халқының дәл тигізген оғы еді ғой ол.
Космостан, көрші планеталардан өмір пайдасын іздестіруді мақсат қып, адам қиялы алысқа шырқап жатқан шақта Джонсон жендеттері жердегі өзіміздің төл көктемге төбеден бомба тастап, тіпті улы газ шашып, ядролық ракета жұмсап жүр.Бірінші май, міне, тап осындайларға о бастан-ақ қарсы жаралған.
— Осы көктем янкидің ол тараптан кетуіне кепіл болсын! Бүгінгі бүкіл әлем талабы, әрбіріміздің өміріміз осы. Американдық азаматтар да осы талаппен ақ үйдің іргесін солқылдатып, есігіне ереуілмен барып тұр.
...Біз жаңағы космос терезесінен әлі қарап отырмыз. Көз алдымызда — Бірінші Майға қараған түнгі жер шары. Шығыс Еуропадан Тынық мұхитқа дейін біртұтас қызыл-жасыл жұлдыздар шоқ-шоғымен гүл болып көкке атылады. Бостандық аралының үсті де сондай жалынды гүлмен жарқырап көрінеді.
— Салют!
— Тағы да, тағы да, тағы да салют!
Иә, социализм лагерінің салюты мұхиттан молырақ! Өзге тараптағы тұңғиық түнекке де шапағын шашыратып жатқан сол туыстар салютінің таңы.
Олар осы салютпен соғыстан соңғы жиырма көктемді мұңсыз, олжалы өткеріп, енді алдағы көктемдердің жемісін бірлесіп бітік өсіруге серт, сенім берісе бастады. Совет-поляк халықтарының кешегі Договоры кепіл соған. Туыстар пейілінің тұтастығын, жан-жарастығын, ортақ мақсатын қадір тұтқан қаншама ойшыл қайраткерлер көптеген Компартиялар атынан жуырда ғана келелі кеңес құрды. Ол кеңес сонау орта шендегі зор, аса жарқын жанған аға жұлдыздың түбінде өтті. Совет — Вьетнам, Совет — Монғол мазмұндамаларына да сол жұлдыздың түбінде қол қойылды.
Сол, сонау зор, аса жарқын жанған аға жұлдыз — Москва. Осы ғасырдың отты жаршысы ол! Москва март айында елдің ең бір үлкен ұранын тағы да көтерді. КПСС Орталық Комитетінің март Пленумы біздің биылғы көктемді барлық мағынасында бастап келді. Байтақ Отан жеріндегі әр топырақтың өз дақылын, өсімдігін, төлін құнарымен табыстырған, еңбекке адам ықыласын арттырған, қауым-қауым шаруалар шабытын өрлеткен тамаша форум болды бұл. Өткен шақтың өкінішін де аса бірлікпен талдап көрсетті
Март Пленумы — шын мағынасында, биылғы көктеміміздің авторы. Көктемде шалқыған көңіл күйімізд!н төтелей төркіні— сол! Енді басқаны қойып, осыған орай сырласайық!
Орал облысындағы «Березовский» совхозының шопаны, облыстық coветтің өткен марттағы сайлауында халық қалаулысы болған Шәмші Тәбішев біздің бір тілшіге:
— Әттең-ай, осы маусымдағы әр тәулікте қырық сағат болса ғой!.. Көктем жұмысының көлемі мезгілінен көбірек боп тұр! — деген екен. өте терең айтылған сыр. Мұны, шынында да, қырық сағаттың қызметі бар, жауапкершілікті жан түкпірінен өндірген адам ғана айта алады. Сол Шәмші қысты ығыстырып, оның есебінен көктемге мезгіл, яғни орын алып берген: қойды қыста төлдету дегеннің мағынасын өз басым осылай ұғамын. Бұл жолдас биылғы көктемде әрбір жүз саулыққа жүз жиырма төрт қозы емес, қой қосып шығарып отыр. Қайталап айтайық, асылы, адам жанына өзгенің бұйрығынан гөрі өз жүрегінің әмірі ықпалдырақ. Бұл күнде әркім-ақ жыр толғағы қысқанда шырт ұйқыдан оянар ақын сипатты.
Іріленген шопандар бригадасы да әзірше балаң көктемде көрінген төлдей. Ал оның болашағы асқар таудай зор. Қауым-ортадан бір сәт оқшау қалмай, төңірек қамқорлығын сағат сайын сезіне, өз ықпалыңды жолдасына да тигізе жүргенге не жетсін! Ондай бригадаларға әркім-ақ қаланып-өтініп барады да, бүгінгі ортақ ойланып, алдағыны бірлесіп арман етуден соны жақындата түсейік деуден жалықпайды.
Биыл Қазақстанның бидайымен бірге күріші, тарысы мен сұлысы да бөгде дақылға өз орнын босатпақ емес. Әр дақыл — өз топырағының аруы. Бұл шындықты да бір ауыздан қолдап, ұран көтеріп отырғандар сол дала бапкерлерінің өздері. «Даланың бабы да баланың бабындай!» дейді олар. Бұл да ынта-жігерден, творчестволық толғаныстан туатын ой.
Ынта!.. Түптеп келгенде колхоз бен совхозды ынталандыру дегеніміз сол жеке адамды, яғни шопан, зоотехник, механизатор, агроном Шәмшілердің өз ықыласын өсіру, солардың еңбегін қымбаттырақ бағалау боп шығады. Олар еңбек пен табыс — егіз екенін біледі. Адамды еңбек пен табыс екеулеп тәрбиелейтіні де әмбеге аян. Біздің қоғамның мүшелері «көп беріп, аз ал» дегенді өз жүрегінен өндірмесе, өзгенің аузынан қиын жылдарда да естіген емес.
Міне, енді табыстың көктемгі селдей шалқып, таситын шағы туды. Табыс пен табыс салығын қайта қарау шараларында осындай тамаша сыр бар ғой, жыр бар ғой. Еңселі, кең мектеп үйі, балалар бақшасы мен клуб, әдемі пәтерлер, ыстық, таза моншалар мен мәуелі бақтар егінші-малшы қоныстарына ересен мол баратын болды. Бірінші Май — батыр Май табиғатына тән алып қозғалыс, міне, осылай болса керек!
КПСС Орталық Комитетінің былтырғы Ұлы Октябрь мерекесінен аз күн бұрын өткен октябрь Пленумы биылғы Май қарсаңындағы март Пленумын тамаша даярлап еді. Ал, март Пленумы Май даласының өмірін барлық жағынан өте бір көркем де, қуатты көктем етіп даярлады. Бұл іске ауылдың шаруалары ғана емес, жұмысшы мен интеллигенция да жұмыла қол қойды. Пионер баланың да, пенсионер ағаның да назар-ықыласы дала дабылына ауған шақ.
Иә!.. Май маужырап, өзінің барлық тамаша бояуымен даламызға. Тіпті сонау қарлы шыңға қарай да өрмелеп шығып кетті. Қаланың көше-алаңдарын, сквер бақтарын әдемі киіндірді, тереземіздің, алдын көркейтіп, бөлмемізге де жапырағын әкеп жайып салды. Сол сияқты көңілімізге де тағы бір тамаша көктем орнатты ол. Адамның іші-сыртын бірдей жадырататын осы ленинизм көктеміне, коммунизм көктеміне қанша қарасаң да көз тоймайды, жұпарын жұта бергің келеді. Оның қайталанбас көркіне қайран қаласың да отырасың! Оның жер бетіне жайыла түскенін жаныңмен тілейсің! Өйткені, бұл көктем қызғалдақ маусымындай қысқа емес, мәңгі жасайтын, мәңгі жасара беретін көктем ғой.
— Ал, кәне достар! Мәңгі көктемнің жұпарын жұта берейік! Бірінші Май көшесімен биік мақсатқа қарай алшақ адымдап, оның туын жоғарырақ көтерейік! Оның асқақ жырын бәріміз қосылып аспанға шығарайық! Міне, дәуір үні, замана сөзі осындай.
1965 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі