Осынау бір озық дәуірде беделі аса жоғары, мерейі мейлінше үстем болған Ұлы Октябрь Отанында мерекелі күндер көп. Әйелдер мен балалардың, әскери адамдардың, көмірші, мұнайшы мен теміржолшының балықшы мен мұғалімнің, милицияның, баспасөз бен радионың — бәрінің де арнайы, салтанатты календарьі бар. Әрбір ұлт республикасының туын, гербін көтеріп, гимнін ойнатып, жаһанға азаттық атынан жар салатын күндеріміз және бар. Бұл айтылған торқалы тойлардың күллісінен совет адамдарының бірде-бірі тысқары қалмайды, күллісін бүкіл халықтың сайран-сауығына, салтанатына айналдырамыз. Өйткені әлгі күндердің әр бірі, түптеп келгенде, азат адам мен еркін еңбектің мерекесі көптің бақытын көздің қарашығындай қорғаудың салтанаты, достық пен туысқандықтың демонстрациясы. Ендеше, мұның өзі ерекше елдігіміздің негізгі заңынан туған шындық. Ал, біз ерекше елдігіміздің негізгі заңы деп Совет Конституциясын айтамыз.
Календардың алтынмен апталған бүгінгі беті әлгі салтанаттардың әзіз анасы — Совет Конституциясының өзіне бағышталған. Бұл — біздер үшін ерекше арайлы, аса шырайлы күн. Мұны әрбіріміз-ақ бақытымыздың туған күні деп атаймыз. Әр жылдың осынау бесінші декабрьіне жақындаған сайын кісі өзінше бір ой толғағына бергізеді, жеке патриоттың ic-қимылында, тұтас қоғам қозғалысында байқалатын түрліше жай-күйге әркім-ак, өз тарапынан өлшем-меғдар жасайды. Соған сәйкес өз ісі мен сырын да сынақтан еткізеді. Өз басым, көбінше, біздің Конституциядағы қасиетті қағидалардың ортақ бір табиғатына жыл сайын ой жүгіртіп, соның төңірегінде қызыға қиялдаймын. Ол — өсу есебінен өзгеру заңы. Жоғарғы советтің сессияларында негізгі Заңның қай статьясы өмір мен өз арасында қандай қозғалыстар жасайды? Мен осыған үңілу арқылы, өз міндетін атқарып болған шараларды, оның, орнына тура қалған келелі мақсаттарды қызыға бақылаймын. Өсу есебінен өзгеру заңы деп отырғаным осы. Күн сәулетті Конституциямыздың құдіретті күні де осында. Ол өзінің ұлылығын бір орнынан ғана паш өтетін тау емес. Ол үнемі қозғалады да, өмір үнемі қозғалтады.
Бұл тұрғыдан алғанда, алпыс бесінші жыл көп өзгерістердің куәсі болды. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің пайдасына, әрбір жұмысшы мен шаруалар пайдасына көптеген заңдар шығып, қарарлар бекіді. Халық дәулетін басқару принципі көп салада қайта құрылды. Демек негізгі Заңның талай статьясы тағы да бір тамаша, жаңаша сөйлеп жіберді.
Біздің Конституцияда Коммунистік партияның басшылық рөлі де, оның халықтық өкіметпен біте қайнаған бірлігі де аса зор мақтаныш пафосында жарқын әріптермен жазылып еді. Ленин партиясының о баста-ақ қасиеттеп көтерген ұлы ұраны — жұмысшылар мен шаруалар одағы орақ пен балға бейнесінде мемлекет гербі боп құпталып еді. Содан бері партия мен өкімет ел өмірінің егіз соққан жүрегі боп, жеңістен-жеңіске, биіктен-биікке, соқпақсыз-ақ соныға бастап келеді. Совет Конституциясы мен совет коммунистерінің ұлы Программасы — біз баратын бірақ бағыттың компасы ғой! КПСС Орталық Комитетінің осы жылғы март, сентябрь Пленумдары жасаған шешімдер мен Жоғарғы Совет сессиялары шығарған заңдар тағы да сол ежелгі бірліктің дәл шыққан дәлелі болды. Бұл екі Пленум экономикамыздың екі арнасын бұрынғыдан бетер кеңейтіп қана қойған жоқ, көкейде жүрген көп армандарымыздың үстінен түсіп, басқару жүйесіндегі бағзы бір жөнсіз айғайдың аптығын басты, адамның ынта мен санасына салиқалы кеңес қосты. Әр азамат өз тарапынан кең ойланып, өнімді іс қылудың қажеттігін, Конституциядағы еркін-дарқан праволарын коммунизм пайдасына батыл, жомарт жұмсау қажеттігін жыл ішіндегі жиындарда, баспасөз бен эфирде барынша байсалды айтты.
Право туралы айтып қалдық-ау... Иә, право. Бұл сөздің де қуатты, қуатсыз шақтары тарихқа аян. Бұл сөздің қазір де әр елде әрқилы әл-қуаты бар.
...Қанауға праволы... Қаналуға праволы... Жала жауып та нан табуға праволы... Зорлықпен де, ұрлықпен де күн көруге праволы... Тәнін сатуға да праволы... Баласын жөргегімен қараңғы көшеге қалдырып кетуге де праволы... Ища!.. Неткен мерез жайлаған мезгіл еді, сол өзі?!.. Сол бір алжыған алапес, сайқал мезгіл біздің тума топырағымыздан әлдеқашан жоғалса да, әлі күнге шекті «менің, планетамды мекендеп отыр-ау» деген ой басына келгенде, ызаң ыршып көзіне бір-ақ шығатыны бар-ау!..
Буржуазия да «де-мо-кра-тия!» деп аузын көреді. Оның да өзінше конституциясы бар. Бірақ, ол — жансыз, салқын, сары тап болған жазу ғана. Онда жазылған праволардың қарапайым еңбекшіге ешқандай қатысы жоқ.
Бір кезде алаулап жалғыз туған жарық жұлдыз — Совет Конституциясы тола келе, топ жұлдыз болғанда «соның бірі — біздікі!» деп, қазақ кедейлері де жаһан алдында жалба тумағын көтере сөйлеп еді. Бұл күнде сол Бір топ жұлдыз кеп жұлдызға ұласып, социализм лaгepiнiң нұрлы шапағы көп елдің үстінен көлеңкені ысырып тастады. Қазақ енді қараңғыдан жарыққа бірінші шыққандар санатында әлемге өмір өнегесін ұсынып отыр. Жанағы жалба тұмақты бақыттың алғаш нұрымен жуылған бас киім ретінде тарих музейіне табыс еттік.
Бүкіл еліміздегідей, Қазақстанның қала, дала, ауыл-қыстақтарында да көп ұлтты туысқан тұрғындар өмір тұтқасын ұстауға Бір жеңнен шыққан қолдай. Сол Бір сом білектер баяғы бесжылдықтар тұсындағыдай, жеңістердің соңғы жетіжылдығын да күн астына күмбез етіп көтерді. Биыл — сол күмбездің қаланып бірер жылы. Бұл өзі шаруашылықтың, ғылым мен мәдениеттің тағы бір шалқып өскен, басқа республикалар сияқты, Қазақстанның да картасына ете көп өзгерістер енгізген кезең болды. Сонымен бірге салт-дәстүрімізге де сан-қилы жарқын жаңалықтар келді.
Жуырда газеттердің қолға бірінші іліккен біреуін алдым да, әдейілеп тұрып, жаңа ақуалдар жайлы сөз тіркестерін тердім. Бір жерде «Осынау облыстық газеттің ішкі бір бетін қоғамдық ред-коллегия даярлайды. Ол бетон авторлары — депутаттар» десе, тағы бір мақалада «Баспасөз бен хат таратушы балалар тобы — үлкен қолғабыс» делінген. «Халықтық бақылау», «Шопан күні», «Өндірістегі қоғамдық көмектесу тобы», «Насихатшылар заводпен танысты», «Балалардың көшедегі тәртібін бақылайтын милиция бөлiмшeciндe жасөспірім дзержинскийшілер кезектесіп қызмет көрсетеді», тағы, тағы осындай көптеген жарқын жазбалар көз алдымнан табыла берді. Міне, өз правоңды коммунизм пайдасына жұмсаудың түрлері деген нақ осылай болып келеді. Бұларды оқығанда жаның жадырап, кереметтей бір кең тыныстап қаласың.
Ел аралап, ауық-ауық жүріп тұруды өзіне парыз көретін журналистер мен жазушылар біраз уақыт үйінде отырып қалар болса, қоңылтақсып, тіпті құлази бастайды. Осының өзі де жайдан-жай емес: олардың шабытын шындық шақырып үйреткен. Бір топ ақын-жазушы жуырда Гурьев облысында болдық. Ортамызда жасы алпысқа жаңа толған Әбу Сәрсенбаев жүрді. Сол кісінің зал толы жұрт алдында айтқан мынадай бір сөзі бар:
— Бізде біреуді заңсыз мадақтау — масқарамен тең. Маған айтқан жылы сөздеріңізді мен заманымыздың заңына бағыштаймын. Жүрегімді жүдетпеген соңын елі. Онсыз менің тілім титтей, құным құрттай. Нан-тұз куә, үйде біраз отырсам, үнім жөнді шықпай қалады.
Өте дәл айтылған сөз.
Әбуге пионерлер тобы тағы бір жерде:
— Азаматтығың арқасында ғана ақынсың! — деп еді бұл сөз әлгі лебізге өзінен-өзі тұп-тура жауап болды да шықты.
Иә... Совет азаматы өзінің Конституциядағы праволарын жатқа біледі деу аз. Оның праволары қан тамырын аралап отырып, сағат сайын жүрегіне жүз рет құйылады.
Бірер сөз үндеу жайлы. Заңымызда әркім-ақ үндеуге праволы. Жеке адам сияқты, тұтас коллектив те ұйымдасып үндеуге праволы. Мысалға жүгінейік. Солтүстік Қазақстан диханшылары мен Лениногор кеншілері осы тұста, Коммунистік партияның XXIII съезі қарсаңында мінсіз еңбек етейік деп, жалпыға жар шашып отыр. Бұлар өздері даусыз алдынғы сапта болғандықтан, яғни үндеуі заңды, үлгісі даяр болғандықтан сөйтіп отыр. Ал, заңды дүбірге қашан да делебең қозбай, қосылмай отыра алмайсың.
Көрдіңіз бе, елімізде елеулі қимылдың бәрі де заңды праволарымен келеді де, қоршаған ортаға қозғау салады.
Алдымызда партияның әлгі айтылған тағы да бір тарихи съезі таяу. Ол алда тұрған асқар таудай міндеттерді аса көрегендікпен белгілейді. Азамат соған ең алдымен еңбек жемісін тарту етіп барып, сол арқылы келелі парызын өтеуге өзін-өзі даярлауы шарт. Күн сәулетті Конституциямызды дүниеге келтірген осынау ұлы күннің салтанатына орай, дос-туыстарға өзіне бақыт, ісіне сәт тілейміз.
1965 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі