Ислам діні қазақ жеріне келгелі бері дініміздің өрісі кеңейіп, келер ұрпаққа үлгі-өнеге беретін құнды дүниелеріміздің мән-мағынасы ашылып, дін арқылы көкірек көкжиегіне түзіліп, бір арнаға түсіп, өз жолымен жалғасуда. Сол арнада сопылық жергілікті халықтың дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұмыс-тіршілік ерекшелігін өзіне сіңіріп, мұсылмандыққа сай негізде қайта жаңғырды. Түркі әлеміне танымал тұлға Қожа Ахмет Ясауидің есімі әзірет сұлтан, ул-арифин, сұлтан ул-әулия т.б. құрметпен аталатыны белгілі. Бұл есімдерден тұлғаның қаншалықты сый-құрметке лайық екенін көреміз. Жалпы қазақ жеріне сопылық келгелі бері Қожа Ахмет Ясауидің қалдырған жазба мұралары «Диуани хикмет», «Пақырнама», «Миратул қулуб» т.б. сияқты еңбектерінің мазмұнына терең бойлай алмаймыз, себебі белгілі дәрежелерде адами болмысымызды қалыптастырып, ішкі жай-күйімізді толықтырып, тыныштандыруымыз керек болып табылады. Сопылық жолының ерекшеліктері – қоғамдық қатынастардың белгілі бір ахуалында ислам догмаларының жерсінуіне мүмкіндік беретін рухани бейімделгіштігі. Міне осы сияқты сопылықтың оң ниетінің арқасында ислам дінін қабылдаған қазақтар құран ережелерінің негізінде де, исламға дейінгі дәстүрлі ырым-жораға да табиғи түрде және бір мезгілде мінәжат ете алатын болған. Осылайша қазақтар өздері үшін жаңа ислам дінін қабылдағанымен, өз бабалары – түркінің көшпелі тайпаларының рухани мұрасынан да көз жазған жоқ.
Қожа Ахмет Йасауи бүкіл өмірін, бар күшін туысқан халықтарды біріктіруге сан алуан діни ағымдар аясында рухани бірлік құруға арнады. Қожа Ахмет Йасауи дін қайраткері ғана емес, тамаша ақын, философ болған. Ол айнала сындағы шындықтың барлық аспектілерін мұқият байқады. Оны бәрі аландатты: дүние тіршілігі де, билеушілердің де тағдыры да, халықтың өз тағдыры да. Ең дана адам бола отырып, ол өмірді оның барлық көріністерімен түсінді: сыртқы - ойшыл ретінде де, ішкі - табиғаттың жоғары рухымен байланысы бар рухани адам ретінде.
Қожа Ахмет Йасауи халықты басқа сенімдегі адамдарға төзімділікке шақырды:
Алдыңда бір опасыз болса, оны ренжітпе.
Қатыгез жүректен, ренжіген жаннан Жаратқан ием бұрылады.
Аллаһым, рас! Ондай құл тозаққа жазылады!-деген. [1, 77б,].
Қожа Ахмет Ясауидің өз деңгейінде сараланып, насихатталмаған шығармаларының бірі – « Пақырнама» еңбегі. Бұл шығарманың мазмұны «Диуани хикметтің» рет ретімен, тәртібімен, жүйесімен «нәср», яғни проза түрінде қара сөзбен ықшамдалып жазылған үлгісі ретінде қарастырылған. Пақырнама пақыр және нама деген екі сөзден құралған. Бұл сөздер шығыс тілдерінің сөздеріне ұқсас. «Пақыр» деген араб тілінде (фақура) кедей болу, кедейлену, мұқтаж болу етістігінен (фақрун) кедейлік, мұқтаждық ұғымдағы есім сөз. Ал екінші сыңарындағы «нама» парсы тілінің (наме) хат, хабар, деген мағынадағы сөз болып табылады. Бұл тіркес тасаууф мәдениеті мен әдебиетінде астарлы түрде дәруіштік, сопылық, тақыуалық, Алла тағалаға мұқтаж екендігін терең түйсіну тәрізді мағыналарда қолданылады. Демек, дәруіштік, сопылық тақуалық пақырлықтың басты сипаты.
«Орта Азия тасаууф әдебиетінде әзіреті Мұхаммед пайғамбарға телінетін «әл-Фақру фаһри» яғни «пақырлығым (тақуалығым) - мақтанышым» сөзі сопылықтағы осы ұстанымның іргетасы болып қаланып, сопылардың өмір сүру салтын айқындаған терең қағидаға айналды» деген пікір жоғарыдағы айтылғандарды растай түседі.[2, 17б,].
Пақырлық жолға түскен жолаушы барлық нәрсені тәрк етулерінің себебі мынада:
1. Ақіретте берілетін есепті жеңілдету, жаза немесе азаптан қорқу.
2. Барынша коп сауапка кенелуге тырысу.
3. Тағатын арттыру және тағаттан көңіл тыныштығын табу, жүректі бірлеу және мағынаға талпынуға деген калау. Пақырлыққа қатысты әртүрлі сипаттамалар берілген. Пақырлық екі түрлі: Факр-ы сури: Кісінің малы мен мүлкінің болмауы, факр-ы мағнауи: Kiciнің өзін толықтай Хаққа мұқтажбын деп санауы, байлық пен кедейлікті тең тұтуы, бар болса тәкаппарланбай, жоқ болса ренжимей тіршілік кешуі.
Пақырлық пен нәпсі тәрбиесі бір-бірімен өте тығыз байланыста өрбіген. Адам нәпсінің жаман, лас қылықтарынан, арзу мен қалауларынан арылған сайын пақырлыққа деген құштарлығы да арта түседі. Бұл үшін, алдымен, нәпсінің танымын айқындап алу қажетті.
Нәпсінің жеті дәрежесі:
Тәубе - нәфс-и хайуани (нәфс-и аммара) (әмір етуші нәпсі)
Уәра - нәфс-и ләууәма (сөгуші, айыптаушы нәпсі)
Зухд - нәфс-и мүлһимә (шабыт беруші нәпсі)
Факр - нәфс-и мүтмәиннә (қанағат тапқан нәпсі)
Сабыр - нәфс-и разия (Құлдың Құдайға разы болған нәпсісі)
Тәуекел - нәфс-и мәрзия (Құдайдың құлға разы болған нәпсісі)
Рыза - нәфс-и сафия немесе нәфс-и кәмилә (Кемел адамның саф нәпсісі). Сонымен қатар, сопылар өздерінің әлемінде идеал адамды білдіретін инсан-ы камилді мынадай психологиялық қасиеттерімен еске алады:
1. Қорқыныш, қомағайлық пен жыныстық/агрессивті импульстерден құтылу;
2. Дилеммадан құтылу;
3. Дүнияуи және шартталған «Меннен» құтылу;
4. Бүкіл нәпсінің тұтасуы;
5. Адам дамуының жеті сатысын да бастан өткеру;
6. Тығыз сезімдік және рухани хәлдердің өтуі: үміт, үрей, қуаныш, шабыт, қауіпсіздік, нақтылық.
7. Өмірмен қабысу және осы шақпен тұтасып кету;
8. Өткен шақ пен келер шақтан құтылу;
9. Адамның табиғаттың экологиялық тәртібі мен өмірдің көрінбейтін ритмімен байланысын ашуы;
10. Шынайы махаббат сезімін бастан кешіру;
11. Экзистенциялық біртұтастық (фәна және бәқа).
Осы қасиеттерімен инсан-ы камил адамзатты жақсыға жетелейтін, оның көкірегіне үміт шуағын себелейтін идеал болып қалады. Насафи «Инсан-ы Камил» атты шығармасында кемел адамды төрт қасиетімен сипаттайды: «Біл кемел адам мына төрт нәрсені толық жасайтын адам: жақсы сөз, жақсы әрекет, жақсы ахлақ және даналық». Идеал мәнінде кемел адам дәрежесіне қол жеткізу қиын мақсат сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл мақсаттың өзі де батылдық, үміт пен дамудың қайнаркөзі ретінде адамға мотив беретін қасиетке ие. Бұл жолда пақырлық та адамның айнымас серігіне айналады. [2, 29 б,].
Қорытындылай келе, бұл пақырнамадағы келтірілген әр өсиет тәрбие етуші Құдайдың кәламы, Нәби ғаләйһис-сәламның хадисінен, үмметтің ижмасынан келтірілген. Бұл рисалаға, өсиеттерге амал қылып табанды болса, ол дүние-ақыреттің дәулетіне қол жеткізеді. Мәңгі тірі болулықты табады. Ал егер амал қылмаса, ақыр демінде барар орны тозақ екенін көріп, ақыретіне шәрменде болғай. Әр дәруіш бұл төрт мақамды білмесе, амал қылмаса, оның шайх болмағы шайтаннан дүр. Бірінші малакут мақамы, екінші лаһут мақамы, үшінші насут мақамы, төртінші жабарут мақамы. Жабарут – шариғат мақамы, малакут - тариқат мақамы, лаһут - мағрифат мақамы, насут - хақиқат мақамы дүр – деп қалдырған екен. [3,87б,].
Сонымен қатар, Пақырнама еңбегіндегі сопылық ілімі жайында алған мәліметтерінің ішінен мынадай ойлар түйінделді: сопылық жолының негізі, ислам шариғат талаптарына сүйене отырып, дүние ысырабынан бас тарту арқылы өткінші өмірдің пайдасыз қызықтарынан көңілін тиып, хаққа бет бұрып оған ғибат етушілердің бірі болуға бел байлау. Қорытындылай келгенде сопылық – бұл дүниеден безу емес, бұл дүние қызығына алаңдамау.
Какибаева М.Т. «Дінтану» мамандығының 4 курс студенті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми-жетекшісі: Борбасова Қ.М. филос.ғ.д, профессор Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі