Академик Сейіт Қасқабасовтың «Абай және фольклор» және ақын Ұлықбек Есдәулетовтың «Киіз кітабы» негізінде
«Күллі адамзат мәдениетіне, әлемдік әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан, абайтану ғылымының негізін салған, ұлтымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезов өзінің Абай туралы монографиясында «дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз.
Мұның біріншісі — қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры, ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті», — деп жазған еді.
Мұқаңның осы ойы, өкінішке орай, қазақ әдебиеті туралы ғылымда, абайтануда арнайы зерттелмей қалды, жан-жақты қарастырылмады, әрі қарай жалғасын таппады» деп жазады академик Сейіт Қасқабасов өзінің «Абай және фольклор» атты кітабында. Бұдан соң академик-ғалым, мысалы ретінде Абай поэмаларын алып, олардың сюжеттік түп-төркінін, негізін айқындау ісі Мұқаң кезінен алға жылжымағандығын алға тартады. Шынында да қазіргі шақта Абайдың халық мәдениетіне, философиясына, этнографиясына, оның ұлттық фольклорымыз бен Шығыс сюжеттерін пайдалануы жайында зерттеу мүмкіндігі туып отырғаны анық. Осы орайда ұлттық фольклорымыз бен Шығыс мақалаларын өз поэзиясында барынша, толыққанды пайдаланып, оны одан әрі дамытып жүрген ақындарымыздың бірігейі — Ұлықбек Есдәулетов. Бұған куә Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына лайық саналған «Киіз кітабы» (2000 ж.).
Бұл кітапқа алғысөз жазған Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «Ұлықбек сөздерін жер жаралып, су аққалы бардай соншама етене естіледі. Мына дүние тұрғанша тұратындай өміршең де өршіл ұғылады», — деп жазды. Оның сыры неде? Оның сыры — Ұлықбек ақын поэзиясының жеті қат жер астына еніп кеткен терең тамырдан тартады. Ол тамыр ең әуелі — ұлттық фольклорымыз болса, екіншісі — Шығыс мақамдарының сазы. Академик-ғалым: «Абай тек ұлт фольклорын емес, күллі әлем, әсіресе, Шығыс халықтары фольклоры мен классикалық әдебиетін де игерген, әрі шығармашылығына пайдаланған», — дейді. Ақын Ұлықбек Есдәулетов Абай дәстүрін бойға сіңіріп, қазақ фольклорына жан-дүниесімен шомылып, шығыс халықтары фольклоры мен классикалық әдебиетін де игеруге ұмтылады. «Киіз кітап» атануы да содан. Әбіш Кекілбаевтың алғысөзінде бір өлеңді толық келтіріп, «ет жүректің ең елгезек лүпілімен үндес естілетіндігін» алға тартады:
«Қазақиям — азат ұям,
қоңыр жұртым, ұлы елім,
қаңқылдаған қаз атынан,
сөз саптаған сүлейім;
— қанға — қан! — деп,
— жанға — жан! — деп,
Атам қазақ үйреткен,
өтті ғасыр сандаған көп,
ақ сойылын сүйреткен;
шыңбысың сен — Хан-Тәңірім,
әлде Бетпақ — шөлмісің?
қаңсыса да қан тамырың,
қыңқ етпеймін көмбісім;
тасыдың да жуасыдың,
түпсіз арман толсашы,
дүниенің күнәсінің
жуылатын моншасы;
аялаған азаттығын,
бұлбұл ұшса басыңнан,
кімге керек қазақтығың,
мақтан еткен жасымнан?
Төбеңдегі айды мына
тұмарымдай көремін,
қапалы да, қайғылы да
қызыр елім, өр елім;
топырақтың табын сездім,
жүгірдің де жығылдың,
Отан деген назым сөздің,
Мәнін сенен ұғындым;
Аспандай кең атамекен,
Иі қанбай көн дала,
сені сүю қате ме екен?
Сүйіп өтем сонда да!»
Бұл өлеңді: «Имандай ұйытар мінәжат сөзіндей, кәлима қып қайтарар дұғалық сөзіндей» деп бағалайды. Шын мәнінде бұл үлкен баға.
Академик С.Қасқабасов: «Абай бүкіл қазақ фольклорын, өзіне дейінгі ақын-жыраулар поэзиясын толық меңгерген, қорытқан, сөйтіп қазақ әдебиетін жаңа сапаға көтерген, сондықтан оны бір ақынға ғана теліп қою жөн емес. Бұл — мәселенің бір ғана жағы», — деп жазды да: «Абай тек ұлт фольклорын ғана емес, күллі әлем, әсіресе шығыс халықтары фольклоры мен классикалық әдебиетін де игерген, әрі оны өз шығармашылығына пайдаланған», — деген тұжырымға тірейді.
Қазіргі қазақ ақындары көзі ашық, жанарында — әлем әдебиеті, жүрегінде — Шығыс пен Батыс ұлылары ұялаған ерекше ұрпақ. Сондықтан да олар құлашын кеңге сермеп, ұлттық әдебиетіміздің аясында қалмай, қашан да дамыта отырып, өзге елдің де әдеби нақыштарын өз ұлтының әдебиетіндей игергені анық. Ұлықбек ақын «Едіге тауы» өлеңінде Доспамбет жыраудың: «...Сақ етер тиді саныма, Сақсырым толды қаныма...» деген жолдарды эпиграф етіп, жыр басын:
Найзағаймен тілгіленген тастарың,
Жұлдыздармен шегеленген аспаның,
О, Ұлытау,
Ұлар үнді дастаным,
Маған қабақ ашпадың.
Жартастардың жарақатты жүректей,
Зымыраған ғасырлар-ай
қас-қағым!
...Тамған қаннан тас өртеніп барады!
Таңатұғын кім бар мынау жараңды?
Талқан болды тоғыз көзді кіреуке,
Тарс айрылып дүниенің талағы,
Қарс жабылды қаралы аспан қабағы» деп қайырып:
«...Шүу, жануар,
Қу жаны бар иеңнің,
Мен үзілсем үзеңгіңді сүйер кім?
Сөзі емес бұл көзге шыққан сүйелдің,
Мен сертім мен сар сүңгіме сүйендім.
Күнім туса —
Ескі кегім оянып,
Керіскедей көк көбені киермін,
Тексіз жауға темірендей» тиермін» —
деп Доспамбет жырларындай төгіледі. Бұл сезімдер ағымы, академик С.Қасқабасов жазған Абайдың фольклорға, ауыз әдебиетіне қатынасы бірнеше тараптан байқалатыны, атап айтқанда, біріншісі — қазақтың төл халықтық поэмасының бүкіл поэтикасымен сюжеттік элементтерін асқан шеберлікпен пайдалануы, екіншісі — қазақтың басқа елдің де фольклорлық сюжетін өз шығармаларына арқау етуі, үшіншісі — қазақ халқының кейбір мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінің мән-мағынасын ашу деп түйіндесе, Ұлықбек поэзиясында осы қазына-байлықтар толығымен ұшырасады:
«Еңлікгүлдер
Едігені емдесін,
Саралжындар
Сәйгүлікті жемдесін,
Сөнгім келмес
Сарайшықтың сыртында,
Сарыазбанға
Сүйегімді теңдесін,
Ұлар құстың
Ұясында өлейін,
Ұлытаудың
Ұшпасына жерлесін.
Мен жатайын бұлт қонақтап төсіме,
Өр кеудеме шығармайын өңгесін!» —
дейді ақын. Бұл орайда, өлеңді оқып отырып, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының төгіліп айтқан «Ұлықбек сөздері жер жаралып, су аққалы бардай соншама етене естіледі. Мына дүние тұрғанша тұратындай өміршең де өршіл ұғылады» деп зиялы ауыздың еріксіз айтуына себеп — Ұлықбек жырлары. Бұдан артық үлкен баға болуы да мүмкін еместей. «Мына дүние тұрғанша тұратындай...». Бір қарағанда артық айтқандай көрінгенмен, айтылып қалған, енді қайтып алуға келмейтін сөз. Ұлағатты баға.
«Сахарада
Сербет ішіп сағымнан,
Сарсадақтан сая таппай сабылман,
Сауырлы атты бұтқа тартып мінбен-ді,
Сарапшаңды сұлуларды
Сағынбан,
Бұғалықсыз буырлыштан асау ем,
Қапияда қирады ғой қабырғам.
Аса кәпір,
Кісәпір жау күрік бас,
Қанжығасы қанға қалай құнықпас?
Қарша борар қасиетсіз дұшпанға,
Қабірімнен тас-талқан боп құлыптас.
Ұрпақтарым ұмытса егер ұмытсын,
Қаным тамған Ұлытауым ұмытпас!».
Бұл сөз «...Шүу, жануар, қу жаны бар иеңнің, Мен үзілсем үзеңгіңді сүйер кім?» деп ақырғы сөзін айтқандай, «Қарша борар қасиетсіз дұшпанға, Қабірімнен тас-талқан боп құлыптас» деп алып, «Ұрпақтарым ұмытпаса егер ұмытсын, Қаным тамған Ұлытауым ұмытпас!» деп шегелеп айтуы, «Қазақтың төл халықтық поэзиясының поэтикасын асқан шеберлікпен пайдалануы» деген пікірге сай келері сөзсіз.
«Міне, осындай молынан меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындыларында, бүкіл шығармашылығында көрініс таппай қалған жоқ. Осы тұста бірінші кезекте айтылатын нәрсе — халық тілі, оның лексикалық байлығы, алуан түрлі идиомалық тіркестер, бір қалыпқа түскен, дәстүрге айналған формулалар мен нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, афоризмдер. Бұл әсіресе, ақынның алғашқы өлеңдерінде көбірек кездеседі» деген Сейіт Қасқабасовтың ұлы Абай шығармашылығына айтқан нақты ғылыми пікірлерін, Ұлықбек ақын өз поэзиясымен дәстүр жалғастығын іліп алып, өз иығына артқандай көрінеді.
«Абай өлеңдеріндегі фольклорлық жанрлар мен поэтикалық көріністер» атты еңбегінде академик С.Қасқабасов:
«Абайдың фольклорлық дүниемен танысуы өте ерте басталып, ақын оны барынша терең игерген. Мұның мәнісі — біріншіден, ақынның қазақ ертегі-аңыздарын, мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын, өлең-жырларын бала кезден естіп, бойына сіңіріп өскендігінде, өмір бойы фольклорлық дәстүр ортасында болғандығында», — деп жазады.
Абайдың ұлы туындыларын оқып өскен Ұлықбек ақын фольклорлық дүниенің бар қасиетін бойына сіңірген жүрек. Оған көптеген өлең-жырлары куә, соның ішінде бір ғана мысал «Ақтабан — шұбырынды Қожаберген жырау» атты туындысы:
«Бақ дегенім сорға айналды,
тақ дегенім көрге айналды,
көкірегіме шер байланды,
толайым...
Жер дегенім кебенек пе,
ел дегенім ебелек пе,
ер дегенім көбелек пе,
ағайын?!
Атамекен — алып тозақ,
мойыныңды қамыт қажап,
мойыдың-ау, ғарып қазақ,
аһ ұрып.
Найзағайлы намыс қайда,
қайта бізбен табыспай ма,
ата жаумен алыспай ма,
ақырып?!!» —
деп Қожаберген жырауша толғанып, фольклорлық мақамда өз ойын жеткізе біледі. Жалпы Ұлықбек Есдәулетов алғашқы «Қанат қақты» кітапқа енген өлеңдерінен бастап, күні бүгінге дейін фольклорлық дүниелердің сиқыр-сымбатын, өз шығармашылығына бағдаршам ретінде ұстанып келеді.
Ұлы Абай ұстазындай, Ұлықбек ақын: «Фольклорлық материалды көркемдеп баяндағанда да, саралап талдағанда да темірқазық етіп ұстаған басты идеясы адам болды» (С.Қасқабасов) және де сол адам бейнесін сомдағанды бүгінгінің көркем тілімен ұштастыра білді.
Қазақтың көрнекті ақындарының бірі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің бұл жаңа кітабына 1988-2000 жылдары жазылған ел мен жер, заман мен қоғам, табиғат пен махаббат туралы лирикалық, әлеуметтік-фольклорлық жыр-толғамдары енгізілді. Ақын тың ізденістерге барып, өлең өнерінің соны қырларын аша түскендігін Әбіш Кекілбаев алғысөзінде, одан әрі жандандырып, «Талант дегеніміз де адамды өзі жүрген ортадан ажыратпай, жатырқатпай, қайта табыстыра, туыстыра түсетін сиқыр қасиет болса керек. Ол кезде Ұлықбек — тұма бұлақтай тұнып аққан тұмса ақын еді. Ал мынау кітабы — Ертістің құяр сағасындағы мұхит айдынындай айбарланып, ақжалданып көрінеді. Мына далада, бір қарасаң, соншама таңдай қата боп таңғалатын да ештеңе жоқ сияқты» — деп жазады. «Күйзелгеніне оқырман бірге күйзелсе, шынайы ақындықтың көрініс тапқаны. Көкейкесті көркем туындының дүниеге келгені. Жазушы-сыншы Әбіш Кекілбаевтың өзі жазғандай кейбір шығармаларды оқығанда құрбақаны бітеулеу жұтып, иә ары, не бері кетерін білмей күй кешетін жазушы-сыншының жүрегін елжірете қозғау — ақындықтың көрінер тұсы.
Бұл ой-сезімді академик Сейіт Асқарұлының сөзімен жалғастырсақ, Абайдың ақындығы туралы: «Осы орайда арнайы айтатын нәрсе — Мұхтар Әуезовтың бұл өлеңдерде дәстүр белгісінің болуын қазақ болмысымен байланысты түсіндіруі». Жазушы-ғалымның бұл пікірі, біздің ойымызша, кеңірек мағынаға ие. Мұнда байқалатыны — ұлы Абай фольклорлық поэтикаға көп жағдайда қазақтың өз топырағына байланысты жайттарды айтқанда көңіл бөледі, ал жалпы адамзаттық немесе өзге жұрттардың өміріне қатысты мәселені сөз қылғанда, фольклорлық сюжетті ғана пайдаланады да, поэтика саласында өзіндік, соны, тың жолмен кетеді деп жазады. Ұлықбек ақын «Киіз кітабында» ұлы Абай дәстүрін де, фольклорлық поэтиканы да жан-жақты терең пайдалана отырып, өзіндік соны жолын тауып, өзіндік соқпағымен із қалдырған. Әбіш Кекілбаевтың беріле сөз етіп, «Ұлықбек сөздері жер жаралып, су аққалы бардай соншама етене естіледі» деуі де сондықтан.
Ғалым Рахманқұл Бердібаев: «Абай тағылымы» атты кітапта (242-бет): «Сондай қызғылықты өрнектің бірі ұлы ақын өлеңдеріндегі кездесетін ырғақ, дыбыс қуалау — аллитрация, ассонанстардан да аңғарылады. Ертедегі түркі тілдес өлеңдерде мұндай құбылыс кездесетін» деп жазды. Бұл ойды академик С.Қасқабасов: «Сол тәсіл Абай туындыларында да дәстүр жалғастығы ретінде көрінеді», — деп Абай өлеңдеріндегі:
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай! —
деген жолдарды келтіріп, «Бұл өлең жолдарының басқы сөздерінің бір дыбыстан басталуы — ежелгі поэзиядан келе жатқан дәстүр. Ол халық өлеңдерінде де, жыраулар толғауларында да, Абайдың өзімен замандас ақындар поэзиясында да мол. Абай бұл жерде аллитерацияны өлеңдегі идея мен тақырыпқа, өлеңнің сипаты мен мазмұнына қатысты етіп алып отыр» дейді ғалым. Түркі тілдес поэзиядан бастау, Абай поэзиясында ұласқан бұл дәстүрді ақын Ұлықбек Есдәулетов те жалғастырып:
«Жай осы!
Жыл артынан жыл көшеді,
Жаныңмен жапырақтар тілдеседі.
Жараңдар
Жүрегіңде жатқан шерді
Жүзіңнен оқымаса білмес еді» немесе:
«Шалықтап өң мен түстің арасында,
Шошынып малшынамын қара суға,
Шалғайда шаңға көміп жаным мені,
Шығандап шыққандайын дара шыңға...», —
деп толғанады.
Немесе: «Қобда. Исатай қабірі басында» атты реквием-қосалқада:
«Қаталап өлген
Қара жер,
Қанымды іш те,
Қана бер...
Құралайдың күнінде
Қырқарлансам —
Қаһарыма
Қормал болмас түбінде,
Қорқып жатпай інінде
Қарсы келсе хан егер!
Құдіреті күшті құдайым,
Қызын қарын сары бала,
Қайғы жұтқан кейуана,
Қаңғып қалған пәруана мынау жұртымды
Қан аңсаған қылыштан аман қаға гөр!
Қайыңның түбі — қызыл қан,
Қорлықтан қолға қызынған,
Қабылан жүрек қайран ерлерден айырылып,
Құлазып өңір,
Қамығып көңіл бұзылған», —
деп Ұлықбек Есдәулетов тебіренеді. Бұл да ұлы Абай дәстүрінің жалғастығы деуге болады. Осы реквиемде Ұлықбек ақын Махамбет поэзиясының өршілдігі мен Абай поэзиясының терең философиясын тоғыстырып, өзіндік поэзия үрдісін тудырғандай:
«Жанымыз ұшты ғайыпқа,
Қанымыз құйды Жайыққа,
Қапыда кеттік қор болып,
Қаймығып қалған қайран ел,
Бұйыра көрме айыпқа.
Қамалған қалың дұшпанның
Қарбыздай басын қағып ап,
Толтырсам деп ем Жайықта жүзген қайыққа!..» —
деп алып, күллі оқырман қауымына тосыннан сауал қояды:
Терлігім терге шіріді,
Теңіздей қолым іріді,
Тұмсықтан тізген тіріні —
Атаңа нәлет дұшпанға
Жер басып жүру лайық па?».
Бұл сауалға жауап — мәңгілік өмір еншісінде...
Менің ғалымдар еңбектерін студенттік кезден саралап түйгенім, өзгеге сүйенбей, өз ойыңмен айту — ғылым емес, өзгенің ой-пікірімен, өз ойыңды жеткізіп, тұжырымдау — ғылым. Сондықтан да әдебиетке бірге келген Ұлықбек Есдәулетов замандасымыздың поэзиясын өзіміздің жеке түсінігімізбен пайымдау үшін фундаментальды, ғылымда мойындалған ғалымдар тұжырымдары арқылы бағалауды мақсат-меже еткеніміз ақиқат.
Реквиемнің өкініші қосалқысында. Исатай мен Махамбет дәуірінен оралып, Ұлықбек ақын өз заманына, өз қоғамына «Армысың, Америка» өлеңіндегі: «Эмпайр. Билдингтің заңғарынан, әлемнің төбесінен күн қарадым» дегеніндей, биіктен көз салып:
«Жайық үшін жан бергендер,
Еділ үшін егісіп,
Қиғаш үшін қырылғандар —
Қазір бір-бір төбешек...
Басын иіп өтуі керек
Уақыт өзі бұл жерден,
Тағзым етіп тұруы керек келген қоғам төресіп,
Көзін тігіп қасиетті қырларыма шұрайлы,
Кейбір шіркін
«Шекараңды шегерші» деп «сұрайды»,
...»Өлігімнен аттап өт!» деп
Жауларының жолына
Өркөкірек біздің шалдар жатып алған сыңайлы!..» —
деп түйіндейді. Абай мен Махамбет дәуірін өз дәуірімен үндестірген ақын:
«Жыртқанымен,
Құртқанымен,
«Тың игеру! Егіс!» деп,
Ата-баба қабірлерін бітіре алмас тегістеп.
Уақыт өзі аттай алмас аруақтардың үстінен,
Арманда өткен арыс үшін
Бұдан асар жеңіс жоқ!» —
деп бүгінгі ұлттық тәуелсіздік жеңісімізбен ұштастырады.
«Маңғыстау. Замандас» деген өлеңінде Ұлықбек ақын жазушы Кекілбаев туралы:
«Бір ғасырға
бұрын туса — қайтер ек,
бір ғасырға
кейін туса — қайтер ек,
адамзатты жапырағымен желіп тұр,
Маңғыстауда тамыр тартқан бәйтерек» —
деп алып, «Кең сахара көпсіне ме суларын, дәл осындай бір дарияны күтіп ек» деп:
«Мұндай тұлға туа алмасақ —
кім болдық,
туғаннан соң қуанбасақ —
кім болдық?
Абай атам арманындай
Әбіш бұл,
Әуезовтың жалғасындай ұл көрдік» —
деп шынайы толғанады.
«Киіз кітабын» толғана оқып отырып, «Мұндай тұлға туа алмасақ — кім болдық, туғаннан соң қуанбасақ — кім болдық?» деп Ұлықбек ақынның өзіне де айтуға болады. Айтуға себеп, Қазақстан Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының: «Өркені өсер өнер, өрісі шалқар өлең осындай болса керек-ті» деп бағалауы. Шынында да Ұлықбек ақын жырлары — ет жүректің ең елгезек лүпілімен үндес естілетін жырлар.
«Ал, Абай үшін әдебиет — идеология емес, ресми саясаттан аулақ тұрған өнер. Ұлы ақын әдебиеттің басты міндеті адамды дәріптеу, адамды эстетикалық сезімге бөлеу, сөйтіп оны жан-жақты дамытып, толық адам дәрежесіне жеткізу деп санаған. Сондықтан да ол өз шығармашылығында туған халқының рухани байлығын молынан пайдаланған және онымен шектелмей, бүкіл адамзаттың игілікті мұрасын да арқау еткен. Соның арқасында Абайдың поэзиясы мен қара сөздері жалпы адамзаттық мәнге ие», — деп жазады академик Сейіт Қасқабасов. «Абай және фольклор» кітабының түйінінде.
Біз салыстырмалы түрде зерттеп отырған ақынымыз Ұлықбек Есдәулетов те поэзиясын идеология аясына құрмайды. Өлең табиғи жазылады. Ішкі құдірет-күштің рухымен жырлары дүниеге келеді де, өлең өзінен-өзі ұлттық патриотизмге ден қоятындай. Жалпы, шығармашылық саясаттан тысқары тұра алмайды. Саясатқа араласпаймын, өлеңді идеология құрмаймын дегенмен, өлең-жырдың сонылығы, ішкі динамикалық қуаты, қоғам өміріне ықпал-әсерін тигізсе, ол шығармашылықтың қуатты болғаны, сонымен қатар, қоғам тынысына ықпалы болса, қоғам мен саясаттай алшақ болмағаны деп білеміз. Сондықтан да өлең — адамзаттық мәнге ие. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулетов академик айтқан пікір тұрғысындағы тұлға.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі