Көрнекті ғалым, әдебиетші мемлекет және қоғам қайраткері Мүсілім Базарбаевтың 80 жылдық мерей тойына арналған комиссия алқасы, «Қазақ әдебиеті» газетіне жазуды тапсырғаннан кейін газет редакторы Ұлықбек Есдәулетке осы жайында телефон соғып едім, ол:
— Қазір өзі, мерей тойға арналған материалдардан бас ала алмай жатырмыз. Мүсілім Базарбаев ағамыздың үлкен ғалым, үлкен мемлекет қайраткері екенін ел-жұрт біледі. Оқырмандарға тартымды етіп, көпшілік жұрт біле бермейтін адами жағы туралы жазсаңыз дұрыс болар еді, — деді. Сол сөзінен кейін Мүсілім Базарбаевтың докторлық диссертация қорғағаны үлкен айтарлықтай драмалық оқиға болғаны және өзіндік юморлары есіме түсті. Мүсекең кандидаттық диссертацияны И.В.Сталиннің қызымен бірге Мәскеуде қорғаған еді. Оны айтпас бұрын Мүсілім Базарбаевтың ғалымдық жолына біраз барлау жасап өтелік. Мүсілім Базарбаевтың зиялы қауым ортасындағы беделі 1970-1980 жылдары Қазақ КСР Мәдениет Министрі, Сыртқы істер Министрі болып лауазымды қызмет атқарғандығында ғана емес, оның абырой-беделі қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқандығында. Қаныш Сәтбаев-сынды, Мұхтар Әуезов-сынды, Әлікей Марғұлан-сынды, Ахмет Жұбанов-сынды академиктер арасында беделге ие болып, 1956-1970 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының алғаш директордың орынбасары, кейін директоры болып, қазақ гуманитарлық ғылымының өркендеуіне бірден-бір мұрындық бола білгендігінде. Кейін басты екі саланың министрі болып, қайтадан жыл аралатып, 1981-1988 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры дәрежесінде, жаңа ғылыми кадрларды дайындап, ғылым кандидаттарын доктор дәрежесіне, ғылым докторларын академиктік дәрежеге көтеруге бірден-бір атсалысқан тұлға. Бұл жөнінде кеңейтілген ғылыми кеңестерде академик Зейнолла Қабдолов жиі-жиі айтып, ғалым еңбегіне зор баға беретін еді.
Қазақ әдебиетінің алғаш жарық көрген алты томдық тарихының (1960-1967), орыс тілінде жарық көрген үш томдық қазақ әдебиеті тарихының (1968-1979) негізгі авторларының бірегейі десе де артық емес.
1966 жылы «Әдебиет және дәуір», 1973 жылы «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы», 1976 жылы «Біздің әдебиеттің эстетикалық байлығы» (орыс тілінде), 1994 жылы «Көрікті ойдан — көркем сөз», 1995 жылы «Қазақ поэзиясы: Көркемдік ізденістер» (орыс тілінде), және өмірінің соңындағы үлкен де, күрделі ғылыми еңбегі «Замана тудырған әдебиет» (1997) атты еңбектерімен, Мүсілім Базарбаев әдеби ортада да, ғылыми ортада да зор беделге ие болды.
Филология ғылымының докторы, зерттеуші-ғалым Мүсілім Базарбаев әдебиет жалғастығын, тіл тамырларының тереңдігін, өлең әлемінің құдіреттілігін, жан-жақты салиқалы түрде зерттеген қазақтың көрнекті ғалымы.
Гүлжаһан Орданың «50-60 жылдардағы қазақ әдебиеттану ғылымының проблемалары және Мүсілім Базарбаев шығармашылығы» атты еңбек жазғанын атап өткеніміз орынды. Ғалым Мүсілім Базарбаевқа тікелей қатысты болғандықтан да аздап тоқталуды жөн көрдік.
Мүсілім Базарбаев — қазақтың филология ғылымындағы тұлға. Ғалымның қазақ ғылымына сіңірген ұланғайыр ғылыми еңбегі де, әдебиеттанудың негізгі мәселелеріне мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атсалысуы да, ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердиев мұрасын кезінде ақтап жазуы да, мектеп оқулықтарын жазуға (10-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы) бәрі де Мүсілім Базарбаевтың тұтас тұлғасын береді. Сондықтан филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Жұмабердіқызының Базарбаев шығармашылығын докторлық диссертациясына басты тақырып етіп ала отырып, оның тұлғасын ғылыми процестен бөліп қарауға болмайтынын зерттеуші ретінде сезініп, 50-90 жылдардағы қазақ әдебиеттану ғылымының проблемаларымен бірге зерттеуі диссертанттың ғылымдағы терең ойлылығын, парасатты зерттеуші ғалым иесі екендігін танытады.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздеріне сай еңбек қазақ әдебиетіне, әлем, батыс және орыс әдебиетіне қазіргі әдебиеттану, әдебиет теориясына сүйене отырып, объективті-аналитикалық талдау жасап, жүйелі де кешенді жұмыспен, ең бастысы салыстырмалы әдебиетке сүйеніп, салыстырмалы-салғастырмалы әдістерді қолдана білген.
Зерттеу жұмысының мақсат-міндеттерінде, жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуын, 50-90 жылдардағы кешенді зерттеулер арқылы дәлелдеуді мақсат тұтқан. Осы тұстағы М.Базарбаевтың шығармашылығын жан-жақты да, терең талдаулармен сараптай отырып, ғалымның әдебиеттану ғылымына қосқан өлшеусіз еңбегін ғылыми тұрғыда жинақтауға ұмтылған. Ұмтылған биігіне жете білген.
Диссертант, зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы ретінде мәні зор тоғыз тараудан тұратын ғылыми тұжырым жасаған. Атап айтқанда, М.Базарбаев шығармашылығы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымының негізгі проблемаларымен тұтас бірлікте зерттеп, бірінші рет ғылыми айналымға түсірді. Мұның өзі ғылымымыз үшін үлкен жетістік. Әдеби-сынның қазақ әдебиетіне тигізген ықпалы хақында М.Базарбаевтың сын-рецензиялары төңірегінде жан-жақты ғылыми еңбек ретінде бірінші рет толығымен қарастырылып отыр деуге болады.
Кеңестік дәуірде жарық көрген «Қазақ совет әдебиеті» оқулығымен тәуелсіздік тұсындағы 11-ші сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы салыстыра талданып, ерекшеліктерін айқындаған.
Зерттеудің әрбір тақырыбына қысқаша қорытындылар берілген. Атап айтсақ, «Қазақ кеңес әдебиеттану ғылымның қалыптасуын» зерттей келіп: «М.Базарбаев — қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық мәселесін түбегейлі зерттеп, оны ғылыми айналымға қосқан көрнекті ғалымдардың бірі», — деп тұжырымдап жасаса, «Қазақ әдебиеті тарихын» жасау жолдарында: «ХХ ғасырдың екінші жартысында жазылған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көп томдық еңбектердің көпшілігінің кіріспесін жазған М.Базарбаев ғылымның шебер ұйымдастырушысы ретінде тарихта қалды. Оның қаламынан туған бағалы да құнды зерттеулері ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеттануына қадам басты, — деп тұжырым жасайды диссертант Гүлжаһан Орда.
Филология ғылымының негізгі жүгін арқалаған Мүсілім Базарбаев туралы қомақты да, зерделі зерттеу жүргізіп келіп, түйінін: «Ғалым мұрағатындағы М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ғ.Мүсірепов, Т.Жароков, Қ.Жандарбеков, Қ.Жұманов, Ш.Айманов, А.Нұрқатов, Б.Уақатовтар дүниеден өткендігі олар туралы қоштасу сөздерінің де өзіндік орны бар екендігін баса айтуға болады», — деп тәмамдайды. Бұл сөздердің үлкен орны бар екендігі сөзсіз.
Мүсілім Базарбаев туралы ғылыми еңбек жазу деген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты туралы жазу деген сөз. Гүлжаһан Орданың бұл зерттеу еңбегі сол үдде биігінен шыққан сүбелі еңбек. Бұл биыл (2011 жыл) елу жыға толатын М.О.Әуезов шаңырағына арналған үлкен тарту. Біз бұл ғылыми еңбекті солай бағалауымыз қажет.
Мүсілім Базарбаевтан қорғаған докторлық еңбегі — соның дәлелі.
Доктор дегеннен шығады, Мүсекеңмен оңаша әңгімелескенде қорғаудың қызықты жайларын айтатын. Жас кезінде ұлы Мұхтар Әуезов Мүсілім Базарбаевты танып:
— Мүсілім, сен Мәскеуде оқығаның абзал, — деп сол ғылыми орталыққа жібереді де Иосиф Виссарионович Сталиннің қызымен бірге бір күнде кандидаттық диссертация қорғайды.
Мәскеуден келгеннен кейін, Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен зерттеу институты директорының орынбасары, кейін директор болады. Жастай директор болуына Әуезовпен бірге, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ықпал-әсері зор болғандығы анық.
Әрі жас, әрі бар болғаны ғылым кандидаты болып, зерттеу институтының директорлығы қызметіне көтерілгеннен кейін, көре алмас жаулары көбейеді.
Содан Мүсілім Базарбаев докторлық диссертация қорғайтын тұста, қорғауға бір күн қалғанда әдейі құлату үшін, Ғылыми кеңестің құрамын өзгертіп жібереді. Қазіргі Д.В. Сокольский ол кезде Қазақ КСР Ғылым академиясының хатшысы еді. Мүсекеңе дос, жанашыр адам ретінде Мүсілім Базарбаевқа хабарлап:
— Мыналар бір қимылға көшіп жатыр. Ескертпеді деме. Мені тыңдайтын түрі жоқ. Ғылыми кеңестің құрамын саған қарсы ғалымдармен өзгертті. Қалғанын өзің біл, — дейді. Мүсекең істің насырға шапқанын біліп, «Казахстанская правда» газетіне барып, филология ғылымдарының докторлығы диссертациясынан бас тартатынын айтып, хабар береді. Ертеңіне Ғылыми кеңес жиылады. Бірақ қорғаушы жоқ. Бұған таңқалған ғалымдар не істерін білмей отырған тұста, бір ғалым: «Казахстанская правда» газетіндегі хабарламаны көрсетіп, Ғылыми кеңес мүшелері: «Мен де аң-таң, апам да аң-таң» деген күй кешеді. Кейін, жыл өткізіп докторлығын қорғайды.
Мүсілім Базарбаев ғалым ретінде, Әдебиет және өнер институтының директоры ретінде, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің ақталып, толық шығармаларының жарық көруі үшін үлкен жүрекпен күресіп, әсіресе, Шәкәрім ақынның ақталып, шығармаларының халық қолына жетуіне бір кісідей атсалысып, бекзаттық танытты. Біз Мүсілім Базарбаевтың ғылыми бағдарламасымен 1999 жылдары Мағжан Жұмабаевтың үш томдық толық шығармалар жинағын «Ғылым» баспасынан басып шығардық. Мен ол кезде М.О.Әуезов институтының «Қазіргі әдебиет» бөлімінің аға ғылыми қызметкері едім.
Әлі есімде, Мүсілім Базарбаев дүниеден өткенде сол кездегі Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев ақырғы қоштасу рәсімін басқарып, сөз сөйлеп, Мүсекеңнің қайраткерлік қызметіне үлкен баға берсе, бұрынғы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Михаил Иванович Есенәлиев қоштасу сөзінде Мүсілім ағаның Азаматтық бейнесін сомдап жеткізді. Мүсекеңді жерлерден бір күн бұрын Михаил Есенәлиев ағамен екеуміз түнгі күзетте болдық. Бір кезде Есенәлиев ағамыз: «Шөмішбай, Мүсекеңмен дос та болдық, арамыз сәл салқын тартқан тұс та болды. Мен Мүсекеңмен оңаша қоштасып шығайын», — деп, Мүсекеңнің көз жұмып, суыған денесі жатқан бөлмеге кіріп, жарты сағаттай отырды. Маған, ол кісінің жарты сағат бойы не айтқаны әлі күнге жұмбақ. Қоштасып шыққаннан кейін Михаил Иванович Есенәлиев:
— Мен өмірімде үлкен кемшілік жіберіппін. Орталық Комитетте қызмет атқарып жүргенімде, неше алуан ұлы адамдармен бірге болдым. Солармен бірге бір рет суретке түспеппін. Қазір олар туралы ішкі дүниеммен жазып жүрмін. Бірақ болғанымыздың куәсі боларлықтай суретіміздің жоқтығына өкіндім. Мына Мүсекеңмен де бірде-бір суретке түспеппін. Бұл да өкінішті. Ертең уақытым болса, Мүсекең туралы толғанып жазам ғой. Сен, айналайын, реті келсе, замандастарыңмен бірге суретке түсіп жүр. Бұл ертеңгі ұрпаққа куә құжат қой, — деп ақылын айтқаны әлі есімде.
Мүсекең үлкен тұлға еді. Бірде Қазақстан Жазушылар одағының конференц залында Қазақ теледидары ұйымдастырған, Социалистік Еңбек Ері, жазушы Ғабит Мүсіреповпен кездесу болды. Кездесуді жүргізуші екі адам. Бірі — Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Жұбан Молдағалиев те, екіншісі — Қазақстан республикасының Мәдениет министрі Мүсілім Базарбаев. Мүсекең осында болған қызықты жәйтті күліп есіне алатын. Біз көрермен ретінде қатысқанбыз.
Жазушы Ғабеңе сұрақтар мен сауалдар қарша борап қойылып жатты. Бәріне де тұрлаулы деңгейде жауап берген Ғабеңнің, бірде қартайып шаршағандығы аңғарылып қалды. Залдан зиялы қауымның бірі Ғабеңді тосылдыратындай ауырлау сұрақ қойды. Ғабең орнынан тұрды. Сол кезде
микрофонды қолына алып, сәл сасыңқырап қалған Ғабаң микрофонды құлағына тосып:
— Әлләу, әлеу! — дегені. Жұрт ду күлді. Сөйтсе микрофонды телефон екен деп қалыпты. Қарттық жайында әңгіме болғанда осы бір жәйітті Мүсекең күліп есіне алғаны бар.
Мүсекең өзі сондай тапқыр, жан еді. Кейде қатал, кейде жұмсақ мінезімен қоса, жаны юморға толы ақсүйек адам болатын.
— Бір күні, — дейді Мүсекең, — аллеямен қыдыруға шықсам, аллеяда бұрынғыдай емес, селқос, өңдерінде үміттің нышаны жоқ жандай көңілсіз екі адам кездесті. Бірі — академик Зейнолла Қабдолов, бұл сенің ұстазың. Екіншісі — Әбдіжәміл Нұрпейісов, бұл сенің ағаң. Өзің білесің, Зейнолла ұстазыңның үйіндегі жеңгеңнің аты — Сәуле, Әбдіжәміл ағаңның үйіндегі жеңгеңнің аты — Ажар.
Үлкен адамдарға: — Неге көңілсіз жүрсіңдер? — деген сөз ұят қой. Содан ойланып, әйелдерінің атын айтып: — Ау, бұларың қалай? Бірің Сәулесіз, бірің — Ажарсыз жүрсіңдер ғой, — дедім дейді Мүсекең күліп.
Бірде атақты әнші Бақыт Әшімова Мүсекең туралы бір әзіл әңгіме айтқан:
— Мүсілім аға, өзі ажарлы адам. Сұлуларды көрсе — көзі жайнап сала береді. Бір күні бір топ өнерпаздарды Мүсілім аға бастап шетелге өнер көрсетуге жол жүрдік. Ол кезде Мүсекең — Қазақстанның Мәдениет Министрі еді. Сол шетелге самолетпен ұшып келеміз. Менің жанымда бір орыс қызы отыр. Әдемі, сұлу, олар — баскетболдан біз баратын шетелге жарысқа бара жатқан қыздар екен.
Алдыда Мүсілім аға отыр. Мен жаққа қарағыштай береді. Байқаймын екі көзі менің жанымдағы қызға түсіп отыр. Енді бір бұрылып қарағанда:
— Мүсілім аға, қарағыштай бердіңіз ғой. Онан қайта маған сөйлескен болып, жақыннан көрмейсіз бе? — деп едім Мүсекең «қайдан біліп қойдың?» дегендей менің жаныма келіп еді, әлгі қыз: «өздері сөйлессін» деді ме, орнынан тұрып, құрбылас-әріптестеріне баруды көздеді. Әлгі, орнынан тұрғанда, ұзын бойлы, Мүсекең аласарып қалды. Қанша айтқанмен баскетболист қыз ғой. Сонда Мүсекең әлгі қызға иегін созып қарап:
— Әй, мынаның басынан аяғына жеткенше біраз жер бар екен, — дегені.
Әріптестері Мүсекеңді әзілдеп: «Қоян жылы туса да, Арыстандай айбатты», — дейтін. Шынында да не болса да бірде қаймықпай тура айтатын кісі еді. Мүсілім Базарбайұлы менің жетекшім болып, диссертация қорғап, ғылым кандидаты болғанмын, бір кездері. Сонда қорғаудың қортынды кезінде академик Зейнолла Қабдолов сөйлеп:
— Мен бір нәрсеге таң қалып отырмын. Мына Мүсекең деген алдына келгенді — тістейтін, артына келгенді — тебетін тікбақай адам. Сол тікбақай адамның Шөмішбайға шөбі түскеніне таңқалып отырмын. Бұл Мүсекең болса, докторды доктор етіп, академикті академик еткен адам. Шөмішбайдың диссертациясын бәрің де барауыздан мақтадыңыздар. Жетекшісі — Мүсекең екенін ескеріп, Шөмішбайды бірден докторлық атақ-дәрежеге ұсынсақ қайтеді? — деді. Сол кезде академик Зәки Ахметов: — Зеке, бұл ойыңыз дұрыс, қолдауға болады. Бірақ бір айтарым, бір сыр бар. Кандидаттық диссертация мықты болады. Өйткені, оны жетекші докторлары жаздырады. Ал, докторлық кейде әлсіздеу болады. Өйткені, оны кандидаттары жазады деген алып-қашпа сөз бар. Шөмішбай докторлығына еңбектенсін, — деген уәж айтты. Зекең келісті.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігімізді орнықтырғаннан кейін де Мүсілім Базарбаев М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қазіргі қазақ әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі болып, Мағжан Жұмабаевтың үш томдық толық шығармаларын өз қолымен жарық көргізіп дүниеден өтті. Талай бұрмаланған Мағжан өлеңдерін қайта орнықтырып, өз орнына қойғанына, Шәкәрімнің жаңа дүниесін шығарғанына, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов дүниелерін шығарып, алғысөз жазып, шығарушылар алқасының белді мүшесі болғанына ұлылар алдында өзінің Азаматтық парасатты парызын өтегеніне Мүсілім Базарбаев іштей тәубеге келіп, іштей риза болатын. Ол, өйткені Мұхтар Омарханұлы Әуезов қолдаған Тұлға еді, Ғалым еді...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі