Корейская косметика премиум класса

ҚазҰУ-мүмкіндіктер мекені!

Мен Есетова Аружан Шымкент қаласынанмын. 2021 жыл мектеп бітіріп, жас түлек атандым. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 115 балл жинап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, механика-математика факультетінің 1 курс студенті атандым. 

Жалпы, ҚазҰУ туралы айтатын болсақ, қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр. Университетімізде дәстүрлі түрде «Жалын» бірінші курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КВН, «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады.

Ректор Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы  студенттердің жаңа заманға бейімделген лайықты жағдайда білім алып, қолайлы да жарқын өмір сүрулері үшін барлық жағдайдың жасалуына себепші болып жүр.

Студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бо­йынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді.

ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰУ-да жүргендігімді өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын.

Студенттер үйіндегі студенттік өмір де өте қызықты. Қазақтың түпкір түпкірінен жиналған студенттермен бір үйдің баласындай өмір сүреміз. 

Мен Қазақ Ұлттық Университетін таңдағаныма еш өкінбеймін. ҚазҰУ бұл болашаққа нық қадам баса алатын студенттер ордасы. Мүмкіндіктер мекені.

Авторы: Есетова Аружан;  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің механика-математика факультетінің 1 курс студенті;  Жетекшісі: Уразгалиева С.А;


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз