Қазіргі жаһандану заманында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан. Еліміздің тәуелсіздік алған тұсынан бастап, қазақ медиасы ілгері дамыды. Заман талабына сай ақпараттық порталдар мен дәстүрлі БАҚ бірін-бірі толықтыра алды. Тұтастай алғанда, қазіргі баспасөз қоғам санасын өзгерте алар алапат күшке ие. Ең бастысы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен тіл мәдениетінің сақталуында медианың ықпалы күшті.
Сөздің салмағы қаншалықты ауыр болса, оған артылатын жауапкершілік те дәл сондай ауыр. Ал, қоғамды сауатты жазып, дұрыс сөйлеуге тәрбиелейтін кімдер? Әрине, ол - төрткүл дүниедегі жаңалықтан хабар беретін журналистер қауымы. Алайда, БАҚ арқылы берілетін ақпараттың барлығын дұрыс деп қабылдай беруге болмайды. Сырт көзге үйреншікті болып кеткен сөздердің өзінен іс жүзінде кедей тілдің көрінісі байқалады. Журналистер өздерінің берген ақпараты қарапайым қазақтың қара сөзімен де есітер құлақ пен көрер көзге жететінін аңғармай жатады. Ал журналистен шыққан бір тілдік қате біршама адамдардың қате сөйлеп жүрулерінің үйреншікті жағдайына алып келуі мүмкін.
Қазақ медиасындағы үлкен мәселе – орыс медиасының ықпалы. Көп журналистер ақпаратты орыс тілінде іздеуге дағдыланған. Нәтижесінде, қазіргі таңда сөздік қорымызға еніп кеткен сөзбе-сөз аудармалар жетерлік. Тіл мамандары қателіктің бұл түрін калька деп атайды. Калька тілдің реңін бұзып, ажарын кетіреді. Мәселен, «студияда кешкі жаңалықтармен» деп, жүргізушінің өз аты-жөнін айтқанын талай естідік. Шын мәнісінде бұл - орыс тіліндегі «В студии с вечерними новостями» деген тіркестің тікелей аудармасы. Айна-қатесіз қайталамай-ақ, осы ойды қазақша түрлі үлгіде жеткізуге болар еді. Мәселен: «Сіздерге таңғы жаңалықтарды таныстыратын – мен...».
Кейде жүргізушілер былай деп те жатады: «... арнасында күннің қорытынды жаңалықтарымен жүздесіп отырмыз». Жүргізуші жаңалықтарды жұртшылыққа жеткізіп, көгілдір экранның арғы жағында отырған көпшілікпен жүздеседі. Сондықтан бұл тіркес логикалық тұрғыдан үйлеспейді. «Қорытынды жаңалықтармен таныстырамыз» деген орынды.
Эфир барысында айтылатын қателіктің ендігі мысалы – «кезек жарнамада». Сөйлемнің баяндауышы тиянақсыз. Қазақ тілінің табиғатына келмейді. Оның орнына «жарнамаға кезек береміз» деуге болар еді.
Ресми ақпаратта кездесетін «азаматша» - орыс тіліндегі «гражданка» сөзіне балама іздеуден туған жасанды сөз. Қазақ тілінде тек (род) категориясы болмағандықтан, ер адамға да, әйел затына да қатысты «азамат» сөзін қолданған дұрыс.
«Ағымдағы жыл» тіркесі – калька аударманың нәтижесінде орыс тіліндегі «текущий год» сөзінің балама нұсқасы. Бұл тіркестің дұрысы – биыл, осы жылы. Сондай-ақ, биылғы жылы деп айту да қате. Себебі биыл сөзі бұл және жыл сөздерінің кірігуінен қалыптасқан. Оған тағы да жыл сөзін тіркестірудің қажеттілігі жоқ.
Әуежайға кіргізілмеген жолаушылар билет құнын қайтара алады ма? Осы секілді келеді ме, барады ма, көреді ме деген мысалдарды күнделікті естіп те, көріп те жатырмыз. Қазақ грамматикасында -а, -е, -й жұрнақты көсемшесі арқылы жасалған ауыспалы шақтағы етістікке ма, ме сұраулық демеулігі ғана тіркесе алады. Демек, дұрыс нұсқасы: Әуежайға кіргізілмеген жолаушылар билет құнын қайтара ала ма?
Qamshy.kz ақпараттық басылымында: Кеше Белорусь астанасы Минскідегі Тәуелсіздік сарайынан шығып келе жатқан "Нормад төрттігіне", ішінде Украина президентіне сұрақ қоймақшы болған "Россия 24" арнасының журналисті сөзін толық аяқтап үлгермей Порошенконың оққағарының құшағына ене кетті, - делінген. Емле ережесінде орыс тілінен енген, -ст дыбыстық тіркесіне біткен сөздердің соңғы дауыссыз дыбысы (-т), қазақ тілінің қосымшалары жалғанғанда, түсіп қалатыны айтылады (мысалы, контексі, ведомосы, т.б.). Сондықтан, дұрысы: "Россия 24" арнасының журналисі.
Келесі бір қателік – сан-мөлшерді білдіретін сөздерге зат есімді көпше түрде тіркестіру. Мысалы, көптеген адамдар тіркесі бар. Қазақ грамматикасында көп, мол, т.б. сөздердің бойында көптік мағына бар екені белгілі. Сонда бұл тіркестің дұрысы – адамдардың көбі. Осы секілді мысалы, мыңдаған сайттар тіркесі бар. Бұл – қосымшалардың табиғатын ескермеуден туындаған стильдік қате. Қазақ тілінде сан есіммен тіркескен зат есімге көптік қосымшасы жалғанбайды. Сондықтан мыңдаған сайт деп айтқан жөн. Көптік мәнді білдіретін халық сөзін көпшілік дұрыс қолдана бермейді. Жүзге жуық халық, көпшілік халық деу қате. Халық сөзі онсыз да көпшілікті білдіретіндіктен, оған тағы да көп мәнді сөздерді тіркестіру қисынсыз. Дұрысы: Алаңға жүзге жуық адам немесе көпшілік жиналды.
Дұрыс сөйлеп, сауатты жазу – емле ережелерін сақтай отырып, ана тілде мүлтіксіз таза сөйлеу мен жазуды айтамыз. Адам дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастырмай, жоғарғы ақыл мәдениетіне жете алмайды. Жалпы мемлекеттік тілдің дамуына әр азамат үлес қосуы керек. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаған болар. Қалың бұқараның назарына ұсынылып отырған ақпараттың дұрыс жетуі үшін оның тіліне, мән-мағынасына баса назар аударып, аса ұқыптылық таныту қажет. Тілшілер қауымы тарапынан осындай қателіктер жіберілмеуі аса маңызды. Себебі тіл тазалығы – ұлттың дамуы. Әрбір журналист дұрыс жазылған дүниесі арқылы оқырманын сауаттандыратынын, керісінше жағдайда шатастыратынын естен шығармағаны абзал.
Индира Бержанова
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі