(повесть)
Аударған Қалжан Нұрмаханов
I
Әрдайым бір жаққа жолаушы шығарда мен осы қарапайым ағаш рамкаға салынған, шағын суреттің алдына келіп тұрамын. Міне, мен ертең де ауылға жүрмекшімін. Жолыма ақ бата тілегендей, мен онан көпке дейін көз алмаймын.
Осы күнге дейін мен бұл суретті ешбір көрмеге де берген жоқпын, ол тұрғай ауылдан туыстарым келгенде, көзінен тасалап, тығып қоямын. Сонша жасырғандай несі бар өзінің, әлде көрсетуге әбес пе деп ойлап жүрмеңіздер, жоқ бұл суреттің ондай ештеңесі жоқ, иә болмаса, оған "көз тиеді" дегендей ол бір көркемөнердің теңдесі жоқ, туындысы да емес. Бір қарағанда кәдуілгі сурет сияқты сурет. Оның бетіне түсірілген жер бедері қандай қарапайым болса, сурет те сондай қарапайым.
Суреттің арғы түбінде күзгі сұрғылт аспанның бір шеті көрінеді. Жел бірен-саран бұлттарды алыста мұнартып көрінген шоқыларға қарай айдап барады. Онан бері — көсіліп жатқан сары дала. Екі жағында қуарған қалың шилері бар, жауыннан кейін беті тобарсыған қара жолда қатар жүрген екі жолаушының ізі шұбап жатыр. Жолаушылар бері жақындаған сайын, іздері жерге айқын түсіп, енді бір-екі аттаса рамканың сыртына шығып кететіндей. Айтпақшы, жолаушының бірі... Бірақ, мен асықпайын, сөз басынан болсын.
Бұл өзі кешегі балалық шақта болған оқиға. Отан соғысы үшінші жылға аяқ басып, Курск мен Орел майданында үлкен шайқастың жүріп жатқан кезі. Онда біз, жасөспірім балалар, колхозда арба айдап, егін суарып, шөп шауып, әйтеуір - майданда алысып жатқан әкелеріміз бен ағаларымыздың ауыр жүгі біздің мойнымызға түскен еді.
Әсіресе, орақ мезгілі келгенде алты ай бойы үй көрмей, күні-түні қырман басында, не болмаса астық төгетін станцияда немесе жолда жүретінбіз.
Міне өстіп қаңсыған дала орақтың қызуынан өртеніп тұрған күндердің бірінде, станцияға қатынап жүріп, көптен бері үйді көрмей, бара кетейін деп, салт арбамды жолдан бұрдым.
Біз екі үй әуел бастан бір-бірімізге жақын тұрамыз. Биіктігі үш кез дуалы мықтап салынған, өткел жақтағы төбешікте тұрған бау-бақшалы қоралар осы біздікі. Мен үлкен үйдің баласымын. Ағаларым соғысқа кетіп, көптен хабар жоқ — екеуі де үйленбей кеткен. Қартайған әкем ағаш ұстасы, колхоздың қазір жүріп тұрған осы арбаларының барлығы дерлік сол кісінің қолынан шыққан. Ол әр күн таң намазын оқып ұстаханасына кетеді де, күн бата үйге келеді.
Үйде шешем мен қарындасым қалады.
Кіші үйде болса, біздің жақын туыстарымыз тұрады. Жақын дейтінім, арамыз екі-үш ата болса да, олармен о бастан малымыз да, жанымыз да бір. Арғы аталарымыз бірге көшіп, бірге қонып өте ынтымақты өмір сүрген екен, солардың салтымен біз де арамызды алыстатпай, бір-бірімізден қол үзген жоқпыз. Колхоз ұйымдасқанда әкелеріміз қора-жайларды бір жерден қатар тұрғызыпты. Тек біз ғана емес, екі судың арасындағы Арал көшесінің тұрғындары тегісінен бір атаның балалары. Кейінірек кіші үйдің иесі дүние салып, артында әйелі мен екі жас баласы қалады. Бұрыннан қалған әдет бойынша ағайын-туғандар жесірдің басын байлап қояйық деп, оны жақын туғаны болып саналған менің әкеме некелестіріп қояды. Ол үй өз алдына шаңырақ саналып, малы, шарбағы бөлек болғанмен, шынында біз бәріміз бір отбасы болатынбыз. Ол үйдің де екі баласы әскерде. Үлкені — Садық келіншек алысымен кетті. Майдандамыз деп, анда-санда олардан хат келіп тұрады. Кіші үйде кіші анам мен оның келіні ғана қалды. Ол екеуі де ертеден қара кешке дейін колхоз жұмысында. Кіші апамды ауылдағылар іскер деп атайды. Ол өзі бір дүниеде теңдесі жоқ қарапайым, тамаша адам. Ешбір бригадирмен бет шайыспай, жұмсаған жағына барып, жас әйелдермен бірге арық та шабады, егін де суарады. Әйтеуір қолынан кетпен түспейді. Оның келіні Жәмила, құдай өзіне біліп бергендей ол да жұмысқа қайратты, мықты келіншек, бірақ мінезі енесінен басқашарақ.
Жәмила жеңгемді мен шын ниетіммен жақсы көретінмін. Бір жағы жеңгем болса, екіншіден ол менен аз-ақ үлкен, құрбым сияқты еді. Ол да мені "кішкене бала" — деп, інісіндей еркелетеді.
Сөйтіп екі үйдің барлық шаруасы менің апам мен қарындасымның мойнында. Қарындасым онда тұлымшағы салбырап ойнап жүрген кішкентай қыз болатын. Сол кезде садағасы кетейіннің апама көмектескенін, мінезінің жайдарылығын мен өмір бақи ұмытпаспын. Екі үйдің қозы-лағын баққан да, тезек теріп, отын әкелетін де, балаларынан хабар жоқ апамның қайғы-мұңын жеңілдеткен де сол. Екі үйіміздің ынтымағын, ырыс-берекесін сақтап, биі атанған апам — ата-бабаларымыздың аруағын сыйлап, сенікі-менікі демей екі үйді әділетті басқарғандықтан, ауылдағы ескі нұсқалы, қадірменді бәйбішелердің бірі атанған. Бізге тиісті қандай да іс болмасын, бәрін апам шешеді. Әкемді үй иесі екен деп ешкім де елеген емес. "Ой, ұстекеңе бармай-ақ қой. Ол өзінің аспаптарынан басқа ештеңемен ісі жоқ. Олардың екі үйді тең билеген бәйбішесі, соған бар", — дейтін ауылдастар.
Тағы да анау-мынау істерге, жастығыма қарамай, мен кірісіп кететінмін. Өйткені, ағалар әскерге кетіп, екі үйдің — бел байлар жігітіміз — деп еркелеткеніне мен әлдеқандай болып, өзімді ересек сезінетінмін. Мұным апама ұнайтын, өйткені ол мені пысық болсын, еті тірі боп өссін, әкесіне ұқсап ағаш шапқаннан басқаны білмей жүрмесін, тіршіліктің ыстық-суығына көнсін деп ойлайтын. Мен арбаны шарбақтың аузындағы ағаштың көлеңкесіне доғарғанымда, қораның ішінде біздің бригадир Оразмат; балдағын қанжығасына байлап алып, апаммен әлденеге керілдесіп, айтысып жатыр екен.
Жақындап келгенімде апамның даусы анық естілді:
— Сендердің ондайларыңа ол бармайды! Құдайдан ұялсаңдаршы! Әйел қашан арба айдап еді? Қой, айналайын, келінімді орағыңнан аулақ. Онсыз да жалғызіліктіліктің азабын тартып, екі үйдің шаруасынан мұрнымнан шаншылып жүрмін. Оның үстіне беліме жел тиіп, бір жетіден бері шойырылып жүрмін, ана жүгерілердің түбі де көмілмей жатыр! — деп, қарағайдай етіп тартқан жаулығының салбыраған ұшын апам әдетінше, қайта-қайта омырауына қыстыра береді.
Оразмат ерде кейін шалқая беріп, арқасы құрыстаған кісіше:
— О, ойбай-ау, менің төрт мүшем сау болса, қолымнан келсе, өзім-ақ қаптарды баяғыдай арбаға ытқытып-ытқытып жіберіп, заулатып айдап жүре бермеймін бе? Лаж жоқ, жас әйелдерге арба айдатайық деп жатқанда, сіз келісімін берген келіннің бетінен қағасыз. Бүйтсеңіз жоспар орындалмайды. Майданның астығын тоқтатып жатырсыңдар деп, ана жақта үлкендер үстелді ұрып жатса, сендер өз бастарыңның қамын ойлайсыңдар. Жағдайды түсінсеңдер болмай ма?
Әудем жерде ұзын шыбыртқыны сүйретіп келе жатқан мені көргенде, бригадир әлдеқандай ой тапқандай қуанып кетті.
— Егер келініңізге тентек арбакештер тиіседі деп ойласаңыз, қасында мына қайнысы бар емес пе? — деді ол, мені көрсетіп. — Бұл інішегім жеңгесіне біреуді жақын жуытпақ былай тұрсын, көз қырын да салдырмайды. Оған қам жемеңіз. Сейіт қазір азамат, біздің жанымызды сақтап тұрған да осы балалар, айналып, садағасы кетейіндер...
Апам мені көре салып, бригадирдің сөзін бөліп жіберді:
— Ии, тентіреген арамза... Шашың өсіп, жүдеп кетіпсің ғой өзің. Анау әкесі түскірдің баланың шашын алып беруге де қолы тимейді... Әке емес...
— Олай болса, бүгін шашын алдырып, кемпір-шалдың қойнында жатып кетсін, — деп, Оразмат апамды жайдары қостады. — Сейіт інім, бүгін үйге түнеп, аттарыңды тынықтыр. Ертең Жәмилаға арба береміз, жеңгеңді тобыңа қосып ал, өзің бас бол Бәйбіше, қорықпай-ақ қойыңыз, Сейіт тұрғанда. Оның үстіне, анау жаңадан табылған туысқан Даниярды қосып берейін: өзіңіз білесіз, ол бір өзі адамға зияны жоқ бейшара... Үш арба алдына бір қос болып, станцияға қатынай берсін, басқаларды бұлардың жанына қоспайын да... Ал, Сейіт, сен не айтасың бұған? Бұл апаң Жәмилаға арба айдатады десек, тіпті көнбей жатыр, өзің айтшы, Інішегім...
Бір жағынан бригадир менің мақтауымды жеткізіп, екіншіден — ол менен ақыл сұрап жатқанға, оның үстіне жеңгем жанымда арба айдап жүрсе, қандай тамаша болар еді деген балалық оймен апама:
— Айдай берсін, оны немене қасқыр жейтін бе еді! — деп, ересек арбакештердей шырт түкіріп қамшымды сүйретіп, жай басып кете бардым.
— О, құдай ұрған, қасқыр дей ме? Қой, айналайын, сен нені біліп тұрсың? — деді апам маған ашуланып.
— Е, неге білмесін. Екі үйдің дырдай жігіті емес пе? — деп жіберді Оразмат. Жаңа көніп келе жатқанда, қайта айнып кете ме деп қорыққан Оразматтың аузына бұдан басқа сөз түспеді.
Сөйткенше болған жоқ, апам түшкіріп жіберді.
— А-а, құдай, осы тырнақтай немемізге жүрім бере көр. Азамат болған сойылдай жігіттеріміздің қайда екені белгісіз. Жұртта қалғандай сопайып жалғыз қалдық қой...
Одан арғысын мен есіткен жоқпын. Тамның бұрышын қамшымен бір тартып, тұлымшағы жалбырап, кішкентай қолымен қидан жапа істеп жүрген, маған қуанышпен күле қараған қарындасыма да онша назар аудармай, дәлізде тұрған шойын құмғанды алып шығып, қолымды жуып, екі қолтығыма сүрттім де, дереу үйге кіріп, ә дегенде бір кесе айранды сіміріп салып, екіншісін терезенің алдына апарып, нан турап жедім. Қақпа алдында апам мен Оразмат әлі сөйлесіп тұр. Бірақ, бұл жолы олар жай ғана мұң шертісіп тұрған сияқты. Апам ауық-ауық жеңімен көзін сүртіп, жұбау айтып жатқан Оразматқа басын изеп, бұлдыраған көзін, хабарсыз кеткен балалары көрінетіндей-ақ, алысқа қадайды. Әйтеуір, қапаланып көңіл босаған апам, Жәмиланың арба айдауына көнген тәрізді. Біраздан кейін ол разы болғандай жорға байталын сауырдан бір тартып жіберіп, қорадан шоқыта шығып кетті.
Онда бұл істің аяғы немен бітері апамның да, менің де хабарымда жоқ еді.
Жәмиланың пар ат жеккен арбаны айдап кететіндігіне мен күмәнданған жоқпын. Ол өзі жастайынан жылқыға үйренген, таудағы Бақайыр ауылындағы жылқышының қызы еді. Біздің Садық та жылқышы болып жүріп, жайлаудағы малшылардың тойында қыз қууға түсіп, Жәмилаға жете алмай, осыдан кейін намыстанып, оны алып қашып келгенін есіткенім барды. Олай емес, екеуі сүйіп қосылды деп те айтып жүрді абысын-ажындар. Не болса да олар үш-төрт ай бірге тұрып, одан кейін Садық ағамды әскерге алып кеткен. Білмеймін, бәлкім, жастайынан әкесімен бірге ой-қырда жылқы айдап, атқа шауып жүріп өр мінез болып өскен бе, әлде жалғыз қыз болғандықтан ба, әйтеуір Жәмиланың жүріс-тұрысында бір қайраттылық, еркек адамға тән мінез бар. Әрбір іске шапшаң кірісіп, басқа келіншектердей басым, белім деуді білмейтін. Онан кейін біреуге ақысын жібермейтін өжет, айтысқанмен айтысып, тартысқанмен тартысып, ол ол ма, тіпті бір-екі рет өзі қатарлы әйелдерді шашынан да сүйрегені бар-ды. Маңайдағы жеңге-желпілердің: "әй бұл өзі дікеңдей беретін не деген келін! Есік, төрді көргеніне бір күн болмай жатып, тілімен жұртты қуырып барады ғой!" — дегендеріне апам: "Мейлі! — деп, оны қорғаушы еді. — Келініміз осындай тік, өткір... Адамның ашық болғаны жақсы. Сұмдық қайта тымпиып жүргендерден шығады".
Әкем мен іскер шешем болса, ата-ене ретінде Жәмиланы қағып-соқпай, жай ғана айтып, шын ықыластарымен еркелетіп: "Құдай өзіне ынсап берсін, аяғын шалыс басып күйеуінің көзіне шөп салмаса болды", — деп қоятын. Өсіп-өндірген төрт ұлды әскерге жөнелтіп жіберіп, екі үйдің ортасында қолға ұстап қалған жалғыз келіннің көңілін сыйлай ма, білмеймін, мен апама таңғаламын. Менің апам мінезі қатаң, өз айтқанын орындатпай қоймайтын адам еді. Ежелден келе жатқан ескі салтты бұзбай, ол әр жылы жаз шығысымен сүйегін әкем өзі істеген алты қанат боз үйді қораның ішіне тігіп, арша түтетіп құт шақырушы еді. Басынан екі үйді билеп-төстеуге үйренген апам, біздің бәрімізді қатаң тәртіппен ұстап, бүкіл отбасын өз дегенінен шығармайтын еді. Ал Жәмила келісімен біздің отбасында жік пайда бола бастады. Рас, ол енелерінен именіп, оларды қатты сыйлайтын. Бірақ ол ауылдағы басқа көп әйелдердей, үнсіз басын төмен салбыратып, иә болмаса теріс қарап тұрып күңкілдемейтін, айтам дегенін тартынбай айтып, ой-пікірін көңілінде бүгіп қалмайтын. Жөн болса, апам көбіне оны мақұлдап қоятын. Бірақ ол сонда да тоқ етер сөзді өзгеге бермей өзі айтатын Менің ойымша, апам оның мінезінің күштілігін, әділеттілігін өзіне жақын көріп, келешекте оны екі үйдің басын қосатын, ошақтың ырыс-берекесін шақтайтын мықты орынбасар ретінде қалдырып кетейін деп ойлаған болса керек.
— Аллаға шүкір, текті, құтты жерденсің балам... Ол да болса, сенің бағың, осыны есіңде сақтап жүр. Құдай етегінен берсе, үйінде береке болса, әйел онан басқа не тілемек. Мына жиған-тергенімізді біз, кемпір-шалдар, өзімізбен бірге алып кетпейміз... Қадір-парқыңды сақтасаң — бақыт деген сол, балам! — деп ескертіп қоятын.
Бірақ, енелерді сәл шошытқан бір жай бар еді. Жәмила бала сияқты жеңілтек, ашық болатын. Кейде ол ешбір себепсіз енелеріне келіп еркелейді, не болмаса сықылықтап күледі, жас қыздарша арықтан секіріп өтіп, қораға жүгіріп кіреді, әр кезде ыңылдап ән салып жүреді. Енелері Жәмиланың мұнысын әңгіме қылып, онан кейін: "Бала ғой, бара-бара төселер" — деп қоятын.
Ал маған жеңгемнің осынысы ұнайды. Ол екеуміз алысып-жұлысып ойнайтынбыз, тіпті кейде бірімізді-біріміз қуалап кететінбіз.
Жәмила өзі сұңғақ бойлы, қыпша бел келіншек еді. Екі өрімге сыймай төгілген қою қара шашын қолымен қысып тұрып, бір байлам ақ орамалды маңдайына қиғаштау етіп шарт буып алса, қызыл шырайлы келген оның балғын жүзіне ақ орамал айрықша өң беріп жараса кетер еді. Жәмила күлгенде, оның қарақаттай қап-қара көзінде денсаулықтың, жастықтың арнасынан асып-тасқан күші елес беріп тұрады. Ауыл арасындағы жігіттердің, әсіресе майданнан қайтып оралғандардың Жәмилаға қызығып, тиісіп жүргендерін мен әлденеше байқағанмын. Ойын-сауық, тамашаны жақсы көретін жеңгем олармен қалжыңдаса беруші еді, бірақ ол қолы тәртіпсіздерді жанына көп жуытқан емес. Солай болса да, мен жеңгемді қызғанып, тиісіп жатқан "бұзақыларға" қыр көрсетейін дегендей: "Абайла, мен оның қайнысы боламын. Қорғайтын ешкімі жоқ екен ғой деп көп сұғанақтана берме" — дегенді білдіргім келіп, олардың сөзін бөліп, қағыта күліп, ең ақыры сүзеген текедейін көзімді алартып, оларға қабағымның астымен қарайтынмын. "Ой, мына жаман қайтеді, жеңге осынікі ме еді?" — деп жігіттер күлгенде, құдай біледі, менің бетім нарттай қызарып, бойымды ашу кернеп, көзіме жас іркілетін Менің іш дауылымды түсінген жеңгем, қуанышты күлкісін әзер тоқтатып, маған мұңая қарап: "Істерің болмасын менің қайнымда, жеңге деген жерде жатыр ма? Жүр, кеттік, Қайным!" — деп, аналарды онан бетер қызықтырып бұраң етіп, басын жоғары көтеріп менімен қатар кетіп бара жатып, өзіне разы болып па, әлде ыза болып па, білмеймін, әйтеуір, үнсіз күлімсірейтін. Бәлкім сонда: "Жеңге қориды дегенге, өсте бересің бе, кішкене бала? Қызықсың ғой өзің, егер көңілім бұзылса, мың жерден қоры, мен шымшық емеспін ғой!"- деген ой келе ме оған? Мен де сонда айыпты кісідей үндемеймін. Бірақ, аздан кейін жеңгем қайта жадырап "Ии, кішкене бала, қызықсың ғой өзі!" — деп, жалма-жан мені бауырына қысып, маңдайымнан сүйеді. Иә, мен жеңгемді жұрттың бәрінен қызғанамын, оның ажарлылығы мен еркін, дарқан мінезі менің жүрегімді қуанышқа бөлеп, кеудемді мақтанышқа толтыратын еді. Не себепті екенін білмеймін, біз өте жақын едік, бірінен-бірі сыр бүкпейтін құрбылар сияқты едік.
Ол кезде ауылда еркек кіндіктер аз еді, сондықтан кейбір өр көкірек, даңқой жігіттер өздерін "жердің кіндігі" сезініп, әйелді олар жерде жатқан елеусіз нәрседей көретін. Бір күні шөп шауып жүргенімізде, жөнсіз ыржалаңдап, айтқаным зая кетпейді дегендердің бірі — біздің туысымыз Осман тиісе бергендіктен Жәмила оның семек қолын жақтырмай сілкіп тастады да, көлеңкеде жатқан жерінен ұшып тұрып:
— Кетші әрі! — деді онан сырт айналып — Азынаған айғырлар, сендердің қолдарыңнан не келеді дейсің!
Маяның түбінде екі аяғын екі жаққа жіберіп жамбастап жатқан Осман сілекейленген кентек ернін қисайтып:
— Мынаны қара, мысық етке аузы жетпей жатып, сасық дейді... Мұрныңызды шүйірмей-ақ қойыңыз! Кесірленіп не қыласың, көзің қарауытып, өлгелі жүрсің ғой...
Жәмила жалт бұрылып:
— Өлсем өліп жүрген шығармын — құдайдың басқа салғаны! Маңдайымызға жазғаны осы болса қайтеміз. Сен, ақымақ, оған несіне күлесің, оның несін табалайсың. Көзім қарауытпақ, түгіл, мың жыл осылай етсем де, сен сияқты сілімтікке түкірмеймін де!
Ақымақсың, баяғыдай тыныштық заман болса, көрер едім сенің осылай айтқаныңды!
— Солай айтамын де! Соғыстың кесірінен қамшының уына суарылмай, құтырып жүрсің ғой. — Осман көзін сығырайтып, ернін тістеп, тамсанды. — Менің қатыным болсаң әттең...
Еріндері дірілдеген Жәмила Османды жаман көзімен бір атып, .әлдене айтқысы келіп оған бұрылды да кейін: "осыған сөзімді қор қылып не қыламын! — дегендей, "тфу!" — деп Осман жаққа қарай жиіркенішпен бір түкіріп, жерде жатқан айырын иініне салды да, үндемей тез басып жүріп кетті. Мен жақын жерде арбадан шөп түсіріп жатыр едім. Жәмила мені көре салып, оқыс бұрылып кетті. Жеңгем менің сол сәтте қандай халде екенімді білді. Сөз оған емес, маған тигендей, менің қаным қайнап намысым келді: "Ондайларға несіне жолайсың, олармен неменеге сөйлесесің?" — деп, ішімнен жеңешеме жаным ашып, кейіп тұрдым.
Сол күні кешке дейін Жәмиланың қабағы тарс түйіліп, бұрынғы жайдары күлкісінен қалды, ешкімге тіс жарып үндемеді. Мен арбаны шөмелелердің жанына айдап келгенде, ол мені сөйлетпес үшін, жұмысқа беріле кірісіп кетті, жүрегін өртеген қайғы-шерді байқатпай, үлкен шөмелеге айырын сүңгіте сұғып, бетін қалқалай шөпті жоғары көтеріп, бос арбаға үсті-үстіне тастап жатты. Анандай ұзап артыма қарағанымда, жеңгем айырына сүйеніп, сәл уақыт терең ойға шомып, қайтадан жұмысқа кірісіп кетті.
Кешке таман ақырғы арбаға шөп тиеп жатқанда, Жәмиланың ұясына қонуға жақындаған күнге қадала қарап тұрғанын көзім шалып қалды. Қазақтың алыстағы боз шағыл даласында от жағылған тандырдың аузындай алауланып, бірте-бірте ұясына шегіп, жер бетіне қараңғылық пердесін түсіріп, аспандағы ұлпа ақша бұлттарды қызыл-күрең түске бояп, бірте-бірте ұясына шөгіп бара жатқан күнге көзін қолымен көлегейлеп, мұңая күлімсіреп қарап қалыпты. Манадан бері тарс жабылған қабағы қазір жазылып, жүзінде қуаныш оты ойнайды.
Осыдан кейін ол менің айта алмаған, бірақ та әлі жүрегімді өртеп, ішімді кернеп тұрған: "ондайларға неге жолайсың, олармен неге сөйлесесің?" — деген ренішті сұрауыма жауап бергісі келгендей:
— Сен жаңағыны ойыңа алмай-ақ қой, кішкене бала, — деп қойды. — Осы Османдар да адам ба, тәйірі? Төбет не, ол не...
Жәмила осыны айтып кілт тоқтады да, батқан күннің көмескі қызыл сәулесіне ойлы көзімен қарап тұрып, өзіне күбірледі:
— Ондайлар адамның жанын қайдан түсінсін... Ол сезім жүректің терең түбінде жатады ғой. Құдай біледі, ондай еркектер дүниеде жоқ та шығар...
Мен әйтіп-бүйтіп арбаны қайырғанымша Жәмила әріректе жұмыс істеп жатқан әйелдерге барып та үлгіріпті. Оларға бір қызық жайды айтып, тамашалап жүр. Ойында манағының бірі жоқ, өте қуанышты. Күннің әсем батқанына ма, иә болмаса жұмысты ойдағыдай бітіргеніне разы болды ма, білмеймін, әйтеуір. Жәмиланың көңілі маған тым жарқын көрінді.
Шөпті үйе тиеген арбаның үстінде отырып, орамалын қолына алып, құшағын кере жайып, шабындымен алға қарай жүгіріп бара жатқан Жәмиланы көргенде, менің де көңілім жадырап қоя берді: "Тәйір-ай, сол Османның сөзін сөз деп!"
— Шу, жануар, шу! — деп мен де аттарымды тездете айдадым.
Бригадир Оразматтың рұқсатымен мен ол күні шашымды алдырып кетейін деп әкемді күтіп, ол келгенше Садық ағама хат Жаздым.
Хат жазудың бізде өзінше бір салты болатын. Әскердегі ағалар хатты әкемнің атына жіберетін. Бірақ почташы оны апамның қолына тапсыратын. Келген хаттарды оқып беру және оған жауап жазу — менің міндетім. Хатта не жазылғанын мен күн бұрын білетінмін. Өйткені олардың бәрі бір-біріне егіз қозыдай ұқсас болушы еді. Садық хат жазғанда бісмілласын: "Амандық хаттан" бастап, салған жерден: "Алыстағы Таластың әтір иісті салқын ауасында өмір сүрген, жаннан артық көруші әкем Жолшыбай", — деп, онан кейін апамды және басқаларымызды өз кезегімен тізетін. Үй-ішінен кейін жақын туыстарымыздың аманшылығын сұрап: ең аяғында: "Және де әйелім Жәмила аман-есен бе?" — деп Жәмиланы сөз арасында сұрап өтетін. Ата-ана, туғандар тұрғанда әйелін алдымен ескеріп, хатты оның атына жазуды — тек қана Садық емес, өзін еркекпін дегендердің бәрі де бойына мін көретін. Бірақ біз осындай хатқа да қатты ризамыз, ауыл адамдарының түсінігінде бұл өзі салтқа айналып кеткен әдет. Хатты бір емес, екі-үш рет оқытып алғаннан кейін, апам оны қайтадан үш бүктеп, қалтасына салып қояды.
— А-а, тұмардай құтты хаттарыңнан айналайын! — деп қояды ол көзіне жас алып. — Ата-ана, туғандар дейді тура. Бізді қойып, өздеріңді құдай сақтаса болғаны, біз не... үйде емеспіз бе... Мен аманмын деп бір ауыз сөз жазып қойсаңдар, осы да бізге үлкен ғанибет...
Онан кейін ол тағы біразға дейін хатқа телміре қарап, сандықтағы хат салғыш тұлыбына салып қояды.
Егер осы кезде Жәмила да үйде болса, ол да хатты ішінен бір рет оқып шығады. Әр уақытта хат қолына тиісімен Жәмиланың беті күреңденіп, тез дем алып, асыға оқи бастайды. Бірақ, ұзақ хаттың аяғына жақындаған сайын, өңі бірте-бірте қуқыл тартып, иілген қастары бір жерге жинала түседі. Кей кезде аяғына дейін оқымай, Жәмила үндеместен, хатты уақытша қарызға алғандай, қабағын түйген бойы қайта енесіне береді.
Хат сақтайтын тұлыпты сандыққа салып жатып, келінінің бозара түскенін байқаған апам, оны жігерлендірмекші болып, жұбау айтады:
— Хабар келгеніне сүйсінбей, қайта шалқия қалады екенсің де, балам. Иә, әскерге кеткен жалғыз ғана сенің күйеуің бе екен? Ел тартқан азапты, елмен бірге тарт... Құдай қосқан жарын кім сағынбасын, сағынсаң да ішіңде болсын, ішіңде сақта...
Жәмила үндемейді. Үндемей, қапалана қарап: "Сіз ештеңені түсінбей айта береді екенсіз де!" — дегендей болады.
Садық ағамның бұл жолғы хаты да Саратов қаласынан келіпті. Ол онда госпитальда жатқан. Құдай қаласа, күз ортасына таман босап келермін деп жазыпты. Бұрын да осындай хабар алып біз қуанып жүргенбіз.
Әкем жұмыстан келгенде, шашымды тез сыпыртып тастадым да, үйге қонбай, аттарды бедеге қоя беріп, күндегідей қырман басына жатып түнедім. Басқармалар малды бедеге жайдырмайтын, бірақ мен, аттарым жарамды болсын деп, сайдағы бедеге түнде тұсап жіберетінмін. Оны ешкім білмейтін. Бұл жолы арбаны қырман басына апарып қойсам, мен иемденіп жүрген сайда тұсаулы төрт ат жайылып жүр. Ашуым келіп, бұл аттарды алысқа асырып салайын деп ойладым. Бірақ, екі аттың бригадир айтқан Даниярдікі екенін біліп, ертеңнен бастап бәріміз бір қос болып станцияға қатынап жүреміз ғой деген оймен, аттарға тимей қырманға қайтып оралдым. Сабанға жатайын деп келсем Данияр да сол жерде екен. Арбаның доңғалақтарын кешкі жарықта жаңа ғана майлап болып, бұрандаларын салып жатыр екен.
— Данеке, сайдағы аттар сенікі ме? — дедім. Ол бұрыла беріп, маған жай қарады.
— Екеуі менікі.
— Басқалары ше?
— Жаңағы Жәмила дей ме... сол келіншектікі. Ол сенің жеңгең бе?
— Жеңгем.
— Бүгін түн бағып бересің деп, бригадир өзі тастап кетті.
"Ии, жаңа аттарды айдап жібермегенім жақсы болған екен онда", — деп ойладым мен ішімнен.
Түн болып, таудан соққан самал жел тыйылды, қырман басы да тыныштық құшағына енді. Мен жатқан сабанға кіріп Данияр да келіп жатты. Бірақ, біраздан кейін ол тұрып кетіп, сылдырап су аққан терең сайдың тік жағасына барып, тұрып алды. Ол сол жерде екі қолын артына ұстап, басын сәл ғана бір жағына қисайтып, тапжылмай тұра берді. Артынан қарасаң Даниярдың денесі айдың кеугім, жұмсақ жарығында тастан қашалған мүсін тәрізді қарауытып көрінеді. Мүлгіген түнгі тыныштықты бұзып, осы кезде үлкен күш алып, жолындағы тастарға ұрынып, сайда сарқыраған судың сарылын, иә болмаса басқа бір құлаққа еміс-еміс естілетін дыбыстарды тыңдағандай Данияр орнынан қозғалмайды.
"Әдетінше тағы су жағасында жатайын деп ойлаған екен ғой!" — деп, күліп қойдым мен ішімнен.
Данияр біздің ауылда жақында ғана пайда болды. Шөп шабу жаңа басталғанда, майданнан бір жаралы әскер қайтып келді деген хабарды ауылдан жүгіріп келген бала айтып берді. Бірақ, оның кім екенін баланың өзі де білмейді. Ауылда белгілі ғой: біреу әскерден қайтып келіпті дегенді есіте салысымен, тайлы-таяғы қалмай дидарласуға жүгіріп барады емес пе. Ал енді бұл жолы келгеннің аты-жөні белгісіз болып, шөптегілер онан бетер шу ете түсті.
Сөйтіп, ол кім екен? Кімнің баласы екен? Біздің пәленше болып жүрмесін? Біздің түгенше болып шықпасын? — деп шуылдаған шөпшілердің бір қатары ауылға шауып барып та қайтты.
Даниярдың тегі біздің ауылдан екен. Ауыл адамдарының айтуына қарағанда, ол жастайынан жетім қалып, кейін әркімнің қолында жүріп, ақыры төменгі Шақмақтағы қазақ нағашыларына кетіп, сол бойдан артынан іздер, жан ашыр жақын туған жоқ, елдің есінен шығып, ұмытылып қалады. Ауылдан кеткеннен кейінгі өмірі жөнінде Данияр шешіліп, онша ештеңе жарытып айтпапты.
Бірақ, қазір ойлап қарасам, оның көрмеген қиыншылығы, тартпаған азабы жоқ болса керек.
Сүйенер-сенері жоқ бармақтай баланы тағдыр бір жерден екінші жерге аңдап, талай жайға душар етеді. Данияр біраз уақытқа дейін Шақмақтың құлазыған сор даласында қой бағады. Буыны бекіп, бұғанасы қатқаннан кейін ол адам аяғы баспаған шел далада канал қазуға қатынасып, онда құрылған жаңа мақта совхоздарында мақта егіп, егін суарып, ақыры Ташкенттің жанындағы Ангрен шахталарында жұмыс істейді. Сонда жүргенде ол әскерге алынады.
Не болса да, туыстары оның қайтып оралғанын ұнатып: "Е, бейшара, тұз-несібесі бар екен, ақыры туған жеріне келгенін қарашы? Осынша жыл шалғай жүрсе де, өз тілімізді ұмытпапты, тек аздап қана қазақша қосады" — десіп, өзара ризалығын айтысты.
"Тұлпар айналып үйірін табады. Туған жер, ел-жұрт деген оңай ма. Келгеніңе құдай-аруақ риза. Мына германды жеңіп, тыныштық орнаса, сен де ел қатарлы түтін түтетіп, үбірлі-шүбірлі боларсың!" — дескен шалдар Даниярдың жеті атасына дейін сүйек сұрастырып отырып, оның қайсы рудан екенін, ауылдағы жақын туғандарының кім екенін де тауып берді. Ауыл адамдары енді оны: "жаңа туыс Данияр" — дейтін болды.
Арада көп уақыт өтпей, бір күні шинелін иығына арта салып, сол аяғын сылти басқан ұзын бойлы, мойны сорайған біреуді бригадир Оразмат ертіп келді. Жорға байталын қыдыңдата бастырған Оразматтың жанында әлгі ұзын бойлы кісі, салмағын сау аяғына салып, аршындай басып, қалыспай, қатар келе жатыр.
Біз, шөп машина айдаған балалар, Даниярды сонда бірінші рет көрдік. Онда жаңағы бүгілмеген аяғының жарасы бітпегендіктен, шалғыға жарамай, ол да бізбен бірге машина айдады. Шынын айтайын, біз оны онша жақтыра қоймадық. Себебі Данияр кісімен көп сөйлеспейтін. Сөйлескен кезде басқа бір, өзіне ғана белгілі ойларды ойлағандай, адамға тура қарап тұрса да, көңілі басқа жақта екені сезіліп тұратын. Ол өзінен-өзі қиялға батқандай, меңіреу кісі сияқты жүретін. Оның осынысын байқаған адамдар: "Байғұстың соғыстан есі шығып қалса керек" — деп те жүрді. Бірақ Даниярдың осы мінезі, қимылы оның тез істегеніне, шапшаң жүріс-тұрысына түк байланыспайды, — сыртынан қарап тұрсаң, оны мінезі жайдары, сөзге жүйрік жан ғой деп ойлайсың. Мүмкін оны жетімдіктің ауыр азабы, қиын тұрмыс талқысы тез істеуге, көп сөйлемей сырын ішке түйіп ұстауға үйреткен бе? Бәлкім солай да шығар.
Оның сұңғақ бойына жарасқан бет пішіні әрдайым мұңды; көзінен шаршағандықтың белгісі көрініп тұрады. Кісіге әр кезде салмақты, ойлы қарайды. Оның жүзін өзгертіп, қимылға келтіріп тұрған имек қасы. Кейде ол бір үнді есіткендей, кілт тоқтап қалғанда, қанат серпкендей қасы жоғары көтеріліп, көз жанары бал-бұл жанып, бір нәрсеге шексіз сүйсінгендей болады. Ол не екені біз үшін түсініксіз. Тек бұл емес, оның басқа да қызықтары бар. Кешке таман аттарды доғарып, қазандағы тамақ қашан піседі деп, бәріміз ошақтың айналасында дем алып отырамыз. Данияр болса, әудем жердегі қарауыл төбенің басына шығып, ымырт үйірілгенше сол жерде тапжылмастан отырады. "Онда не бар оған, күзет күзете ме?" — деп, біз өзара күлеміз. Бір күні қызығып, мен де төбеге шығып Даниярдың қасына барып отырдым. Төбенің басында тамашалайтындай ештеңе жоқ тәрізді. Рас, оның басынан айнала кеңірек ашылып, тау етегін іңірдің қою қараңғылығы қымтап, көсілген кең дала теңіз түбіне шөккендей болып, барған сайын кеугім көлеңке құшағына енеді. Данияр менің мұнда келгенімді байқаған да жоқ. Сау тізесін құшақтап, тек өзінше қиялданып, қуаныш құшағында отыр. Сол кезде ол мен есітпеген, менің құлағыма жетпеген қандай да бір ғажап үнді, керемет әуенді тыңдап, соған жан-жүрегімен беріліп, құлақ салып отырған тәрізді көрінді. Кейде оның қасы жоғары серпіліп, көзі жайнап, ішінде деміккен бір зор күш бардай, шабыттана түсіп, шамасы қазір ұшып тұрып, құлашын кең жая, айналадағы кез көргеннің бәрін құшақтап, төсіне қатты қысқысы келгендей сияқтанады. Бір қарасам, жоқ олай емес, жұмыстан әбден шаршаған, дем алып отырған адам боп көрінді маған.
Біздің колхоздың шабындығы Күркіреу өзенінің қуыс-қалтарысындағы үлкен сайда еді. Күркіреу дегендей-ақ, шатқалдан жұлқына шығып, сол қарқынынан жазықта да бір танбай, ышқына жүйткиді бұл өзен. Шөп шабатын маусым — тау өзенінің суы молаятын кез. Тастан тасқа ұрынып, жолындағының бәрін алдына салып айдап, сары көбік шашқан өзен кешке таман көтерілді. Түнде оның жер жарған сарылынан лашықта жатып оянып кетеміз Қаймағы алынған сүттей көк иірім аспан, сырттан салқын жел соғып, күлімдеген жұлдыздар лашық тесігінен сығалайды. Түнгі тыныштықта судың ағысы айрықша күшті сезіліп, лашықтың іргесіне шылпылдата толқын соғып, тіпті жақын келіп қалғандай. Жоғарыдан алыс болсақ та, лашықты ағызып алып кете ме деген қорқыныш адамның ойына еріксіз келеді. Жолдастарым шырт ұйқыда, мен тысқа шықтым.
Сайдағы түн көрікті де, қорқынышты да. Жағада тұсаулы аттардың қаралары көрінеді. Аттар отқа тойып, қазір анда-санда пысқырып, ұйқыға мүлгіп жусап тұр. Олардың жанында долы өзен, солқылдақ шыбықтарды ырғай жапырып, тастарды домалата ағызып, еш нәрсе бөгей алмас жойқын күшімен жердің астынан шыққандай күркіреп, жанды сезімді мақұлықтай өз күйін шертеді. Оны тыңдағанда үрейленіп қорқамын. "Айтпақшы, Данияр қайда екен?" — деп ойлаймын мен осындай түндерде. Ол әр уақытта-ақ өзеннің жағасындағы шөмелелерге барып жатады. "Ол түнде қорықпайды ма, құлағы тұнбай ма?" — деген ой келеді маған. — Ұйықтап жатыр ма екен, не болмаса ояу ма екен? Тәубә, жалғыз барып өзен бойына жатқаннан қандай рақат табады екен, несі бар мұның? Тегі өзі қызық жан... Адамнан аулақ... Қайда екен қазір деп қараймын, тыңдаймын, бірақ ештеңе жоқ... Сайдың арғы басында таудың жотасы мұнартады, ашық аспан төрінде жылтылдап жұлдыздар көрінеді.
Ауылға қайтып оралғанына біраз күн болса да, ешкімге жоламай, әрқашан жалғыз жүріп, Данияр өзіне жолдас-жора таппады. Біреумен жақындасу, жамандасу оған жат сияқты, ешкімге жақсы иә жаман деп айтпайды. Әдетте, ауыл арасында қолынан жамандық, жақсылық та келіп, жиналыс-жиындарда сөз сөйлеп, ас-тойда ақсақалдардан қалыспай сөз таластырып, ел басқарып жүрген өктем жігіттер қадырлы, сыйлы болып, ауызға ілінеді. Қыз-келіншектердің де көзіне түсетін осылар.
Ал енді Даниярға ұқсап өзін басқалардан оқшау ұстап, жуас, момын жүргендерді іске араласқан мықтылар онша менсіне бермейді, ал қатардағылар оның зиян-пайдасы болмаған соң: "Ептеп жан сақтап жүрген бір бейшара ғой" — деп қояды. Басқа біз сияқты қаршадай балалар ересек жігіттермен бой түзеп жүргенді мықтылық көреді емес пе? Біз көзінше де, көзі жоқта да Даниярдың мінезіне күлетінбіз. Тіпті көйлегін суға алып барып, өзі жуғанына да күлуші едік: әскерден киіп келген көйлегі жалғыз болғандықтан, оны шала кептіріп, үстіне киіп алушы еді ол Бірақ, бір қызық жері, Данияр момын болса да, біз одан именіп тұратынбыз. Оны үлкен деп сыйлағандай ол менің ағаларыммен қатар, ондайларды біз "сен" деп өзіміздің бағамызды төмен түсірмейміз. Сыйлайтындай Даниярдың өзгелерден артық жері жоқ. Әйтсе де оның осы бір тұйық, сабырлы мінезінде терең сыр бардай, қалжыңбас балалар оған көп бата алмайды.
Оның себебі мынадан болды ма деп ойлаймын. Мен өзім адамдардың көрген-білгенін, әсіресе майданда болғандардың бастан кешірген оқиғаларын тәптіштеп сұрап, білуге қызық көретінмін. Сұрау деген менде ешбір таусылмайды, осы дертімнен "Сейіт мылжың" атанып та кеттім.
Данияр келген алғашқы күндері — онан соғыста болған талай қызық оқиғаларды есітемін ғой деп күтіп жүрдім. Бір күні жұмыстан кейін, тамағымызды ішіп, оттың айналасында дем алып отырғанымызда мен Даниярдан:
— Данеке, соғыстан қозғап жібермейміз бе? — деп сұрап қалдым.
— Соғыс дейсің бе? — деді ол, неге екені белгісіз даусын бәсеңдете түнеріп, — соғыстың түрі құрысын, сендер оны білмей-ақ қойыңдар!
Данияр сыртында жатқан қурайлардан үлкен бір уыс алып, отты көсеп, тез-тез үрлеп жандырды да, біздің бірімізге қарамай, қолын отқа қақтап, желпілдеп жанған оттан көзін алмай, үнсіз отырды.
Оның неге осылай еткенін кім білсін, бірақ әлгі айтылған қысқа сөзден соғыс дегеннің ертегі сияқты ермек әңгіме емес, адамның жүрегіне терең батқан, ауызға алуға ауыр жай екені сезілді. Ұялғанымнан мен төмен қарадым. Бұдан кейін соғыс жайлы мен Даниярдан ештеңе сұраған жоқпын, басқа балалар да оған тиісіп қалжыңдасқанын қойды.
Бірақ, мінезі тұйық, адамға жанасымы жоқ. Данияр бұрынғысындай жалғыз жүріп, оның әскерден қайтып келгенінің қызығы тез тарқады. Кейбіреулері оны әншейін: "Әйтеуір жүрген жан ғой!" — дегендей көзіне ілмей, енді біреулер оның көзінше күле сөйлеп, көпшілігі жаны ашып: "үй-жайы жоқ, ептеп жан сақтап жүрген бейшара, кәріп қой... Колхоздың далада берген ыстық тамағы болмаса, өзі әлдеқашан тентіреп кетер еді... Өзі де құдайдың боз қойы" — десіп, аяп жүрді. Бара-бара адамдар Даниярдың мінезіне үйренісіп, кейін оны тіпті сөз қылуды да қойды. Егер адам өзін көрсетпесе, ол көз алдында болса да ұмытыла береді емес пе.
Ертеңіне күн шықпай Данияр екеуміз аттарды қырманға алып келдік. Орақта жүрген жерінен Жәмила жеңгем де келіп қалған екен, бізді көріп анадайдан айқайлады:
— Әй, кішкене бала, менің аттарым қайсы, бері әкел! Қамыттары қайда екен? — деп, тіс қаққан арбакештерден бетер дөңгелектердің бақалақтарын аяғымен теуіп көріп жатты. Аттарды қосақтай жетелеп, біз жақындап келгенде, Данияр екеуіміздің түріміз оған қызық көрінді ме, өйткені атқа жайдақ мінген Даниярдың қонышы кең солдат етігі салаңдаған ұзын аяқтарының басына ілініп, мен болсам өкшесін қалың күс басқан аяғыммен атты тебініп келе жатқанмын, Жәмила бізге қарап, күліп қойды:
— О-о, ұзынды-қысқалы сабаздарым! Тауып қосылған екенсіңдер!
Осыдан кейін-ақ ол бізді билеп кетті: "Болыңдар, ұрыста тұрыс жоқ, ертерек салқында жүріп кетейік!" — деп, аттарды арбаға жеге бастады.
Данияр жанымызда тұрса да, Жәмила оны адам ба, көлеңке ме деп, тіпті көзіне де ілген жоқ, сөйлесе, менімен сөйлесіп, бізден қалыспай аттарын жегіп жатты. Жәмиланың бұл қыр көрсеткендей жылдам қимылы, өткірлігі Даниярды таңғалдырды. Қабағын түйіп, ол оған жақтырмағандай да, таңданғандай да түксие қарап, сырт айналды. Данияр таразы үстінен қаптардың бірін құшақтап алып, үн-түнсіз арбасына көтеріп салғанда, Жәмила оны кимелей жөнелді.
— Ол несі екен? Әркім өзінше далбасалай бере ме? Әкел қолыңды, қолдасқанды құдай қолдайды! Әй, кішкене бала, шық арбаның үстіне, қаптарды жатқыз! — Жәмила Даниярдың қолын өзі шап беріп ұстап, екеуі қолдасып қап көтергенде, Данияр ұялғанынан қызарып кетті. Олар қаптарды көтеріп арбаға әкеліп жүргенде бекем ұстасқан саусақтар бірін-бірі қыса түсіп, еңкейгенде басы қап үстінен Жәмилаға тиген Данияр өзінен-өзі ұялып, оның жүзіне қарамауға тырысты. Жәмиланың онда ісі жоқ, әрі-бері өткенде таразышы келіншекпен әзілдеседі. Арбалар жүктеліп болып, делбені қолымызға алғанда, Жәмила бір көзін қулана қысып қойып, Даниярға:
— Әй, сенің атың кім, Данияр ма еді? Еркек деген атың бар ғой, жол баста! — деді.
Данияр бұл жолы да үндемеді, шошығандай келіншекке бір қарап, арбаны айдай жөнелді.
"Аа, сорлы, ұялшағын қарашы мұның!" — деп, мен оны ішімнен аяп кеттім.
Жол алыс. Жиырма шақырымдай мидай даламен жүріп отырып, төменде жатқан Қаратаудың шатқалынан өтіп станцияға бару керек. Бір жақсы жері, қырманнан шығып станцияға жеткенше жер ылди, аттарға көп жеңіл Ұлытаудың адырлы төскейінде орналасқан ауылымыз, шатқалға кіргенше, қашан артыңа қарасаң да, тал-терегі қарайып, жоғарғы жақта көрініп тұрады. Темір жол шатқалдың етегінде.
Міне біз өстіп күнде қатынап, астық тасып жүрдік. Ауылдан ертемен шығып, станцияға түс ауа жетеміз. Күн жоғары көтеріліп дала ысыған сайын, аттардың сауырларынан тер жосылып, бірге еріп келе жатқан шыбындар шаң арасында, үстінде ұшып-қонып жүреді.
Аспан айналып жерге түскен шілде күндері. Станцияға келсең, арба-көліктен аяқ басарға жер жоқ. Тау қойнауындағы шалғай колхоздардан астықты өгіздерге, есектерге теңдеп, айдап келе жатқан балалар мен қатындардың арқалары тұзды тер, шаң басқан беттері қап-қара болып күнге күйіп кеткен. Аңызақ шалған еріндері жарылып, өздері жалаң аяқ, жалаң бас, болдырып, әбден діңкесі құрып келеді. Заготзерноның қорасы ызы-шу, дарбазасында:
"Барлық астық майдан үшін!" деген ұран жазылған. Балшықтан соққан дуалмен айнала қоршалған қораның сыртында, паровоз вагондарды әрі-бері сүйреп, ыстық бу атып, тынбай әрекет жасап жүр. Өткінші пойыздар шатқалды жаңғырықтыра суылдайды. Дәл қамбаның аузына шөгерілген түйелер қайта тұрғысы келмей, жынын шашып, ашулы бақырады.
Үлкен қамбаның іші таудай үйілген астық. Қаптарды арқаға салып, тақтайдан жасалған траппен қамбаның төбесіне шығып төгу керек. Қамбаның ысыған төбесінен темір иіс шығып, бидайдың шаңы ауада жүзіп жүр.
— Әй, бала, көзіңе қара, үстіне жеткіз! — деп, ұйқы көрмеген көзі қып-қызыл боп қанталап кеткен қабылдаушы, төменде маған жұдырығын түйеді.
Ол жұдырығын неге түйеді? Солай етпесе де болады ғой! Тайып жығылмасаң, онсыз да көтеріп жеткіземіз ғой.
Біз бұл астықтың бейнетін тек осы жерде ғана емес, даланың өзінен, еккен күннен бастап-ақ көріп жүреміз ғой. Оны бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған балалар мен әйелдер жаз бойы мәпелеп өсіріп, қазір де осы өрттей күйіп тұрған далада әлдеқашан тозығы жетіп біткен, күніне жүз рет бұзылған салдыраған комбайнды бірде жүргізіп, бірде қайта оңдап, комбайнерлер сергелдең болып жүреді. Қазір де осы егін майданында орақшылар ертеңнен қара кешке дейін, ұйып сыздаған белін жазбай егін орып, жерге түскен әрбір масақты бармақтай балалар тереді. Осы күндерде біздің барлық тапқан-таянғанымыз, жиған-тергеніміз — майдандікі, ол біздің жеңіс үшін берген тер мен қанымыз.
Әлі де есімде: жасөспірім мен сонда қарулы жігіттер көтеретін қаптарды арқама салып, оның аузын тісіммен тістеп, жоғары шығып бара жатқанда, қабырғам қайысып, көзім қарауытады. Аяқ басқан сайын траптың тақтайлары майысып, қамбаның шаңды ауасы өкпені қысады. Талай рет арқамнан төмен жылжып бара жатқан бума қапты көтеріп жіберіп, өзім де траптан қоса құлап түссем деген ой келетін маған. Бірақ, артымда қап көтерген кісі бар. Ол да мен сияқты жас бала, иә болмаса балалы әйел шығар. Егер соғыс болмаса мұндай ауыр жүкті бұларға кім көтертетін еді? Әйелдердің өзі осылай белдерін бекем буып істеп жүргенде, еркек менің әлсіздік көрсетуге қандай қақым бар.
Алдымда Жәмила жеңгем кетіп бара жатыр. Ол етегін жоғары қыстырып алған, қара торы толық балтырының бұлшық еттері бұлтиып, тамырлары үзіліп кететіндей көрінеді. Жүгін жеңілдетейін дегендей, Жәмила қаптың астында бүгіле иіліп, аяғын жылдам-жылдам басады. Кейде менің әлсіреп бара жатқанымды сезгендей, ол тоқтап қалады да:
— Шыда, кішкене бала, аз қалды енді! — деп қояды. Бірақ өзінің де үні сонда әлсіз шығады.
Қаптағы бидайды төгіп, біз кейін кетіп бара жатқанда алдымыздан Данияр кездеседі. Әдетінше ешкімге қосылмай, үндеместен, салмақпен аяғын сылти басады. Біз тұсынан өте бергенде, ұйыған белін жазып, көйлегін түсіріп жіберіп келе жатқан Жәмилаға Данияр еңкейген қалпында көзінің астымен бір қарайды. Ол оны бірінші рет көргендей, әрдайым осылай қарайды. Бірақ, бұл Жәмиланың ойына да кіріп шықпайтын. Біз бірге қосылып істеген күннен бастап, ол екеуінің арасындағы әдет былай: Жәмила кейде әшейін қызық үшін оған өктемдікпен күле сөйлесе, кейде оның бар-жоғын мүлде ұмытып, есінен шығарғандай ештеңе демейді, иә бір нәрсені айтып салады. Бұл Жәмиланың көңіл күйіне байланысты. Көңілі келсе жолда келе жатып Жәмила маған: "Айда аттарды, кішкене бала, кеттік!" — деп дауыстап қояды да, отырған жерінен ұшып тұрып, қамшыны үйіре айқайлап, арбаны айдай жөнеледі. Мен де онан қалыспаймын. Көзді ашып-жұмғанша, жол бастап алда кетіп бара жатқан Даниярды біз басып озамыз. Ол шаңға көміліп артта қалады. Бұл өзі тамаша қызық болса да, адамның ашуын еріксіз келтіретін қылық. Сөйтсек те Данияр ашулануды білмейтін. Шаңды бұрқыратып біз жанынан өтіп бара жатсақ, ол айыпты адамдай жай ғана күлімсіреп, арбада тұрып, аттарды оңды-солды қамшылап, құйғытып айдаған Жәмилаға үндеместен таңырқап қарайды. Не болды екен деп мен артыма бұрылып қараймын: тұмандай қою шаңның астында Данияр разы болғандай Жәмиладан көзін айыратын емес. Оның осы таңырқаған көзқарасында жас баланың еркелігін мейлі деп кешіргендей мейірім де, ешкімге сыр айтпай, іштен тынған сана да бар сияқты. Жәмиланың осындай мазағын, кекесін күлкісін, оны көзіне ілмей, жанында жүрсе оған қарамай, сөйлеспей қоятынын Данияр ешбір көңіліне алмаған тәрізді. Бәріне шыдап, бір рет те сөз қайырған емес. Ә дегенде Даниярға менің жаным ашып:
— Жуас кісіні өсте бергенің қалай, жеңге? — деп айтсам, Жәмила:
— Әй, қойшы осыны! — деп қолын сілтеп күлетін — Ермекке жақсы да! Оны осыдан құдай алатын ба еді, тәйірі!..
Жүре-бара жеңгемнің бұл тамашасына мен де қосылдым. Өйткені Данияр Жәмиладан мүлде көз алуды қойды. Әсіресе, Жәмила қап көтергенде, ол іс арасында тоқтай қалып, көзінің қиығымен оған қарайды да тұрады. Әркім өзінше әуреленіп, жұмыспен әлек болып жатқан көпшілік арасында мұнымды ешкім байқамайды деп ойлай ма, білмеймін, әйтеуір даусы қарлыққан арбакештер айқайласып, ат-арбалар сеңдей соғылысқан станцияның базар сияқты қорасында, жалғыз ғана Жәмила елден ерекше жаралғандай, қанша қиналса да, емін-еркін қимылдап, жайдары күліп, шынында да көзге түспей қоймайды екен. Арбаның қырына тікесінен қойылған бума қапты Жәмила шалқая беріп, астыңғы екі бұрышынан ұстағанда, бүкіл денесі иіле созылып, көкірегі керіліп, күнге күйген қара күрең шаштың өрімдері ұзара түскендей, артына салмақтанып, шала жұмылған кірпіктерінің арасынан көздің жанары жалт ете түседі. Қап көтерген Жәмила қамбаның есігіне жеткенше, Данияр оны жаңағы таңырқаған көзқараспен байқатпай ұзатып салады. Бірақ, мен мұны көріп жүрдім. Алғашқыда бұған үлкен мән бермесем де, кейінірек Даниярдың осылай қызыға қарағаны маған ұнамақ былай тұрсын, тіпті намысымды келтірді: ешкімге тең көрмей, қызғанып жүрген жеңгеме, басқалар былай тұрсын, Данияр дегенді қайтіп тең көремін.
"Мынаны, осының да Жәмиладан ойы бар болса керек, басқаларға не шара! Ой, тоба!" — деп ашуым келіп, іштей кіжініп жүрдім.
Даниярды енді момын деп аяу былай тұрсын, тіпті оны жек көре бастадым. Осыдан кейін мен де жеңгеме қосылып, оны мазақ қылатын болдым. Бірақ, біздің бұнымыздың аяғы ұятқа әкеп соқты.
Астық тасыған қаптардың арасында алашадан тігілген, жеті пұттық бір үлкен қара ала қанар бар еді. Оны әрдайым жеңгем екеуміз қамбаға жеткізіп, жерге төгетінбіз, өйткені бір кісінің әлі келмейтін. Бір күні қырманда арбаларды жіктеп жатып, жеңгем екеуміз жаңағы қара ала қанарды Даниярдың арбасына салып, үстін басқа қаптармен бастырып қойдық. Шыны, қайтер екен деп, қалжыңдадық.
Сөйтіп, күн шыға қырманнан жүріп кеттік. Жолдағы орыс қыстағында біреудің бағына кіріп, Жәмила екеуміз алма ұрлап шықтық та, жол бойы қарқылдап күліп келдік: Жәмила Даниярға "ұста!" деген болып, оны алмамен ұрып келе жатты. Алма біткеннен кейін, біз әдетімізше Даниярды шаңға көміп, жанынан өте шығып біраз ұзап кеттік. Данияр бізді шатқалдан шыға берісте ғана қуып жетті. Темір жол жабық екен, ашылуын күтіп тұрғанбыз. Бұл жерден станцияға бірге келдік. Сол арада жаңағы жеті пұттық қанар есімізден шығып кетіпті. Ойымызда ештеңе жоқ, астықты тасып бітіруге жақын қалғанбыз. Бір уақытта Жәмила мені қабырғамнан түртіп, Даниярға қарай көзін қысып, күліп қойды. Данияр арбаның үстінде тұр екен. "Мұны нетсем екен?" — дегендей, жаңағы үлкен қанардың о жақ, бұ жағына қарап, Жәмиланың күлкіге булыға түскенін көргенде, лезде томсарып, түнеріп қоя берді, — сынап жатқанымызды білген сияқты.
— Әй, неме, штаныңды жоғары көтер, сыпырылып түспесін! — деді сықылықтап күлген Жәмила.
Данияр оған жаман көзімен алара бір қарады да, қапты әрі-бері қозғап, арбаның бел ағашына тұрғызды да, бір қолымен сүйеп жерге секіріп түсті. Біз ә дегенше болған жоқ, зілдей қанарды арқасына сілки көтеріп салып, Данияр еңкейе басып қамбаға қарай жүрді. Әдепкіде біз қайтер екен деп, жорта байқамаған болып, сыр берген жоқпыз. Басқалар болса Даниярға тіпті көңіл аударған жоқ: жұрттың бәрі қап көтеріп жүр емес пе, кімде-кімнің шаруасы бар. Бірақ, Данияр трапқа жақындап келгенде, Жәмила оның артынан жүгіріп барды:
— Мұны қайда апарасың, денің сау ма өзіңнің, таста осы жерге, қалжыңды түсінбейсің бе?
— Әрі тұр! — деп Данияр оны қолымен қағып жіберді.
Сағы сынған Жәмила күлгісі келіп еді, бірақ траппен жоғары шыға бастаған Даниярдың артынан қарап:
— Қарашы мұның өлерменін, көтеріп бара жатыр! — деп, айыпты кісідей дүдәмал күлді. Жәмила сол бойдан сылқылдап күле берді, бірақ барған сайын оның күлкісі сұйылып, ол өзін қыстап күлдіріп тұрған сияқты болып көрінді. Данияр анадай барып, жаралы аяғына күш түсіп, ақсай бастағанда, біз оны қандай азапқа салғанымызды түсіндік. Даниярдың аяғы жаралы екенін неге бұрын ойламадық екен? Ай, менің балалығым-ай! Мұны ойлап тапқан сойқан мен емес пе едім!
— Қайт кейін! — деп жіберді Жәмила, күлкі аралас дауыспен. Бірақ, кейін қайтуға енді кеш болып қалған, Даниярдың артында қап көтерген адамдар шұбап келеді.
Бұдан кейін не болғанын есім шығып өзім де анық аңғармай қалдым. Менің екі көзім Даниярда. Көз алдымда сабадай тырсиған сол үлкен қарала қанар. Данияр оның астында бүгіле түсіп, траппен жоғары шығып бара жатыр. Жаралы аяғын ол сүйрей басып, оған онша күш түсірмеуге әрекеттенгенімен, қайтадан қадам басқанда, ауырғанына шыдай алмай ернін тістеп, басын шайқайды. Данияр жоғары көтерілген сайын, үстіндегі қарала қанар, арқасына мініп алған жанды кісідей, оны оңнан солға теңселтіп барады. Жеңгем екеуміздің бұл ойланбай істеген қылмысымызға мен қатты ұялып, есім шығып, денем дірілдеп қоя берді. Қап көтерген Данияр емес мен, сол сыздап ауырған жаралы аяқ менікі сияқты, ол теңселгенде өзім теңселгендей болып, көзім қарауытып кетті.
Кенет Данияр тоқтай қалып, ернін жымқыра тістеп, көзін жұмды. Менің де басым айналып, жер көшіп бара жатқандай көрінді. Біраз уақыт есім ауғандай ештеңе сезбей қалдым.
Біреу білегімнен сындырып жібергендей тас қып ұстады. Былай қарасам Жәмила екен. Өңі жуған шүберектей боп-боз, еріндері бұрынғы күлкінің елесін сақтаған бойы шала ашылып көзін Даниярдан алмай, телміріп қалыпты. Біздің жанымызға қамбашы да, басқалар да жүгіріп келген екен. Олар да не болғанын түсінбей, Даниярға қарайды. Міне Данияр жүріп бара жатып, төмен жылжыған қапты жөндемек боп, оны жоғары көтергенде, буыны құрып, тізесін бүге бастады.
— Таста! Таста қапты! — деп айқайлап жіберді Жәмила. Данияр тіл алған жоқ: қапты әлдеқашан траптың шетінен құлатып жіберсе ғой онда ол арттағыларды да соғып кетпес еді. Бірақ, Данияр олай істемеді. Жәмиланың даусын есіткенде, ол қайтадан өршеленіп алға ұмтылды. Сәл ілгері барып, тағы тәлтіректеген Даниярды көргенде қамбашы жаны шыққандай айқайлады:
— Таста, таста деймін, иттің баласы!
— Таста! — деп, басқалар да дауыстады. Данияр бұл жолы да айтқан сөзді құлағына ілмей, тәлтіректеп алға басты.
— Ой, мынауың тастамайды, айтпады деме! — деді тұрғандардың бірі, осыған көзі жеткен кісідей қолын сілтеді. Жалғыз ол ғана емес, жанымызда тұрғандар да, қап көтерген Даниярдың артынан траппен бірге шығып бара жатқандар да, бұл істің тегін еместігін, мұнда бір сыр бар екенін, Данияр қанармен қоса құлап түспесе, ол оны еш уақытта қоя бермейтінін түсінген тәрізді.
Жиылған жұрт лезде тым-тырыс бола қалды. Қамбаның сыртында эшелонды орнынан қозғап, вагондарды бір-біріне тоғыстырып жүрген паровоз даусы ғана естіледі. Өрге жүк сүйреген аттай жабыса түсіп, Данияр траптың биік басында тұр. Теңселіп жығыла жаздағанда ол тоқтай қалып күш жинап, қайтадан алға жүреді. Даниярдың артынан келе жатқандар оның ығына көніп, ол тоқтағанда тоқтап, ол қозғалғанда қозғалады. Даниярға қарайлап, олардан да ол кеткен. Қара терге түсіпті. Бірақ, бірі де оны сен деп, тіс жарып тілдеген жоқ. Асудың тайғақ жолында бірін-бірі ұстап, демеп келе жатқандай, қап көтергендер үнсіз әрекетте. Егер де бірі жазатайым құлап түссе, басқалары да оның артынан ұшып кететіндей сезінеді. Олардың осы үнсіз қимылында қандай да бір ауыр ырғақ, бір ауыздан шыққан дем бар. Даниярды өкшелеп келе жатқан әйел аяғы бір-біріне шалысып, жығылуға аз-ақ қалып келеді. Бірақ ол құдайдан өзіне емес, Даниярға қуат сұрап, ол үшін аруақтарға сиынып жатқан тәрізді, оған жаны ашып қарайды. Міне, енді аз ғана қалды, Данияр тағы бір шымырқанса, траптың тегіс жеріне жетеді. Сол заматта әлден әбден айырылған Данияр жарадар аяғы икемге келмей салақтап, арқадағы қапты қоя бермесе, жығылуға аз-ақ қалды.
— Жүгір! Артынан демеп жібер! — деді маған Жәмила. Өзі Даниярды қағып алатындай, сасқанынан оған қолын көтере созды. Мен траппен жоғары жүгірдім. Қап көтергендердің арасынан өтіп, Даниярға жетіп бардым. Арқасына қап арқалап, еңкейген күйі Данияр қолының астынан маған бір қарап алды. Бетінен тер құйылып, маңдайындағы қан тамырлары жарылып кететіндей білеуленіп, көзіне қаһар мен жас толған Даниярға жәрдемдесейін деп ұмтылып едім:
— Кет әрі! — деді зәрі күркіреп. Сосын қапты жоғары сілке көтеріп, жаны алқымына тығылғандай, ақырғы күшпен аршындай аттап, алға жүрді.
Ісінген, ауыр тартқан қолдары салдырап, аяғын әзер сүйреп Данияр траптан түскенде, төменде күтіп тұрған жұрт үн қатпай қақ жарыла берді. Тек қана қамбашы шыдай алмады, ашуға булығып, Даниярға килікті:
— Сен не, бала, жынданып кеттің бе? Әлде мен сондай-ақ ит пе едім? Айтсаң, төменге төктіре салмайтын ба едім? Осындай қаптарды көтер деп саған кім айтты?
— Шаруаң болмасын, өзім білемін! — деді Данияр жай ғана. Сосын шырт түкіріп, арбасына қарай жүріп кетті. Жәмила оның артынан:
— Қалжыңды түсінбейтін ақымақ! — деді дауыстап.
Осыны айтқанымен өзі басын көтерген жоқ. Данияр оны есітті ме, есітпеді ме, бірақ қазір қайрыла қалып, бізге не десе де, жеңгем екеуміз оның бетіне тура қарай алмас едік.
Ауылға қайтып келе жатып, жол бойы біріміз де тіс жарып түк айтқан жоқпыз. Данияр үшін бұл үйреншікті әдет, ол онсыз да сөзге сараң. Солай болса да, оның бүгінгі үнсіздігі біздің жанымызға қатты батып жатты: иә оның біржолата көңілі қалып, ренжігені ме, болмаса ақ көңілділікпен, жаңағы болғандарды әлдеқашан ұмытып та кетті ме, әйтеуір кім білсін оны? Біздің үндемеуіміз түсінікті: бір жағынан, ұялғаннан жерге қарап, екіншіден — астарсыз қалжыңды Данияр шын көріп, көңіліне алғанын жақтырмай келе жаттық.
Таңертең астықты қапқа салып жатқанда, Жәмила жаңағы қырсықты қарала қанарды алды да, аяғымен басып тұрып, қос қолдап айырып-айырып жіберді. Бой-бой болған қанарды ол таразышы әйелдің алдына лақтырып тастады:
— Мә, ал алдыңдағы алашаңды! Бригадиріңе де айтып қой, екінші мұндай қапты беруші болмасын!
— Ой, сен өзің саумысың, бұл нең?
— Ештеңе емес!..
Осының ертеңіне күндегідей станцияға келіп, қас қарайғанда ауылға қайттық. Данияр алдымызда кетіп бара жатқан. Оның өкпесі, ызасы тарқады ма, жоқ па, біз оны біле алмадық. Оны білу де киын еді. Арамызда ештеңе болмағандай, Данияр бұрынғыдай сабырлы, тұйық, үндемейді. Кеше ол жарасын елең қылмай, қажап алса керек, бүгін бұрынғысынан қаттырақ ақсап, әсіресе қап көтергенде қиналып жүрді. Ол ештеңе демесе де, осының өзі біздің кінәлі екенімізді жүрсек те, тұрсақ та еске салып, жүрегімізді ауыртты. Тегі не болса да, Данияр бір ауыз қалжың айтып, күліп қойса, сонымен барлығы өз жайына келіп, ұмытылып та кетер еді.
Жәмила болса, ол да өз намысын жібермейді, ойында дәнеңе жоқ адам тәрізді сыр алдырмай, жарқын, сыр бермей жайдары жүр. Өйткенімен оның аржағында реніш, уайым бары сезіліп тұрды.
Міне өстіп біз ауылға кетіп бара жаттық. Шіркін, сол күнгі түннің әдемісі-ай! Жаздың бітер кезіндегі тамыз түндерін кім білмейді! Аспандағы жұлдыздар алыста тұрғанмен, әрқайсысы ерекше бір нұр төгіп, айналасын жылтылдаған күміс қырау шалып, қара көк жазық аспанның төрінен жерге жымыңдап, мейірімін төге қарайды.
Біз осы кезде шатқал ішінде келе жатқанбыз. Аттар салқындап, ауылға қарай көңілді жортып келеді. Арба дөңгелектері салдырап, тасқа тиген тағалардан жылтылдап ұшқын шығады. Шатқалға сырттан кірген жел даланың бір жерінде өскен жусанның кермек, ащы шаңын айдап келіп, аңызда қурап жатқан сабанның білінер-білінбес қоңыр иісін қозғап, осының бәрі терге жібіген қамыт шлияның қарамай сасыған иісіне араласып, адамның басын айналдырады. Жол үстіне төне түскен жартастар қиғаш көлеңке тастап, әріде, сай ішінде өскен қайыр тал арасында күркіреу тынбай, сарқырап ағып жатыр. Кейінде қалған темір жол көпірінен әрі-бері өткен сайын пойыздар айналаны жаңғырықтырып айқайы алысқа кетіп жатты.
Осындай түнде жол жүрген қандай жақсы! Қараңдаған, бүлкілдеп желген аттардың басына қарап отырсаң, осы күнгі дыбыстарға құлақ салып, осы түнгі иістерге мас болсаң қандай рақат!
Сонда Жәмила менің алдымда кетіп бара жатқан. Делбені бос жіберіп, ақырын ғана ыңылдап әндеткендей болады. Біздің үндемей, сөйлемей келе жатқанымыз оған ауыр тиді. Мен оны біліп келе жаттым. Шынында да осындай түнде үндемеуге бола ма? Адамның көмейінде тілі, көкірегінде жаны болса, табиғаттың осы тамаша көрінісіне жауап бермей ме?
Айтқандайын, Жәмила тыныш отыра алған жоқ: ақыры даусын шығарып әндетіп қоя берді. Меніңше, мұның да бір себебі болды ғой деймін. Жәмила естіп, Даниярдың ренішін тарқатып, қайғысын сейілтпекті ойлаған болу керек. Кейде адамдар бірінің-бірі кінәсын кешіргелі-ақ тұрады, бірақ соған да болар-болмас түрткі керек қой. Бәлкім Жәмилаға осы ой түсті ме, ол бар ынтасын қойып, бар өнерін салып сыңғырлаған дауыспен, көңілденіп әндетті.
"Шайы орамал бір байлам,
Жанымда жүрсең садағам..."
сияқты дүниелер Жәмилада толып жатыр. Осының өзін тыңдап отыру да бір ғанибет. Әндетіп келе жатып Жәмила бір уақытта алда кетіп бара жатқан Даниярға айқайлады:
— Ой, түнерген неме, ән салсаң болмай ма? Өзің жігітсің бе, жоқ әлде өліксің бе?
Данияр арбасын тоқтата беріп, кейін бұрылды да ұялғандай жай ғана:
— Шырқай бер, Жәмила, құлағым сенде! — деп қойды.
— Басқалар немене құлақтарын тығып қойып па? — деді Жәмила кекете қағытып. — Айтпасаң қой, қыр көрсетуін мұның!
Осыдан кейін: "сен айтпасаң мен айтамын" — дегендей ерегісіп, қайта өзі әндете жөнелді. Оның не үшін Даниярға "ән сал" — дегенін кім біледі, әлде осымен оны сөзге шақырмақ болды ма? Менің ойымша солай болуы керек, өйткені біраз уақыт өткеннен кейін, Жәмила Даниярға тағы үн қатты:
— Әй, Данияр, тегі, сен өзің біреуді сүйіп көрдің бе? — деп, өзі неге екені белгісіз күліп жіберді.
Данияр жауап берген жоқ, Жәмила да үндемей қалды. Біраз уақыт шатқал ішін тыныштық басты. Дөңгелектер ғана сыртылдап, аттар басын шұлғып, пысқырып қояды.
"Ән салатын кісіні тапқан екенсің!" — деп, күліп қойдым мен.
Жолды кесіп, сарқырап аққан суға келгенде, Данияр арбаны жайырақ айдап, жолдың күмістенген дымқыл тастарына тағалардың шақылдап ұрғанын әдейі еңкейіп тыңдап қалды. Онан бір уақытта "Шу!" — деп, аттарды желдірді де, күтпеген жерден:
"Ой, Ала-т-о-о, Ала-т-о-о, Ата-бабам өскен жер!" — деп, арба селкілдегенде, қоса селкілдеп, дірілдеген дауыспен шырқап жіберді. Бірақ, ол осы кезде ұялып кеткенге ұқсайды, даусы қырылдап, шықпай қалды. Бірақ, ол кейінгі екі жолды көкірегін ауаға толтырып, даусын биік көтеріп шырқады: "Ой, Ала-т-о-о, Ала-т-о-о, Ақ бұлт қалқып көшкен жер!"
Не болғанын білмеймін, осы жерде ол тағы кілт тоқтады. Сол бойдан үндемей де қалды. Ай, ұялшақ кісінің күні құрысын, онан да айтпай-ақ қоймай ма! Құдай біледі, беті дуылдап өртеніп кеткен шығар, ол емес, ол үшін мен де ыңғайсызданып қалдым.
Әйткенмен, Даниярдың осы даусының өзінде қандай да бір назды, ашық әуен бар екені бірден сезілді. Үні де күшті көрінді.
"Мынаны!" — деймін мен таңданып. Жәмила тіпті айқайлап жіберді.
— О, қайран неме, баста қайда қалып едің? Айт енді, жөндеп айт!
Данияр үндемей кете берді. Алғы жақта шатқалдың шыға берісі ағарып, даладан ескен жел бетке тиді. Жаңа бастаған әнді Данияр әрі жалғастыра түссе екен деп, мен тағатсыз күттім. Сәлден кейін ол қайта шырқағанда, мен оған шынымен риза болдым.
Ә дегенде Данияр әдепкідей емес, сызылта, жай бастады. Бірақ, дауыс бара-бара іштен күш алып, зорайып, шегіне жеткенде шатқал іші жаңғырығып, алыстағы шыңдар Даниярдың үнін қайталап жатты. Оның даусы бірте-бірте ширай түсіп, шалықтай берді. Сонда асқақтаған дауыс қана емес, Даниярдың үніндегі сыртқа тепкен жалын мен шексіз мейірім адамды таңғалдырып, жағасын ұстатты. Осының өзі не екенін, оны не деп атарымды мен білмедім: бұл әншінің көмекейінен шыққан сазды әуен бе, әлде онан бөлек, жүректің өзінен асып төгілген басқа бір нәрсе ме? Ол өзі не, ол неге адамның жанын ерітіп, ой-қиялын оятады? Мен бұған қазір де жауап бере алмаймын. Әттең қолдан келгенде сонда қағазға түсіріп, бұл сазды әннің өзін салып қазір берсем кәне!
Оның әнінде сөз жоқтың қасы. Анда-санда ғана бір ауыз сөз айтып қойып, онан біразға дейін демін алмай ән әуенінің құр өзін безілдете шырқайды. Теңіздің асау толқыны қаптағандай, құйылған ән оның сөз айтуға шамасын келтірмей жатты. Бұрын-соңды мен мұндайды еш уақытта есіткен жоқ едім. Бұл бір ерекше он! Алып жүректі адамның ой-санасын, қуанышын, тілегін білдірген зор үн!
Ол қырғызшаға да, қазақшаға да ұқсамайды, бірақ тыңдап отырсаң, бұл үнде баяғыдан бауырлас қырғыз бен қазақтың тамаша төл әндері жарасымды табысқан сияқты. Ән бірде қазақтың ұшы қиыры жоқ шексіз даласындай еркін шалқыса, бір кезде қырғыздың заңғар биік тауларындай, көкке самғайды. "Япырай! — деп жаттым мен ішімнен. — Данияр осындай екен ғой! Оны мұндай екен деп кім ойлаған".
Шатқалды кейін қалдырып, даңғыл жолды далаға шыққанда Даниярдың әні көңіл шерін тарқатып, жаңа күшпен асқақтады. Өмірде есітіп көрмеген ғажайып әндер біріне-бірі ұласып, бірінен соң бірі көгілдір аспан төріне қарай самғап жатты. Даниярға бүгін не болғанын біле алмай келемін. Дәл осы бүгін, дәл осы сағатта айы-күні жеткендей, кеудені кернеген барлық сырын, байлығын Данияр міне қазір далаға шығарып, алдымызға төгіп салды. Мен Даниярдың не үшін меңіреу сияқтанып, жұртқа күлкі болып жүргенін, неге кешке таман қарауыл төбенің басына шығып, жападан-жалғыз қиялға батып отыратынын, не үшін сарқырап акқан өзеннің жағасына түнеп жүргенін, не үшін қандай да бір естілер-естілмес дыбыстарды тыңдағандай, сонда қасы жоғары серпіліп, көзінде қуаныш оты ойнайтынын, міне енді ғана түсіндім. Бұл адам — жүрегіне үлкен махаббаттың оты түскен адам! Оның бұл махаббаты, менің ойымша, жанындай жақсы көріп, көңілі кеткен біреуге ғана арналған махаббат емес, қандай да бір онан да зор, онан да алып, өмірдің өзіне, жан беріп, жан жаратқан жерге, жарық дүниеге деген ешбір өлшемге сыймайтын үлкен махаббат! Асылында ол осы махаббатты жүрегінде бекем сақтап, сонымен өмір сүріп жүрген адам екен. Егер оның көкірегі көр, жүрегі мұз болса, табиғат оны қандай жезтаңдай әнші қылмасын, ол қазір өстіп ән шырқай алмаған болар еді.
Даниярдың даусы осы кезде түнгі өзеннің үстінде жайыла қалқып, көзі ілініп ұйқыға кетіп бара жатқан кең даланың бесігін әлдилеп тербеткендей, алысқа жайымен, баяу ұзай түсіп, ақырындап өшерінде жаңадан күш алып, маужырап ұйыған жерді қайта селт еткізіп, ұйқысын ашады. Өзі дем беріп, өзі жаратқан әншіге оянған дала құлақ түріп, тыңдап жатты. Анадайда арық бойын қуалай жараланып, орақ күткен егіндер ай жарығында кеугім көлеңке ойнатып, құбыла ырғалады. Жолдан оқшау жердегі ескі диірменнің бой түзеген теректері сыбдыр қағып, ештеңені есіттірмей сыбырласады. Соның ар жағындағы белестерде қырманшылар от жағып, ертеңгі астарын әзірлеуде. Әне, кім екені белгісіз, біреу қандай да бір жұмыспен асығып өзенді бойлай, екі шалғайы далдиып, қыстаққа қарай шауып барады. Алда қыстақтың бақ ағаштары қарауытып, сол жақтан соққан жел елжіреп піскен алманың, бауырына түйнек құшақтаған жүгері шашағының жұпардай иісін, ораларда жайылған тезектердің жылы демін әкеледі.
Данияр көпке дейін он салып, шырқап келді. Шалқыған тамыз түні оны тыңдап, әуенге арбалғандай терең тыныштықта маужырап тұр. Ол түгіл аттар да арбаларды ілби тартып, аяқтарын жай басты. Міне, өстіп, адамның денесін балқыта, беріліп шырқап келе жатқан Данияр бір уақытта дауысын шығандата жоғары көтеріп, әнін шорт тоқтатты да жалма-жан аттарды қамшымен тартып-тартып жіберіп, айдап жөнелді. Мен Жәмила да оның артынан түседі екен деп ойлап, делбені қаттырақ ұстадым. Бірақ, Жәмила орнынан қозғалған да жоқ. Басын бір жағына қисайтқан қалпында, терең ойға шомып, со бойы бүлк етпей отыра берді. Әннің жаңғырықтары ауада әлі қалықтап жүргендей Жәмила құлағын бірдеңеге тоса түседі.
Данияр сол бойы тоқтамай кете берді. Біраздан кейін көзден біржола ғайып болды. Біз болсақ, ауылға жеткенше тіс жарып сөйлескен жоқпыз. Оның себебі: іштегіні сөзбен жеткізу кейбір кездерде адамның қолынан келе бермейді ғой деймін...
Осы күннен бастап, біздің өмірімізге қандай да бір жаңалық енгендей болды. Мен әр кез әлденені сағына күтіп, қандай да бір жақсы сезімдер жүрегімді баурап, белгісіз бір нәрсені ынтыға күтіп жүрдім. Азанда қырманнан шығып, станцияға келіп, ауылға қайтқанша, шатқалға қашан жетер екенбіз деп, Даниярдың кешкі салқында төгілген әнін тыңдауға ынтызар болып, шыдамым жетпейтін.
Оның даусы, оның үні менің құлағыма әбден сіңіп, қайда барсам да, соңымнан қалмай еріп жүргендей болады.
Бұл үн күннің мұрты қылтиып жаңа көрінгенде, сабанда жатқан жерімнен ұшып тұрып, жалаң аяқ, жалаң бас шық басқан бедемен, сайдағы тұсалған аттарға қарай жүгіргенімде жүрегімнен естілгендей болады. Қырқадан көтерілген күн, мұны білгендей, маған қарай күлімсіреп, жадырайды.
Күрекпен алтын жауындай шашыратып, қызыл сүзген шалдардың қимылынан да, өзеннің үстінен, аспанда жайбарақат қалықтаған бүркіттің ұшуынан да бұл әуен естіледі. Сонда мен көріп, мен естіп, мен сезінгеннің бәрінде Даниярдың әуені жүргендей болады.
Ал кешке, шатқалмен арба айдап бара жатқанымызда, мен басқа бір ғажайып дүниеге еніп кеткендей болатынмын. Даниярдың әніне құлақ салып, көңілім тасып рақаттанамын. Сонда ана сүтімен қаныма сіңіп, кішкене кезімнен көз үйренген көріністер көз алдымнан шұбап өтіп жатады. Бірде үлбіреген ақша бұлттар көгілдір аспанда ауылдың үстінен өзінің көктемгі көшін өткізіп, бірде шұрқырай кісінескен жылқы үйір-үйірімен жайлауға шұбап, деміне нан пісетін жас айғырлар кекілдің астынан ожар от ойнатып, үйірін қызғанып шыр айналып, еліріп азынайды. Бірде алқапқа қойлар қаптай жайылып, бірде биіктен құлап, көбік атқан құлама су күркіреп, бірде мүлгіген кең дала жайқалып, шилердің арасына шөгіп бара жатқан күн күлімдеп, бірде көкжиекке жақындап қалған күнге қарай жалғыз салт атты құйғытып, күнді ұстап алатындай жақындап барып, апақ-сапақта көзден ғайып болады.
О, айналайын, кең далам! Қазақ бауырым жайлаған алып далам! Мінекей, біздің тауларды екі жаққа ысырып тастап, ши менен көдеге ырғалып, ұшы-қиыры жоқ шексіз теңіздей көсіліп жатырсың. Кім біледі сенің қойныңда жатқан күшті! Жарықтық, сыртыңнан қарасаң, ешбір өмір белгісі жоқтай томсарып жатқаның жатқан. Бірақ кешегі естен кетпес жазда соғыс басталып, жаулар жерімізге қол салғанда, далада тұс-тұстан оттар жалындап, жан-жаққа хабаршылар шауып, жауынгерлер мінсін деп айдаған жел қанатты сәйгүліктер ыстық шаң көтеріп, дүбірінен әлем жаңғырықты. Сонда арғы бетте тоқтай қалған хабаршы қазақ, атының басын тартып:
— Аттан, қырғыз, аттан! Жау келді! — деп дабыл ұрып, құйынға араласа, әрі құйғытып кеткен.
Сонда кең далам күңіреніп, өзенім бұлқынып, тауларым сілкініп, оз елін атқа қондырды. Жігіттер ат жалын тартып, жабыла жауға аттанғанда, жер теңселіп, жорық шеруін тартты. Мыңдаған үзеңгілер қағысып, мың сан жауынгерлер шырақтай көздерінен от шашып, елмен, туған жермен қоштасты. Олардың алғы жағында қызыл тулар желбіреп, арт жағында тұяқтан шыққан шаң арасынан, аналар мен жұбайлардың: "кең дала, қолда! Қасиетті туған жер, қолда! Манас, қолда!" деп күңіренген үндері естіледі.
О, айналайын кең далам, тауларым, еліме осы күш, қуатты берген қасиетіңнен сенің айналайын!
Міне, осының барлығын Данияр әнге салып, көз алдымнан өткізгендей, керемет кең дүниенің көркін ашып көрсетті. "Апырай, осының бәрін ол қайдан үйренді, қайдан есітті екен?" — деп, мен айран-асыр қаламын. Сөйтсем де, өз ел-жұртын, туған жерін осылай сүю, осындай шексіз сағыну, көп жылдар бойы алыста, шетте жүріп, көруге зар болып аңсаған адамның жүрегінде ғана туып, пайда боларын іштей түсініп те жүрдім. Мен үшін Даниярдың бұл әндерінен оның жер кезіп, жетімдей жүргені де, Ресейдің көп азапты қан майдан далаларын талай басып өткені де есітілетін. Мүмкін, туған жер жайындағы осы жалынды әндер сонда шығарылған шығар. Сондай сәттерде — Даниярды тыңдап отырып, алдында көсіліп жатқан кең даланы, адам баласы соншалықты сүйгені үшін, жата қалып, оны өз анаңдай қатты құшақтап, өпкің келеді. Міне, сонда бірінші рет жүрегімде қандай да бір жаңа нәрсе оянып, көкірегіме арман ұялап, мен де осы жер келбетін, жер көркін Даниярша сезе, сүйе білсем, мен де өстіп елге жеткізе айтып берсем екен деп тіледім. Өзім де жақсы түсінбеген белгісіз әлдененің келерін күтіп, осыған сүйініп те жүрдім. Осы белгісіз күту түсініксіз аңсау өнерпаздықтың алғашқы нышаны екені, келешекте мен өмірді бояу сурет арқылы көрсетуге әрекеттенетінімді, онда мен білмеген екенмін.
Сурет салуға кішкентайымнан қолым епті еді, оқулықтардағы суреттерді қарап отырып, айнытпай салғанымда балалар: "Ой, ит-ай, дәл өзі, қарашы!" — десіп, мақтап ала жөнелетін. Оқушылар да мектептегі қабырға газетін маған безендіретін. Бірақ, кейін сурет салуды тоқтатуға тура келді. Соғыс басталып, ағаларым әскерге кеткенде, мен оқуды тастап, өз қатарларыммен колхозға жұмысқа кеттім — сурет деген кімнің ойына келсін онда. Ол кезде суретші болу ойда да жоқ іс, бірақ сонда да Даниярдың әндері менің қиялымды толқытып, өмірдің сырын сезінуге талпынтты... Өңімде емес түстегідей бұл тәтті қиялға елти беріліп дүниеге жаңа келіп, көзім жаңа ашылғандай, осы аймаққа сұқтана таңырқап қарадым. Мұның өзі мен үшін өмірімдегі үлкен оқиға сияқтанды.
Ал Жәмиланың өзгергенін көрсең! Баяғы әзілқой, ашық мінез келіншек неге екені белгісіз жуаси түсіп, оның бұрын ойнақшыған өткір көздері енді іштен мұңдана, жазғы тұманды күн секілді, жылы мейірімге толып, нәзік қарайды кісіге. Жолда кетіп бара жатқанымызда Жәмиланың жүзінен әрдайым бір ой кетпей, үлбіреген ернінде күлкінің көлеңкесі адасып, ол өзі ғана білетін қандай да бір жақсы нәрсеге іші жылығандай, соған сүйсінген кейіпті білдіреді. Кейде, керісінше, әлденеден есі шыққандай, қапты арбадан арқасына сілке көтеріп салып, со күйі орнынан қозғалмай тұрып қалады. Алдынан орғи аққан өзен оқыс кездескендей, сол суды кешсем бе, әлде кешпесем бе деп ойланған жан тәрізді, Жәмила сонда ілгері аттағаннан қорқып, дал болып аңырып тұрады. Неге екені белгісіз, ол Даниярға жақын жоламай, көзіне тура қараудан қашып, сырттап жүрді. Жәмила оған бұрынғыдай назар салмағансып, тақат қылуға қанша әрекеттенсе де, ақыры бір жолы қырманда, айласы құрығандай Даниярға ренжи сөйледі:
— Ана үстіңдегі көйлегіңді шешсең болмай ма! Берші бері, жуып берейін!
Көйлекті суға алып барып жуды да, жусанға жайып қойып, өзі жанына отырып, көйлектің құрысқанын жазған болып, оны көпке дейін алақанымен ақырын сипап отырды. Кейде ол көйлектің тозған пішініне мұңдана қарап, бір нәрсеге іштей ренжігендей, басын шайқап жатты.
Осы кейінгі күндері Жәмила бір рет баяғысындай шаттана күліп, көздері жайнап, әдеттегісіндей көңілді болды. Ол күні жұмыстан қайтып келе жатқан бір топ шөпшілер қырманға қайырыла қалған болатын. Іштеріндегі әскерден қайтып оралған жігіттер:
— Әй, байлар, бидай нанды өздерің жей бересіңдер ме, бізге берерлерің қайсы, әйтпесе суға саламыз! — десіп, айырларымен тап беріп, әзілдесіп айбат қылды.
— Айырдан қорқатын қырманшылар ма екен, тәйірі, — деп, Жомила тайталаса тұра қалды. — Мына сыймен келген келіншектер мен қыздарды сыйлармыз, сендер жөндеріңмен болыңдар!
Жігіттер сылтау таба алмай тұрса керек, онан бетер күшейді.
— Олай болсаңыз, келіншектеріңмен қоса барлығыңды суға саламыз!
Осы кезде шапа-шұп ұстаса кеткен жастар, айқай сүреңмен бірін-бірі киімі, етігімен суға сүйрей бастады.
Осы ойын-топалаң ішінде Жәмила бәрінен қатты күліп:
— Тарт, ойбай, тірі шыққан жерінде қалады! Қарама! — деп, жігіттермен қаша алысып, ешқайсысына ол бермей жүрді. Оның үстіне, осынша қыз, келіншектің ішінен жігіттер тек қана Жәмиланы көргендей, неге екенін білмеймін, бәрі Жәмилаға асылып, оны қаттырақ құшақтап, қысуға әрекеттенеді. Бір уақытта олар үшеулеп Жәмиланы жерге жықты да, суға ала жөнелді.
— Сүй қазір, болмаса кеттің суға! Сүй! — десіп, қарқылдап күлген жігіттер Жәмиланы жиектен түсіре берді.
— Ұста, балалар! Шек-сілесі қатып күлген Жәмила бұлқынған балықтай қолда тұрмай тыпыршып, келіншектерді жәрдемге шақырады. Бірақ олар шуылдасып, суға аққан жаулықтарын ұстаумен әлек. Жігіттер Жәмиланы суға тастап жібергенде, ду еткен күлкіге өзен де сақ-сақ күліп, күмістей ақ көбік атты. Әлі де күлкісі тыйылмаған Жәмила, суда күле қарап тұр. Шашы ұйпаланып үсті-басы су болса да, ол сол кезде бұрынғысынан да әдемі көрінді. Шыт көйлегі етіне жабысып, бүкіл денесін қынап, етегі бұлшық етті сандарына оралған. Жәмиланың онымен ісі жоқ, күлкіге шаттанып, жүзінен, үстінен сорғалаған суды да байқамайды.
— Сүй қазір! Сүй! — дейді оны бұра бастырмаған жігіттер. Жәмила еркелеп, оларды сүйіп те жатты. Бірақ аналар болар емес, оны тағы қайтадан ырғытады. Жәмилаға осының өзі ұнады білем, суда қайта тұра салып, шек-сілесі қата күледі. Жастардың бұл ойнына қырманда күлмеген адам жоқ. Астық суарған шалдар күректерін тастап келіп, осы кезде баяғы қайран жиырма бестегідей, беттерінің терең әжімдері жазыла түсіп, көздерінде бұрынғы ақындықтың оты ойнап, алақандарын соғып: "О, ойбай, ұста жет! Етектен бұра, тарт!" — деп, көкпарда лақ тартқандай қызулана айқайласады. Мен де қызыққа батып, өлгенше күлдім. Бұл жолы жеңгемді қызғанып, қорқуды да ұмытып кеткен екенмін. Осынша жұрттың ішінен күлмеген, үндемеген тек Данияр ғана болды. Оны көргенде мен де жым бола қойдым. Қырманның шетінде Данияр жалғыз өзі тұр екен. Қазір тап беріп алға ұмтылып, түрі ол қазір жүгіріп барып, Жәмиланы жігіттердің қолынан жұлып алатындай. Өзі қол тигізуден тартынып, перизатындай көрген Жәмиланы, аналардың қазір оп-оңай құшақтап, жұлмалап ойнағандары Даниярдың жанына қатты батқан сияқты. Оның қайғысы да, бақыты да Жәмиланың сұлулығында. Жұрттан қанша қызғанғанымен, жарқын күлген Жәмиладан көзін алмай, Данияр оның қылығына іштей кейіп те, сүйініп те, қабақтың астынан еркелете көз салып тістеніп қарап тұрды. Жігіттер Жәмилаға тұс-тұстан асылып, беттерін сүйгізгенде, Даниярдың реңі қуқыл тартып, ілгері аттауға ыңғайланып тұр. Бірақ ұмтыла басып кете алмай, орнында қалшиған бойы тұра берді. Бір уақытта Жәмила да оның қарап тұрғанын байқағанға ұқсайды, сағы сынғандай томсара түсті де, мұнысын байқамай асыла берген жігіттерді қағып тастады:
— Жетті, ойын бір, қалжың екі!
— Ии, саған не болды? — деп жігіттердің бірі қарқылдап күліп, асыға бергенде, Жәмила оны өңменінен итеріп жіберді.
— Не болғанын не қыласың! Кет әрі!
Ол үсті-басын түзеп Данияр жаққа бір қарап алды да, көйлегін сыққалы қурайға қарай жүгіріп кетті.
Данияр мен Жәмиланың осы тұйық сыры ақыры немен бітері маған онда түсініксіз еді. Шыны оны ойлауға қорқатынмын, қайта өзімді алдарқатып ойламасқа тырысамын. Бірақ Жәмиланың Даниярдан шеттеп жоламай жүргені және осыған өзінің қайғырып-қиналғаны, неге екенін білмеймін, менің жүрегімді ауыртып, мұңға батыратын. Олай етпей-ақ, бұрынғысындай кейде күліп, кейде онымен қалжыңдасып жүргенінің өзі жақсы емес пе еді? Сөйтсем де, түнделетіп ауылға қайтып бара жатып, Данияр ән салғанда, олар үшін менің ішім соншалықты жылып, жүрек кернеген қуаныш сонша тасып, жаңағының бәрі естен шығып, мен үшін онда дүниенің рақаты ғана бар. Шатқалдан өтіп, өзенге жеткенде Жәмила әр кез арбадан түсіп, жаяу жүреді. Сонда мен де арбадан түсемін, өйткені үнге ілесіп, асықпай жаяу жүрген ең бір ғанибет! Жолдың топырағы да сонда аяққа мамықтай тиіп, жалаң аяқ жерде емес, аспанда бұлт үстімен кетіп бара жатқандай сезінесің өзіңді! Ә дегенде жеңгем екеуміз өз арбаларымыздың жанында келе жатамыз. Онан кейін бара-бара Даниярға жақындай түсіп, таң жанына барып қалғанымызды өзіміз де байқамай қалатынбыз. Қандай да бір сиқырлы күш адамды Даниярға қарай жетелегендей, еріксіз жақынырақ барғың келіп, осы он салып келе жатқан тұйық мінез, сөзге жоқ Даниярдың шын өзі ме, егер ол болса, оның сол сәттегі жүзі, өңі қандай екенін көргің келеді. Көңілі толқып, әнге бойы балқыған Жәмила әрдайым өстіп жақын барғанда, өзі де байқамай Даниярға ақырын қолын созатын. Бірақ өзін-өзі ұмытып, беріле он салған Данияр мұнысын байқамайтын еді. Оның ойы, қиялы аспанда қалықтап жүргендей, ол алысқа көз тастап, желкесін алақанымен сүйеп, әннің ырғағымен жай тербеледі. Жәмиланың қолы сол созылған күйі төмен түсіп, арбаның бел ағашына барып тигенде, ол есін жиғандай, қолын тез тарта қойып, орнынан жылжымай тұрып қалушы еді. Жолдың ортасында сілейіп тұрып қалған Жәмила, сонда жүректі елжіреткен терең мұңға батып, біразға дейін Даниярға аянышты көзімен телміре қарап, сонан кейін соңынан тағы тез жүріп кетеді.
Міне, осылардан кейін жеңгем екеуміздің бірдей тынышымызды алып, менің де, оның да көңілін елжіреткен сезім, шынында да бірдей, ұқсас сезім ғой деген ой келуші еді маған. Мүмкін, ол сезім баста әрқайсымызда білінбей, жасырын туған шығар, бірақ, енді оның күні жетіп, сағаты соққан сияқты күш алып, жүректерді түгел баурады.
Жұмыста Жәмила іске беріліп, онша сыр білдірмейтін. Ал енді, кейбір сәтте қырманда бөгеліп қалып сәл қолы бос болғанда, Жәмила өзіне орын таппай әбігер болады. Не істерін білмей, әрі-бері жүріп, астық қызылдағандардың жанына бара қойып, оларға
әдейі қолқабыс тигізбекші болып, екі-үш күрек астықты бар күшімен жоғары шашады да, сол замат күректі шетке лақтырып тастап, жайына кетіп қалады. Сабан үйіндісінің түбіне барып, көлеңкелеп отырған болады, бірақ онда да, іші пысып шыдамайды:
— Бері келші, кішкене бала! — деп, елегзігендей әрдайым мені жанына шақырып алады.
Сонда мен: жеңгем маған іште жатқан қандай да бір сырын төгіп, қапасын айтады ғой деп дәмеленетінмін. Бірақ, ол ештеңе айтпайтын, тек қана еркелете менің басымды өзінің тізесіне қойып, алысқа көз жіберіп, тікенектей тікірейген шашымды ұйпалап, дірілдеген ыстық алақанымен бетімді нәзік сипайды. Сонда жеңгемнің уайым-қайғы мен санаға толы жүзіне қарап, мен өзімді оған ұқсатамын. Өйткені оның да көкірегін қандай бір тұйық арман қыстап, оның да жүрегінде жаңа тілектер оянғанын ішімнен сезіп жүрдім. Менің байқауымша, Жәмила осыдан қорқып, өзін күн санап баурай түскен махаббаттан айыққысы келеді. Бірақ сүюден де қол үзе алмай, оның әміріне көнуге тағы мәжбүр. Мен де сол сияқты, бірде: Жәмила Даниярды сүйсе екен деп, бірде: сүймесе екен деп тілейтінмін. Өйткені, қанша дегенмен Жәмила біздің үйдің келіні, менің ағамның әйелі ғой. Сондықтан қайтып оны бөтенге қияйын. Бірақ, осыны біліп тұрып, мен, неге екенін білмеймін, бұл сияқты ойларды жақын жуытпай алыс қуатынмын. Мен үшін онда басымды Жәмиланың тізесіне салып, оның күнге күйген денесінің ыстық лебінде балқып, көзінен моншақтай домалаған мөп-мөлдір жасқа қарау — дүниенің ең бір рақаты! Онан басқа маған ештеңенің керегі жоқ тәрізді. Жәмиланың сондағы сұлулығы-ай!.. Ол кезде мен осыларды көзіммен көрсем де, түпкі мәнісіне онша түсіне бермесем керек. Бірақ, қазір, талай күндер өткеннен кейін, сондағыларды көз алдыма елестетіп, көп сәттерде өзіме сұрау беремін: бәлкім, махаббат деген — адамның барлық сын-сипаты толып, ой-сезімінің ең бір жетілген шағы шығар? Иә, өмірдің нақ сол жарқыраған шағында, төкпе ақынға шабыт келгені сияқты, адамға махаббат келіп, оған дем беріп, жаңа тілек пен өмірдің жаңа бағытын іздетіп, шарқ ұрғызатын шығар? Мүмкін, ғашықтықтың қасиеті дәл осында болар? Олай дегеніммен, сонда Жәмиланың жүзіне қарап, кейбір кезде өзім де оның жан толқынына беріліп кеткендей, қандай да бір түсініксіз қуаныш пен арман жүрегімді билейтін. Сонда орнымнан тұра жүгіріп келіп, ауылдың сыртындағы кең далаға жете беріп, жүрегімді баураған осы түсініксіз қуаныш пен аңсау не екенін, оның дауасы неде деп, жайқалған көк майсалы даланың өзінен айқайлап сұрағым келетін. Бұл жауапты мен онда әлдекімнен күткендей жүрдім, бірақ бір күні оның өзі табылғандай болды.
Ол күні біз әдеттегідей станциядан шығып, ауылға қайтып бара жатыр едік. Аспанда жұлдыздар көрініп, түн кіріп қалған кез. Айнала жым-жырт, тыныш, тек қана Даниярдың даусы өзен үстінде қалықтап, алысқа, кетіп жатты. Жәмила екеуміз оның соңынан келе жаттық. Бұл жолы, неге екені белгісіз, Даниярдың әні нәзік сезім мен жалғыздықтың өкінішіне толып, адамның жүрегін мұңға толтырды. Көзімнен ыстық жас парлап, тамағым жасқа булықты. Жәмила бұл сапар қолын Даниярға созып, жақындап барды да, со бойы арбаны ұстап, басын төмен еңкейте, еріп кете берді. Онан бір уақытта Даниярдың үні ақырын бәсеңдеп келіп, қайтадан жоғары шарықтап, түнгі далаға қайтадан сорғалай төгілгенде, Жәмила басын көтерді де, жүріп бара жатып, арбаға ырғып мінді. Даниярдың жанына отыра қалып, қимылдаудан қорыққандай, қолын көкірегіне қыса, отырған орнында қатып қалды. Енді не болар екен деген тұйық оймен, мен олардан көзімді айырған жоқпын. Жәмила жанына отырғанын Данияр білген жоқ тәрізді, оған қараған да жоқ, өлеңін тоқтатпай әрі айта берді. Біраздан кейін Жәмиланың қолдары ақырын жазылып, денесін Даниярға сүйеп, басын жай ғана оның иығына қойды. Сонда қызу жүріп келе жатқан майталман жорға жүрісінен жаңылып, сыңарына қарап қайтадан аяғын түзегендей, ән салған Даниярдың даусы үзіліп барып, қайтадан күш алды.
Бұрынғылардың ешбіріне ұқсамаған бұл ән ғашықтықтың, махаббаттың жаңа әні болды!
Түн екі жаққа түріліп, өзенге жарық төгіліп, даланың гүлденген беті ашылғандай, сол кең даланың төсінде мен сүйіскен екі жасты көрдім.
Олар маған назар салмаса да, мен ол екеуінен көзімді айырмай, сиқырланған адамдай келе жаттым. Сүйіскендердің менімен не ісі болсын, мен емес, дүниенің бәрін ұмытқандай, олар тек қана жан елжіреткен әннің әуеніне ұйып кетіп барады. Мен оларға қарап, Жәмила мен Даниярды танымай қалдым.
Бұлар мен бұрын көрмеген жандай бір жаңа, шексіз бақытқа бөленген адамдар еді!
Иә, оның бір — көзі қараңғыда оттай жалтылдап, ескі солдат көйлегінің жағасы жапырайып, ен даланы басына көтере ән салған Данияр еді!
Иә, оның бірі — Даниярға еркелеп, оны үнсіз құшақтап отырған менің жеңгем Жәмила еді. Шексіз бақытқа кенелгендей, Жәмиланың кірпіктеріне жас оралып, мөлдір моншақтар қараңғыда жалт-жұлт етеді.
Шын бақыт осы емес пе? Осы гимн секілді асқақ әуенді жаратқан, туған еліне, жарық дүниеге деген зор махаббатты Данияр түгелдей Жәмилаға беріп, өн бойындағы бар асыл қасиетті соған арнап жатты. Бұл бақыт емей немене? Сонда сүйіскен қос жүрекке қарап, олардың мәңгі-бақи бақытты болуына тілектес болғаным соншалық, бір уақытта кәдімгі Даниярдың әндерімен келетін түсініксіз толқындану жүрегімді бүлк еткізіп қозғап кетті де, көзім ашыла түскендей, ешқашан күтпеген бір ой басыма түсе қалды. "Мен бұлардың суретін саламын!" — дедім де, жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеттім. Бірақ, сол кезде өзімнің ойымнан өзім шошып кеттім: "Менің қолымнан бұл іс келуші ме еді, неге елірем?" Ішімнен осыны біліп тұрсам да, жаңағы ойға алданып, қиялдың ағымын тоқтата алмадым: "Ие, мен бұларды суретке саламын. Олар менің суретімде де дәл осындай бақытты болады!" деп, келе жаттым мен.
Осы қиялдарға беріліп, жан-жағыма қарасам, көзіме тамыз түні торғындай құбылып, дала жазғы күнгідей гүл-гүл жайнайды. Мен де өзімді бақытты сезініп, ойлаған тілегіме қазір жететіндей қайраттанып келе жатырмын. Бақсам, онда мен бала екенмін, келешекте бұл мақсаттың орындалуы үшін қанша қиыншылық көріп, қанша еңбектенетінімді білмеген екенмін. Ондағы менің көкейкесті арманым: Даниярдың ән арқылы бергенін мен бояулармен суреттеп, сондағы тау, аспан, бұлт, жер-суды Данияр сияқты көріктеп, әсемдеп беру еді. Бұл іске үлкен өнер керек екенін онда мен ойлаған жоқпын. Менің уайымым: "Бояуларды қайдан табамын? Мектептен сұрасам ба екен? Әй бере қоймас, өздеріне керек қой" — деген ой ғана еді. Гәптің бәрі осында тұрғандай көрінді маған Қайран балалық-ай!
Мен өстіп келе жатқанда, Даниярдың әні аяғына жетпей, неге екені белгісіз, кенет пышақ кескендей үзілді. Қарасам, Жәмила Даниярды қатты құшақтап, оны жүрегіне қысып алған екен. Бірақ ол өзінің осы оқыс қимылынан шошынғандай кейін серпіліп, арбадан секіріп түсті. Данияр сасқанынан делбені тартып, аттарды тоқтата қойды. Жәмила теріс қараған бойы, жолдың ортасында есеңгіреп біраз тұрды да, бір уақытта мойнын оқыс бұрып, дірілдеген үнмен:
— Неге қарайсың? Нең бар менде? Қарама маған, айда аттарыңды, кет! — деді де, кейінде келе жатқан арбасына қарай жүрді. Мен аң-таң болып, аузымды ашып қалған екенмін, жеңгем маған да дүрсе қоя берді.
— Саған не жоқ? Мін арбаңа, делдимей! Бір-біріне тартқан мақаулар, құдайдың азабына түскен екенмін де сендермен!
"Ой, тоба, бұл несі екен, жын қаққан ба өзін?" — деп, келе жаттым мен жол бойы. Ал енді тереңірек ойлаған адам Жәмиланың шын қиналып жүргенін тез түсінбейтін бе еді: күйеуі Саратовтағы госпитальдардың бірінде жатса, жақында қайтып ораламын десе, оңай ма!
Бірақ мен мұны ойламақ былай тұрсын, тіпті Жәмилаға ызам келіп, оны жек көріп келе жаттым. Ал енді Даниярдың енді қайтып өлең айтпасын білгенімде, құдай біледі, мен үшін Жәмиладан түрі суық адам жоқ еді.
Қазір бүкіл денем езіліп, әлденеге көңілім қалып, ертерек қырманға жетсем, сабанға құласам екен деп келемін. Арба да адамды соғып, делбе қолдан сусып, жол әбден қажытып келеді. Қырманға барғанда аттардың қамыттарын алып, оларды арбаның астына сүйреп әкелуге ғана шамам келді. Онан кейін сабанға барып бір жығылғанымды білемін. Данияр сол түні аттарды жайылымға өзі апарып тұсапты.
Ертеңіне оянғанымда, таң бозарып атып қалған екен. Осы таң қандай таза болса, менің де көңілім сондай ашылып, жүрегім қуанышқа толып, әлдеқалай бір жақсылықтың келерін күткендей тулады. Ә дегенде неге сүйініп жатқанымды өзім де білмей, кенет кешегі күнгіні есіме түсіргенімде, онан бетер сүйініп кеттім. "Ұқсата алар ма екенмін?" — деген күмәнды ой суық көлеңке тәрізді он бойымды аралады. Көзімді жұмып елестетіп едім, кешегі көрініс дап-дайын, қазір суретке түсіре қойғандай көз алдыма келді. Орнымнан тұра жүгіріп өзенге барып беті-қолымды жудым да, сайда тұсалған аттарға қарай жүгірдім. Ертеңгі шық басқан салқын беде түрілген балтырымды тызылдатып, тез жүгіруге мәжбүр етті. Бірақ, мен үшін ол түк емес. Қырқадан қылтиып келе жатқан күнді күтіп алатын кісідей қуанышты күліп, жан-жағымдағы нәрселерге көз тастап, жүгіріп бара жатырмын. Мінекей, арықтың жағасына қодырең шыққан күнбағыс, алыста шашырап шығып келе жатқан күнге қарай бұрылып, бойын түзейді. Оны ақ бас миялар қоршап алған, бірақ жас күнбағыс оларға мойын бермей, күннің шұғыласына олардан бұрын бөленіп, сары гүлді басын маңғаздана қайқайтып, күн нұрын емін-еркін сіміреді. Міне арбалар өтетін арықтан дөңгелектің ізімен су ағып кеткен. Сол су барған жерде жалбыздар ұйыса өсіп, төңірекке жұпар иісін аңқытады.
Айналайын, туған жерім-ай! Мен жүгірсем даладағы қарлығаштар да қоса жарысып, жан-жағымнан ұшып өтеді!
"Шіркін, суретші болып осы ертеңгі күнді, мұнартқан тауларды, шық басқан бедені, арықтың жағасында өскен сары гүлді, күнбағысты суретке салсам, қандай тамаша болар еді!"
Бірақ, қырманға қайтып келгенімде, менің бұл алтын қиялдарымның лезде быт-шыты шықты. Өйткені, Жәмила өткен түні ұйықтамаса керек, көздері ісіп, жағы суалып, қабағы тас түйіліп қалыпты. Маған ол ештеңе деген жоқ, қараған да жоқ. Бір уақытта бригадир Оразмат қырманға келіп, атынан түсе бергенде, Жәмила оның қасына барды да, амандық-саулық жоқ, былай деді:
— Арбаңызды алыңыз! Қайда жіберсеңіздер де мейлі, бірақ станцияға астық тасымаймын!
— Ау, саған не болды, Жамалтай, бөгелек шақты ма? — деді Оразмат, оны еркелете күлімсіреп.
— Бөгелектің менде ала алмай жүрген ақысы жоқ! Бармаймын дедім, бітті! Айтқаным айтқан!
Оразматтың өңі түнере түсті.
— Айтсаң да, айтпасаң да былай: стансаға арба айдайсың, басқа сөз жоқ! — деді ол балдағын қалшылдатып, жерге әзер тік қойып. — Егер біреу тиген болса, оны айт, қазір мына балдақты басында ойнатайын. Ал олай болмаса — жұмысыңа бар! Астық менікі емес, әскердің астығы, өзіңнің ерің де сол жақта! — Бригадир тұрған жерінен шорт бұрылып, балдақты аршындата сілтеп, шойқаңдап ілгері жүріп кетті.
Жәмила жауап қайтара алмай, қолындағы қамшыны олай-бұлай ұстап, қылмысы бардай : қызарып тұрып қалды. Бергі жақта тұрған Даниярды көргенде, ол білдірмей ішінен ауыр күрсінді. Данияр аттарын арбаға жегіп жатқан. Ол жаңағы сөздерді есіткенімен, сыр білдірген жоқ. Жәмила тағы біраз қырманның ортасында жалғыз тұрды да, "не болса, о болсын" — дегендей қолын бір сілтеп, арбасына қарай жүгіріп кетті.
Ол күні біз ауылға күндегіден ерте оралдық. Өйткені бара жатқанда, келе жатқанда Данияр аттарды жедел айдап отырды. Жәмиланың қабағы түсіп кеткен, тым көңілсіз. Мен болсам, қаңсып жатқан сары далаға қарап, өз көзіме өзім сенбей келе жаттым: кеше ғана торғындай құбылып гүлденген даланы ертегіден көргендей болып алыппын. Кешегі күнгі көрініс, кешегі күнгі Данияр мен Жәмиланың арбада отырғандары, көз алдымда кетпей тұрып алды. Өмірдің ең бір жарқын, әдемі сәтін құс тәрізді қолыма ұстағандай, осы көрініс естен кетпей, мазамды алды. Ақыры ойлаған мақсатыма жетпейінше жаным тыным көрмеді. Қырмандағы есепшінің бір парақ қалың қағазын ұрлап алып, сабан үйіндісінің артына жасырынып, қағазды астық ататын күректің үстіне қойғанымда, жүрегім атша тулап, аузыма тығылды. Әкемнің мені бірінші рет атқа мінгізгеніндегідей:
Бісміллә! — дедім де, қаламды қағазға тигіздім. Ә дегенде Даниярдың штрихтарын сала бастадым. Оның мен салған түс-келбеті өзіне ұқсай бастағанда, көңілім алып-ұшып, өзімнің қайда екенімді, не істеп жатқанымды ұмытып кеттім. Сол мен көрген тамыз түні, құбылып жайнаған кең дала қағаз бетіне көшіп келгендей, Даниярдың сондағы әсем қоңыр үні құлағыма естіліп жатты. Көз алдымда солдат көйлегінің жағасы кең ашылған Данияр мен оған сүйеніп отырған Жәмила. Бұл — менің алғаш рет өз бетімше салған суретім: міне арбаның бел ағашы, міне қатар отырған Данияр мен Жәмила, делбе алдында бос тасталып, қараңғыда аттардың жондары бұлтылдайды, одан әрі түнгі дала, аспан төрінде жымыңдаған сан жұлдыздар. Мұның бәрін соншалық беріліп салып жатқан екенмін. Бір уақытта дәл төбемнен біреудің ашулы даусы шыққанда өзіме келдім. Қарасам, Жәмила екен:
— Сен не, тілің байланып, құлағың бітеліп қалды ма?
Ол мені көп іздеген екен, сасқанымнан суретімді жаба алмай да қалдым.
— Арбаларды әлдеқашаннан жүктеп, бір ет пісірімнен бері айқайлаймыз, айқайлаймыз кеп, ең болмаса бір дыбыс берсең нетті... Ана қолыңдағы немене? — деп, Жәмила суретті менен тартып алды.
— Ой, сұмдық-ай! Солай де... — Жәмила түсі бұзылып, қағазға телміріп қарап қалды. Ой, менің сондағы ұялғаным-ай! Жерге кіріп кете жаздадым. Буыным құрып, орнымнан тұра алмадым. Жәмила суретке қарап тұрды да, бір уақытта жас оралып, мұңдана түскен көзін жоғары көтерді.
— Маған берші мынаны, кішкене бала! — деді ол ақырын ғана. — Мен естелікке сақтап қояйын...
Жәмила қағазды екі бүктеп, қойнына салып алды.
Жолға шығып, ауылдан біраз ұзап кеткенше, мен өзіме келе алмадым. Жүрегімді терең тебіренткен көріністі шынымен өзіне аз да болса ұқсатып суретке салғаным анық па, әлде бұл бір өткінші түс пе, — деп күмәнданып та келемін. Сөйтсем де, жаңағы салған суретіме іштей мақтанып, соған өкпем кеуіп, тәтті бір қиялдар басымды айналдырып, жақында мен бояу тапсам, толып жатқан суреттерді салып, мектепке іліп қоямын деп келемін. Кейін байқасам, мұндай қиялдар сол балалық шақта тән нәрсе екен. Онымен ісім жоқ, біз өте қатты жүріп келеді екенбіз. Кейінгі кезде Данияр арбаны қатты айдайтын болды. Аттар еттен тез айырылып қалды.
Жәмила Даниярдан қалыспай келеді. Жол бойы ол екі жағына қаранып, кейде айыпты кісідей күлімсіреп қояды. Онысын көріп, мен де күлімсіреймін, менің ойлағаным: "сурет салып, жеңгемнің анау күнгі ашуын тарқатқан екенмін. Жеңгем енді Даниярға ән сал десе, ол сөзсіз ән салады... Демек, бүгін оның әнін тыңдап, рақатқа батады екенбіз... Қандай үлкен бақыт, бүгін Данияр ән салады екен, ие, ән салады, ән салса екен!"
Бұл сапары біз станцияға тіпті тез келдік. Бірақ аттарымыз қара терге түсіп барды. Таразы бос екен. Данияр арбадан түсті де, қаптарды таси бастады. Оның қайда асығып, неге мұнша ренжігенін кім білсін, әйтеуір, үндемей түксиіп жүрді. Пойыздар әрі-бері өткенде Данияр тоқтай қалып, оларға артынан көпке дейін қарап, әлденелер ойына түскендей, бұрынғыдан да бетер түнере түсті. Жәмиланың онан сайын тынышы кетіп, Даниярдың ойында не бар екенін білгісі келгендей, ол да Данияр қараған жаққа қадала қарап қалады. Бір кезде Жәмила арбаның жанына барып, Даниярды өзіне шақырды.
— Бері келші, Данияр, қасқа аттың тағасы сылқылдап қалыпты, жұлып тасташы, ұстап берейін!
Данияр аттың тұяғын екі тізесімен қысып, тағаны жұлып алып, енді тұра бергенде, Жәмила оған қарап, ақырын ғана:
— Сен не, ештеңе түсінбейсің бе? Әлде менен басқа қыз-келіншектер дүниеде құрып қалып па? — деді.
Данияр төмен қарап, үндемеді.
— Маған да оңай дейсің бе? — деді Жәмила ауыр күрсініп.
Даниярдың қасы селт етіп, жоғары көтерілді де, ол Жәмилаға мұңая қарап, бір нәрсе айтқандай болды. Бірақ, мен оның не дегенін есіте алмай қалдым, өйткені атты ауыздықтап ұстап тұр едім, ат дәл сол кезде басын сілкіп қалды. Данияр болса, бір нәрсеге разы болғандай қолындағы тағаны сипап әрі кетті. Менің таңғалғаным: Жәмила айтқан сөздердің оған несі жақты? Мысалы біреуі: "Маған да оңай дейсің бе?" — деп біреуге күрсініп айтып тұрса, оның несі жақсы? Қаптарды тасып болып, біз қайтқалы жатқанда арқасында рюкзагы бар, үстіне ескі шинель киген бір арық, жаралы солдат қораға кіріп келді. Осыдан сәл ғана бұрын станцияға эшелон келіп тоқтаған. Жаңағы солдат жан-жағына қарап, қуанышты күлімдеп тұрды да, бір кезде:
— Күркіреу ауылынан кім бар? — деп айқайлап жіберді.
Бұл кім болды екен? — деп, тани алмай тұрсам да: — Менмін Күркіреуден! — дедім. Солдат қуанып кетті:
— Сен кімнің баласы едің, інішек?
Ол Жәмиланы көре салып, аңырып тұрып қалды.
— Керім, сенсің бе? — деді қуанып кеткен Жәмила.
— Ой, Жәмила, қарындасым! — Солдат Жәмилаға жүгіре басып барып, құшақтай алды.
Қараса бұл Жәмиланың бауырлас туысқанындай болып кеткен ауылдасы екен.
— - Мә десең, бұл жерге дәл білгендей қайырылып келіп тұрғанымды қарашы! — деп, жаны қалмай қуанып жатты, онан кейін Садықтың жанынан шыққанына бес күн ғана болғанын, госпитальда бірге жатқанын, құдай қаласа, ол бір-екі айда үйге қайтып қалатынын шұбыртып айтып жатты.
— Бұ жаққа жүрерімде келіншегіңе хат жаз, өз қолыммен табыс етемін деп, хат жаздырып алғанмын... Жақсы болды-ау сені кездестіргенім, мінекей аманатың, мойныма қарыз болып жүрмесін! — деп, асып-сасып, солдат шинелінің ішкі қалтасынан үш бұрышты хатты суырып алды. Жәмила хатты қолынан жалма-жан алды да, әлде қуанғаннан ба, әлде ұялып қалды ма, білмеймін, беті ә дегенде қып-қызыл болып, содан бірте-бірте қуқыл тарта берді. Ай, жүрек деген бар болсын, сол кезде де Жәмила ақырын ғана Даниярға көзінің қиығын салды. Жәмилаға аңсай қарап, Данияр арбаның жанында жалғыз тұр екен. Баяғы қырмандағыдай, иә жұртқа қарап бара алмай, иә басқа жаққа кете алмай, бір орнында тұрып, Жәмилаға қадалып қалыпты. Лезде-ақ тұс-тұстан жүгіріп келген адамдар солдатты қоршап алып, кейбіреуі туған, кейбіреуі ауылдас болып шығып, жөн сұрасып жатты. Жәмила ауылдасына рахмет айтуға үлгірген жоқ, Даниярдың арбасының дөңгелегі аннан-мыннан бір тиіп, жүйткіген бойы қорадан жұлқына шықты да, шаң бұрқыратып жолға түсті.
— Ой, өзін жын соққан ба? Дені сау ма? — деп, жұрт оның артынан айқайласып қалды.
Солдатты да туғандары бір жаққа ертіп алып кеткенге ұқсайды, қораның ортасында жеңгем екеуміз ғана қалыппыз. Даниярдың арбасы көзден ғайып болғанша, алыста көтерілген шаңға қарап тұрдық.
— Жүр, жеңге, үйге кетейік, — дедім мен.
— Кете бер, мені не қыласың? — деді Жәмила. Міне өстіп, біз бірінші рет бір-бірімізден бөлініп, ор қайсымыз өзімізше жолға шықтық.
Дала қаңсып, демігіп тұр екен. Жерден көтерілген ыстық еріндерімді көбірсітіп, таңдайымды құрғатты. Шаңқай аспандағы күн жерді көрікке салғандай азаннан бері өртеп жатты, жер бетін тұзды сор жапты. Тұзды шаң алыстағы белеске қарай жылжып, күн тұман арасында тұрғандай, мұнартып еңкейіп бара жатты.
Белестің үстіндегі қызыл-сұр бұлттардың аспанда ұйыған қара жалын сияқты түрі жақындайды. Кейде аңызақтың ауыр толқындары келіп, аттардың танауларына ақ сор қалдырып, шаң басқан жал-құйрығын жайбарақат қозғап, жол бойындағы шыбықтардың басын ырғап жылжып әрі кетеді.
"Бұл несі, жауын бола ма?" — деп жаттым мен ішімнен. Сонда жүректі қобалжытқан жалғыздық ішімді өрттей жалап, әлденеден қорыққандай аттарды дамылдатпай заулатып айдадым. Мен ғана емес, ұзын сирақ боз дуадақтар да бір нәрседен шошығандай елеңдесіп, ши арасына жанталаса жасырынды. Түйе жапырақтың сынықтарын жел әлдеқайдан жол үстіне айдап келіпті. Біз жақта мұндай жапырақтар болмайды, шамасы бүл қазақтың шөл даласынан келген болу керек. Айналада ешбір жан жоқ: Данияр да көрінбейді, артта қалған Жәмила да жоқ. Көкжиекте жылт етіп күннің шеті жасырынды. Шаршаған дала маужырап ұйқыға бөленді.
Қырманға қас қарайғанда жеттім. Қырман тыныш, үп еткен жел жоқ. Даниярды шақырсам, қарауыл шал жауап берді:
— Ой, ол өзенге кетті, оны не қылушы ең? Жел жоғын қарамайсың ба, о, Алла. Самал жорытпаса, қырманда жұмыс болушы ма еді, жұрттың бәрі үйді-үйіне кетті...
Аттарды бедеге тұсап жіберіп, қайтып келе жатқанда өзенге қайырылдым. Данияр әдетінше тік жардың басында отыр екен. Артынан қарағанда да оның қайғыға батып, арманда отырғанын білуге болар еді. Сыңар тізесін құшақтап, басын салбыратып, жер астында күркіреген өзеннің ағысын тыңдап отыр. Оның бұл аянышты отырысы жүрегімді дір еткізді. Қасына барып, Даниярды бауырыма қысып, оған өзім білетін барлық жақсы сөзді айтып, қайғысын бөліскім келді. Бірақ мен оған не деймін, қайтып жұбатамын? Біразға дейін оқшау тұрып, онан кейін қырманға кеттім.
Осыдан кейін де, көпке дейін ұйықтай алмай, аспанды торлап келе жатқан бұлттарға қарап жатып: "Адамның өмірі неге мұнша күрделі, неге мұнша түсініксіз?" — деп, әр қайдағыны ойладым. Жәмиладан әлі хабар жоқ: "Ол мұнша неге кешікті, қайда жүр екен?" — деп, арбаның салдырағанын есітуге зар болып, құлақ түріп жаттым. Не көзім ілінбей, не тұрып кетпей, тұла бойым салдырап, қатты қиналдым.
Данияр өзеннен келгенде мен әлі ұйықтаған жоқ едім. Ол не қыларын білмей, жол жаққа қарап, қырманда әрі-бері жүрді де, онан кейін менің жаныма келіп, сабанға бар салмағымен құлады.
"Әй, енді кетеді ғой бір жаққа, қалмайды ауылда!" — деп ойладым мен. — "Бірақ, бейшара қайда барады? Үй-жайы жоқ мүсәпір кімге керек дейсің? Жаман болды, қайтер екен енді?"
Көзім ілініп бара жатқанда, қырманға жайымен келе жатқан арбаның салдыры естіліп қалды: "Жәмила келген сияқты!" — деп болжадым ұйқылы-ояу.
Қанша ұйықтағанымды білмеймін, бір уақытта дәл құлағымның түбінде сабан тысырлап, біреу жақын келгендей болды. Қанат серіпкендей қандай бір еу нәрсе бетімді сипап өтті. Көзімді ашсам, Жәмила екен. Суға түсіп келген көрінеді, көйлегін де салқындатып суға салып алыпты, өзі де бір жағымды самалды ертіп әкелді. Жәмила тоқтап қалып, екі жағына елеңдеп қарады да, Даниярдың бас жағына отырды.
— Данияр, міне мен өзім келдім! — деді, ол ақырын сыбырлап.
Жым-жырт тыныштық, тек аспанда найзағай жалтылдайды.
— Сен өкпеледің бе? Қатты өкпеледің бе?
Тағы да айнала тып-тыныш, өзеннің кемерленген жағасынан шолп етіп суға кесек түсті.
— Бірақ, мен айыптымын ба?.. Сенде де айып жоқ...
Тау қырқасынан күн көтерілді. Шошып кеткен Жәмила жалт бұрылып қарағанда, ертеңгі сәуле оның жүзін жап-жарық етіп көрсетті.
Сол замат Жәмила Даниярды құшақтап жақындай бергенде, ол оны өзіне тартып, оранып Жәмила оның қасына жатты.
Аптап жел даладан жұлынып келіп, қырмандағы сабанды ұйқы-тұйқы сапырылыстырып, анадайда жапырайып тұрған киіз үйге бір тиіп, жолмен құйындатып өз жөніне кете барды. Найзағайлар бұлт арасында көгілдір жалын ойнатып, қарағай омырылғандай құрғақ сытырлап күн күркіреді. Бүкіл денем сергіп, мен сүйіндім де сескендім — күн күркірегенде ақырғы найзағай долы табиғаттың суық көркін ашып, жаздың біткенін хабарлады. Ештеңеге әл бермес күштей арындап, Жәмила Даниярға сыбырлап жатты:
— Шынымен күмәнданып қалдың ба? Сені қайтіп біреуге алмастырамын!... Керек емес, түстен кейінгі махаббаты өзіне! Мейлі, кім не десе де, мен сендікпін! Жалғызым, жаным, ешкімге сені теңгермеймін!.. Мен сені бүгін емес, кеше емес, сыртыңнан білгендей, бала болып ес кіргеннен бері сүйемін... Міне, енді сен де мені іздеп келдің!..
Жасыл найзағайлар ирек-ирек сынып, жардың астындағы суға түсіп жатты. О жер, бұ жерге тиіп, сабанды тысырлата шертіп, жауынның алғашқы тамшылары себелей бастады.
— Жәмилам, жаным, қалқатайым, қызыл гүлім, Жамалтай! — деп, Данияр қырғыз бен қазақта бар ең нәзік сөздерді сүйгеніне арнауда. — Мен де сені көптен бері сүйемін, өмірімде көрмесем де, окопта жатып сені ойлағанмын! Сөйтсем, менің сүйгенім туған жерімде екен? Ол сен екенсің, Жәмилам, қызыл гүлім!
— Қыраным! Асыл қыраным! Бері қарашы, көзіңді көрсетші! О, асыл бүркітім!
Жауын барған сайын күшейе түсті. Жел ұшырған үйдің үзігі қанатына оқ тиген құстай далбаңдап сыпырылды. Бірде қиғашынан, бірде тік төпеген нөсер жерді сағынғандай үсті-үстіне өбіп, аспанның қаптал-қапталынан салдырап арба айдағандай күн күркіреді. Қызғалдақтың жазғы өртіндей, жалын атқан найзағайлар тау бауырлап, шыңдарды қызыл торғынмен жапты.
Жауын күшейе берді. Мен болсам, сабанды кеулей түсіп, дәл қолтықтың астында атша тулаған жүректің дүрсілін есітіп жаттым. Осы кезде менен бақытты, менен ырысты ешкім болмаған шығар жер бетінде. Көптен бері сырқаттанып, далаға шыққанда, аспанда жарқырап мейірімді нұрын төккен күнді көргендей, жер бетінде өмір сүрудің өзі қандай бақыт екенін білгендей болдым.
Жауын да, найзағайлардың жарығы да сабанның астына, менің жатқан жеріме жетіп жатты. Бірақ, мен одан түшіркенген жоқпын. Көзім ілініп бара жатып, өзімше күлімсіредім: құлағым шалған не болды екен, — Жәмила мен Даниярдың сыбырласқаны ма, әлде жауынның сабанға тысырлап тигені ме?
— "Міне енді күн жауа береді, күз келеді!" — деп жаттым мен өзіме. Шынында да күздің хабаршысындай болып, дымданған сабан мен сарбалақ тартқан жусанның кеш күздегідей жылы демі мұрынға келіп жатты.
Ал енді күзде біздің тағдырымыздың не боларын, не үшін екенін білмеймін, мен ойламаппын.
Сол күзде, екі жыл үзілістен кейін, мен қайтадан мектепке бардым. Сабақтан кейінгі бос уақытта мен көбінесе баяғы су бойындағы жар қабаққа барып жүрдім. Қырман ол кезде көтеріліп қалған. Бұл жерде мен мектептен алған бояулар мен өзімнің бірінші этюдтарымды, суреттерімді салдым. Ондағы суретшелер онша жақсы болмаса керек, өйткені, сонда да олар маған көп ұнамайтын. "Бояуларым нашар көрінеді, — деп ойлайтынмын мен ішімнен. — Атаңның көрі, нағыз бояу тапсам, қандай тамаша болар еді!" Солай дегеніммен сол нағыз бояулардың қандай болатынын өзім де білмейтінмін. Біраз кейінірек қана суретшілер қолданатын қорғасын қораптағы бояуларды бірінші рет көруге тура келді.
Бояу бояумен, бірақ оқытушылардың айтқандары да тура сияқты: суретші болу үшін суретшінің өнерін әдейілеп үйрену керек, оның оқуын оқу керек. Бұл ақыл орынды болғанымен, оқу жөнінде менің үмітім де жоқ еді.
Оқу қайда: ағаларым сол бойы дерексіз кетсе, онан екі үйдің жалғыз азаматын анасы оқуға жіберетін бе. Мұны біліп, мен үндемейтін де едім. Бірақ аңсаған оқуды есіме алып, ішім күйетін, оның үстіне осы жылғы күз ерекше көрікті болды. Қолдан өнер келсе, көргеніңнің бәрін салсаң болғаны, өзінше сурет болып тұрғандай. Әттегене, сондағы күз-ай!
Күркіреудің суы тартылып, астында жатқан баяғы қазандай тастар енді сыртқа шығып, олардың үстінде жап-жасыл, сап-сары мүк тәрізді жатаған шөптер ою жүргізген. Ертеңгі ызғарда талдың сидам шыбықтарының сәл қызарып, жабайы өскен терекшелер күннен-күнге түрленіп құлпыруда.
Жаз бойы жайлауда түтінге ысталған жылқышылардың үйлері, қазір үлкен сайдың бурыл тартқан шабындығында әр жерде қарайып, ақ жаулық, көк көйлек кигендей түтіндер шаңырақтан етек-жеңін шұбалтып, той-тойлаған әйелдердей көлбеңдейді. Әріректе жылқы жайылып бет-бетіне шашырап жайылып кеткен үйірін жинай алмай, тынышы кеткен айғырлар еліріп кісінеседі. Жазға дейін енді сонысы сол: биелер оңайлықпен үйірге қосылмайды. Таудан түскен мал сарғайған шөпті жапырып, аңыз-аңызда жүреді. Күзгі даланың беті қым-қиғаш іздер.
Күз өстіп көп тұрған жоқ. Коп кешікпей қара жел тұрды, аспанның реңі бұзылып, кар аралас жауын басталды. Апта бойы көз аштырмаған жауын, бір күні бәсеңдеп тоқтағанда, мен Күркіреудің жағасына бардым. Әріректегі тастақ аралшада жыңғыл мен шеңгелдердің арасындағы жалғыз түп тау рябинасы жанған оттай болып, суретке "сұранып" тұрып алды.
Жиектегі қурайлардың арасында сурет салып отыр едім, кешкіріп қалған кез, бір уақытта басымды жоғары көтеріп, арғы жағаға су кешіп өткен екі кісіні оқыс көріп қалдым. Олардың Данияр мен Жәмила екенін бірден таныдым. Неге екені белгісіз, олардың жүздері сескеніп сақтанғандай түрді білдіреді. Данияр әдетінше аршындай басып, аттаған сайын, оның түймесі салынбаған шинелінің етектері, тозығы жеткен солдат етігінің қонышына соғып келе жатыр. Жәмила болса, аппақ жуылған жүн шәлісін тартып, үстіне демалыста киетін қызыл ала гүлді көйлегі мен ши барқыт шапанын киіп алыпты. Бір қолында көтерген түйіншегі бар, екінші қолымен Даниярдың арқасындағы қапшықтан ұстап кетіп бара жатыр. Екеуі анда-санда бір нәрсе жайлы сөйлесіп қояды.
Бұлар біздің ауылды тастап, бір жаққа кетіп бара жатқандарын түсінгенде ішім удай ашып, жүрегім қысылды.
Әне, ол екеуі ши арасымен жөнеді, ал мен аузымды ашып, олардың артынан қарап, не істерімді білмей қалдым. Айқайлайын десем тілім таңдайыма жабысып қалғандай.
Бауырымен таудың шоқыларын сызған бұлттарға күннің алыс сәулесі ақырғы рет түсіп, жер беті бірте-бірте кеугім тартты. Айналаны лезде қараңғылық басты.
Данияр мен Жәмила артына қарамай темір жол разъезіне қарай жылдам басып барады. Олардың қаралары да барған сайын алыстап, біраздан кейін шидің арасынан көрінбей қалды.
Мен міне осы кезде ғана есіме келдім.
— Жәмила-а-а! — деп бар күшіммен айқайладым. Томсарған даланын үстінен: "а-а" — деген жалғыз жаңғырық көпке дейін созылып, өлеусіреп барып басылды.
— Жәмила-а-а-а! — дедім мен, тағы бір ашумен айқайлап, тұрған орнымнан алға ұмтылып, жаңағылардың артынан жүгірдім. Суды су демей, етігіммен, киіміммен суға беріп кеткенімде тызылдатқан мұздай шашырандылар бетіме, бүкіл денеме жайыла берді. Оған да қарамай, тағы ышқына жүгірдім. Бір уақытта аяғым бір нәрсеге сүрініп кетті де, етбетімнен жығылдым. Сол бойдан, басымды жоғары көтермей, бетімді басып, өксіп-өксіп жылап жібердім. Астымдағы сызды топырақ қолымды, бетімді мұздатып, кеш қараңғысы жоныма салмағын салғандай, өкпем қысылып, шиелер менің қайғымды бөлісіп, жан-жағымнан сыбдыр қақты. Жаңа Жәмила деп айқайлаған даусым да томсарған даланың үстінде жаңғырығып, құлағымнан кетпейді.
— Жәмила, Жәмила! — деп, жас балаша өксіп, мен өзімнің ең жақын көрген қымбатты адамдарыммен қоштасып жаттым. Міне сонда ғана жерде жылап жатқан кезімде, мен өзімнің де Жәмиланы сүйгенімді түсіндім.
Иә, бәлкім бұл менің балалық шағымдағы ең таза, нәресте махаббат болған шығар.
Бетімді көз жасына суланған жеңіме сүртіп, тағы көпке дейін жыладым. Бақсам, мен сол сәтте тек қана Жәмилалармен қоштаспай, өзімнің балалық шағыммен де қоштасып жатқан екенмін.
Қараңғыда теңселіп үйге келгенімде, біздің қорада абыр-сабыр, біреулер ат ерттеп жатыр екен. Осмон әдетінше мас, қолына сойыл ұстап, басып кететіндей атын жұлқынтып барқырайды:
— Ой, мен айтпап па едім! Міне енді, бүкіл Олжобой әулетіне масқара іс болмады ма? Бол, аттаныңдар, жеткен жерде тентіреген шала қазақты таяққа жықпасам, атым өшсін. Он жылға кетсем де мейлі. Бірақ, кім көрінгенге Олжобойдың қатындарын талауға бермейміз. Аттан, жігіттер, кеттік! Қайда ұзап кетті дейсің!
Қуғыншылар қайда ат қояр екен дегенімде, жүрегім су етіп, бойым мұздай түсті. Не қыларымды білмей, ауылдың сыртына дейін атшылардың артынан жүгіріп отырып, олардың разъезге қарай емес, станцияға кететін үлкен жолға түскенін көргенде ғана жаным тыншыды. Онан үйге келдім де, жылағанымды ешкімге көрсетпей әкемнің тонына оранып алып, бүркеніп жаттым.
Осыдан кейін ауылда қанша сөз, өсек-аяң болды. Әйелдердің бірі Жәмиланы жамандап жатты:
— Ақымақ та! Болмаса, кім өзінің ырысын маңдайдан теуіп, тентіреген мүсәпірмен еріп кетеді!
— Соны айт, жеңге! Несіне қызықты деймін де! Жаман шинелі мен тамтығы шыққан етігінен басқа ештеңесі жоқ еді ғой.
— Не, оның қора-қора малы бар ма еді? — деп, тағы біреу қоштай шығады. — Үйі жоқ, жайы жоқ тентіреген неме де! Мейлі, оз обалы өзіне, әлі-ақ бармағын тістеп өкінер... Көрерміз, сонда ол сұлусынған немені!
— Тоба, Садықтан артық күйеуді ол қайдан таппақ еді?
— Оны айтасың, қайын енесі ше? Осындай пайғамбардай болған енені қайдан табады екен ол? Өз сорына өзі түкірген арам, мейлі?
Мүмкін, жалғыз мен ғана өзімнің бұрынғы жеңгемді жамандамай, оның істегенін тура деп тапқан шығармын... Даниярдың ескі шинелі, шаруасы біткен етігін былай қоя тұрып, ол өзі кім екенін, оның ішкі байлығы қаншалықты зор екенін, мен білмегенде кім біледі. Жәмила Даниярға еріп кетіп, бақытсыз болады деген алып қашқан сөздерге мен ешбір сенбек былай тұрсын, қайта, ол анық бақытын енді тапты деп сенемін. Тек апам үшін қатты қапа болдым, Жәмиламен оның күш-қуаты, білгірлігі бірге кеткендей, апам өзінен-өзі қайғыланып, еңкейе түсті. Жарықтық өмірдің ағыны кейде өстіп езінің ескі сүрлеуін бұзып, шұғыл жерден жаңа бағытқа бет бұрғанын түсінбеген сияқты. Мысалы, үлкен, қарулы теректі боран тамырымен қопарып кетсе, ол екінші рет бой түзей алмайды да... Апам да сол сияқты: бұрынғы күшінен тайғаны әрбір қимылынан байқалып жүрді. Баста ол инесін ешкімге сабақтатпаушы еді, намыстанып жаман көретін. Енді болса, бір күні үйге кіріп келсем, апам иненің жасуын таба алмай жарыққа сығалап, жылап отыр екен.
— Мә, жіп өткізіп берші! — деді ол ине-жіпті қалшылдаған қолымен маған ұсынып жатып. Онан кейін ауыр күрсінді де, жасын сығып жатып, өзіне күбірлей сөйледі: — Сорлы келінім-ай, қарадан қарап, қор болатын болдың-ау... Сол күйі қолда жүрсе, қандай адам болар еді... Қайран Жәмила... өзіңді-өзің өлтірдің... Бізден безіп кеттің... Неге кеттің? Біздің үйде неден кем болып едің?.. Сорлы Жәмила...
Апамның өстіп отырғанын көріп, сай-сүйегім сырқырады. "Жоқ, апа, ол сорлы емес!" — деп, айқайлап жібере жаздап барып қалдым. Апамды құшақтап алып, Данияр деген қандай адам екенін, мен оны қандай жақсы көргенімді айтып беріп, еңіреп жылағым келді. Бірақ, бұл сөздерді мен не бетіммен айтамын: өлгенімше апамның көңілінде қайғы қалмай ма?
Сөйтсем де, менің бұл күнәсыз "қылмысым" білінбей қалған жоқ.
Көп ұзамай Садық үйге қайтып оралды. Шынын айтқанда сыр білдірмегенімен, ол қатты намыстанып, іштей тынып жүрді. Рас, Осмондармен ішкілік үстінде отырғанда:
— Атасының көрі, кетсе кеткені! Қаңғып жүріп, ақыры бір жерде аштан тырайып құлар! Қатын деген қазір толып жатыр, шетінен шертіп жүріп... Алтын басты қатыннан, бақыр басты ер артық... — деп, білдірмеген болады.
— Оның тура ғой, — деп Осмон жауап беретін, — Бірақ, сонда бір қолыма тимеді де, анаусын сілейте сабап, мынаусын шашынан ат құйрығына байлайтын едім! Менің болжауымша олар түстікке кетті ғой, мақтаға, болмаса, қазақтар арасында тентіреп жүрген шығар. Енді бір таңғалған жерім: сол итті ешкім білмейді, ешкім байқамайды, қалай болғанын сезбей де қалдық. Жаңағы сылаңдаған қаншықтың арамзалығы, жігіт білдірген жоқ, әйтпесе ғой оны!
Мынандай сөздерді есіткенде, қаным қайнап, жұдырығым түйіледі. Әлім келсе, сол Осмонның бетіне түкіріп айтар едім: "Баяғы шөп шабу кезінде болғандар есіңнен шықпаған екен ә. Болмаса, нағыз арамза, нағыз бұзық сенсің!" — дер едім.
Бір күні үйде отырып, мектептің қабырға газеті үшін сурет салып жатыр едім, апам да пештің жанында от жағып отырған, бір уақытта есік оқыс ашылып, үйге құп-қу болып сұрланған Садық ағам кіріп келді. Ол маған қарай жұлқына жүргенде, желбегей жамылған шинелі жерге ұшып түсті.
— Мынаны кім салған? — деп, ол үлкен парақ қағазды бетіме төндірді. Қағаздағы суретті кергенде үрейім ұшты: бұл менің баяғы қырманда Данияр мен Жәмиланы қаламмен салған суретім екен. Олар маған сол сәтте тура қарағандай болды. Алда Жәмила-ай, мұны қалай тастап кетті екен? Үйдің бір жеріне жасырып қойып, сол бойдан ұмытып кеткен ғой!..
— Мен салған едім! — дедім мен.
— Бұл кім өзі?
— Данияр.
— Бұзықсың сен! — Қалшылдаған Садық ағам суретті майда-майда етіп жыртты да, аяғымен таптап, есікті тарс еткізіп, сыртқа шығып кетті.
Үйдің ішін көпке созылған өлі тыныштық басты.
— Сен білетін бе едің? — деп, сұрады бір уақытта апам.
— Иә, білетінмін.
Апам пешке арқасын сүйеп, маған сондай бір айыптаған көзбен телміріп қарағанда, шабар бармақты біржолата шабайын деп:
— Мен олардың суретін тағы саламын! — дедім. Апам үндеген жоқ, басын қайғылы шайқап төмен қарады.
Жерде жыртылып жатқан суретке қарап, ішімде өрттей лаулаған ызаға шыдамай кеттім. Мейлі мен біздің отбасы, ру үшін "бұзақы" болайын, бірақ адамдық үлкен шындыққа мен қиянат жасаған жоқпын, өмірдің үлкен шындығына мен аяғына дейін әділетті болдым. Менің осы ақ ниеттілігімді ешкім білген емес, оны жұртқа айтуға да болмайтын еді, өйткені басқалар түгіл, жанымдай көрген өз анам да мұның мәнісін түсінер емес.
Апам үндемей отыра берді. Жаңағы ыза көзіме жас келтіргенге ұқсайды, жерде шашылған суреттің қиқалары иірім суда аққандай, қалқып, үйіріліп жатты. Жаңа Данияр мен Жәмиланы суреттен тірі сияқты көрген сәт миыма соншалық ұялаған екен, көз алдыма баяғы тамыз түніндегі гүлденген дала келіп, Даниярдың от пен жалын атып шалқыған әні құлағыма естілгендей болып жатты. Жәмила мен Даниярдың сондағысын есіме алып, мұңайыңқы күлімсіреп отырдым. Олардың ауылдан кеткендегісін есіме алғанда жүрегіме қайрат толып, мен де солар сияқты өз бақытым үшін қиын жолға шығуға бекем бел байладым.
— Мен оқуға кетемін! — дедім мен апама. — Суретші болғым келеді, суретшінің оқуына барамын, әкеме де осыны айтып қой...
Бұл сөзді айтқанымда, апам қазір соғыста хабар-ошарсыз кеткен ағаларымды еске алып, ағыл-тегіл боп жылайды ғой деген оймен, өзімді соған дайындадым. Бірақ, абұйыр болғанда, апам бұл жолы көзінен тарыдай жас тамызған жоқ.
— Мейлің, барсаң өзің біл... Темір қанат болған соң, әрқайсың өздеріңше қанат сілтеп қалмайсыңдар ма... Біз қайдан білейік, бәлкім, сендердікі шындық шығар, бәлкім алысқа самғап ұшарсыңдар... Қазіргі заман енді солай болып тұрған жоқ па... Оқуға барсаң, өзің біл... бәлкім, сол жаққа барғанда, сурет салып шимайлаған кәсіп емес екенін білерсің... Үйіңді, туған жеріңді ұмытпа, бар тілегім осы...
Сол күннен бастап кіші үй өз алдына бөлініп кетті. Мен болсам, көп кешікпей оқуға аттандым.
Суретшілердің мектебін бітіріп, Ленинградтағы академияға өнерімді шынықтыру үшін тағы оқығалы барғанда, мен өзімнің дипломдық жұмысымды тапсырдым. Бұл дипломдық жұмыс көптен бері жүрегімде сақтап жүрген сурет еді.
Әлбетте, сіздер бұл суретке Данияр мен Жәмила салынғанын бірден сезген шығарсыздар. Иә, менің ол суретімде күзгі кең даланың бетінде жосылған жолда, түймеленбеген шинелі екі жаққа ашылып, алға нық қадам басқан Данияр мен оның жанында қапшықтың бұрышын ұстап, қуанышты келе жатқан Жәмила...
Олардың бет алысы Данияр жырлаған ұшы-қиыры жоқ, құлпырған кең дала... Бұл шалқарда Жәмила мен Даниярдай кім бақытты болмас!..
Рас, менің суретім барлық жағынан мықты салынған деп айта алмаспын, шеберлік бара-бара еңбекпен келеді емес пе... Әйткенмен, бұл сурет мен үшін дүниедегі ең қымбатты зат, себебі жүректің ең асыл, алғашқы жалынын мен осы суретке бергенмін.
Міне енді бірталай тәжірибем болса да, кейде істегенім ойдағыдай шықпай қалады, сонда өз күшіме сенбей күмәнданып қалатын ауыр кездер де болатын. Ондай сәттерге менің жүрегімнің дауасы — суреттегі Данияр мен Жәмила. Олар көзіме сондай ыстық көрініп, мені өзіне тартып тұрғандай болады. Сонда суретке қарап, Данияр мен Жәмиладан көпке дейін көз айырмай, олармен ой бөлісіп, көзбе-көз сөйлесемін.
"Қайдасыңдар сендер қазір, қайсы жолмен кетіп бара жатырсыңдар? Біздің жерде мұндай кең дала, мұндай жолдар көп: Қазақстаннан бастап Алтай мен Сібірге дейін ашық, сайрап жатқан жол! Бұл алтын алқапқа сондай зор еңбекті сүйетін азаматтар жаңа тұрмыс құру үшін аттанды! Бәлкім, сіздер де сол жаққа кеткен шығарсыздар! Онда сапарларың оң болсын!.. Жәмила, менің алтын Жәмилам, сен кеткенде басыңды жоғары көтеріп, қисаймай, тайынбай, кең даламен кеткенсің... Қазір де сондайсың ба? Әлде шаршаған күндерің болды ма? Жаным, Жәмила? Әлде өз күшіңе сенбей күмәнданған күндерің болды ма, гүлім Жәмила? Егерде ондай болса, әлсіздікке берілме, Даниярды медет қылып алға бас! Сонда Данияр баяғыдай махаббат, жер, жарық дүние, өмір жөніндегі теңіздей шалқыған жалынды әндерін салып берсін! Сонда көз алдыңда кең дала гүлдеп, біздің тамыз түніндегі найзағайлы дауыл төгіп берсін! Қорықпа, Жәмила, алыс жолдан, сенің жолың бақыт жолы, оған күмәнданба!"
Жолмен жүргендерге қарап, мен олармен сырласамын. Әне, Данияр ән шырқады, демек, ол Жәмила екеуі мені жаңа сапарға шақырады. Иә, менің сапарға шығуым керек! Иә, жайқалған кең даланың жолымен жүріп отырып, мен өзімнің ауылыма барамын! Туып-өскен жер — менің күш-қуатым! Мен одан жаңа, торғын бояу табамын. Сурет салған бояудың әрбір сызығынан Даниярдың әні естілсін! Сурет салған бояудың әрбір сызығында Жәмиланың жүрек оты болсын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі