Біз бұл бөлімде Абайдың өз тәрбиесінде болған және Абайдың ақылы мен сыны бойынша тақырыптар таңдап, арнаулы шығармалар жазған, оның шәкірт ақындары туралы біраз тексеру жасаймыз. Жалпы алғанда, Абайдың қазақ мәдениетіне XIX ғасырда және XX ғасырда өткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей сөзін оқу арқылы, есітіп ұғыну арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасында арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын, молая түскен.
XX ғасырдың басында, Абай дүниеден өтетін жылдардың өзінде оның өлеңдерін үлгі етіп, әр түрлі шығармалар жазатын ақындар Абай тіршілік еткен елдің көршілес атыраптарында да көріне бастаған еді.
Ал, 1909 жылы ақынның кітабы баспадан шыққан соң, Абайға еліктеп өлең жазушылар Қазақстанның қай өлкесінде болса да кездесетін болады. Бұл жағынан қарасақ, XX ғасырда Абайдың әсері көпке жайылып, кең өріс таба береді. Бірақ ақын мұрасының кейінгі қазақ әдебиетіне бұлайша қатынасын оның жалпақ қазақ әдебиет тарихына көрсеткен үлгі, әсері деп түсінеміз.
Ол жайды кең түрде, көп мысалдармен дәлелдеп, бергі ақын-жазушылардың шығармаларынан анықтап айырып, талдап тану, таныту айрықша ғылыми-зерттеу жұмысының міндеті болмақ. Және ол зерттеулер XX ғасыр басындағы нақтылы дәуірлердегі арнаулы ақындардың дәлдеп көрсетілген шығармаларын тексеруге арналу керек.
Бұл, түрдегі тарихтық зерттеу, тексерулер көбінше XX ғасыр әдебиет тарихының міндетіне қарай ауысады. Сол себепті әзір біз Абайдың өзінен соңғы қазақ жазба әдебиетіне еткен әсері деген тақырыпты қозғамаймыз. Оның орнына осы бөлімде аталған міндет, мақсат бойынша, Абайдың өз айналасында үнемі бірге болып, ұлы ақынның анық жақын шәкірті болған ақындардың шығармаларын тексереміз. Бұлардың еңбектерін шолуда алдын ала есте тұратын бір жайды ескерте кету керек. Ол осы шәкірт ақындардың еңбек үлгілерінен және де айқындай көріне түсетін Абайдың өзінің ерекшелігі болады.
Өзге ақындар «шәкірт» деп аталған соң, Абай, әрине, олардың басшысы ұстаз ақын болмаққа керек. Әрбір әдебиеттік мектеп осындай аға ақын мен іні ақындардың екі буынынан құралатын болса, ең алдымен, сол әдебиеттік мектепте басшы ақынның бағыты, стилі, өзгеше идеялары, өз халқының әдебиет тарихына кіргізген анық тарихтың көркемдік жаңалықтары — қысқасынан айтқанда, барлық қасиеттері әр алуан түрде бой көрсететін болады.
Абай шәкірттерінің дәл осы жөніндегі табыс нәтижелерін айтқанда, олардың бірде-бірі Абай жеткен дәрежеге жеткен жоқ. Ең алдымен Абайға таланты теңдес болған жоқ және әсіресе Абайдың ағартушылық, әлеуметтік, идеялық, көркемдік кең масштабы оларда болған жоқ дейміз.
Қазір біз бөліп алып тексеретін қазақ ақындары осы соңғы айтылған жайлардың кейбір жақтарынан ғана өз шамаларынша бағалы өзгешеліктерін таныта алады. Сонысымен Абайдың бар жағы болмаса да, бір жағын, бір қырын айқындап дамыта түсті, осының өзімен Абай шәкірті дегізерлік мүмкіншілік берді дейміз.
...Біз Абай мектебінің ақындарын айтқанда, сол Абай шәкірті деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірше жазғамыз жоқ. Бұл қатарда алдымен аталатын Әріп ақын және Әсет сияқты әнші-ақындар қатарынан шыққан, халық ақындарынан құралған бір топ әдебиет, көркемөнер қайраткерлері бар екені даусыз...
...Қазақ әдебиеті тарихының көлемінде, тегінде, Абайдың ақындық мектебі мен Абай әсерін кең көлемде зерттеу жұмысы енді басталады. Сонда тек Абайға жерлері, елдері жақын болған ақындар ғана емес, XІX ғасыр аяғында және XX ғасыр басында әдебиет майданына шыққан оқымысты, жазушы ақындардың да бірталайының шығармалары «Абай шәкірттері» деп тексерілмесе де, Абай ақындығының әсерін, ықпалын көрген ақындар шығармалары деп белгілі жақтарынан арналып тексерілуге тиіс.
Сол шақта тексеру, зерттеу нәтижелерінде, ғылымдық дәл, мол деректер талданып болған кезде, бәлки, Абай шәкірттері, Абай мектебі дейтін көлемнің өзі де кеңейіп, молайып, Абай шәкірттерінің қатары да көбейе түсер.
Әзірше әдебиет зерттеу ғылымымыз сондайлық нақтылы, кең зерттеулерге молыға алмай тұрған кезде, біз бұл топ көлемінде «Абайдың шәкірттері» деген топты азғана сан, нақтылы кіші көлемде алып отырмыз. Тегінде, әдебиеттік мектеп мағынасы тарихтың басы ашық, даусыз, деректі көлемде алу да бар. Онда «шәкірт» деп белгілі ақынның қасында, қатарында жүріп күнделік байланыс арқылы тақырып, үлгі, ұстаздың сын-өнеге алып жүрген ақындар тобын даусыз «мектеп» деп айтуға болғандай. Абай шәкірттерінің Абаймен жалғастық, ақындық араласы үнемі үздіксіз болған Ақылбай, Мағауия, Көкбайларды ғана бұл тексеруге айрықша бөліп, атап кіргізіп отырғанымыздың себебі сол жаңағы айтылған жағдайдан туады. Бірақ бұларды әзірше «Абай шәкірттері» деп бөліп атаумен қатар, Абай шәкірттерінің жалпы қатары мен тобы тек бұлармен ғана мүлде түгелденіп тоқтайды деп айтпаймыз. Осы жайды айрықша мықтап ескертумен қатар, әзірше «Абай мектебі» жайындағы сөзді тамам етеміз.
(ЛММА архиві, № 194 папкі, 149. 318-319 б).
...Совет өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ Абайдың жеке өз басына, әдеби мұраларына, сол арқылы сол уақта көзі тірі шәкірттеріне, жолын ұстанушы белгілі дарын иелеріне қара күйе жағу, шығармаларын бұрмалап шабуылдау, тімтіну басталды. Абай есімі әр түрлі анықтама кітапшаларға енгізіліп, орталық баспасөз беттерінде атала бастағанмен, (Мәселен, «Всемирная литература, Сер.Восточная литература», СПб, 1919, 47-6.) сан қилы желеулер, қасақана бұра тартушылықтар, түрлі айдар тағулар бел ала түседі. Біреулер әдейілеп саналы түрде кіріссе бұл іске, енді біреулер жаза басып, кезең, уақыт құрбанына айналған. Тіпті Сәбит Мұқанов секілді оң-солын таныған қаламгерлердің өзі ұзақ жылдар бұрыс жолмен жүргенін төмендегі үзінді жазбалардан анық бажайлаймыз: «Ұлтшылдармен идеология майданында күрескенде, менің бірнеше қате сілтеген құлаштарым да болды... 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 69-санында басылған «Шешендер қара тақтаға жазылып қалып жүрмеңдер» деген мақалада мен: «Кенесарыға, Шоқанға, Ыбырайға, Абайға, Ахмет Байтұрсыновқа қарсы болып, оларды халыққа жат адамдар деп жаздым. Бұл пікір жалғыз Байтұрсынов (!) турасында ғана болмаса, өзге төртеуі туралы дұрыс емес еді.
Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай туралы қате пікір айтуға объективтік және субъективтік бірнеше себептер болды...» (С. Мұқанов. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер. І-бөлім. Қазақ ССР оқу Халық Комиссариаты педагогика институттары мен техникумдарына әдебиет тарихы жөнінде көмекші құрал есебінде ұсынады. — Алматы, 1942, 10-11-6.)
Сталинизмнің қанды шеңгелін Қазақстанда қажет деп білген «Қу жақ» (Голощекинді А. Байтұрсынов осылай атаған — Б. С.) айтулы халық перзенттерін қуғын-сүргінге ала бастайды. Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев... Голощекиннің «аймақтық көсемшілдігінен», бонапартизмінен, халықты жаппай қайғы-қасіретке душар еткен солақай саясаткерлігінен бойы тітіренген, соны алдын ала сезінген Шәкәрім қарт тауға, оңашаға кетуді жөн деп табады. Абайдың шыққан тегін сан-саққа жорытып, ұлы туындыларына көлеңке түсіріп келген жарыместілер Шәкәрімді, Құнанбай әулетінің өзге көзі тірі үрім-бұтақтарын жайбарақат қалдырсын ба?! Шыңғыстау өңірінде жиі-жиі лау ете қалатын алып-қашпа қауесет сөздер, қаңқу өсектер, тынымсыз тімтінулер жаны тыныштықты, оңаша болуды қалаған дана Қартты әбден титықтатып бітеді. 1930-31 жылдары қағаз бетіне түсірілген, қаншама қиқыметпен біздің күнге ілдалап жеткен Шәкәрім өлеңдері сол бір сұрқай уақыттың дөп сараланған айқындауышындай дерсің...
Шәкәрімнің Мәуен деген бәйбішесінен сүйген Сүпиян деген баласы ертеректе, жиырма бесінші жылдары қайтыс болып кеткен еді. Екінші өмірлік қосағы Айғаншадан тараған бес ұл, үш қыздың жасы үлкені Қапырды (Ғафур) еш жазықсыз, ешбір тексерусіз түрмеге жауып тастауы аса ауыр қасіретке әкеліп ұрындырады. Өр мінез, қайыспас қайсар Қапыр жалған жалаға шыдамай, түрмеде жатып тамағын кездікпен орын жіберіп, шапши аққан қанға қарап жатып бейшара халде дүниеден өткен. Араға бірнеше күн салып, Қапырмен бірге қосақтала түрмеге жабылған үлкен ұлы Баязит те тап осылай өзін-өзі бауыздап өледі.
Қапырдан қалған көп жетім,
Бір көру еді ниетім...
Көре алмай кетті дегейсің, -
деп Шәкәрім қарт өмірінің соңғы күндері жазғанындай, көп жетімдер де жергілікті жан алғыштар назарынан тыс қалмағанын бүгінде жасы жетпістен асып ортамызда отырған Кәмила Қапырқызы естеліктерінен түсінуге болады. «1931 жылы атам (әкемнің әкесі) Шәкәрім жазықсыз жаланың құрбаны болып жапан түзде атылғаннан кейін, «бай-құлақтың ұрпағы ретінде» шешеміз Мәкей екеумізді Қарауыл селосына алып келіп, бір иесіз, қараңғы үйге қамады. Мен ол кезде 12-13 жастардағы жасөспірім қыз бала едім. Әлі ақыл тоқтатып, төңіректе болып жатқан қанды оқиғаларға көз жіберіп, көңіл жеткізетін шақ емес. Менің бар есімде қалғаны — азынаған суың күздегі от жағылмаған тастай қараңғы үй. Екінші бір осы уақытқа дейін есімнен шықпай келе жатқан көрініс — әлгі үйдегі егеуқұйрық тышқандардың аса көптігі. Өздері соншалықты аш болса керек, әлде адам демі мен иісін сезгендіктен бе, сәл қозғалмай тым-тырыс отырып қалсақ болды, жан-жақтан жылтыңдап, тықырлатып шыға келеді. Сөйтсем шешемнің жолға деп ала шыққан, қоржынға салған азын-аулақ еті бар екен, егеуқұйрықтардың жеуге ұмтылып жүргені сол екен ғой. Сол түні шешеміз екеуміз қараңғы қапас түнді кірпік айқастырмай өткіздік, егеуқұйрық тышқандардың шабуылынан аман-есен шыққанмен, ертеңінде екінші бір жан қинайтын азапты тергеу, тексеруге түстік. Сонда менің көзіме жақыннан көгілдірлене көрініп тұрған Шыңғыстаудан артық қорқынышты жер жоқтай көрінді. Мен сонда көз жасым мөлтілдеп тұрып ішімнен «егер жер басып жүрсем, бұл Шыңғыстаудың топырағын қайта басуға тәңірім жаза көрме» дегенім есімде. Мен бұл сертімді елу жеті жыл бойы орындап келдім. Кейде алыста жүріп туған елді, туған жерді сағынғанда, Шыңғыстау есіме түседі де, қайтып баруға дәтім шыдамайтын. Кейде Абай ауданына бара қалғанның өзінде Жидебайға ғана барып, атам Абай мен Шәкәрімнің зиратына тағзым етіп, қол созым жерде тұрған Қарауылға соқпай, Талдықорғанға қайтып кетіп жүрдім. Бұл дүниеде Шыңғыстаудан артық жер тозағы бар дегенге көңілім сеніп көрген емес. Бала кезден қанды оқиғалар жас жүректен кетпейді екен. Қаралы жылдардың көлеңкелі елесі ұйықтасаң түсіңе кіріп, оянсаң ойыңнан шықпай еңсені басып, бойымды көтертпейтін...
Енді, міне, араға елу жеті жыл салып, сол өзім көрместей болып кеткен Шыңғыстау топырағын қайта бастым. Қуанып, шаттанып, көзімнен ыстық жасым сорғалап, «Кеш мені, атамекен Шыңғыстауым! — деп, бір уыс топырағын кеудеме бастым!»
1931 жылғы 2 октябрь күні таяз ақыл, тасыр ойлы, жергілікті ГПУ бастығы Абзал Қарасартов және оның жанына ерткен жан алғыштары қолынан қазақтың ақ жүрек ақсақалы, XX ғасыр көгінде халқының маңдайына біткен бір ұлы перзенті, атақты ақыны бірнеше оқ тиіп, 73 жасында жарық дүниемен қош айтысады. Асыра сілтеудің асқындағандары Шәкәрім денесін жапандағы құр құдыққа көмусіз тастап, қалың елге, әсіресе Құнанбай әулетінің үрім бұтақ, зәу-заттарына қырғидай тиеді. Біз бұл арада Шәкәрім өліміне, дәлірек айтсақ, қасақана өлтірілуіне байланысты дерекнама материалдарды көптеп тізе бергіміз келмейді. Болмаса, 1962 жылы Семей облысы Абай аудандық партия комитеті жанынан құрылып, төрт ай бойына тыңғылықтап жұмыс істеген комиссияға Шәкәрім өмірі мен өліміне байланысты куәлік мол мағлұмат берген 300 шыңғыстаулық азаматтың айғақтарын көтерген болар ек. Немесе 1931 жылы аудандық ГПУ бастығының, яғни Қарасартовтың орынбасары болған Зейнолла Оспановтың, көмекшісі Айтмырза Түңлікбаевтың, ГПУ қызметкері Мәуітқан Баймышевтің, 1928 жылдан КПСС мүшесі Балтақай Толғанбаевтың, Ниязбек Алдажаровтың, бүгінде көзі тірі көне көздердің, сұмдық оқиғаны таратып білген адамдардың ұрпақтарының бұлтартпас дәлел сөздерін көлденең тартар ма едік. Десек те, Ахат Шәкәрімұлының мына төмендегі жазғандары қанды қол қылмысты бұлтартпай ашып береді: «1961 жылы 26 июльде Бақанасқа бардым. 27 июльде әкемнің сүйегін тастаған құдықты жалғыз қаздым. Ол күні метрден аз-ақ артың қаза алдым. Жаныма адам алмай жалғыз қазған себебім, біреу болса, ол асығып, сүйектің бір жерін сындырып алар деген ой келді. 28 июльде және қазып, сүйегін түгел алдым. Тек оқ бүлдірген екі сүйегі болды. Бірі — оқ жақтағы тоқпан жіліктің басын үзген. Екінші атқан оқ төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған. Кейбір сүйектерін өлшеп алдым...».
«Әкей өте ұзын бойлы адам болатын. Сүйегін ауданға алып келдік. 8 августа (1961 жылғы — Б.С.) Абай зиратының қасына жерленді. Жүзден артық адам қатысты. Абай совхозы мен аудан басындағылар түгел жиналды. Басқа совхоздардан да келгендер болды. Аудан басшылары машина және басқа қажет нәрселерді бергізді. Сүйек келгенде, жыламаған жан болмады. Көз жасымен бірге қуаныштары да байқалды...» (Ахат Шәкәрімұлы естелігінен).
Осылайша, нақ отыз жыл өткен соң, ұлы тұлға қайта жерленді...
Шәкәрімнің көзі тірісінде-ақ бір тылсым қара күш республика зиялыларының ой әлемін құрсаулап, бөгесін бола берген-ді. Мұндай аса қатерлі соқыр күш бел алып келе жатқанын ақынның өзі де айқын сезінгенін мына екі өсиет сынды өлеңнен жазбай тануға болады:
Мың тоғыз жүз отызыншы,
Февральдің бір жетісі,
Жүрекке салғай от сөнбей.
Алтыншы июль, тым ауыр күн,
Болып маған қараңғы түн,
Бұларды ұмытпаймын өлмей.
Бірінде кеп Ғафурды алды,
Баласы да қосақталды,
Сен қалма деп көгенделмей.
Мүлік-малый түгел алып,
Екеуін түрмеге салып,
Біраз ғана аял бермей.
Жетісінде өзімді алды,
Сыпырып үй, жасау, малды,
Кетер ме ойдан өлім келмей.
Онында мені шығарды,
Үй тұтқын қып қағаз алды,
Жатасың деп, іс жөнделмей.
Ғафурды алып Семей барды,
Екеуін түрмеге салды,
«Под судом» деп бір тексермей.
Абақтыда бес ай өтіп,
Июльдің алтысы жетіп,
Ғафур өлді атақты ердей.
— Жазасызға жаным құрбан,
— Деп, осы оймен бауыздалған,
Кетем деп, қорлыққа көнбей.
...Әділетсіз баламды алды.
Бір ұл мен төрт қызы қалды,
Енесі өлген жетім төлдей.
Ата-ана мен бауырлары,
Балалар мен қосақ жары,
Ағызды көз жасын көлдей...
Бұлақтан арман белгі бар,
Ренжімей, сонан көр қазыңдар,
Тереңдеп барып, лақаптай.
Кебісім, мәсім, шапан, шалбар,
Тақия, тымаң, желет, тон бар,
Бөлісіп алсын таласпай.
Бешпентім, етік, сағат қалсын,
Қабыш пен Ахат, Зият алсын,
Атадан мирас алғандай.
Сандықты, әбден жайғап ал да,
Тамыма бекіт, құлып сал да,
Болмасын ашық қалі андай.
Бумажник ашсаң кілтім бар,
Үстінде пештің құлпым бар,
Есікке сырттан салғандай.
Ет те бар, май мен бауырсақ бар,
Асықпай ішіп, жеп алыңдар,
Шай да бар сендер қанғандай.
Апармай елге, көміп мұнда,
Мінерлік атым тур осында,
Бірің шың елге барғандай...
Ұлы тұлғаның қайғылы қазасына, оған тікелей жауапты жан алғыштар жөнінде әр уақыт бедерінде, әр қилы ортада, сан түрлі талдау пайымымен Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ахат Құдайбердіұлы, Қайым Мұқаметханов, Мұхтар Мағауин, Хафез Матаев, Рымғали Нұрғалиев, Әзілхан Нұршайықов, Жайық Бектұров, Шәкер Әбенов, Кәмен Оразалин, Өтебай Канахин, Әбілмәжін Жұмабаев, Сұлтан Оразалинов, Роллан Сейсенбаев, Мүсілім Базарбаев, Тұрсын Жұртбаев, Жәнібек Кәрменов, Ниязбек Алдажаров, Марат Түңлікбаев, Төлеген Жанғалиев секілді белгілі халық перзенттері, қайраткер ғалымдар, ақын-жазушылар, сыншылар, әдебиеттанушылар, Абай елінің белді азаматтары пікір білдіргені бар. Мұндай тізімді ұзына созып, әлі де толықтыра түсуге болар еді. Дегенмен, біздіңше, жалпы долбарлаудан гөрі іскер тұжырымдарға, нақтылы есімдерге тоқталып, жауыздық, мәңгүрттік, ой-сана шайылушылық табиғатын тікелей қан арқалаған адамдар түсінігіне бой ұру арқылы ашу керектей. Төмендегі екеу ара сұрақ-жауап та осы орайда таптырмас мысал бола алады демекшіміз.
1978 жылдың 20 апрелі. Халық атынан — сот, тергеуші, айыптаушы болып, халқымыздың аяулы перзенті, академик-жазушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Евней Арыстанұлы Букетов жауап алады. Айыпкер, қылмыскер, тарих алдында жазаға тартылушы ретінде отызыншы жылдардағы ГПУ қызметкері, 70 жастағы Абзал Қарасартов жауап беріп отырған.
Сұрақ-жауап ауызекі сөйлеу негізінде (магнитофон таспасына жазып алу арқылы) қағаз бетіне түсірілгендіктен, кей сөйлем жолдарын зейін сала қарауға тура келеді. Тыныс белгілері арқылы да ой-деректі айқындай түскендей болдық. Жауап беруші Абзал Қарасартов денінде жаймалай, бұлдырлатып, тайғанақтай сөйлейді. Ал Евней Арыстанұлына сабырлылық, байыптылық, аяғына дейін Тыңдай білушілік, қажет жерінде бөліп жіберіп, негізгі арнаға бағыттап отырушылық тән. Өмірден көргені мол, төлтума ой бітімді қаламгер-ғалым, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, тарихымыздың айтулы білгірі Е. Букетов ұрымтал сәттерде шегініс жасап, қуақылана да қалады, Қарасартовқа іш тартқансып, жақтас та бола қалады. Шәкәрімді кінәлап сөйлегендей де сыңай таныта салады. Артынша қатуланып, мақсат-мұраты айқын, дәлелі ұтымды сауал да жаудырып жібереді. Сұрақ-жауаптың ішкі құйылыс желісі, шарықтау шегі мен құлдилау сәті, ойлы-қырлы тұстары да жаппай жұртшылыққа ұғынықтылық дарытып отырса керек. Сонымен қоса зерделі оқырман отызыншы жылдардағы ГПУ қызметкерлері, оның ішінде Абзал Қарасартов (23 жасында) дүниетанымы, ойлау әлемі, білік-қарымы арқылы сол сұрқай кезеңдегі тарихи сана, ойлау мәдениеті, халықтық патриотизм, мәдени-әдеби білік деген түсінік сұлбасынан лұғат алғандай болады. Сұрақ-жауап барысында текске қосымша түсініктемелер, нақтылаулар, сілтемелер, дәлелдемелер енгізбедік. Аталмыш тарихи сұрақ алу, жауап беру толықтай текстімен «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде жарық көргендіктен, (№ 7-8-9, 1989 жыл), қайталап жатуды қажет деп таппадық. Евней Арыстанұлының мұнан тұп-тура бір жыл өткен соң, (май, 1979 жыл) бірнеше жекелей адамдар кесірінен тоқырау ылаңына шырмалып, түртпекке түсуі де өз алдына бір бөлек әңгіме. Дей тұрсаң та әйгілі ғалымның Қарасартовпен қалай кездескеніне куә адамдарға бірер ауыз сөз бергеніміз оңды шығар дейміз.
Зүбәйра Оңдасынова, ғалым-жазушының өмірлік қосағы: Евней Қарасартов туралы, оның тірі екендігін, Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданында тұратындығын бір қонақта отырғанда естігенді. Лезде ден қойып, көбірек мағлұмат білуге ынтыққан сынай танытқан-ды. 1978 жылы көктемде, Евней үйге Қарасартов келмекші, сұрамағым көп дегенді айтты. Өзі машинасын жіберіп алдырды. Қарасартовтың қасында сол кезде Қарағанды Политехникалық институтында оқитын бір бала бар екен. Шал Евнейге қарағанда әлдеқайда тапал бойлы, еңкіш тартқан, өзі әрең-әрең жүретін. Құлағы естімейтінін, көзі бұлдырап көретінін айта беруші еді. Алғашқы күні шай-пай, тамақ ішіп, ауызекі сөйлесумен болды. Екінші күні тағы алдырып, табандап бірнеше сағат отырып, әлсін-әлсін демалдырып, Қарасартовпен әңгімесін магнитофонға түсіріп алды. Қайтарында шалды машинасымен жеткізіп салды.
Қамзабай Букетов: Ағамның Қарасартовпен сұрақ-жауап алысқанын бірқыдыру адамдар біледі. Егіндібұлақ ауданының «Қырғызстан» совхозының директоры Дәурен Қарасартовпен телефон арқылы сөйлескен едім, сөйтсем, ол Евней ағамен хабарласып тұрып, Абзал Қарасартовпен үйде, артынан, үшінші күні ауруханада әңгімелескенде, магнитофонға жазып алғанда, басы-қасында болыпты. Шалдың өзі бір айдай уақыттан соң ауруханада жатып қайтыс болған көрінеді.
Жалпы Евней Шәкәрім шығармашылығына ерте бастан қызығып, материалдар жинап жүріпті. Сол бір папка материалдар сыры ғалым-жазушының табиғаты терең болмысын жарқырата танытса керек.
«ҚАРАСАРТОВ: ...Сосын, ертеңінде Бақанас, Байқошқар халқын жинап, Шәкәрімнің өлігін ортаға сәкі тақтай орнатып, соның үстіне көлденең салып, сонсоң айттым мен: «Халық кешегі құдайға қолын созған, Мекке-Мәдинеге барған қажы, халықтың қадір тұтқан ақсақалы, ақыны, бір кезде Найманды кінәлап, «Еңлік-Кебек» жазған Шәкәрім. Бұл күнде осындай халге келді.
Ажал жетті, атыста қайтыс болды».
БУКЕТОВ: Үкіметіне қарсы болғанын айттыңыз ғой?
ҚАРАСАРТОВ: Иә, үкіметіне қарсы қару көтеріп, осындай, қаншама халықтың обалына қалып, сүйткен Шәкәрім, міне, деп халыққа көрсеттім. Көрсетпесеңіз нанбайды, Шәкәрім өлер алдынан өзі өледі деп.
БУКЕТОВ: Оған оқ тиді деп ойламайды ғой?
ҚАРАСАРТОВ: Иә, оған оқ тиеді деп те ойламайды. Вот, ол осындай кісі болған! Сонсоң, сол жерге қойғыздым. Қайда қойғанын соның Шалабайлар, Баймашов деген милициялар біледі.
БУКЕТОВ: Оны мен естідім. Сіз оны құдыққа тастап кетіпті... Сол құдықтың ішінен шығарып алыпты жұрт, балаларымен. Сосын жөндеп қойыпты деген қауесет осы елдің бір жерінен, маңайынан естідім?
ҚАРАСАРТОВ: Онысы бекер! Олардың қайда қойғанында білмеймін. Мен өзім апарып қойғам жоқ! Пәлен жерде деп айтуға...
БУКЕТОВ: Сол жерде, әлгі жұртқа айттыңыз да кетіп қалдыңыз ғой?
ҚАРАСАРТОВ: Жоқ! Өзім барда жерлеттім!
БУКЕТОВ: Жерлеттіңіз бе?
ҚАРАСАРТОВ: Жерлеген жеріне барғаным жоқ!
БУКЕТОВ: Енді, қайда қойғанын білген соң айтып отырғаным ғой?
ҚАРАСАРТОВ: Білмеймін дегенім, мен оның басына барғаным жоқ. Ал оны халықтың ақсақалдары ертіп, Шалабаев басқарып, өздерінің көзінше қойып келді.
БУКЕТОВ: Сіздер сол арада демалдыңыздар ма? Ауданға кетіп қалдыңыздар ма?;
ҚАРАСАРТОВ: Олар ертеңіне қойды. Жоқ, мен аға шығып кеттім. Бақанас өзенінің жанында керемет бір жер бар. Аңға шығу дейсің бе?! Менің де бір қызметім бар ғой, халыққа байланысты.
Мен сол қызметімді жасамаймын 6а? Аңға алып кетеді, барып сөйлесеміз...
БУКЕТОВ: Сонда қойған жері Бақанастың басы ма? Қай жер дедіңіз?
ҚАРАСАРТОВ: Бақанас...
БУКЕТОВ: Жоқ оны сізді тастады, сізді тастап кетіпті деп...
ҚАРАСАРТОВ: Біз Бақанастан алып кеткенбіз, құмға тастамайды ғой, онысы бекер. Халық бар ғой!..
Иә, сол халық біледі: Қалың елдің Шәкәрім көз жұмғанын ести тура, күңіренісіп жоқтай, ақ-арулап жерлей алмағанын. Шәкәрімнің, кенже қызы, он жеті жастағы сүйікті перзенті батылдығы барып, жалғыз өзі ғана әкесіне арнап ұзақ жоқтау айтқанын. Талай есіл ерлер баудай қырқылып, бас көтерерлер де қалмағанын. Қолдан жасалған ашаршылық екі жүз шақырымдай жер қашықтығы бар Семей қаласы мен Шыңғыстау арасына, жол бойына аштан өлген адамдарды, жас-кәрілерді сансыз шашып тастағанын. Шыңғыс өңіріндегі ашаршылық зардаптарын, іргеден түрген зобалаңды сол кезде райком уәкілі болып барған көрнекті ғалым Сәрсен Аманжоловтың қойын дәптер жазбалары да айқындай түседі («Білім және еңбек», №7,1988 жыл, 26-29-6.)
Иә, сол халық білетіндігін, ұлы қасірет, ұлттың трагедия халық жадында мәңгіге сақталатындығын төмендегі естелік жазбалар да бұлтартпай айғақтай түседі.
ФАТИХ НАСИБОЛЛАҰЛЫ: Букетов пен Қарасартовтың екеу ара әңгімелесуі өте орынды жария болған деп білемін. Көшелі мәдениеті бар елдер өздерінің, ұлы перзенттеріне қатысты кішкене, болмашы деректің, өзін қағыс қалдырмай, көпшілік назарына шығарып отырады емес пе?! Ендеше, әдебиетіміздегі қайғылы бір парақты неге батылдықпен ашып үңілмеске?!
Қарасартов жөніндегі мәселені ең алғаш болып ашық қойған — белгілі жазушы, әдебиеттанушы, қайраткер-ғалым Мұхтар Мағауин болатын. 1987 жылғы май айында, Қазақстан жазушыларының үлкен бір мәжілісінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшы қызметкерлері қатынасып отырғанда, М. Мағауин сөз сөйлеп, Шәкәрім мұраларын жарыққа шығаруды шешімділікпен, білгірлікпен талдап айтып, Қарасартовтың Шәкәрімді өлтірген соң, жарты ғасыр бойына қалайша қастандық жасап келгендігін нақты дәлелдеулермен тарата баян еткен-ді.
1979 жылы Қарасартов қайтыс болған соң, оның ұрпақтары қабірі басында «Ісіңді жалғастырамыз!» деп ант беріскенін де, осы күнге шейін қалайша әрекеттеніп жатқанын сөз еткенде, қалың тыңдаушы жұрт қайран қалысқан. Meнiңшe, осы бір шешімді ой бөлісуден соң, Шәкәрім мұрасын қайта қарап, халыққа ұсыну ісі жанданып жүре бергендей көрінеді...
Мен Шәкәрім атаның ең сүйікті кенже қызы Гүллардан туған тоғыз баланың бірімін. Қазір тоғыздан Бәтен екеуміз ғана қалдық. Көбісі қиыншылықта, жоқшылық кезеңде дүние салды. Әкеміз Нәсиболлаұлы Отан соғысынан кейін қайтыс болған. Ал атам Мұхамеджан «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылатын әйгілі әнші Майбасардың Мұхамеджаны. Көріп отырсыздар, әке жағынан да, шеше жағынан да ұлы рухтарға табыныс етеміз.
Анам Гүллар (1912-1970) Шәкәрім атаның шығармаларын жүйрік білетін. Үлкен көк сандығында жазу қағаздары, дәптерлер, әкемнің қара сөздері жазылған ілкі мұралар болушы еді. Онда-мұнда жүріп, күй болмай кеткен шақтарда сол қасиетті мұралардың көбісінен айрылып қалыппын. Бірақ та анамның әкесін жоқтағаны, Қарасартовтар әдейілеп тұрып ақ-арулап жерлетпей, құр құдыққа тастап кеткізгені (мұны Букетов өте ұтымдылық деп дәлелдеп берген ғой), қалың елдің бас көтере алмай жуасып қалған хал -күйі еш уақытта санадан өшпес. Шәкәрім ата толық ақталған соң, апамның Алатау баурайындағы зиратына құр құдықтан бір уыс топырақ әкеліп салдым. Енді қадірлі анашымның Шәкәрім атаны жоқтаған өлеңін жұртшылық назарына ұсына отырып, шағын ғана жазбамды тұйықтасам деймін.
Сарыарқаның жонында,
Ақиқат ардың соңында,
Отырған әкем тамында,
Серігі — қалам қолында.
Оятып алыс-маңайын,
Ұқтырды, жазды талайын.
Төлеусіз берген сыйы көп,
Алсаңдар тілді, ағайын.
Жасынан ұстап адалдық,
Етпеген зорлық, жамандық,
Момындар келіп дос болған,
Бойында толы адамдық.
Жеті жаста жетім қап,
Қолтығына Абай ап,
Үйреткен оқып, өсиет,
Ашып көзін жолға сап.
Жетіліп мінсіз түледі,
Алдында болды тілеп,
Өмірінде өлгенше,
Елі үшін бақыт тіледі.
Күн шалған жерді шарлады,
Керегін тапты, барлады,
Аянбай тапқан еңбегін,
Баршаға бірдей арнады
Жазды, айтты ақылды,
Жақтады әділ, мақұлды,
Алаламай адамды,
Тең көрді алыс-жақынды.
Ағасынан айырылды,
Абайды жоқтап қайғырды,
Алмадың оның тілін деп,
Еліне кейіп, зар қылды.
Өзін де күндеп қаралап,
Өсек айтып жалалап,
Абайды ұрған арсыздар,
Әкемді кетті жаралап.
Елсізге қашты аңдай боп,
Адасқан топтан раздай боп,
Жапанға барып, жатты әкем
Панасыз бейне жандай боп..
Қораңа жалғыз барыпсың,
Аң аулап, тауды қағыпсың,
Оққа ұшып адам қолынан,
Жапанда, әкем, қалыпсың.
Сарғая күттім, келер деп,
Насихат айтып берер деп.
Қоштасып, кешу алысып,
Ойлаушы ем үйде өлер деп.
Айрылдым әкем — тірегім,
Далада қалды-ау сүйегің,
Бақытсыз сорлы болдым ғой,
Дәл келмей еткен тілегім.
Қолымнан әкем көмбедім,
Көзімше неге өлмедің,
Есітпей ақтық сөзіңді,
Өлерде жүзің көрмедім.
Барымды жайып бере алмай,
Қорлыққа салған көне алмай,
У іштім әкем өлгелі,
Бірақ та қалдым өле алмай.
Қамықты жаным қия алмай,
Басына елін жия алмай,
Арманда қалды әкекем,
Топырақ қолдан бұйырмай.
Қабірге жайлап салынбай,
Бетің жөндеп жабылмай,
Сүйегің қалды құдықта,
Әлі де жатыр алынбай.
Ойымнан шықпас арманым,
Жерленбей қолдан қалғаның,
Кеш, әке, әлсіз нәзікпін,
Сондықтан бармай қалғаным.
Он жеті толар жасымда,
Айықпай көзден жасым да,
Дос түгіл, дұшпан кермесін,
Қазаны тартқан басымда.
Сөкпеңіз мені жылаған,
Бар тірегі құлаған,
Бар екен, тағдыр, аяусыз,
Сақтаған маған сыбағаң.
МЕРЕКЕ ЗИЯТОВ: ...Шәкәрім атамыздың ең кенже ұлы Зиятты Қарасартов қайта-қайта аузына алып отырады. Өкінішпен, Қытайға жіберіп алғанына қандай да бір қапамен әңгіме етеді. Зияттан екеу едік. Ағам жастай шетінепті. Мен 1937 жылы дүниеге келіппін. Ал әкем сол 1937 жылы Қытайдан жиырма шақты қайраткерлермен бірге алдырылып, атып өлтірілген. Атамыздың Зият әкеткен қолжазбалары осы күнге дейін Қытайда басылым көріп жатыр деп естимін.
Шешем Мүнира марқұм мұғалім болатын. 1945 жылы не бары отыз жасында сүзектен дүние салды. Шешемнің әкесі «Қара Ертіс» романында көп айтылады. Шешемнің, өзге де туған-туыстардың, білетін көне көздердің айтуынша, әкем Шәкәрім балалары ішіндегі аса таланттыларының бірі болған екен. Осыған байланысты ма, Шәкәрім атамыз қалын, зұлматтық тақап қалғанын қатты сезініп, Зиятты Қытай асырып жіберуге мойын ұсынған. Қытай елінде Зият қайраткерлігімен, айтулы ақындығымен көзге түскен. Қазақ тілінде алғаш газет шығарушылардың бірі болған. Таңжарық ақынмен бірге түрмеде де жатқан. Осындай енді бой көтеріп келе жатқан ірі тұлғаны Қарасартовтың жала жазбалары бойынша, кейінде біздің елге алдырып, «халың жауынын, баласы», «өзі де халық жауы» ретінде өлтірткен. Мұны ешқашан кешірім етуге болмас!
Осыншалықты ұлы атадан не мирас болып қалды демекпісіз? Шәкәрім атаның қара шаңырағы біздің үйде тігілген-ау деп білемін! Шымкент Технология институтының үшінші курс студенті, менің балам Нұрлан Зиятов (1966 ж. т.) осы шаңырақты ілгеріде қастерлеп ұстар. Ұлы ақынның ұрпақтары өлең жазуы міндетті емес шығар. Сонда да болса бойыма ептеп ақындық қасиет дарығанын білемін.
ТӘҢІРБЕРГЕН ҚАРҚЫМБАЕВ: Мен жетпіс бес жастағы, қыңқыл-сыңқылмен үйден көп алысқа ұзап шыға алмайтын қарт адаммын. Туып-өскен жерім — Абай ауылы. 1939-1950 жылдар аралығында аудандық НКВД-да түрлі қызмет атқарғанмын. Демек, жадыма ескі, сүреңсіз уақытты қайта оралтып, көргенім мен көңілдегімді біршама баян ете аламын деген сөз. Жазған сөздерімді өңдеп, түзеп, қатасынан арылтып басуды, баспа қызметкерлері, сіздерге міндеттеймін.
Шәкәрім өлімі, «бандит-партизандардың» жүздеп «Кеңес өкіметіне қарсы шабуылдауын» сөз еткенде, Қарасартов айтып отырған жиырма-отызыншы жылдардағы аса қатерлі бағалауларға бас ұрмай, қайта құру ашып берген «ақтаңдақтарға», Голощекиннің Қазақстанға әкелген зобалаң зардаптарына ден қоюымыз қажет. Тарихқа тек осылай қарағанда ғана әділетті пайымдау туындамақ.
Жиырмаға толмаған балаң жігіт шағым. Отыз бірінші жылдың бастапқы айлары шамасы. Елді қалық ашаршылық жайлаған. Жұмыс істеймін. Он төрт ат-арбамен Семейге тоңазытылған ет тасушылар қатарындамын. Ет болғанда, ауқатты, жартылай әлді, қалтаң-құлтаң тірліктегі әулеттердің қолынан күшпен тартылып алынған ірілі-ұсақты малдардың тау-тау еті. Жер-жерде сойылады, сөйтіп, тоңазытылған етті Семейге жеткізіп, одан әрі Ресейге, т.б. жақтарға жөнелтудеміз (Маман ғалымдар ашаршылық кезеңде республикадан тысқары аймақтарға қанша көлемде азық-түлік жөнелтілгенін орталық архивтерден нақтылы қарауына болады). Әлі есімде, үй-іші, туған-туыстарымен бірлесе мал бағып күнелтіп жүрген Қайырбек деген қарапайым, ешкіммен ісі жоқ адамның үш жүз қойы мен бір-екілі ірі малын ГПУ қызметкерлері түп-түгелдей сыпырып алып, бүткілдей бір әулетті ашаршылық зобалаңына киліктіргені барды. Ол кезде Қайырбекті бай құлақ, ал малын сыпырып алған соң «бандит» дейтін. Меніңше, қазақтың ең кедей дегендерінің өзі жиырма-отыз шақты ірілі-ұсақты малдары бар әулеттер болушы еді. Олар да «байлар» қатарына көзсіздікпен теліне салынғаны қандай әділетсіздік!
Осылайша, қолдан жасалған ашаршылық кезеңде Шыңғыстау өңірі жұртшылығы айрықша қырғынға, босқынға, айдауға, тонауға ұшырапты. Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі бес болыс тобықтының отыз екі мың халқынан қырқыншы жылдарға не бары үш жарым мыңы ғана ілініп-салынумен әрең дегенде аман ілігіпті. Ендеше, бұл зобалаң қарапайым халықтың ашу-ызасын, бірлесіп бас көтерулерін, совет өкіметіне қарсы емес, арнайы жасалып отырған ашаршылыққа, тімтіне тонауға қарсы жаппай наразылығын туғызбай қайтесің?! Қарасартовтың: «Шыңғыстауда бандиттер өріп жүр», «ауданға үш жүз, төрт жүздеп шапты»,-дейтін, «Шәкәрім бас болып ойран салуға аттанды»,— дейтін, «бандит-партизандардың» туындау себептері осындай. 1931 жылы 500 адам тізе қосып көтерілген қарсылық қалай ойрандалғаны көз алдымнан кетпес. Бірнеше іргелес ауылда голощекиндік жергілікті жан алғыштарды, Қарасартовша айтсақ, «Кеңес өкіметін орнатқан коммунистерді» тұтқындаған қарсылық көрсетушілер, қолында бар қарулары оны-мұны ғана бас көтерушілер аудан орталығына жақындай бере жиырма-отыз шақты ГПУ қызметкерлерінің сақадай сай қарулардан оқ боратуларынан баудай қырқылып түсіп, астына мінген ат-түйелерінің, басын кері бұра қашқан еді. Сол қуғында ГПУ жан алғыштары жол бойына атып өлтіріп қалдыра берген жазықсыз жандардың саны шексіз. Ілгері басқан сайын кездестіруге болатын ашаршылықтың көмусіз қалған құрбандары онан сайын көп. Әсіресе, Семей қаласымен аралықтағы екі жүз шақырым жол бойы өлі -тірілі адамдарға толы еді. Қарасартов отрядының белді мүшесі, Шәкәрімді қанқұйлықпен атқандардың бірі, ұмытпасам, аудандық жем-шөп дайындау станциясының механигі болып жұмыс істеген Рахметолла Халитов деген жаналғыш-белсенді болатын. Ол Шыңғыс өлкесіне жиырма бес мыңдықтардың қатарында келген еді және Шәкәрімді мүлдем білмейтін. Ұлы ақын қазасы ол үшін қатардағы бір өлімдей, қажет десеңіз, Кеңес өкіметі қас жауларының бірінің көзін құртқандай әсер еткені кәміл.
Қарасартов жорта білмегенсиді, Р.Халитовты «Сон соң Халықов деген татар бар» дейді. Әбдірайым Шәріпжановты бірнеше жерде Шарабаев деп отырудан танбайды. Қарасартовтың қанды қол серігі, Шыңғыстау ауданында ГПУ қызметкері болып талай жазықсыз жандарды еш сотсыз атып тастап отырған Әбдірайым Шәріпжановты мен бірнеше көрген адаммын. Бойшаң, мұртты, денелі, сері сымақ аңшы болатын. Шәкәрім өлімі, бірнеше ондаған адамның жазықсыз жапа шегуіне қатысы үшін, 1931 жылы сотталып, Қазақстанның 15 жылдығына орай, 1935 жылы түрмеден босатылып, Күлмен, Құндызды ауылдарында ауыл совет қызметін атқарғанын білемін. Әбдірайым Шәріпжанов 1974 жылға дейін (туған баласы Манап Шәріпжанов Семей облысы Шар ауданына қарасты Кезеңсу деген жерде құрылысшы болып жұмыс істейтін) Шар өңірінде жүріп, 70-80 жасқа келген шағында, аңға шығып, қансонарда айдалада жүрген кезінде қараған түбінде жатып өліп қалған. Иті ауылға келген соң, өлікті бір-aқ іздеп тапқан... Менің түсінбей жүрген бір жайым бар. Рас, Олжабай Шалабаев, Рамазан мен Рәпіш Әбішевтер есімдерін бүгінгі күнге дейін Абай ауылы азаматтары қадір тұтады. Олжабай атында село, мектеп, көше бар. «Семей таңы», «Совхоз туы», одан қала берді республикалық газет, журнал беттерінде талай мақалалар басылып жүр. Бірақ та олардың қай-қайсысы болмасын большевик Шалабаевтың шын ерлігін ашып бере алмағандай, ескі көзқарас бойынша ғана баға беретіндей болады да тұрады. Сөзіміз дәлелді болу үшін және де Шәкәрімнің Олжабай өліміне еш қатыстығы жоқтығын көпшілік ұғыну мақсатында мына бір мақаладан үзінді келтіріп өтелікші: «...Ал, сол жылдардағы Шыңғыстау ауданында қызмет еткен коммунист, бүгінде марқұм Абзал Қарасартовтың жазбаларында (?) елдегі социалист құрылысқа көрінеу жаулық еткен бандылардың тобында 1931 жылдың жаз айларында бірталай баскесерлер (?) болыпты. Большевик Олжабай Шалабаев пен ВЛКСМ мүшелері, ерлі-зайыпты Рамазан мен Рәпіш Әбішевтерді өлтіріп, мақсаттарына жеткен жау, ендігі жерде аудан орталығын басып алуды ойлаған, қалың қолмен шабуыл жасаған.
Міне, аудандық РКИ-дің председателі Олжабай Шалабаев осындай жағдайда қызмет еткен. 1931 жылы 3 сентябрь күні таң алдында Олжабайдың Қарауыл селосы маңындағы киіз үйін қоршап алып, өзін қолға түсірді. Алайда қолында мемлекет сеніп тапсырған қаруы болса да Олжабай оны пайдаланбайды. Тіпті қапелімде «өзін өлтіреді» деп те ойламаса керек. Бірақ сайланып келген қалың жау қапылыста қолдарына түсіріп, жергілікті жердегі Совет өкіметі өкілін нелер бір азапқа салады. Ақыр соңында бандылар тобын басқарушылардың бірі, халық өкіметінің қас жауы Қасымбек Солтабаев деген Олжабай Шалабаевтың басын өзінің айбалтасымен шауып түсіреді» (Қараңыз: «Большевик Олжабай Шалабаев». М. Имашев, «Семей таңы», 4. X I . 1983 ж.).
Байқап отырғандарыңыздай, бұл — қате тарихи пайымдау, бұл — Қарасартов «жазбаларына», «қоспасы мол түсініктемелеріне», сүйене отырып хатқа түскен мақала. Менің түйіндей айтпағым, біздің ұрпақ — ойдан да, іс-әрекеттен де аса өрескел қателесулерге бой алдырып алған ұрпақ. Ендігі буын, жас төл осыны қайталамай, кім екендігін біліп-танып өссе екен.
ХАФИЗ ТӨЛЕУҚАСЫМОВ: Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасына қатысты құрылған арнаулы комиссияның құрамында мен де бар едім. Сол жылы «Қызыл ту» совхозында тұрған Сирақбай Досмағамбетов деген қарт ұлы ақын туралы былай деп әңгімелеген болатын:
«1931 жылы Бақанасқа аң аулай келген Шәкәрім біздің үйде әкеме амандасып, қымыз ішіп отырғанда, үйге суыт жүрісті 3-4 адам cay етіп кіріп келеді. Әкемнің мініске таптырмайтын жарау аты бар еді. Сол атты сұрап: «Бізге міністі жүйрік ат керек», -дегенде, қажы отырып:
— Әй, жігіттер! Ленин жолы — әділ жол, оң жол! Оны барлық халық қолдайды. Большевиктер патшаны да жұлып тастаған. Екі-үш жүз адаммен ауданға шауып, оның кірпішін құлатқанмен, Совет өкіметі құламайды, жөндеріңе жүріңдер, тыныш жатқан елге бұлік салмаңдар! — деп ашына кеңес берді. Ақыры, мініске ат та бергізбей қойғаны. Халықтың ертеңгі болашағына зор сеніммен қараған аң адал адамның Кеңеске қарсы болды, «бандиттер» жинады Дегені еш ақылға сыймайтын баз біреулердің сандырағы»,— дегені бар еді.
Қазақ ССР Халық жазушысы ХАМИТ ЕРҒАЛИЕВ: Егер аяулы дос Евней Букетовтың Абзал Қарасартовпен пленкаға жазылған ауызекі әңгімесі газетте жарияланбаған болса, мен де бұл мәселені қозғамай-ақ қояр едім. Өйткені бұл трагедияның анық-қанығына бұған дейін көз жеткерген секілді едік. Ал мынау әңгімедегі Қарасартов естелігі біз білген шындықпен мүлде жанаспайды.
1959 жылы Шәкәрім Құдайбердиев ақталып, «Қазақ әдебиеті» газетінде оның бірнеше өлеңі жарияланды. А. Қарасартовтың ақынға қаншалықты «жаны ашитынын» біз сонда көргенбіз. Ол жоғарғы орындардан кірмеген есік қалдырмай, айғайын сала жүріп, ақынның өлгеннен кейінгі өмірін тағы да өштіртіп тастаған.
Қарасартов Қазақстан Жазушылар одағына да келген. «Банды бастығын ақтамақшы адамдардың өздерін жауапқа тарту керек!» деп столды соға даурыққанын өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көргенім де бар.
1963 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетінің идеология жөніндегі секретары Н. Жанділдин мені шақырып алып, Шәкәрім мәселесін егжей-тегжейлі тексеріп, содан қорытынды шығару үшін он екі адамнан комиссия құрылғанын, председательдігіне менің тағайындалғанымды айтты. Комиссияның құрамына Тайыр Жароков, Сәду Машақов, Жекен Жұмаханов секілді белгілі ақын-жазушылар, Академияның бір-екі тарихшысы және жергілікті семейлік жолдастар енгізілген.
Біз Орталық Комитетте арнайы бөлме алып, аптадан артық уақыт архив ақтардық. Оларды өзіміз жинақтаған деректермен салыстырдық. Содан кейін екі баспа табақ көлемінде қорытынды жазып бердік. Онда ақынның банды әрекетіне ешқандай қатысы болмағанын дәлелдедік. Бірақ неге екені белгісіз, біздің сол қорытындымыз ол кезде істің бетін оңға бастыра алмады.
Бұл арада семейлік жолдастардың (облыстың партия комитетінің секретары Ә.Кәкімжанов, Абай аудандық партия комитетінің бірінші секретарі К.Нұрбаев, ғалым-жазушы Қ.Мұқаметханов, жазушы К.Оразалин) өздері және өздері құрған комиссиялары арқылы өлшеусіз көп көмек көрсеткенін айыра айту керек. Бұлар Шәкәрімді көзімен көрген үш жүзге жуық адаммен ауызекі әңгімелесіп, айтқандарын қағазға түсірген. Оған қоса ақын өлімінен хабардар жетпістей адамның жазба түрдегі мағлұматтарын да осы жолдастар жинастырып берді.
Ауызекі айтушылар ақынның жоғары мәдениетін, білімдарлығы мен қайырымдылығын, кісі өлтірмек түгілі біреуге тұрпайы сөйлеуді білмейтін сыпайылығын сыр етіп шертеді.
Қалың малға еріксіз сатылған жерінен совет органдарына ертіп барып, бас бостандығын әперген ақынға алғыс айтқан қыздың (кейінгі кездегі кемпірдің) хаты да бар. Ал жаңағы көрген-білгендерін өз қолынан жазып бергендер ақынның Қарауыл оқиғасына ешқандай қатысы болмағанын бір ауыздан қуаттайды.
Бәрінің-ақ айтары: «Шәкең, заман бетін жете түсіне алмай ортадан оқшауланды» дегенге ғана саяды. Шынында да, ол бала-шаға, ет-жақындарына: «Мен қартайдым (жетпіс үшке қараған кезі еді ғой), сендер маған алаңдамай, білімдеріңді көтеріп, заман ағымына қарай қызмет қылыңдар. Ал, мен аз қалған өмірімде өзіміздің Шақпақ төңірегінен саят-жай салып алып, ың-шыңсыз оңаша жерде көңіл күйлерімді қағазға түсіремін, зеріккенде аң аулап, бой сергітемін»,— деген көрінеді. Айтқанындай-ақ, «Ұмытылғанның өмірі» атты поэмасын, көптеген лирикалық өлеңдерін ол осында жатып жазған. Бұл, әрине, Қытай өтуді немесе бүліншілікке қатысуды ниет қылған адамның ісі болмаса керек. Жә, бұның бәрі әншейін жалпы жағдайды анықтай кетейік дегеніміз ғой. Енді аты шулы трагедияның өзіне келейік. Қарасартовтың Шәкәрім қарауыл үстіндегі атыс кезінде өлді деуі шындық емес. Оның өлімі бұл оқиғадан бір ай кейін мүлде басқа жағдайда, басқа жерде, атап айтқанда, Керегетаста болған іс. Оның сүйегі Бақанас бойындағы Қара құдыққа сол жерден апарылған. Бұл кісінің «Білмедім Шәкәрімді кім атқанын» деуі де шындық емес. Білген. Оны дәлелдеушілер көп.
Бірінің сөзін бірі растап толықтыратын екі-ақ кісінің мәліметіне сүйенсем де жетер. Өйткені сол кезде бұл екеуі екі тараптың адамы еді, яғни, осы оқиғаның ауыртпалығын екі түрлі жағдайда жүріп бастан кешірген жандар болатын. Бұлардың біреуі Қарасартов тобындағы Айтмырза Түңлікбаев та, екіншісі Шәкәрім тобындағы Бердеш Әзімбаев. Екеуінің сөзін де есімде қалған күйінде бұлжытпай қағазға түсірсем, төмендегідей суреттерді көрер едіңіз:
А.ТҮҢЛІКБАЕВ: «Мен 1928 жылдан партия мүшесімін.
Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистік қызмет атқардым. Бандылар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң, араға үш күн салып Шәкәрім аға біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады. Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде, жексұрын көрінгеннен басқа не шығарды?.. Өңшең ақымақтардың ісі бұл!» — деп, бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда бұның банды болғаны қайсы?.. Ал, ақын қазасына келсек, ол былай болған: «Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбық қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитон анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен, оларды банды деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «Атыңдар!» деп бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреу үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді, және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда, Шәкәрім екенін бәріміз-ақ таныдық. Бірақ «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң, башқұрт Халитов оны бір емес, екі дүркін атты. Шәкәрім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Атыда оңбай жарақаттанды. Шәкеңнің, бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымыз біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкең серіктері зым-зия жоқ боп кетті.
Қапелімде жан тәсілім қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстіндегі киімдерін бұйрық бойынша жұрт үлесіп ала бастады. Қасқыр ішік, тымаң, саптама етік, сырма бешпент, шалбар дегендеріңіз бір-бірден алынып болған соң, аң қыраудың үстінде аң жейде, аң дамбалымен қан жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник, маған:
— Әй, тобықты, сен неге алмадың?.. — деп зекіді.
— Мен алатын несі қалды?.. — дегенді мен ызаға булығып айттым.
— Өзің ал! Бақанасқа жеткіз! — деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім де, астымдағы өре киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, түйенің бір жағына екі өркешіне ілдім. Өзім түйені жайдақ мініп, Бақанасқа да жеткіздім. Маған басқа бір жолдас болысқанда да, қалың тоңды түгел аударып жарыта алмадың. Біздің аса қиындықпен ойған жерімізге қарттың ұзын денесі сыймаған соң, соған отырғыздық та жүзін жасырдық.
«Мен алатын несі қалды?» дегенді ызаланып, жасқа булығып айтқаным үшін Қарасартов маған сенімсіздік көрсетіп, мені он бес тәулік бойы гаупвахтада ұстады. Сол уақыт ішінде ол өзінің қорқытып жаздырған адамдарының бәріне «Шәкәрім бандыны ұйымдастырушы болды» дегізіп үлгерген. Гаупвахтадан шыққаннан кейін, мен де сол сарында жазуға мәжбүр болдым. Ал, Чалитовты дереу басқа жаққа шығарып жіберді».
Айтмырза Түңлікбаевтың бізге өз қолымен жазып бергендері осылай. Бұл жазбада «басымнан оқ тиіп осы жолы жарадар болдым» деген сөз жоқ.
Б.ӘЗІМБАЕВ: «Біз өз туыстарымыздан төрт-бес адам жиналып, Шәкәрім ағаның хал-күйін білгелі Шақпақтағы саят-мекеніне барғанбыз. Ағаның бір ауық аң аулап, сендермен бірге көңіл сергітейін деген тілегі бойынша шыққан бетіміз сол еді. Таң мезгілі. Күн бұлыңғыр болатын. Шәкәрім аға бұл жолы өзінің Абай сыйлаған маузерімен шыққан-ды. Бір жазықта аттылы, түйелі адамдардың шоғыры мұнартып көрінді. Солай қарай беттей кіргенімізде, неше мәрте атылған оқтан секем алдық та, іркіліп қалдық. Шәкең: «Тегінде, бұлар әнеугі бандыны қуып жүрген отряд шығар, мен соларға жолығып жөнімізді білгізейін, сендер осы арада аялдай тұрыңдар» деді де, жүріп кетті. Барған бетінде «екі дүркін мылтық атылды. Бүліншіліктің барлық пәлесін біздің тұқымға келігісі келеді дегенді де естуші едік. Шәкеңді атып өлтіргенін бірден сездік. Бұлар кім болғанда да оны өлтірген соң, бізді, сірә да, аямас дедік те, сол бетімізбен Қытай өтіп кеттік...»
Міне, сізге ақиқаттың анық-танығы керек болса. Советке қарсы бір ауыз сөзі де жоқ, қылдай қиянаты да жоқ адамды сотсыз-дәнеңесіз атқызғаннан кейін, Қарасартовтың қорықпасқа бар пәлені өлген адамның үстіне үйіп-төкпеске шарасы қайсы?..
Жылдар бойы көлеңкесіндей қасынан қалмаған осы үрей оған ақынды бір емес, екі дүркін өлтіртті. 1959 жылы жоғарыда айтылған әрекеттерін істемей жайына жүре берсе де ешкім оның жағасына жармаспас еді. Ал, ақынның мол мұрасы осыдан отыз жыл бұрын-ақ түгелдей ел дәулетіне айналған болар еді. Қарасартов сталинизм тұсындағы психологиядан елдің әлі де болса арылып болмаған кезеңін шебер пайдаланды. Букетовпен әңгімедегі оның Шәкәрімге деген «ыстық ықыласын» ең ақырғы қорғаныс қамалы деп түсінген жөн.
Абзал Қарасартов өмірінің басқа жағында біздің жұмысымыз жоқ. Ал, оның ақын өліміне байланысты шындықтан жалтарған жеріне түзету енгізіп, бұдан былай өмір-бақи өзгермейтін ақиқатты бүгінгілер түгілі келесі ұрпақтың да ұғымына орнықтырып кетуге міндеттіміз. Ол ақиқат былай:
— Шәкәрім Құдайбердиев ешкімді өлтірген жоқ, ол ешкімді ешбіреуге өлтірткен де емес. Қайран Шәкең тарихтағы бейкүнә іс үйген ақындар санатында дүниеден өтті! Иә, сол халық біледі, Шәкәрімнің, иісі Құнанбай әулеті ұрпақтарының отбасы қалай тоз-тоз болғанын. Сөзінің уыты мол ақын, композитор-күйші Қабыш Шәкәрімұлы ашаршылық зобалаңы құрбандарының бірі болып, елеу-ескерусіз дүние салады. Ахат Шәкәрімұлы Сібірге, «итжеккенге» айдалып, «әкесі үшін баласы жапа шекпеуі тиіс» деген «ұлы сұрыптаудан» соң, Сталинге тура хат жазып, әрең-әрең босанып шығады. Қара шаңырақ иесі, Шәкәрімнің кенжесі Зият аумалы-төкпелі кезеңде Қытай асып, бой тасалап, әкесінің бай мұрасының бір бөлігін бойтұмар ғып ала кеткен жағынан алдарқатып шақырылып алынып өлтіріледі (жалпы, Қытай өкіметі ұстап берген «халық жаулары» бір Зият емес қой). Әбден ауру меңдеп, қатты қажыған Тұрағұл, Жағыпар Мағауияұлы 1934 жылы Шымкентте, ешкім біліп болмас хал-күйде жарық дүниемен қоштасады (Тұрағұл қабірі кейінде, қала орталығында химия заводы салынарда күреліп тасталынған). Мұхтар Әуезов қаншама айтыс-тартыстың шырғалаңында жүреді, түрмеге де жабылады.
Отызыншы жылдардың басында «Абай мектебінің ақындары», «Абай ақындығының айналасы» деген тақырыпты қолға алып, зерттеу еңбек, мақалалар, ғылыми монографиялық, еңбегінің тұтас бір тарауын арнап жазып тұрып аяқсыз қалдырғанын, қағаз бетіне түсіргенінің өзін жойып жібергенін көреміз. Ақылбай, Мағауия, 1925 жылы дүние салған Көкбай Жанатайұлы болмаса, Шәкәрім, Тұрағұл, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек есімдерін Абайдың әдеби мектебіне қостым дегенше, онсыз да қыл үстінде тұрған тағдыр шорт кесілмегі кәміл еді. Сондықтан қолжазба мұраларында Әуезов: «Біз Абай мектебінің ақындарын айтқанда, сол Абай шәкірті деген атаққа лайығы бар тағы бір топ ақындар жайын әзірше жазғамыз жоқ»,— деп ашықтан-ашық мойындауға мәжбүр еді (М. Әуезов, Абайтанудан жарияланбаған материалдар. А.,«Ғылым,» 1988,101-6.). Ұлы суреткердің кітап болып жарық көрген «Ақын аға» атты романы Абайдың әдеби мектебі өкілдерін көркем тілмен зерлейтіндіктен, «қатерлі шығарма» деп табылып, қайта қаралуда, қайтадан жазылуда болатын. Ал Ахмет, Мағжан, Жүсіпбектердің ендігі тағдыр-талайы қайырылмастай қараланып кетіп бара жатыр еді. Міржақып Дулатов та алдағы тауқымет -сүргінді айқын болжап, 1935 жылдары: «Мұхтарды аман сақтаңдар, Мұхтарды қорғап қалыңдар, ендігі көзіміз, соңғы тамшы сол!» — деп түрмеден хат арқылы өксікті өсиет жолдап жатқан болатын... Шәкәрім өлімі сұраусыз қалған жоқ. Абайдан кейінгі ұлы ақынын жоғалтқан, жоқтаған Қазақстанның барша көкірегі ояу ұл-қыздары Шыңғыстауға назар тігеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы мұраларын жинақтап шығармақ жолында тауқыметтеніп жүрген Сәкен Сейфуллин бас болып әділет жауапты естуге ден қояды. Міне, нақ осы тұста өрескел айыптаулар, ойдан шығарылған, қисыны келіспес жала жабулар тағы да сол Қарасартовтың басшылығымен «шебер» ұйымдастырылады. Бір сөзбен түйіндегенде, аты шулы ГПУ, НКВД жаналғышы Абзал Ғабдоллаұлы Қарасартов қай жерде, қандай қызмет атқармасын мейлі (белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов А. Қарасартовтың Семей облысы, Жарма ауданында қалай «қанды қызмет» атқарғанын «Арай» журналына берген интервьюінде келтірген де болатын. № 5, 1988 ж.), сталинизм кезеңінде Шәкәрім шығармашылығына және оның айналасына байланысты бірде-бір жылы сөз айтылмауына, жазылмауына көз жеткізеді!
Белгілі абайтанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы Қайым Мұқаметханов ақсақалдың «Мұхтар өмірінің қилы-қилы кезеңдері» («Семей таңы», 28-цыркүйек 1989 жыл) деп аталатын мақаласында жіліктей сараланған төмендегідей жайттар да әдебиеттануымыздағы көп «ақтаңдаққа» жарқын сәуле түсіргендей болады.
«Мұхтар: «Абай жөніндегі ең қызықты, ең соны және әдебиеттік прогрестік ретіндегі ірі мәселе — Абайдың ақын шәкірттері»,— деп, 1918 жылдан бастап айтып та, жазып та келді. Бұл мәселені әдебиет тану ғылымында зерттеп, дәлелдеп жазып, көркем әдебиетте «Абай» романының үшінші кітабын осы мәселеге арнап, 1950 жылы «Ақын аға» романын жариялады.
«Абай» романының алғашқы екі кітабына 1949 жылы І-дәрежелі Мемлекеттік сыйлық берілгені мәлім. Мұхтардың 90 жылдың мерекесінде сөйлеген сөзінде Олжас Сүлейменов былай дейді: «Ему присуждается Сталинская премия 1-ой степени. Он первый писатель — действительный член Академии наук Казахской ССР. Но и эта золотая броня не может защитить М. Ауэзова от местных «Янычарских». Непотопляемость Мухтара выводит их из себя... В 1951 году — новая волна газетных атак. Обвинения все те же — «певец феодализма», «буржуазный националист», «идеолог Алаш-Орды». Время идет, в мире происходят великие перемены, у нас ничего не меняется»,— деп, сол кездегі шындықты дәл айтқан.
Олжас айтып отырған Мұхтарды арандату әрекетінің бір кезеңіне тоқтайық.
1951 жылы июнь айында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Абайдың әдеби мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыс» деген жиналыс өткізілді. Сонда жасалған төрт баяндаманың біреуі — «Абайдың әдебиет мектебі және оның шәкірттері» деп аталады. Біз осы бір баяндамаға ғана тоқталамыз.
Бұл баяндаманы жасаған — Сәбит Мұқанов. Сәбит баяндамасының қысқартылған нұсқасы «Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы 7-санында басылды. Баяндаманың осы нұсқасынан үзінді келтіріп отырамыз. С. Мұқановтың баяндамасында асыра сілтеп, артық кету көп болды. С. Мұқанов былай дейді: «...Абайдың шәкірттері немесе жолын тұтынушылар кімдер? Бұл сұрау бірінші рет бұдан 40 жыл бұрын туды. 1911 жылы (?), Орынборда шығатын «Қазақ» газетіндегі мақалаларында байшыл -ұлтшылдар Абайды өздерінің рухани атасы ғып көрсетпек болды... байшыл-ұлтшылдар қазақ халқының жауы екенін өздерінің зұлымдық істерімен танытты. Ал Абай қазақ халқының досы болған күйінде қала берді. Екінші рет бұл сұрау 1918 жылы қайталанды. «Алашорда» партиясының Семей облыстық комитеті сол жылы... «Абай» атты журналдың бесінші санында бас мақала боп «Абайдан соңғы ақындар» деген мақала шықты, авторының псевдонимы — «Екеу». «Екеудің» кімдер екені бізге мәлімсіз («Екеу» — Ж.Аймауытов пен М. Әуезов екенін С. Мұқанов білуге тиіс — Қ.М.) ал мақаланың мазмұны — революцияға қарсы, сонымен қатар халықтың ардақты ақыны Абайға жапқан жала, жаққан күйе. Өйткені бұл мақалада «Екеу»... байшыл-ұлтшылдық бағытта болған. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты алашордашыларды Абайдың шәкірті еді дейді. Бұл пікірдің Абайға да, пролетарлық идеологияға да қарсы екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ.
«Абай шәкірттері кімдер?» деген сұрауға үшінші рет, советтік дәуірде Ташкент қаласында шыққан «Шолпан» атты журнал жауап бермек болды. Журналдың 1923 жылы шыққан 2-3 және 4-5 сандарында «Қоңыр» атты псевдониммен біреу («Қоңыр» — М.Әуезов екенін Сәбең білген болар — Қ.М.) «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақала жазды. Мақаланың авторы, жоғарыда «Абай» журналында жарияланған «Екеудің» пікіріне түгел қосылып, ондағы революцияға қарсы пікірді тереңдетті. Совет өкіметіне қарсы құралды күрес жүргізген Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов бастайтын «Абайдың шәкірттері» деген тізімге он ақын, жазушы атын тіркеді, солардың жетеуі — Октябрь революциясына, Совет өкіметіне ашық қарсы боп, қазақ халқының тарихында қара тақтаға жазылғандар...
... Қазақ совет әдебиетінде «Абайдың шәкірттері кімдер?» деген сұрауға бірінші рет жауап берген адам — Мұхтар Әуезов жолдас. «Абай ақындығының айналасы» («Әдебиет майданы», 1934 ж. 11-12 сан) деген мақаласында ол былай дейді: «Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақын төртеу, оның екеуі — Ақылбай, Мағауия Абайдың өз балалары... қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім (?) Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері...» Әуезов жолдастық Шәкәрім мен Көкбай туралы сөздері саяси қате пікір екендігіне, бұл айтылғандардың көпшілігі Абайдың таза бетіне күйе жағу болатындығына кейінірек толық ораламыз. Әзірге айтарымыз, осы пікірін Әуезов кейінгі мақалаларында да қолдап, халық жауы Шәкәрімнің атын 1940 жылы Москвада орыс тілінде шыққан «Абайдың өлеңдері мен поэмалары» деген кітапта да (18-бет) қайталайды», — дейді С. Мұқанов. Бұдан әрі: «Абай шәкірттері» аталып жүрген адамдардың өздерімен және шығармаларымен танысайық дейді де: «Аталған тізімдегі адамдардың ішінен үш кісінің шығармаларын талдауды орынсыз көрдік», — дейді.
«Бірінші — Шәкәрім Құдайбердин. Бұл адам революцияға дейін діншілдік-ұлтшылдық бағытта жазған адам. 1917 жылы революцияға қарсы ұйымдасқан «Алашорда» партиясының Семейдегі облыстық съезін «Алаш ақсақалы» боп ашқан адам...
1929 жылы (?) бай-құлақтарды бастап, Шыңғыстау ауданында Совет өкіметіне қарсы құралды көтеріліс жасап, жазықсыз талай адамды өлтіріп, өзі атыста оққа ұшқан адам. Бұндай бандитті, ол атылып өлгеннен кейін де, Мұхтар Әуезов жолдастық 1934 жылы да, 1940 жылы да «Абай шәкірттерінің» тізіміне қосып мақтауы ойға сыймайды.
Әуезов жолдастық «Шәкәрім — былтыр басылып шыққан «Ақын аға» деген романында Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр...
Бұндай бандиттің шығармаларын біз талқылап жатпаймыз»,-дейді С.Мұқанов. Осы сарынмен Абай шәкірттері дейтіндерді түгелдей адақтап шығады. Оның бәріне тоқталу мүмкін емес. Ұзақ баяндамасының қорытындысын С. Мұқанов былайша салалайды: — «Абай шәкірттері» аталып жүрген консерваторлар мен реакционерлердің шығармалары совет баспасөзінің бетінен орын ала алмайтынын, соларды жақтаушылар түсінген сияқты да, бар шығармаларын бастыруға болмағанмен, біраз шығармаларын майлап өткізуге көп жыл даярлық жасаған сияқты.
Большевикше турасын айту керек, осы даярлық жасаудың алдында Әуезов жолдас жүреді. Оның бұл жөнде істегендері:
1. 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналынан бастап, күні кешеге шейін, баспасөз бетінде үздіксіз мақала жазып, «Абай шәкірттері» деп жоғарғы адамдарды мақтаумен болады.
2. «Абай шәкірттері» деген адамдарын мақтауға жолдас Әуезов тапқан қолайлы бір трибуна — совет тұсында ғана әр кезде қайталап басылған Абай шығармаларының толық жинақтары болады. Солардың бәріне қосылған Әуезовтың мақалаларында «Абай шәкірттері» деген адамдарын ол тағы да мақтайды...
3. «Абай» атты пьесасында, «Абай» атты операның либреттосында, «Абай» атты киноның сценарийінде, Шәкәрім ғана «Шығысшыл» боп сыналып, өзге «Шәкірттері» ақталып жүреді.
4. «Ақын аға» атты романда «бұл шәкірттер» тағы мақталып, романның өзекті уақиғаларының бірін өрбітіп отырушылар болады.
5. «Абай шәкірттері» деп атаған адамдарының кейбіреулерінің көрінеу көзге реакциялық бағытта жазылған шығармаларын майлап өткізу үшін Абайдың беделді атын жамылып, «бұл темаларды оларға Абай беріп жаздырғаннан кейін, Абай түзеп еді дейді».
6. Соңғы он-он бес жылда — Алматының Абай атындағы педагогикалық институтында, одан кейін қазақтың мемлекеттік университетінде, профессор Әуезов «Абаеведение» аталатын арнаулы курс жүргізеді. Сонда Абайдың өз шығармаларымен қатар, оған «Шәкірт» қып тіркеп жүрген адамдарын, әрине, жоғарыдағы еңбектерінде тоқтағанындай мақтайды. Әуезов жолдас «Абай шәкірттері» деген адамдарын өзі сонша дәріптеуімен қанағаттанбай, бұл мәселеде қолдаушы болатын өзіндік шәкірттер іздейді және ондайларды табады да. Олары кімдер?
1. Қайым Мұқаметхановтың биыл, 6 апрельде, Алматы қаласында қорғаған «Абайдың әдебиеттік мектебі» деген диссертациясы профессор Әуезовтың басқаруымен жазылды, диссертация қорғалғанда, оппоненттің бірі боп Әуезов жолдас мақтайды, ал Мұқаметхановтың диссертациясы, Әуезов атап жүрген «Абай шәкірттерін» мақтауға құрылады, ол тізімде халыққа жат элемент Тұрағұл да жүреді.
...Абай шәкірттері деген мәселенің төңірегінде саяси қателіктің мән-жайы да, масштабы да осындай. Бұл аса кең масштабқа шыққан қателік.
«Абай шәкірттері» деп атаған адамдарын жұртқа осынша кең таныстырып алғаннан кейін, Мұхтар Әуезов пен оның, екі шәкірті Мұқаметханов, Жанғалин, 1950 жылы «Абай шәкірттері» деген жинақ құрастырып баспаға берді! Құраушы Мұқаметханов, редактор Жанғалин, сөз басын жазған профессор Әуезов», — дей келіп, енді жинақтың өзіне шұқшияды: «...көп жыл бойына жасалған тізімдегі жиырма бес шақты адамнан, жинақты құрастырушы... жеті-ақ кісі табады, олар: «Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Көкбай, Әріп, Мұқа... Бірақ солары да оқып тұрған жоқ, жалғыз «Медғат — Қасымнан» басқа Әріп пен Көкбай жазыпты-мыс деп жүрген Ленин туралы үш-ақ өлең болмаса, совет оқушыларына тәрбиелік мәні бар бір де шығарма жоқ. Оқ тәрбие орнына теріс тәрбие беретін сондай шығармалардан жинақ құруға құрастырушылардың қолдары қалай барған?!» Сәбит Мұқановтың тұжырымды қорытындысы мынау:
«Қазақ әдебиеті тарихының» екі томында рушыл-феодалдық ескі өмір дәріптелсе, «Абай шәкірттері» деген мәселенің төңірегінде ескілік дәріптелсе, ескілікті дәріптейтін бірнеше ғылыми диссертациялар мақталса, осылардың басында жолдас Әуезов отырса, бұлай дәріптеулер бір емес, бірнеше жылға созылса, — Әуезов жолдас олай деп ойласын, ойламасын, мұның аты — ұлтшылдық, бұрмалаушылық, ал мына аталған залалды шығармалар халқымыздың, әсіресе жастарымыздың сана-сезімін улайды.
Бұл былықтардан қалай аршыламыз?»
С. Мұқановтың баяндамасы көздеген мақсатына жетті. Қазақ ССР Ғылым академиясы президиумы мен Қазақстан совет Жазушылары одағының президиумы, «Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың өмірі мен творчествосын ғылыми жолмен зерттеу жөніндегі айтыстың қорытындысы туралы» деген қаулы қабылдап, онда былай деген:
«...Соңғы уақытқа дейін Қазақстанның жеке әдебиет зерттеушілері «Абайдың ақындық мектебі» дейтін, ғылымға қарсы, буржуазиялық объективтік концепцияны уағыздап, өрескел саяси қате жіберіп келді.
Тарихи шындыққа қайшы келетін және ойдан шығарылған бұл жалған концепцияның зияндылығы сол — Абайдың ықпалын халық қаламаған шалағай ақындардың, соның ішінде тіпті буржуазияшыл ұлтшылдардың да (Шәкәрім және Тұрағұл) болмашы тобынан әрі асырмай, шынында қазақ әдебиетінің тарихынан Абайдың өзінің және дәстүрінің ролін төмендетті. «Абай мектебінің» концепциясын тұңғыш рет қазақ әдебиетінің тарихына профессор М. Әуезов енгізді... Тіпті мынаған дейін жетті. 1951 жылы апрельде Қазақ ССР Ғылым академиясының гуманитарлық институттарының біріккен ғылыми советі Қ.Мұқаметхановтың «Абайдың әдеби мектебі туралы» деген саяси зиянды диссертациясын қабылдап, оны қорғауды жүзеге асырды, бұл диссертацияда Совет өкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның қас жауларына айналған буржуазияшыл-ұлтшылдарда Абайдың «Шәкірттері» деп мақталды... Абай мұрасын зерттеу жөніндегі жақында өткізген айтыста «Абайдың ақындық мектебі» деген концепцияның ғылымға қарсы екендігі және саяси зияндылығы әшкереленді... «Абай мектебі» дейтін концепция тарихи шындыққа ешбір қатысы жоқ және буржуазиялық-объективистік жалған концепция болып айыпталды...
Осындай уақиғадан кейін «Ақын аға» романы да «Абай мектебінің» тағдырына ұшырады. Әуезов Ғылым академиясы Президиумының мүшелігінен шығарылды, университеттен қуылды. 1953 жылы Мұхтарды арандату әрекеті онан сайын асқындап кетті. Ол өз алдына бір әңгіме. Мұхтар Әуезовтың басынан кешкен, қилы-қилы, кейбір кезеңдерінің жайы осындай.
Сөз орайы келгенде айта кетпеске тіпті де болмас. «Абайдың әдеби мектебі» концепциясын қаралаған Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің 1953 жылы қабылдаған қаулысы арада отыз бес жылдай уақыт салып барып қана өз Күшін жояды. «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40-шы жылдар кезеңі мен 50-ші жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Комиссиясының қорытындысында» («Социалистік Қазақстан», 9 декабрь 1989 жыл) ол турасында былай делінген.
«Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысы туралы» 1953 жылғы 1 августағы тағы бір қаулысында ғылымға жат және саяси тұрғыда зиянды концепция деп Абайдың ақындық мектебіне күмән келтіріледі. Уақыт бұл айыптың бос сандырақ екенін айғақтады. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы, әсіресе Абайдың ақындық мектебі болғанын дәлелдеп, оның өзінен кейінгі қазақ поэзиясына жемісті ықпал жасағанын көрсетіп берді. Осынау мектептің үздік өкілдерінің бірі Шәкәрім Құдайбердиевтің творчествосы бұған нақты айғақ бола алады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі жөніндегі концепцияның заңдылығы мен ғылымға жаттығы туралы саяси ағым осы күнге дейін ресми түрде алып тасталмаған, мұның өзі сабақтастың идеясына қайшы келеді».
...Дегенмен, жоғарыда аталып өткен елуінші жылдардың орта шенінен бастап алда басқаша бояу-түрдегі, сталиндік зұлматқа әшкерелеуші сипат берер, жаңаша сілкіністегі Хрущев дәуірі күтіп тұрған еді. Аталмыш уақытта Шәкәрім мұрасына қатысты тоқ біршама жібігендей сыңай танытады. 1957-58 жылдары ақынның жазықсыз өлімі туралы мәселе қозғалып, ССРО Прокуратурасы Шәкәрімнің қылмысы жоқ деп тауып, 1958 жылғы 28 ноябрьде Ш. Құдайбердіұлын ақтаған шешім шығарады. Шәкәрім жайында бірнеше ондаған жылдан қордаланып келген үлкен әңгіме ақтарыла төгілудің шаң алдында тұрады. Мұхтар Әуезовтың Шәкәрімді Абайдың нағыз шәкірті деп атап келгенін тағы да еске түсіріседі (Абай. Толық жинақ, 1933 ж. «Әдебиет майданы» журналы, 1934 ж.), Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылы Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын бастырып шығарғанын жадқа алады. Ақынның өз кіндігінен тараған ұлдарының ішінде көзі тірі болғаны Ахат Шәкәрімұлының әкесінің мұрасын толықтай дерлік, ғаламат еңбекқорлықпен жинастырып қойғанын таңдай қағыса сөз етіседі. Абай, Шәкәрім, Әуезов мұрасының айтулы білгірі, тамаша текстолог Қайым Мұқаметхановтың Абайдың әдеби мектебі туралы жазған ғылыми еңбегі кітап болып басыларда қалай қырқылып, түп-түгел жойылғаны да қаперден тыс қалмайды. (Мұқамедханов Г. Литературная школа Абая: Автореф. дис... канд. филол. наук. Л-А., 1951). Өзі М. Әуезовтың «көлеңкесі» атанып, 1951 жылғы «асыра сілтеуде» бес әдебиетші, тарихшы ғалымдармен бірге жиырма бес жылға кесіліп, айдауда болып, енді ғана оралғандығын да аңыз етіп айтысады. Білікті ғалымның қайта еңбектеніп «Абай дәуірінің ақындары» деп аталатын тақырыпта ғылыми диссертация қорғайтыны да нақ осы түс. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1959 жылғы 2-ші санында Шәкәрімнің сегіз өлеңі суретімен басылып, араға отыз жылдай уақыт салған үзілістен соң сүйікті ақынның есімі қайтадан жарқ етуі, расында да, рухани өміріміздегі ірі жаңалық.
Енді осындай кезеңде, жер ортасы жасқа келген Абзал Қарасартов нендей сыйды күй кешті демекпісіз. Сталиндік қанды қырғынның белді жаналғышы өткен іске опынып, қалың қасіретке бөлену орнына, ақталар, ақ әділ жолға түсірер бағдар ұстану орнына, тапаншасын оңтайлы сойылға алмастырып, тағы да әдебиет майданы төріне шыға келеді. Әділ сарапты ой-тілектегі «Әдебиеттанушы», тол әдебиетімізді «Халық жауларынан» кірпік қақпай қорушы кейпіне енген Қарасартов «Қазақ әдебиетінің» сол уақтағы редакторы, белгілі ақын Әбділда Тәжібаевқа бір күн бұрын телефон шалып, «Алашордашылдық» шығармаларын баспауын қатаң ескертіп, Шәкәрім өлеңдері жарыққа шығып кеткен соң, редактордың қызметінен босануына қол жеткізеді. Мұндай «Құпия» күштеп үрейленген өзге басылым басшылары ақынның мұраларын жариялаудан бас тарта бастайды. Қазақ ССР Ғылым академиясы Президиумының жанындағы «Қазақ әдебиетінің даму заңдылықтарын зерттейтін» ғылыми координациялық совет пен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми советі бірігіп өткізген мәжілісінің стенограммасынан (3 декабрь 1969 жыл), сол мәжілісте сөйлеген белгілі ақын, халқымыздың патриот, қайраткер перзенті, күні кеше ғана арамыздан кеткен марқұм Жұбан Молдағалиевтің сөзінен төмендегідей дерек-ой ұшықтарын келтіріп өтелік.
«Шәкәрім шығармасын көп зерттеген кісі емеспін, тиіп-қашып оқығаным бар. 1959 жылы «Жұлдыз» журналының редакторы кезімде поэмаларынан 4 0 0 — 5 0 0 жол басамыз деп дайындай бастағанбыз. «Еңлік-Кебектен» 400 — 500 жол береміз деп жатқанда, «Қазақ әдебиетінде» бет шықты, сонымен байланысты «дерт» шықты дегендей, кейбір жолдастар даурықтырып жіберді, сөйтіп, қалып қойды. Сонымен, басы ашылсын деген соң қойып қойғанбыз. Бізде бір жаман жағдай бар, біреу бір нәрсені білгендіктен құмартса, біреу білмегендіктен құмартады. Орыста «запретный плод слаще» дегендей, әсіресе Мағжан жөнінде кейбіреулер әңгімені біліп қозғаса, кейбіреу жадағай жармасады. «Мағжанға неге тыйым салады» дегендер де болды, кейбір жағдайды жолдастар пайдаланды да. Сөйтіп тура бар кінәны партия ұйымына жабамыз, Орталық Комитет рұқсат етпеді дейміз. Бұл — қате!»
Орталық Комитет демекші, республика идеологиясының әр кезде тізгінін ұстап отырған хатшылар Н.Жанділдин мен С.Имашев Шәкәрім мұрасына қатысты Абай елінің, Семей жұртшылығының, республика зиялы қауымының әлденеше ұсыныс-тілектерін аяқсыз жауып тастап отырған. Бұл іс қай уақытта, қалай жүргізілгенін сол мезеттерде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімдерінің нұсқаушысы болып қызмет атқарған, әрі 1988 жылғы «Арай» бетінде (№11, 26-бет) толық тексті берілген жалалы хатқа бұрыштама қойған жазушы Өтебай Канахин мен жазушы-аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев Ш. Құдайбердіұлының өмірі мен творчествосына арналып Қазақстан Жазушылар одағы секретариаты ұйымдастыруымен өткен кеште (25 январь, 1989 ж.) қалың жұртшылыққа ашып әңгімелеп берген-ді.
ӨТЕБАЙ ҚАНАХИН: «Шәкәрім жайлы алғаш 1957 жылы Абай ауданына журналистік жолсапар сәті түсіп барғанда есіткенмін. Байырғы НКВД қызметкері Шәкәрім шошаласын тінткенде, өте көп жазба қағаздары табылғанын, оны сол жерде Қарасартов өртеуге бұйырып, қайдан сап ете қалғанын кім білсін, кенет қатты бір жел тұрып әлгі қастерлі қолжазбаларды лезде ұшырып әкетіп, сай-саланы толтырып тастағанын қапалы көңілмен әңгімелеген-ді.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне нұсқаушы болып жаңадан барған кезімде де өзіме таныс, жүрекке жақын Шәкәрім есімі алдан шықты. Комиссия құрдық. Тайыр Жароков (председатель), Хамит Ерғалиев, Жекен Жұмахановтар (жауапты хатшы) іске айрықша құлшыныспен кірісіп кетті. Марқұм, белгілі жазушы Жекең (Жұмаханов) Абай елінің перзенті болғандықтан ба, Шәкәрім шығармаларын жүйрік білетін, жатқа айтатын. Ол уақытта Сәкен, Бейімбет, Ілиястар толық ақталып, 6-томдық шығармалар жинақтары баспаға дайындалып, мұрагерлеріне жан-жақты жәрдем жасау мәселелері шешіліп жатқан, жұмысымыз сан-салалы кезең болатын. Сол жан қызуымен Шәкәрім тұлғасын қаралайтын жалған ақпарлы, дәйексіз, салғастырылып-тексерілмеген, әркімнің атынан ұйымдастырыла салынған хаттар, өзге де материалдарды батыл терістеуге тырысқанбыз. Шәкәрімнің шығармалары екі томдық боп дайындалған-ды да. Амал нешік, бәрін біттік-ау деген мезетте идеологиялық хатшымыз Н.Жанділдин іс аяғын құрдымға тіреп қойды. Мән-жайын сұрағанымызда: «Бұл сенің айналысар шаруаң емес»,— деп үзілді-кесілді тыйып тастады. Артынша 1966 жылы насихат және үгіт бөлімі меңгерушісі орынбасарының қызметін босатып, ахуалы шиеленісе, ширыға түскен ортадан өз еркімізбен кетуді жөн деп таптық».
ӘБІЛМӘЖІН ЖҰМАБАЕВ: «1963 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөліміне нұсқаушылық қызметке алынғанда, 19 беттен тұратын комиссия қорытындысы бар қалың жасыл қаттама көзіме бірден түсіп, Шәкәрім жайлы материалдармен мұқияттап танысқан едім. Абай ауданының халқы облыс хатшыларына Шәкәрім мәселесін түбегейлі шешіп беруді депутаттың аманат етіп міндеттеп, және мәселе қозғап жатқан жайы бар екен. Бұл туралы Н. Жанділдин жолдас алдына сұрау қойғанымда, «Ендеше, бюроға шығайық!» — дегенді айтты. Кеңесе келіп, 13 бюро мүшесіне қыдырта отырып қол қойдырып алуды ұйғардық. Қол қойылды. Бәрі дайын болған секілді. Бірақ та шешімді, нар тәуекел сәт кешеуілдей берді.
1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде, Астана зиялылары қатынасуымен айрықша қызу пікірталас өтіп, кеште олардың бірі Мағжан Жұмабаев есімін ауызға алып қалса керек. Сол дабырайта жеткізілді ме екен, қатты ашуға мінген идеологиялық хатшы (С. Имашев) Шәкәрім шығармалары тағдырына қара құлып салып, бірден архив қоймасына өткіздіріп жібертті...»
Ахат әкесінің әдеби мұраларын өзі әлденеше көшіріп жазып, 1936, 1959, 1960 жылдары мұқияттап тапсырған қол-жазбалар негізінде жеке кітап болып басылар күнді де ынтыға, ұзақ сарылумен күтеді. 1968-69 жылдарда Мүсілім Базарбаевтың докторлық диссертациясында Шәкәрім мұрасының талдануы, энциклопедиялық анықтамалықтарда Шәкәрім туралы Қазақ ССР ҒА корреспондент мүшесі Ысқақ Дүйсенбаевтың мақаласы орын еншілеуі (Краткая литературная энциклопедия, М., 1975, т. 8, 337 — 338-6.), белгілі жазушы әрі ғалым Мұхтар Мағауиннің батыл әрекеті, табандылығы арқасында Ленинградта, 1978 жылы басылым көрген «Поэты Казахстана» жинағына Шәкәрім өлеңдері алғысөзімен енуі (аудармашылар белгілі совет ақындары Вс. Рождественский мен Вл. Цыбин), «Литературная газетада» одақ, шетел оқырмандарына танымал қаламгерлер Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әнуар Әлімжановтың Шәкәрім мұрасы жайын қозғаған бірнеше мақалалары жарық көруі, мұның бәрі, әлбетте, Ахат Шәкәрімұлының жарқын, жақын сәтке деген сенімін орнықтыра түскені рас. Тоқыраудың, халық санасына батпандап енген енжарлықтың Ахаттай асылдың сынығын құр сүлделетіп, жан-дүниесін жүдетіп кеткен тұстары да аз емес. Әсіресе, шешуші сөз айтар басшы қызметкерлер ондаған жылдап жаппай халықтың, алқалы ғылыми жиынның, мүйізі қарағайдай деген ғалымдардың, әдебиеттанушылардың, көркем сөз зергерлерінің тиянақты байламына сүйенбей, аты-жөні қойылмай келген жалалы хатқа, мейлінше сауатсыз, дәлелсіз жазылған арыз-ғайбаттауға артық назар аударатыны, сол жасырын жауыздардың дегенін ақыр-аяғы болдырып тынатыны қатты қынжылтатын.
«ҚКПОК I секретары Қонаев жолдасқа. Сырттай естуімізге қарағанда Қазақ академиясы Шәкәрім Құдайбердіұлының аруағын көтеріп, кітабын шығармақшы көрінеді. Партиялық тап көзімен қарағанда, осы дұрыс емес. Біз Совет үкіметін орнатушылардың алғашқыларының біріміз. Біз сол кезде кім ел, кім жау болғанын білеміз және ұмытпаймыз.
Шәкәрім қажының би, болыс, қажы болғанын да білеміз. Алаш туын көтерушілердің бірі болғанын, Нұрмағамбетов Қази дейтін ақ офицер өлгенде, Шәкәрім мен Дулатов 2000 адам жинап митинг ашқанын, Совет үкіметін қорғап, Алаш партиясына беріле егіліп, өлеңмен жоқтағанын да білеміз. 1918 жылы қыр елінің надандығын пайдаланып, 4-5 мың жасақ жинап әкеліп Семей большевиктерімен соғысып Барнаулға дейін барғанын, большевиктерге қарсы осы соғыста ту ұстаушы болғанын да бүкіл ел біледі. Большевиктерге қарсы осы соғыста қанішерлік жасаған ел ішінде жүрген қашқын Қырғыз Мұса дегенге Алаш әскерінің юнкері, батыр деген атаң бергізгенін, Мұсаны елге апарып той жасап, тобықтыдан қыз әпергенін, Алаш батыры юнкер Мұсаға коммунистерді қырған ерлігі үшін — Абай баласы деген фамилия беріп, асықты жілік ұстатып, Шәкәрім азан шақыртып атын қайта қойғанын көзімізбен көргенбіз. Шежіре жазып, бар қазақтың арғы тегі араб, пайғамбардың туысы деп көкігенін, «Мұсылмандық» деген кітабында халықты дін апиынымен уландырғанын білеміз. 1931 жылы «көк қасқа» сойып, ақ ту көтеріп Совет үкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырғанын, Рай ККРКИ-дің бастығы Олжабайдың басын кесіп, Рамазан деген комсомол мұғалімді әйелі екеуін сүйретіп өлтірткенін білеміз. Компартия мен аудан Совет кеңесіне 360 кісімен шабуыл жасап, бірнеше коммунист пен комсомолды өлтіріп, кеңсені өртеп, банк пен кооператив талап алғаны да елге мәлім. 2 жылға дейін оз жасағын «партизан» деп атап, КГБ, МВД жауынгерлерімен әлденеше рет атысып ұстатпай жүріп, ақыры КГБ жауынгерлерімен атыс үстінде ажал тапқаны белгілі.
Біз «Искусство тек қана искусство үшін емес» деп оқығанбыз. Шәкәрімнің ақындығы тек өзі үшін, өз атағын шығару үшін ғана бірдеме. Халық арасында — Ахаттың, Шәкәрімнің өлеңі деп жүрген бірсыпыра тәуір сөздері тікелей Абайдан, Мағауиядан ұрланған дейтін аңыз бар. Мұны да алуымыз керек. Кезінде Шәкәрім біздің партиямыз бен үкіметіміздің заң орындарының әділ шешімдері бойынша — халың жауы деп танылып, қарғыс айтылуын бүкіл халық құптаған. Мұхтар Әуезов те Шәкәрімге өмір бойы жиіркене қарап өткен. Қазір кейбір шәкәрімшілдер, 1931 жылғы бандылардың бүкіл Орта жүзге істеген лаңын Қарабала Қожақанов бастады деп ұялмай өтірік айтып жүр. Қарабала Қожақанұлы сіңірі шыққан кедей, өмірі жалшы болып өткен адал адам. Оның туған інісі Сары Қожақанұлы әлі тірі. Абай ауданында тұрады. Қарабала, рас, қожа тектес кедей еді. Оған ат беріп, қару беріп, пайғамбардың ақ туын қорғау ең алдымен қожа ұрпағының парызы деп, басын айналдырған — Шәкәрім. Ол кезде Қарабала соның малшысы болатын.
Біз, әсіресе қанішер қажыны ақтап, батырақты Совет үкіметіне қарсы деп балағаттағандарға ашу-ызамен қараймыз. Шәкәрімді ақтап, Қарабала сияқты еңбекшіні халықтың жауы етіп көрсетуге тырысып жүргендер қателесіп жүр. Мұны ЦК түзетуге көмектесер деп сенеміз. Шәкәрімнің бар жауыздығын білетін орыс азаматы, қарт коммунист, сол кездегі ОГПУ бастығы Филимонов әлі тірі, осы Алматыда деп есітеміз. ОГПУ қызметкері Берлібеков Бисалы дейтін коммунист Зырянда тұрады. Сол кездегі ОГПУ бастығы Қарасартов деген қарт коммунист те тірі. Сол кезде белсенді комсомол, мұғалім, артист болған қарттар бар. Олар барлық шындықты айтар еді. «Қазағымның аты шыға берсін, Хан Кенені де тірілтеміз» деп жүрген, сыңар жақ, идеясы бұлыңғыр адамдарды біз дұрыс дей алмаймыз. Ал қазір Шәкәрім қажының зұлымдығын ашып айтқан адам — атасын сатқан, бұрынғы белсенді, аруақтан безген атанады. Бірақ партияға шындықты айтып беріп, сол бұрынғы белсенді, отаншылдық жүрегімізбен өлсек — бізде арман жоқ.
Сізден көп-көп кешірім сұраймыз. Өйткені аты-жөнімізді аша алмай отырмыз. Халықтың, партиялық талдау бола қалса, біздің табылуымызға сеніңіз». «Арай» журналының 1988 жылғы 11 номерінде жарияланған, Д.А.Қонаев атына жазылған осынау жалалы хатқа қарап-ақ біз әлі білмейтін, жарты ғасыр бойына жер-жерге ұрымтал сәтте жолданып келген, әр кезең, әр уақыттың өз бояуын тап баса отырып хатқа түсірген қаралаулардың жалпы нобай-нұсқасын батыл бағамдауға болғандай.
1986 жылғы Алматыда болған декабрь оқиғасы, идеология майданындағы идеялық қаржасулар, оқиғаның себеп-салдарын айқындаймыз деген біліксіз идеологтар мен журналист, әдебиетші, ғалымдардың науқаншылыққа, астам баға-пайымдауға ұрынуы Қарасартовтар әулетіне дегенің келіп тұр дегендей, жел бітірген еді.
Қазақстан Комиартиясы Орталық Комитетінің 1987 жылғы Январь пленумы өткен соң, астанадағы бірнеше белгілі жазушы, ақын, журналистерге «жұмбақ сырлы», «Қарасартов» деген фамилия қойылған үшбу хаттар келе бастайды. Соның бір-екеуімен таныстырып өту мақсатында белгілі қалам қайраткерлері, одақ, шетел әдебиет сүйер қауымына есімдері мағлұм Мұхтар Мағауин мен Шерхан Мұртазаевқа жазылған «білмесең — білдірем, білсең — бұлдірем» дейтін хатты және қарағандылық жазушы Жайық Бектұровтың сұрау-хаттарын толық келтіруді жөн көріп отырмыз.
«Қадірлі бауырым Мұхтар!
Хал-жағдайың жақсы, жұмысың орынша болар?.. Алыстан хат жолдап отырған ағаңды танымайтын боларсың. Өзіңе бірталайдан бері хат жазуды ойланып жүргенмін, көптен-көп себептермен жұмысбастылықтан мойын жар бермей, реті бүгін келіп тұр. Мен өзім әдебиетті бір кісідей түсініп оқитын адаммын. Өзіңнің әр жылдарда шыққан зерттеу еңбектеріңді, көркем шығармаларыңды зер сала оқимын. «Қобыз сарыны» деп аталатын монографиялық еңбегің мен өзің құрастырған «Алдаспан» атты антологиялық жинақ және кейінгі шыққан «Бес ғасыр жырлайды» жинағын қолға алғанда, осы жігіт мәдениетіміз бен әдебиетіміздің дамуына көп еңбек сіңіріп жүр-ау деп, еріксіз сүйсінетінімді жасырмаймын. Інім, сонымен бірге әр жылдарда жарық көрген «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Бір атаның балалары», «Кек мұнар», «Аласапыран» романдарын оқи отырып, көркем сөздің шебері екендігіне дау айтпаймын.
Бұл менің ғана емес, жалпы өнер сүйер қауымның да пікірі болар. Атақты жазушы ағамыз Ғабеңнің де «Екі Мұхтар» деп жазған мақаласын оқығанымыз бар. Атаң дәрежең де бір басыңа жетерлік. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алғаның да сол тер төккен еңбегіңнің жемісі дейміз.
Алайда, бұл жерде мен өзіңді мақтайын, қошеметтейін деуден аулақпын, талантыңды, еңбекқорлығыңды қадір тұтқаннан осы хатты тікелей өзіңе жазып отырмын. Ондағы себеп — бір өте даулы мәселенің басын ашып алу еді. Басқадай орынға жазудың жолын білемін, дегенмен, әр себептермен әуелі өзіңнің пікірің мен ойыңды білмек едім.
Мені танымайтын боларсың деп айтқанмын, қысқаша аты-жөнім Қарасартов Мәз. Қарағанды облысы, Ульянов ауданы, Бабаев Қ, атындағы совхозда 25 жыл аға прораб болып еңбек етемін.
Әуелде жұрт айтқанда, лақап сөз ғой деп біразға дейін нанбай жүретінбіз. Енді, міне, «Совет жазушысы» баспасының Ленинград бөлімшесінен 1978 жылы шыққан «Қазақстан ақындары» деп аталатын кітапты қолыма түсірдім. Мұның алғашқы бетінде орысша «Вступительная статья, составление, биографические справки и примечания М.М.Магауина» деп жазылған екен. Менің айтайын дегенім, осы кітапқа енген Шәкәрім Құдайбердіұлы хақында. Осы жинақтың 284 бетінен 314 бетіне дейін Шәкәрім өлеңдерінің аудармасына орын берілген екен. Және де өзің жазған биографиялық анықтамада «В 1917-1925 годах Шакарим ненадолго возвращается к активной жизни, приветствует новые преобразования в обществе, печатает на страницах газет и журналов свои стихотворения, в которых поддерживает новый строй, однако через некоторое время старый поэт вновь уходит в одиночество. Умирает в 1931 г.» — деген екенсің. Оны оқи отырып, «Апыр-ай, Мұхтар ініміз жазу-сызуы болмаған кездегі тарихты сөйлетіп, тірілткенде, мынау сауатымыз ашылған замандағы тарихты білмеді ме?» деген екі ұштылау ойға барып қалдық. Мүмкін, әлде жастықпен бір білместікке барып қалды ма екен, деген сұрақ өз өзінен сұранды. Бұл сұрақты тірі болса, менің ағам, Совет үкіметінің жауларына қарсы күрескен қарт чекист Абзал Қарасартов қойған болар еді. Өйткені Шәкәрім Құдайбердіұлының кім болғанын менен гөрі ол кісі жақсы білетін. Бірақ Шәкәрім туралы бар дерек Қарасартовтар ұрпағының бәрінде бар. Марқұм ағамыз өсиет етіп айтып кеткен. Ол кісі 1979 жылы қайтыс болды. Әйтпесе 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәкәрімнің бір топ өлеңдері жарияланғанда, қайтадан жарық көрмеуі де осы кісіге байланысты.
Өйткені, 1931 жылы 5 сентябрьде Шәкәрім Құдайбердіұлы Совет үкіметіне қолына қару ұстап, қол жинап қарсы шыққанда, сол көтерілісті басқандардың бірі Шыңғыстау ОГПУ-інің начальнигі, менің ағам Абзал Қарасартов болатын. Сол оқиғаның документтері мен фактілері Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивінде толық сақталған. А.Қарасартов сол документтер арқылы Шәкәрімнің банды көтерілісін басқарғандығы туралы дәлелдеп шығып, тарихты бұрмаламақшы болғандарға тойтарыс берген. Сол уақыттан кейін ешкім қозғамай, «1978 жылы жоғарыдағы жинаққа кірді» дегенді бекер шығар деп едік. Рас екен. «1957 жылдан 21 жыл уақыт өткенде, бұлайша шығаруға не себеп болды және Қазақстанда емес, Ленинградта орысша бастырудың себебі не?» деген сұрақты қоюым орынды болар. Осы жинақта революцияның Қызыл сұңқары Сәкеннің аты аталмай, банды болған Шәкәрімнің соншалықты құрметтелуі ненің салқыны?
Мен оның қаныпезер банды болғанын нақтылы дәлелденген жағдай болған соң айтып отырмын. Егер менің осы жазғаныма сенбейтін болсаң, онда КГБ-дағы материалдарға жүгінетін болармыз.
Шәкәрімді жарыққа шығару деген сөз — революция жеңісі үшін қанын төккен ардагерлердің рухын қорлау деген сөз. Сол Шыңғыстау көтерілісін басқарғанда, Абаев Рамазан мен әйелі Рәпішті ат құйрығына байлап сүйретіп өлтіртті, ал Шалабаев Олжабайдың басын шаптыртты 3. IX. 1931ж. Сондықтан Шәкәрімді сыналап шығарғандарың ешқандай дұрыстыққа жатпайды.
Тіпті Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағы» панисламистік бағыттағы кейіпкер Шұбар — осы Шәкәрім емес пе еді? Елдің оны «шұбар» деп атайтындығынан да хабардармыз. Ол жақсы адам болса, Қазақ Совет энциклопедиясына неге кірмей қалған? Енді, міне, 1985 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бес ғасыр жырлайды» деп аталатын жинақта Абайдан бастап Сұлтанмахмұтқа дейінгі аралықтағы ақын-жазушылар тегіс қамтылған да, Шәкәрімнің аты аталмайды. Ленинградтан шыққан жинақ Қазақстан баспасынан неге бастырылмайды? Оның себебі неде? Сол 1978 жылдан бері жазғандарыңды, басқадай әдебиетшілердің жазғандарын қадағалаудамын, бірақ Шәкәрім туралы одан кейін кең сөз болып, не өлеңі жарық көргенін естімедік. Қорыта келгенде, Мұхтар бауырым, осы хатқа өзің не деп жауап қайтарасың? Тікелей саған жазып отырғаным — атағың, жеткен дәрежеңнен қорыққандық емес, талантыңды бағалаған сезімнің әсері де. Егер осы хатқа жауап жазбасаң (қорқытқан емес), мәселенің ашық-қанығын түбегейлі ашу үшін, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне және КГБ-ның алдына қоюыма тура келеді. Өйткені Қарасартовтар фамилиясы кейбір солақайлардың жорамалдауынша, «Қазақ тарихындағы Дантес» атанғысы келмейді, атанбайды да.
Сәлеммен, ағаң Мәз Қарасартов.
3 февраль 1987 ж.
Менің адресім — 472513. Қарағанды облысы,
Ульянов ауданы, Бабаев Қ. атындағы совхоз.
Ш. Мұртазаев жолдасқа!
«Қазақ әдебиеті» газетінің редколлегиясына!
Сіздердің газетте 8. 1. 88 ж. № 2 санында Ж. Бектұровтың 1956 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне басылған «Ақын және арамза» атты аңыз-поэмасы басылды. 32 жылдан соң жаңартып бастыруға не себеп болды? 9. 1. 1959 жылы № 2 санында осы газетте Шәкәрім Құдайбердиевтің суретін басып, біраз өлеңдеріне жол берілген.
Қайта құру кезеңінде жаламен қапыда кеткендер еңбегіне жарық көрсету керек делінген, бұған қаламынан еріксіз айрылғандар жатады. Қаламын қайқы қылышқа айырбастап Совет үкіметіне қарсы қарулы банды басқарушылары жатпайды, ол — Шәкәрім Құдайбердиев.
Шәкәрімді 1. IX. 1931 жылы Қытайдан келіп қосылған тумалары, Бақанастағы үйінде хан сайлаған. Ол 3. IX. 1931 Шыңғыстау ауданына 600-дей адаммен Алаштың ақ туын көтеріп, Абылайлап шабуылды басқарды.
3. IX. 1931 ж. Шәкәрім Қарауыл тауының беткейінде тұрып, төменгі өзен ішінде отырған Олжабай Шалабаевты балталап өлтіріп, кермедегі торы жорға атын өзі алды, сол күні Абаев Рамазан мен әйелі Рәпішті ат құйрығына тағып сүйретіп өлтіртті. Осы жоғарыда жазғандарым Қаз. ССР КГБ-дағы — 1 том, 110-111 — беттердегі тексеріс материалдарында дәлелденген. Шындықты біле отырып, неге әрбір отыз жылда жаңалауға жандарың құмар. Ана тілімізде түсінетіндей болдық емес пе! Бар білетінімді ортақ тілге аудартып, әділ қазылығын сұрауыма тура келіп тұр.
Сәлеммен Мәз Қарасартов
17 февраль, 1988 ж. Бабаев атындағы совхоз.
«Жұлдыз» журналының бас редакторы
М. Мағауин жолдасқа, Қазақстан Компартиясы Қарағанды облыстық комитетінің секретары Қ. Сұлтанов жолдасқа
Жазушылар одағының соңғы жылдарындағы пленум-жиналыстарында сіздер, М. Мағауин, Ш. Мұртазаев жолдастар, Қарағандыдан, осы облыстағы Қарасартов дегендерден ақын Шәкәрімді кінәлап жазған хаттарды айтып жүрсіздер. Бұл адамдардан Шәкәрімге байланысты мен де көп жапа шегіп жүрмін. 1988 жылдың 8 январь күні «Қазақ әдебиеті» газетінде менің «Ақын мен арамза» атты дастаным шықты. Соның келесі күні Ульянов ауданында тұратын Мәз Имашұлы Қарасартов дейтін кісі үйіме телефон соғып: «Көрдегі адамдарымызға да тыныштық бермедіңіздер ғой»,-деп, мені сөкті. Мен оған: «I. Есенберлиннің «Қатерлі өткел» атты романында Алматыда қазақтың жазушылары бірін-бірі бауыздап өлтіріпті дейтін сөздер бар, бірақ біз мұндай сұмдықты кезінде көрген де, естіген де емеспіз. Менің шығармамда ешкімнің аты-жөні айтылған жоқ», — деп түсіндіріп бақтым. Ақыры жабысып болмаған соң: «Көкек өз атымен шақырады» деген, өздеріңізді өздеріңіз танып тұрсаңыздар, мейілдеріңіз», — деп жауап бердім. Осы жылғы көктемде Шәкәрім ақталып, оның өмірі туралы «Жұлдыз» «Простор», «Арай», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Орталық Қазақстан» газет-журналдарында сан қилы мақалалар жазылды. Көбінде ақын Шәкәрімді 1931 жылы ешбір сот үкімінсіз далада А. Қарасартов дейтін кісі атып өлтіріпті делінді. Ал менің не өлеңдерімде, не мақалаларымда бұл адамның аты еш жерде айтылған жоқ еді.
Осы жылдың жазында Қарағандыда екі күн бойы ақындардың үлкен айтысын өткіздік. Мен осы айтыстың төрешілер алқасын басқардым. 21 май күні облыс ақындарының, әнші, жыршыларының басын қосып, байқау-репетиция өткіздік. Облыстық филармония залында жүзден аса адам болды. Бұлардың ішінде аудандық партия, совет ұйымдарының мәдениет жұмысын басқаратын ресми адамдары да болды. Бұрын Мәз Қарасартовтың азды-көпті ақындығы бар Мейрам, Ержан дейін балаларын әншілік, домбырашылық өнері болмаса да дәстүрлі айтысқа қатыстырып жүретінбіз. Бұл екеуі де Қарағандының мемлекеттік университетін бітірген педагогтар болатын. Екеуінің де өлеңдеріне тиісінше қамқорлық жасап жүретінмін. Бұл жолғы айтысқа Ульянов ауданынан М. Қарасартов қатысатын болды. Ақындардың әзірліктерін байқауда ол сахнаға шығып: атам Абзал Қарасартов — Совет өкіметін орнатқан аяулы азамат, тамаша қайраткер, қысқасы, бүкіл халық басына ту етіп ұстайтын адам еді деп көрсеткісі келіп, сахнаны басына көтерді. Мен төрешілер алқасының жетекшісі ретінде оны қасыма шақырып алып: «Жігітім, қазір бұлай деуге болмайды. Шәкәрім маңындағы сөзді білесің, сендердің аталарың жайлы да айтылып, жазылып жатқан сөздерді де жақсы білесің. Сондықтан айтысқа қатыссаң, атаңды айтпай-ақ, ауданыңның атынан сөйле», — деп тоқтау салдым.
Ол жігіт — Мейрам Мәзұлы Қарасартов (Ульянов ауданының Көктал ауыл советінің председателі), зал тола қаптап отырған жұрттың көзінше, қасымда Қарағанды университетінің доценті 3. Жұмағалиев, С. Сейфуллин атындағы театрдың бас режиссері Е. Тепенов, облыстық газет редакциясының қызметкерлері бар мені: «Сен алашордашылсың, халық жауысың, көшеде атып өлтіріп кетемін!» деп тарпа бас салды. Бұл жайлы облыстық партия комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Б. Рахимова жолдасқа, облыстық партия комитетінің секретары Қуаныш Сұлтанұлы, сізге кезінде айттым. Артынша қатты ауырып, өзім ауруханаға түсіп қалдым. Бірақ партия мүшесі болып саналатын М.Қарасартовты әлі күнге дейін ешкім тәртіпке шақырған жоқ.
Азамат, қарт коммунист, жазушы ретінде менің бұған таңым бар. Мен тек Шәкәрімнің абыройын қорғап қойғаным жоқ, қазіргі жұртшылық пікірін, оның үстіне Шәкәрімді жаладан, қастандық ажалдан ақтап шығарған Қазақстан Орталық Партия Комитетінің
арнаулы қаулысын қорғадым, әрі айтыстың дұрыс өтуіне зер салдым. Қысасы, мен өзімнің қызмет бабымдағы міндетімді дұрыс атқарғым келді. Солай атқардым да. Бірақ осы үшін қорлау сөз естіп, бірден қатты ауырып қалдым.
Жайық БЕКТҰРОВ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Жазушылар одағы Қарағанды облысаралық бөлімшесінің секретары.
Ноябрь, 1988 ж.
Біздіңше, аталмыш хаттарға түсініктеме беріп, қорқытудың, үрей шақырудың, жала жабудың, ұлы мұраға ұзақ жылдар бойына қастандық жасап келудің заңға сүйенгенде қандай түр алып кетпегін тәптіштеп таратып жату артық сияқты. Біздің мақсат-мұратымыз мүлдем басқаша арнада еді. Біз Советтік Шығыстың шынарларының бірі Шәкәрім өмірі мен өліміне қатысты аңыз бен ақиқатты, шынайы Шәкәрімтану мен шалағай Шәкәрімтану ара салмағын осылай жүлгелеп, зерде-танымы енді қалыптаса бастаған жас өскелең ұрпақ үшін жарты ғасырға созылған ұттың трагедияның барша болмысын танытатын, алыстан мен мұндалап тұрар белгі-сына тас қойғымыз келді!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі