Мен қажының «Еңлік-Кебек» поэмасының жарты ғасыр бұрын бармақтарым майысып отырып жазған көшірмесін қолыма алып қараймын. Немереме қайта көшіртіп қойсам ба екен, а?..
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасы. Кеңестік жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кез. Мен 9-10 жастағы баламын. Қараңғы түнде сығырайған май шамның жарығымен Шәкәрім қажының «Еңлік-Кебек» поэмасын дәптерге көшіріп отырғаным есімде. Шаршаймын. Нәзік қолдарым әбден талады. Анда-санда әкеме көрсетпей жылап аламын. Ол поэмаға тәнті болғандықтан емес, соны көшіре-көшіре қолым талғандықтан. Өзім құралпы балалар далада асыр салып ойнап жүр. Менің отырысым мынау. Жазбаймын деп қаламды тастай салуға жігерім жетпейді. Әкемнің қаһарына қарсы тұратын әлемде құдірет жоқ. Менің бармақтарым майысып, қолымның қары талып шаршағанымды әкем білмейді емес. Бірақ ол мені Шәкәрімді көшіруге әдейі қинап салып қойып, сынап қарап отырады. Өзі коммунист. Бірақ шығармасын оқымақ түгілі атын атауға болмайтын Шәкәрімді маған көшіртіп жатыр. Әлде өзі бірдеңе болып кетсе бірнеше данамен сақталсын деді ме екен. Әрине 10 жастағы бала оны қайдан ұқсын?
Ал Шәкәрім есімін енді қайтып естігім келмейтіндей қиналғаным рас. Сөйтсем әкем менің, енжарлығымды сындыра отырып, Шәкәрім рухына терең батырған екен, жанымды қинай отырып, бойыма еккен екен. Менің бүгінгі руханият әлеміне көзқарасымның негізі сонда қаланыпты. Шәкәрімде сынбайтын рух барын мен енді сезініп жүрмін. Әйтпесе соғыста қан кешіп жараланып келген нағыз коммунист әкемді анау-мынаумен селт еткізу мүмкін емес еді. Ол жауынан да, жолынан да жығылмай кетті. Шәкәрім бастауынан қанып ішіп, оның рухы бойына біткен а дам ешуақытта сынбайды-ау деймін. Өсе келе Мұхтар аға Әуезовтың жанұясымен, ағайын-туыстарымен табыстым. Ұлы Абай атамның ұрпағы Мәкен апайды таптым. Солайша Шәкәрім шығармасын көшіруден басталған рухани бастауым мұхитқа құйылды. Бүгін мен ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылығына байланысты әлдебір жаңалық естісем елең ете қаламын. Жо-жоқ, мен әдебиетші де, зерттеуші де емеспін. Бірақ олардың рухани дүниесінде баға жетпес құндылық бар сияқты көрінеді. Болмаса сол сталиндік дәуірде көкірегі ояу, көзі ашық адамдар Шәкәрім шығармаларын санасында жаттап, тығып көшіріп, өздерін қатердің өтінде ұстар ма еді?! Үйге кей кездері Ниязбек ақсақал келетін. Әкем екеуі төргі бөлменің есігін тарс жауып алып, Шәкәрім өлеңдерін оқиды, көздерінен жас парлап отырып әндерін айтады. Рухы берік азаматтарды сонша баураған құндылық емей не сонда? Оны қандай байлықпен бағалауға болады? Сол кезде балақ сүйекке дән болып егілген ұлы рух менің бойымда руханият дүниесіне деген таразы қалыптастырған тәрізді. Олай дейтінім өмірдегі барлық жақсы мен жаманды, қымбат пен арзанды салмақтайтын өлшем бар менің кеудемде. Сол өлшем болар мені өмірдің бұралаңында жаңылыстырмай, адами болмысымды бұзғызбай өрге сүйреп келе жатқан. Міне біраз жылдан бері ұлы Абай, Мұхтар, Шәкәрім мұраларын жинап, насихаттауға аздап та болса үлес қосып келе жатсам, тек осы ұстаным мені жетегінде жүрмін. Басқа арман-мақсат жоқ менде. Шәкәрімнің шығармаларының күні өтіп кетті дей аламыз ба бүгін? Жай ғана ашып зер салып көріңізші, Осыдан бір ғасыр бұрынғы дүниенің, адамның, заманның, пәлендей өзгере қоймағанын ұғасыз. Мәселе Шәкәрімнің өлеңмен және оймен салып кеткен суретінде ғана емес. Мәселе оның ұлы болмысында, қайшылыққа толы ұлы тұлғасында. Шәкәрім Шыңғыстаудағы саят қорасында жалғыз ой кешті. Сырына үңілген ешкім жоқ. Шәкәрім Шыңғыстау көтерілісіне қатысты дейді. Оны түбегейлі тексерген жан бар ма? Ұлы тұлға оққа ұшты. Бірақ оның құпиясы жабық жатыр. Шәкәрім шығармалары заманның нәубетінен қашқан елмен бірге Қытай, Моңғолия, Ресей асып кетті. Оны жиып жүрген ер қайда? Шәкәрім шығармалары 80-ші жылдардың соңында күлбілтеленіп, күзеліп барып басылды. Өткеннің өкініші орнына келер ме? Шәкәрім шығармаларының біразы араб қарпінен әлі кириллицаға аударылған жоқ. Оған да күш жұмсау керек әлі. Шәкәрімнің діни көзқарастарын әлдебір діни ұйымдар өздеріне идеологиялық жалау етіп алыпты. Өзіміз танып болмаған ақын есімін одан қалай аршып аламыз? Шәкәрім философияға ғылым ретінде үңіліп, дүниені тануға ғылыми ұмтылыс жасаған тұңғыш қазақтың бірі. Шәкәрімнің ғылыми көзқарасын әлемдік өлшемге салып бер деп өзгеге алақан жаямыз ба? Шәкәрім әрі-бері шалқыған саяси аударыс-төңкеріске елтіген жоқ. Соның құрбаны емес пе өзі? Шәкәрім ұлттық мемлекет құруға ұмтылған Алашорда азаматтарын қолдап отырды. Бұл ұлттық құндылықтарды қалай болса солай шашып жатқан бүгінгі бізге үлгі болмас па еді? Шәкәрімнен үйренеріміз көп-ау біздің. Оны терең таныған сайын біз өз болмысымызды барынша ұғынып, жоғымыз бен барымызды түгендей аламыз. Жаңа ғана санамалап өткен дүниелерді орнына келтірейік деп ұмтылсақ біз өзімізді тани түсетініміз анық. Яғни Шәкәрім болмысы бар сыры ашылмаған қазіргі қалпының өзінде біздің ұлттық рухымызға өлшем болып отыр. Рухтың, жігердің аздығын көрсетіп отыр. Оны таныған сайын ол өлшем тереңдей бере ме деп қорқамын. Ауруыңды жасырсаң өлімің әшкере қылады демей ме. Өзгелер әбден танып болған өз болмысымызды өзімізден жасыра бергенше Шәкәрімдей ұлттық өлшемді ойымыз бен бойымызға шақтап көрсек қайтеді? Мен қажының «Еңлік-Кебек» поэмасының жарты ғасыр бұрын бармақтарым майысып отырып жазған көшірмесін қолыма алып қараймын. Немереме қайта көшіртіп қойсам ба екен, а?..
СИЯЗБЕК МҰҚАШЕВ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі