(роман)
Бұл іс Николай чиновниктерінің қылышынан қан тамған 1911 жылы болғандықтан, қашқын Әділді қауымға білдіріп қоя алмай, Байжан мен Асан ақылдасып, сыр шашпайтын жақындарын ғана шақырып, Әділ мен Марияны жаназалап, түн ішінде апарып Әділдің қыстауының қасындағы жаңа қыстау салам деп жиған тастардың астына жасырын көмді.
Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенін, көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сайып-қырандарды қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті. Талай бақытсыздың жарық күндей үміті үзіліп те кетті. Сенде неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап, мал да бақты. Сенде талай-талай сабаздың қаны судай да ақты. Ай мен күндей ажарлы сұлу, қыршын жастарды да, арыстан жүректі айнымас батырларды да, әлемнен озған алаяқ, аузынан бал тамған шешен билерді де жерошақтай жер қазып, үңірейтіп бауырыңа көміп жатсаң да, бақайыңнан келмей, түк көрмегендей-aқ мыңқиып тұра бересің-ау! Онымен де коймай, қысқа күнгі күншығыстан ұзақ күнгі күнбатысқа қарай керегедей жайылған кең қолтығыңды ашып үңірейтіп: «Кел-кел! Тағы менің қолтығыма кіріп, біресе рахат, біресе бейнет көріп, аз күн арпалысып өтетінін, келіңдер!» — деп, үнсіз дауысыңмен шақырып тұратыныңды қайтемін!..
Әне, кешегі бір кезде (1910 жылы) амал жұлдызының орта шенінде қайтпас қара желінің дауылы соғып, қардың суын сай-сайдан сарқыратып, соққан жел, аққан суың жан-жануарға рахат болса да, бір жағынан ұшқан қаңбақ, аққан дөңбек сияқты тамырсыз көмексіздерді, есін шығарып, дегбір тапқызбай, сандалтып апарып, бірін құлағалы тұрған жарға тығып, бірін құры құдыққа салды. Онымен де коймай, кейбір жердің шымын аударып ағытып, жаңа өспірім жастардай жаңа ғана шыққан жасыл шөпті танымайтын. жат жерге апарып та тастады!!!
Әне! Сол амал жұлдызының аяқ шенінде жер кепті деп, қолтығындағы ел мал ащылатамыз деп, бауырға қарай көшті. Атты-жаяу айдаған қойдың жас төлі шаршаған соң, қойды тоқтатып жусатып, жаңа туғанын ауыздандырып, шаршағанын тынықтырып, қоймен бірге барған балалар жалма-жан қy топайды доп қылып, жерді шұқырлап орда қылып, доп ойнай бастады. Қыстаудан жаңа көшкен елдің жүгі орнықпай аударылып, бірі түйесін бақыртып қайта артып, бірі жүк артқан сиырын «ауһаулап» қуалап, ауған жүгін басып, ерлі-қатынды, бала-шағасымен шулап жүр. Отардан қайтқан жылқының алдынан шыққан жас жігіттер көшке қарсы айдап келіп, аты жоқтар жүгенін ала жүгіріп, әрқайсысы бір-бір жылқыға құрық салып, жылқыны алды-алдына бөліп қуалап жүр.
Жаңа туған жас құлынды тәлтіректетіп құрығымен түртпектеп, шидем киген күләпаралы жылқышы жылқының артында келе жатыр. Сонда сен, кәрі Шыңғыстау, көшкен елге қара құжыр қабағыңмен ашулана қарап: «Ала қыстай менің ығымды қорғалап, қыстан аман шығып, бүгін иесіз тастап кеткенін қарашы!.. Қап, бәлем, қайта бір келерсің», — дегендей үнсіз едің-ау! Жотадағы биіктерің: «Батыр-ау, мыналар қайда барады? Ана біреулер не қылып жатыр?» — дегендей алдыңдағы аласа төбелерден аса қapaп, кейбір биіктерден созылған жота қыр алдыңғы төбенің иығынан тапқан ана биіктің қолы сияқтанып: «Былай тұршы! Еңкейе берші!» — деген сияқтанып, бөктерге жақын, тіпті, аласа төбелер: «Аналар көрмей қалар», — дегендей-aқ еңкейіп құржия қарап, бәрінің көзі көшкен елде сияқты.
Әне! Осы көшкен ел сәуір жұлдызын бауырда өткізіп, малы ащыға, адамы аққа қанып, төрт түлік малдың төлі әбден аяқтанып, асыр салып, енді жайлауға шықпақ үшін қайта көшті.
Май-май! Әттең, май жұлдызы-ай! Сен жан-жануардың қайғысын ұмытқызып, бейіш ауасын жұтқызып, қабағын ашқызып, үмітін ілгері басқызып, тозбас өмір, таймас бақ бергендей алдайтының-ай! Жайқалған жасыл шөпті қуартатын, жалбыраған жапырақ пен жайнаған гүлдерді жанынан айрылтып ұшыратын күз болмайтындай-ақ, мұқым Шыңғыс даласыменен қap астында қалып, қайғылы аң бүркеуін жамылып, жорғалаған жыландай, жорға мінген жастардай жылмаңдап аққан мөлдір сулар мұнан былай рахат-қуаныштан үміт үзген мұңлы жүректей мұз болып қататын қыс болмайтындай-ақ, сен, май, әттең, май, жан-жануардың, адамзаттың, да артын ұмыттырып, алдын ойлатпайсың-ау!
Міне, бұл (ескі есеппен) майдың он бесі! Бұл кезде қайта қонған ел Орда, Доғалаңның тұсына қонып қалған. Міне, бұл қоныстар тағы Шыңғысқа көшпек.
Сонда сен, кәрі Шыңғыстау: «Батыр-ау, ел қарасы көріне ме? Ел қайта қонып қалған ба?» — дегендей бағанағыдан гөрі жылы жүзбен жымыңдап сағымданып, жайдары желің жаңа шыққан жасыл көдені бұлаңдатып, қайық мен теректің жапырағын сылдыратып жайқалтып, төскейдегі елге атой бергенде: «Мұнда-мұнда! Бергел-бергел!»-деп шақырғандай болдың-ау...
Әне, Бақтыбайдың екі баласы Асан, Үсен Шилі құдығына кеше қона сала ысын қазып, бүгін ысын көтеріп те қойды. Жақсыбайдың жалғыз баласы Әділ Милы құдығына бүгін қонып, биесін байлатып бола сала, үй тігілгенге қарамай-ақ далаға сырмақ салғызып, бір табақ піскен ет пен бір тегене қымызды ортаға алып, құрбы-құрдасымен мәз-мейрам болып отыр.
Бір кезде қасындағы бір жігітке қарап Әділ:
— Серікбай, сен кеше Зылиқа жеңгейге шын жолықтың, ба? Қарағым, құрдас-еке, шыныңды айтшы? Кейде мені алдап ұмсындырып қоятын едің ғой, сондай қалжың қылып жүрсін, бе?
Серікбай:
— Құдай ақыңа шын! Міне, бүгін кешке барамыз ғой, өтірік болса, менің, бетіме түкір!
Әділ:
— Зылиқа не деді дейсің?
Серікбай:
— Бағана айтқаным қане? «Еркем әзір тым жасырақ қой, үйтсе де көндірермін. Ел жатқан кезде ыс басынан табысайық, бірақ мына ысшы кісі ездеріңнің сырыңды шашпайтын сенімді кісі болса», — деді дегенім қане?
Әділ:
— Онда сен не дедің?
Серікбай:
— Мен: «Бұл ысшы сұраған соң, әдейі осыны жібергеміз, хабарласуға», — дедім Зылиқаға.
Әділ:
— Әй, құрдасым-ай, — деп Серікбайды арқаға қақты да, — Зылиқа жеңгей уәдесінде тұрса, Марияны бүгін түнде қолымызға береді десеңші!
Серікбай:
— Уәдесінде тұрмай, өз қалыңдығыңды өзіңнен аясын ба? Ана күні ғана жеңгетайға бір көйлектік шыт пен төрт көз барқыт бергеніміз қане?
Әділ:
— Ойбай-ау! Мен Зылиқа жеңгей бізден аянады дейім бе?
Ана бір Үсен деген кіші қайнағам мен қатыны Жәмила бізді жатша қорып, аңдып жүрген жоқ па?
Серікбай:
— Әй, Әділ-ай, өзің, тіпті, ғашықсың-ay! Зылиқа жеңгей олардың көзін алдауды біледі және Үсен бізді ұстап алса да, не қыла қояды? Жас адам өз қалыңдығымен жасырын қалыңдық ойнамаушы ма еді?
Әділ:
— Жә, Серікбай, кешке біздің қасымызға кім ереді?
Серікбай:
— Мына Мықтыбай ше?
Әділ:
— Жылқыны кім бағады?
Серікбай:
— Бұ түні ай жап-жарық болады. Несі бар? Өзге жылқышы бақпай ма?
Әділ:
— Жарайды, бірақ үшеуміз де жер қылаң ат мінбесек болмайды.
Серікбай:
— Ту, Әділ-ай! «Кеш болса, қойға соқпақ табылар», деп бір қойшы айтқандай, үшеумізге үш тай табылмай ма? Мен өзімнің сары-қызыл атымды мінем, сен көк бурылды мін. Мықтыбайға ана күнгі ұрыдан төлеуге алған тарлан атты мінгізіп, үш жас үш кәріге мінейік те барайық, ол үшеуі кісінемейді де, пысқырмайды да. Дәл сол күні Тасбұлақтағы бір ауылдың қараша үйлері бірбеткей қонған. Күнбатыс жақта оқшаулау боз үйдің сыртында бір-ақ қос бар. Боз үйдің оңтүстік жағындағы ұраңқайдан дабырлаған бозбалалардың даусы шығады. Үлкен боз үй мен қостың арасында арлы-берлі жүрген жаяулардың қолында бір-бір жапырақ қағаз: «Болысқа қол қойғызам, тілмашқа апарып мөр басқызам», - дегеніне қарағанда, Төребек болыстың ауылы екені мәлім. Анау ұраңқайда бір үстелді айнала отырған бозбалалар картаны ортаға алып: «Coқ, әйдә, мен бардым, міне, менікі жиырма бір! Ойбой, сыпырып кетті!» — деген дауыстар. Мына жақта бір-екеу дойбы ойнап, оның бірі бір дойбыны қайта қоймақ болғанда, біреуі: «Жоқ, жоқ, қайтармаймын», — деп, оның қолын ұстағанда, оларды мықтап отырған екеудің бірі: «Қайтсын, қайтсын! Әлгіде бұл екі алып биге шыққалы жатқанда, сені де қайтарғаны кәне?» — деп, ана біреуі: «Жоқ-жоқ, дойбыда қайтыс болмайды, бұл тоғызқұмалақ емес қой», — десіп шуылдасып, анда-санда сары тегенедегі қымыздан бір кесе қымызды жұта салып, қайтадан ойнап жатыр. Тор алдында бір-екеуі тоғызқұмалақ ойнап, оның бірі aқ сүйектен істеген бір уыс құмалақты қолына алып: «Бір, екі, үш, төрт», — деп, екі-екіден санап тырсылдатып ордасына салып жатып өзімен ойнап отырған жігітке: «Бол-бол! Ойна!» — деп дығырлатса да, анау: «Асықпа! Ойнармыз!» — деп, біресе бір байын санап, біресе ортадағы атын санап: «Ә, байды көшсем — не мынау жеті атын жеймін, не кек мойыннан тұздық береді!» — деп, тырсылдатып байын көше бастағанда: «Орта толсын!» — деп, бір жылмаңдаған жастау жігіт кіріп келді.
Болыстың баласы Еркімбек картаны қоя салып, әлгі келген жігітке:
— Шешенбай, амансың ба? Мынаған қымыз күй! Бәлемді әбден ыңқылдат!
Шешенбай:
— Ой, тәйірі-ай, мен қымыз көрмеппін бе? Карта ойнап, қымыз ішкеннен басқа түкке жарамайтын өңкей шірік! — деп қалжыңдап келіп, тегене басына отырған соң, ойынды қойып, бәрі қымызға жабылып, «Әйдә, көтер! Әйда, құй!» — деп отырғанда, Еркімбек Шешенбайға:
— Жә, Шешенбай, не есітіп, не білдің?
Шешенбай:
— Не білуші ем? Бірақ, сендердей шірікті тырнағына алмайтын бір сұлу көрдім.
Еркімбек:
— Жә, қоя ғой, Шешенбай! «Төбетке өлексенің, бәрі бір бос» деп Абай марқұм айтқандайын, сен қыз көрсең-aқ, «шіркіннің сұлуы-ай» деп таң қалатынсың!
Шешенбай:
— Мырза, мені өйтіп қорлама! Мен сендердей оны көрсе оны caқ, мұны көрсе мұны caқ болмаймын, мен көрген қызды көрсең, есіңнен адасар едің!
Еркімбек:
— Шешенбай, сен менің қалжыңыма ыза болмай, шыныңды айтшы? Шын маған лайық сұлу көрдің бе?
Шешенбай:
— Мен көруін көрдім-ау, бірақ сен оның маңына да бара алмайсың, ол кімнің қызы деп менен сұрамай-ақ қой! Құр ішқұса болып өлерсің. Егер мен Төребек болыстың баласы болсам, осы кешке-aқ сол қызбен жақын болудың бабын табар едім.
Еркімбек:
— Япырай, құp сарнай бермей, айтсаңшы, осы елде көрдің бе, бас^а жерде ме? Кім біледі, көрінгенмен тамыр болатын бір қаңсықты айтып отырсың ба?
Шешенбай:
— Пәле, мен ондайды қыз деймін бе? Айт деп болмасаң, айтайын:
— Осы елдегі Бақтыбай марқұмды білесің ғой. Соның бір қызы бар. Міне, осы жаз он бестен он алтыға жаңа ғана шықты, — дей бергенде, бозбалалардың бірі:
— Ол қыз сұлу екені рас, 6ipag жастау емес пе? — деді.
Шешенбай:
— 15-16-дан өткен соң қыздың не қызығы бар? Егер мен 19- 20 десем, пәле, бір сасық емшекті мақтан отыр деп мені қандай мазақ қылар едіңдер.
Еркімбек:
— Ол қыз айтқаныңдай болмаса қайтесің?
Шешенбай:
— Айтқанымдай сұлу болмаса, мына астымдағы бәйге ақтабан сенікі. Егер айтқанымдай болып, сол қызға өзің маңайлай алмасаң қайтесің?
Еркімбек:
— Атыңның бағасын берейін.
Шешенбай:
— Атымның бағасы бес құлынды бие! Маған екі-aқ құлынды бие беремісің? Өзгесін кештім.
Еркімбек:
— Болады, берейін. Әпкел қолыңды!
Шешенбай:
— Әпкесең, әпкел!
Екеуі қол алысты да, Еркімбек қолын жазбай тұрып бозбалаларға қapaп:
— Жігіттер, бұл шын серт! Бұған куә болыңдар!
Шешенбай:
— Болса болсын! Бірақ, сен болыстың баласысың ғой, зорлық қып бермей кетесің. Әйтсе де алдыңда Құдай бар. Құдайдан күшті емессің.
Еркімбек:
— Рас, рас, Құдай куә болсын! Әкем екі байталдан кедей болмас. Сол қызға не бара алмасам, не ала алмасам, айтқаным айтқан. Бipaқ айтқан қызыңның аға, жеңгесі бар ма?
Шешенбай:
— Бір түгіл екі аға, екі жеңгесі бар!
Еркімбек:
— Шешенбай, енді қалжыңды қойып, жон сөйлесейік сен ол ауылдың жайы-күйін әбден білетін сияқтысың ғой. Қай жағынан орайы келетінін өзің тап, ана сертіміз тұрыпты ғой, онан басқа екеуміз өмірлік дос болайың, осы жұмысты езің жөнде!
Шешенбай:
— Мен қолымнан келгенін аямайын, тіпті, орны келмесе, өзін, де өкпелемессің. Мен ол ауылмен оншалықты аралас емес едім. Сөйтсе де білгенімді айтайын. Ол қыздың екі ағасының еншісі бір болса да, үлкен ағасының бөлек отауы бар. Қыз кіші ағасының қолында. Біз сол кіші ағасының қатыны жағынан айналдырмасақ болмайды-ау деймін.
Еркімбек:
— Дұрыс! Енді өзің осы кешке сол кіші жеңгесінен хабар алып бере аласың ба?
Шешенбай:
— Сіз жұмсасаңыз, бармаймын дей алам ба, бірақ, кеш те болып қалды. Және түн ішінде нені сылтау қылып барам?
Еркімбек:
— Оның айласын өзің табасың-дағы.
Шешенбай аз ойланып:
— Олай болса, әжеңнен маған ысқа қоятын бір жылқы терісін алып бер. Ол ауыл бүгін ыс көтерді, болыстың бәйбішесі беріп жіберді деп, сол теріні сылтау қылып апарайын да, лажын тауып кіші жеңгесіне сөйлесейін.
Еркімбек:
— Ай, қарағым-ай! Шешенбай десе Шешенбайсың-ау, — деп, арқаға қақты.
Сол майдың он бесі күні күн еңкейе жылқы суға жабылып, қара құл қауғаны қайқая тартып, жылқыны қандырып шығарып жатыр. Жақсыбай марқұмның жалғызы Әділ байбатша құрбыларымен құдық қасындағы дөңде отырып: «Анау бәйге торы айғырдың торы төбелін биыл қысыраққа салдым. Анау торы төбелін ат қылып мінейін деп, былтыр құнан күнінде піштіріп едім», — деп, әрқайсысы бір жылқыны мақтап отыр. Кейде Серікбаймен екеуі күнге қарап: «Жарықтық, қашан батады?» — деп те қояды...
Қосақты қойды сауған қатындар қойды ағытып, арқанды шумақтап жатқанда, арты ағытылғанша кезеңнен қозылар да шулап қоя берді. Қозы баққан жалаң, аяқ балалар ат қосқан керешіше қозыларды жанай жүгіріп, жіңішке даусымен қиқулап келеді. Ауылдан шыққан жалаңаш балалар да құлағына қолын басып-басып алып, қозының, қойдың шулаған даусын біресе ашық, біресе күңгірт естіп, «у-у» дегізіп, санға өзін-өзі шапалақтап бір салып, қозының алдына қарай жөнелді. Шеткі қоңыр үйден шыққан қартаң адам таяғын алып, дөңге шығып, жамырап жайылған қойдың алдынан «шайт-шайт» деп тұр.
Міне, дәл сол кезде сен, кәрі Шыңғыстау, бауырыңа жапқан қapa шымылдық сияқты көлеңкеңді төстегі елге түсіріп, сенін, соныңды білгендей-ақ қымызға тойып алған тапалдау қара қойшы шидемнің бір жеңін белсеніп алып, үйден шыға келіп, қойдың алдына келіп, тымағын лақтырып, қойды кеген басына иіре бастады.
Қатын-бала малшының қолында бір-бір ағаш, қозы бөліп, жерді сабалап: «Ойбай, әне кетті, міне кетті! Бәлі, ана жағының бәрі кетіп қалды!» — деп шулап, кейбіреуі өте берген қозыны желкесінен ағашпен басып ұстап, кей балалар қашқан қозыны қуып жүріп құрықтап, көген арасындағылар абыр-сабыр қозы-лақтарды көгендеп те жатыр.
Осы дыбыс басыла бергенде, жылқы жақтан бір ат мініп, екі ат жетелеп Мықтыбай да келіп қалды. Атты үйдің жанына байлап жатып Мықтыбай: «Ерттейін бе?» — дегенде, үйден Серікбайдың: «Ертте!» — деген даусы шықты.
Әділ:
— Әже, қуырдақ дайын ба?
Әжесі:
— Дайын, қарағым, дайын!
Әділ, Серікбай, Мықтыбай үшеуі қуырдақ жеп, қымызға тойып алды да, атқа мініп жатып Әділ:
— Әже, бізге ет алып қоясың ба? Біз бүгін жылқыда боламыз!
Әжесі:
— Қоям, жалғызым, қоям! — деген соң, үшеуі жыл^ыға қарай өлеңдете жөнелді. Шу дегенде Әділдің аузына бұрынғы салдардың айтатын мына өлеңі түсті:
«Аулыңа мұнан бұрын барғаным жоқ,
Көзімді өзге қызға салғаным жоқ.
Қосылып өлсем, шейіт болар едім,
Сен үшін айдалсам да арманым жоқ».
Серікбай:
— Қойшы, қайдағы жаман өлең, қайдан аузыңа түсті? — деп, өзге өлең айтып, жылқыға келісті. Кәрі Шыңғыстау, дәл сол кезде сен алыстан мұнарлатып жатып, төстегі елге сықсия қарап, «Ал, енді, мен күнді әбден жасырдым. Майдың қысқа таңы атқанша аз уақыт болса да, асықтар, құмарыңды қандырып ал» дегендей, үнсіз ымбал сөзіңді іңірдегі салқын жел арқылы жастардың құлағына сыбырлағандай болдың-ау!.. Сенің осыныңды сезгендей Әділ екі жолдасымен жүгіртіп Асан, Үсеннің аулына ел жатпай-ақ таянып қалған жоқ па еді?
Осы майдың он бесі күні Асан кешке таман Байболға ысқа от жаққызып көріп, ысты түнде жақпақ болып, отын сөндіріп, үйге қайтты. Екінді шенінде Асанның келіншегі Зылиқа қайын сіңлісі Марияны қасына ертіп дәретке бара жатып, Марияға:
— Еркем! Мен сенен бірдеме тілейін, беремісің?
Мария:
— Берем, жеңешетай, берем!
Зылиқа:
— Қарағым, сен балалықпен ұшқары айтпа. Мен шын сұраймын!
Мария:
— Жеңешетай-ау! Мен сенен немді аяйды дейсің? Ағаларымның жөні бір басқа, мен сені әжемнің орнындағы әжем деп жүргем жоқ па?
Зылиқа:
— Қарағым, Еркем, мен сенен дүниелік бұйым сұрамаймын, не сұрасаң да берем деп уәде айтшы?
Мария:
— Апырай, жеңеше-ай! Мен саған өкпелейін дедім ғой! Әжем өтерінде екеуміздің қолымызды ұстап отырып: «Қарағым, Зылиқа, мына Марияжанымды әуелі Құдайға, екінші саған тапсырдым. Әкесінің барында oқy оқып, хат танып қалып еді, сонысын ұмытып кетпесін. Сен молда қызысың ғой, оқытып жүр», — дегені қане? Және маған: «Қарағым, мына Зылиқаның ақылымен бол», — дегені қане? Мен соны ұмытты ғой дейсің бе? «Екеуін, менің артымнан құран оқып жүр», — демеп пе еді? Мені сынай бергенін, не қылғаның?
Зылиқа:
— Қалқам, Еркем, маған өкпелеме! Мен сені өзгелердің жеңгесіндей бұзықтыққа жұмсамаймын. Менің тілейтінім сол әжем мен атекемнің сені атастырып кеткен Әділ күйеу жасырын қалыңдық ойнаймын деп маған кісі салып жүр. Мен сені сыртыңнан билеп бүгін кешке жолықтыруға уәде қылып қойып едім. Тілегімді бергенің рас болса, мені күйеуге өтірікші қылма, қарағым! — дегенде, Мария біресе қызарып, біресе қуарып, маңдайынан салқын тер шыпшып шыққанын көрді де, Зылиқа Марияның мойнынан құшақтап:
— Отырып сөйлесейікші, Еркем! — деп отырды да: — Қарашығым, Еркетайым! Бұл жалғыз ғана сенің басыңа келетін іс емес қой. Өзін, ойлашы, қалқам! Кешегі әжем мен атекем де өстіп қосылған ғой. Ағаң мен мен де өсіткенбіз, бұрынғыдан қалған мирас — ата-ененің жоралғысы деген осы, қалқашым. Адамның осыдан қызық өмірі болмайды, ұялма, Еркетайым!
Мария даусы дірілдеп:
— Жеңешетай-ау! Жүрегім лүпілдеп, тұла бойым ұйығандай салқындап кеткені несі? Мен сенің айтқаныңнан шықпаймын ғой, бірақ, жаңағы кісінің қасына жатып... — деп, сөзінің аяғын аяқтай алмай, кідіріп қалған соң, Зылиқа Марияны құшақтап:
— Қарағым! О да өзіңдей жап-жас бала, сенен бір-aқ жас үлкен. Биыл 17-ге шықты. Әйелдің Құдай қосқан қосағынан; жақыны болмайды, қалқам. Бір көріп үйір болғанша ғана. Мына мені мен ағайды көрмеймісің? Ұялма, қалқам!
Мария:
— Үсен ағам мен Жәмила жеңгем біліп қойса қайтем? Олар маған ұрсады ғой!
Зылиқа:
— Мен оларға сездірмеймін. Бүгін күйеуді үйге әкелмеймін, екеуіңе далаға төсек салып, өзім сені ертіп барып, екеуіңді әбден үйір қылып жатқызамын да, тан, атпай қайта ертіп алып келем.
Мария:
— Үсен ағам мен Жәмилаға білдірмей мені үлкен үйден қайтіп алып шығасың?
Зылиқа:
— Оның айласы оңай, қарағым. Бүгін ай жарық болады, екеуміз ойнап, қой күзетеміз деп іңірде айтып қоямыз да, ел жата қойдың шетінде айтақтап өлең айтқан болып жүреміз. Онан соңғы ебін өзім табам, қалқам!
Мария төмен қарап, көйлегінің етегін қолмен ширатып, үндемей ойланып отырды да:
— Мейлің, жеңеше! Сенін, ақылыңды алмағанда, кімнің ақылын аламын. Былтыр ғана түскен Жәмила жеңешемнің сырын да білмеймін! Әжем марқұм өзіңе тапсырды ғой. Сен мені жаман болсын демессің.
Міне, осы іңірде туған толың ай дәл Марияның қосылып ұялғанындай қып-қызыл болып туса да, көтеріле келе бозарып, жоғарылағанда, әбден бойы үйренгендей маңқиып, жер жүзіне сүттей тұнық сәулесін түсіріп, айдың, бетіндегі кісі пішінді қожыры қырындай қарап, Әділ мен Марияның алғашқы қосылғанын көрмейінші деген сияқтанды-ау! Сонда, кәрі Шыңғыстау, сен алыстан мұнарлатып, басыңды күнбатысқа берін көлденең сұлап: «Әділ мен Мария былай жатсашы!» — дегендей бөктердің аласа адырын бауырыңа қысып, төстегі елге жантая қарап жатпап па едің?
Сендердің көрген-көрмегендеріңді білмейім, дәл сол кезде ауылдың алдындағы дөңде аттарын ұстап, бас бағып үш кісі отыр емес не еді? Соның бірі Серікбай Әділге:
— Әне, әне, әне, ән салған дауыс Зылиқаның даусы!
Әне, жіңішке дауыс Марияның даусы! Әділ, қалыңдығыңның даусын есіттің бе?
Әділ:
— Әй, Серікбай-ай! Мені алдаудан жалықпайсың-ау! Олар неге қой күзетсін! Малшылардың қатын-баласы-дағы!
Серікбай:
— Көрерміз! Құдай біледі, сол екеуі. Міне, ел жатты. Әлгіде жарқылдап тұрған оттың бәрі сөнді.
Әділ:
— Ана бір от ше?
Серікбай:
— Ол ыстың оты, жүр енді, жүр!
Самаладай ай жарықта өзектеу жермен ауылдың бергі жағындағы қалың шиді бетке алып үшеуі желе-жортып келіп, шидің бауырындағы үлкен құры апанға келгенде, Серікбай аттан түсе қалып, Мықтыбайға:
— Аттарды апанның ішіне түсіріп ұстап отыр, Мықтыбай! Бірақ сақ болып отыр. «Жаман айтпай жақсы жоқ», біз сасқалақтап келе қалсақ атың, үркіп, аттан айрылып қалып жүрме!
Мықтыбай:
— Мені бала ғой деймісің? Бірақ, жолдарың бола қалса, Әділ мен Марияның қызығын маған да көрсет!
Серікбай:
— Құдай қосса, көзіңше екеуін құшақтастырып тұрып сүйістірем, үндеме!
Осы іңірде Байбол тамағын жеп болып тысқа шыққанда, Зылиқа келіп:
— Ыстың маңына Серікбай мен күйеу келсе, маған «шөлдедім, сусын әкеп бер, Зылиқа», деп айғайлаңыз, — деді де, қайта барып айқайлап:
— Байбол! Шөлдесең маған дауыста! Сусынды өзім апарып берем!
Байбол:
— Жарайды, жарайды, — деп, ысына қарай аяңдады. Зылиқа қойдың шетіне барып, Мариямен екеуі айтақтап, өлең айтып жүрді. Дәл сол кезде шиден бас бағып отырған Серікбай қасындағы Әділге:
— Әне, әне! Анау Зылиқа. Әне, қасындағы Мария! Енді нандың ба?
Әділ:
— Болса болар! Енді қалай қыламыз!
Серікбай:
— Не қалай қылатыны бар? Жүр, — деп, екеуі еңбектеп ыстың түбіндегі отынға келді.
Байбол отын алайын деп қараса, ыстың түбінде екі кісі жатыр. Байбол көре салып:
— Е, екі ұры, келдіңдер ме?
Серікбай:
— Келдік! Жылдам Зылиқаға хабар қыл!
Байбол:
— Тұра тұр! Елдің көзі ұйқыға барсын да!
Серікбай:
— Таң қысқа, жылдам хабар қыл дейім, — деген соң,
Байбол:
— Зылиқа, шырағым, әлгі сүр ет мені шөлдетті ғой, — деп айғай салған соң, Зылиқа:
— Апарам, ақсақал, апарам! — деп, кешікпей ауыл жақтан бір шелек алған бір әйел келе жатты. Оны көре салып
Әділ:
— Жеңгейдің жалғыз өзі білем!
Серікбай:
— Әділ, асығып отырсың-ау! Бұ жолы бізді анықтап білгелі келеді, — дегенше, Байболдың сусынын алып Зылиқа келді де, Әділ мен Серікбайға амандасып болған соң:
— Таң қысқа, уақыт тар ғой, мен еркемді ертіп келейін, — деп, асығып ауылға қарай жөнелді.
Аздан кейін көрпе-жастық қолтықтап тағы жалғыз келе жатқан сияқтанған соң
Әділ:
— Жеңгейдің жалғыз өзі келе жатыр. Серікбай қадала қарап:
— Әне, Мария Зылиқаның етегінен ұстап артында келе жатыр, — дегенше, Мария кідіріңкіреп қалған соң, артына қарап
Зылиқа:
— Жүр, қарағым, Еркем, ұялма! — деп, салы бүркенген Марияны таса жағына алып келіп, Әділмен тізелесе отыра кетті де:
— Шырағым, күйеу! Мына еркемді әжем марқұм өтерінде маған тапсырып кетіп еді. Еркем мен екеуіңнің қызығыңды көрсем, арманым жоқ деуші едім. Бүгін сол Құдай тілегіме жеткізді. Міне, аман-есен қалыңдығыңды қолыңа бердім. Жүр, Серікбай, таң қысқа ғой, бұлардың төсегін салайық — деп, Байболдың астындағы текеметін алып барып, қалың шидің ортасына төсек салды да, қайта келіп
Зылиқа:
— Ал, Серікбай! Енді сен ат жағыңа бара тұр, бұл екеуін өзім жатқызайын, — деп, Әділ мен Марияны апарып төсекке отырғызды да: — Құдай ұзағынан сүйіндірсін, қарақтарым, енді біріңнен бірің ұялма! Мен ауыл жаққа барып, айтақтаған болып келейін, ұйықтамағандар болса мені қайда жүр дер, — деп, ауылға барып айтақтап, анда-санда өтірік: «Еркем, ұйықтан қалдың ғой!» — деп те қояды.
Әділ мен Марияның алғашқы қосылған махаббатын көріп, аспандағы жарық ай әлдеқашанғы кәрі Шыңғыстауға дыбыссыз ымбалмен: «Ақсақал-ау! Мына екеуі бір-біріне не қылған құмар? Мұнан басқа қалыңдық ойнаған кісі жоқ па еді? Мына екеуі бірін-бірі құшақтап жатып өлсе, арман қылатын емес қой? Бұл бұрын бірін-бірі көріп, асық болып па еді?» — дегенде, кәрі Шыңғыстау терең шаттан шығып, ай жарығымен жарқырап бұраңдап аққан мөлдір өзен суын сылқ-сылқ күлдіріп айтыпты: «Сен көрген жоқсын-ды. Бұрнағы жылы Зылиқа түскен тойда бұл екеуі кез болған. Сонда Әділ Марияны көрісімен-aқ іші елжіреп, жүрегі ысып кетіп қадалғанда, қасынан асып тұрған кекілінің астынан сүзіле қараған Марияның нұрлы қара көзі Әділдің жас жүрегіне қанжардай қадалған. Марияның да жас жүрегі лүпілдеп, денесі салқын термен жібісе де, ол кезде он торт жасар ғана бала болғандықтан, Мария неге сүйткенін байқай алмаған. Бұл іс күндіз болғандықтан, оны сен көре алған жоқсың.
Сол күні Әділ келе сала әжесіне айтып, Жақсыбай марқұм Бақтыбаймен құда болып, қалыңмалын да біржолата берген. Ол жылы Бақтыбай да, Жақсыбай да өліп, былтыр Марияның шешесі және өліп, Әділдің ұрын бара алмай жүргені сол болатын», — деп, кәрі Шыңғыстау үнсіз сөзін аяқтады да, Әділ мен Марияның қосылғанына бойы балқып, қолтық-шабы сияқты көгал өзектерін дымқыл шық басып, тершіп, кезі бұлдырап, мұнар тартқандай болды. Аспандағы жарық ай тұнық сәулесін Әділ мен Марияның қуанышты нұрлы жүзіне түсіріп қадала қараса да, екі жастың бұл кездегі махаббатының ішкі сырын сипаттай алмай, маңқиды да қалды. Енді, біз Зылиқаға келейік: қой шетінде біраз айтақтаған соң, Серікбайдың қасына келіп, қалжыңдасып отырғанда, Серікбайға Мықтыбай:
— Бағана Әділ мен Марияның қызығын көрсетем дегенің қане?
Серікбай:
— Айтқаным айтқан, әйдә, жүр.
Зылиқа:
— Секе, бұл жолы қалжыңды қоя тұрсаң қайтеді? Аманшылық болса, күнгейде тағы бір келерсіңдер, сонда қалжыңдасарсыңдар
Серікбай:
— Жоқ, жоқ, әне, таң бозара бастады. Өзім де қызығын қалмайды! Серікбай болмаса, —
Шешенбай:
Еркімбек сенің қайын сіңліңді алса, бұрынғы жесіріне қылимайды да. Әкесіне «мен сол қызды алмаймын» дейді де қояды. Төребек болыс жалғыз баласының айтқанын қылмай тұра алмайтынын әйел болсаңыз да білерсіз.
Жәмила:
— Бұл сөзіңізге әжем баласына ақылдаспай жауап бере алмайым.
Шешенбай:
— Үсен қайда?
Жәмила:
— «Мына бір ауылда қой жүр» деген соң «біздің қой шығар» деп кетіп еді, кеш болған соң қонып қалды, қазір келсе керек.
Шешенбай:
— Олай болса, мен күте тұрайын. Үсен келген соң ақылдас та, маған жауап бер!
— Жәмила:
— Болады! Болыстың баласы шын алам десе, әжем баласы көне ме деп ойлаймын. Себебі Еркемнің бұрынғы атасы өлгеннен бері: «Қарындасымды бір жетімге бергенше, онан гөрі орындырақ, біреуге берсем-ау», — дей беруші еді.
Сөйткенше болмай Үсен келіп, үй жанына ат байлап жатып:
— Анау арқандаулы ат кімдікі? — деді.
Шешенбай:
— Менікі, — деп шыға жүгіріп амандасып, екеуі үйге кіріп, әрі-бері отырған соң, Шешенбай Жәмилаға ым қақты да, шығып кетті. Аздан соң Үсен «Шешенбай!» деп шақырып алып, Шешенбай келіп отырған соң,
Үсен:
— Шешенбай, сенің келген жұмысыңды есіттім. Егер біржола аламын десе, оған өзімнің көзімді жеткізсін!
Шешенбай:
— Мырза, мен сөзді шала апармағаным жон ғой. Неменеге көзімді жеткізсін дейсіз? Соны ашып айтыңызшы?
Үсен:
— Бұл ойы шын болса, әуелі менімен әкесінің алдында уәделесіп, дос болсын! Екінші, бұрынғы жесірімді алмаймын деп, мені антымен нандырсын! Осы екеуі болмаса, мені әуре қылмасын!
Шешенбай:
— Міне, бұл рас сөз! Кісі рас пейілді таниды ғой! Жарайды, мырза! Еркімбек мұны қыла алмаса, кінә өзінде қалсын! — деді де, қоштасып жөнелді.
Міне, сол майдың 17, 18, 19, 20-ларында ел сыртқа шықпақ болып, асудан асып жатыр. Асудан шұрқыратып айдаған жылқы, шулатып айдаған қой, бұзауын іздеп ілгерінді-кейінді мөңіреп жүгірген сиыр, жүгі ауып, бақыртып басып жатқан түйе, ауған жүкті басқан қатындардың аты шылбырын шұбатып, қоқан ерін қоқақтатып, көпшігін жалпылдатып жылқыға қарай шауып бара жатыр. Арың түйесіне жүгін артып алған кедейлердің жас балалары шулап жылап, кейбір жалаңбас, жалаңаяқ балалар тайынан жығылып, тайы алдыңғы айдаған жылқыға қарай кісіней жөнелгенде, «Ағатай, ана тайымды ұстай алшы?» — деп көзі жасаурап, өкпесі күйіп ентіккен. Кей жерде қадірлі бәйбішелердің арбасын төрт-бес жігіт «әуп-әуп» деп көтеріп, тастан өткізіп жатқаны. Мына жақтағы таулар да, өзен-тоғайлар да таңдайы тақылдаған көкек саңқылдаған сарала қаз, тас пен тоғайдағы тамылжытып сайраған неше түрлі торғайлар, су жағасындағы көгалдан шыққан жіңішке дауыспен қақылдаған бақалар! Құрық, қазық қолағаш кескен балтаның тақылдаған даусы! Тағы-тағылар!
Міне, осы коп дыбыстың бәрі қосылғанда қандай болды? Бұл дабыс зор қаладағы әскер ойнатқан барабанға да, қосылып тартқан музыкаға да, сызылтып салған әнге де, мұңландырып салған жоқтауға да ұқсамайтын, анық табиғаттың өз әні! Сонда сен, кәрі Шыңғыстау, беліңнен асқан елдің ойын білдің бе? Сонда оның кейбіреуі масатыдай түрленген жайлаудың жасыл шалғынына бауырын төсеп, айнадай мөлдір бұлағынан су ішіп, дертке дауа болатын бейіш ауасын жұтып жүріп, ынтық болған жарымен қосылып, құмарын басқысы келеді.
Кейбірі байлық бақыттылықпен баса-көктеп, әлгі айтылған асықтардың жанына өлшеген мақсұты мен жалындап, жарқырап тұрған үмітін өшіріп, талқандағысы келеді.
Жарлы-жақыбайлар аз күн болса да аққа тойып, суыққа тоңбай, ыстыққа шөлдемей, табиғаттың төлеусіз берген бағының арқасында тыраңдап рахаттанғысы келеді.
Жарлыны жалдаған байлар айран, қымызын аямаған кісімсіп: «Бәлем, тұра тұр! Пішен мен егін уақыты келсін! Ащы теріңді алармын!» — деп, ішінен жымыңдап жүр!..
Бағанағы асқан ел қыстан бір құтылса, асу азабынан екі құтылып, күнгейге қонып, әр ауыл өз қонысында жүгін түсіріп, бірі туырлығын, бірі кереге-уығын сүйрелеп, үйлерін тігіп те жатыр. Сонда сен, кәрі Шыңғыстау, жазғытұрымдай қабағыңды түйіп кәрлене қарамай, шалқая сүйеніп: «Барыңдар, барыңдар! Анау көгеріп тұрған Көксеңгір, Шақпақ Ақшатаудан да асыңдар», — дегендей күн жақтағы жылы жүзіңмен жымия қарадың-ау!
Бұл кезде Төребек болыстың да аулы асып, Қосбұлаққа жүгін түсіріп, қыз-келіншек қатын-қалаш жапырлап үй тігісіп, Еркімбек пен жылқышылар асау құлындарды шыңғыртып, бірі қолмен, бірі құрықпен ұстап тырыстырып әкеп, желіге байлап та жатыр. Биені байлап болып, желінің басында отырғанда, түнеугі ысқа берген теріні қанжығасына байлаған Шешенбай желе жортып келе сала:
— Әне, Үсен досыңды шақырып келдім! — деген соң, Еркімбек тұра жүгіріп, атын ұстап, амандасып үйге кірісті. Жалма-жан қымызды сапырып, самауырды бұрқылдатып, бір жігітті «жылдам бір бағлан әкел» деп қойға да шаптырды. Сүйтіп отырғанда, болыс келіп Еркімбекке:
— Мына жігіт қай жігіт? — деді.
Еркімбек:
— Бұл — Бақтыбай марқұмның кенжесі Үсен деген ініңіз, мұнымен мен ақиреттік дос болдым. Мына жаңа қоныста екеумізге бата беріңіз, әке?
— Жарайды, қарағым! Бақты-өмірлі болыңдар, аллау-әкпар! Бірақ, менің кейбір достарым сайлау болғанда бұлданып кетуші еді, ондай бола көрмеңдер, шырақтарым!
Еркімбек:
— Әке, біз ондай алдамшы дос болмаймыз. Құдай қocca, түбімізді сүйек айыра ма деген үмітіміз бар!
Болыс:
— Жарайды, балам, жарайды, бірақ сен әлі қалыңдығыңды да алған жоқсың ғой, құдай жеткізсе, о да болмай қоймас!
Шай ішіп, ет те желініп болған соң, Еркімбек Үсенді оңаша алып шығып:
— Достым! Міне, торт түлік малым. Қалағаныңды ал! Және менен алмақ уағдаңның шет жағасын әкеме де сездірдім ғой, бірақ ол кісі бізді құда болмақшы екен деп ойламайды. Оны жүре ұғындырамыз ғой. Мен бұрынғы жесірімді алмайтыныма не деп нандыр дейсің? Соны алмайтыныма қыршын жаным қылсын! Енді нандың ба, досым?
Үсен:
— Нандым, нандым, бірақ алдап кетпесең, — дей бергенде, Еркімбек:
— Алдасам, әpyaқ, Құдай атсын! Бірақ бұл істі әзір жарыта салуға болмайды. Неге десеңіз, менің бұрынғы қайным партия үшін құда болған жуан жер ғой. Мына күз сайлау болғалы тұр. Сол өткенше мұны жанға білдірмелік соған шейін рұқсат қыл, жарай ма, досым?
Үсен:
— Жарайды.
Еркімбек:
— Енді қалағаныңды айт?
Үсен:
— Бұл жолы ештеңе алмайым.
Еркімбек:
— Жоқ! Алмағаныңа мен разы емеспін, тым болмаса бір семіз ат пен бір құлынды бие жетелеп кет, — деп, ат пен бір құлынды биені берді, «Жәмила жеңгейдің, сақинасы» деп, бір тайтұяқты қалтасына салды да: — Ал енді, мен Жәмила жеңгейге қашан кісі жіберейін? — дегенде, Үсен сасып қалып, аз ойланды да:
— Сайлау өткенше қоя тұрсаң қайтеді? — деді.
Еркімбек:
— Бұл не дегеніңіз? Мұны Жәмила жеңгей мен Шешенбайдан басқа ешкімге білдірмесек сайлауға шейін «бір күн ши, бір күн туырлық жасырады» деген сияқты болмаймыз ба? Сайлау өтісімен құдалықты да бастармыз.
Үсен аз ойланып тұрды да:
— Қайыр, жайлауға барып әбден орныққан соң, Шешенбайды жіберіп қатынастырарсыз. Қош-қош!
Майдың жиырма бесі күні Қарақойтастың кезеңінен аса көшкен көш тіпті көп еді. Кештің малдары да әбден былығып араласып, иттері таласып, «кет-кет! Кә, күшік кә! Ойбай, анау итті талап тастады! Ойбай, ана бір құлын адасып қалды!» деген шу, бір жағынан айдаған мал килігіп, мұрындығын үзген түйе бақырып, кешті жанап отырып салған жастардың жақсы әндерін де жөндеп есіттірмеді. Сонда бір кілем жапқан көштің қасында келе жатқан бір жастау қыз бен келіншектің қасынан шұрқыратып жылқы айдап бара жатқан Серікбай келіншекке жалт қарап:
— Жеңгей, бүгін аулыңыз қай жерге қонады?
Келіншек:
— Қойтастың бетіндегі Бүйрекбұлаққа!
Серікбай:
— Әне бір бұлаң басына жақын шошақ тастың түбі ме?
Келіншек:
— Иә, иә, дәл сол!
Серікбай:
— Біз шөлдеп қалдық, ауыл қонған соң кешке қымызға тойғызасың ба?
Келіншек:
— Жарайды, кел!
Міне, сол күні Қарақойтастың сала-саласы жаппа тіккен ауылға толды. Жайдақ атқа мінген а к дабы көйлек-дамбалшаң жылқышы құлынды биелерді құрықтың астына алып, желіге иіріп, ескі кір көйлекті, ақ дамбалды биеші құлынды мойнынан құшақтай алып, ноқтамен желіге байлап жатыр. Адырда бырт-бырт оттап, жүре жайылған қойлар. Жотада атының ауыздығын алып, оттата жүріп, анда-санда «шайт-шайт!» — деп айқайлап қоятын, тымағын түре киген қойшылар. Көгалезекте тарақты тілімен шалғынды орапалып, жалпаң аузымен жалмаңдап пыс-пыс еткен сиырлар. Сүйреңдеген жырық ернімен шалғынды олай бір, былай бір жайқап жұлып алып, «пу» деп басын изеп, салпылдақ ернін сілкіп, қарт-қарт күйсеп тұрған түйелер. Қойтастың бетіндегі балауса шөптің, басын тырсылдатып жүрген қозы мен тастан-тасқа секірген лақтардың қасындағы көгалда қолында бір-бір істік жер шұқып жеремшек қазған балалар. Міне, сол күні кешкі жылқыны бұлақтан суарып шығартқан Асан мен Үсен Бүйрекбұлақтың басындағы дөңде бір қатты керекті жұмыс туралы әңгімелесіп отырғанда, Үсенге Асан айтты:
— Шырағым, сен артын ойламай, балалық қылдың-ау! Маған ақылдаспай, болыстың баласымен тамыр болдым деп, екі қараға бола басымызды партияға байлап бердік қой. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деп, біздің партияда неміз бар еді? Әкеміздің жолымен ара ағайын болып қана жүргеніміз жон еді ғой! Үсен Асанның алдында бір тізерлеп жер шұқып отырып:
— Мен малға қызығып тамыр болғаным жоқ, өзі қайта-қайта кісі салып, шақыртып болмаған coң, «біреудің алтын басы еңкейсе...» деген мақалдай болмайын дедім. Және әркім басынбасын, қаймығып жүрсін дедім.
Асан:
— Ертең сайлау болған күні «Үсен досым келсін! Елге ат, ақша керек болды! Маған осындайда болыспағанда, қашан болысады» — дер-ақ.
Үсен:
— Аға, сен не десең о де, мен бұдан зиян қылам деп ойламайым. Азар болса Еркімбек қайда өлсе, сонда өлерміз, онымен бірге өлгеннің арманы не? Бұрын екі сайлауда болыс болған Төребек бұл жолы да болыс болады. Әзір оған қарсы шығатын ешкім жоқ.
Асан:
— Өтер іс өтті, 6ipag мұнан былай олардан сөз келсе, маған ақылдаспай іс қылма! Бұл заман — аяқты аңдып басатын заман.
Үсен:
— Мен де бала емеспін ғой, көрерміз.
Асан:
— Енді бейуақытта отырмалық, мен бүгін жылқыда боламын, құлынды қасқыр жазым қылар, — деп, үйге қарай аяңдады.
Міне, дәл осы ымыртта есік алдындағы шошақ тасқа қарай Зылиқа бара жатыр. Тастан аса беріп, жан-жағына қарап тұрғанда, қасындағы қалың аршадан Әділ мен Серікбай күліп тұра келді.
Зылиқа басында шошып қалып:
— Ойбай-ау, жаяу келгенсіңдер ме?
Серікбай:
— Жоқ атымызды кейін қойдық ана жерде атты Мықтыбай ұстап тұр. Бүгін де Әділ мен Марияны далаға жатқызасың ба?
Зылиқа:
Жоқ, бүгін ауыл жаппа ғой, үйген жүкке шаңырақ сүйеп, киіз жауып қойдым. Соған төсек салып берем.
Серікбай:
— Үлкен үйдегілерге Марияны білдірмей қайтіп алып шығасың?
Зылиқа:
— Ол оңай! Әжем баласы бүгін жылқыға кеткен. «Мен жалғыз жатуға қорқам» — деп, еркемді қасыма алам.
Серікбай:
— Біз үйген жүкке қашан барайық?
Зылиқа:
— Мен үлкен үйді әбден жатқызған соң, жерошақтан от алып барып, жүктің бер жағындағы итарқама от жағам. Сол оттың, жарығын көрген кезде, жүктің ар жағындағы жармен еңбектеп келе қойыңдар, түнеугідей ай жарық емес қой. Бірақ бүгін аттарыңа caқ болыңдар. Кенжем аңди ма деген қаупім бар.
Серікбай:
— Неге?
Зылиқа:
— Бағана сен көш-жөнекей менен ауылдарың қайда қонады деп сұрағанда, кенжемнің келіншегі көштің, тасасында келе жатыр еді. Сен кеткен соң ол маған: «Серікбай сізден көш-жөнекей сусын сұрағаны несі? Сіз оған кешке кел дегеніңіз не?» — деп сұрады.
Мен: «Әншейін құдамсып қалжыңдаған соң мен де қалжың қылдым», — десем де, ол сөзіме нанбағандай болды. Енді «көп тұрып қалдым» — деп, үйіне қарай жөнелді.
Серікбай Мықтыбайға барып:
— Бүгін түнеугіден де caқ бол. Егер жер шалған біреу кез болса, мына Қойтасқа кіріп адастырып кет те, ауылдың аяң жағындағы тұйық жардан бізді тос. Табыспақ жер сол болсын, — деп қайта келді де, Әділ екеуі шошаң тастан қарады да отырды.
Бұл таңның тіпті қысқа кезі болғандықтан, шапақтың ақ таңлағы жоғалмай, күнбатыстан Темірқазыққа қарай басын бағып айналып, бөдене ұратын кісіше Әділ мен Серікбайды шолып жүр.
Сонда Әділ Серікбайға:
— Япыр-ау, мына aқ таңлақ айналып арт жағымызға шығып алып, Марияға қосылмай тұрып жап-жарық таң болып, бізге дүрсе жол бере ме? — деп отырғанда, бір жұлдыз ағып қоя бергенде,
Серікбай қалжыңдап:
— Япыр-ай, құрдас, мына Мықтыбайды қуып кеткен Үсен бе? — дегенше, Зылиқаның итарқасының алдынан от жарқ ете түсті. «Өзелене түсу оттан қиын» деген арабтардың мақалындай-ақ өліп отырған екеуі Мария мен Зылиқаның нұрлы жүзіне сәуле беріп, жалыны бұлаңдап атой берген отты көрген соң, тастан түсіп, құс аңдыған мергендей жарды жағалай еңбектеп, шаңырақ күркеге жүрегі дүрсілдеп азар жетті. Келсе, Зылиқа мен Мария да төсекті жаңа салып болған екен. Жалма-жан Мария мен Әділді жатқызып, Зылиқа мен Серікбай Зылиқаның итарқасына сүйеніп әңгімелесіп отырды. Екі сағаттай болған кезде, үйден Үсен шыға келіп, күзетші балаға «мына жерде ат кісінейді» — деп, белдеудегі атына міне сала Қойтас жаққа шаба жөнелді. Оны көрген Зылиқа:
А, Құдай-ай, сақтай көр! Масқара болып, ұстап алып, бүлік шығармаса игі еді!
Серікбай:
— Қорықпа, жеңгей! Мықтыбай ұстатпайды. Жетсе де бір кісіге алғыза қоймас!
Зылиқа:
— Ойбай-ау, алты атары бар ғой, — дегенше, Қойтас жақтан мылтық даусы жүремете тарс-тарс етіп, жым-жырт болды.
Серікбай мен Зылиқа:
— А, Құдай, сақтай көр! Кісі жазым болмаса игі еді. Мылтық даусын есітіп, Әділ ұшып тұра келгенде, Мария қорқып кетіп:
Қалқам-ау, қайтеміз?
Әділ:
— Қорықпа, қорықпа! Мықтыбай аман қалса, бізге ештеме...
— десе де, сөзінің артын шала қалдырып:
— Серікбай, Серікбай!
Серікбай келіп:
Қорықпаңдар, қорықпаңдар! Құдай сақтар, — дегенше, дүрсілдеген аттың дүбірі келіп те қалды.
Күзетші бала:
— Бұл қайсың?
— Мен, Үсен!
— Не қылдың?
— Жеткізбей кетті, бірақ, екі жаяу қалса керек — деп, итарқаға таман келе жатқан coң, Әділ мен Серікбай жарды құлдилай жөнелді. Зылиқа күркедегі көрпе-жастықты алып, итарқасына шала-пұла жайып, Марияны құшақтап, ұйықтаған боп жата кетті. Жардың аяғына қарай ит шабалана жүгірген coң, Үсен солай қарай желе шауып кетті.
Тұйық жарға жaңa келген Мықтыбайға екі жаяу жүгіріп барған coң, Мықтыбай:
— Бол-бол, жылдам мін! Арттарыңда келіп қалды, — деп, жаяудан үріккен ат шыр айналып мінгізбей жат^анда, Үсен де келіп:
— Атамын, атты қоя бер!
Әділ Серікбайға:
— Осының атын атып кетейін бе?
Қой, қарағым, қой! — деп, аттарына мінген coң,
Серікбай:
— Үсен, сен бізді ата алмайсың, қайт! Біз ceнің жауың емеспіз! — десе де болмай, «не өлем, не өлтірем» деп ұмтылған coң, атты бұтқа салып жіберіп, жөнеп берді. Ұзамай бір жаппа тіккен ауылға килігіп қалған coң, жарың бере бергенде, Үсен келіп қалып:
— Атамын, ал! — деп мылтығын ұсына бергенде, қашқандар жақтан мылтықтың оты жарқ еткенде тарс етіп, Үсен ат-матымен құлады. Ауылдан жүгірген жаяулар Үсенді көріп:
«Ойбай, өлтіріп кетті ғой! Ойбай, бауырым-ай» деп, Yceннің қасында шуылдады да қалды.
«Уһ!» деп азар құтылған Серікбай, былай шыққан coң Әділге:
— Қарағым-ай! Қапы қалдың ғой, қайнағаңды өлтіріп алдың ғой?
Әділ:
— Жоқ Секе! Aтының омырауынан тигендей болды. Аты жығылған coң жығылды-ау дейім.
Серікбай:
— Әй, білмейім, «ой, бауырым» шығады ғой.
Әділ:
Қайтейін? Мылтығын тура маған оқтаған coң, атын атам деп аттым. Жазым боп өзіне тисе, тиген-дағы! Бірақ өзіне тисе, аты ойнап шыға берсе керек еді.
Итарқада жатқан Мария дауысты естіп ұшып түрегеліп:
— Жеңeшeтaй-aй, біреу «ой, бауырымдайды» ғой!
Зылиқа естіп:
— Әттеген-ай! Кім де болса біреуі жазым болды ғой, еркем! «А, Құдай ақсарбас!» — деп, екеуінің жүрегі аттай тулап, тысқа шығып тыңдап тұр.
«Бауырымдаған» тез басылып, жым-жырт. Біраздан соң төменгі жақтан дабырлаған дауыс ауылға таяна бергенде, бірі:
— Қайта Құдай сақтады ғой. Бағана жолдасын «екі атып тигізе алмадым» дейсің! Бұл жолы өзіңе тимей, атыңа тиіпті. Әйтеуір, кісі аман ғой, ат өзіңнен садаға, — дегенде, Үсеннің «мұнан-дағы өзімді атып кеткені жақсы еді, әжемнің жылы толмай жатып, қаралы аулымды басынып, қылжақ қылып жүрген Әділден Құдай қocca — кегімді алармын-ау!» — деген даусын Зылиқа есітіп:
— Бетім-ай, танып қалған екен ғой. Мен өз жауабымды өзім берермін. Кенжем, саған бірдеме десе, тіпті, жауап берме, еркем. Сол кезде таң да атып ^алды. Үсен келе сала:
— Зылиқа, Зылиқа! Зылиқа-ау!
Үсен:
— Ана Әділ күйеуіңнің атқан құланының етін алғыз! Әділ мен екеуің менің қанымды ішпей қоймайсың ғой!
Зылиқа:
— Онша біз не қалыппыз!
Үсен:
— Жап-жас баланы әуре қылып, бүгін атымды атқызып, өстіп жүріп сен бір күні өзімді де өлтіртпей қайтесің?
Зылиқа:
Кенжем! Мұнан бұрын алдыңнан шығып, бір ауыз сөз айттым ба? Түскеніме үш жыл болған екен, «еншімді бер, ас-суымды бөлек бер» дедім бе? Кызметіңді қылғаннан басқа не жазығым бар?
Үсен:
— Жарайды, жарайды! Қыларын қып қойып, оттап тұрғанын қарашы!
Зылиқа:
— Оттады деме, кенжем! Мен сенін, қатынын емеспін ғой! Мен еркемді жатпен жақын қылыппын ба? Кешегі атекем мен әжем марқұм атастырып кеткен күйеуі — Әділ.
Екі бала ойнады деп қыр соңынан қалмаған соң, атыңды атса атқан-дағы!
Үсен:
— Әне, қара жүзіқараның Әділдің дауын айтып, суылдап тұрғанын? Қамшының астына алар ма еді?
Зылиқа:
— Қой, кенжем, аузымды қышытпа! Арысы Құдай, берісі екі әкесі қосқан Әділ мен Еркемді ойнатып-күлдіргенге мен ешкімге жазалы емеспін! Мен сендей партияға сатып, еркемді күйеуінен айырғалы жүргем жоқ.
Үсен:
— Қап, бәлем, байың келсін!
Зылиқа:
Келсе, келсін!
Июнь жұлдызының оны күні Көксеңгір, Шақпақ, Ақшатаудың айнадай мөлдір, мұздай суық бұлақты өңірі аң үйлі ауылға толған. Табиғаттың әбден жетілген мол дәулетін тамақ та, төсек те қылам деп адам да, мал да, жан-жануардың бәрі бейішке кіргендей рахатта. Бағанағыдай жаппа күрке емес, Шақпақтың суық бұлағының көк орайында шаңқитып тіккен Асан, Үсеннің ақ үйлері есігі түрулі, түңлігі көлеңкелеп көтерулі. Асан жылқысын суартып, Үсен бие байлатып жатқанда Шешенбай келіп, үлкен үйдің жанына атын байлап, үйге кіріп бара жатқанын Зылиқа көрді де, жіті басып келіп, тыңдап тұра қалды. Шешенбай төрге отыра сала:
— Жәмила құдағи, амансыз ба?
Жәмила күліп:
— Құдайға шүкір, құдағиыңыз не?
Шешенбай:
— Оның жайын Үсен мырза сізге айтпап па еді?
— Жәмила:
— Айтқанмен, ол жұмыстарыңыздың ыңғайы келетін емес!
Шешенбай:
— Неге?
Жәмила:
— Ағам мен жеңешем көнетін де емес, Еркемді көндіретін де емес. Бұрынғы атастырған күйеуін жасырын қалыңдық ойнатып жүр.
Шешенбай:
— Қойыңызшы! Қалжыңдап отырған шығарсыз!
Жәмила:
— Жоқ қалжыңдағам жоқ. Сол үшін жаңада әжем баласы жеңгесімен ұрсысып қалып, ағаммен де сөзге келісіп қалды.
Шешенбай:
— Ойпыр-ай, енді қайттік? Еркімбек «бүгін кешке келем» — деп, мені сізге хабарға жіберіп еді.
Жәмила:
— Қайдан білейін, солай болып қалды. Енді келе алмайды ғой!
Шешенбай ойланып отырып:
— Қой, бұған бір айла қылмасақ болмас!
Жәмила:
— Не айла қыламыз, — дегенде, желі басынан Үсеннің үйге қарай жүргенін көріп, Зылиқа үйдің тасасымен отауына қарай жөнелді.
Шешенбай Жәмилаға:
— Менің ойлаған айлам мынау: бүгін кешке Үсенді бір жаққа жібер де, Марияны өз қасыңа ал. Ымыртта дәретке шыққанда қасыңа ертіп шық, та, мына ауылдың артындағы дөңнің астына алып кел. Сонда біз Еркімбек екеуміз сол жерде жолығайың. Бізді көріп Мария «бұл кім?» десе, «Әділ күйеуді шақырып едім, сол» — деп алдап, біздің қолымызға бір бер. Онан соң қызды өзіне қаратып ала алмаса, кінә Еркімбектің өз мойнында қалсын.
Жәмила:
— Ойбай-ау! Мұнымыз бола ма?
Шешенбай:
— Болмай қайтеді? Іңірден-ақ Марияны алдап, «Әділ келеді» деп қойсаң да болады.
Жәмила:
— Мұны әжем баласымен ақылдасайың, — дегенше, Үсен де кіріп келіп, Шешенбайға амандасқан соң, Шешенбай Жәмиламен сөйлескен сөзін түгел Үсенге айтты да: — Оның үстіне солай қылмасақ, мұның түбі шатақ болады. Еркімбек «құлақ сүйіншісін беріп қойған жесірім» — деп әкесіне айтса, ол сендерге әңгіртаяқ ойнатпай ма? — деді.
Үсен ойланып отырды да:
— Болса, болсын! Егер Мария бұған көнбесе, «құда түсем» деп кісі салыңдар. Оған Асан көнбесе, еншісін берем де, болыс аулымен сыбайлас қонып отырып-ақ құда түсірем. Онан соң Мария еріксіз көлең, — деген соң, Шешенбай қуанып үйіне қайтты. Сол күні кешке таман Үсен Тай өзеніндегі ауылға қарай жүрді. Асан жылқысын суартып, жылқышылар мен жылқының алдындағы дөң басында отырып:
— Жайлауды найман, керей ұрысы торитынын білесіңдер ғой, таң қысқа ғой, caқ болыңдар, — деп отыр. Ымырт жабылып, қac қарая бергенде, ауылдың сыртындағы дөңнің түбіне үш атты келіп, аттан түсіп отырғанда, ауыл жақтан екі әйел күбірлеп сөйлесіп келеді.
Жақындаған соң біреуі атты ұстап алып, екі еркек әйелдерге қарай жүріп, дәл қоян-қолтық келгенде әйелдің бірі:
— Ойбай-ау, жат кісі ғой! — деп шегіне бергенде, бірі жүгіріп барып, шап беріп ұстап алып:
— Қарағым, Мария, қайда барасың? Мен саған шын асықпын. Мен болыстың баласы, атым — Еркімбек.
Мария:
— Болыстың баласы болсаң қайтейін, қоя бер! Қой, әрі!
Еркімбек:
— Жоқ, жоқ жібермейім! Мен сені айттырып қойғам! Үсен ағаңа құлақ сүйіншіні беріп те қойғам! Сен менің қалыңдығымсың. Әлден менің көңілімді қалдырма, отыр, қарағым!
Марияның есі шығып кетіп, «қоя бер дейім, ойбай!» — деп қатты айғайлап жіберген соң, Шешенбай бір қолымен Марияның аузын баса қойды.
Еркімбек:
— Шешенбай! Әйдә, алып жүр! Біржола әкетіп қалайың, — деп, екеуі екі қолынан ұстап, аузын басын, аттарына қарай алды да жөнелді. Қасында тұрған Жәмила не қыларын білмей сасқалақтап, желегі желпілдеп, екі шынтағы артына селтеңдеп, үн-түн жоқ, ауылға қарай адымды қойды.
Д«л сол кезде қасындағы дөңнен:
— Ойбай, әкетті, ойбай! — деген бір әйелдің даусы шыққанда, жылқыдан кайтын, ауылға таянып қалған Асанның:
— Қайда, қайда! — деген даусы шыққан соң, қанша айтқанмен, ауыл іргесі ғой, болыстың баласы болса да қорықты білем, қызды тастап, аттарына міне жөнелді. Оның кеткенін көріп Зылиқа да келіп:
— Қарашығым, Еркем-ай! Алдауға еріп, жазым бола жаздадың-ау! — деп, талып жатқан Марияны құшақтай алды. Мына жақтан Асан да келіп:
— Немене, Зылиқа, немене?
Зылиқа:
Осы жерге дәретке келсек үш ұры қой алғалы тұр екен, соны көріп ойбайлап едім, еркем қорқып талып қалды, — деп шынын айтпай, Марияның есін жиғызып, үйге алып барды. Жаудан адасып қалған Асан түні бойы жер шолып жүрді. Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманның зырқырап өтіп бара жатқанын Әділ мен Мария сияқты жас асықтар сезе ме? Міне, июньнің он бесі де болып қалды. Әділ мен Марияның алғашқы қосылғанына дәл бір ай болды. Сол күні Әділ мен Серікбай киіктің Mapқacқa текесін атып әкеліп, талайдан киік көрмегендер анталасып қуанып жүр.
Әділ мен Серікбай:
— Әттең, дүние-ай! Мына текенің кең танауын көрсетіп Марияны қорқытсақ-ау, — деп қуанып, қымыз сапыртып отырғанда, біреу сәлем беріп кіріп келгенге қapaca — киімі жөндеу жас жігіт.
Серікбай:
— Сен қай жігітсің?
Мен Үсен үйінде жүрген керей күзетшісі едім, еліме қайтып барам, — деді де, бір аяқ қымызды іше сала Әділге:
— Мырза, ұят болмаса, тысқа шықсаңыз, сізге біреудің «оңаша айт» деген сәлемі бар еді! — деген соң, Әділ мен Серікбай ере шығып, әлгі жігіт күпісінің жыртығынан бір қағаз алып, Әділге берген соң, Әділ оқып қараса, сөзі мынау: «Біздің ауыл екі бөлінетін болды. Кіші қайнағаңыз Үсен Еркемді «Төребек болыстың баласына берем» — деп бүлік шығарып жатыр. Мұнан былай бізбен хабарласуыңыз киын. Ұшқан құсты да аңдып отыр. Осы кешке бір лажын таппасаңыз, ертең ерте кенжем Еркемді алып, болыс қасына көшпекші. Бacқағa жайымызды мына баладан сұрап қанарсыз. Зылиқа жеңгеңіз». Аяқ жеріне: «Сорлы жарың Мария» деп қол қойған. Қағазды оқығанда, Әділдің өңі бұзылып кеткен соң, Серікбай әлгі жігітке:
— Жаным, естіген-білгеніңді түгел айтшы, — дегенде, жігіт:
— Еркімбектің Марияны алып қашпақ болғанынан бастап, бүгін енші алысып, ертең екі айрыла көшіп, Үсен болыспен сыбайлас боламын деп жатыр. Бақтыбай марқұмның екі інісі Байжан, Ержан ақсақалдар арасына жүріп, Үсенді «көшпе» десе де, ол көнбей жатыр. Бірақ бір жаман жері — Марияны Үсен «ала кетем» деп, Мария «Асанның қолында қалам» деп, сол тақырыпта жанжал шығып, Асанға Үсеннің тілі тиген соң, Асан ағалық қылып Үсенді қамшымен бір салып қалып еді, сол ашумен Үсеннің Марияға қолы тиіп қалды. Тұрған аулымның жайы солай болған соң, «еліме қайтайын» деп, Зылиқа жеңгейге астыртын амандасып едім, осы қағазды берді. Жүріп бара жатқанымда, Зылиқа келіп «Хабарға кісі таба алмаса, сені қайтарсын!» деді, онысы не сөз екенін ұға алмадым.
Міне, әлгі қағазды оқып, мына хабарды естігенде, Әділдің жас жүрегі қандай болды?.. Жаңа ғана текенің танауымен Марияны қорқытсам-ау деп, асық жарын тағы бір құшпақ болып отырған талпынған талабы талқан болып, біржола қарамаса да, жаралыстың жазғы шыққан, қызылды-жасылды жарасымды гүлдері әбден жетіліп болған соң, басын сарғыш шалғырт шалғандай, барша әлемге рақымды аспандағы жарық күн әбден жоғарылап болып, июньнің оңынан кейін қайта бастағанындай, Әділдің талпынған жас жүрегіне аз да болса кәдік білінгенін көрдіңіз бе? Міне, дүниенің қызығы осы! Әлгі хабаршы жігіт сөзін айтып болып, «қой» дегенде, «тұра тұршы» деп тоқтатып қойып, терең ойға кеткен Әділ әлі ойдан басын көтерген жоқ. «Адам басқа түссе баспақшыл» деген мақал бар ғой! Осы Әділ бұрын қулық-сұмдық білмейтін жап-жас бала еді. Мына хабар
Әділдің жүрегіне оқтай қадалғанын сонан біліңіз. Аз уақытта-ақ Әділдің ойы шартарапты шалып, айла, ақыл іздеп келді. Жуырда жөнделе алмай жатқанының мәнісі — ыза мен ақыл, үміт пен қауіп бірін-бірі жеңе алмай, тапқан ойын бұлдырлата бергендігі. Бір мезгіл «Марияны алам» деген Еркімбектің аузы өзін жұтайын деп, арандай ашқан айдаһардың аузындай көрінеді. Бір мезгіл «Ой, тәңір-ай! Адал жардың жолында өлгеннің арманы не?» дегенде, тіпті, ер болып кетеді. Әділ бір кезде басын көтеріп алып: Бар, біреуің қойдан ақсарбас әкел, — деп, әкелгізіп, құбылаға қарап ұстап тұрып:
— Әже, батаңды бер! Тірі келсем, көзің көрер, өліп кетсем, қарызыңды кеш! Мына бір керей жігітті көрдің бе? Мен өліп кетсем, осыған көк қасқа дөненді бер! Осыны ұмытпа! — дегенде, әжесі күндігін мойнына салып тұрып:
— А, Құдай! Жалғызымның жолын қыла көр! — деп зарлағанда, сол үйде жыламаған жан қалмады.
Әділ Серікбай мен Мықтыбайды қасына ертіп, әжесінің боз жорғасын ерттеп, оған әлгі керей жігітті мінгізіп алын жөнелді.
Сол он бесінші июнь күні Асанның отауы мен үлкен үйдің ортасына бір қонақ үй тігілген. Ол үйде Байжан, Ержан aқcaқалдар тағы екі жолдасымен қонып отыр. Бұл ақсақалдар малды еселеп, екі есесін үлкен үйдегі Үсенге қалдырып, бір есені Асанға беріп, енші жағын бітірсе де, Мария туралы екеуін жарастыра алмай, Марияны Үсен үлкен үйге кіргізіп, шығармай отыр. Асан оны тартып алам деп, жанжал шығатын болған соң, Байжан, Ержан ақсақалдардың, ара ағайын болып, қонып отырғаны сол еді. Біресе Асанды, біресе Үсенді шақыртып алып сөйлессе де, жарастыра алмай отыр еді.
Ымырт жабыла ауылға таянып келгенде, Әділ әлгі керей жігітті аттан түсірді де, бір қағазды қолына беріп:
— Мынаны Зылиқаға бер де, соның айтқанын қыл! — деп, керей жігітті ауылға жіберді.
Ол өзге ешкімге көрінбей, шеттегі Асанның отауына кіріп, Зылиқаға қағазды берген соң, Зылиқа оқып көрді де, керей баланың құлағына бірдеме сыбырлап тысқа шығарды да, дауыстап:
— Кет арман! Өзіңнің жүрген үйіңе бар! — деп, арқаға қойып қалған болды.
Керей жігіт үлкен үйге барса, Үсенді Байжан, Ержан ақсақалдар шақыртып алып сөйлесіп отыр екен. Оның сөзін тыңдаймын деп Жәмила тыста жүр екен. Керей жігітті көре салып Жәмила: «Байғұс-ау, бағанадан қайда жүрсің? Зылиқаның отауына барам деп, таяқ жеп қалдың ғой! Үйге кіріп, саумал құйып іш!» — деген соң, үйге кірді де, Марияға Зылиқа сені «ана күнгі
дон, астына келсін» дейді деген соң, Мария шапанын бүркеніп, ала жөнелді. Тыста тұрған Жәмила оны көріп:
— Еркем, бейуақытта қайда барасың? — десе де, «тысқа шығармаймысың» деп жүре берді.
Келсе, Зылиқа да келген екен. Әділдің хабарын айтқанша олар да келіп қалды. Зылиқа:
Қарақтарым, жолдарың болсын! Жылдам-жылдам! Қош!
— деп, отауына қарай жөнелгенде, Әділ де боз жорғаны көлденең тартып, Серікбайға:
— Мінгіз, жылдам, мінгіз!
Зылиқа қайта жүгіріп отауына кіре бергенде, Үсеннің «Құдай ұрды ғой» деп сасқалақтап, атына мініп жатқанын көріп, Байжанның жолдастары: «Не бар, не бар?» — деп, олар да Үсеннің артынан шауып кетті. Осы кезде іңір қараңғы болса да, Үсен тұра ^алып, дүбір шыққан жаққа қарай шапты.
Әділдерге ұзамай-ақ келіп жетіп, ол жолы сасқалақпен мылтық ала алмай, сойыл ала шапқандықтан, келе біреуіне сойыл салды. Ол Мықтыбай еді. Бір-бір қағысып өткенде, Үсеннің басы жарылды. Қайта айналғанда, Мықтыбай сойылын көтеріп алып, алдыңғы Әділге:
— Әділ, мынауыңды енді ұрсам өлтірем! Қалай қыл дейсің? — дегенше, Әділ келіп Үсенге:
— Үсен, енді қайт! Тіпті, қайтпаймын десең, мә, мылтық! Осымен мені де ат, қарындасыңды да ат! Мен Марияны еріксіз алып бара жатқаным жоқ. Мария Еркімбекті сүйетін болса, ана жолы қолына беріпсің ғой, сонда Еркімбекке еріп кетпес пе еді?
— дегенше, артқылар да келіп қалып, Үсенге:
Қой енді, қайт! Біреуің өліп қаларсың! — деп, Үсенді ұстап қалды. Үсен үйіне қайтып келіп, түні бойы бұрқырап: «Бәрің менің жауымсың! Не өлтіріп, не өлетін едім», — деп, тан, атқан соң, атына мініп алып, қатынына түйені әкелгізіп, «көше бер» деді де, болыстың аулына қарай жөнелді.
Он алтыншы июнь күні Шақпақтың сыртында, Ақтасты бұлақтағы болыстың аулының, сыртында Еркімбек Үсен оңаша сөйлесіп отырғанда, Еркімбек:
— Мен сенің мұныңа, тіпті, нанбаймын. Басынан мені алдап, малымды алып, өз қолыңнан беріп жібердің!
Үсен:
Ойбай-ау! Мына басымды көрші! Аналар болмаса, біреуміз өлетін едік.
Еркімбек:
— Сөзің шын болса, «Әділ жолдастарымен аулымды шауып, қарындасымды тартып әкетті» деп, тілмашқа протокол жазғызбайсың ба?
Үсен:
— Жазғызам! Жазғызам! Әдейі соған бола келгем жоқ па?
Еркімбек:
— Әйдә, жүр! — деп, екеуі тілмаштың қосына кіріп, тілмашқа басын көрсетіп, өтірік куәні салып, протоколды жаздырып жатыр. Бір кезде тілмаш:
— Иван, болысты шақырып кел, — деген соң, қазақ-орыс барып болысты шақырып, қосқа кіргізді де, өзі анадайдан қосқа ешкімді жолатпай қорып жүр. Болыс Үсенге амандасты:
— Ауылдарың аман ба?
Үсен жауап бергенше, Еркімбек:
— Аман емес! Бүгін түнде Жақсыбайдың Әділі аулын шауып, Үсеннің, басын жарып, қарындасын тартып әкетіпті. Соған протокол жазғызып отыр. Өзгесі бітті. Сізді қол қоюға шақырдық. Болыс қағазды оқып беріп, аз ойланып отырды да:
— Балам, бұл жарамайды!
Еркімбек:
— Неге?
Болыс:
— Мына сайлауға екі ай, коп болса екі жарым ай қалды.Әділдің өзі жалғыз болғанмен, рулы елі бар, ағайыны бар, әншейінде біздік болғанмен, Әділдің басы шатаққа ілінсе, қапы қызбай тұра ма?
Еркімбек:
— Әке, мен енді сырымды айтайын: ана күні мынау Үсенге құлақ сүйінші беріп қойған менің қалыңдығымды алып қашып отыр. Мен Әділден кегімді алмай... — деп сөз аяғын аяқтағанша, әкесі баласының сөзін бөліп:
— Қарағым-ау, арыстандай азулы қайның бар емес пе? Қызының үстіне қыз айттырған соң, ол бізді көре ме? Әрі онымен, әрі Әділдің бар ағайынымен мені көргісіз қылып, осы сайлауда әкеңді қapa жерге отырғызғалы жүрмісің?
Еркімбек:
— Әке, сізге бақты Құдай берді, осы ел беріп жүр ме? Сізді ел тастағанмен, нашандік уез тастамайтын болған соң, бәрі де амалсыз малға сатылып жүрген жоқ па? Мен Әділден кегімді алмай қоймаймын. Қол қойыңыз!
Болыс Үсенге:
— Шырағым, сен шыға тұршы, біз өзді-өзіміз ақылдасайық — деген соң, Үсен тысқа шықты. Ол кеткен соң баласына:
— Шырағым, мен Әділден кегіңді алма демеймін. Бірақ қыз Әділдің өз жесірі, оны сүйіп қашқан болса, сұралғанда да оның сөзін айтады да, Әділге мұныменен ештеме қыла алмайсың, әрі сайлауда задал болады. Онандағы мен Әділден кегіңді басқа жолмен алып берейін!
Еркімбек:
— Қайтіп?
Болыс:
— Қазір екі мықты ат пен сыр шашпайтын екі кісі тап!
Еркімбек:
— Оны қайтесіз?
Болыс:
— Оны Дегелеңдегі болыс қайныма жіберем, Ақботадағы құдама, Семейтаудағы құдама, Көкендегі нағашыма жіберем де, бәрінің болыстарынан нашандікке рапорт түсіртем.
Еркімбек:
— Не деп?
Болыс:
— «Әділ Жақсыбай баласы қайдағы қашқын ұрыларды ұстап, малымызды ұрлап, тыныштық бермейді» дегіземін. Оны нашандік бізден астыртын секретный бұйрықпен сұрайды. Сонда мына тілмаш-екем мен біз «рас» деп куә болып қайырсақ, бір-ақ күнде мойны астынан келеді. Оны ешкім де білмейді, жаласы бізде де қалмайды. Тілмаш-екем мен біздің мал басымыз қосылған кісіміз ғой, бұл кісіге ұнаса, менің ақылым осы.
Тілмаш:
— Жарайды! Болыстікі ақыл, — деген соң болыс:
— Бірақ, мұны Үсенге де сездірмеу керек. Үсенді өзім бабын тауып қайтарам, — деп, Үсенді шақыртып алды да:
— Үсен шырағым, сен менің жалғыз баламмен дос болған баламсың ғой! Мына сайлауға қарсы бізге зиян болатын істі қой. Мен Байжан ақсақалға хат берейін, барып ағаңмен жарасып, Әділде ^алғаның болса алудың қамын қыл. Алда-жалда кек көрсең, сайлау еткен соң кегіңді алып беруге мен міндеттімін, — дегенде, тілмаш:
— Мен мына протоколды жазған қаламақыны кім береді?
Еркімбек:
— Мен берем тілмаш-еке! — деді.
Тілмаш: қайырмайым! Еркімбек:
Мә, — тілмаш-еке, Үсен үшін бес сом! Бұл менің досым ғой!
— Жоқ, сені білем ғой, мен аңы бермесе, протоколды
Тілмаш:
Қайыр, қайыр, сен айтқан соң болмас! — деп ақшаны алып, протоколды екі айырып үстелге қойды. Сол кезде есіктен Иван:
— Болыс-еке, сізге жолығуға Ержан ақсақал лұқсат сұрайды
Болыс:
— Кірсін, кірсін!
Ержан кіріп амандасқан соң, болыс:
— Жұмысыңызды айтыңыз.
Ержан:
— Байжан ағаңыз жіберіп еді: «Мынау Үсен баланың жұмысын қазақша сөйлеуге рұқсат қылып, Үсенді қайтарса екен» деп. Болыс күліп, үстелдегі протоколды алып қиыстырды да:
Міне, ақсақал! Сізден бұрын-aқ тілмаш-екең екеуміз ақылдасып, ұнатпай жыртып тастадың. Бірақ, біздің қадірімізді сіздер білмейсіздер ғой.
Ержан:
— Неге, болыс-еке, мұныңызға құлдық! Біз сіздің жақсылығыңызды неге ұмытайың!
Тілмаш:
— Қу! Сайлауда көрерміз!
Болыс Ержанға:
— Ақсақал, мына ініңізді алып қайтып, ағасымен жарастырып, Әділде қалған-құтқаны болса, алып беріңіздер. Менің ел тозсын демейтінімді білесіз ғой. Бірақ өзіме қарсы келгенге шыдай алмайтыным рас.
Сол он алтыншы июнь күні Үсеннің келіншегі Жәмила «үйді жығам» деп түңлігін алып тастаса да, Байжан ақсақал кісі жіберіп: «Ержанды жібердім, сол келгенше жықпай тұра тұрсын», — деп жыққызбаған, бесінге таянып қалған соң, Жәмила:
— Маған келген соң інісі ұрсады ғой, — деп, үйді жыққалы жатқанда, Ержан мен Үсен келіп, Байжан отырған үйге түскен соң, аз ғана сөйлесіп, Асанды шақырып алып, Байжан ақсақал:
— Шырағым Асан! Әpyaқ жар болып, болыс мынау Үсенді «ағаңмен татулас» деп қайырыпты. Кешегі балалығын кеш, шырағым.
Асан:
— Ағалар, мен кешермін-ау, бірақ, ата-анамыздың аруағы кешер ме? «Солардың атастырып кеткен Әділге барам дедің» деп, кеше жетім Марияны сабады. Соның ызасынан Мария жаяу-жалаңаш кетіп отырған жоқ па? — деп, көзінен жас ыршып кетті.
Байжан:
— Қарағым, сен кешсең әpyaқ та кешер. Марияның Үсенде қарызы қалғаны рас. Бірақ Әділде де осы үйде ілу, жыртыс, сүтақы, тоймал дегендей қарыздары бар емес пе? Ашуыңды бізге беріп, кешкенің рас болса, бәрінің емін өзің тап!
Үсен:
— Аға! Менің білместігім болса, дүре салсаң да шыдадым, — деген соң, Асан:
— Сөзің, шын болса, ана Марияның киім-кешегі, төсек-орын, ер-тоқымын алып барып, аяғына жығыл! Әділ аласыңды бермей кетсе, мына маған берген аз ғана еншіңді мына ақсақалдардың көзінше соған бергенім. Әділден алсам да, қалсам да өзіме есеп болсын!
Байжан ақсақал:
— Үсен, сен енді ағаңның айтқанын қыл!
Үсен:
— Жарайды! Зылиқа екеуміз алып барайық! — деп, Марияның киім-кешек төсек-орнын бір түйеге артып, ер-тоқымын өзі мінетін қара жорғасына ерттеп, Зылиқа, Үсен, Ержан ақсақал бір жолдас алып жөнелді. Мына жақта Әділдің кәрі шешесі «келінім келді» деп, бағанағы ақсарбас қойдың үстіне бір тай, бір қой сойып, той қылып жатқан. Кешке бұлар барған соң, «тойың тойға ұлассын» деген қазақтың батасындай болып, Үсен Марияны құшақтап кешу сұрап, мәре-сәре болды да қалды. Ертеңінде Әділдің кәрі шешесі «темірді қызуында coқ» деген деп, үш түйе, екі жақсы ат, елу қой айдап, Әділді ертіп Асан, Үсеннің аулына келіп, олар екі қонғызып, Марияның отауы мен қалған жасауын арттырып Жәмила апарып, Мариямен жарасын, әбден кірсіз болып татуласты. Сол күні Әділ мен Мырқыбай барып, Серікбайдың келіншегін де ұзатып әкелді.
«Бір ай деген — бір күн» деп қазақ айтқандай, ел күнгейге келіп те қалды. Тамыздың тамылжыған ыстығы көп шөбін сарғайтса да, балаусалар әлі енді. Қозының желкілдеген желектей сеңсең жүні қырқылып, ирек-ирек болса да, қомағайдың көзін қызықтыратын қомақты құйрығы жайқалған бағлан тоқты атанып қалған. Міне, бұл — июльдің он бесі. Әділ мен Марияның аузына жанын тістеп құтылғанына да бір ай болып қалған.
Әр мезгілдің өзіне лайықты ісі бар ғой. Бұл кезде Әділ мен Мария түгіл, олардың жас балалары да, үлкендері де қарақат, бүлдірген теріп, сай-сайдың балауса шөбін таптап, көлеңкелі ағашты аралап жүр. Арқасы күнге күйген дамбалшаң орақшылар бастарына желбіретіп орамал тартып, кейбірі әдейі күлсін дегендей, орған ұзын шалғыннан басына сәлде орап көлбектеп, күрілдетіп пішен шауып жүр.
Қайнымен жарасып алған Әділ арты — шаңсыз, алды
— даусыз. Асың жарына қосылып алған Марияның, тергені
— бүлдірген, қарақат, салғаны — сауың, ойларында дәнеме жоқ, қайғысыз уақыты осы.
Бұл кезде Төребек болыстың аулы да күнгейдегі Қосбұлағына қонған. Ауылдың сыртында он шақты ат қалмақша байлаулы, шыбыннан тыпыршып шыдамай тұр.
Тілмаштың aқ қосына старшындар бір-бірлеп кіріп-шығып жатыр. Алдыңғы шыққандары артқысын тосып отырғанда, бір старшын қасындағыға:
— Осы біз неменеге мор бастың? Ана қасындағы старшын:
— «Егін, пішен есебі» деп тілмаш айтты ғой!
Анау:
— Екі қағаз сол екені рас! Бірақ ана бір қағазды бізден тасалай берді. Менің азырақ орысша танитыным бар ғой. Сол қағаздың басында «Секретный бұйрық» деген жазу бар. Және аяқ жерінде «Әділ Жақсыбай баласы туралы» деген сөзді көзім шалып қалды,
— дегенше, артқы старшындар келіп, «Жүріңдер! Жұмыс бітті ғой. Үйімізге барып пішенімізді орғызайың» деп тарқасты. Сүйтсе де әлгі старшынның ойынан сол күдік шықпады. Шыңғыстың күнгейіне қонған қалың елдің малы 15-20 күнде-aқ жердің шаңын шығарды. Бауыр қыстайтындар июльдің жиырмасынан қалмай асып, отызында Әділдің аулы да аса көшті. Сыртқы биік жотадан көш үңірейген көр сияқты терең асуға құлай бергенде, Әділ артына қарап, жотада біраз кідіргенде, Қарақойтастан аса көрініп құлазып қалған Көксеңгір, Шақпақ, Ақшатаулар өкпелеп, наз қылған әйел пішінделіп, мұнартып мұңайып: «Қап! Бізді тастап барғандағың-ды да көрерміз» деген сияқтанды.
Әділ әдейі ойламаса да, «жаз жайлаудағы жайнаған жасыл шөп, жарқыраған айнадай бұлақ, бейіштің әуесіндей жан беретін ауа қалды-ау!» дегендей шеміршегінің асты қызып кеткенін сезбей қалды. Сонда сен, кәрі Шыңғыстау: «Жазғы салуын, биік жайлаудың, жарқыраған мөлдір суын, жайқалған жасыл шөбін жайлап, дертке дәрмен болатын жақсы ауасын жұтып келдіңдер ме? Енді бір мезгіл төмен түсіп, түнерген құдықтың ылай суын ішіп, Шаңды аяққа қонып шаң жұтып та көріңдер!» — дегендей сазығырлау сары бетіңмен қарадың-ау! Терең асуда келе жатқан көшке екі жақтағы қабағын түйген қара жартасың «бәлем, үстіңе құлап, талқаныңды шығарайын ба?» деп тұрғандай болды-ау!..
Сол қиын асудың ішінде келе жатқанда, Әділді әдейі қуып келіп, бағанағы старшын кәдіктенген сөзін айтып: «Соқырға сөз бола қалса, біз «орысша білмегендіктен мөр бастың» дерміз», — деді. Әділ бұл істі ештемеге жори алмаса да, асудың қиындығынан ба, салқын самал жайлаудан шаңдыаяққа келе жатқандықтан ба, әйтеуір көңілі жабырқау тартты.
Ел бауырға алғаш келген кезде ащы сағынып келген мал тарлау, жусан, көкпек жалмаққұлақ сияқты ақылы шөпке әбден қанып, жазыққа түсіп тыраңдап, Шаңдыаяққа аунап жетісіп қалса да, август жұлдызын аяқтағанша әр жерге жұрт жаңалап қонып жүрсе де, сентябрь туған соң-ақ бұрынғы жайлаудағыдай жұма сайын соны қонысқа қона алмай, мерзімді судың басында, ескі көңде кеп отырып қалып, ауылдың маңы шаңдақ тартып, тақырлана берді. Қазан (сентябрь) туған соң қазанның қара дауылы соғып, сарғайған жапырақтарды, жайқалған селеулерді ұшырып, ағайыннан алыс жерге амалсыз жеткен жолаушыдай-ақ қаңғытып ала кетті. Көкпек тобылғылардағы өрмекшінің еңбек қылып тоқыған ұясын да бұзып кетті.
Міне, бұл сентябрьдің он бесі. Бұл кезде Әділдің аулы өзінің Милы құдығында. Әділ мен Марияның алғаш қосылғаны да жазғытұрым, майдың он бесінде осы құдығында еді. Міне, соған төрт-ақ ай болды. Бұл кезде елдің ерте қырыққандары аз ғана қойдың жүнін тасып та алған. Бүгін Әділ мен Мария ас үйін босатып, соның жанындағы көгенге еркек қой, ту жоқ, бойдақтарын көгендетіп санап жатқанда, есік алдындағы кезеңнен торт атты кісі желе шауып шыға келді. Мұның бірі — Арқатта тұратын урядник бірі — болыстың қазақ-орысы Иван, енді екеуінің бірі — ат-шабары, бірі — болыстың өз старшыны. Урядник келе сала Әділге:
Әділ Жақсыбаев сен бе?
— Мен!
— Әйда, атқа мінесің!
— Қайда?
— Семейге, начальник шақырады!
— Тақсыр, қой қырықтырғалы жатыр едім, жайырақ баруға болмай ма?
— Ну, айда тез! Антұрған ұры, разбойник! — деп, қамшымен тартып жіберді.
Әділдің кәрі шешесі:
— Ойбай-ай, Құдай-ау! Бұл не деген сұмдық еді? Тақсыр-ау, баламның не жазығы бар? — деп урядникке келгенде, оны итеріп тастап, қазақ-орысты жұмсап, қой қайырған қойшының атын аударып алып, Әділге мінгізгелі жатқанда, Мария келіп:
— Қарағым, алғаным-ау! Мені де ала кет! — деп, Әділді Құшақтай алғанда, оны қазақ-орыс бір қойып қалып:
— Әйда кет! Бәрі сенікі бүлік! Сен болыстікі балаға тисе, бұл бүлік болмайтұғын еді, — деп, Әділді еріксіз атқа мінгізіп ала жөнелерде, Әділ артына қарап:
— Қош, әже! Қош, Мария! Тірі болсам көрермін. Өлсем қарыздарыңды кеш! Мария, әжемді күт! — дегенде, сөзінің артын айтқызбақ, урядник тағы бір тартып қалып:
— Сөйлеме, антұрған! Әйда жүр! — деп, алды-артына қаратпай алды да жөнелді.
Сол кезде Шыңғыс жақтан қайғылы қара бұлт шығып, қара дауыл болып, карлы жаңбыр жауа бастады. Ауылдан былай шыға бергенде, бір қаңбақты жел ұшырып, дедектетіп апарып құры құдыққа салғанын Әділ көріп, абақты есіне түсіп:
Әттең, көмексіз, туысқансыз жалғыздық-ай! Шіркін опасыз дүние-ай! Көрсетпегің осы екен ғой! — деп көзінің жасы сорғалап, амалсыз кетіп барады...
Міне, кәрі Шыңғыстау, осының бәрі сенің көз алдыңда болған іс. Дәл сол кезде сен қарлы, жаңбырлы қара дауылыңды соққызып, Әділді урядник бір айдаса, ыққа қарай сен дауылыңмен екі айдап, бурадай бұрқырағаның, жерді қара түтек боран қылып, аспанды қapa жаңбырлы қара бұлтпен қаптағанын Әділге қылған көрің бе? Әйтпесе, рақымсыз зұлымдыққа ызаланып, жазасызды аяп жылағаның ба?..
Сол күні Әділді айдағандар жолыққан елдің атын ылаулап, сапырып отырып, Арқалықтағы Қанай барды. Қанайдың бір старшынын шақырып алып, бір семіз тоқты мен бес ат дайындатып, сонда қонды. Кеш болған соң бір кісен таптырып, Әділдің аяғына салғалы жатқанда, старшын:
— Тақсыр, бұл қашатын кісі емес. Кісен салмай-ақ қойыңыз, бұл қашса, мен жазалы болайын, — десе де, болмай кісендеп, сол Қанайдың старшынына күзеттірді. Урядник жатқан соң кісенін алып тастап, тамада сыйлап жатқызды да, таң атып, урядник шайын ішкен соң, Әділді апарып берді. Урядник дайын атпен Әділді алып жөнелді. Семейге бұлар барған кезде, начальник сайлауға кеткендіктен, Әділ абақтыда жатып қалды.
Сентябрьдің жиырмасы түні пар-пар ат жеккен екі арбалы Білденің кезеңінен асып бара жатқанда, артынан үш атты кісі қуып келіп, «тоқта-тоқта» деген соң, тоқтап қараса, келгеннің бірі
— қазақ-орыс, бірі — старшын, бірі — атшабар. Келісімен қазақ-орыс: «Айда, қайта жүресіңдер! Тасбұлақта болыс аулында сайлау болып жатыр. Сайлауға керексіз, қалаға бармайсыз», — деген соң, арбадағы Ержан ақсақал:
— Менің ержеткен балам бар ғой, сол менің орныма жарар.
Қазақ-орыс:
— Жоқ, жоқ, болмайды, өзің жүресің! Анау арбадағы Әділдің қатыны мен шешесі де керек. Әділ орнына шаңыраққа түседі. Айда, — деп болмай, қайта алып жүрді. Қазақ-орысқа біраз ақша беріп жалынып, Серікбайды азық-ақша беріп қалаға жіберді де, өзгесі амалсыз сайлауға қайтты.
Күн кешкіріп қалғандықтан, сол күні жолда далаға қонып, Мария қатты науқастанып қалды. Ертеңінде сайлауға келсе, начальникке көттестіріп тіккен ақ үйдің алдында үстелін құрып отырған начальникке шаңырақ иелерін бір-бірлеп айдап келіп, «Елу басың кім? Старшының кім?» — деп сұрап жатыр екен. Бұлар Байжан ақсақалдың тіккен үйіне барып түскен соң, Байжан ақсақал Ержанға:
— Бұл жолы Төребекке қарсы жақ көбейіп еді, мына начальник қазақ-орыстарға сабатып, қорқытып, ел анау қазақ-орыстардың қолындағы Мырзабай қамшыдан ығысайын деді. Начальниктің қалтасы толған білем, біз бұрынғы салтымызбен ара ағайынсынған болып отырмыз. Үйтсе де «айласыздық батыры айға шабады» дегендей болмай-ақ, Әділдің жанын тілеп қана болыспен жақын кісімсіп, анау елмен жарастырсам қайтеді деп отырмын, — деген соң, мұны Ержан да ұнатып, араға жүріп, Төребекпен болыстыққа таласқан жаққа жүз сом жол әперіп, Төребек — болыс, баласы — кандидат болмаққа сөз байласты.
Мұны начальникке айтқан соң, жиырма екісі күні абыр-сабыр елу басы сайлап, шар салғызып, Төребек болыс, Еркімбек кандидат болды. Еркімбектің жасы толмайтынын начальник есепке де алған жоқ, тегінде оның да емі оңай білем!..
Әділдің шешесі мен Мария аттарын жегіп, арбасына мініп жатқанда, Шешенбай келіп, бір қағазды «мынау Әділдің хаты»,
— деп кемпірге берген соң, Марияға оқытып қараса, сөзі мынау: «Бәйбіше, Марияны Үсеннің қолына қайтарып беріңіз. Әділ балаңызды аман-есен қайтарып беру маған міндет болсын. Егер мұны қылмасаңыз, Әділді осы көрмегенің - көрмеген, одан күдеріңді үз! Жазушы Еркімбек». Осы жазуды оқыған Мария Еркімбек деген қолды көргенде, бұрынғы науқасының үстіне тағы қатты дерт жамалғандай болып, хатты лақтырып тастап, атты айдатып жүре берді.
Мария сол науқасынан жиырма күн дегенде азар басын көтеріп, тәуір болды. Оған шейін Серікбайдан: «Начальник келмей, Әділге ешкімді жолықтырмайды. Тамақты сырттан беріп тұрмын», — деген екі рет хат келді.
Мария жазылған coң қамданып, үйлеріне Зылиқаны ие қылып, Әділдің шешесі мен Мария, Ержан, Асан, Мықтыбайды ертіп, тағы қалаға жүрді.
Октябрьдің он бесі күні қap ұшқындап тұрғанда, абақтыдан екі солдат Әділді айдап, начальникке алып келді.
Начальник бір қағазды қолына ұстап тұрып:
— Әділ, сен жоғарғы ұлықтың өмірі бойынша Ақмола болысына бес жылға жер аударылдың!
Әділ:
— Тақсыр, қылмысым не?
Начальник:
Қашқын ұстап, ұрлық қылғызғансыд!
Әділ:
— Тақсыр, мен биыл ғана 17-ге шығып тұрған баламын, қалайша ұрлық қылғызам?
Начальник:
— Жоқ өтірік айтасың, сенікі жас списокта — жиырма бірде.
Әділ:
— Тақсыр, тексеріп, мойныма салғызсаңыз екен?
Начальник:
— Сөйлеме! Екі-үш болыс ел куәлік еткен. Өз болысың да, старшындар да куәлік берген.
Әділ:
— Тақсыр, болысымның қастығы ғой. Старшындардан сұрауға болмас па екен?
Начальник:
— Болмайды! Жандаралдың бұйрығына қарсылық қыл да! Әйда, жұмыс біткен! — деп солдаттарға ымдаған соң, артқы сөзін айтқызбай, айдай жөнелгенде, Серікбай қаланың екі жақсы кісісін алып келіп, қырмен апаруға кепілге сұратса да, начальник көнбеді. Серікбай ере кетуге де рұқсат бермеген соң, жаяу айдап бара жатқан Әділге көрісіп, қоштасуға солдаттар жуытпаған соң, анадайдан қоштасып жанай келе жатыр. Сонда Әділ:
— Қош, Серікбай! Әжем мен Марияға сәлем айт! Соларға көзіңнің қырын сала жүр! Асан мен Зылиқаға, Мықтыбайға сәлем айт! Байжан, Ержан ақсақалдарға сәлем айт! Әжем мен Марияны естеріне ала жүрсін, — дегенде, солдаттар:
— Сөйлеме, әйда! — деп, Әділді мылтықтың дүмімен желкеден түйіп қалып, біреуі: — Енді атамын, қайт! — деген соң, Серікбай көзінен жасы сорғалап, амалсыз қайтты.
Сол күні Семейден шыққан Серікбай қарлы жаңбыр жауған батпақтан жүре алмай, таң ата Күшікбай кезеңіне азар келді. Келсе, Мариялар да келіп, тан, намазын оңып, жаңа ғана атын жегіп жатыр екен.
Серікбай келіп, Әділдің кеткенін айтқан соң, айдаладағы бұлақтың басында бес-алты адам шулап, жылап, кейде біріне-бірі басытқы айтып жатқанын ойлаңыз!
Аздан соң Ержан ақсақал:
— Бәйбіше, — Әділ өлген жоқ, тірі кетті ғой! «Кебенек киген келеді» — деген үмітіміз бар ғой. Мына Асан мен Серікбай қалаға барып адвокатқа сөйлессін, біз өзгеміз қайтайың! — деп, Асан мен Серікбайға ақша беріп, қалаға жіберіп, өзгесі елге қайтты.
Міне, осы хабарды есітіп, қайта жүрген Әділдің кәрі шешесі жанына өлшеген жалғызынан өмірлік күдерін үзіп, жанын аузына тістеп қосылған жарына Мария тым болмаса енді бір көріп, қоштаса алмай қайтқанда, не жаймен қайтты ғой дейсіздер?..
Үйткенмен, кеншілер талқан қылып тасын қазып алып, үңірейтіп жатқанда бақайымен шым етпеген Күшікбайдың Арқалығы бұлардың қайғысын не қылсын — бұрынғыдан-aқ бұлағы сарқырап, кедейлер көлбеңдеп, тауы тапжылмай қала берді...
Қалаға барған Асан мен Серікбай адвокатша сөйлессе де, адвокат: «Бұл соттың жолы емес, ұлықтардың «административный высылка» деген ісі, шынын айтқанда, зорлық жолы. Бұған адвокат түк қылмайды. Ертерек қамданбаған соң, уақыт өткен!» — деген соң, бұлар да салы суға кетіп елге келді.
Әділдің жолшыбай көрген қорлығын. «антұрған разбойник» деп біресе тепкілеп, біресе мылтықтың дүмімен ұрғанын жаза беріп қайтеміз! Аңырында Ақмола уезінің Ыс болыстық волоснайына тапсырылды. Ол кездегі ол елдің болысы халқына қадірлі атақты тұқымнан, бір мейірімді жастау жігіт болғандықтан, Әділ соның өз қолында тұруды тіленіп, жөн сұраса келе, ана жылы бұл жақ Орынборға мал айдайтында Әділдің әкесі Жақсыбай марқұм да екі жүздей жылқы айдап барған екен. Сонда сол елдің басшы болып, су көрсеткен бір жігітіне бір ат сыйлап, айран әкелген бір кедей жатақшының қатынына бір көйлектік шыт бергені айтылып, Әділдің кім екені анықталып, болысы өз бауырындай күтіп, ас, той-cayық, жиында өз қасынан тастамай құрметтеп алып жүруші еді.
Үйткенмен туған ел, туған жер, өлген мола, әсіресе, кәрі шешесі мен төрт-ақ ай жолдас болған сүйген жары Әділдің ойынан шығады. Онда жүрген уақыты қылышша сүйретіп, қыр көрсетіп келген қыс болғандықтан, бұрқырап борай жауған қалың қap басқандай, шақылдаған аяз қысып қатырған мұздай, Әділдің ыстық жас жүрегі мұздай қатып, қap басқандай қайғы басып, күннен күнге жүдеу тартылып жаралысқа да наразы болып, «дүниеге неге келдім? Марияны неге көрдім? Бүйткенше жаралмай-ақ қойсам нетті?», бір мезгіл «кәрі шешемнің бүйтін зарлап қалғанын көрмей-ақ, әкемнен бұрын өліп кетпеген екем?», бір мезгіл «әттеген-ай, Үсен қуып жеткенде соның өзін атып өлтіріп-ақ айдалмаған екем?», бір мезгіл «әттең, жалғыздық-ай! Өзгелердей менің де аға-інім болса, тым болмаса бір келіп амандасар еді-ау!» — деп, көзінен ыстық жас төгіледі.
Ардақты оқушылар! Әділ бұл тұрған жерінде қатты күтілді. Бірақ, сол өмір оған оттан да қырын еді. Неге десеңіз, ол ешбір нәрсеге ындынымен қуана алмайды. Бірдемеге күлсе, өтірік күледі. Қуанса, өтірік қуанады. Себебі ол өз еркімен оны қылмайды. Әлгі өзін күтін жүрген болыстың, не соның бір жақынының көңілін аулағалы ғана күліп, қуанған болатын. Әйтпесе Әділде шын күлкі, шын қуаныш бар деп өзіңіз де айта алмассыз. Ал, Әділдің ондағы ойы не? Алданып жүрген жұбанышы не?
Ой мынау: Әділдің онда жүргендегі ойы — «әттең, әжем мен Марияны бір көріп өлсем-ау! Әттең, Еркімбектің қанын ішіп өлсем, арманым болмас еді!» Міне, осыдан басқа Әділде ой жоқ. Жә, жұбанышы не? Жұбанышы — «әзір кебін кигем жоқ қой! Өлі де арманыма жетіп, әжем мен Марияны көріп, Еркімбектен кегімді алып өлетін шығармын» — деген неғайбыл үміт!
Әрине, әлем айналғанын қоя ма? Оқтан жүйрік уақыт сыдыртып, қақаған аяз, қатты боранды ақпанды да туғызды. Бұл кезде Әділдің мұңлы жүрегін ашылмас қайғы басты ма, ақпанның мейірімсіз аязы өтті ме — Әділ қатты науқастанды. Тұрған болысы үй ішімен бәйек болып күтсе де, жат жерде жалғыз жүріп ауырған қандай қиын? Сусын сұрағанда, дәретке отырғанда, «аналар ренжиді-ау» — деп жаман қысылады. Үйткенмен амал бар ма? Мұнан бес жыл бұрын Төребек алғаш болыс болған кезден соң Ақмола жаңа жер аударылған Батырбек деген ұрының күні толып, елге қайтпақ болып еді. Қайтарында «келе кет» деген Әділдің сөзі ойына түсіп келсе, Әділ әл үстінде сандырақтап жатыр екен. Сүйтсе де сөйлесіп көрейінші деп Батырбек:
— Әділ, мені танимысың? Мен — Батырбек елге қайтып барам. Айтатын сәлемің бар ма?
Әділ көзін ашып:
— Әжем мен Марияға... Асан мен Зылиқаға... Серікбай, Мықтыбайға... бір керей жігіт бар еді, атын ұмыттым... Байжан, Ержан аса^алдарға... — деді де, көзін қайта жұмды.
Батырбек:
— Тағы айтатының бар ма? Деміңді алып, асықпай айт!
Әділ тағы көзін ашып алса да, сандырақтап:
— Әже, әже! Мен Еркімбекті өлтіріп келдім! Мария! Мария! Міне, мен қайта келдім! — деп сандырақтай берген coң, Батырбек
Әділден күдерін үзіп, «қош!» деді де, болысқа барып амандасып қош айтысып, атына міне бергенде, болыс бір қағазды жазып, «мынаны өз болысына бер» — деп тапсырған coң, қағазды қалтасына салып алып жөнелді.
Батырбек көн бергенге қонып, аз бергенге түстеніп, ақпанды аяқтай Төребек болысқа да жетті. Күні бітіп, босанған қағазын болысқа көрсетіп, тысқа шыққанда, Еркімбек келіп, Әділдің жайын сұраған coң, Батырбек:
— Ойбай-ау! Ұмытып барады екем ғой, — деп, қалтасынан бір қағазды Еркімбекке берді де: — Әділ ендігі өлген шығар. Мен шығарда әл үстінде сандырақтап жатыр еді. Тұрған болысы да күдер үзіп, мына қағазды біздің болысқа жазып еді, — деген coң, Еркімбек қағазды оқыса, сөзі мынау: «Тағдырдың ағымымен бізге келген Әділ ініңіз қатты ауру болды. Сізге қайта хабар қылуға жер алыс болған coң, мына Батырбектен хат жаздым. Жазым болса, әкемнің күмбезіне қойғызам».
Еркімбек осы хаттың «ауру болды» деген сөзін «ауырып өлді» деп бұзып, «жазым болса» деген сөзді қырып тастап, оның орнына «жақсы жуып» деп жазды да, Батырбекке:
— Әділ өліпті ғой. Бұл хатты Байжан ақсақалға тапсыр, — деп қайта берді. Батырбек өз үйіне екі қонып, үшінші күні хатты Байжан ақсақалға берген coң, Байжан оқып көрсе, «Әділ қатты ауырып өлді. Жақсы жуып әкемнің күмбезіне қойғызам» деген. Мұны оқыған coң, Ержан мен Асанды, Үсенді де шақырып алып, бәрі жыласып, қойын үйтіп, қазы-қартасын алып, азаға бір биесін жетелеп, Әділ аулына қарай қатын-қалашымен жонелді.
Ауылға үш шақырымдай жерге келген coң-ақ Асан, Үсен, қасындағы жастары — бәрі Шыңғыстың жазық бөктеріндегі Қарауылға қарай «ой, бауырым» салып, атты қойды.
Бұл қыста Әділдің шешесі мен Мария малға бас-көз болсын деп Серікбайды қасына бірге қонғызған. Сол кезде Серікбай тыста тұрғандықтан, аналарды көріп, үйге хабар берген coң, әншейінде тырп етпейтін кемпір мен Мария тысқа шыға келіп еді.
«Ой, бауырымдағандар» «қарағым, жалғызым, Әділім» деп келе кемпірді де, Марияны да, Серікбайды да құшақтай алды.
Олардың шуы басылмай-ақ Байжан ақсақалдар да, оның артынан ілесе Зылиқаға бастатқан бір топ қатындар да келіп қалды. Өлім естірткеннен соңғы жай бәріңізге белгілі. Жылау басылған кезде қатындар Марияның ерулі қара шашын тарқатып, маңдайынан үш елідей aқ шүберекті тартып, шаршысын шорт байлап, aқ бүркейді жамылтып, теріс қаратып, бүйірін таянтты да қойды. Есі кетіп, құр сүлдері отырған Мария жүгініп отыра алмаған соң, жастың қойып, соған өбектеп отыр. Кемпірде ес жоқ болған соң, төсегінің алдына бүктетіліп жата кетті. Не керегі бар, ертеңінде-ақ қатындар қатарын түзеп, шымылдықтың ішінде дауысты сұңқылдата бастады. Сөйтіп, Марияның аузы жоқтаудан, көзі жастан босамай, Шыңғысты басқан қалың кардай қайғылы aқ бүркейін жамылып, жап-жас ыстың жүрегі февральдің шаңылдаған аязындағы мұздай болып қатты. Күнде шу бола берген соң, естіргеннің жетінші күні елді жиып, жетісін берді.
Әділ өлген екен деп, айналған уақыт тоқтай ма? Қазақтың «ұлыстың ұлы күні» дейтін күн мен түн теңелген наурыз да жетті. Сол күні Әділдің қырқын да берді. Ол күнді «наурыз -жаңа жылдың басы» деп, Әділдің үйі қазан толтырып ас асса да, «бәлекет кетсін» деп, далаға апарып от жағып, кетік ескі ыдыстарды отқа өртейтін ешкім болмады. Неге десеңіз, «Бәле кетсін» деп бақ сұрап, оны қылатын Әділ жоқ. Өзі өле алмай отырған кемпір мен Марияға бақтың да керегі жоқ. Біреу жыл құттықтап, біреу тамақ үшін келіп, сол күні тіпті коп кісі жиылды. Соның ішінде Мариямның Жәмила жеңгесі де болып, екеуі түзге шыққанда, Жәмила:
— Еркем, саған ағаңның бір сөзін айтуға бата алмай тұрмын!
Мария:
— Айт.
— Жәмила:
— Еркімбек дүзқара тағы мына бір хат жазыпты, — деп, бір қағазды берген соң, Мария оқыса, сөзі мынау: «Үсен! Әділ күйеуің өліпті ғой. Енді Мария мені сүйетін болса, мен қалыңдығымды алмай, Әділдің жылын күтемін. Мен сенің ажарыңа қарап жүрмін. Алда-жалда Мария көнбесе, жалғыз кемпірден қорықпайын. Бір-ақ күнде тартып алуға дайынмын». Мария осы хатты көргенде, неге екенін білмейім, кәдімгі бір ер кісіше жігерленіп:
— Үсен ағам мен екеуің тағы Еркімбектің хабаршысы болдыңдар ма? Әжем баласының көзін жоғалтқанымен тұрмай, енді мені аламын десе, әуелі ол бір, онан соң мен өлермін.
Жәмила сасып қалып:
Қарағым, Еркем! Ағаң соған тие қойсын дегені емес. Саған білдірейін дегені ғой. «Осы хатты өзіне куә қылып, жандаралға арыз берем» деп отыр.
Мария:
— Ондай законы болса, мен қайдан білейін, — деп, қағазды қайтып беріп, — әжем баласының өткенін естігенде буынып өлейін десем де, мына ішімдегі аманатын кәрі шешесіне тапсырып өлейін деп азар тірі отырғам жоқ па? — деп жылап, «алғаным» деп даусы қатты шыққан соң, ауылдағы қатындар келіп, талықсып қалған Марияны үйіне азар алып барды.
Әділді естірткен күннен бері қарай кемпір мен Марияның көзі ілінсе-aқ түсіне Әділ кіріп, кейде кебін киіп келіп: «Әже! Мария! Міне, мен өлдім!» — деп, кейде өз киімімен келіп: «Әже! Мария! Есікті аш! Мен тіріліп кеттім» — деп, тіпті, кейде ұйқылы-ояу жатқанда көздеріне елестей беретін. Кей-кейде Серікбай да түс көріп: «Бүгін түсімде Әділ екеуміз Еркімбекті сабап жатыр екеміз», кейде: «Бүгін Әділ қатты ауырып, басын сүйеп жылап отыр екем», — дейтұғын. Сөйтіп, күндіз жылаумен, түнде түс көрумен күндері өтіп, марттың он төртінен он бесіне қарай Мария мен кемпір Әділді жоқтап жылап-жылап, әбден талықсып, көзі ұйқыға жаңа ғана бара бергенде, есіктен біреу:
— Мария, Мария, есікті аш!
Мария «тағы баяғы түсім екен» деп қозғалмаса да, тағы да:
— Мария, Мария, есікті аш, мен келдім! — деген соң,
Мария:
— Әже, әже! Мына дауыс тағы түсім бе, сен есіттің бе?
Әжесі:
— Есіттім! Ойбай-ау, жалғызымның даусы ғой! — деп жылап, Мария шам жағып апарып, есікті ашса — Әділ.
Мария:
— Ойбай! — деп талып түскенде, Әділ барып әжесін құшақтап:
— Әже! Қорықпа. Мен — Әділ! Мен өлгем жоқ, мен жазылып келдім.
Әжесі:
— Қарашығым, жалғызым-ау! Өлген кісі тіріле ме екен? — деп, біресе Әділдің бетінен сүйіп, біресе талықсып қалады. Оған шейін Марияда ес жоқ түс жоқ, құр Әділге қадалып, екі көзі жаудырап тұрып, бір кезде:
— А, Құдай-ау! Өңім бе, түсім бе? — деп келіп, Әділді құшақтай алды. Анау үйде жатқан Серікбай бұлардың даусын есітіп, «түн ішінде келген Мықтыбай ма, басқа біреу ме» — деп жүгіріп келсе — Әділ!
О да:
— Өңім бе, түсім бе? — деп келіп, құшақтасып көрісті.
Сол күні Әділдің өлгенін отардағы жылқыда жүріп естіген
Мықтыбай "ой, бауырым» салып, үйге кіріп келіп, Әділді көріп, көрісіп, о да аң-таң болды. Әбден көрісіп басылғанда, таң да белгі берген соң, Әділ жылдам шай қайнаттырып жіберіп, ішіп алды да,
Серікбайға:
— Серікбай, атыңды ертте! Мен біржола босанып келгем жоқ қой, Төребек білсе, тағы ұстап береді ғой. Екеуміз күндіз тауда болып, түнде үйге келмесек болмайды ғой, — деп, Серікбайды ертіп, тауға қарай жөнелді. Сол күні Серікбай барып, Асан мен Зылиқадан астыртын сүйінші сұрап, олар сенбей, «көзімізбен көреміз» — деп келіп, жолығып амандасып, сонда ғана нанды. Бірақ, бұл сырды жасырмақ болысты. Әділдің кәрі шешесі мен Мария бірталайға шейін Әділдің шын Әділ екеніне нанар-нанбасын да білмей, «жазылып келгені рас па, өліп тірілді ме?» деп аң-таң жүрді. Әбден көңілдері тынып, көздері жеткен соң, бұрынғыдай жылағанды да қойды. Бірақ, Марияны жас күнінде оқытқан молдасы келіп, «Өлікке дауыс қылып жылаған — обал» деп қойғызды деген лақап шығарса да, бірқатар ел «Мария байға тигелі жүр» деп өсек қылысты.
Марттың жиырма бесі күні Әділдің аулы қыстаудан көшті. Бұл жазғытұрым ол ауыл Доғалаң төңірегін жайлады. Себебі Әділ күндіз Доғалаңның киын тасында болып, түнде үйге келуге қолайлы және Доғалаң маңында су коп болғандықтан, қоныс жаңғыртуға жайлы.
Апрельдің он бесіне қарайғы түні Мария толғатқан соң, он бесі күні Әділ Серікбайды ауылға тастап, Доғалаңға жалғыз кетті. Жүрерінде Серікбайға:
— Мария аман-есен босанса, мені Алтынды бұлақтың басындағы Дарадан тап! — деп барып, Дараның басындағы Серектастан ауылға қapaп телмірді де отырды. Міне, осы отырғанда Әділ не ойлап отыр! Өзі үш атадан бері қарай жалғыз. Жаны ашыр жақын ағайыны жоқ. Жамағайыны болса, «аз ғана малыңнан бөліп бермейсің» — деп бұлданып, болыс жаққа шығып кеткен. Жанын аузына тістеп жүріп алған, өзінің жолында жанын құрбан қылуға шыдаған сүйген жары Мария тұңғыш босанғалы жатқанда қасында да бола алмай, арқардан басқа аң да шықпайтын Серектастың басында «ауылдан не хабар келер екен» — деп екі көзі торт болып, ессіз далада жапа-жалғыз жүрегі дүрсілдеп отыр. Ақмолада жүргендегі науқасынан жазылған соң «елге бір барып келуге бола ма» — деп, сондағы болысына ақылдасқан соң, ол «біржола рұқсат беруге болмайды, «ел аралап қарекет қылуға» деп қағаз берейін, сонымен ептеп барып кел» — деп берген қағазымен ұрланып әжесі мен Марияны бір көріп қайтпаққа келген еді. Жөні келсе, аулын алып кетуге де ойы бар, онан басқа бір ойы — ретін тапса Еркімбектен кек алып та кетпек. Бұл ойы бола ма, болмай ма, ол — белгісіз.
Түс кезінде ауыл жақтан Серікбай да Дараның аузына келіп қалған соң, тастан түсіп жақындағанда, Серікбай:
— Шүйінші, шүйінші! Ұл тапты, — деп келіп, Әділдің тымағын алып басына киіп, өз тымағын Әділге кигізді. Екеуі аттан түсіп, Серікбайдың әкелген піскен етін жеп, қымызын ішіп, мәре-сәре болды да қалды. Баланың кіндігін Зылиқа кескеніне шейін айтып, әңгімелесіп отыр.
«Адам жылқы мінезді, аунаған соң мінгенін ұмытады» — деген мақалдай-ақ, сол кезде Әділ қашқын екенін де ұмытты-ау дейім. Неге десең, Серікбаймен қосылып былтырғы Марияға алғаш барып жолығатындағы әнге шырқатып жіберді. Бірақ ол қуаныш та баянды болған жоқ себебі күн батпай ауылға бара алмайтындығы ойына түсіп, күрсініп жіберді. Кешке таянғанда Серікбайды ауылға жіберіп, тағы жалғыз қалды. Күн бата бергенде Серікбай піскен ет пен шәугім, шыны-аяқ алып келді де:
— «Бүгін шілдехана күзетеміз» деген қатын-қалаш, қыз-қырқын ауылды басып жатқан соң бір түнше далада-ақ болайың деп келдім, — деп, күн батқан соң түтін салып, шай қайната бастады. Әділ мен Серікбай былтырлар осы Доғалаңнан арқар атқанда «шөлдеп қалаңыз» деп шай-бауырсағын ала келіп, арқар атқан жерде арқардың тоң ішегі мен бауырын отқа пісіріп жеп, шай қайнатып ішіп, «аңның қызығы осы-ақ тағы» — деп құмарын қандыратын еді. Осы түнгісі дәл соған ұқсап отырса да, екеуінің арасы тым қашық,! Неге десеңіз: былтырғысы — өз еркімен жүрген сейіл, сауық еді, бұл жолғысы — еріксіздік қашқындық!..
Әділ Ақмолада жүргенде бір түс көрген, түсінде Мария ұл тауып, Асан азан шақырып, баланың атын Қасым қойғанын көріп еді. Сол түсі ойына түсіп, апрельдің жиырмасы күні ерте баланы бесікке салғызып, Асанды шақырып алып, баланың атын Қасым қойғызды. Сол күні әжесі той қылса да, Әділ күндізгі күйде бола алмады...
Әділдің аулы Милықұдыққа қонған күні тағы майдың он бесі еді. Сол күні Төребек болыстың Шилі құдықтағы аулының сыртында Еркімбек пен Үсен оңаша сөйлесіп отыр.
Еркімбек:
— Әділ өлгелі сізге екі рет хабар салдым. Басындағы кар асы н жұлып тастап, дауыс қылғанын да қойған Марияны «байға тимейді» депсіз, осыған мен қайтіп нанайын? Менің сізден арылғаным — осы. Енді мен Марияны жалғыз кемпірден аулын талқан қылып, тартып аламын. Мен онан қорқып жүргенім жоқ. Сізден үміт қылып жүрмін.
Үсен:
— Мырза, сізге Мария өлтірсең де тимейді. «Әділді айдатқан Еркімбек» деп, соны кек көреді.
Еркімбек:
— Әділді мен айдатыппын ба?
Үсен:
— Оны қалайша жасырам дейсіз! Әділді ұстай барғанда, қазақ-орысың да Марияға айтқан, ана күні де «тартып алам» деп хат жазғансыз. Бірақ ол болмайды, шырағым. Әділдің көзін жоғалтқаның да жетер! Саған ерем деп өзім де ағайынға жүзіқара болып жүрмін. Енді қалғанымыздың көзімізді жоғалтайын демесең, бізді әуре қылма! Жап-жас жарың бар ғой, бір бейшараны әуре қылып не қыласың?
Еркімбек ашуланып:
— Білдім, білдім! Басында мені алдап, малымды алған екенсің ғой! Кет ауылымнан!
Үсен:
— Кетсем кетемін! Құдай сақтар! Кімнің басы кімнің қанжығасында жүр? — деп, атына міне жөнелді. Еркімбек ол кетісімен Шешенбайды шақырып алып:
— Жылдам жігіттеріңді дайындап, өз аулыңа жиып, әкеме білдірмей, мені күтіп отырыңдар! Күн батпай-ақ аулын ойран қылып, Марияны әкелейік!
Сол күні екіндіде Асан жылқысын суарып шығарып, жылқы алдындағы төбеде тұрғанда желе шауып Үсен келді.
Асан:
— Болыс неге шақырыпты?
Үсен:
— Шақырған — болыс емес, Еркімбек. Тағы Марияны сөз қылған соң, екеуміз сөзге келісіп, ол «ауыл шауып тартып алам» деп қалды. Мен анау адырдан асқанда жиырма шақты кісі Әділ аулына қарай қатты кетіп барады. Сізге хабарға келдім, — деген соң, жалма-жан бәрі ат ұстап, Асан, Үсен, Байжан, Ержанның екі баласы қасына тағы екі кісі алып, Әділдің ағайындарына келді.
Әншейінде Әділдің өлгеніне қарамайтын ағайыны Әділдің малына мирасқор болғысы келді ме, Мариядан үміт қылды ма — төрт-бес кісі ерді. Жолдағы Мықтыбайды да ертіп алды.
Еркімбек екіндіде Әділ аулына келіп, жартысы малшыларды үйге қуып тығып, «шықсаң, өлтірем» деп, есікті сабалап тұрды да, өзгесі есік алдына келіп, Еркімбек пен Шешенбай аттан түсе қалып, үйге кіріп, Марияны сүйреп алып шықты. Ойбайлап етегіне жабысқан кемпірді бір-ақ қағып сұлатып салды. Марияның шаршысы түсіп қалған басын дудардай қылып, екеуі екі қолынан сүйреп келеді. Екіндіден бұрынырақ ауылды шалып, «жер таза» деп барған Серікбай Әділді ертіп, дәл сол кезде ауылға таянған. Желе шауып кезеңге шыға келіп көрді де, атты бұтқа салып жіберіп, «қоя бер былай» деп аңырғанда, Шешенбай:
— Ойбай-ау! Мынау Әділ ғой! — деп, Марияның қолын қоя беріп, атына қарай жүгірді. Оны ұрамын деп ұмтылған Серікбайға бәрі жабылып кетіп, үш сойыл қабат тиіп, ол құлап қалды. Әділ аттан түсе жүгіріп, мылтығын суырып алып атайын дегенде, Еркімбектің қолынан жұлқынып босанған Мария да арасына кез болып, соған тиетін болған соң, ата алмай кідіріп қалғанда, Еркімбек алты атарын жұлып алып тарс қойғанда, Әділдің мылтығы қолынан түсіп кетіп, бүгжиіп, кеудесін қолымен басып отыра кетті. Оны көрген Мария:
— Құдай-ай! Сорым біржолата қайнады ма! — деп, Әділді құшақтай алғанда, Еркімбек қанжарын суырып алып, Марияның қолынан тартып, Марияны қорқыту үшін:
— Жүр жылдам! Әйтпесе сені де бауыздап кетем! — десе де, Мария Әділді құшақтап айрылмаған соң,
Еркімбек:
— Ал, бауыздайым! — деп, қанжарды Марияның алқымына апарғанда, Мария қанжар ұстаған қолына жабысқан соң, қолын жұлып қалғанда қанжар Еркімбектің өз көзіне тиіп, бір көзін шығарған соң, ыза болып:
— Әйтеуір болары болды, енді сені тірі тастап кетпейім, — деп, Марияны шалқасынан салып, табанымен басып тұрып, қанжармен жүректен салып алды да:
— Ал, жүзіқара, құр сүйекті құшақта да жат! — деп атына міне бергенде, ауылдың сыртынан кеп кісі шулап қоя берді.
Міне, дәл сол кезде күн батып кетіп, шапақтың шашақты шарбы бұлтындағы күннің қызыл нұры дәл Әділ мен Марияның жарасынан сорғалаған қандай қып-қызыл болып тараулана бастады. Асан, Үсендер келіп, ауылдан серпіле берген жаумен араласып, Мықтыбай Шешенбайға кез келіп ұрып жықса да, жолдастары мылтықтың астынан алып, бұларды жолатпай, атына мінгізіп әкетті. Жау екі есе және мылтығы болған соң бұлар ештеме қыла алмай қайта келсе, Серікбай есін жиып, Әділдің басын сүйеп қоштасып жылап отыр екен. Асан аттан түсе қалып:
Қарағым, Әділ, — деп келіп, қолын ұстағанда,
Әділ көзін ашып:
— Қош, Зылиқаға сәлем айт!.. Ана сорлы кемпір мен жетім Қасымды қолдарына ал!.. Мына Мария мен мені ga6ipre сал! — деп, Марияны құшақтады да, көзін жұмды.
Артқылар келіп:
— Әділ! Әділ! — десе де, ол кезде мейірімсіз өлім Әділ мен Марияның нұрлы жүзіне кетпес таңбасын басып қойған! Дәл сол кезде күншығыстан қайғылы қара салысын жамылып түннің қараңғылығы — зұлмат та шықты...
Бұл іс Николай чиновниктерінің қылышынан қан тамған 1911 жылы болғандықтан, қашқын Әділді қауымға білдіріп қоя алмай, Байжан мен Асан ақылдасып, сыр шашпайтын жақындарын ғана шақырып, Әділ мен Марияны жаназалап, түн ішінде апарып Әділдің қыстауының қасындағы жаңа қыстау салам деп жиған тастардың астына жасырын көмді.
Асан: «Еркімбек аулымды шауып, қарындасымды тартып алып кетті», — деп, Еркімбек: «Асан, Үсен қашқын Әділді са^тап, ұстағалы барғанымда, жанжал шығарып, басымды жарып, көзімді шығарды», — деп, екеуі де ұлыққа арыз беріп, сол арыздар тергеу болып, көпке созылып, аяғы патша тақтан түскен бостандыққа соғып, аяқсыз бос қалды.
1917 жылы бостандық болған соң, Асан Әділ мен Марияға жақсылап күмбез мола қалатып, май аяғында бітіріп, халқына мәлімдеп ас берді.
Таза махаббатқа құрбан болған екі асықтың қадірлі моласын халық алтынмен жазылуға лайың аң бостандықты туғызған, адал жүректі азаматтардың аркасында ғана білді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі