Арғын деп не себептен аталғаны туралы орыстың жазушылары әртүрлі сөз айтады. Соның ішінде қисындысы «Түрік-орхонский надпись» деген еңбек. Арғын түріктің қытайша Ху-Ху, бізше ұйғыр атанғаннан, қытайша Габу-ғой, бізше қаңлы-арбалы атанған тайпасынан шыққан байергун деген табынанбыз. Берірек заманда шежіреде Арғынның білетұғыны Шыңғысханның үлкен баласы Жошы мен кіші баласы Шағатайға ел бөліп бергенде, солардың қол астында арғыннут деп аталады. Арғыннут дегені арғындар дегені. Осы шыңғыс тауы мен Тарбағатайда жүргені анық.
Шыңғысханның өз тұсында арғын аты неге аталмады деген сөз туралы орыс жазушылары әртүрлі пікір айтса да ақырында арғын Шыңғысханға соғыспай қараған шығар дейді.
Менің ойымша, ол кезде арғындар найман ханына қарады. Себебі: Аристов сөзінде бұрын қара қытайдың алғашқы ханы Әмбахан тұсында Байерғұн, яғни арғын айтылады да, найман жоқ. Аристов айтады — бұрын Байерғүн арғыннан күшті еді. Шыңғыс тұсында найман күшті болып, екі ханға қаран тұрды. Керейлер өз алдына бір ханға қарап тұр еді дейді.
Менің ойымша, біздің осы орта жүздегі арғынның атасы Әбілғазы ханның шежіресінде айтылатын Ойрат арғын аға деген кісінің нәсілі болса керек. Оның мәнісі мынау: Шыңғысханның кенже баласы Төле үлкен хан болған кезде, ойрат атанған елден Арғын деген кісіні Қарасан деген жерге хан қойған. Ол мұсылманша 440 жылы, орысша 1262 жылы еді. Он жылдан соң Арғын аға өлген соң Төлеңің баласы Мөңке ханнан Арғын ағаның орнына өзінің інісі Хулагуды, яғни қазақша Әлеуке ханды жіберген. Бұл арғын аға ойрат тайпасынан дейтұғыны — бұрынырақ мағұлдар ұйғыр, татарларды жеңіп, қуғанда жерін қимай, отырып қалғандар қалмақ, ойрат атанғандықтан. Бұл арғын аға сондағы қалмақ атанып қалған елдің ішіндегі — Байергін яки Ұлұғ Арғын атанған Арғыннан болса керек. Бұл сөзді Әбілғазы кітабынан сөз көшіріп алған орыс жазушылары байқамай кеткен болса керек деп ойлаймын.
Жер жүзіндегі әртүрлі түрік нәсілдері елдерінде жүрген арғын- аргінут атанғандар арғы Арғын халқын болса, дәл осы орта жүз ішіндегі арғындар осы Арғын ағаның нәсілі болар. Себебі: Арғын аға деген аты да дәл келеді. Біздің үлкен атамыз Құнанбай қажы марқұм
— Арғын аға хан болған кісі екен-ау деуші еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі