Қысқа жазылған шығарманы кейбір оқырман жақсы қабылдап жатса, кейбір егде жастағылар кеңістік аясы тар әңгімелерден рухани қуат алмай жататындары да бар. Оқырман талғамы әрқалай. Дағды, сүрлеу жол әдеттегі бағытынан айнығанда әдеби ой-танымда тартыс, пікір қайшылығы жарысқа түсіп, қоғамдық көзқарастың екіге жарылар тұстары байқалмай қалмайтыны анық. Мәселен, бүгінгі қысқа жазылған әңгімелердің негізгі көкөзегіне кейбіреулер бойлай алмай, асығыс байлам жасайтындары да кездесіп қалады. Енді бір пікір «Қалың кітаптарды оқуға уақыт тапшы» дейтіндер қатары. Кез келген жаңа туындыны осылай топшыласақ, жеңіл-желпі ойлармен желдіртсек, автор ойын, кейіпкерлер қырын, оқырман танымын алты қырдан межелей алмас едік. Шын мәнінде қап-қап кітаптарды тауысуға уақыт тапшы, олар оқырман сұранысынан әлдеқашан шығып кеткен десек, онда неге әлем әдебиетінің темірқазығына айналған «Соғыс пен бейбітшілік», «Өлі жандар», «Қылмыс пен жаза», «Үзілген үміттер» сынды шығармалар әдебиет алаңынан шеттетілмеді. Керісінше аты аталған романдар тізімі бүгінгі күндері де ең көп оқылатын кітаптар ретінде бағаланып отыр. Мұның мәнісі қысқалық пен салақұлаштықта емес, мәнісі сапада, мағынада, терең ойда.
Бүгінгі қазақ прозасындағы жеміс, азды-көпті әңгімелер ертеңге рухани бақыт сыйлай ала ма? Осы күндері қандай авторлармен жақын табыстық? Нендей шығармалар дүниеге келді? Жазушы не айтқысы келді? Оқырман не күтеді? Кейіпкерлер ерекшелігі кездесе ме? Бұл сұрақтарға қазақ прозасы заман көзқарасымен байқастағанда әр уақытта да жауап беріп келген. Мүмкін сананың өзгеруіне байланысты жылт еткіш қомақты дүниелер әдебиет ауылынан алыстар да, бірақ әл-қуатына қарай сол шығармалар замандас оқырманын бей-жай қалдырмағанын да айта кетуіміз орынды. Жазушының қалауы, рухани дамуы әрқалай. Тіпті ол оқырман ойымен біте қайнаспауы да мүмкін. Сіз ол үшін оны кінәлай алмайсыз. Әдеби сын сот емес. Тағы бір қырынан көз салып қарасақ, сұранысты өтеу де қажет. Оқырманмен санасқан да жөн. Ал, санасып жүрміз бе? Қазақтың бағзы сөзіне салсақ, «Халық айтса қалт айтпайды». Бір өкініштісі - өнер мен әдебиетке халық өз пікірін әрқашан қосып отырған жоқ. Кезінде білсеңіздер етті... Өтежан Қанахиннің «Құдірет» романына зиялысы бар, қара жаяуы бар, барлығы бірдей сын тағып еді. Қазіргі заманымызда кітап таратып, жөн сұраудың арасы шалғайланған сайын шығарма да сұйылады. Жазушы да өзінің қалағанын жазады. Сол қалағанның ішінен ара-тұра жалт еткен сәулелер де көрінбей қалған жоқ.
«Жас толқын» прозалық жинағына енген Мәдина Омарованың «Жол үстінде» деген шағын әңгімесіндегі адам табиғатына жат мінездер, ар алдындағы бойжеткеннің күйзеліске түскен күйі оқырманды ойландырмай қоймайды. Бізге бұл әңгіменің етене жақындығы қазақы ұғымдағы елес, өлі мен тірінің арасындағы диалог, олардың бір-бірінен қаншалықты рухани алшақтағанын көрсету арқылы оқырманын біраз ойдың тереңіне сүңгітуі. Оқиға Алмабек қарттың марқұм болған баласымен ауылға жаяу келе жатқан қыздың әңгімесі арқылы дамиды. Табиғатынан сақау жігіттің кемістігін ақымақтыққа балаған жас қыздың осынша пенделік ойға баруына не себеп? Өмір мен өлім арасындағы алшақтық мына бір тұстарда жіті көрінеді:
«— Орталыққа жай барып па едіңіз?
— Мен бе?
Таңданғаны сонша суыт жүрісінен жаңылып, бетіме үңілген. Содан кейін сабасына түскендей, баяғы жылдамдығын қайта тапты. «Есі дұрыс емес пе?» деген ойдың басыма жаңа келгеніне қайран қалдым. Өзі сақау, өзі жынды. Құдай, саған не жаздым.
— Келісінше, олталықтан келемін. Ауылда тығыз шалуа болып. Түкке тұлмайтын шалуа, білақ өзім келмесем бітпейтін болды.
— М-м-м, түсінікті.»
Автор бұл әңгімеде қалтарыста жатқан көп сауалдарға жауап іздегендей. Бірінші жақтан сөйлеген жас қыздың сақау жігіттің алдында өзін тым жоғары қоюы адамгершілікке жата ма? Адамдар арасындағы теңсіздік, бір-бірінен үстемдігі, өмір көрмеген жас қыздың ойына әлгіндей мүсіркеушіліктің қайдан келгеніне таң қаласыз. Өзіміз байқамайтын көп қателіктерімізді автор еске салғандай көрінеді. Егер бұл шығарма готика жанрында жазылмаса, оқырманды анау айтқандай әсерге бөлемес те еді. «Абайдың: «Адамның тірісінде жақсысы жоқ, өлгеннен соң жаманы жоқ» идеясымен сабақтас келетіндей.
Жолда келе жатқан жас қыз сақау жігіттің өлген адам екенін білмейді.
Кейін апасы екеуінің арасындағы:
«— Жалғыз келген жоқпын. Алмабек шалдың баласы екеуміз келдік, — деп шынымды айттым.
— Қай Алмабек?
— Иттері бар ше.
Апам ернін сылп еткізді.
— Оның баласы өліп қалмап па еді.
— Өлмей-ақ тірі. Бірге келдік деп тұрмын ғой.
Апам сандықтың үстіне отыра кетті.
— Оның жалғыз сақау баласы авариядан кеткен. Он жыл болды, міне.
— Сақау деймісің?» деген диалог-сөзден соң ғана оқиғаның анық-қанығына көзі жетеді.
«Жол үстінде» атты бұл әңгімеде кейіпкердің өкінуі, артық кеткен сөзі үшін өзін-өзі жегідей жеуі де, таусылуы да әңгіменің ішінде көрсетілмеген. Керісінше оқырманға ой салады. Жас бойжеткеннің әңгіме сыртындағы ишарасы оқырман көңіл-күйімен біте қайнасып кеткен. Шығарма соңы шешуін таппаған сауалдармен аяқталады.
«Ертеңіне ұлыған иттердің дауысы астында қалған ауыл Алмабек қарттың қайтыс болғанын естіді» деп бітетін әңгімеде негізгі күре тамыр Алмабектің өлуіне байланысты емес те еді. Негізгі ой-өзегі адамның тіршіліктегі бар бақытының қайда бара жатқанын бағамдауда еді. Тағы да қайталаймыз. Мәдинаның бұл әңгімесі кейіпкердің қалтарыстағы ойы арқылы жұмыр басты пенденің басында болатын рухани мүгедектіктің бетін ашу. Әңгіменің мына бір тұсын: «Ең болмаса қолымды қалтасына салсам ғой. Бірақ әйелі бар ма, жоқ па, соны біліп алса болар еді. Дегенмен есінің дұрыс еместігі рас болса, бойдақ шығар. Күлкім келді» дегенді көзіңізге елестетіңіз. Қуыстанған кейіпкердің жанын жаралаған осыншама сұрқия ойлар дұрысында саналы оқырманның өмір сауалдарымен күресуіне жол ашқандай. Мәдина тылсым оқиғалар желісін ала отырып, адамдар психологиясында кездесіп жататын эгоистікті көрсетіп берген. Алмабектің баласының сақаулығы болмаса, есі дұрыс емес дейтіндей ол қандай өрескел қылық жасады? Немесе жас қыздың одан артықшылығы неде? Аталған әңгімеде автор, кейіпкер, оқырман үшеуі біртұтас шығарма сыртындағы «өмір мәні» деген сұраққа бірлесіп жауап іздейді.
Мәдинаның «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Күзгі бір кеште» (мистикалық әңгіме), «Қадір түні» (диалог-әңгіме) сияқты әңгімелері де тылсым оқиғаларға толы. Соңғы жылдары қазақ прозасында кейіпкерлердің «дүниеден жерінуі», айналадан тазалықты іздеуі көбірек орын алуда. «Күзгі бір кеште», «Жол үстінде» әңгімелеріндегі Алмабектің баласы мен Жанна есімді қыздың (өлгендер) бұ дүниедегі жекелеген адамдармен ғана кездесуі таң қалдырады. Алты жасар қыздың Асхат есімді бас жасар балаға ғашық болуы, басқа жандарды місе тұтпауы, көзге ілмеуі адамның тазалықты аңсауы, өмірден береке кетуінің бір белгісіндей. Автордың: «Мен бір бөлмелі үйде жалғыз тұрамын. Үлкен қалада, миллионнан астам халық тұратын қалада жалғыз болған қандай үрейлі, адамға адам пана бола алмайтын болып тұр ғой сонда» дегенінен қоғамдағы жазылуы қиын дерттің өршіп бара жатқанын тану қиын емес. Айтпақшы, Жанна есімді періште қыз Асхатты неге іздейді? Себебі, Асхат таза, ол пәк. Оның күйеуін өзгеден қызғанған немесе темекіні бұрқ-бұрқ будақтатқан жалғызбасты әйелде несі бар? Бірақ жалғызбасты әйеліміз Марияшқа қарағанда тәуір кейіпкер. Ол ойлана біледі. Періштенің (мүмкін өлген қыз) оған жақындағаны да содан болса керек. «Үлкен қаланың қай жерін мекен етуде ол қазір? Әлі Асхатты жақсы көре ме? Неге келді, қайда кетті?» деп бітетін шағын мистикалық әңгіменің айтары көп.
Марат Әзімхан, әдебиеттанушы «Сын» журналы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі