Естеліктер мен естігендер
ӨНЕР ШАЛҚАРЫ ШАШУБАЙ
— Мен енді сіздерге осы жолы жәрмеңкеден үйреніп келген жаңа әнімді айтып берейін, — деп домбырасының құлақ күйін өзгертіп, «Ақ қайың» әнін шырқады. Әсіресе қайырмасын әсемдей келтіріп:
Өтті-ау жалған, Қалдым қайран.
Жігіттік дағуасында-ой
Салдым сайран, —
деп құбылтты.
Әннің осы қайырмасын шырқағанда:
— Шырағым Рахымбек, мына жаңа әнді кімнен үйрендің, өзі бір төгіліп Тұрған сыр ғой, тағы бір айтып жіберші, — деп отырған үлкенді-кішілі қауым бәрі шу ете қалды. Рахымбек әлгіден де құбылта, үнін мәнеріне келтіре шырқады. Әнді аяқтап:
— Осы жолғы Қоянды жәрмеңкесінен менің тапқан олжам осы ән болды. Бір күні қостан ертерек аттанып, дудың қалың жері — мал базарына келдім. Өйткені осы мал базарына үйірлеп жылқы әкеліп, қоралап қой әкеліп сататын байларды, мал жинаған көпестерді жағалай кеп ақындар өлең айтады, әншілер ән шырқайды дегенді естігенім барды. Сондайға кездессем деген ой еді.
Мен келіп базар шетіне іліне бергенде, әр жерде үйіріле топталған адамдар әлде кімге қарап тына қалыпты. Мен де сол ел үңілген тамашаға көз салсам, бір адам қолында гармонь, ат үстінде ойнақтай толқып ән шырқайды. Оның атын жетектеген адам да әншімен бірге толқиды. Әлгі әнші бір әредікте гармонын атқосшысына бере салып, ердің қасынан ұстап, аттың үстіне төбесімен тік тұрды. Сөйтті де жолдасы қолына ұстатқан екі шыбықшаны секірте ойнатып, аяғымен ойнақы би биледі. Жолдасы біраз оның атын ақырындай жетектеп, топты жара жылжыды. Әрине бұл ойындар ұзақ болған жоқ. Біреуден-біреу «бұл кім?» десіп сұрастырғанда: «Бұл мына Балқаштағы Дадан тобықты Шашубай деген ақын», десіп ұғынысып жатты.
Сондағы Шашубайдың шырқаған әні осы «Ақ қайың» еді. Әрине, бір күнде ұтып ала алмадым. Таң рауанынан қостан аттанам да, сол Шашубай ойын көрсететін мал базарына келем. Ол бірнеше күндей келмей жүріп, ақыры тағы келді. Менің тілегенім болып, әнді аузымды аша тыңдап, ойымды ұйытып, үйренген болдым. Міне сіздердің отырғандарыңыз сол Шашубайдың «Ақ қайың» әні, — деп кербез сері Рахымбек әңгімесін айтқанда құмарта тыңдап, сол өнерпазды көрер ме еді деп ынтыққанмын.
Онда мен жаңа-жаңа ескіше хат танып келе жатқан ауыл шәкірті едім. Арада бірнеше заман белестерінен асып, 1923 жылы Қарқаралының шалғай еліне халық соты қызметіне белгіленіп келдім. Мен судья болып келген ауданға «Қотан бұлақ», «Балқаш» болыстарына қарайтын Дадан тобықты ауылдары да қарады. Ауданның халық соттары ел ішінің барлық науқандарына қатынасып отыратын. 1924 жылы губерниялық мекемелерден арнаулы қатынас хат келді. Бұл хатта самолет жасауға елден ерікті жәрдем жинау науқанын өткізіп, халық арасында үгіт жұмысын жүргізу тапсырылған. Сол хатқа ілесе Қарқаралыдан келген уәкілдер де сонда орналастық. Халық жоғары орыннан келген, Лениннің өзі қол қойған арнаулы хатты асқан ықыласпен тыңдап, әркім әліне қарай жәрдем ретінде малдарын өткізді. Жиналыс өте көңілді болып, уезден келген уәкілдер де, оған үн қосып, ат салысқан біз де халыққа айрықша ризалық білдіріп жиынды аяқтадық.
Осылай көңілденіп отырған кезде бізге қызмет істеп жүрген жігіт сыпайы әдеппен:
— Сот ағасы, сізге айтар дәтім бар. Шашубай ақын келіп тұр, рұқсат бола ма? — деп сұрады. Шашубайдың атын естігенде құлағым өлең етті. Сонау бала күнімде Рахымбектен естігенім есіме түсе кетті.
— Рұқсат, келсін, — дедім қуанып. Жұпыны киінген, орта бойлы, сақал-шашына ақ кірген, сары сұр кісі үйге өлеңдерге кірді:
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Болсам да малға кедей, сөзге баймын.
Халықтан қабым толы олжа алсам да,
Қалтамның түбі тесік, байымаймын.
Ассалаумағалейкүм, Халық биі,
Сиезге басын қосқан халқың жиі.
Жасауға аэроплан аянбастай,
Азулы aт, атан түйе елдің сыйы.
Уәкілдер саспай жинап ала білсін,
Орнына адастырмай сала білсін.
Байлығын Балқаш елі көрсеткенін
Қыр емес, бүкіл анау қала білсін, —
деп келіп, отыра кетті. Қолында домбырасы бар. Біздің хатшы жігіттер:
— Ақын жоғарылатыңыз, — деп кішілік істеп, ізет көрсетті. Бізге ажарлы жанарын бір төңкеріп:
— Халық биіне айтар арызым бар еді. Мына жиынға шақырды. Сонан екеуін де бірден бітірейін деп осында келдім, — деп тынымдады.
— Ақын, жайғаса отырыңыз, — деп, ақынға жылы үн қаттым. Қабыл алып, жайлана отырды. Ақынды біздің құрметтей қарсы алғанымызға бізге қызмет істеп жүрген адамдар ұната жымыңдасып жүр. Өйткені ел ішіне келіп жүрген уәкілдер де, бұрынғы сот, тергеушілер де ақындарға ілтипат түгілі қайта оларды маңайларына жолатпайды екен.
Біраз жайлана отырыстан кейін болыстық атқару комитетінің председателінің орынбасары Әбдірахман деген жігіт бір тілі орамды, қызметіне орнықты кісі екен. Сол сөз бастап:
— Сот ағасы рұқсат етсе, мен мына ақын ағамызды таныстырамын, — деп әдеп көрсетті. Біз рұқсат еттік.
— Рұқсат болса, бұл кісі, жаңа өзі есіктен кіре бере айтты ғой, Шашубай ақын. Бұл ақын ағамыздың көп өмірі Жетісу өңірінде өтті. Қырғызға дейін барып, көп ел көрген, көп ақындармен айтыса-тартыса, бойына өнер жинаған кісі. Жасырақ кезінде Қоянды жәрмеңкесінде ат үстінде ойнап, гармоньмен тамылжыта ән шырқап, Біржан салға да сәлемдескен кісі, — деп тоқтады.
Әбдірахманның шежірелеуіне қарағанда, бір өнер иесінің ортамызға келгенін аңғарып, ізетті түрде қабылдап, ақынның кейіп-келбетіне көз жүгіртіп, сабыр тұтып тұрамыз. Ақын да күлдіргі, ойлы көзін әлденеше құбылта қарап, бой сақтай отырды.
— Біз сіздің арызыңызды кейінге қалдырып, бүгінгі кешті сіздің әңгіме, өнеріңізге арнап отырмыз. Бізге сіздің сонау Жетісу еліне барғанда сол елде көріп-білгендеріңіз қызықты әңгіме болар еді, — деп қозғауды өзім салдым.
Менің сөзімді отырған жұрт қоштай жөнелді. Ақын біраз ойланып отырып:
— Басында мен ол Жетісуға Ағыбай батырдың Сопы дейтін баласымен еріп бардым. Қонақжай Жетісу елі Сопыны аса қадірлеп қарсы алды. Жетісудағы қазақ-қырғыз елдері ас бергіш, көкпар тарту сияқты ойынды ете қызықтайды екен. Және ондай жиындарда ақындары айтысып, үлкен сайысқа түсетін көрінеді. Менің ол елдегі ерекше атағымды шығарған гармоньмен шырқаған әнім болды. Айтысқа да түсіп көрдім. Жетісу елінің Қуандық, Сарыбас, Жамбыл деген белгілі ақындарымен де сан рет айтыстым. Сол Жетісуға мен барған кезде Шөже де барды. Шөженің арғы тектері қырғыз болса керек.Сол ата-бабасының елін көремін деп барған екен. Сол жолықты. Шөжемен кездесіп, бірге болып, қырғыз, қазақты біраз дуылдаттық, мен оған іні болып өнерін үйрендім. Сонда Шөженің өз аузынан Кемпірбай ақынмен айтысқанын тыңдап, жаттап алдым, — деп біраз тынымдады.
Ақынның осы бір қызыға жаттап алған екі дәу ақынның айтысын құмарлана айтатын сырын сезіп, соны бізге айтып беруді сұрадық. Оған Шашубайдың өзі де ынталана қолына домбыраны алып, айтысты бұрқырата бастады. Бізді таңдандырған Шашубайдың Шөженің өзі болып көзін ақшаңдатып, домбырасын қармана, кезек келгенде тыпыршыған түрін айнытпай салғаны. Кемпірбайдың да әуелете ақыра айтатын екпінді үнін салғаны ұнады.
Осы айтысты аяқтағаннан кейін біраз демалыс жасап Әбдірахман:
— Шашеке, езіңнің «Aқ қайың» әніңді мына сот азаматтарға шырқап берсеңші, — деді. Шашекең оған да керен ауылдық істемеді. Өзінің әсем, ашық үнімен «Ақ қайыңды» төгілте сілтеді. Осымен Шашубай үнін алғашқы естіген кешті аяқтадық. Ақын тілегін ертеңінде. тексеріп, көңілін тындырдық.
Уақыт керуені зырлап жүріп жатты. Мен қызмет бабымен Алматыға көшіп келдім. Бұл 1935 жылдың жазы еді. Ол кезде «Теміржолшы» газетінде істейтінмін. Июль айының ішінде «Каменское плато» санаторийінде демалып жүрдім. Мұнда Қазақстанның көп жерінен келіп, демалып, емделіп жүргендер болатын. Бізбен бірге демалып жатқандардың ішінде Манарбек те бар еді. Бір күні кешкілікте Манарбекке қолқалап ән айтқыздық. Сонда Манарбектің бірінші айтқан әні Шашубайдың «Ақ қайың» әні болды. Тағы бірнеше әндерді айтты.
Манарбектің әні тоқталып, ән тыңдаушылар әншіге деген ықылас, алғысын айтып толастаған кезде, шеткерірек отырған орта жастағы адам сөйлеп кетті:
— Мені сіздер біле білмессіздер. Мен Қоңырат кенінде істейтін бұрғышы едім. Жолым түсіп сіздермен кездесіп отырмын. Жаңа ана әнші інім Манарбек Шашубайдың әнін айтқанда сай сүйегім сырқырады. Мен сол Шашекеңнің аулынан боламын. Мына Манарбек те бізге бөтен емес. Кешегі бір алай-түлей кезде әркім өз жолымен жан бағып кетті ғой. Біз Балқаш көлінің балығын аулап, жаңа ашыла бастаған Қоңырат кенінде жұмыс істеп, атамекенде қалып қойдық. Ал Шашекең сол жылы жоқ болып кеткен еді. Өткен жылғы күзде ел ішінен Алғазы аралына қатынасқан бір адам Шашубайды сол жерден көріпті. Бала-шағасымен сонда балық аулап, өзі қасқырға, түлкіге қақпан құрып, аңшылық істейді екен, — деп әңгімелегені.
Бізге осы әңгімені айтқан Кенжеқара деген кісі екен. Шашубайдың аман-сау хабарын естіп біз қуанып, әсіресе Манарбек қуанып, ол Кенжеқарадан анықтап, қайта-қайта сұрастырды. Мен де анықтап жазып алдым, осыдан екі жыл бұрын Алматыда халық өнерпаздарының бас қосу мәжілісі шақырылып, Жамбыл ақсақал бастаған халық ақындарының өзара айтыстары ұйымдастырыла бастаған-ды. Манарбек Кежеқарадан естіп алған жобасымен Шашубайдың тұрағын анықтауды міндетіне алып, мен жазушылар одағы ұйымдастыратын халық өнерпаздарының жиналысына шақыртуды іздестіретін болдым.
Уәдесін орындап Манарбек Алғазыдағы ағайындарымен хабарласып, Шашекеңнің тұрағын анықтады. Мен жазушылар одағындағы халық ақын өнерпаздарының жұмысын басқаратын секция адамымен байланыс жасап, 1936 жылғы халық ақындарының жиынына шақыртуды белгілеттім.
Шашубай Алматыға арнайы шақыртумен 1936 жылы келді. Сол жылғы халық ақындарының бас қосқан өнерпаздар кешіне қатынасып, өзінің ежелгі өнерінен «Үш шыбық» ойынын, «Тақия тайтаңы» дейтін өнерін көрсетіп, ән шырқады. Осы жолында ол өзінің қарт әріптесі Жамбыл ақсақалмен дидарласып, сонау бір жылдардағы өлеңмен белдескендерін естеріне түсірісіп, сыр шертісті. Орынбай, Доскейлермен қатар отырып жыр толғасты.
Осы келгенінде Шашекеңе сәлем беріп, енді қарт ақынның өнерін өрістетер күн туғанын түсіндіріп, біраз кеңестім. Сона бір кездескенде жете таныса алмағанымды айтып, енді өмірбаянын өзіне айтқызып, қағазға түсірдім.
— ТТТүкір, біраз жасадық қой. Бұл өмірде сан қызықты да, сан алуан қиындықты да көрді ғой, Шашекең, — деп бастады қарт өнерпаз. — Мен бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Балқаш болысында, Балқаш көлінің жағасында 1865 жылы туыппын. Әкем Қошқарбай шілдесінде шырақ көрмеген кедей еді. Жасым оннан асқан кезде әкем өліпті. Ендігі бас көтерер шешем жарымжан. Үй ішінің қолқанаты болдым. Бірақ жоқтық үйде отырғызбады. Өзімізге жерлес Айтбек деген дәулетті адамға малшы болдым. Ақым екі тоқты. Айтбектің қыстай қойын жайып, ақыма алатын тоқтыны сұрап едім. «Әзір осыны ал» деп бір серкеш бергені. Жетімнің сөзін елер кім бар, арыз айтар жерім жоқ. Серкешті алмай, Айтбектің ауылына бір топ атқамінерлер келе қалғанда үстеріне кіріп келіп, Айбекке:
Мен саған жалданғам жоқ тоқтығымнан,
Алты ай қыс қойың бақтым жоқтығымнан.
Табан eт, маңдай терім сұрағанда
Тулайсың ұстағандай шоқтығыңнан.
Мен секілді кедейдің сыны бар ма,
Ақысын сұрағанның міні бар ма,
Айтбек бай қылжақтамай ақымды бер,
Шашубайда әкеңнің құны бар ма? —
деп түйілдім. Айтбек анау адамдардың көзінше маған қол жұмсай алмады. Бұрын қойшы бала болып жүрген менің өлеңімді отырған адамдар таңдана тыңдасты. Отырғандардың ішіндегі Жобалай деген ақсақал:
— Айтбек, мына баладан ақысын беріп құтылсаңшы, сенің жаныңды қоятын бала емес қой, — деді. Басқалар да Жобалайға қосылды. Айтбек қинала ақымды берді. Сол күннен бастап, менің өлеңге тұсауым кесілгендей болды.
Ел арасында әнші, бала атанып, сері жүріс, айт пен тойдың әуеншісі болдым. Ол кез аламан кез ғой, ел арасында шайпау жүріс, шалыс басар адамдар болмай тура ма.
Менің кәмелет жасқа келген кезімде ел ішіндегі еті тірі бір жансерік досым болды. Соған ілесіп Қоянды думандарына барып, сан алуан өнер дарқандарына кездесіп, ақындық, әншілік өнерімді өрістете бердім. Маған орасан әсер еткен Біржан әні болды. Сәті болып бір жылғы жәрмеңкеге Біржан салда келе қалды. Әрине, ол кезде ел жинап концерт қоятын кез емес қой, тек қымызшының үйінде бас қосып, ел серілері мәжіліс жасайды. Бір күні сондай бір думанның үстінен түскенім. Қалай кездесіп, әнін естіп, өзін көрем деп жүрген атақты әншіні ортаға алып думандап отырған топтың үстіне айт-үйт жоқ кіріп келдім. Отырған жұрт мәз-мәйрам. Тап төрде отырған, сұңғақ бойлы қара кісінің қолында домбыра. Мені ешкім елеген жоқ. Біраздан соң жаңағы кісі басындағы төбесі шошақ құндыз бөркін бір шекесіне сәл қисайта киіп, домбырасын құлақ күйіне келтіріп, «Жамбас сипар» әніне басты. Ән аспандай құйқылжи үйіріліп, сай-сүйекті сырқырата иіндеп тоқтады. Аузымды ашып қалыппын. Шеттер отырған бір кісіден «Біржан осы ма?» деп сұрап едім, ол басын изеді. Қуанып кеттім, ол күні сол үйдің маңынан кетпей, Біржандардың жолың тостым.
Мәжілісі барған сайын қызып, күн батқанша Біржан тобы тарамады. Амалым жоқ, күн бата өзіміздің қосқа қайттым. Түнімен ыңылдап айтқаным «Жамбас сипар» болды.
Ендігі арманым сол асқақ әншіге үнімді қалай естіртіп, бір ауыз сөзін естимін деген ой болды. Бұдан екі жыл бұрын осы Қоянды базарынан он алты баспалы гармонь сатып алғанмын. Сол гармоньға әнімді қосып, ат үстінен теңселе толқып ән шырқайтынмын. Әнді жәрмеңкенің жұрт көп жиналған жеріне келіп, айтатынмын. Ендігі ойыма келгені ана Біржан салдың базар тобына келер кезін аңдып, ат үстінен бір аңыратсам деймін. Ертеңіне өзімнің жан серігім — атымның басына ие болатын серігімді ертіп базар ортасына бет алдым. Базардың бас-аяғына көз жеткісіз, қаптаған жәрмеңкеші жұрт. Біз жағалап жылқы базары тұсына келдік. Өйткені Қояндыға Арқаның жылқылы байлары сан саңлағын топтап әкеліп сатады. Ат құмар сері жұртшылық осы базарда болады. Шетінен аралап жүріп, бір қалың топтың ішінен кешегі Біржан салды көрдік. Айналасы толған жұртшылық Әр елдің атқа мінерлері бар топтала, жылқы базарына көз сала, сөйлесіп Тұрғанын көрдім. Қуанып кеттім. Не де болса белгілі әдетіме басып ән шырқап, ат үстінде ойнақтауды ойладым.
— Бұдан артық сәтті жай кездеспейді. Мен аттардың ер-тұрманын әзірлейін. Өзің әніңе әзірлен, — деп жолдасым жел берді. Топтың бір шетіне шығып, ат үстінде гармонь тартардағы дайындығымды істеп әзірлендім. Жолдасым аттардың айыл-тұрман тартпа, үзеңгі бау, өмілдірігін әбден қарап, дұрыстады. Сонан мен гармоньды алып атыма міндім. Жолдасым менің атымның шылбыр тізгінін қолына алып, әдеттегі жүрісін бастады. Мен ат үстінде теңселе толқып, гармоньды оңды-солды сермеп, әнді шырқадым. Жолдасым аттың басын әлгінде көрген Біржандар тұрған топқа қарай бастады. Топты жара, аттың екі жағына теңселе толқып, шырқап келем. Базаршы топты қақ жара Біржандардың тобы көрінген кезде әнді ойнақтата, аттың құлағында ойнадым. Біз таяна бергенде Біржандар тобы таңдана қарағандай болып бізге жол аша берді. Мен онан сайын желіге ән салдым. Біз қасынан өте бергенде Біржандар тобынан бір жігіт бізге таянып келіп, ән аяқтаған сәтті тосып:
— Сіздерді Біржан сал бұрыла кетсін, деп тұр, дегені. Қуанып кеттім. Жолдасым атының жетегін бұрып салдың қасына келіп, өлеңдете сәлем бердім. Біржан жымия қарап, қолымен ишарат етіп мені шақырды. Қолымда гармонь аттан түсе қалып «Ақ қайыңды» шырқап жібердім. Әнді аяқтап, салдың алдына келіп басымды иіп тұра қалдым. Біржан сабырлы үнмен аты-жөнімді, қай жерлік екенімді сұрады. Айтып бердім.
— Жарайды, жігітім, өнер қуған жастың бірісің ғой. Өзің ешқайда кетпей, бүгін біздің қасымызда бол, — деді.
Қуанышым қойныма симады. «Құп болады, аға» дедім. Гармонымды жинап алып, атымның басын өзім ұстап, салдың тобына кірдім. Біраздан кейін Біржан топты бастап, базарды қақ жара, кешегі қымызшы сұлудың үйіне келіп түсті. Біз де түстік. Қымыз сапырылды. Мәжіліс дуылдап, ел қалауы әнге көшті. Сөз әнге ауысқанда Біржан маған ойлана қарап:
— Жігітім, әнді айтар жерің келді. Мына жұрт менің әнімді күнде естіп жүр ғой. Бүгін ән кезегі сенікі, — деді. Менің бар мақсатым осы бір ауыз сөзді есту! Өзім білетін арқаның әндерін сілтедім. Біржанның өзі әнімді ұнатып, кейде көтермелеп қойғанда төбем көкке жеткендей болып, әнді екілене сілтедім. Анау отырған жұрттың да сүйсінді, қабақ, көтермелеген үні рухтандырып отыр. Бір кезде Біржанның: «Енді дем ал, — деп домбыраны қолына алып, баяу қоңыр үнмен:
Арқада кім тумаған өнер кернеп,
Сайрадың сырнайыңды көкке сермеп,
Тартынба, талабыңды тарықтырма,
Айта бер өрістетіп әннен өрнек, —
деп батасын бергені. Осымен бұл мәжіліс аяқталғанда:
— Біз ертең, мына жәрмеңкеден үйге қайтамыз. Әнші жігіт, ойының мен әніңе қарағанда өнерлі екенсің, — деп Біржан маған көңілді қарады. Мен орасан қуанып кеттім. «Асыл аға, ертең өзіңізді шығарып салуға келем», — дедім. «Жарар», — деді ол.
Ертеңіне ертелеп келіп.Біржандармен бірге ілесіп, екі күн бірге болып, Ақмола еліне қарай шығарып салдым.
Мен осы жәрмеңкеден өте олжалы қайттым. Олжам Біржанның өз аузынан «Жамбас сипар», «Шідер» деген екі әнін үйреніп, өзімнің ән байлығымды молайттым. Жәрмеңкеден елге оралысымен «Ағыбай елі» дейтінбіз бұрынғы шұбыртпалы елін, сол елге бардым. Батыр ауылына бұрында бірер барғаным бар еді. Ол бір сауықшыл, ер көңілді ауыл ғой. Менің үйір болып, танысқан адамым Ағыбай батырдың Сопы деген баласы еді. Сол Сопы мені қуана қарсы алды.
— Шашубай, шақырғандай тура келдің. Мен мына Жетісу жаққа, ана қырғыз елінің шетіне дейін барып қайтуға дайындалып отыр едім. Менімен сол жаққа барып қайтуға қалайсың, — дегені. Менің мақсатым жер көру, ел көру, құп болады дедім. Қойшы, Сопыға еріп Әулиеатаны бетке алып жүріп кеттім. Жолы қиын болғанымен, қызықты жүріс болды. Жолдағы елдің бәрі де құрметтеп қарсы алды.
Сопының бұл жаққа келгендегі кездеспек адамы Пішпек қаласында тұратын Қали деген ертеректе келген қазақ екен. Ол кісі бұл Жетісу еліне қырғыз-қазаққа қадірлі аса дәулетті адам екен. Өзінің балалары оқыған, өте сәнді тұратын мол қолды, кең пейілді бір ер адамдар болды. Сопы күзде елге қайтты. Мені Қалидың балалары әнші, ақын етіп ұстап, алып қалды. Мен содан Жетісу елінде он жылдан аса тұрып қалдым. Бұл Жетісу елі, ас бергіш, сауықшыл, әсіресе ақындар айтысын дәріптейтін ел екен. Мен сол айтысқа араласып Ұлы жүздің сол кездегі белгілі ақындарымен айтыспағаным болған жоқ. Сарыбас ақын, Қуандық ақын, Майкөт ақынмен де кездестім.
Менің Жетісу еліне бармаған қала, араламаған ауылым болмады. Бірде Алматыға келіп, осы қаладағы Баубұлан, Баймолда дейтін ағайындарды тауып, солардың қолында болдым. Осы жүрісімде мен Жетісудың ең атақты ақыны Жамбылмен кездесіп, айтыстым. Менің Жетісу ақындары арасындағы айтыс-айқасымның ең айтулысы да осы Жамбылмен кездесу болды, — деді Шашубай ақсақал бұл жолғы әңгімесін аяқтап.
Енді Шашубайдың сол Жамбылмен айтысқанынын, бастан-аяқ ішінде болған, соны барынша өрнекті түрінде айтып берген Ыбрайым Бейсембет баласы деген ақсақалдан жазып алғанымды келтіре кетейін.
Ыбырайым ақсақал Жамбылға жақын ағайын. Өмірі іргесі ажырамаған жерлесі. Өзі ақындық құрмағанымен ауыл арасында жаттанды өлең, қайым айтыстың адамы болған. Жамбыл-Шашубай айтысын ылғи айтып жүретін болған. Ыбырайым ақсақал ата таратуда да шежірелігі бар.
Ыбырайым ақсақал Жамбыл мен Шашубайдың айтысқаны 1904жылы болғанын дәлелдейді. Үмбетәліде, Өмірзақ та тап осы Ыбырайым айтқан жыл мөлшерін мақұлдайды.
Шашубайдың ақындық, композиторлық енерінің өрістеуіне сабақ болған өзінің ізденгіш, алғыр өнерпаздығының ұшқыны болса, отан леп беріп, қанат қақтырған Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, енер салыстыратын халық өнерпаздары болған. Шашубайдың ән өрнегін аршынды құйқылжытуында бірінші үлгі алған атақты Біржан сал, ал Жетісу еліне келгенде кездесіп сапарлас болған адамының бірі Шөже ақын. Сол сияқты ол сонау елде жүрген әуеніне еліктеп ән шырқаған бір ұстазы — Әсет ақын болған. Әсетке ол осы Жетісуда да кездесіп, бірсыпыра сайрандас болса керек.
Шашубайдың өзі шығарған әндерінің ертеден елге әйгілісі «Ақ қайың», «Кербез кер», «Жамалға», «Жетім қыз», «Мамық», «Майда қоңыр», тағы бірнеше әндері болған. Шашубайдың бір ерекше әні «Сырғақты».
Шашубайдың әншілдік, ақындығымен қатар ерекше бір өнері ат үстінде бірде иығымен шаншылап, бірде аттың екі жатына кезек төңкеріліп, гармонын сұңқылдататын ойнақы. Шашубай үш сабауды саусағының басына қондырып ойнататын өнерін осы Алматыға 1943 жылғы айтысқа келгенде де көрсетті. Ал, тақиясын басын шын айналдыра ыршытқанда ойнақ қағып, көз тұндыратын-ды.
Шашубай, сегіз қырлы өнер өрені, өзгеше талант еді. Егер өнерге баулыр өрісті бүгінгі мектепке кездесе қалса, дүние жүзіне әйгілі өнерпаз болар еді.
Шашубайдың өнерін совет өкіметі жоғары бағалады. Кешегі ұлы Жамбыл бастаған қазақ халқының қадірлі халық ақыны атағын алды.
Шашубай шығармалары «Сөйле Шашеке» деген атпен 1942 жылы жеке жинақ болып басылып шықты. 1941 жылы Шашубайдың ақындық, әнші-композиторлық өнері жоғары бағаланып «Қазақстанның өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ берілді.
1945 жылы «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Шашекең осы құрметімен 1952 жылы 87 жасында дүние салды. Артында өшпес өнері, ағыл-тегіл әншілік, ақындық мұрасы қалды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі