Өлең, жыр, ақындар

Көңіл қоңырауы Майра

Қызы едім Уәлидің атым Майра,
Отыз тіс көмекейде тілім сайра.
Қолыма гармонь алып жөнелгенде
Ілесер сонда маған жігіт қайда.
Айра, Майра,
Айра, Майра, —

деп, жүз бұралып, тоқсан толғап ән шырқаған,

Мойным жүзген қудай иіледі,
Орта жүз ән шырқасам сүйінеді, —

деген. Біржан салдың салдық, еркелік дәстүріне еліктеген, аққудай қылаң, тотыдай сылаң, жаны сері, жарқылдаған Майраның аты қазақ халқына өзі тірі күнінде-ақ мәшһүр еді. Бірақ Майраның кім екенін, оның қайда туып, қайда өскенін елдің бәрі біле бермейді. Өйткені, Майраның атын әнінен есіткені болмаса, оның кім екеніне үңіле қараған да ешкім болмаған. Олай болуының себебі өзінен-өзі ашық. Ұлы октябрь революциясына дейін таңдайын бал тамған талай ақын, көмейінен ән гүлі төгілген талай бұлбұл екі ауылдың арасынан шыға алмай булықты. Патша чиновниктері мен қазақтың болыс, билері халық өнерін қадірлеп, оны өрістету түгіл, тұншықтырып, құртуға асық болды. Мен өмірдің гүлімін, халқымның бұлбұлымын деген Біржан сал, Ақан серілер әдемі әні үшін өмірден соққы жеді. Тұщы етіне ащы таяқ тигізді. Мұңын айтар, шерін тарқатар жан таппады, адам көрмеген қорлықты көрді.

Бірақ Азнабайдың Біржанға сермеген қайыс қамшысы өзіне лағнет қамшысы болып соғылды. Біржанның жылап айтқан әнін есіткенде бүкіл қазақ халқы әнге қосылып жылады. Қандай қысымшылық болса да халық өнерді, әнді, күйді сүйген. Ән-күй арқылы ішіндегі шерін тарқатқан. Сондай қысымшылық заманда туып, өскен Майра да өзінің бойындағы өнерін еркін өрістете алмаған. Әсіресе шариғаттың шырмауына түскен шығыс әйелдерінің қосағына Майра да қосақталған. Ол да қыз болып қырық үйден тыйым көрген, ата-ененің алдында құрдай жорғалаған келін болған. Бірақ туыста біткен өнер, айналасын анық көре білген зеректік, еріксіз кигізген ноқтадан басын сыпырып, жаны сүйген әнін, жан серігі гармонын қолына алып, белін қырық бұралтып, әнімен құлпырған.

Кеңес өкіметі орнаған кезде Майраның жастық жалыны қайтыңқырап, бұрынғы көрген қытымыр түнегіне тұншыққан кезі еді. Онымен қатар көркемөнердің бойы өсіп, бұғанасы қатпаған кезінде Майраны ешкім зерттеп, оның әсем әнін, сүйегіне біткен жайдары мінез, жарқын жүзін жұртшылыққа таныстыруға ешкім көңіл бөлмеді. Бірақ Майраны халық өте жақсы көрген, оның әнін бір естіген адам, екінші рет естуге құмарланып, асық болатын болған. Майраның өзі де думанды, сауықты, еркіндікті ерекше сүйген. Сондықтан да өзін сүйген халықты ол да сүйе білген. Халықтың алдында қолына гармонь алғанда тоты құстай құлпырып, халықты өзіне тартып алатын болған. «Неғұрлым көпшілік бас қосқан жерде иығы көтеріліп кетуші еді», — дейді көргендер.

Майраның туып, өскен жері осы күнгі Павлодар облысы, Павлодар қаласы ол кезде Кереку аталатын. Сондықтан әнінің аяғындағы қайырмасын бір түрінде:

Айра, райра, Керекулік Майра
Дайда, дайда Дара-раку райра, —

деп, туып өскен жерін жанындай жақсы көріп, әнмен өшпейтіндей етіп айтып кеткен.

Майраның әкесі ақсақ Уәли деген сол Керекудің тұрғыны, шала қазақ, шешесі Қатира қазақ қызы болған. Уәли күн көру үшін ноғайша бөрік тігіп, соны кәсіп еткен.

Сондықтан оны Кереку қаласының халқы бірде ақсақ Уәли, бірде бөрікші Уәли деп атаған.

Уәли мен Қатира әрі ұлы, әрі қызы жалғыз Майраны өз әлінше еркелетіп өсірген.

Майра кішкене күнінде ноғай молдасынан дін оқуын оқып, аздап сауатты да болған. Үйімен көрші тұрған орыстың кішкене баласымен бірге ойнап өсіп, орысша тілді де жақсы білген. Майра жас кезінде-ақ әнді, өлеңді жақсы көріп, кішкентайынан гармонь тартуға құмар болған. Гармоньды ерте тартып, жақсы ойнай білген соң қоңыраудай сылдыраған әдемі даусын қосады, сүйтіп гармонына әбден жаттығады, жасы 13-14 шамасына келгенде-ақ Майра Кереку қаласына белгілі әнші қыз, ойын-той, шілдехана, қынаменденің көркі бола бастайды.

Білеміз деген замандастарының айтуына қарағанда Майраның әкесі бір жылы күз айында күн көріс мақсатымен Баян жәрмеңкесіне барып бөрік тігеді, шешесі қамзол тігеді. Майраның құлпырып Тұрған кезі еді. Сол жәрмеңке кезінде Баян қаласының саудагер бай ноғайы Томашев Ғарипан бір ойын кешін істеп, сонда Баян, Керекудің бай саудагерлері, оқығансымағы жиналады, сол ойынға Майра да келеді. Онда аса мәшһүр болмаған кезі. Бірақ Майраның әнші екенін білетіндердің сұрауымен гармонын алып, ән салады. Гүл шыбықтай майысқан сұлу қыз сандуғаштай сайрап, тоты құстай құбылып ән төгеді. Керекудің бұрқыраған құмды, тұнжыраған түтінді қала үйінің аласа қабырғасында булыққан, мақау көшесіне соғылып, бойын жаза алмай жүрген еркіндіктің сандуғашын Баянның көк бұйра қарағайға бөленген сахара асқар шыңының аясында күміс табаққа құйған шәрбәттай сылдыр қаққан Сабындыкөлдің мөлдір суы асыра аспанға көтереді. Майраның дауысын жаңа естіген халық әнге ұйиды. Есерсоқ қалтасына сенген саудагер, шекпеннің түймесіне мәз болған төресымақтар... ғашық болады.

Бұл жиынға атақты Шорман тұқымынан шыққан жас болыс Заржан да келеді. Аузынан жалыны шыққан албырт болыс әрі кедей, әрі қорғансыз шала қазақтың әнші сұлу қызын сән үшін тоқалдыққа алмақшы болады. Парақор Ұлық, жалпы етек атқа мінерлердің қаңқуы қан көкірек есер болысты одан әрі желіктіреді. Бірақ оңды-солын жаңа танып келе жатқан әнші қыз Заржанның сөз айтқызып жіберген кісілерін қабылдамай, кері қайтарады. Уәли мен Қатира қызының еркіне қол сұқпайды. «Баланың өзі біледі», дейді. Бұл шолжың болыстың намысына тиеді.

...Уәли, Қатира, Майра үшеуі шүңкілдесіп отырған Кәрімжан үйінің кішкене бөлмесі (бұл Баян қаласындағы бір жатақтың үйі) бір іңірде астан-кестен болды. Қамшысын білеген қанды ауыз қаныпезер шабарлар, айтаққа желіккен иттей үш сорлыға сап ете түсті. Дәрменсіз ата-ана еңіреп, жылап-сықтап қала берді, жас Майра бөрі алып қашқан лақтай рақымсыз қара күштің шеңгеліне ілінді. Қара түнді қақ жарған ащы дауыс алуға келген қара жүректің жүрегін жібіте алмады. Уәли мен Қатираның жылаған-сықтағанын ешкім құлағына ілген жоқ. Сол жақтан Майра ұзақ жоқ болды.

Майраны ұры-қараның ұясы болған Ефимнің шешесі Маша кемпірдің сәкісі жұтты. Майра жеті күндей сәкі астында тұтқында болады. Майраның дерегін біле алмай, жылай -зарлай Керекуге қайтқан жәрмеңкешіге еріп Уәли, Қатира кетеді. Көп-көрім әдемі Майра, тоты құстай құбылған әнші Майра торға түскен торғайдай шырылдап, қара жүрек озбыр болыс Заржанның тұяғына ілігіп, Ақкелін өзенінен бірақ шығады.

Заржанның алдына шығып, мынауың теріс деп айтып көрмеген «Шөрекемнің бекзада» ұрпағы көріне ешнәрсе дей алмайды. Бірақ Шорман тұқымының бұрынғы салтына қайшы ауыз толтырып айтар төркіні жоқ, төрді толтырып безентер жасауы жоқ, көктен түскендей ойда-жоқта ғайыптан пайда болғандай кедей шала қазақ кекірейген тік аяқ қызына төбе шаштары тік тұрады. Бастығы Сәдуақас (Сәкен) ақсақал болып, бұл біздің тұқымға лайық емес, бір сиқырмен болған әңгіме деп, келмей жатып неше түрлі өсек таратады. Заржанның бәйбішесі келгеннен-ақ кірпідей жиырылады. Заржаннан қорыққаннан ғана көрінеу ешнәрсе істей алмайды.

Әрі ықтиярсыз келген, әрі ақсүйек Шорман тұқымының шуылдаған қаңқуына түскен Майра қапалақтың қара түнегіне шомады. Бірақ түскен торы мықты, оны үзіп шығу қолдан келмейді. Барар жер, басар тауы жоқ, көзінің жасын, көкірегінің шерін өзінен басқа ұғар кісі таппайды. Оның жүдеген жанын, өлусіреген бойын көтеретін қуаты — жан серігі әні, гармоны болады. Ол Шорман ауылының сасық менмендігіне әнін қару қылады. Көкірегін кернеген шерді гармонының үнімен күңірентіп сыртқа шығарады.

Майраның шашбауын көтергендік емес, өзінің екі ауыл болғанын мақтан ету үшін Заржан Майраны бойдақ малына ие етіп Бөлек ауыл қондырады. Майраға бұл біраз тыныс болады. Ыбырайдың Жарының қызы көк дауыл бәйбішенің қысымынан шығып, өз қолы өз аузына жеткендей. Өзгесін былай қойғанда, гармоны мен әніне аздап та болса еркіндік тиеді. Өмірдің басқа өрісі тарылғаннан қанша ойланып бұлқынғанмен, енді босанып кету қолынан келмейтінін ұғынған Майра қайратқа мінеді. Аузы алты қарыс күндестің аңдыған-баққан өсегіне, бай ауылының бықсыған сасық әдет-ғұрпына қарсы тұрады. Аюдай алысады. Әрі тілді, әрі өңді, өзі істі, әнші, гармоншы Майра Заржанға айтқанын істетін дәрежеге жетеді.

Заржанның алдында беделді болуы Майраның Шорманның басқа тұқымын жалындай шарпып өртейді. Олар неше түрлі қауесет таратады.

«Ойбай, бұл адам емес екен, «жуһа» жылан. Күндіз адам, түнде ел ұйықтағанда жылан болады екен, пәленше-түгеншелер көріпті» деп, шын ғып мөлдіретеді. Әздерінің таратқан өсегін шындыққа айналдыру үшін Майраның халық сүйген жайдары мінезін, сүйекке біткен серілік, бойына біткен әншілік қасиетін кірлету, халыққа жексұрын етіп көрсету үшін от ауызды, орақ тілді өздерінің жалдамалы өсекшілерінің ауыздығын алады. Ойдан шығарып өтірік айтқызады.

«Майра түнде шам сөндірмей ұйықтайды екен, егер шам сөнсе, талып, есін білмейді, өйткені шам сөнсе, оған жылан реңді пері келеді екен. Әсіресе ол Заржан келіп қонған күні шамын сөндірмейді» деп өсек таратады. Осыны естіп Майра үйінің жұмысындағы бір әйелге Заржанның бәйбішесі көп ақы беріп, Заржан келіп қонған күні шамды сөндіртеді. «Бір уақытта Заржан ояныпты, сүйтсе, үйдің іші жап-жарық, есіктен төрге дейін өріп жүрген жылан жарқ-жұрқ етіп ойнайды. Шошып кетіп Майраны оятса, Майра оянбайды. Тіпті дыбыс бермейді. Сонда Заржан да талыпты-мыс, әлден уақытта есін жиса, таң атқан екен, үйде жылан жоқ. Майра өзінің басын сүйеп отыр екен, Заржан содан шошынып ауру болыпты. Бірақ өлтіріп жібереді деп Майраға айтуға қорқыпты. Заржанның бүкіл Шорман болып жабылғанда да Майраны тастамауы осыдан екен», деген неше түрлі өсек тағы тарайды. Бірақ бұл есектер өркөкірек, жауына жасымайтын Майраны кемітпейді, қайта ол өрлей түседі.

Өз билігі келетін дүниені мұқтаж адамдарға беріп, қолынан келген көмегін аямайды.

Майра Заржанмен бірнеше жыл отасады, бірақ бала көтермейді. Байдың аулы оның өзін бірнеше саққа жүгіртеді. Майраны ол өсек те жасытпайды, ол онан сайын серігі гармонын тартып, көңіл ашар әнін аңыратып, өзін-өзі сергітіп, жұбатып, қапастағы өміріне қайрат береді.

Осы жерде Майраның сол бір көздерінде кейбір ерекше мінезін есіне алған Асфандияр қарт айтқан бір әңгімесін келтірейін. Асфандияр сөзін желіксіз айтатын, шыншыл, оқыған-білгені өте көп, бір шежіре адам болатын. Бір кешкілікте опера театрының жанында жасанды көлшіктер жағасында отырғанда, су жәйінен сөз қозғалып, осы бір әңгімені айтқан еді.

— Ол кезде Семейдегі қалалық мектепте оқып жүргем. Сол жылы жазда ауылға келдім. Ауыл Қаракөлдің жағасына айнала қонып, жайлау жазы шалқып отыр екен. Қаланың шаң борап, тас пен құмы есіліп жатқан көшесінен көк шалғынға келіп көсіле жүрген ерекше өзгеріс қой. Осы бір сәулетті күндердің бірінде қыстай қалада болып, ел сағынған көңілмен ауылдарды аралағым келді. Менің қиялымды тылсыммен біліп отырғандай Заржан ауылы бір тамаша мәжіліске дайындалып жатыр екен. Осы жайлауда бас қосқанда жасалатын дәстүрлі мәжілісті Заржан Майраның ауылында өткізетін болыпты. Сол мәжіліске Сәкен ағайды Заржанның өзі келіп шақырған екен. Соған барғалы отырған үстіне мен қаладан келдім. Сәкен ағай:

— Асфандияр, келе қалғаның жақсы болды. Ертең Заржан ағаңның, ана әнші жеңгеңнің ауылына барамыз, — деп мені өлеңдетіп қойды. Әрі ел сағынып, әрі ән сағынып келген мен қуанып кеттім. Ертеңіне Заржан ауылына Сәкен ағай бастаған топ болып келіп жеттік. Құрметпен қарсы алды.

Ондай үлкендер бас қосып, әңгіме айтысып отырған жер тәртіпті, инабатты болады ғой, тіпті көңілді болады. Майра шай дастарқанын жасап, қымыз тостағандарын тәртіптеп қойды, сылқым сындар сипатымен кішілік қызмет істеп жүр. Ана Сәкен аға отырғанда Майраға ешкім де сырнай тарт дей алмады.

Әңгіме бір кезде Қаракөлдің бетінде жүзген қаз бен үйрекке, шағала мен бірқазанға көшіп, Сәкен ақсақалдың қырандары сөз болды. Осы мәжіліс ішінде Заржанның тілмәші орысша оқыған Нұржанов Әбіш деген кісі Сәкен ағайға:

— Сәкен аға, сіздің ана тұйғыныңыз күніне қанша құс алады. Мына Қаракөлдің құсын бір қырғызбайсыз ба? — деп әзілдей сұрақ қойды. Әбіштің бөспе мінезін ақырындап әжуалайтын Сәкен ағай:

— Әбіш-ау, сен әрі орысша семинария бітірген, әрі осы Арқада туып өскен сахара азаматысың, кейде балаша сөйлейтінің қалай. Алдымен қай қыранның қай кезде құсқа салынатынын біліп алмайсың ба. Тұйғын деген құс екі тұқымнан болады. «Мырза тұйғын», «Құл тұйғын» деп атайды. Мырза тұйғын дегені бірер құс алып, соның қаны қауырсынына тисе қайтадан құсқа ұшпай отырып қалады. Ал құл тұйғын ондай қан тигенді елемейді. Күйінде болса күніне бірнеше құс алады. Көбінесе тұйғындар үйрекке оңтайлы. Қазға соқтыға бермейді. Менің ана тұйғыным мырза тұйғын. Ол құсты көп ала бермейді. Және есіңде болсын, үйрек, қаздың балапан ұшырар кезінде ешбір құсбегі қыранын қырық күн шілдеде құсқа салмайды, — деп қыран құстар жайлы құсбегілік кеңес айтты. Тағы да Әбіш қарап отыра алмай:

— Сәкен аға, осы отырған жұрт, сіздің рұқсатыңыз болса, Майраның әнін тыңдағысы келіп отыр. Мына отырған мөлдіреген жастар мынадай әсем күнде әннен әсер алсын да. Осыны сұраймыз. Сіз рұқсат етсеңіз, Майражан гармонын саңқылдатады ғой, — деп суырыла сөйледі. Сәкен аға ән, әдебиет деген халық өнеріне жастардың оқуға деген ынтасын ерекше қуаттайтын кісі еді:

— Әнге, өнерге кім қарсы болады. Әбіш, сен мені жастардың өнер-сауығына қарсы кісі деп ойлайсың ба? Тек әуейілік, дарақылық болмасын дейтінім бар. Майражан именбей-ақ әнін шырқасын, тыңдалдық, — деп, ажарлы қабақпен Заржан ағайға қарады. Заржан Сәкен ағаның «әуейілік, дарақылық болмасын» деген сөзін ескере, Майраға қарап:

— Сәкен аға айтқандай, ән әуейілік лебі емес, адам жанының әсерлі сезімін оятар екенін көрсете бір шырқа. Ұялма. Мына Әбіштің бөспелігінің арқасында ағаның рұқсаты болды ғой, — деді. Майра сыпайы сызылған кербез де келісті қозғалысымен гармонын алып, әнін шырқады. Сондай әсем шырқады. Жаздың жайнаған осы бір күнінде Қаракөлдің шалқыған айдынының ығындағы шалғынға бөленген ауыл атырабы әнге бөленді. Біз әнді құмарта тыңдап, Сәкен ағаның өңіне көз жүгіртеміз. Ол кісі Майраның әнін онша ұната бермейді дейтін ауыл ішінде өсек те бар-ды. Сәкен аға әнді ұнатып, өзі бірер әнді қалап айтқызады, — деп Асфандияр әңгімелеп еді.

Майра өзінің шырқаған, асқақтай ағындата айтатын әнінен Бөлек, сол күндегі бостандыққа қолы жетпеген, мал мен шалдың құрбандығы болған қазақ қыздарының әнін көбірек айтатын болады. Әсіресе оның жақын көріп айтатыны Зұлқияның әні-ді. Еріксіз малға сатылып, шалға барған Зұлқияның әні оның ішкі шеріне ем болғандай жаралы жанын сергітеді.

Қызы едім мен Зұлқия Оспан байдың
Қолында Әбілқасым болыснайдың.
Тақсыр-ау мизамыңа мүмкін болса
Алдыңнан кішілікпен жол сұраймын, —

деген Зұлқияның зарлы-жалынышты өлеңін айтып өксігін басады. Майраның әсіресе арман ететіні туыста біткен өнерінің өрістемегені, халықтың көкейіне қонып, құлағына жаққан әдемі әні Шорман ауылының түкпірінде бықсып сөнген шоқтай өшкені болады.

Заржан кірне болып ауырады. Қазақтың кірне дегені соқыр ішек. Мұны өсекші ауыл Майра Заржанның басын айналдырып, «жады» қылыпты, қаймаққа араластырып тырнағын беріпті, сол барып қарнына қадалып миына шауыпты деп өсекті бұрынғыдан да судай сапырады. Бірақ Заржанның ауруы, кәдуілгі соқыр ішек, тек операциямен жазылатын ауру.

Шорман ауылына күйеушілеп келіп жүрген оқыған жігіттің кеңесімен Заржан Омбыға операцияға жүретін болады. Сәдуақас өзі бас болып алып барғысы келеді де, Заржанды күтуге әрі орысша тіл білетін Майраны ертпекші болады. Бұл жерде Майраға сездірмей Шорман тұқымы сұрқия қулық ойлайды. Онысы Заржан жазылсын, өлсін, әйтеуір Майрадан құтылу, Керекуге апарып тастап кету болады.

Заржан операциядан шығады, бірақ дәрігердің операциядан кейінгі тапсырмаларын орындамай операцияның орны жыртылып, қайта ауырып Омбыда өледі. Шорман ауылынан барғандар Омбыдан қайтқанда Майраны Керекуге қаңғыртып, жалаңаш тастап кетеді.

Майра бұған бір жағынан қорланса, екінші жағынан қуанады. Өйткені Шорман ауылының шуылдаған өсегінен, жанын жеген қаңқуынан, қорлауынан құтылады. Бұл кезде Майраның әкесі өлген, шешесінің қолына келеді. Майра әніне еркіндік алып, Кереку қаласының думаны болады.

Майра бойындағы өнерін өрістетуге еркіндік алады. Бір ғана қазақ әні емес, ол ноғайша да, орысша да жақсы айтатын-ды.

Кереку қаласының ноғай, қазағы Майраның әнін өте сүйсініп тыңдайды. Ойын-сауықты аңсаған халық асқан әншіні тани біледі. Бұл кезде Майраның өзі шығарған атақты әні халыққа жайылып, ат айдаған жүкші, кәсіп іздеген жұмысшы, күн ұзын сарылып қой артындағы қойшы Майраның әнін бірінен-бірі қағып алып үйренеді. Елден елге ән қыдырып, алыстағы ауылдарға барады.

Майраның әні кеме матростарымен ілесіп Семейге келеді. Сері жүректен серпіндей шыққан екпінді әннің магниті Семей бозбаласының жүрегін есіткеннен-ақ өзіне тартады. Әнін естіп, өзін көруге сан бозбала құмартады. Осы кезде Жаңа Семейдің Тұрғын жатағы әрі орысша оқыған, әрі сері Әбілмәжін Керекуде Майрамен танысады. Ерге ер, серге сер, бірі әнші, бірі палуан бірін-бірі сүйеді, Майра оған еріп Семейге келеді.

Бұрын атын естіп, әнін ауызынан естуге құмартқан Семей халқы Майраны өз көздерімен көреді. Әдемі әнге сусындайды. Бұл 1918 жылдың іші, Семей қаласы алаш Ұлтшылдары мен Колчак, Анненков жендеттерінің қолында болады. Күрессе жығатын, кедеймін деп кеудесін бастырмайтын Әбілмәжін бай балаларын тағы бір табанына салады, өйткені атағы жер жарған әрі сұлу, әрі әнші, өмірдің гүліндей Майраны алып келеді.

«Майраны алдап әкеліпті, баймын деп өтірік айтып нандырыпты, Майра бұзылып кеткелі жатыр», деп неше түрлі өсек жаяды. Қалайда Майраны Әбілмәжіннен айырудың әрекетін істейді. Бірақ істің шыны олай болмайды. Серілікті, ерлікті, думанды сүйген Майра жаны сері ер жігітті шын сүйеді, оның кедей екенін көре тұрып келгенін өлеңмен айтып, өсекшілерге, қалтасын бұлдаған бай балаларына өлеңмен жауап береді:

Әр істің ақырында сабыр жақсы, Пайдасыз жиған малдан қадір жақсы. Жігіттік бір атыңды шығармасаң Жүргенше өйтіп тірі қабір жақсы.

Керекуден шешесін көшіріп әкеледі. Майра бұл келген кезінде атақты Әміремен кездесіп танысады. Кереку, Семейдің екі бұлбұлы дауысын бір жерден қосып шығарады. Талай мәжілісте қатар отырып, екі жүйрік үзеңгі қағысып жарысады. Майра бір ғана Әміре емес, Алмағамбетке де кездеседі (Абайдың әншісі). Бұрын өзі естімеген Абайдың неше түрлі әндерін естіп, Алмағамбеттен үйренеді.

Ән ажалға ара тұрды. Ақтардың жендетіне арқа сүйеген қала байларының балалары үйіне большевикті тықты деп Әбілмәжінді ақтарға көрсетеді. Әбілмәжінді ұстауға, үйін тінтуге ақтар келгенде күйеуін және Екібастұздан келген бір большевикті Майра қораға тығып, өзі ақтар келе жатқанда гармоньды алып ешнәрсе білмеген кісі болып ән салып отырады. Тінтуге келгендер келіншек гармонмен құйқылжытып айтқан әсем әнді есіткен соң есі шығып, әнге алданып, өздерінің келген жұмысын ұмытады. Бұлар әнге алданып отырғанда Әбілмәжін қасындағы жұмысшыны алып қашып шығады. Басқа бір жерге барып тығылады. Сөйтіп, Майра тапқырлық өжеттігімен, әсем әнімен ерінің, әрі бір большевиктің өмірін сақтап қалады.

Асықтың арасын, қосақтың қойнын аңдитын сұмырай өсек кімнің арасына жік салмаған. Азған адамның азғын дәстүрлі қай татуды айырмаған. «Аумас көңіл, айнымас жүрек жоқ» деп адам баласын опасыздыққа азғырған азғын ауыздан шыққан азғын нақыл, сұмдыкер сұрқия өмір Әбілмәжін мен Майраның арасына да жік салды. Алаш қаласының сол күндегі азғын қоғамы екеуін айырады, шешесі Семей қаласында қайтыс болып, Майра туған жері Керекуге жалғыз қайтады. «Дос тұттым, болдым жақын, соңына ердім, басқадан сені өзгеше артық көрдім», деген екі жол өлеңі арқылы ауыр күндерде «азамат еді» деп етегінен ұстаған бір қарлығашқа ықтасын бола алмаған жігітке деген екпесін де, оны мәңгі аңсап өтер арманын да жеткізген. Бұл Майраның «Бақша» деген өлеңінің шығуына негіз болған.

Бұл кезде Совет өкіметі де орнайды. Майра бұрын естімеген Абайдың Европа өрнегімен жасалып шыққан классикалық әндерін Абайдың әншісі Алмағамбеттен ауыз екі естіп, үйренеді. Әміреден де көп ән үйренеді. Керекуге Майраның қайтып келуі Кереку қаласын аса қуантады. Майрамен еріп Семейден жақсы әндері келеді. Кереку халқы бұрын естімеген Абайдың әнімен танысады.

Майраның Керекуге келген кезі Колчак бандалары Қызыл Армияның соққысына ұшырап, жосыла қашып жатқан, жергілікті Совдеп ұйымдарының үкімет билігін қолына ала бастаған кезі еді.

Көп ұзамай-ақ революциялық ұйымдар билікті қолға алады да қала еңбекшілері жаңа дәуір, теңдік, бостандық кеңістігіне еркіндей кіреді. Революция рухынан нәр алған жергілікті жастар ұйымдары ойын-сауық кештерін ұйымдастырып дүрбелең, аласапыран үстінде жабығып қалған қала халқының көңілін көтеру, революция ұрандарындағы ән-күй, өлең, әңгімелер насихатын өрістету кезеңі басталады. Осы бастамаға жергілікті еңбекші қауымның жетекшілері өздерінің өнерпаз жерлестерін сахнасына шақырады.

Осы бір алғашқы өнер қарлығаштарының ұясын орнатып, бастаушы тобы құрылғанда алдымен ән бұлбұлы Майра шақырылады. Көптен сағынып оралған және өзінің туып өскен қаласының жұртшылығымен дидарласып, Семейден алып қайтқан жаңа әндерін шырқауды арман етіп жүрген Майраға бұл үлкен қуаныш болады. Майра кешті Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашты. Майраның өз әнін көптен естімей аңсаған көрермендер:

— Майраның өз әнін сағындық, соны да айтса екен, — деп қолқалайды. Көпшіліктің ол тілегі де орындалады. Майра өзінің әнін бұрынғысынан да сәндей, құбылта айтады. Әрбір атыраптан келген әншілер де өздерінің өнерін көрсетіп, сауық кеш сондай көңілді өтеді.

Әнші Майра, бұлбұл Майра атанып халқын осылайша әнімен жадыратып жүргенде 1925 жылы Омбыдан Павлодар қаласына Қажымұқан келіп түседі. Алдын ала хабарланбаса да Кереку қаласы алыпты құрметтеп, қарсы алып, қонақ үйіне түсіріп, қонақжайлылық ықылас көрсетеді.

Қажымұқанның келген бетінде сұрастырғаны Майра болады. Балуанның айтуымен қала азаматтары Майраға хабарлап, Қажымұқан жатқан қонақ үйге алып келеді. Бұрын ана жылғы Семей қаласына келгенде көргені бар, таныстық ізетпен екеуі қуаныса кездеседі.

Қажымұқанның бұл жолғы бет алысы Семей губаткомының шақыруымен Қоянды жәрмеңкесінің 1925 жылғы қайта жаңадан ашылу мерекесіне қатынасып, Арқа еліне алып күшін көрсету болады. Осы жолына Майраны да ала баруды ойлап, әдейі келіп түскенін айтады.

...Майраның атын естіп, әнін үйреніп, айтушысын аңсап жүрген Арқа әншілері, ән құмар тыңдаушылары Майраның әнін өз аузынан тыңдады. Әдемі үнмен арындап келіп аяқтап, салмақпен басталатын сергу сері әнді шығарған бұлбұлын жұрт өз көзімен көреді. Осы кеште аққан селдей тасқындаған асқан ақын Иса өлеңін де жәрмеңке елі тұңғыш тыңдады. Асқақтаған әнші, ағыл-тегіл ақтарылған ақын Иса, адам алыбы Қажымұқан, әнші Майра тіл қоспай келіп ойда жоқтан тізе қосып, елді аузына қаратты. Осы кештен бастап жәрмеңке еліне аңыз болған Иса менен Қажымұқан, Майра еді. Осы бір жүйріктердің өнеріне өрнек қосқандай Омар, Зәрубай, Қалибектер алуан түрлі әзілдерімен айналасына сахна ашып, халықты сан күлкіге бөледі.

Майраның сол жәрмеңкеде тыңнан шырқап, ел көмейін ұйытқан «Дала» деген жаңа әні еді. Жәрмеңке елінің ән әсерінен аңғарары бар жастары осы әнді ауылдарына ала кетті. Міне, Майра Совет кеңшілігінің еркіндігінен бостандық дүниесінде осылайша бір құлаш сермеді. Майра бұл жәрмеңкеде бір ғана жоғарыда айтылған бір күндік ашық сахнадағы ойын емес, халық қалауымен әлденеше концерт берді. Онда бір ғана қазақ әндері емес, татарша, орысша әндерді айтты.

Осыдан былай Майра халықтың ойына қонған, жүрегіне жылы сүйікті әншісі болып кетті. Майра сол Қоянды жәрмеңкесінен қайтқан соң Кереку халқының қалауымен ара-тұра сауық кештеріне қатысып жүрді. Бірақ, сонау бір жылдардың кеудеде қалдырған зардабы әнші денсаулығын нашарлатты. Бойға сіңісті демігу күшейе түсіп, Майра өзінің сырқатын Семей барып, сондағы белгілі дәрігерлерге көрсетпекші болып Семейге жүріп кетті.

... «Ленинград» кемесі Кереку қаласынан шығып Ертісті өрлеп жүзіп келеді. Жолаушылардың көптігі соншалық, біреуді іздеп табу қиын. Бірақ бұлбұлдың үнін, шешеннің тілін ешбір тұңғиық бауырына баса алмайды. Кеменің үшінші класында отырған бір әйел гармонын аңырата серпіп ән салады. Ән Ертістің екпінді ағынына толғана қарсы жүзген кеменің жүрісіндей өрлене-өрши бастайды, толғана толқып келіп тынады. Ән бүкіл кеменің ішін кернеп, аңырап сыртқа шығып, Ертістің ағынына үн қосқандай ойнақтайды.

Тыңнан танысу бар да, тыңнан естіп таңырқау бар, танысу үшін табысу бар. Пароходтың бірінші класында келе жатқан кесек денелі кексе кісі ән дыбысына құлағын төсеп отырып шыққан жеріне жетеді. Жөн сұрап танысады. Ән салған Майра, іздеп тапқан кексе кісіміз композитор Затаевич еді. Іздегенге сұраған дегендей, қазақ халқының ән-күйін үлкен мақсат етіп, әдейі арнап атқа мінген адамның шаңытып іздегені алдынан шығады.

Әрі әнші, әрі композитор Майра Затаевичтің қолына тиіп, Семей қаласына жеткенше екеуі барлық уақытты ән жазу, ән салумен өткізеді.

Осы жолы Майра Затаевичке оннан астам әнді айтып отырып жаздырады. Әрине, оның көпшілігі халық әндері. Бірақ өз әндерін де тегістей жаздырған деседі. Сонау бала күнінен гармонның құлақ күйін құйқылжыта бастап, құлпырта айтатын Майраның өз әндеріне «Майра», «Дала», Семейде тұрған кезде айтқан «Бақша», шыққан уақыты белгісіздеу «Қызыл гүл», Затаевич кездескенде өзі айтып жаздырған «Ертіс» әндері жатады.

Майраның өнеріне сүйсінген Затаевич оны келер жылы Москвада ашылатын халық өнерпаздарының жиынына шақыртпақ болады. Бірақ Майра сол кезде сырқатқа шалдығып, 1929 жылы Москвада өткізілген советтік шығыс халықтарының үлкен концертіне хабар келгенмен бара алмады.

Осыдан көп ұзамай-ақ өмірден өгейлікті көп көрген әнші Майра, ару Майра 32 жасында дүние салды.

Майра өз жанынан ән шығарған композитор, әрі үйренген әнін көкейге қондыра, тыңдаушыны өзіне ұйыта, бір есіткен кісі екінші есіткенше құмартып тұратын етіп айтатын аса шебер әнші болған. Өнерді шын бағасына жеткізе қадірлей білетін, өнерлі адамның өнерін анық өріске жеткізіп, жаңасын жасартып, халық қазынасының қымбат мұрасын байыта беретін бақытты еліміз Майра сияқты өнерлі қызын ұмытпайды, оның асқақтаған ер көкірек екпінді әнін жанындай жақсы көріп тыңдайды, айтады. Майраның өнерлі өжет образын түрі ұлттық, мазмұны социалистік енеріміз шын мағынасында қастерлейді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз