Әміренің туған елі Тарақты бұрынғы Қарқаралы уезі Дегелең болысының «Атан» ауылына қарасты «Алакөз Шәку» деген атаның ұрпағынан болады. Ол кездегі қоныстары осы күнгі «Қайнар» селенінен жиырма шақырымдай жердегі Тарақты адырының бір алқабында болған.
Әміренің әкесі Қашаубай, Тергеубай екі ағайынды Байдалы деген кісінің балалары екен. Қашаубайдың үйленбеген кезінде жақын ағайындары Оразалы, Төстік дейтін екі жігіт ұрлыққа әуестенген адамдар болады. Қашаубай да солармен үйірлесіп, кейде ілесіп те кеткен көздері болса керек. Оразалы, Төстіктің сойқанды қылығына күйіп, қуғыншы, даушылардың ертелі-кеш жорығынан мезі болған ағайын, ел адамдары тыйым салмақ болады. Олардың айтқанына көніп, бет алғанынан қайта алмаған екі жігіт ел ішінен Қарқаралының сыртқы Ақмола жақ шеттегі Сарым елін Жанғұтты бидің аулын паналайды. Олар кеткенмен, олардың ұрлығына күйген ағайын Қашаубайға да тісін қайрап қыр көрсетеді. Көзге түрткі болған Қашаубай Оразалы, Төстіктің барған елінен іздеп соларға қосылады. Бұл да Жанғұтты балаларына малшы болып сіңеді. Қашаубай есін жиып, мал құрап, үйленеді. Әміренің шешесі Тойғанды алып, одан Әміре туады. Әміре есейіп келе жатқанда Оразалы, Төстікті еті тірі ағайыны Мұса іздеп барады. Өткен-кеткеннің бәрін жаттықтырып Оразалы, Төстікті елінің шақыруы деп көндіріп алып қайтады. Олардан қалмай Қашаубай да бала-шағасымен көшіп келеді.
Көшіп келгеніне көңіл жылуын көрсеткенмен ағайынның бөліп берер еншісі жоқ, кілең кедей. Қашаубай жақын бай ағайыны Дөненбай дегеннің жылқысын бағады.
Дөненбай ағайын болғанымен көзі тар, даукес, зорлықшыл болыпты. Бірде Дөненбайдың бір жабағысын қасқыр жейді. «Сен жылқыны дұрыстап бақпадың, жабағымды қасқырға жегіздің», — деп, Дөненбай Қашаубайдың бір жылғы ақысын бермей қояды. Өз ағайыны, өзі маңайына озбырлығымен аты әйгілі Дөненбайға қарсы тұрар шама жоқ. Бірақ ішінен кек тұтып, бір есебін тапсам деп кіжінеді. Осыған іш құса болып жүрген кезінде ел күзекке келеді. Дөненбай қойының жазғы жабағы жүнін, тері-терсегін тиеп, Семейге қала шыға кетеді. Осы бір кез ыңғайына тиеді дегендей Қашаубай Дөненбайдың бір құлтұғыр дөненін екі аяқ арбаға жегіп, бір іңірде Семейге тартады. Сәтсіз болғанда, Дөненбай қаладан суыт қайтып, Мұқыр өзенінде Қашаубайға қарсы кездесіп, ұстайды. Дөненбай қара жүректіктің шегінен шығады. Бала-шағасымен Қашаубайды жаяу тастап, дөненін алып кетеді. Бір жолшыларға ілесіп Қашаубай Семейге жетеді. Туысы Тарақты Әренде деген насыбайшының үйінің бір пұшпағын паналайды.
Күн көріс кәсібін іздеп Шағыл бұйратының беткейіндегі Қаражан Үкібаевтың тері жиятын, мал сойғызатын қасап сарайына тері кептіру, шелдеу жұмысына кіреді. Еңбекақы енімді болмағанымен күн көріске терінің шелі, қасаптың кесіндісі дұрыс болып ерлі-зайыпты екі адам тіршіліктерін дұрыстап, шаштакуден үй тоқып, баспана жасап алады. Бұл Әміренің жасы оннан асқан, есейіп, қолғанат болып қалған кезі еді.
Кәсіпке тұяғы ілініп, өз отының басынан ораза ашып, өмір кешіп жүрген Қашаубайдың Әміресі де қол-тері жайысып, тері шендеп серік болады. Әміренің қырда өз ауылдарында болған кезінде құмарта әуестенген бір өнері болды. Ол аздап домбыра тартып, ән айту. Әмірені оған баулып, бауырына тартқан немере ағасы Серік Тергеубайұлы ойынан өлең шығарып айтатын, домбыра, гармонды бірдей тарта, ойнай білетін жігіт еді. Сол Серік Әміренің қаршадай күнінен әнге, домбыра сазына құмарлығына қызығып, әдемілеп ән, домбыра тарту өнеріне баулыған. Қашаубай Семейге қарай көшкенде Серік қолына ұстатқан кішкене қара домбыра Әміренің ертелі-кеш қолынан түспейтін. Ол кей көздері:
— Серік ағамның әнін айтамын, — деп, «Шұбартаудың басында қос барабан» деп бастайтын. Әміренің әнге деген талабына шешесі Тойған ерекше қуанатын. «Әмірежан ағасы ерке жігіт сияқты әнші, ақын болады», — деп баласын көтермелеп қоятын.
Әміре әкесімен Қаражан байдың қамбасына барып жүрген кезінде байдың қасап басқаратын адамы тері жайып жүрген Қашаубайдың қасына келіп: — Қашеке, мына қасыңдағы бала өз балаңыз ба? Өзіңе серік болып қалыпты ғой. Немене, оқи ма? — деп сұрады. Қашаубай әдеттегі әзілқой мінезін істеп:
— Бала өзімдікі деп жүрмін. Әлде танып тұрсың ба? — деп күле жауап береді.
— Ойбай, Қашеке, айта көрмеңіз. Әншейін білейін деп сұрағаным ғой. Егер оқуда жоқ болса, біздің осы қасап қорғанына түнде қарауыл болатын күзетші керек. Көптен күзетші болып келген шал сырқаттанып қалыпты. Енді алыстан кісі іздегенше, мына балаңыз қолына тақылдақ, алып күзетші болмай ма? — деп жылы ұшырай сөйлесті.
— Ойбай-ау, кішкене ғой. Түнде мына қамбада жалғыз қорқады ғой.
— Қашеке, қорқатын ондай қауіпті ешнәрсе жоқ. Мына қамба қақпасының қасындағы кішкене үйде отырады. Ішінде темір пеші бар. Кәресін шам қоямыз. Тек күзет барын білдіріп тақылдақты соғып, қамбаның ішін ара-тұра аралап қойса болғаны. Әсіресе, осы қамбаның қан-жынына ұялап алған иттер бар. Соларға абай болса, болғаны. Ол иттер күзет жоқ екенін білсе, қамбаның іргесін қазып кіріп кетеді. Ал тоқылдақтың дабылы шығып тұрса, маңайламайды. Алғашқыда бір-екі күндей өзіңіз бірге болып, бойын үйретіңіз, — деп бәрін өзі айтып береді. — Сіз ақшадан күліп отырған адам емессіз ғой. Егер күзетке келіссек, балаңыздың айлығы 8 сом болады. Сонда өздеріңе жап-жақсы табыс болмай ма, — деп мөлдіретеді.
Ақшаның аты аталғанда Әміре қуанып кетті. Жоқтықтың, жетпегендіктің тақсіретін үздіксіз көріп келе жатқан ол әкесіне жаутаңдай қарап:
— Әке, мен күзетем, — деді.
— Қорықпайсың ба?
— Қорықпаймын, тақылдағым болады. Қақпаны бекітем, домбыраны алам, ән саламын. Ана Шакіманның гармонын сұрап алам, — деп әкесін мүлде көңілдендіріп қойды.
— Ал онда келістік. Ертеңнен бастап күзет сіздердікі. Айлық жүреді. Баймен өзім келіскем, — деп қамба бастығы жүріп кетті. Айтқанындай ертеңіне күзетті тапсырып, тақылдақты, күзетші үйшігінің кілтін, ішіндегі аспаптарын көрсетіп қолдарына берді. Әміре сол күннен бастап «күзетші бала» атанды. Алғашқыда Қашаубай өзі қасында болып, баласының бойын үйретті. Өзі күндіз тері кептіріп, кешке қайтады.
Серік ағасы берген кішкене домбырасын безілдетіп, өзінің үнемі ыңылдап айтатын әнін барынша шырқай айтып, үнін жаттықтырып, әнге жан-тәнімен берілді.
Бірде Шакіман Әмірені үйіне ертіп келді. Үйде қырдан келген қонақ бар екен. Шакіманның шешесі Әміренің әнін салып, Шакіманның кішкене гармонын ойнап, әнге келтіріп жүргенін жақсы көріп, қызықтайтын.
— Ой, Әміре, жақсы келдің. Сен әнге құмар талабың бар. Біздің Шакіман сияқты емес, гармоньда ойнайсың. Біздің мына отырған қонарғымыз ел ішіне аты шыққан әнші. Менің қайным, атын атамаймын. Сен ана үйіңдегі кішкене домбыраңды алып кел. Мына кісіге ән салдырамыз. Сен ән үйренесің, — деді.
— Апатай, қазір әкелем, — деп тұра жөнелді.
Әміре үйге келгенде әкесі тері сарайынан келген бойы екен.
— Әке, мен бүгін күзетке жайырақ барам. Мына Шакіманның үйіне бір әнші келіпті. Менің домбырамды сұрады. Содан ән үйренем, — деді. Әміре әкесіне еркелей қарап. Қашаубай күні бойы тері шендеп, оны керіп, кептіріп шаршап келсе де баласының бетін қайтармады.
— Бара ғой, шай-пұй ішіп, өзім барып отырармын. Бірақ, таң атқанша отырып қалма, — деді.
— Жарайды әке, жарайды, — деп, Әміре кішкене қоңыр домбырасын алып Шакіманның үйіне жөнелді. Әміре келгенде Шакіман үйінің қонағы шайды ішіп, шынтақтап жайланып отыр екен. Әміре алып келген домбыраны қолына алып, азырақ құлақ күйіне келтіре бұрап, қолын жаттықтырды. Шакіман мен Әміре екеуі ауыздарын аша домбыра ішегінен шыққан ән ырғағына ұйып отыр. Біраздан соң ауыз үйіндегі ас-суын жөндеп, Шакіманның шешесі келіп:
— Ал, әнші қайным, әніңді естімегелі не заман. Үніңді сағындық қой. Ағаң қайтқалы келгенің де осы. Мына балалар да тыңдасын, ән салшы, — деді.
— Ә, жеңгесі, қалағаныңыз ән болса, айтайын, — дөп-дөңгелек сақалын бір сипап қойып, арықтау сүр кісі тамағын кернеп, ән шырқады. А дегенде даусын бір көтеріп алып:
— Ой, ардақ, сен ақ қоян секектеген,
Қолымда бір тазым бар жетектеген.
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің
Айрылып сенен сәулем кетем деген, —
деп «Ардақты» құйқылжыта тоқтап еді. Осы кезде баласының Шакіманның үйіне әнші келіпті дегеніне ән тыңдауға Әміренің шешесі Тойған да келді. Ол кісімен аман-есен айтысып танысты. Тойғанның сұрағына:
— Менің атым Нұрта, мына көршіңіздің қырдағы ағайыны боламыз. Ақбота болысына қараймыз. Қоянкөз тұрым деген елден боламын, — деді.
— Онда бөтен емес екенсіз. Біз де Дегелең елінің Тарақты деген атадан боламыз. Балаларды қуантып ән айтқаныңызға рахмет. Мына бір алдыңызда отырған бала біздің бала еді, ән дегенде жанын үзеді. Тәуір әніңізден бір-екі ән үйретіп кетіңіз, — деп Нұрта «Гауһар тас» әнін шырқады. Әміре аузын аша тыңдап ұйып отыр. Біраз дем алып Нұрта өзі жақсы көріп айтатын Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін, онан кейін «Құлыбай бай» деген күлдіргі әнін айтты. Әннің бәрін бірден ұғып алмағанымен Әміре бір-екі әннің жобасын көкірегіне тоқып қалды. Ол күні Нұрта әнін тыңдау осымен тоқтап, Әміре әкесіне кешірек барды.
Нұрта Шакіман үйінде бірнеше күн болды. Әміренің ән құмарлығына қызығып, өзі айтқызып үйретіп Әміреге екі ән үйретті. Бірі — «Ардақ», екіншісі — «Ақсиса». Бұл әндерді өзі кімнен үйренгенін де айтты. Бірақ балаң әнші әннің айтуын ұққанымен кімнің әні екенін ұғына қойған жоқ. Нұртадан-үйреніп алған әндерін Әміре түрлендіре айтып, сол айналадағы шілдеханаларда шырқап, әншілік атқа ие бола бастады.
Шакіманнан сұрап алған гармонына қосылып Қаражанның қасап сарайының қақпасын татар, қазақ әндеріне ұя қылып алды. Бірде қырдан Серік ағасы келіп, өзі домбыра беріп, ән тілашарын жасаған Әміренің келістіре айтқан әндерін естіп, қуанып, орасан ықылас көрсетті. Серік қырдан келгенде Байдалы баласы Исабек саудагердің үйіне түскен-ді. Ол бір күні Қашаубайға айтып Әмірені Исабектің үйіне ертіп келіп әнін айтқызды. Серіктің өзінің ән айтып, өлең шығарып жүретінін мақұлдамай, «жаяу сері» деп кекете тыңдайтын Исабек Әміренің әнін а дегенде онша елемеген-ді. Әміре «Ақсисаны» төгілте айтқанда: «Мына Қашаубайдың жайын ауыз ұлының көмейі бүлкілдейді ғой. Тағы, қайта айтшы», — деп сүйсіне тыңдады.
— Исеке, сіз байлық амалының ақылын тапқан кісісіз. Әнді қошаметтей қоймаушы едіңіз. Мына Жаяу Мұсаның күйіне айтқан әнін Әміре сайрандатқанда, таңдай қақтыңыз. Осы әнші балаңызды Қаражанның қорасын күзеттіргенше атыңыздың делбесін ұстатып, әнін айтқызып отырмайсыз ба?-деді.
— Өзі сен сияқты әу-әумен жүріп, ат жегуді, делбесін ұстауды біле ме екен? — деді Исабек нығырлана сөйлеп.
— Исеке, әу-әу ат жегіп, делбе ұстауға бөгет болмайды, қайта ат делбесін кербездеп ұстап Исекеңнің әнші делбешісі деген атыңызды шығарады, — деді Серік.
— Онда ана Қашаубай ағаңа айт. Ертеңнен бастап баласын өзі ертіп әкелсін, — деді.
Сол айтқан күннен бастап Әміре Исабек атының делбесін ұстады. Бұл үйдегі бір Әміреге ұнаған нәрсе, Исабектің балаларына сән үшін алып берген 18 баспалы гармоны болды. Сұлыға семіріп, жеңіл тарантасқа жегіліп, делбенің ауыздығымен алысқан ат, еркіндей жортар жүріс Әміре әніне қанат байлағандай, ат делбесін қолына алғанда ән толқынына. бөленеді.
Исабек сияқты бай саудагердің үйінен қонақ үзілмейді. Кейде қыр қазақтары, кейде қала саудагерлері, татар жастары да болып қалады. Солардың көңіл көтерер әнші, гармоншысы Әміре. Біраздан Исабек үйіне қатынасы бар Семей қаласының жастарына Әміренің әншілік өнері танылып, кейде қымызшы, сырашы үйлеріне барып, ән шырқап жүрді. Осындай бір бас қосуда Әміре Ақымның Нұрлан дейтін баласымен танысты. Оның қасында бірге болған Жақып дейтін жігіт Әмірені сол көргеннен бастап мүлде өзіне тартып алды. Ол өзі бір жағы қалаға байланысты, негізгі тұрағы қырда екен. Өздерінің елдерінен қыз алып, қыз беріп отырған Абралы болысына қарайтын «Жалықпас» тайпасынан екен. Тіпті сұраса келе бір жылы туған, төл құрдас болып шықты. 1888 жылы туған екі жас үйлесіп кетті.
Осы күннен бастап Әміре Нұрлан, Жақып арқылы қаланың жігіт-желеңінің көбімен танысты. Әміренің ойын-тойға салына бастауы ағайын тартып қолына ұстаған Исабекке ұнай қоймады. Өйткені аттың күтімін, өзінің ауыр денесіне сүйеу болып, көлеңкесіндей қасында ербиіп жүрген қалайтын Исабек бір күні:
— Қашаубайдың жайын ауызы, сен қоныс таппайтын әуейі болып барасың-ау. Мен сені Серік айтқан соң жаттың есігінде болғанша, жақыным ғой, өз маңымда болсын деп ойлап едім. Олай болатын түрің жоқ қой, — деп жазғыра, кінәлай сөйледі. Оған Әміре ешқандай қарсыласқан жоқ. Тек ішінен «тегінде мені құлданбақ ойы бар ма өзінің. Ол бола қоймас», — деп түйді.
Осы кезде көптен сырқаттанып жүрген Қашаубай қайтыс болды. Ол кісіні жөнелту жағдайында да Исабек ондай ағайындық көрсете қоймады. Ендігі жесір шешенің, бойжетпеген үрпе-жүрпе қарындастың тіршілігі Әміренің мойнына жүктелді. Исабектің там – тұмдап берген айлығы күн көріске дәнекер бола алмады. Арқа сүйері сонау танысқан ер көңілді замандастары болды.
Әмірені ең алғаш 1918 жылдың жазында көрдім. Сол жазда «қазақтың атақты алыбы Қажымұқан Семейге келеді екен, ойын көрсетеді екен!» — деген лақап тарап, Семей халқы ынтыға күтуде болды. Мен бұл кезде осы күнгі Жаңа Семей қаласының Тұрғыны Әбдікәрім Нұрабаев деген жиен ағайдың үйінде тұратын едім. Бұл жиен ағай жаны сері, ел ішінде жауырыны жерге тимеген балуан адамды. Өзі содан бір жыл бұрын ғана Шәуешектен көшіп келген болатын. Жаңа Семейдің Тұрғындарының сауықшыл, белгілі бірнеше әнші, гармоншы жігіттері болатын. Солардың бірі — Әміре біздің жиен ағаймен таныс екен. Олардың көбінесе бас қосар жері — қымызшы үйлері. Демалыс күндерінде аралға шығып кетеді. Жел қайықпен Ертісті өрлей құлдилап, саяхат жасайды.
Бір күні жиен ағай үйге көңілдене келіп:
— Әлгі Қажымұқан деген қазақтың алыбы келіпті. Өзі айтса, айтқандай-ақ екен, — деп сүйсіне сөйледі. — Мына Бейсекеңнің балаларымен Омбыда кездесіп, танысқан дос көрінеді. Солар ана қымызшы Мәкеттің үйіне апарды. Біз де сонда отыр едік. Олар Әмірені шақыртып алған екен, бір тамаша болғаны. Қажымұқан өзі осы бір жақта ойын көрсететін көрінеді. Отан дейін ана достарының үйінде болмақ. «Ертең аралға шығамыз, балуанға қаламыздың тамашалы жерлерін көрсетеміз», — деп мүлде көтеріліп алыпты. Сөйтіп, ертең аралға мені де шақырды. Егер барғың келсе, алып барамын, — деп жиен ағай маған ұсыныс жасады.
Мен оған қуанып кеттім. Өйткені сонау 1913 жылғы «Айқап» журналынан Қажымұқан балуанның алып күші туралы оқып, өзін көруге ынтық едім. Тіпті ойламаған жерден сәті түсті. Келесі күні асыға күтіп, жиен ағаймен ілесіп аралға келдік. Біз келгенде аралдың саялы ағаш, сазды көгалы қайнаған адам базары. Осы думанды көпшіліктің орта жеріне әкеліп төселген кілем, жайылған дастарқан, сары тегененің сағасына жете мөлтілдете толтырылған қымыз. Дастарқан басында нар түйедей алып тұлғалы Қажекең отыр екен. Оның айналасы өзіміз көріп жүрген слабодкенің сері-сылқым жігіттері. Сары керсендегі сары қымыздың иісін бұрқырата құлаштай сапырып отырған сымбатты сылқым бойжеткен Мәкет қыз. Біздің жиен ағайды жергілікті жігіттер құрметтей қарсы алды. Ол кісінің арқасында маған да орын тиді.
Осы мәжілістегі беделінің бедері артып, еркін сөйлеп отырған Жақып:
— Әнсіз мән бола ма, Қашекемнің далбауысы шырқап жібер, — деп, қасында отырған аласа бойлы сары сүр жігітке әмір ете сөйледі.
Әлгі жігіт қасындағы бір жәшіктің сыртында сүйеулі тұрған домбыраны алып, құлақ күйін безілдетіп шырқай жөнелді. А дегенде оның шырқап жөнелгені «Қарға» болды. Сол әннің қайырмасын құйқылжытқан кезіндегі оның жанары қымыз сапырып сызылып отырған ана қызды жеп қоя жаздады. Қыздың да аққұба бетінде қызыл ірең ойнап, қабағында қан толқыны ойнатқан сүйсіну сызықтары керінді. Содан кейін Қажекеңнің сұрауымен «Ғалияны» да өз мәнерімен құйқылжыта, құбылта соқты. Енді біразда Нұрлан өзінің сыпайы да сызылып шығатын үнімен: «Қажекеңе бұрын естімеген әнін шырқап жіберерсің. Әлгі бір жылап айтатын әнің бар еді ғой», — деп құлаққағыс етті.
— Е, оны айтпаса Әміренің ән құмары басыла ма. Шырқайды, — деп Жақып киіп ала жөнелді. Әміре азырақ тыныстап, таңдайын жібітіп, домбырасын серпе-серпе қағып жіберіп, «Ағаш аяққа» жөнелді. Бұл әнді айта бастағаннан Әміре мүлде өзгеріп, бір құлпырған сипат тапты. Әсіресе «Алсаң ал, алмасаң ғой. Мен дағы өлер деймісің», — деген жеріне келгенде Мәкет қызды жыламсыраған көзімен жеп, күйзеліп кетті.
Бұл күнгі мәжіліс мен үшін ерекше жаңалық, жан тебірентер жақсы әсер үйірді. Өйткені сонау «Айқап» журналынан оқыған алып күш иесі Қажымұқан балуанды көрдім, әнімен бүкіл Слабодке жұртшылығын аузына қаратқан Әміренің әсем де аспандаған әнін қатар отырып тыңдадым. Осы сияқты уақыт өнерінің озықтарымен дидарласып, жүз таныстым. Мәжіліс аяқталып, үйге оралғаннан кейін жиен ағайыма бар ықыласыммен алғыс айттым.
Мен осы кездесуді өмір сәтінің ерекше бірі деп жүрген кезімде Әміремен атүсті тағы бір кездестім. Бұл 1922 жылы жаз айында болды.
Біздің Дегелең болысына қараған ел Семей уезінің Шаған, Бұғылы болыстарына қарайтын Тобықты руларымен қоныстас болатын. Қыстаулары іргелес, күзекте де, жайлауда да қанаттас көшіп қонады. Осы көршілес елдердің арасында ат сайысы, балуан бәсекесі, аңшылық бәсекесі болып отырады. Осы бір жылдарда халқымыз еркіндеп, Октябрь нұрының сәулеті қыр елдерінің де мерейін шалқытқан жылдар еді. Менің сол жылдарда Дегелең болыстық атқару комитетінің бастығы болып сайланып, қызмет істеп жүрген кезім.
Ел жайлауға көшіп, үйлерін тігіп, үйіріле өріс кернеп отырған. Біздің көшпелі кеңсе де жайлаудағы ел орталығына келіп орныққан болатын. Бір жауапты науқанды атқарып, демалыс тәрізді мәжіліс жасап жатқанымызда менің хатшы серігім Шашым Жайлыбаев басқа бір ауылда еді, сол келді. Ол көңілді, сөйлеп тұрған, жаны серілеу, әрі оқығаны бар жігіт болатын.
— Болыстық атқару комитетінің төрағасы, мен бір жаңа хабар әкеліп отырмын. Кішкене бой сергітіп, ат бәйгесін көруге қалай қарайсыз? — деді ол. Қайдағы ат бәйгесі деген біздің сұрағымызға:
— Ана біздің Сылдырбай ағайдың Шимайқара атанған бәйгі аты бар ғой. Сол қара атпен мына Тобықты ат базары сондай бәсеке болатын. Солар көктемнен бері сөз байлап, осы жайлауда ат жарыстырмақ екен. Соған хабар айтып, «Көксеңгір» деген жерде бас қосып, ат шаппақ көрінеді. Сол жиынға ана Сылдырбай ағай сізді де шақырады. Көтермеші емес, мына атын алып, топты бастап барсын, — дейді. Соған барып, қызық көрсек, деп ойлап тұрмын, — деді.
Ат бәйгісін естігенде желікпейтін, елегізіп елеуремей-ақ қазақ бола қоймаған шығар. Бізге де осындай көңіл теріс болып отырғандай еді. Тамылжыған шілденің айы, самал желі ескен жасыл жайлау, айдыны шалқып, аспанға төсін керген Борлықақтың айна көлі. Осы көлдің сағасында отырған Сылдырбай аулына біз келгенде, Сылдырбай ағай әзілді әсем күлкісімен қарсы алды.
— Уа, азаматтарың бәйгілі, абыройларың әйгілі болсын, — деп тақпақтай сөйледі. Сол жерден бәйгі бәсекесіне баратын топ аттандық. Ат мәресінің сөресі шаншылған Көксеңгір шоқысының басы толған халық екен. Ел ішінің ежелгі дәстүрі бойынша, топтың бір жағынан біз де дөңгелене түсіп отырдық. Бәсекелес бәйгі аттар іріктеліп, айдаушылардың алдына түсті. Балуандар балтыры жарқырап майданға шықты.
Екі жарыла отырған ат бәсекесінің жұртшылығы аттар бәйгі өрісіне кеткенде, балуандар кезектесіп айқасқан кезде ғана тіл қатысқаны болмаса, араласа, сөйлесе, біреуге біреу таныса, араластық болған жоқ. Біздің шағын тобымыз өзімен-өзі. Тобықты жағы аса көп келіпті. Қызыладырдан да, Көкшеден де, Шыңғыстан да ер азаматы түгелге жақын десіп жатты.
Бір кезде алыстан жіберілген аттардың да қарасы бұлдырап, будақтаған ат тұяғының шаңы бұрқылдап, үздік-создық көмбеге жақындаған кезде өңге аттан қара үзе ұйтқи ойнақтап Сылдырбайдың Шимайқарасы шыға келді. Ат тартусыз. Тек отырған жұрт ұран шақырып, айқай салуда болды. Онан кейінгі аттар да өз ретімен келіп жатты. Бір-екі жылдан бері кезене де, кіжіне де бәсекеге бел байлап, барынша бабымен барын қамдаған Шаған, Бұғылы болыстарының желөкпе байларының лебі басылып, үстемдік біздің жаққа ауысып, қырлана күлісіп тұрғанымызда: «Ассалаумағалайкум, ағалар, ардақты, аруақты ауылым», — деп астында жұпыны құлабестісі бар, басында жеңіл ноғай бөркі бар Әміре атынан ырғып түсіп, Сылдырбайдың қолын алды. Сонан кейін бізбен амандасты. Біз Әміренің ол топта отырғанын білгеніміз де жоқ-ты. Қуаныса амандасып, қайдан, қашан келгенін сұрасып жатырмыз. Ақкөңіл, сөзге олақ Әміре күліп: «Менің жүріс-тұрысым қызық қой. Мына Шағанның Жаңа-Семейде тұратындары бар емес пе, солар осы жайлауда үлкен ат шабыс болады, жайлауға барамыз, ел қызығын көреміз деген соң солармен бірге мына Әміренің аулына келгем. Оның Смағұлы оқыған жігіт қой. Қызметтен демалысқа шығып еді. Солармен бірге отырғанда жаңа қара аттың үстіндегі бала елінің ұранын айтқанда тұла бойым шымырлап, орнымда отыра алмадым. Сонан тура сіздерге сәлемдесе келдім. Ел аруағын шақырған қиын екен», — деп біраз ойға келіп тұрғандай болды.
Ойда-жоқта қолымызға түскен Әмірені босатпадық. Ал сүйегіңе қызып біздің топқа келген екенсің, бізбен жүр, — деп қолқаладық.
— Туысқандық құрметтеріңізге қуанам, төбем көкке көтерілгендей мақтанып қалдым ғой. Ал бүгін сендермен еріп кетпеймін, әлі де олардың тобына барайын. Бүгін Семейден келген досыммен бірге болып, ертең мына Сылдырбай ағайдың аулына келейін. Сол жерден жолығалық, — деп, бізден рұқсат алып, Әміре барып Семейден бірге келген тобына қосылды. Бас бәйгіні алып, Шаған мен Бұғылы болыстарының алқынып келген атбегілерінің сәйгүліктерінің ұршығын сылқылдатып тілерсегіне соқтырып, біз де ауылға оралдық.
Біз сол күні қайта оралып Сылдырбай аулына келіп, өзімізше сауық құрып, қара ат пен Исмақ балуанның белдескен жерде мейірімізді үстем еткен өнерлерін мадақтап, думандадық. Ертеңіне күткен уақытта айтқан уәдесі бойынша Әміре де келді. Әмзе аулынан ертіп келген атқосшы жігіт Әміреге:
— Әнші аға, ауылыңызға келдіңіз, байқауымша әзірге осында болатын түріңіз бар. Егер рұқсат етсеңіз, мен қайтайын, — деді.
— Иә, мен біраз осы елде болам. Смағұлға айтқамын. Сәлем айт, — деп жолдасын қайтаруға кірісті. Қонақтарын күткізіп үнсіз отырған Сылдырбай:
— Әміре, сен ел сағынып, жер сағынып, ағайын ортасына келдің. Ана мініп жүрген атың өзіңдікі емес шығар. Оны да қайтар. Тарақты деген бір қауым елміз ғой, сен мінетін тай табылар, — деп күлді.
— Сіз қайтар десеңіз, қайтарайын. Серік деген ағамның бір ауыз өлеңін естігенім бар еді. Сол есіме түсіп, жаяу қалам ба деп сенбей отыр едім, — деп күлді. Мұндай жерде әзіл-қалжың аяқсыз қала ма, біз ол қандай өлең деп жабыса кеттік.
— Ой, ол Серік ит менімен құрдас болатын. Ат қоңайсын дегенге шыдай алмай жүргені ғой, — деп, Сылдырбай әдеттегі сөзшеңдігіне салып, ол өлеңнің айтылмағанын ұнатты. Оған біз боламыз ба, Әміреге қоймай айтқыздық.
Ассалаумағалейкүм, мырза Сылдыр,
Көзіме көрінесің алдыр-бұлдыр.
Бүгін келсем, ертең кел деп жылжытпай,
Құрбыңның aт сұраған көңілін тындыр, —
дегенін өзінен естіп едім. Мені әнге баулыған, гармонын үйреткен сол кісі еді. Әрі ақын, әрі әнші жаны сері адам еді, — деп Әміре әнші ағасын есіне алып мұңайды. Біз әзілдес ағай Сылдырбайға:
— Әміреге Әмзенің аулынан мініп келген тайды қайтар, Тарақтыдан сен мінер тай табылар дегенге мырза кісі екен деп қалып ек, мына Серіктің өлеңіне қарағанда сараң екенсіз, — деп жанына тидік.
— Олай болса, мен сендерге сараңдықты көрсетейін.
— деп сол жерде Әміреге қояндай бір боз бестіні ерттетіп берді.
Арқа жазының әсем бір көздерді, айнадай жарқыраған Бөріліқақтың айдыны аққуын жүздіріп, аспан меңзеп шалқалайды. Көк шалғынды алқапқа алқалай қонған ауылдар, қойын өргізіп, жылқысын үйірлей өрістетіп, әр шаруа өз әлінше сәнденуде. Біз осы бір әсемуақытты қоштағандай жақында ғана атқарған науқан даңғазасынан демалып, атақты әншінің туған елін аңсап келген ықыласына құрмет көрсеттік. Өзіміздің ішіміздегі сауатты жас жігіт Қадау сияқты әншіні де Әміре ағасының қасына қосып, бірнеше ауылды арасан сауық құрдық. Жас әнші Қадаудың «Ғазиздің әнін», «Қызыл бидай», «Гауһар тасты» құбылта соққанын Әміре де сүйсіне тыңдап, оған өзінің ән өңдеу әдістерін де айтып, ұстаздық корсетті.
Тек кешегі ат бәйгесі тобында балтырын түріп, майданға шығып, екінші бәйгені әперген күресін көргеніміз болмаса, сырластығы жоқ Исмақтың ән өнерінен де қара жаяу емес екенін Сүлеймен аулына келгенде білдік. Оның әнші екенін әсіресе Иман Жүсіптің «Сарыарқасын», «Алтыбасар» әндерін әсем орындайтынын Сүлейменнің Хасені айтып, оған да ән шырқаттық.
Сарыарқа сайран жерім-ай,
Сағындым ғой, елім-ай,
Ит жүгіртіп, құс салған,
Айдынды шалқар көлім-ай, —
деген қайырмасы мен шалқыта шырқайтын әнді сондай жақсы орындайды екен. Исмаққа Әміре де разыланып, «Алтыбасар» әнінің кейбір ырғақтарын өзі айтып, өңдеп берді.
Ата-бабасының туған жерін, сол атасының жұрағаттарынан өсіп-өнген бірнеше ауылдарды аралатып, Әмірені қайтадан Семейге шығарып салдық.
Әміренің әлемге әйгілі ән қанатын Европаның төрінде Париж сахнасында, сермегені газет-журналдарда сан рет жазылып, жеке кітаптарда да ерекше мадақталып айтылған ғой. Әміренің онан басқа да ерекше көзге түскен сәттері болған екен. Әміре 1919 жылы Иркутск қаласында бір сауық кешіне қатынасып, бүкіл бурят халқын таңдандырған. Осы бір ерекше естелікті сол күні Әміренің қасында болған Ақыш баласы Қаби айтқан еді.
Ол кездесу, яки сауық кешіне қатынасу мынадай жағдайда болыпты. Иркутск қаласында тұратын Идаятолла деген татардың оқымысты азаматы Қабименен таныс екен. Сол танысы арқылы Иркутск қаласынан кездеме, шай, сол сияқты саудалық заттар алып қайтуға Қаби баратын болып, Әмірені серік жолдас етіп ертеді. Олар Иркутск қаласына келіп, өздерінің сауда-саттығына кіріспес бұрын Идаятоллаға жолығады. Идаятолла Қабидың үйінде қонақта болғанда, Әміренің әнін тыңдап, сүйсіне танысқаны бар екен, ол Әміреге ерекше ілтипатпен амандасып:
— Әміренің келгені бек яхшы болған, — деп Қабиға бір тосын хабар айта бастады:
— Қаби, сен біле бермессің, бұл Иркутск қаласында сан алуан Ұлттар тұрады ғой. Осында тұратын халықтың көпшілігі деп айтуға боларлық бурят-монғол тайпалары. Сол елдің оқыған ғалым азаматы Турбашеев дейтін кісі бар. Сол ертең кешке Иркутск сахнасына өз елінің сауық кешін қоюға әзірленіп, бізді шақырып еді. Ол кісінің маған айрықша бір тілегі болған еді. Ол біздің татар жыршысын жырлатсақ деп еді. Мен соған жақсылап жыр айтар адамды таппай сасуда едім. Біз жақсылап жыр айтар адамды таппай сасуда едім. Біз енді Турбашеевке Әміренің әнін айтқызуды ұсынамыз. Егер сіздер руқсат етсеңіздер, мен оған кеште хабарлаймын, — деп өтінгені. Мен Әмірені өзін билеген кісі болмай, әнші осында отыр. Сауық кешіне баралық, ән салалық десе, өзі айтар, — дедім. Әміре әдеттегі елгезек мінезіне салып:
— Әнді мен айтармын-ау. Олар түсінбей жүрмесе. «Мен бас дедім, ол құлақ деді» деп ертеде бір саңырау айтқан, солай болып жүрмесе, — деді. Идаятолла қуана сөйлеп:
— Әміре абзи, сіздің әнді ұқпас құлақ, сезбес жүрек болмас. Тек айтуға уәде берсеңіз, мен қалған жағын өзім білем,-деді.
Бізді ертеңіне ертесімен Идаятолла Турбашеевке апарып таныстырды. Турбашеев қуана қарсы алып Әміренің аты-жөнін жазып алып, қазақ халқының қысқаша тарихын, Әміренің қайдан келгенін сұрап жазып отырып:
— Ермековті білесің бе? — деп сұрады. Біз білетінімізді айттық. Сонан сөз қозғап:
— Мен Томск қаласында Ермековпен танысқан едім. Ол сонда оқыды ғой. Мен де сонда оқығам, — деп түсіндірді. Уәде бойынша кешкілікте ойын қойылатын клубқа келсек, Идаятолла бізді қарсы алып, бір жаңа хабар айтты:
— Сіздерден Турбашеев Ермековті білесіңдер ме деп сұрап еді ғой. Сол Ермековтің жұбайы біздің Рахила деген апай болатын. Ол кісіде сол Томскіде оқыған еді. Сол кісілер бүгін бізге қонаққа келіпті. Келісімен ол кісі Турбашеевті сұрап, дидарласқысы келді. Мен Турбашеевтің сауық кешін ұйымдастыру жұмысымен шұғылданып жүргенін айттым. Ол кешке сіздерді шақырғанын да айттым. Әлекең оған тіпті көңілденіп кетті. Рахила апай екеуі ойын кешіне келеді, — деп бір жаңалық айтты. Бірлі-жарым болса да қазақ азаматының сол кеште болуы бізге де көңілді болды.
Кеште Турбашеевтің әйелімен таныстық. Аты Мария екен, өңі де, аты да біздің елімізбен үйлесіп тұрған өзі де бір ашық мінезді, сауатты адам екен. Енді біраздан соң Идаятолла бастап Әлекеңді әйелімен ертіп келді. Сол жерде бас қосылып, Турбашеев мектептес досын қуана қарсы алып, бізді сауық кешіне шақырғанын айтып еді. Әлекең ерекше құптай сөйлеп, Әміренің асқақ әншілігін жеткізе сөйлеп кетті. Турбашеев онан сайын қуанды.
Сонан, қысқартып айтқанда, сауық кеші басталды. Бурят халқының музыка аспаптары әнші, күйшілерінің қолында, сыбызғысын тартып өнер көрсетті. Бір кішкене үзіліс кезінде Турбашеев сахнаға шығып:
— Туысқан қазақ халқының атақты әнші азаматы біздің осы сауық кешімізде қонақ болып отыр. Сол кісінің айтуынан туысқан халқымыз — қазақтың әнін тыңдасақ, оған қалай қарайсыздар, — деп ұсыныс жасады. Клубта отырған жұрт дуылдай қол соғып, сахнаға шақырды. Домбырасы жоқ, гармонға жатық ойнайтын Әміре 18 баспалы гармонды ала шығып ән шырқады. Алдымен күлдіргі де көңілді «Ағашаяқ» әнін айтты. Отырған халық дуылдай қол соғып, өздерінше тағы да айтыңыз, сұраймыз деп клубты басына көтерді. Халық тілегі қабылданды. Әміре «Екі жиренді» айтты, отырған тыңдаушы жұрт онан сайын дуылдап қол соғып отырып алды. Сонан Әміре «Жиырма бес» әніне басты. Әннің құйқылжи төңкерілген әуенінен толқығандай клубтың ішінен үздіксіз «бис-бис» деген, «ой чуер» деген үндер шығып, жібермей қойды. Енді Әміре Майраның әнін шырқады. Әннің аяғын тоспай дуылдап айтылған қошамет, соғылған алақандар тоқталмады.
Бұл Әміренің өзіне тілі таныс емес, тіршілік, өнер саласы бейтаныс бөгде Ұлттың сахнасында түңғыш ән шырқауы еді. Өзінің ана тілінде шырқаған әніне тілі, әуені басқа елдің адамынан естіген түңғыш құрметі еді. Әміренің осындай бір кездейсоқ ән шырқауы халқымыздың әсем ырғақты асыл әнімен бөгде қауымның жан жүйесін тебіренткен бір көрініс еді. Әрине, Әміренің осы сауық кешіне қатынасып, халқымыздың әсем әнін бауырлас бурят халқына таныстырғаны ешбір баспасөз бетінде жазылған емес. Бірақ, көзімен көріп, сол кеште болған адамның сүйсіне айтқаны менің қойын дәптерімде жазулы еді. Бурят халқының атақты перзенті Турбашеев Әміренің әнін ерекше бағалап, өзіне таныс қазақ азаматтарынан Әміренің амандық-саулығын сұрап, сахна саңлағы болғанын, Парижге барып дүние жүзіне аты әйгіленгенін естігенде сондай қуанған екен.
1925 жылы жаз ортасы ауа Семей губерниялық сотына қызметке келдім. Осы келген бетімде училищеде бірге оқыған мектептесім әрі дос адамым Ғұмар Жүнісовтың үйіне түстім. Ғүмар сол жылдары аудандық халық соты қызметінде істеп, Жаңа Семейде тұрушы еді. Мен келгенде Әміре сол үйде отыр екен. Сағыныса амандастық, оның ұлы жолдан жаңа оралып, өте көңілді жүрген уақыты еді. Біз де өз қуанышымызды айтып, мәжіліс жасадық. Ғүмар жаны өте бір сері, өзі домбыра тартып, ән де шырқап жіберетін жігіт еді. Әміремен дос екен. Әміренің Парижде болған, Москвадағы концертке қатысқан әңгімелерін тыңдадық. Өнер иесі адамдарының көпшілігі өзі туралы әңгімелеуге олақ болады ғой. Әміре де дәл сондай. Тек ән шырқағанын, қандай әндерді айтқанын сөз етті. Парижде, Москвада алған сыйлықтарын, өзімен бірге жүріп, танысқан кейбір өнерпаздар туралы сүйсіне айтты. Әсіресе бізге көтере айтқаны Тамара ханумның мың бұрала билегені болды. Ол кезде би өнері біздің өте таңдана қарайтын өнеріміз ғой.
Әміренің атын дүние жүзіне әйгілеген Парижде шырқаған әні жайлы, Москваға арнайы шақырумен барған сапарлары жайында сол көздерде жазылған, кейіннен жазылған мына төмендегі хабарларды келтіріп, тағы да таныстырып өтсем артық бола қоймас.
1925 жылдың маусым айында Семейдің губерниялық оқу бөліміне Москвадан мынадай телеграмма келген: «Семей қаласы, Шығыс көшесі № 78 кварталда тұратын қырғыз (қазақ) әнші Әміре Қашаубаев Париждағы жер жүзілік көрменің этнографиялық концертіне қатысуға келісім берер ме екен? Осыны тез хабарлауыңызды сұраймын. РСФСР Халық ағарту комиссары Луначарский».
СССР халықтарының ән-күйінен Парижда берілетін концерт программасы Москваның талғампаз көрермендері сынынан екі рет өтті. Бірінші концерт 22 маусымда Үлкен театрдың Бетховен залында, екінші концерт 24 маусымда Кіші театрда берілді. Ұлт республикаларының дүлдүл әнші, бишілері, музыканттары астана жұртшылығынан жоғары баға алды. 24 маусымда болған концерт жөнінде «Правда» газеті сол күндері былай деп жазды: «Тамаша концерт. Биылғы маусымның ең ауыз толтырып айтарлық концерті. Тіпті башқұрт құрайшысы Исенбаев, қырғыз (қазақ) әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек әншісі әрі бишісі Тамара ханум, армян халық аспаптарының триосы ұлты республикаларының шын мағынасындағы халық артистері екенін, бұл атақты жай құрмет үшін алмағандарын танытты. Олардың қарапайым әндері, билері, күйлері көркемдік жағынан болсын, орындаушылық шеберлік жағынан болсын, Европа вирви жұлдыздарынан әлдеқайда озып, сондай қарапайым аспаптарымен-ақ тыңдаушыларға жан тебірентерлік эстетикалық әсер бере алатындарына таң-тамаша қаласыз».
Астана көрермендері, өнер қайраткерлері Әміренің әншілігін ерекше мақтады. Ол жөнінде сол кездегі бір рецензияда былай деп жазылды: «Халық әншісі Әміре сахнаға шықты... иін тірескен жұрт. Әміренің асқақ даусы кең залды кернеп кетті. Ұйып тыңдаған халықтың залда отырғандары да естерінен шығып кеткендей. Әміре оларды залдан жетелеп киіз үйдің ішіне, жайылған малдың арасына апарғандай әсер етті. Даусы кейде көкке өрлеп, кейде баяулап, тыңдаушының қиялын тербеді. Әміренің даусы біресе күркіреген күндей жаңғырып, біресе даланың қоңыр желінің лебіндей баяу есілді».
Сөйтіп, Россия филармониясының ұйғаруымен Париждегі декоративтік өнер көрмесіне СССР халықтарының ән, күйінен берілетін концертке Әміре Қашаубаев, РСФСР-дің еңбек сіңірген артисі профессор Р. П. Любимов басқарған орыс халық аспаптарының мемлекеттік квартетінің әншілері, башқұрт құрайшысы Жұмабай Исенбаев, өзбектің әнші, бишілері Тамара ханум, Мамедова, т.б. баратын болды.
1925 жылы 9 шілдеде совет артистері Парижге барды. Франция астанасының халқы совет өнерпаздарының концертін асыға күтуде еді. Өйткені кеп Ұлтты совет халқының ән-күйін шетел халықтарына таныстырудың беташары осы концерт болатын.
Біздің артистер Париж театрларында 11 концерт берді. Әміре бұлардың барлығында да қатынасты. «Ағашаяқ», «Дударай», «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Смет», «Қара торғай», «Қызыл бидай», «Үш дос», «Балқадиша» әндерін орындап жүрді.
«Париж апталығы» газеті 1925 жылдың 31 шілде күнгі санында СССР халық ән-күйлерінен берілген концерттер туралы былай деп жазды: «Комедия» залында жүріп жатқан орыс этнография өнерінің аптасы бізде әншейінде болып жүрген концерттерден мүлде ерекше.
Біздер аса қызықты ойын-сауық көрдік. Түркістанның, Украинаның, Оралдың, Кавказдың адамдары еріксіз баурап алатын, өзінің туасы қалпында сақталған ән-күйін тыңдадық. Мұнда музыканың ерекшелік сипатын бұзатын гармоникалық, мелодикалық бұрмалау да, дыбыстарды былықтыру да жоқ. Қырғыз (қазақ), башқұрт, орыс әуендерін әншілер шынайы дауыспен нәшіне келтіре орындады. Музыкалық пьесалар қолдан істелген байырғы аспаптарда ойналды.
Ғажайып дауыс иесі — қырғыз Әміре Қашаубаев өз елінің жан жүйені балқытқан әндерін Ұлт аспабы — домбыраның сүйемелдеуімен орындап берді.
Мұның барлығынан өздерінің халықтық өнерін көрсетуге Парижге келген бұл артистердің әрқайсысы туған елін жан-тәнімен сүйетіндігіне қанығасыз. Ұлт киімдеріне безенген бұл өнерпаздарды көре отырып біз олардың туған жерлерін аралағандай әсер алдық...»
Сонда француздың әйгілі жазушысы, үлкен музыка сыншысы Ромен Роллан Әміре өнеріне сүйсініп: «Мен шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім», — деген.
Сөйтіп, Парижден даңқы аспандап оралған Әміре елге келген соң Қазақтың мемлекеттік драма театрының тұңғыш шымылдығын ашуға аттанды. Қазақ ұлт өнерінің қарашаңырағы — М.Әуезов атындағы Академиялық Еңбек Қызыл Ту орденді қазақ драма театры — сахнасын сайлап, өнер саңлақтарын жинап, іргесін қалағанда түңғыш уығын көтеріскен Әміре өмірінің соңына дейін осында қызмет жасаған.
1926 жылы жазда Россия филармониясы Әмірені Германия, Франция, Англияға барып, концерт беруге шақырды, бірақ оған Әміре бара алмады, жаңа ұйымдасқан театрдың сахнасын елге таныстыру жолына аттанып, бірнеше облысқа шығып, ойын көрсетті.
Қазақ ән-күйлерін жинаушы А.В.Затаевич сол жылы Әміреден«Жалғыз арша», «Үш дос», «Шұбартау», «Ағашаяқ», «Маңмаңкер», «Смет», «Гауһартас», «Балқадиша», «Дударай», «Бесқарагер», «Көк көбелек» әндерін жазып алғаны мәлім. Әміренің әншілік шеберлігін бағаларда А.В.Затаевич оны Қарқаралының атақты әнші-ақыны Айтбаев Ғаббас және «тұрмыс әншісі» Байжанов Қалимен салыстыра келіп, Әміреге бірінші орын бере отырып, Әміре репертуарында лирикалық әндер де, тұрмыс әндері де бар екенін айтады. Жоғарыда аты аталған екі әншіден Әміре даусының әлдеқайда зор, тынысы кең екенін атап өтеді.
1927 жылы сәуірдің екінші жартысында Москва Мемлекеттік консерваториясының Кіші залында Кеңестердің бүкілодақтық IV съезінің делегаттары үшін берілген концертке Әміре де қатысып, «Жалғыз арша», «Смет», «Ағашаяқ», «Дударай» әндерін шырқайды.
1927 жылдың жаз айларында Майндағы Франк-фуртте (Германия) бүкіл дүние жүзілік музыкалық көрме ұйымдастырылған. Осы көрмеде 22 шілдеден 31 шілдеге дейін Кеңес Одағының музыкалық аптасы өткізілген. Аптаға РСФСР-дің еңбек сіңірген артисі профессор Р. П. Любимов басқарған СССР-дің этнографиялық ансамблі барған. Ансамбль құрамында басқа ұлт республикалар өнерпаздарымен бірге Әміре де болған. Әміре бұл жолы да үлкен абыройға ие болып қайтқан.
Әміре осы бір екі-үш жылдың ішінде дүние жүзілік ән-күй өнер жастарының ұлы думандарына қатынасып, халқымыздың әншілік ерекшелігін зор құрметке бөледі.
Әміре 1925 жылы Парижде болып, әнімен француз халқын таңдандырған жолында оның бірнеше әнін Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа жазып алды. Әміренің сол әндері күні бүгін Парижде сақтаулы.
Әміре қазақтың ән өнерін әлемге танытқан, асқақ үнімен жаңадан ірге жайған театр сахнасында, ел алдына баратын концертінде өрге сүйреген әуен асқары еді. Ол 1934 жылы ашылған қазақтың түңғыш опера театрының ірге тасын қаласқандардың бірі болды. Бірақ ол опера театрының сахнасында ән шырқай алмады. Сол Әміре 1934 жылы 46 жасында қайтыс болды. Осы жерде бір ескертіп айта кетерлік анықтама, Әміренің туған жылы жайлы. Әміренің туған жылын «Ағашаяқ» деген атпен шағын кітап етіп жазған Н. Анов пен Қайнекей Жармағамбетов 1896 жылы деп жазады. Ал түзетіп архивтегі жазбаларға сүйенген Хабиев 1898 жылы туған деп жазады. Осы көрсетілген екі жылнаманың екеуі де жаңсақ. Әміре 1888 жылдың ішінде туған адам екеніне мына сияқты дәлелдерді айта кеткен жөн болар. Әміренің өнер жолынан көптеген дәлелдерді Әмірені өз көзімен көріп, тіпті со л Әміренің баласындай болған Тоқжігітов
Мұқатай «Ән атасы Әміре» деген кітапта жазып бастырып шығарды. Осы Мұқатайдың әкесі Жақып Тоқжігітовпен Әміре әрі дос, әрі бір жылы туған құрдас, өмірі бірге жасап, үй ішімен араласқан адам. Әміре өзі екі сөзінің бірінде Мұқатайды «менің балам, аузына тілі симайтын Жақыпқа мұндай бала қайда», деп күлдіретін. Сол Жақыптың туған жылы 1888 екен. Сондықтан Әміренің туған жылы 1888 жылдан есептелінгені дәлділік болады.
Әміренің әншілдік ақ көңіл, адамгершілік ерекшелігі жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Осы ретте Әміремен өте дос болып, әнін қызықтап сүйсіне мадақтаған замандас інісінің бірі ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің мына төмендегі сөзін келтіру артық болмас деп ойладым.
«Исадан соң, өз жолында жайыннан, жабайыдан шыққан сұлу өнердің иесі — Әміре.
Әміренің әнінде ақындық тазалықтың шамшырағы жанғандай, жүректі тербетіп, қуантатын аспандаған қуаныш белгісі, балалық жарастығы бар. Әміре әншіліктің ақыны. Әрбір ырғағынан жанын салған шыншылдығы көрінеді. Жүрегінің түкпірінде жылтылдап жанған өнер оты сезіледі.
Сондықтан қазақ елінің қай түкпіріндегі қай адамы болса да, кәрі-жасы, әйел-еркегіне қарамай, түгелімен Әміренің әнін қуана, сүйсіне тыңдайды. Әміре мен Исаны күнде тыңдап, күнде көріп, бірде сөгіп, мінеп, бірде болымсыз сөзбен жұбатқан болып, әрлі-берлі қақпайлап жүрген біз сияқты қала адамы олар туралы соңғы сөзді айтудан бұрын қалың қазақ тыңдаушысы не айтатынын еске алуы керек. Егер олардың артында қошаметшісі болып, иін тірескен қалың елді көрсең, сол бізге тоқтау беру керек. Оны кере тұра өнерлі, сыншы кісімсіп, қыңыр кеудеге салып, өрге сүйреу ұят. Ол — надандықтың белгісі.
Қалың қазақ мақтаған өнерші — сыннан өткен өнерші. Заманының қауымы өнерін таныған, қабылдаған өнерші. Рас, бір түрмен ғана, елдің мақтауымен тойып тұрып қалуға болмайды. Түріне түр қосу, ілгері бастыру, нағыз мәдениетті өнерге ұқсату жағынан көмек істеуіміз керек. Бірақ осының бәрін мыналардың қадір-қасиетін танып, бағалай отырып істеу керек»
Әміренің 1925 жылы Парижде профессор Перно жазып алған әндерін қолға түсіре алмай, ардақты асқан әншінің дауысына зар болып жүргенде, 1974 жылы бір қуанышты жағдай болды. Ол қуанышты халқымызға сыйлаған жас ғалым Шәкәрімов Жарқын болды. Осы бір жолың болғыр жас талмай Әміренің 1925-1927 жылы фонограф валигіне жазылып, ораулы күйі өнер қоймасында сақтаулы жатқан әндерін тауып, қазір пластинкаға түсірді. Бұл өлген тіріліп, өшкен жанғандай өте құнды табыс болды. Сөйтіп, Әміре әні қазақ даласына қайтадан оралды, туған аспанында қайтадан қанат қақты.
Әміренің асқақ әнінің жан жүйені балқытар лебін ұрпақтан ұрпақ алтын мұра етіп әлі де сүйсіне тыңдай берер. Ән асқары аталарын келер ұрпақ мақтана мадақтар, жыр етер. Өнер өшпейді. Талантты тат жасыра алмайды. Әміре әні аспан әлемінде шарықтай бермек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі