Оқу аяқталған кезде ауылдан ат алып келген Бейсенді Шоқан Васил ағайдың үйінде жолықтырды. Қыстай қала ішінде іші пысып ерігіп қалған бала, далаға қарай қанат сермеген түз құсындай ынтықты. Корпус оқуына қыс ортасына дейін жаттыға алмай келген Шоқан оқу жылының аяғындағы сынауда алдыңғы балалар қатарында болды. Алыстағы қыр қазағы ауылдан келіп, алдыңғы қатарға талпынған сергек Шоқанның ерекше алғырлығы оқытушыларын аса разыландырып еді. Ауылға қайтарында рұқсат ала барған Шоқанға мектеп директоры:
— Қымбатты Уәлиханов, ауылыңды қимай оқудан қалып қойма! — деді.
— Келуіме, кешікпеуіме сеніңіз, — деді Шоқан ширақ жауап қататын әдетімен.
Шоқан ауылға келгенде, жайлауға көтерілер өлке бойына көшіп қонған ел басын қоса, жаз қызығына кірісе бастаған еді. Алдынан жүгіріп шыққан тентек Жақып, Әлібай, тағы бірнеше балаларға Шоқан арбадан түсіп құшақтасып амандасты. Алдынан құшақ жая күткен апасы:
— Келші, Шоқаным, келші, құлыным, — деген сөзді даусы дірілдеп, көзіне жас алып айтты. Апасының көз жасын көрген Шоқан өзі де анасының құшағына кіре қатты құшақтады. Үйге кіріп аз дем алғаннан кейін:
— Әжеңе бар, сәлем бер. Атекең де ертеңдер келіп қалар, ел арасындағы бір жұмысқа шақырып кеткен, — деп апасы Шоқанды әжесіне жұмсады. Өзі де әжесіне баруға құмар бала, ерттеп қойған былтырғы нағашы аулынан келген боз жорғаға мінді. Жақып, Әлібай бірге жүрді. Ауыл аралары мал жайымен біраз алшақтай қонған еді. Екі орта белес-белес жазық болатын. Ауылдан шыға бере-ақ Жақып:
— Ал кеттік, Шоқан, — деп жарап алған ұшқыр қарагер құнанмен жүгірте жөнеле беріп, Шоқанның боз жорғасын сауырынан қамшымен сипай соғып өтті. Семізден жаңа ұсталып мінілген боз жорға қамшы тиісімен Шоқанды ала жөнелді. Әлібай да құла төбел құнанымен бұлардан қалмай тұра шапты. Жақыпты желіктіріп ым қағып жіберген Жәпекбай өзі де қиқуды салып бірге жүгіртіп келеді. Ә, дегенде құйындай ұшып жөнелген Жақыптың қарагер құнаны бір белестен асып, келесі қайқаңға көтерілгенде тырбақтап жайыла берді. Алғашқыда тығыла тұтқырлау жүгірген боз жорға тоқтығынан көп шаппай, өзінің жатық жорғасымен сыдыртты. Алға шыққан бетінде басқа-көзге төпелей құнанын барлықтырып алған Жақып Әлібайдың құла төбел құнанынан да қалып, тепкілеп келді. Астындағы жарау жирен биенің басын тартып Жәпекбай Жақыптың құнанын тақымға салып тартып, ұрандап даланы басына көтерді. Жәпекбай мен Жақыптың даңғойлығына Шоқан қарық болып:
— Е, екі даңғой, біріңді бірің сүйреп жығылғанша мүдірмеңдер, — деп боз жорғасымен сыдыртып жүре берді. Алдыңғы қабақтың астында отырған ханым аулының қарасы көріне бастағанда аттарының басын іркіп, балалар жай жүріске салды.
— Мен сені үйдегі балалардың үлкені болып есейген екен десем, есерлігің елегізе түскен екен, — деп Шоқан әлгінде ғана сағынып көрген інісіне, байсалды, мектеп көрген баланың сөзін айтты. Жақып Шоқанға сөз қайырған жоқ. Шоқанның корпус формасын кигенін алғаш көрген Жәпекбай көз алмай біресе фуражкесіне, біресе кемзал-шалбарына қарап әуестеніп келеді.
— Мен сенімен оқуға барам, маған да мынадай киім бере ме? — деді Жақып атының басын жайлана тартып, ақырын жорғалатқан Шоқанға жете беріп.
— Жынданбай дұрыстап оқысаң, саған да береді. Жақып «жынданбай дұрыстап оқысаң» деген Шоқан өзіне жасаңсып, көзін жыпылықтатып тоқталып қалды. Бағанадан үндемей келе жатқан Әлібай:
— Шоқан, онда қазақ балалары бар ма? — деді.
— Қазақ балалары жоқ. Ноғай баласы бар.
— Ана молдекеңнің туысқандары ма? — деп Әлібай өзі білетін ноғай молданы айтты. Шоқан күліп:
— Саған ноғай болсақ-ақ біздің молданың туысы болады ғой дейсің бе? Ноғай көп қой.
— Ноғайлар көп бола ма? Мына біздің молдекең жалғыз ғой, — деп Әлібай әлі де дүниетануға шорқақтығын көрсетті. Бұл кезде балалар әже аулына да келіп жеткен еді. Ханым үйіне таяна бергенде алдынан шыққан Қанғожа ағасы:
— Шоқанжан, келіп қалдың ба? Аман-саумысың, — деп Шоқанның сәлемін алып, ханым үйіне ертіп кірді.
— Құлыным,. Шоқаным, қызығым, — деген Айғаным өзі елжіреген бір үлкен үнмен айтылды. Әжесінің бауырына кіре Шоқан да мауқын баса біраз отырып қалды. Тентек Жақып та келіп әжесіне сәлемдесіп, маңдайынан иіскетті. Үйіне түсе салып сәлем беруге шауып келген Шоқанға Айғаным аналық үлкен ықыласын айтып, аса разы болды.
— Аға, қыстай сіздің қобызыңыздың үнін сағындым, — доп Шоқан Қанғожа ағасына күй тартқызып, кешке тұрым ауылдарына қайтты. Қанғожа өзі де ағасының аулына келді. Шоқанның тұңғыш қала қыстап оқудан оралған күні аса бір қызықты болды. Ауылды сағынған, ауыл ойынын сағынған Шоқан таң атқанша ұйықтамай Әлібай, Жақып, Мұқандармен ойын салды. «Ақсүйек», «Қара бие», «Тоқтышақ» ойындарының бәрін де ойнады.
Ат қызығы, ауыл қызығының бірінен біріне алданып Шоқан қаладан әдейі ала келген добын да кітап жәшігінің ішінен біразға дейін алмай ұмытып кетті. Атекесі келгеннен і ейін аға сұлтан ауылы келген-кеткен кісімен абыр-сабыры көбейіп, ойынға да орын болмай қалды. Шоқан бір әредікте Мысықты есіне түсіріп, Бейсеннен:
— Бейсен аға, Мысықтың үйі қайда? — деп сұрады.
Мысықтың үйінің қайда екенін кім білсін. Есітпеп пе едің, оның шешесі өлген, әкесі мен екеуі ауылдарына көшіп кетіп қалған, — деді.
— Олардың ауылдары атамдармен бірге емес пе?
— Жоқ, ол атаңдарға қарашы, малшы, күзетші болып отырған ғой, — деп Бейсен жай үйреншікті елеусіз етіп айта салды. «Қарашы, күзетші, малшы» деген сөздер жайына Шоқан ойлана қарап, әкесінің ауылында мал бағып, бие сауып, жылқы бағып, үй жұмысын істеп жүрген толып жатқан адамдарды көз алдына келтірді. Олар жалаң аяқ жар кешіп жұмыс істейді. Әуе айналып жерге түсетін ыстықта ана Жұлдызбай ерні тобарсып қой бағады. Майбас бие сауады. Сол қымыздан өз бетімен бір аяқ құйып ішпейді. Ана Жайлыбек, Жазықбайлар жазы, қысы жылқы бағады. Бірақ малға да ие емес, бастарына да еркі жоқ. Ол неге олай?..
Былтыр күзде қалаға жүрерде Шоқан Мысықпен қоштасқанда, жыламсыраған Мысықтың ойлы аяныш ұшқынын көрсетіп тұрған жанарын бүгін көз алдына келтірді.
Шоқанның ауыл балаларына қаладан ала келген бір жаңалығы резеңке допты ұрып ойнау болды. Алдымен ол басқаларға қаладан көрген тәртібімен допты ойнауды үйретті. Әсіресе оларға қиын тигені таяқпен ұрған допты қағып алу және қашқан баланы доппен кездеп қалу қиын болды. Біраздан кейін бәрі де жаттығып, допты маңайласа қағып алады. Бірақ ұзаққа барған жоқ, жалғыз резеңке доп Мұқанның шоқпарбас таяқпен қатты ұрғанынан жарылып, ойынға жарамай қалды.
Шоқан бұл жазда ара-тұра болмаса әкесінің қасына көп ілескен жоқ. Оның бір себебі әкесі осы жазда үйде отырмады. Ел арасында дау-шар және қалаға да шақырылып ылғи түзде болды. Шоқанға бұл жазда кездескен бір көңілсіз жай, Шеген аулының жылқышыларының егіншілерге істеген өрескел бір үстемдігі болды.
Ауыл жайлаудан қайта көшіп күзекке бет алды. Жайлаудан алыстай қонып, мал өрісінің жайымен қоныс іргесін кең сала отырған төре ауылдары Соналы өзенінің бойына қанаттаса қонды. Бұл өлкенің иесі кім екенін, оған жайлаудан қайтқан елдің неге жабыла қонып жеп кететінін Шоқан бұрын ойлап көрмеген.
Соналы өлкесі онша кең де көлемді сала емес, жері адырлау қалың бұйраттың ортасынан агатын шағын өзен-сымақ. Осы өзенге сағалай салынған анда-санда жалғыз-жарым қора көрінді. Шыңғыс аулының жылқысымен қанаттаса Шеген аулының жылқысы да осы өлкеге қаптай құлады. Қалың жылқылардың алдынан шығып, айқай салып, екі атты кісі қырға қарай жылқыны қуа бастады. Мұны көрген жылқышылар да айқайлап тұра шапты. Шоқан да солармен ілесе жүгіріп келеді. Жылқышылар келе:
— Неге қайырасың жылқының бетін?! — деп ақырды.
— Неге қайырмаймын, шабындығымды жапырып, аз ғана егінімізді таптап, бұл қай қорлықтарың, — деп аласа бойлы, орта жастағы адам өршелене айқайлады. Жазықбай жылқышы:
— Көзіңді ашып қара, кімнің малының алдынан шығып тұрғаныңды білемісің. Хан қосына қай сорың түртіп қолыңды көтертті. Өшір үніңді. Тоқтат ана жынды ініңді. Жоны қышымаса, қысқартсын, — деп зілденді.
— Хан қосы болса, қарашысын қанға бояп өрістей ме? Құдайдың жері жетпегендей біздің жан сақтап отырған жаялықтай шабынды, уысты құлақ егінімізді таптай ма! — деп даусы бәсеңдеп жалынышты сөйлегендей болды. Сонша болмады, Шеген жылқысының қалың тобын дүркірете, өзен бойынан үркіте айдаған жер қорушыға екі жылқышы жабылып айқай-шу шықты. Мына жер .қорушы да айқай сала солай қарай шапты. Жазықбай да, басқа жылқышылар да, Шоқан да солай шауып келеді. Бұлар келгенде жер қорушы жігіттің басынан қан ағып, үстіндегі көйлегі өрім-өрім болып аттан түсіп отыр екен. Әлгіндегі сақалды кісі:
— Уа, төре ауылының ұрда жық малшылары, шалғынымды жапырып, егінімді таптап, қорлағаныңмен қоймай, өзімізді қанға боядыңдар ма? Сеңдерге де тыйым айтар ұлық бар шығар. Кісі өлімі керек болмаса, мына малдарыңды өзен бойынан шығарыңдар. Қазір біреуіңнің қаныңды ішем, не өз қанымды төгем, — деп Шегеннің жылқышыларына тұра ұмтылып еді, олар тайсалмай:
— Мына төбеттің де жоны қышыған екен, — деп қамшы сілтей бергенде, Шоқан ілгері ұмтылып:
— Тоқтаңдар, не деген сотқарлық, адамшылық емес қой, — деп ара түсті. Шоқанның даусын естіген жер қорушы:
— Шырағым, төре бала, әкеңе арыз айтқанда куә бол. Мына қодар құлдардың бізге істейтіні осы, әттең, аға сұлтанның өзі таяуда емес, — деп Шоқан өзін арқаланып, жылқыны өлкеден айдай бастады. Шоқанның жаңағы өзі жылқышылардың бәріне де тыйым салғандай болды. Олар ожарланған өктемдігін қойып, жылқыны өзен шалғынынан қабаққа серпіп, қонатын жерге беттетті. Таяқ жеп, қанға қанға боялған жігіт атына мініп, өлбірейіп өзен бойына тартты. Мынау қандай өктемдік дегендей Шоқан жалтаңдай, әлгі жігітті аяп қарай берді.
Өлкені қабақтай ел жайланып қонғаннан кейін кешке жақын Шыңғыс бір жақтан аулына келді. Кешкі салқынмен ойынға шыққан Шоқан, тобылғыдан садақ иіп алып торғай атып жүрген Жақып пен Мұқанға жолықты. Ол кезде Әлібай Мұқан мен Жақыптың қолындағысын көре салып, таяудағы сайдан тобылғы жұлып алып келе жатыр еді.
— Мына тобылғыдан істеген садақ арқар атуға да жарайды, — деп Жақыптарға балғындау тобылғыны көрсетті.
Сол тобылғыны Шоқан қолына алып көріп тұрғанда, Жақып жүгіріп келіп алып кеп қашты. Әлібай қуайын деп еді, Мұқан оны ұстай алды.
— Әй, жынды, тоқта! — деп айқайлады Шоқан. Жақып оған бөгелместен тура үйге қарай жөнелді. Шоқан үнсіз тұрып қалды. Оның інісіне ыза болып қалғанын байқаған Әлібай:
— Мына тобылғым одан да мықты, — деп тағы бір балғын тобылғыны қолына алды. Қолындағысын тартып алады, қарсылық етер қайрат жоқ. Бағанағы көргені әлі ойында сақталып қалған Шоқан, балалардың қасынан бөлініп ауылға келді. Әлгінде өзін еркелетіп, қасына отырғызып мейірбандық еткен әкесінің қасына қайта келіп, қабағы түсіңкі бір оймен:
— Атеке, — деді.
— Ә-ә, Шоқанжан, — деп Шыңғыс баласына бұрылды.
— Бүтін бар ғой, біз жылқы айдап келе жатқанда, атам ауылының жылқышылары бір жер қорушыны жаман сабады, басын қанатты, — деді.
— Ол кім, кім? — деп Шыңғыс дыбырлаңқырап Шоқаннан талдап сұрай бастап еді, ол:
— Атеке, Жазықбай ағадан сұраңыз, айтады, — деді. Шыңғыс шақыртып алып, Жазықбайдан бәрін ұғынды, Бейсенге:
— Сен барып ана егін иесін ертіп кел. Және бір жігіт жіберіп, Шегеннің жылқышыларын осында шақырт. Біздің абыройымызға ит қосатын осылар. Ана нашарлардың шаруасын бүлдірген ғой, — деп бұйырды.
Аға сұлтан айтты, бөгет бар ма. Біразда жері иесі екі кедей, шеткі бір қарашы үйге түсіп, орда үйіне көздерін тігіп отырды. Шегеннің жылқышылары шақыра барған жігіт көп кешігіп оралды. Жылқышыларын аулына қалдырып, Шегеннің өзі келді. Шегенге Шыңғыс түрегеліп сәлем беріп, құрмет көрсетті. Шоқан да әкесінің қасында бірге болып, әдеттегі сәлемін беріп, ата қолын алды.
— Аға сұлтан шақыртты деген соң келдік. Сен алдымен әкімшілігіңді бізден бастайын дедің бе? — деген өзін Шеген ентіге, долдана өйледі.
— Шеке аға, ашуыңызды басыңыз, мен сізді шақыртқаным жоқ еді, ана содырлы жылқышыңды шақыртып едім. Сіздің жылықыны бақтым деп олар қағусыз қан төге бере ме, — деп Шыңғыс та ағасының алдын орай, адамын кінәлай сөйледі.
— Кімнің қанын төгіпті. Немене, менің жылқым жердің үстімен жүрмей, ұшып өтпек пе қонатын жерге. Қырық күн шілдеде жер қорып желігіп жүрген иттердің өзімен мені жазаламақсың ба? Менің жылқышымды жазғырғаның, мені жазғырғаның емес пе... — деп Шеген әлгіден гөрі де көтеріле салмақ сала сөйледі.
— Біз тентекті тыямыз, патша әмірін орындаймыз дейміз. Сіздер тентекке қорғаныш болып, ара түсіп ағалық сатасыздар. Жарайды, қойдық, — деп Шыңғыс ағасының өңіне екпелі пішінмен қарады.
— Шақыртқаның осы болса, мен кеттім, — деп Шеген ызғарлана үйден шыға жөнелді.
— Кісі өз қолын өзі кесе алмайды екен. Жаңағы кісіге не айтармыз. Әлгі егіншілер қайда, шақыр, — деп Бейсенге Шыңғыс бұйрық етті.
— Ол кісілер ана қойшының үйінде отыр, қазір шақырайын, — деп Бейсен лып етіп барып екі егіншіні ертіп келді. «Алдияр аға, сұлтандап» қорғана басып әрең кірген екі мүсәпір босаға жаққа отыра кетті.
— Сіздер именбеңіздер, мына Шоқанжан сіздерге жаны ашып, Шекең жылқышыларының тентектігін айтқан соң шақыртып едім. Шекең өзі келіп, сіздер түтілі бізге ағалығын істеп кетті. Қазақта бір қағида бар ғой, аға алдынан шықпайтын. Ол кісінің арыны тоқтағанша, айыбын біз тартамыз. Артынан сабасына түседі ғой, бірақ сендер күйзелмей аттаныңдар. Егіндеріңіз көп бүлінді ме? — деп Шыңғыс жылы да жұмсақ сөйледі.
— Егін бүлінді, бар күн көреміз деп отырған уысты құлақ еді. Өзі де осындай бір апатқа бола өссе керек, аса бітік шығып, қуанып жүр едік. Ең аз болғанда бір қырық-елу пұт астық алармыз деп ойлаушы едік, алдияр, — деп сақалды кісі көзінің жасын қолымен сүрткендей болды.
— Сіз жасымаңыз, егініңіздің шығынын мен өзім берейін. Шоқанжанның мейірімінен садаға кетсін. Бейсен, мына кісілерге сауыншыға айтып бір бұзаулы сиыр бергіз. Ана жігітке бір тай беріңдер, ат қылып мінсін. Сонда Шеген жылқышыларымен не айтар екен, — деп Шыңғыс долдана тоқтады.
— Алдияр тақсыр, мәртебеңіз өсе берсін. Төре балаңыздың әмісе жолы болсын, тәңірісі пана болсын, — деп үлкен жер қорушы қолын жайып, батасын берді.
— Мен аты-жөніңді де сұрамаппын, өзің мына Уақсың ғой, — деді Шыңғыс.
— Иә, алдияр, дәл тауып отырсыз, осы жердегі аз ғана Уақ боламыз. Атым — Мүсәпір, інімнің аты — Мұсағұл, — деп жөнін айтты.
— Ал енді, Бейсенмен барып айтқан малды алыңыз, — деген Шыңғыс бұйрығын алып, Мүсәпір алғысын айта ордадан шықты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі