Өлең, жыр, ақындар

Көңілсіз көріністен кейін

Осы бір күні керген барлық жайды Шоқан өзінің күнделік дәптеріне жазып, «Мүсәпір мен Мұсағұлдың бір күні» деп қойды. Шеген атасының зорлығы, оның өзі түгіл жылқышыларының маңайдағы кедей көпшілікке істейтін өктемдігі, Шоқан ойынан ұмытылмайтын орын алды.

Ауыл күзекке қонысымен Шоқан қалаға оқуға жүруге әзірленді. Ол күзекке қонған күні былтырғы Мысық үйі отырған қорық ішіне барып қайтты. Бейсеннің айтқаны рас. Мысық көшіп кетіпті. «Шеше өлген, әке жалшы, қандай күйде екен» деген ой Шоқанның көкірегінде біраз уайымдай болып сезілді. Бірақ Мысықты іздеп табуды ойлана қойған жоқ. Ол ауылға келісімен Әлібайға, Мұқанға, тағы бірнеше ойыны бірге балаларға:

— Бүгін кешке алтыбақан, әткеншек теуіп ойнаймыз, соны құратын аспапты — бақан, арқандарды әзірлеңдер, — деп тапсырды. Өзі Қанипаға айтып Әлібайдың қолына екі мықты арқан және екі бақан алып берді. Ел орынға отыра екі ауылдың аралығынан алтыбақан әткеншек құрған балалар шуылы күзек даласының кең алқабына жаңғырыға сыңғырлап кетіп жатты. Іңірде туған ай сәулесі де жер бетіне көгілдір аспаннан жарығын мол жайып, аса көңілдендіріп жіберді. Тек балалар ғана емес, әткеншек басына қыз, келіншектер де, жас өспірім бозбалалар да жиналды.

Ауыл арасындағы шілдехана, қынаменде қызықтарында әйел жағынан ойын бастап өлең айтатын Бәтіш бүгін алтыбақан басына бірнеше жас қыздарды ертіп келді. Келе әндетіп:

«Әттең, айдың жарығы күндізгідей,
Ер жігіттің қадірін қыз білгендей,
Қыз байғұстың еркіне қоя берсе,
Есік ашып үйіне кіргізгендей», —

деп мөлдіреген ай сәулесі шаттана өзінің сергек сауықшыл мінезін істеп әндете келді. Жігіттер де бірін бірі түртіп: «Ана Бәтішке жауап айталық, ол тағы басымыздан асыра шырқап кетеді», — десіп жатты.

— Ал әткеншек дайын болды. Кәні, кім отырады? — деп алтыбақанды құрған ересек жігіттер айқай салды.

— Алдымен Шоқанжан отырсын, бүгін әдейі ойнаймын деп құрғызған сол, — деді Жәпекбай. — Кәні, отыр мына жағына, — деп, ол бір басына Шоқанды отырғызып, екінші жағына Бәтішті отырғызды.

Ән шырқасам шырқаймын әнім аз ба,
Айтылмаған қандай ән мынау жазда.
Кел шырқалық, жігіттер, неге тұрсың,
Желікпей ме көңілің айтқан назға.

деп келіп:

Алтыбақан әткеншек,
Әндетіп жібер тұрма тек.
Әткеншекте ән салмасаң,
Сүмірейіп тұрсың неге кеп, —

деп Бәтіш әткеншек арқанын сермеп тұрған бір жігітке қолын сермей сөз тастады. Сонан жігіттер өлең бастады. Ауылдың қара өлең мен қайым айтысы біразға созылды. Шоқан біраздан кейін алты бақаннан түсіп, басқа жастар отырды.

— Өркенің өскір, Шоқанжан-ай, көптен бері үлкендерден бата алмай жүрген ойынымызды бастап бердің-ау, — деп Бәтіш барынша ашық көңілді мінезімен сауықты ажарлай түсті. Шоқан аса бір ықыласпен қызықтап, таң ата келіп төсегіне жатты.

Ертеңіне Шоқан әжесіне барып қош айтысты.

Шоқанжаным, жолың болсын. Кеше осында ауыл адамдары айтып келді, ана тентек атаңның шығынын әкеңе төлетіп Уақтың бір нашарларына болысыпсың. Оның жарайды. Шеген ит көзіме көрінбей отыр, жазасын тарттырармын. Оның қазан бұзар қылығы өзге түгіл саған да ерсі болды-ау, — деп Айғаным аз ойланып отырып, — әрқашан әділдік жағында болғайсың, — деді. Шоқан үнсіз тыңдап, әже ықыласына бас иді.

Келер күні Шоқанды қалаға жүргізді. Бұл жолы Тақырбас Атығайұлы алып жүрді. Бейсеннен жасы көп кіші, өте бір сергек, әңгімешіл жігіт еді. Бейсенді Шыңғыс бір жүріске дайындалып қасына ертетін болғандықтан Шоқанға Тақырбасты өзі қосты. Тақырбаспен бұрын сырлас болмаған Шоқан алғашқы күні біраз жай тілдесіп отырды. Бейсенге үйір болып қалғандықтан ба, Тақырбасқа аса ашыла қоймады.

Ауылдан шыққан күні Тақырбас аттарды аса қыстамай, жайырақ жүріп суытты. Ертеңіне қонған ауылдан шығып жолға түсе бере, ортадағы ақ кекіл қарагерге делбе қағып, оң жақтағы қарынсау, қырсау қарагерді қамшымен қабырғадан шықпытып жіберіп:

— Уақтың май құйрық старшыны құсап қыртыңдамай желсеңші, — деді. Тақырбастың мына сөзін естігенде Шоқан жымиып:

— Тақа, сіз әлгі бір аласа бойлы, қалың қара сақалды, семіз кісіні айтасыз ба? — деді.

Иә, мына қырсау қарагер тап сол сияқты, ылғи постромкені іркіп, аяғын баспайды.

— Шоқан дәл оқу басталғанша, Васил ағайдың үйінде болды. Тақырбас қаладан керек-жарағын алып тапсырылған жұмыстарын орындап, қайтып кетті.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз