Шоқан осы қыста ата достар тауып, арналы білім жолына түсіп есейіп алған. Жылдағы мерзімінде ауылдан Тақырбас та пар жегілген екі қарагерді ауыздығымен алыстырып, Васил ағайдың үйінен күтіп алды. Шоқан ауылға қайтардан бір-екі күн бұрын Костылецкий арқылы танысқан Карл Казимирович Гутковскийдің үйіне барып, жазда оқитын кітап сұрап алды. Онысы Лермонтовтың, Гогольдің бірнеше шығармалары еді. Әредік оқығаны болмаса, бұл жазушылардың мына сияқты жинақталып басылған белгілі шығармалары қолына бұрын тимеген.
Ауылға ертең жүремін деп отырғанда Григорий мен Ғазиз екеуі келді. Шоқанмен қырға жүрер алдында әңгімелеспек. Шоқан оларға өзінің жазда қалай дем алатынын, ауылда істейтін жұмыстарын айтты. Өйтіп, Гутковскийдің үйінен алған кітаптарын көрсетті.
— Шоқан, сен мына кітабыңның біреуін маған бер, менде мұндай кітаптан ештеңе жоқ, — деп Григорий жабыса кетті.
— Жарайды, өле оқығанша, бөле оқылық. Бірақ күтіп ұста, ұятты кісінің кітабы, — деп досына Гогольдің әңгімелерін берді. Ғазиз кітап сұраған жоқ. Ол бір әредікте:
— Менің нағашы ағайым жазда қырғызлар арасына шығып сауда ішли, мен сонымен бірге шығып даланы курәм, абыйыма болышам, — деді.
— Немене, сауданы үйрене алмай қалармын деп асығасың ба? Егер қырға шығып, ауыл көрем десең, жүр менімен, бірге боламыз, — деді Шоқан.
— Абыйым рұхсат итми, мен аның саудасына булышырға кирәк, — деп Ғазиз Шоқанға ергісі келмеді.
Достар ол күні Ертіс бойына барды. Қаланы аралады. Кешке жақын қош айтысты.
— Ал, Шоқан төре, атты қазақша айдайын ба, жоқ орысша айдайын ба? — деп Тақырбас паромнан шыға екі қарагерге делбе қақты.
— Қаладан ұзағанша орысшала, ел арасына кіре бергенде қазақшыла, — деп Тақырбастың қылжақ сұрағына Шоқан да әзілмен жауап айтты. Даланы сағынып қалған
Шоқан қаладан шығысымен формаларын шешіп, желпіне, жайлана отырды.
Тақырбастан жазған хатында Шыңғыс: «Шоқанжан, сен бұл жолы қаладан қайтқанда Құсмұрынға емес, Сырымбетке — әжең ауылының қонысына келесің. Осы көктемде біз де сонда көшіп келдік. Тақырбасқа жүретін жолдың жобасын, қайда түсіп, қайда тоқталуды жазып бердім», — депті. Әкесінің хатын алғаннан бері Шоқан Сырымбет өлкесінің жайын, тауын, көлін көз алдына келтіріп, ой жүгіртуде. Ол бір әредікте:
— Тақа, Сырымбетке біздің ауылдың, орда маңындағы елдің бәрі де келді ме? — деп сұрады.
— Хан аулының өздері ғана көшіп келді. Басқа жергілікті елдер өз қоныстарынан көшкен жоқ.
— Әлібайдың үйі қайда?
— Олар сол Құсмұрында қалды.
— Мұқандікі ше?
— Мұқандікі Сырымбетке көшіп келді. Олардың төре ауылынан басқа туысы бар ма, — деп Тақырбас өзі білген жайын біртіндей айтып отырды.
Шоқан Сырымбетке келгенде, төре ауылы бір алқапта түгелге таяу отыр еді. Өйткені, Шыңғыстың Көкшетау округіне аға сұлтан болып тағайындалуына байланысты Сырымбеттегі Айғаным қонысынан жаңа орда үйі салына бастаған. Төре аулының әзір жайлауға көтерілмей бір жерде жиі отыруының түйіні де осы үй салу жұмысына байланысты еді.
Қаладан алдырған ұсталар, үй іргесін қалайтын жұмысшылар қызу қимыл үстінде екен. Шоқанды апасы да, әжесі де қыстай көрмей сағынғанымен, есейген оқушы бейнесінде құрметтей қарсы алды. Шоқанның өзі де бұрынғы ойын баласы емес, әрбір жағдайға мән бере қарайтын ой баласы болып алған. Жүріс-тұрысы да қала тәртібіне бейнеленіп есейген.
Шоқанға биылғы жазға арнап жеке үй тігіп, өзіне еркімен жатып, кітабын оқитын жағдай жасалған. Оған себеп: Васил ағай мен Гутковскийдің Шыңғысқа Шоқанның оқытушыларға ұнамды ой салған ерекше талабын, алғырлығын мақтана айтуларынан болған.
Шоқан қаладан келгеннен кейін Қанғожа ағасының қасында болып, Сырымбет тауының әдемі жаратылысын, айнадай көлдерін, әсем бұлақтарын суретке салды. Сол бір тауды аралап қайтқан бетінде Шоқан қасындағы Тақырбасқа: «Орда үйінің салынып жатқан жеріне бара жүрелік», — деді. Ондайда бір қылжақ өз таба қоятын Тақырбас:
— Жұмысшылар балшық беріп жіберсе, апекеңнің бір қой, бір қос қазысын шығын қыласың ғой, — деді.
— Ол қайдағы кәде ? — деп сұраған Шоқанға:
— Шоқанжан, сен қазақтың кеп ырымын, жол-жобасын біле бермейсің-ау. Мысалы, қырықтықшылар қасына барған балаға бір уыс жүн беріп шешесінен құрт, май алғызады. Құдық қазғандар қасына келген баланың тақиясына құдық суын құйып беріп үйіне жіберіп, қымыз, сары май, ірімшік алдырады. Сол сияқты мына жұмысшылар сені көрген соң, ырым істемей қоймайды. Оларға жас ет, сүр қазы күнде асылып отыр дейсің бе? — деді.
— Жарайды, олай болса барып ырымын алайық, — деп Шоқан тура тартты.
Шоқан келгенде күн батуға таянып қалған. Жұмысшылар кешкі тамаққа отырып, үйді-үйінде екен. Бір қара күркенің ішінен көзі шегірейіп Мысық шыға келді. Ә дегенде Шоқан тосырқап қалған қалыпта:
— Өй, сен Мысықпысың? — деді.
— Шоқан, — деп ол ат үстіндегі Шоқанға тұра жүгірді. Шоқан Мысықпен атынан түсіп амандасты.
— Сен бұл жерге қайдан келдің?
— Біз әкеміз екеуміз мына үйді салуға келгеміз.
— Немене, мүсін жасайсың ба?
— Жоқ, мына үй салуға балшық, илеймін, тасимын. Әкем үй қалайды. Былтыр осы жаққа әкемнің ағайындарына көшіп келгеміз. Содан осында едік. Жұмысқа әкем мені де ала келді.
— Сен менің қаладан келгенімді естідің бе?
— Естігенім жоқ. Анада сіздің ауылға барайын, өзіңді сұрайын деп бір ойладым да, тағы бата алмадым.
— Сен менімен бірге қалаға барасың ба? Оқуға түсесің. Суретшілікке үйренесің.
— Әкем жібермейді ғой және қаладан қорқам.
— Қалада саған кім тиеді. Мен де барып оқып жүрмін, ешкім тимейді.
— Шоқан, сен үлкенсің. Өзің бірге боласың ба?
— Бірге болам. Әкеңнен өзім сұрап алам.
— Жарайды, онда барам, — Бұдан әрі олар көп сөйлескен жоқ.
— Ертең өзім келем, ауылға апарам, — деп Шоқан жүріп кетті.
Әке алды кісіден босамайды. Бір жатынан үкімет тарапынан тапсырмалар келіп жатады. Анадағы Гутковскийдің үйінен алған кітабын оқып, өзінің сурет салу, күнделік жаңалық жазу ісімен алданып, Шоқан әке маңына да бара бермейді.
Үй салу жұмысына белгіленген үйшілер, қалаушылар өздерінің азығымен, күтушілермен жұмыс басында қалды да, төре ауылы жайлауға көтерілді. Айғаным бұл жылдарда бұрынғыдай емес, жүріс-тұрысы ауырлап, баяуланып шөге бастаған тәрізді. Сол кісінің жағдайымен төре ауылы биыл аса алыс жайлауға тартпай, Сырымбет маңының көлдеріне көтеріле қонды. Шоқан ауыл көшер алдында Мысыққа жолығып, күздігүні өзі қалаға жүрерде ала кететінін айтты.
Бір күні күтпеген жерден бір топ жолдасымен Мұса келді. Төре ауылы сый қонақты құрметпен қарсы алды. Шыңғыс жездесінің жаңа округке аға сұлтан болуына құтты болсын айта келіпті. Бір жұмыспен барып Омбыдан оралған жолында әдейі бұрыла жүрген Баянауыл округінің аға султаны аса бір ерекше сәнмен келді. Өзге қазақ жолдастарынан бөлек Мұсаның қасында Григорийдің әкесі Николай Потанин бар. Бұл кісі қазақ тілін мүлтіксіз сөйлейтін, қазақ әдет-ғұрпын өзіндей білетін аса бір жатық адам еді. Сонымен қатар қазақ әңгімелерін, ертегі, жыр, әнмен күй шежірелеріне айрықша көңіл бөлген адам екен. Ол Шоқанға өзі бұрын көрмеген қазақ даласының көп жайынан әңгімелер айтты. Өз арасында өткен жылы Қарқаралы қаласынан елу шақырымдай жерден ашылған Қоянды жәрмеңкесінің қызықты базары, ән мерекесі болғанын әдемілеп айтып берді.
— Ол жәрмеңке нағашым ауылынан алыс па? — деп сұрады Шоқан.
— Онша алыс емес, нағашың ауылының адамдары сол жәрмеңкеге мал апарады. Көп ел бас қосады, — деді Мұсаның қасындағы бір жолдасы.
— Немене, барып көргің келе ме, бір ауылдан келіп, бір ауылдан қалаға оралу көңілсіз де болар. Онда бізбен жүр. Өзім апарып жәрмеңкені, Қарқаралыны көрсетем, — деді Мұса Шоқан ойын қабағынан ұғынып.
— Нағашы аға, атекеме айтыңыз, мен сізбен барамын, — деді Шоқан.
Бірнеше күннен кейін Мұса анадағы уәдесін орындап Шыңғысқа, Айғанымға айтып, Шоқанды өзімен алып кететін болды. Шоқанға күтуші болуға Тақырбастың өзін ертті.
— Мұса мырза жиеніне жер көрсетіп, ел көрсетіп, бір мырзалық істейін деген болар, барсын. Бірақ, шырағым, сабағыңнан кешігіп қалып жүрме, — деп Шыңғыс балдызына әзіл, баласына ескерту айтты.
— Мұстапаның сараңдығын көлденең тарта бердің-ау, өзгеге жол айтпасақ та, өз жобамызды білерміз, — деп Мұса жездесінің сөзіндегі астарды шеше сөйледі. Арада бірнеше күн жүріп, Мұса Қаракөлде отырған өз ауылдарына келді. Шоқанның құрметіне Баян елінің жұртшылығы аз жиналған жоқ. Бәрі де жөнін сұрап, оқып жүрген жайымен танысып, қуаныш етуде. Шоқанның үлкен кісілердің кейбір сұрақтарына толығымен жауап айтып, кейбір жайларда олардың өзі түсінбейтін жайын ажырата айтқанына іштей таңдану да жоқ емес. Әлде сынағысы келді ме екен, жоқ, өзінің аңғырт айтқыш әдеті ме екен, Сәттібай деген Шорман ауылының белгілі қожасы:
— Мырза ауылы қаншалық өзімсінгенімен, ата тегі басқа ғой. Қазақта мақал бар емес пе, «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген. Бұрынғылар білмей айтты дейсіз бе, — деді. Қожа сөзін аяқтап, қасындағы бір ақсақалды адамға бұрыла бергенде:
— Қожеке, «Жиен неге ел болмасын, малы болса, желке неге ас болмасын, майы болса» дегені де бар емес пе сол айтқыштардың, — деді Шоқан байыпты қабақпен.
— Қожеке, сіз біздің Шоқанның үстіндегі кемзалына қарап қазақша өзге шорқақ екен деп ойлап қалдыңыз білем. Сірә, сол бала қазақ сөзін аңғарса керек, — деді Мұса Шоқанның тауып айтқан жауабына разы болып.
Нағашы аулында біраз күн болып, Мұса жол жабдығын қамдатып, Қоянды жәрмеңкесіне жүретін болды. Мұсамен бірге келген Николай Потанин бір-екі күннен кейін өзінің баратын жұмысына жүріп кетіпті. Салтанатпен жүруді әдеттенген аға сұлтан Мұса Қаракөлден аттанарда ерекше жабдықтатып, жол шатырын тиетіп, бірнеше нөкермен жүрді. Жолдағы елдің сый-құрмет қонағасысына бөленіп, жәрмеңке басына таяна келіп, шатырын тіккізді. Арқа белдеуінің көк майса Балқашты өлкесі айдын шалқар қара сор көлі, Қояндының қой бұйрат жатық белестері Шоқанға жаңа көріністер елесін сездіреді. Әлі көшелі үлкен үйлер салынбаған, ұйымдасқанына бір-екі-ақ жыл болған Қоянды жәрмеңкесі қатарластыра тігілген қазақ үйлер тізбегімен көше тартыпты. Сонау Ақмоланың, Қарқаралының сан сұлулары ақ отауларда қымыз сапырып, қонақ аттандырып, қала кәсібіне кіріскен елестер бар. Бірнеше жерде мал базары бар екен. Мыңғырған қойлар базары бір бөлек. Не саңлақтарды ноқталап әкеліп тұрған дала шаруалары жылқы базарында дуылдатып жүр. Ала тақиялы өзбек саудагерлері, қара хатипа киген ноғай абзилары балаған тізбегін құрып, ұсақ-түйек саудасын жасап жатыр. Кең алапты көлеңкелі кенеп жаппамен шатырлап тастап, неше түрлі заттарды жайып салған орыс байларының шай, қант, кездемелері де телегей теңіз. Мінеки, базар қызығы. Бұл сияқты базар көрінісі Шоқанға алғашқыда думан болып көрінгенімен тез зеріктірді. Ол, тек сонау қатарласа тігілген қазақ үйлерінен күмбірлеген дауыстар, шырқалып айтылған әндер, өлеңдер жағына құлақ қойып, әрбір сарынын аңғартысы келеді. Бірақ олар арнаулы мәжіліс жыршысы емес, қымыз қызуындағы ел арасының мырзасымақтарының шашбауын көтерген мадақшылар тәрізді сезілді.
— Наташы аға, біз Қарқаралы қаласына қашан барамыз? — деді Шоқан екі-үш күн өткеннен кейін.
— Немене, жәрмеңке думаны ұнамады ма, жалықтың ба? — деді Мұса Шоқанға жымия қарап.
— Сауда істемеймін, сатар малым жоқ, ел билігінде қатынасым жоқ, жалықпай қайтемін, — деді Шоқан.
— Иә, Шоқанжан, саған мына дуылдақ көңілсіз-ақ болар. Енді бір күнге шыда. Осында бір Семейден келетін ұлықтың бас қосуын күтіп отырмыз. Сол келісімен округтер шекарасы жайлы сөзді шешіп алып, жүріп кетеміз, — деп Мұса Шоқанға жүріс жайын ұғындырды.
Айтқанындай екі күннен кейін Мұса күткен ұлығына жолығып, тосқан мәселесін шешті де, жүруге әзірленді.
Ертеңіне Мұса Қарқаралыға жүрді. Бұрынғы жолдастарының үстіне Қарқаралы елінің кісілерінен бірнеше адам ере шықты. Арыстаннан естуінен бері құмартқан Қарқаралы тауының сұлу жаратылысына сүйсіне қарағаны болмаса, Шоқан әлі тау жайынан ешбір әңгіме естіген жоқ. Қарқаралының қаласы да ондай үлкен қала емес екен. Шатын аташ үйлерден бірнеше көше тартқан округ орталығы ғана. Сонау Қоянды басынан Мұсаға еріп шыққан бір бай саудагер ноғай өз үйіне әкеліп түсіріп, барынша құрмет етіп жатыр. Тек сол ноғайдың айтуынан тау үстіндегі «Шайтанды көл» жайындағы аңыз ертегіні естіп, Шоқан соны көруге құмартты.
Тауға шығуға бой сақтап Мұса бармады. Басшы алып салт атпен Шоқан, Тақырбас екеуі барып қайтты. Жатық жердегі қаншама көлді көргенімен, мына сияқты тау жотасындағы сыңсыған қарағай алқабына біткен мөлдір көлді көргені жоқ еді. Әсіресе батыс оңтүстігіндегі тұңғиыққа үңіле біткен жартас көл тұңғиығымен сырласып тұрғандай аса бір ерекше жаратылыс сымбаты болып көрінді. Шығыс солтүстік бетіндегі кішкене қуыстағы орысша жазулар, аса ілгеріде жазылмаған. Тек кейбір тақтай тастар бетінде ескіше таңбалар бар. Оларды Шоқан ажыратып тани алған жоқ. Шоқан ойындағы Баян Қарқарасынан белгілі аңыз болған еш нәрсе кездеспеді. Мүмкін, бұл күнде оны білетін кісі де жоқ шығар.
Суыт жүріп елге оралған Мұса Шоқанды өзінің пәуескесімен ауылына қайтарды. Бұрын көрмеген біраз жерлерді аралап, бейтаныс елдерді көрген Шоқан өз ауылына бірнеше жаңа ойлармен оралды.
Ол ауылға келісімен Қарқаралы тауының, тау басындағы әсем көлдің көрінісінен бірнеше суреттер салды. Бірақ ол суреттері өзіне ұнаған жоқ. Арада бірнеше күн өткендіктен бе, кейбір көрініс елестері көмескіленіп қалыпты.
Шоқан келгеннен кейін, ауыл күзек қонысқа келіп қонды. Шоқанның оқуға жүрер кезі де таянған. Өзіне арналып тігілген ақ үйде оңаша жататын әдетімен сәске түс кезінде тұрып, далаға шықты. Ауылдың күндегі өмірі, біреулер келіп, біреулер кетіп жатады. Шоқанның бүгінгі көзіне түскені — бір топ жаяу-жұлба киімді адамдар. Олар күндегі келіп кететін салтанатты жұртқа ұқсамайды. Олардың ешкімнің үйіне кірмей ұйлыға отырысы да өзгеше. Бірақ Шоқан ол топқа айрықша көңіл бөле қойған жоқ.
Шоқан тамағын ішіп, әке үйіне сәлем бере кірді. Шыңғыстың қасында отырған қарынсау Ықылас биді көріп сәлем берді. Ықылас белгілі жорғалығына салып:
— О, бәрекелді, «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деген, қандай жақсы айтылған. Шыңғысжан, мына Шоқаныңыз, дәл өзіңнің Омбыда оқығандағы түрің болыпты да қалыпты. Тек өмірлі бол, шырағым, тере бала, біз сияқты шал атаңа сәлем бере жүрсең болғаны, — деп Шоқанға әзін тапсыра өйледі. Ықылас бидің неге осынша жорғалай сөйлегенін Шоқан ажырата қойған жоқ. Ол өзінің белгілі жорғалығы деп ойлады.
Қымыз сапырылып, мәжіліс біраз жай өздермен, әзіл қалжыңмен аяқтала бергенінде, Шыңғыс:
— Ықа, сіз бір қарбаластау кезде келіп қалдыңыз. Шоқанжан оқуына жүруіне әзірленіп, соның жол жабдығы дегендей... — деп тоқтала бергенде:
— Иә, хан ие, балақтағы бит басқа өрмелеп, мына бір Уақтың қара сирақ қаныпезерлері тапа тал түсте көліме қолын салып, басынғандық істеп, мезгілсіз атқа мінгізді. Тіпті келе қоямын деген ойым жоқ еді, сіз, әне бір балаларды шақыртты деген соң, қой, «Бет көрсе жүз ұялады» деген, өзім барайын деп келе қалғаным. Атамыз қазақ «істің түйінін шешудегі кемшілік төрешіден болмайды. Айтушы өзі аяқсытып алады» деуші еді ғой. Ана балалар шалалық етіп, өзін жеткізіп айта алмас деп келдім,- деп Ықылас өзін үнсіз тыңдап отырған Шоқан әлгі бір сыртта отырған жалаңаш-жалпы топтың осы өзге байланысты екенін аңғарды.
— Иә, Ықа, тексере көреміз ғой. Қазан бұзар тентектерді бетімен жібермейміз, — деп Шыңғыс езінің баяу ойлы көзімен Ықыласқа қарады. Ықыластың барбиған жалпақ бетінде жағымпаздана мөлтеңдеген көз құбылысында сайрап тұрған сұрқиялық бар еді.
— Онда біз кеңсе үйіне барайық. Әлгі ұры балықшылар сонда әкелінсін, — деп Шыңғыс ишарат білдіргенде-ақ, Бейсен үйден шыта жөнелді.
Шыңғыс бастап кеңсе үйіне келген кісілермен Шоқан да бірге келді. Аға сұлтан өзіне арналған орындыққа отырып, іс тексеруге кірісті. Бағанағы топтанып отырған жыртық киімділердің бір-екеуін ғана үйге кіргізді. Қалғандары іркіліп кеңсе сыртында қалып қойды.
— Мына Ықаңды білесің бе? — деп бастады өзін Шыңғыс жаңағы кедейлердің ортасынан келген сиректеу көк бурыл сақалды, арықтау ақ сары кісіге қарап.
— Иә, алдияр, бұл кісіні танымағанда кімді танимыз. Арқамызда қамшысы ойнаса, ауылымызға екі күннің бірінде ақыр заман орнатса, — деп үлкен отты көзі қанталай ширыға сөйледі әлгі адам.
— Қара, көліме басып қонып, бал татыған балығымды жалмауыздай жалмап отырып, — деп Ықылас бетімен кие жөнеліп еді, Шыңғыс:
— Ықа, аз сабыр етіңіз. Ол кісі жауабын айтып болсын, - деді де:
— Сіздің атыңыз кім? — деді.
— Иә, алдияр, менің атым Әбіл болады. Мына Бұқпаның солтүстігіндегі аз ауыл Алшын боламыз, — деп елін де айта кетті.
— Сіздердің біреудің көліне келіп сүзекті салатын қандай еншілестіктеріңіз бар?
— Иә, алдияр, бас кеспек бар, бірақ тіл кеспек жоқ қой. Өзіңіздің алдыңызды көріп, арманымды бір айтсақ деп жүруші едік, бұған қолымыз жетті. Айыпқа бұйырмаңыз, мен өз ауылымның мұңын айтайын.
— Айтыңыз, айтыңыз, — деп Шыңғыс жауап күтіп қозғалып қойды. Шыңғыстың «айтыңыз» деген өзінің өзі көңіліндегі бар есесін алып беретіндей болған Әбіл:
— Тақсыр, өзіңіз рұқсат еттіңіз, ұрыс-жанжалдың неден туғанын түгел айтып көрейін. Мына сіздің оң тізеңізді басып отырған Ықылас бидің аталары, Қарауылдың қара көк қасқа жайсаңы ғой. Біздің атамыз, өзіңізге мәлім, хан панасына келген көп төленгіттің бірі. Бізде ата қоныс, арнаулы жер еншіміз болмайды. Сонан сіздің қасиетті атаңыз Уәлихан төренің рақымы түсіп, Ақсұраң биігіне Ақкөлді қосып белгілеп берген екен. Суы балық, қыры биік біз сияқты жарлы-жақыбайға күнелтер қоныс болыпты. Жазы-қысы Ақкөлдің балығымен жан сақтап жүруші едік. Мына Ықылас би сіз бұйырып берді деп, біздің көлімізді өзімізге билетпей, екі жылдан бері басымызға сырық, малымызға құрық ойнатып, күн көрсетпей қойды. Кедей жұрт, басқа кәсібі жоқ, Ақкөлдің балығына сүзекі салып, ара-тұра балық алушы едік. Осы жуырда екі балықшымызды соққыға жығып, сүзекімізді тартып алып, зорлық етіп отыр. Сізге айтқан арызымызбен шақыртқан соң, шұбай келіп отырмыз. Қызыл қарын жас баланың қамы үшін күйзеліп келіп отырмыз. Ендігі мархабат өзіңізде, — деп Әбіл қарт жыламсырап тоқтады. Шыңғыстың «Сөз тосыңыз» деген тыйымынан кейін тырсиып отырып қалған Ықылас Әбілдің арғы түбінен ала сөйлеген өзіне терісіне сыймай отырған-ды. Сіз не дейсіз дегендей Шыңғыс енді Ықыласқа бұрылды.
— Алдияр аға сұлтан, сіз тыйым салған соң ауыз бағып отырмыз. Мына Алшынның қу жақ даугері менен таты қоныс даулайтын түрі бар ғой, — деп ызғарлана сөз бастады. — Ақсұраң, Ақкөл біздің ата қонысымыз болатын. Сіздің атаңыз Уәлиекең біздің аталарымызға: «Маған аз ғана ауыл Алшынды қайда қаңғыртамыз. Сендерге еншілес етем. Көлдеріңнен балық аулап, күн көрсін», — деп қоңсылыққа берген екен. Сонан біздің маңымызда қарақшы болып отыратын. Кедей көріп көліміздің балығын аулауға бетін қақпай жүретін едік. Кейінгі жылдары өз жерімізді өзімізден қорып, бауыр басып сөз көтерді. Атам баласы өсіп, әлденеше ауыл болды, бәріне де қоныс керек. Енді жөніңді тап дегеніміз рас. Жай айтқанға қаныпезерленіп көнбеген соң, қол жұмсап, сүзекісін балалар алса керек. Әсіресе би Бұзаубақ деген ақсақалға тілдері тигені өтіп кетті, — деп, дау десе, даусы сембейтін қарынсау Ықылас бәрін мөлдіретті де берді.
Шыңғыс біраз ойланып отырды да:
— Иә, Алшынның ақсақалы, сіздерге атекем біржолата жер белгілеп бермепті ғой. Мына Ықаңдардың атасына еншілес қарашы қылып беріпті. Жер иесі, көл иесі Қарауыл атаңның баласы ғой. Рұқсат етсе, ағайындық етсе, сыйысып отырасыздар. Егер іш тарлық етсе, бұл кісілердің ата қонысына кім зорлық етеді, — деп өзін аяқтады. Алшынның Әбіл қарты жер шұқып, көзінен жас сорғалап отырып қалды. Әбілге ере келген екі-үш кісі де жер болып орындарынан әрең тұрды.
Екі жағының өзін де, әке кесімін де тыңдап отырған Шоқан қайта-қайта Әбіл қартқа жалтаңдап қарап, әкесіне наразылана көз тастады. Бірақ әке үкіміне қарсы келудің, көпе-көрнеу Әбілдердің, анау жаяу-жалпылы шұбап келген кедейлердің көріп отырған теңсіздігіне ара түсудің есебін таба алмады. Оның бар ойы «мынау жерсіз.сусыз, қоныссыз кедейлер қайда барып күн көреді, бұларға кім көмектеседі?!» — деу болды. Ол осындай өзі шеше алмаған жұмбақ ойымен сыртқа шықты. Сүйретіліп өздерінің жаяу-жалаңаш тобына барған Әбіл қарт пен жолдастарының сан¬дала басқан аяқ алыстарына Шоқан сырттай бақылап қарап тұрды.
Шоқанның қалаға оралар кезі таянған.
Анадағы Мысыққа айтқан уәдесі есіне түсті. Шоқан әкесіне сол туралы бұрын да бір айтқанды. Онда Шыңғыс:
— Мысықтың әкесі көнсе, тіпті жақсы болар еді. Ол бала өнерлі, — деп Шоқан ойын қуаттаған. Сол ойын келіп тағы да әкесіне айтты.
— Мен Мысықтың әкесіне шақыртып алып айтқамын. Ол баласын сенімен жіберуге ықтияр болған. Бірақ өзіңе бір әурелік болмай ма. Оны орналастыру керек. Бұрынғыдай Сергей ағайың да жоқ, — деп Шыңғыс аса көңілді бола қоймады.
— Қандай әурелігі болса да, өзім көрем, тек маған өзіңіз қағазын жөндеп, әкесінен сұрап алып беріңіз, — деді Шоқан батылдана сөйлеп.
— Жарайды, Шоқанжан, — деп Шыңғыс Бейсенді жіберіп, Мысықтың әкесін де, өзін де аулына алғызды.
— Шоқанжан Омбыдағы ұстаздарымен сөйлесіп, балаңды интернатқа орналастыруға келісіп келіпті. Шоқанға серік болсын, әрі оқысын, қалай дейсің? — деді Мысықтың әкесіне. Батылы барып, бірден жауап айта алмай:
— Алдияр, мен не айтайын. Шоқанжан қасына алам десе, қидым. Мұнда жүргенде не көреді, — деп көзінің жасын сүртті.
— Сен, сен өзің жыламай айт. Балаң оқу оқиды, білім алады, адам болады. Мен балаңның барлық қағазын жаздырам. Кейін бір нәрсе деп жүрме, — деді.
— Алдияр, ықтиярыңыз, мен сөз етпеймін, — деді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі