I
Әскери министрліктен және шетелдер жұмысы жөніндегі министрліктен Алтышәрге экспедиция ұйымдастыру жөнінде қатынас қағаз келгенде, Гасфорт үлкен ой үстінде болатын. Қоқан, Хиуа хандықтарының Қашғарияға соқтығып, Уәлихан қожаның Алтышәрге кіріп кеткен хабарын алып отырған. Тау қырғыздарының арғы шеткі руларының да сол дүрбелеңге қатынасы болды. Қырғыз рулары қобалжуда деген хабарды алып Гасфорт Шоқанды тығыз түрде Жетісуға аттандырған еді. Верный, Қапал бекінісіндегі шекарашылардан қарулы жасақ қосып, Ыстықкөл маңында болып, арғы елдегі бүліншілікті бақылауды тапсырған болатын.
«Осы бір дүрбелең кезде арадан сыналай кіріп кетіп, Шығыс Түркістанды басып алуға болар еді. Қытай патшалығының Шығыс Түркістандағы қолы ондай күшті емес. Ал мына Алтышәрге кіріп Қытаймен жауласып жатқан Уәлихан қожа біздің әскери күшті қарсы алады. Сонда біз Хиуа, Қоқан хандықтарынан дос табамыз. Алтышәрді Қытайдан бөліп, Россия мемлекетін ұлғайтамыз» деп Гасфорт өзінше Азияны оп-оңай жаулап алмақ ерлік жобасын ойлап, дайындықтар жасап еді. Бірақ оны әскери министр мен шетелдер жұмысының министрлігі «дұрыс емес, Қытай сияқты тыныш отырған елмен соғыс ашылып кетеді» деп тоқтатып тастаған.
Осындай алуан толқынды ойдың үстінде отырған генерал-губернатор экспедиция жұмысын солғындау мойындады. Әсіресе сауда қатынасы түрінде жіберілетін экспедиция адамдары барлығы шығыс елі текті татар, қашғарлық, өзбек, ұйғырлар болуы керек. Ондай топтың құрамына сенімді адамдар табыла ма? Осы жұмысты ұйымдастырып, адам табуды Карл Казимирович Гутковскийге жүктеді. Карл Казимирович генерал-губернатордың әрі тығыз, әрі өте жауапты бұйрығын алып, Семейге суыт жүріп кетті. Аса жауапты жұмыспен келген генерал Гутковскийді Семейдің губернаторы және әскери полковник Хоментовский құрметтей қарсы алды. Карл Казимирович Семей қаласында экспедицияның адамдарын табу ісіне кірісіп, қаланың татар, шала қазақ бөліміне әлденеше барып Боқаш Аупаевтың үйінде болды. Семей қаласындағы татар, шала қазақ қашғарлықтарға аса абыройлы Аупаев Гутковскийді құрмет тұтты. Ол кісінің тапсыруымен экспедицияға саудагерлерден сегіз адамды тапты. Олардың ішінде қашғарлық Мұсабай Тоқтыбаевты керуен басшысы етіп лайықтады. Боқаш Аупаев өзінің қарттығын айтып, алыс жолға жүруден бой тартты. Мұсабайдың Қашғарияда туған-туыстары бар, оның керуен басы болуы экспедицияның мақсатына да өте қолайлы. Ол елдің ішкі жайынан хабар алып отыруға жағдайлы. Бұл жағына иланған Карл Казимирович бастаған үкімет адамдары соған келісім істеді. Ендігі жағдай ол жаққа апаратын сауда-саттық жабдығы сегіз адам орталарынан өз қаржыларына алып баратын болды. Бір ғана шарт, олардың сауда қаржылары талан-таражға ұшыраса, шығынды үкімет көтеретін болып шарт жасалды.
Осындай келісім жасалып жатқанда, Алатауда қырғыз ішінде жүрген Шоқаннан Гасфорттың атына жазылған хат келді. Ол хатта Шоқан: «Мен қырғыз еліне қатынасқан Ташкент және Қоқан адамдарымен сөйлесіп, Қашғариядағы жанжалдың жайын білдім. Қашғарға Қоқаннан ұрланып барған Уәлихан деген қожа шәһәрдің қақпашыларын алдап қорған ішіне кіріп кетіпті. Сөйтіп алдымен күзет бастығының бейқуат отырған жерінде басын шауып, қорған күзетшілерін тегіс қырыпты. Қалаға кіріп мұсылман ұранын «ғазауат» шақырып, Қытай әкімдеріне қарсы көтеріп, қаланы басып алыпты. Сол жерден Аляышәрдің әкімдерін қырып, қаланы басып алуға қарақшыларын аттандырған. Қапелімде шәһәрдің ішіне бандыны кіргізіп алып, қырғынға ұшыраған қытай мемлекетінің адамдары шұғыл шара қолданып, әскер төгеді, бандылардың басқа шәһәрға барғандары қолға түсіп, Уәлихан қожа қашып шығыпты. Қазір сол мұсылман қауымы мен қытайлықтар арасындағы ұғыныспағандық тексерілуде. Қалғанын тағы хабарлаймын» деп жазыпты.
Шоқанның осы хабарлауын Петербургқа жеткізіп, Гасфорт бір данасын Семейдегі Гутковскийге жібереді. Оны жібере отырып, экспедицияны ұйымдастыру жұмысын тездетуді тапсырды. Шоқанның жазған хабарлауын оқып танысқан Карл Казимирович Шоқанға іле хат жазды. «Шоқан, сен ана Қашғарияға барам деуші болма. Мына сияқты бүлініп жатқан ел сенің кім екеніңді біліп қойса, тірі жібермейді. Және олар сені білмей қоймайды. Қытайдың Құлжадағы әкімдері сенің кім екеніңді Семейдегі ташкенттіктерден-ақ біліп алады. Олар біздің елдің барлық сырын жеткізіп отырады. Ал өзің жүрген Алатау қырғызының Алтышәр жақтағы көшпелілері Қашғарға хабарлайды. Сен өзің сол қырғыздың шетінде сенімді жерде қал да, Қашғарияға Мұхаммедякуп Жанғұловты жібер. Ол сенің керекті мәліметтеріңді жазып әкеліп береді» деп жазды. Карл Казимировичтің мұны жазып отырғаны осы экспедицияны ұйымдастыру жайы сөз болғанда ол жаққа үкімет тарапынан жіберілетін құпия уәкіл етуге Шоқанды ұйғарған-ды. Әскери министр Сухозанетке Гасфорт: «Бұл экспедицияға менің қол астымдағы қызметкерлердің ішінде бір ғана сенімді адам бар. Ол — поручик Уәлиханов. Бізге бағынышты мына қырғыз елінің сенімді сұлтаны полковник Шыңғыс Уәлихановтың баласы. Өзі Кадет корпусын бітірген. Және мына Азия елінің әдетін, тілін жақсы білетін, сенімді офицер» деп жазған. Петербурдағы департаменттен Гасфорттың жазғанына қосылған келісім қағазды алысымен экспедицияға жіберілетін адамы сөз болғанда, Гасфорт алдымен Шоқанды сол уәкілдікке тағайындаған. Оған қоса Гасфортқа География ғылым қоғамынан Ковалевский мен Семенов-Тянышанский екеуі Шоқанды жіберуді ұсынған қағаз келген. Және Шоқан өзі өткен күзде Семенов-Тянышанскийге Қашғарияға баруға уәде бергенінде білетін. Осылардың бәрін қорытып, аталық қамқорлық көзбен жан аши қарайтын Гутковский шын жүрегінен басалқа ақылын айтып сақтандырып жазды.
Семейде Гутковский Гасфорттан таты да хат алды. Бұл хатында: «Семейдегі сауда керуеніне деген адамдарды тапқан болсаңыз, олармен келісім жатын тез бітіріп, Жетісуға, Алатау округіне жетіңіз. Ол жердегі бекін бастығы Премышельскиймен ар жағынан Уәлихановты шақыртып алып, Жетісудан Қашғарияға жүретін керуен жолының кестесін жасаңдар. Сонымен қатар, Уәлиханов арқылы қырғыздың бас манабы Боранбайға біздің сыйлығымызды жеткізіңдер», — деп жазған.
Генерал-губернатордың бұйрығын ала салып Верный бекінісіне құйғытқан Гутковский лезде-ақ жетті. Ол келе Шоқанға хат жазып, төтенше кісі жіберіп, шақырып алды.
Осы жерде Гасфорттың Шоқанға арнап жазған нұсқау хаты да, сонымен қатар экспедицияға дайындалған тапсырмасы да келді. Гутковский, Перемышельский, Шоқан бәрі бірлесе отырып, экспедиция керуенінің қай жолмен баруы жайында ұзақ кеңесті. Гасфорттың Шоқанға жазған хатында Құлжа арқылы барса деген ойын білдірген. Ондағы генерал-губернатордың тиянақ ететіні өткен жылғы Шоқан барып келісім жасап қайтқан таныс әкімдер керуенге қауіпсіз жолбасшылық етер ме еді деген ой болатын. Ал мына кісілер ақылдасқанда қырғыздың Бұғы руының ішімен Ыстықкөлдің оңтүстік-шығысын басып, Мұзарт асуымен өтуді лайық көреді. Бұл жолдың ерекшелігі — керуеннің жүк көлігі мен малдарына көш жолы жайлы. Осындай жол жобасы қаралып жатқанда қырғыз Боранбай манаптың қайтыс болған қайғылы хабары Омбыға да, Верныйға да келіп жетті.
Аса бір жауапты да қиын жолға бет алғанда шекарадағы ең бір сенімді ру басының қаза болуы экспедиция адамдарына үлкен ой туғызды. Әсіресе Бұғы руының басты манабы өлуі, Сарыбағыстың аламан бұзықтарына үлкен жол береді. Олар Боранбаймен достасып, Бұғы қырғызымен қол жалғап, жол тартпақ керуенге қалай да кедергі жасайды. Осындай толқын үстінде отырғанда Семейден тығыз почта көңілсіз хабар алып келді. Боранбай манаптың өлгенін естіген Семей саудагерлері: «Сарыбағыс руы жолда тонап алады. Олардан бізді қорғайтын Бұғы руының басшысы өліп қалды. Біз қарап отырып қанталауға түспейміз», — деп дайындығын тоқтата бастаған.
Комиссия басқа жұмысты тоқтата тұрып, Гутковский Семейге тығыз почта атымен қайта жөнелді. Гутковский Семейге келіп, Аупаев Боқашпен сөйлесіп, анадағы саудагерлерді қайта жинап, жүруге әзер дегенде көндірді. Қапал, Верный бекінісінен керуеннің жолын қорғап отыратын жүздеген атты әскер жіберуге келісім істеді. Жолдарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілген саудагерлер дайындығына кірісті. Гутковский Верный бекінісіне қайта жүрерде Аупаев Боқашты өзімен бірге ала жүрді. Өйткені керуен Жетісуға келгенше Боқаштың қатарында болуы өте қажет. Орта Азияның көп жерін аралап, ол жақтың сырын, жайын жақсы білетін Боқаш керуенді осы жерден аттандырып қайтатын болды.
Гутковский мен Боқаш келгенде, Шоқан Ақсу бекетіндегі Керей деген қазақтың ауылында еді. Алдарынан тосып алды. Шоқан мүлде іші пысып, зерігіп қалған-ды. Карл Казимировичті қуана қарсы алды. Кепті көрген, елдің жайы-күйі, сырына жетік Боқаш бір тамаша ойын ұсынды. «Осыдан жиырма жыл шамасы бұрын Қашғардан кішкене баласымен бір саудагер Семей арқылы Орал жағына барған болатын. Баласының аты Әлімбай еді. Ол қашғарлық сол барған бетінен қайтып Қашғарға оралған жоқ. Менің естуімше, ол қашғарлық Саратовқа барып дүкен ашып тұрыпты. Сонан қайтыс болып, ана жас баласы қалған. Ол Қашқарияға баруға жолын да білмейтін болар. Ал олардың Қашғарда жақын туыстары бар, олармен де хат-хабары кем шығар. Сондықтан Шоқан сұлтанның аты бүтіннен бастап Әлімбай болсын. Және ол жай бір керуенші яки саудагер болып бармасын, керуен басы болсын. Өйткені Қашғардағы туыстары Әлімбайдың азамат болып ер жетіп, керуен басы болып келгенін қатты қуаныш етеді. Онда жүріс-тұрысы қауіпсіз болады. Керек деген қаланы ондағы туыстары өздері ертіп аралатады» деп ұсыныс жасады. Боқаштың бұл ұсынысы Гутковскийге де Шоқанға да аса ұнады. Шоқан сол күні сонау Кадет корпусын бітірген жылдан бастап сылап-сипай, кербез бөліп, қайыра тарап қастерлейтін шашын ұстарамен қырғызды. Үстіндегі офицер киімін шешіп, Азия елінің ұзын шапан, шолақ жең камзолын киді. Аятына жылтыр қара мәсі мен кебіс киді. Сөйтіп Шоқан шығыс елінің саудагер байбатшасы болып шыта келді.
Аупаев Боқаштың айтуымен Мұсабай Тоқтыбайұлы барлық сауда-саттық жұмысын басқаратын керуен басы, ал арнаулы уәкілдікке керуен басы — Шоқан. Сол сияқты тек, Аупаев пен Мұсабай, Шоқан, Гутковскийлердің арасына мәлім бір сыр — Шоқан — Әлімбай, Мұсабайдың жақын туысы. Өйткені бұлармен бірге баратын керуен адамдары Шоқанның кім екенін яки офицер екенін білмеуі керек. Осындай жан-жақты сақтықты қарастырып, Шоқан керуенді Қарамола бекетінде күтіп алды. Барлық жол жайын, Верный, Қапал бекіністерінен керуен жолын бақылап отыратын отряд әзір отырған-ды.
Керуеннің құрамында отыздан аса қолғанат қызметкерлер, сегіз приказчик бар. Олар тек керуен басына бағынады. Керуеннің бас-аяғы жиналып, жүріске бет алуын күтіп жатқан Боқаш, барлық адамдардың басын қосып, жол ашар құрмалдығын сойғызып, бір бас, бір тас болып, не көрсе бәріне ортақ болуға бәрінен ант алды. Сонымен қатар ешбір адамға өздерінің жөн-жосығын, қалай ұйымдасқанын да айтпауға да анттасты. Шоқанды барлық керуен адамдарына айрықша тапсырып, жататын қосын ерекше жабдықтатып қолынан аттандырды. Жүз түйе, алпыс атпен, қашғарлықтарға өте қажетті деген асыл кездеме тиеп, керуен алыс жолға аттанады.
II
Оңтүстіктің тамылжыған ыстық шілдесі басталды. «Түні салқын, күні ыстық, суы салқын, сайы мүк» деп жырланатын Жетісудың Жоңғар сілемін бөктерлей, салқар-салқар көшін тартып, керуен мамырлап басып жол тартты. Көш Алтын Емел алқабына келіп, Шоқандар қосы қонғанда, өткен жылғы Ыстықкөлге дейін бірге барған Әбілез төре алдарынан шықты. Әрі аталас туысы, әрі жолы да, жасы да үлкен ағаны Шоқан құрмет етіп, өз шатырына түсіріп қонақ етті. Қос басы Мұсабай Шоқанмен бірге болып, Семейден алып шыққан тәтті, дәмді жемістерді төгіп сыйлады. Шоқандардың жүрісінен хабар алған Жалайыр руының төресі Жанғазы, өзінің көтермешілерімен келіп Шоқандарға сәлемдесті. Аласа бойлы, қарынсау Жанғазы Шоқанның шатырына кіріп отырар-отырмастан:
«Атам Әділ Абылайдан тараған,
Сол атама Абақ, Тарақ қараған.
Жалайырдай жалпақ жатқан ауылым
Қай қамалға қарсы қойсам жараған», —
деп жырлай бастап, өзін Шоқанмен таныстырды. «Шырағым, Шоқан, естуімде бастағаның ақ патшаның көші көрінеді. Әкелгенің мына жатқан Ұлы жүздің жалпақ еліне ұлы патшалықтың жақындық достығы көрінеді. Сол Ұлы жүздің бір қалың руы — Жалайыр, ол — біздің ауылымыз. Ауылымыздың деңгейінен бірнеше рет өттің, бізді елеп ат басын бұрмадың. Жасың кіші болса да, жолың үлкен ғой, сыртыңнан естігенше дидарыңды көрейін деп келдім, — деп бір тоқтап, — Шырағым, Шоқан, сөкпе, Жалайырдың қойы көп, Жанғазының ойы көп. Мынау сауда-саттыққа алып шыққан көшіңнің бір шатырын біздің ауылға жібер. Мына Ташкент, Қоқаннан келетін саудагерлердің жолы бөгеліп, Жалайыр аулы жалаңаш отыр. Соларға саудалат, — деп тоқтады.
Сайрай кірген тере атасының сөзін әбден тыңдап болып, Шоқан сауда жайының билігі керуен басы Мұсабай мырзада екенін айтты, Мұсабай да қазақтың әдет-ғұрпына жүйрік әдетімен:
— Жанғазы төре, біздің қос Қытай патшалығының келісімімен мына кездемені Алтышәрте арнап алып шыққан еді. Онда жолда жырымдасақ, екі мемлекеттің келісіміне қайшы болады. Біз сіздің еліңізге амандық болса, алдымыздағы көктемде арнайы сауда керуенін келтіреміз. Оған дейін бізге рұқсат етіңіз, — деп аса сыпайы тілмен жеткізді.
Керуен Алтын Емелде екі күндей болып, Тезек аулынан, Әбілезден бірнеше жол білетін адамнан басшы алып, ілгері тартты. Алдын ала жіберілген даяшылар ұйымдастырған Албан-Суанның, ұйғыр ағайындардың қайық тілін білетін адамдары алдарынан әзір болды. Солар дайындаған жел қайықпен аттарды, түйелерді шұбырта жетектеп, Іледен екі күн дегенде зорға өтіп болды. Керуен Іледен өтіп, Алатаудың оңтүстік саласын бойлай отырып Қарқара жайлауына, Кеген төріне келіп қонды. Сонау Семейден ұзақ жол жүріп, арықтап-шалдығып келген көліктерін жайлауда біраз күн тынықтырып және қырғыздың Бұғы руына барып қайтуға қосшы алып Шоқан жүріп кетті.
Шоқан өзінің досы тұтқан манабы дүниеден қайтқанда осы маңда еді. Естісімен орнына барып қазақша қайғы бөліскен болатын. Бұл жолы Омбыдан генерал-губернатор Гасфорттың Боранбайға арнайы жіберген сыйлығын әкеліп тапсырды. Бұғының ру басы манаптары Шоқанды және аға манапқа генерал-губернатордың сыйлық жіберіп құрмет көрсеткенін ерекше бағалады.
Шоқан Боранбай ауылына барғанда осы Бұғы елінің ішіне келіп, сауда істеп жатқан бір-екі қос қашғарлық саудагерге кездесіп, олармен танысты. Және Қоқан, Хиуа шекарасының жайын, Қашғар қатынасын барлап біраз құпия зерттеу жүргізді.
Шоқанның алып қайтқан бір жаңалығы — Қытай үкіметі Алтышәрге, Азия елдерінің қай қаласынан келіп сауда істеймін деушілерге бөгет болмасын деп жарлық шығарыпты. Осыны алысымен керуен Ыстықкөл алқабына жетуге, тезірек Қашғарияға асуға асықты. Қытай үкіметінің жоғарыдағы кеңшілігін алысымен Қоқан басшылары Алтышәрге өтетін керуеннен алым алып отыруды ұйымдастырған. Сол үшін Қашғарға өтетін керуенді тек Ферғана жазығымен бір-ақ жолмен еткізетін болған.
Шоқандардың көші Ыстықкөл алқабына келісімен анадағы Шоқан жолығып, сөз байласып қайтқан Қашғар саудагерлерін тауып алды. ұл қашғарлықтар қырғыз елінен мал жиған саудагерлер екен. Олар Шоқандардың көшімен ез малдарын қатарластыра көшіріп бірге жүретін болды. Өйткені қырғыздардың жол тосып, керуен тонап отыратын қарақшыларынан қорықты.
Екі жылдан бері келіп офицер шенімен елін ойлы-қырлы аралаған Шоқанды қырғыз адамдары танып қалуы да мүмкін. Егер олардың бір қара жүрегі танып қалып, мына қашғарлықтарға сыбыр етсе, Шоқан өмірі қатерге ұшырайды. Осындай сақтық оймен Шоқан Ыстықкөл алқабына келісімен «сырқатпын» деп өзінің үйінен шықпай жатып алды.
Керуен үздіксіз көшіп Заукен шатқалына келіп, Алатаудың Алтышәрге қарап асар асуына ерлеуге бет алды. Шоқан осы жерден өздерін қорғай ере шыққан казак-орыс тобын кері қайтарды. Өйткені ана кезеңнен казак-орыстың төбесін көрсе-ақ, жол күзетшілері Қашғарға да, Қоқанға да қолма-қол хабарлап шу көтереді.
Енді ол танымаған ел, табаны тимеген жат жерге жеке-дара қадам басты.
Заукен шатқалынан өрлеп, Алатаудың ең бір биікте қиын кезеңіне көтерілді. Әлі қары бекіп, қапсағайы бітелмесе де, Үстірттің түтегі адамды да, көлікті де тұншықтыра бастады. Теңіз деңгейінен бірнеше шақырым биіктіктің сиреген ауасы өкпені өшіріп, діңкені ұйлықтыра түседі.
Асудың арғы белесіне шығар белдеуге келіп керуен қос тікті. Осы жерге түйенің жүгін түсіріп, қосты көтеріп ыстық ішуге кіріскенде, керуенге бір топ ұры келіп аттарды ала жөнелді. Керуеннің байлаудағы аттарға мінген жігіттері мылтық атып, жауға жете араласып үлкен төбелес болды. Бірнеше ұры қолға түсті. Оның ішінде қырғыздың атақты қарақшысы Би Жанеттің інісі бар. «Бізден қателік болды, қашғарлық деп ойлап қалып едік. Сіздерге ешбір тиеміз деген ниетіміз жоқ» деп ант-су ішті. Бұлармен ұстасып, Жанеттің інісін байлап алып жүргенде қайда апарады? Мына сияқты байлағанда бау кесетін қашқындарды бағып отыру о да бір қиын жағдай. О сыны ойлап Шоқан мен Мұсабай қарақшылардан ант алып босатты. Керуен осы белдеудің жазық, жайлауында бір-екі күн көлік тынықтырып еруледі.
Асуға таяп тағы бір көшіп қонды. Алдыңғы жол тосар қарақшының шабуылынан сезіктеніп сақтанып қалған керуен, мылтығынан оқ алмай, аттарын арқанмен ұстап сақ күзет қойып отырды. Жүзге тарта қол тағы да келіп шабуыл жасады. Бірақ сақ отырған керуен жаппай мылтық атып, қарақшыларды жолатпады.
Мылтықтан жүректері шайлыққан болса керек, қарақшылар қайталап шабуыл жасай алмады. Керуен Алатау асқарының асуынан асып, Шығыс Түркістан жазығына бет алды. Еңіске қарай жылжыған көштің алдынан оза жүріп, Шоқан бір қырқаға шықты. Ол артында аспанмен тілдесіп қалып бара жатқан ақ бас Алатауды тамашалай қарады. Алдында шексіз көсілген жазыққа көз жүгіртті. «Петр Петрович Семенов-Тянышанский аса алмаған асқарлы асу артымда қалды. Неміс ғалымдары: Гумбольдт, Риттерлер аяғын баса алмаған Шығыс Түркістанның Алтышәрі мынау. Бұрын ғылым адамы аяғын баспаған ақ тақта алыс аймақ, сәтті сағатқа алқабыңды аш! Әуестігім — жаратылысың, халқың мен қасиетті шежіреңді сайра, пердеңді аш!» — деп ойға батып біраз тұрды.
III
Мұсабай мен Шоқан сақтық етіп, Қашғардың ақсақалына шапқыншы жіберіп, қырғыз жол тосарларынан қорғайтын қарауыл көмек сұраған. Керуен Алатаудың етегіне түсіп, Қашғар жазығына жеткенде, алдарынан сұраған қорғау тобы келіп жетті. Олар Қашғар ақсақалының хатын, достық белгісіне жіберген Мұсабай, Шоқан және приказчиктерге сыйлық шапандарын әкеліп жапты. Және Уәлихан қожаның қаныпезер тобы қолға түсіп, өзі қашып кеткенін, Қытай үкіметінің Қашғарға тыныштық орнатқанын айтып, жақсы хабар жеткізді. Керуеннің өте қауіптеніп келе жатқан бір қорқынышы сол Уәлихан қожаның бұзық тобы еді. Ол жағының тынышталғаны керуен басыларды ерекше көңілдендірді.
Келесі күні керуен Қытай елінің шекарадағы шағын бекінісіне келді. Балшық дуалмен қоршалған шатын бекіністің төрт бұрышында төрт қарауыл мұнарашық бар. Бұл ауыз үлкен қақпа арқылы ғана тексеріп өткізеді.
Бекініс бастығы Қытай офицері орнында болмай, керуен бекін қасында түнеп қалды. Бұл күнгі түн Шоқан үшін сондай ұзақ болды. Өйткені алда баратын шәрі — бүкіл еуропаның ғашық болып жете алмаған Қашғар шәрі. Шығыс Түркістанның бай тахыты. Ал көретін қауымы — Азияның көне мәдениетінің жиынтығы сақталған тарих қоймасы тәрізді. Оның үстіне күні кеше дүрбелеңге ұшырап, бірігіп отырған жұрт. Осындай ойлар кешіп дұрыстап көз іле алмады. Шоқан жол дәптеріне — «Шығыс Түркістан шекарасына жеттік, 27 қыркүйек 1858 жыл» деп жазып қойды.
Күн көтеріле керуен қауымы оянып, тіршілігіне кірісе бастағанда, бекіннен хабаршы да келді. «қытай офицері келді, керуен басыны шақырады» деп хабарлады. Мұсабай мен Шоқан тәртіппен келіп бекін бастығы офицермен танысты. Жол қағаз, екі елдің келісім хатын көрсетті. Бас киімінің шекесіне алтындаған домалақ түйме қадаған қытай чиновнигі салмақты, баяу ызбармен қабылдап, қағазбен танысып, Мұсабай ұсынған сыйлықты алып, қорғанға кіруге рұқсат етті.
Рұқсат болысымен, асығып отырған керуен бекін қақпасынан ағыла, Қытай мемлекетінің ішіне кіре берді. Алдындағы Қашғардың ынтықтырған көне қаласына Шоқан асыға жүріп келеді. Бұл жақтың адамдарының тәртібінен Шоқан бейтаныс. Ол жатынан Шоқанның сенетіні — Мұсабай көпес.
Қашғар қаласына таянған жерде алдан бір топ қару-жарақты әскерімен қытай төресі, Қашғар бегі шықты. Олар келіп танысып, Мұсабай, Шоқан тағы басқаларының бас белгі қағаздарын тексеріп, ерекше сақтық етті. Қаланың ішінде де әскери сақтық тәртібі орнай қалған. Шекарадан жайбарақат өтіп, еркіндей бет алған керуен адамдары алдарынан мына сияқты тексеру шыққанына абыржыңқырап қалды. Бірақ ол тексерудің неден шыққанын тексеруден күдіксіз өтіп, қалаға кірген соң білді. Алғашқы бекіннен өткенде Мұсабай тілмашқа сыйлық беруді ұмытып кетіпті. Бастығына сыйлық беріп, өзін елемеген Россия мырзаларына өкпелеген тілмаш Қашғарияға құпия хат жазыпты. «Мына Россия керуенінің ішінде татар бар, өздері қару-жарақты. Бұлар ұрланып кіріп бүлік көтеруге келген болуы керек, сақтанбаса болмайды», — деп. Сондықтан да қала ішіне әскери тәртіп қойылып, қадағалай тексеру осыдан болыпты. Бірақ тексеруде татар адамын және қару-жарақ таппаған Қытай, Қашғар адамдары керуенге бейбітшілік тәртіппен кіруге рұқсат етті.
Қалаға кірместен бұрын Мұсабай қасына өзімен бұрын да осы қалада болған жолдасын ертіп, Насреддин ақсақалға барып сәлем берді. Бұрыннан таныс қала ақсақалы Мұсабайды өте сенімді ықыласпен қарсы алды. Анау тілмаштың өсегімен үрпиісіп қалған қала халқының сезігін мүлде жадыратып, керуеннің алаңсыз орналасуына басшылық етті. Насреддин ақсақал Мұсабайға қайтарында өзінің зекетшісін қосыпты. Шариғат бойынша Мұсабай өздерінің сауда қазынасынан мешіт пайдасына зекетін беріп қайтарды. Зекетші кетісімен, Қашғар қаласының бастығынан арнаулы тексеруші чиновниктері келді.
Ол да өзінің тәртібімен тексеріп, сезікті еш нәрсе таппай қалаға қайтты.
Барлық тексеруден өтіп, керуен малдарын, көліктерін жайылымға қала сыртына қалдырып, саудалық жүктерін алып қалаға кірді. Қашғардың шаңы көпіріп жатқан тар көшесімен, Тумень өзеніне салынған ағаш көпірден өтіп қаланың ортасына тартты. Мұсабаймен қатарласа Шоқан керуен алдынан қаланы тамашалай жүріп отырды.
— Шоқан сұлтан, енді мына қалада сайран саламыз. Шарап ішеміз, қыздардың биін көреміз, ән тыңдаймыз, — деп сабырлы, діндар Мұсабай мүлде желіге сөйледі. Мұсылман дінінің ұйып тұрған орталығында мына сияқты дін жолына қайшы нәрселерді істейміз деп, Мұсабайдың желіге сөйлегеніне Шоқан таңданып:
— Мүсеке, бүгін шығыс пірәдәрларына келіспейтін айдағы бір шарап, ойын-күлкіні ауызға алдыңыз, әлде ана бір қалада тұрып сондай көңіл көтеріс жайлар да болды ғой, деп мені әзілдеп келесіз бе?—деп жымиды.
— Жоқ, Шоқан сұлтан, мен сізді ажуалап айтқаным жоқ. Қашғарияда ғиш-ғишраттың бәріне жол ашық. Оның тамашасын аман болсаң ертең-ақ көрсетем, — деп қарқылдай күлді. Шоқандар жүріп келе жатқан ұзын көшенің екі жатында қатарластыра қадаған биік сырық қадалар тұр. Олардың жоғарғы жағына тор көз жәшіктер ілініп қойылған. Әрбір жәшікте адам басы.
— Мүсеке, мына қадалар, мына тор көз жәшіктер, онда тұрған адам басы неге ілініп қойылған? — деп Шоқан таңдана сұрады.
Бұл анада өзіміз естіген Уәлихан қожаның нөкерлерінің басы. Олардың қолға түскенінің басын кесіп әдейі мына жол бойына ілген ғой, көрген елдің жүрегін шайлықтыруға, — деп Мұсабай басын шайқап, сұры қашып, өзінше әлденені күбірлеп өтті. Шоқанда үн жоқ.
Сырттан келген керуенді әдейі осы көшемен жүргізеді екен. Бұл көшені «ажал дарасы» дейді екен. Шоқандар да осы көшемен жүріп қонақ сарайға жетті. Оларды «Әндіжан» деп атайтын қонақжайға түсірді.
Насреддин ақсақал өзінің сенімді адамдарын жіберіп, Мұсабай, Шоқандардың түскен қонақжайларын қарастырып, құрмет көрсетті. Қонақ үйге орнығып бірер күн дем алғаннан кейін, Қытай ұлықтарының Қашғариядағы ең үлкені Доргабек керуен басшыларын өзіне шақыртып алды. Тілмаш арқылы сөйлескен Қытай ұлығы бұлардан жүріп келген жолы, алып келген сауда-саттық жабдығы, қанша адам, олар кімдер — бәрін қайталап тексере сұрады. Қытай ұлықтарының мына сияқты бірінің артынан бірі сұрау, тексеруінен сезіктене үйлеріне келді. Келесі күні Қытайдың тағы бір ұлығы шақырып танысты. Бұл ете бір байсалды, есті адам екен. Онымен қатар қашғарлық Хакімбек те қайталап тексерді. Аяғында Қытай ұлығы өз тілінде: «Бұлар орыстар емес, татар да емес, нағыз әндіжандықтар ғой. Енді мазалау керек емес, еркін саудаларын істей берсін», — деді. Мұсабай, Шоқандар сонда еркін дем алып, күдіктерінен жеңілденді. Осы уақытқа дейінгі тексерудің бәрі олардың із-өкшесіне түсіп аңдушы өсекші барын аңғартты.
IV
Екі-үш күндей мазалаған тексеру тоқталып, Шоқан қаланың ішін аралап, Шығыс Түркістанның мәдениет орталығы болған шәрдің сән-салтанатымен таныса бастады.. Мұсабай да, Шоқан да дүкен ашып сауда жүргізді. Керек-жарақ ала келіп әңгіме шертетін адамдар да кездесіп, Шоқан олардан халықтың тұрмысы, шаруасы, кене тарихы сияқты жайларды да сұрастыра отырды.
Бухара, Хиуа шаһарларындағы мұсылмандықтың қатал қалыптасқан қысымы бұл шаһарда жоқ екен. Мысалы, Бухара, Хиуадағы азан айтылғаннан кейін көшедегі адамдарды мешітке полициялардың қамшымен айдап апарып намазға ұйытуы мұнда мүлде жоқ. Әйелдер пәрәнжа жамылмай-ақ жүреді екен. Бұхара, Хиуадағы мұсылман молдалары көшеде қасына жендет ертіп жүріп, көрінген адамды ұстап, құран аятын оқытып, дұрыс оқи алмаса дүре соғу сияқты зомбылық та жоқ. Алыстан естілгенде мұсылман дінінің ең бір мықты жері деген Қашғария дін басылары мұсылмандықпен қатар адамдық тәртіп, мәдениет ұшқынынан хабардар екен.
Қашғарияда неке жатынан да көп кеңшілік бар екен. Мысалы, некелі адамдар бірі мен бірі бірге өмір сүруге көңілсіз болса, ерікті түрде айрылысып, басқа адаммен некелі болуға ерікті екен. Сондықтан да бұл шаһарда көп әйелділік жоқ екен. Осындай адам еркіне аз да болса кеңшілік бары Шоқанға, мына Бухара, Хиуа діндарларының тәртібіне қарағанда әлдеқайда оңды болып көрінді. Осы сияқты өзі анықтаған жайларды күнделік дәптеріне жазып, еңбек ескертуін толықтыра берді.
Қашғариядағы айнымас бір тәртіп, шеттен келген әрбір адам уақытша үйленуге міндетті. Ондай үйлену бұл қалада тәртіпке қойылған. Қаланың бір бөлімінде сондай уақытша әйелдікке арналған жас қыз-келіншектер тобы тұрады екен. Бір-екі күн өтіп, сауда-саттықты жолға қойып алған Мұсабай:
— Шоқан сұлтан, біз енді үйленуге баруымыз керек. Әйтпесе бұл қалада тұруға болмайды, — деді. Мұсабайдың, сөзін әзіл ме дегендей Шоқан нанарын да, нанбасын да білмей, аңыра бетіне қарап жымиды.
— Әлімбай мырза, мен қалжыңдап тұрғаным жоқ, — деді Мұсабай Шоқанның қосалқы атын атап. — Бұл шаһарда шеттен келген адам үйленіп қана тура алады. Егер ол тәртіпті мойындамаса, жазалайды, — деп Мұсабай өзінің шын айтып тұрғанын түсіндірді. Мұсабай сөзінің шын екеніне көзі жеткен Шоқан:
— Ол жағын, Мүсеке, өзіңіз билеңіз, тәртіп бұзып талқанымыз шықпасын, — деп күлді.
— Онда біз қазір сол арнаулы жерге барамыз, — деп Мұсабай өзі бастап жүрді. Өзіне бағына артына ерген Шоқанға ой жүгірте қарап Мұсабай толғанып та келеді. «Еуропаның мәдениетінде тәрбиеленіп білім алған жас досы мына тәртіпке шоши қарап келе жатқан тәрізді. Бірақ міндетіне алып шыққан мақсаты, осы бір тың жұмбақ болып жатқан өлкенің сырын ашып, сипатын түю. Оны анау өзіне сеніп жіберіп отырған үкіметіне жеткізу. Сол үшін еріксіз мойындап келеді», — деп бір түйді.
Олар қаланың шәукендер тұратын бөліміне жетіп, қыз-келіншектер тұратын үйге келді. Үлде мем бүлдеге бөленген, қасы, кірпігін, көзін сүрмелеп тастаған қиғаш қас қыздар алдарынан есік ашты. Пәрәнжі жамылмаған, ешбір қысылып-қымтырылмай, өздеріне келген жігіттерді сүйкімді кейіпте қарсы алды. Шоқан олардың ешқайсымен сөйлесіп, бой көрсеткен жоқ. Тек, Мұсабайдың ұйғаруымен сүйкімді он сегіз жасар бір қызбен тәуелді болды.
— Әлімбай мырза, именіп бой сақтаудың енді керегі жоқ. Сіздің үйдегі келін осы, енді үйірлесіңіз, ерлі-зайыпты адамдарсыз, — деп Мұсабай Шоқан мен оның шәукенін құттықтады. Мұсылман тәртібі шариғат шартымен неке оқылды. Ертеңіне Шоқанның тұңғыш үйлену тойы болды. Ол тойға Мұсабай хабарлап, Шоқанның яки Әлімбайдың Қашғардағы туыстарын шақырды. Олар «өліп тірілген, жоғалып табылған» туыстарын қызықтап, қымбатты байғазы әкеліп, тойын жақсылап өткізісті. Шоқан — Әлімбайдың бұл тойдан алған үлкен әсері Шығыс Түркістанның өзіне тән мың бұралып, жүз құйқылжып орындаған қыздардың биі. Әлденеше түрлі аспаптардың үнінен сызылып төгілген ән саздары. Той үстінде масайып заман жайын, көңіл күйін айтқан үндерге де Шоқан ерекше құлақ асты.
Той тарап, Шоқан — Әлімбай өзінің шәукенімен оңаша әңгімелесті. Біріне бірі өмір жолындағы бастарынан кешкен жайларды сөз етіп, сыр тартып бой бағысты. Шоқанның топшылауынша, оған кездескен шәукен сондай бір тәрбиелі үйде туып, тәртіпті өскен жан екен. Кейінгі уақытта әке, шеше бірдей өліп, жан ашыр жақыны болмай, осы халге душар болыпты. Әйел осы мұңын Шоқанға үлкен арманмен айтты. Бірнеше күн бірге өмір сүріп сыралғы болғандай уақытша жары шәукен қыздан кейінгі әңгімелерді сұрап ұғынды.
Мұсабай көпестің тобы алып келген сауда жабдығын он екі дүкенге салып, сауда жүргізді. Бұлардың алып келген заттары өте өтімді болды. Аз күннің ішінде-ақ нәрселерінің көбі өтіп кетті. Бірақ сонау Семейден осы жерге дейін жүк артып жол жүріп келген көліктерін екі-үш айдай далада бағып қоңдандырмаса, қайта жүріске жарамайды. Сондықтан, Мұсабай көпестің, Әлімбайдың топтары Алтышәрдің бір кезде пайтахты (орталығы) болған Жаркент қаласына барып керіп, онда да аздап сауда істеп танысулары керек болды.
Әкелген сауда мүліктерінен қолдарында көбірек қалғаны сапиян етік екен. Бұл етікті өте жұмсақ былғарыдан әшекейлеп тігілетіндіктен шығыс әйелдері сәнге киеді. Сондықтан оның бағасы көтеріңкі еді. Содан қалғанын алып, бұхаралық Мұхсин Сағытов деген саудагерді басшыға алып сол Жаркентке жүрді. Әсіресе Шоқан Жаңа-Ғисар, Ертеңгі алқаптарын басып, Құмшайданның құмайт жалығынан өтіп Жәркент шаһарына жүрген жолының табиғатын, өсімдігін, географиялық жағдайын қағазға түсірумен шұғылданды. Құмшайдан Жәркент өзенінің бір алқабындағы шағын құм жазық екен. Оның маржандай қиыршық құмы күздің шаңытқан шағырмақ күні ыстық аспаннан желсіз қырда тамылжиды. Осы бір күн қызуын Шоқан айрықша ынтыға жазды. Содан жүріп Жаркент дариясының бір үлкен алдағы атақты Такламакан құмына келді. Бұл — Шығыс Түркістан жеріндегі атақты құм. Ұйғыр халқының басынан кешкен сан ғасырдағы уақиғалардың куәсі болған құм. Ұйғыр елінің осы құмда болған бір ғажайып соғысы жайында Әбубәкір молданың кітабынан оқығаны да бар-ды.
Шоқан Такламакан тұсына келгенде осы бір оқыған кітабын, сонау бір кітап құмар балалық шағын есіне алды.
Алаңсыз шығыс құмдары мен даласын қызыға аралап жүріп келе жатқан Шоқанды Қашғариядан Мұсабай жіберген шабарман қуып жетті. Мұсабайдың жазған хатында: «Шоқан — Әлімбай, тез Қашғарға қайт. Қоқанда Хұдаяр ханның інісі Малыбек көтеріліс жасап, Хұдаярды орнынан алып, өзі хан болыпты. Ал анада Қашғариядан қашып шыққан Уәлихан қожа аласапыранды пайдаланып, бандыларымен тағы да осы жаққа аттаныпты. Алтышәр атырабы қауіпте. Сондықтан тез қайт» депті.
Шоқан Мұсабайдың хатын алысымен құмартқан Жәркент жеріне жете алмай, амалсыз Қашғарияға қайта оралды.
Шоқан аттанған аз күннің ішінде Қашғарияда бірнеше елеулі уақиғалар болғанды. Оның ішіндегі ең елеулісі — Шоқандарды Қашғарияға келгенде аса жақсы ықыласпен қарсы алған Насреддин ақсақалды балаларымен Малыбек хан тұтқындатып, оның орнына жаңа ақсақал Нұрмағамбетті жіберіпті. Бұл ақсақал жайынан Мұсабай айрықша еш нәрсе жазбаған. Тек, ақсақал өзгерісі, кейбір тәртіптер өзгерісі болғанын айтқан. Жаңа бастық, жаңа тәртіп дегендей, тағы да тексеру, тағы да аңдуыл, өсек-өтірік өрістей ме деп, Шоқан сан алуан қауіпті ойлана қалаға кірді. Жаңа келген ақсақал танысу үшін шетелден келген адамдарды шақырып, айрықша мәжілістесті. Нұрмағамбет Шоқан қауіптенгендей зәрлі адам емес екен. Танысып пікір алысқан соң, үйірлене түсті. Әсіресе мәжілістесіп көтеру жағына да жақсы қарайды екен. Ол жағы да оңынан келгендей болды. Нұрмағамбет ақсақалдың Семей көпестеріне ықыласты қарап, қонаққа жиі шақырып мәжілістес болуы Қашғардың басқа ұлықтарына да сенімді арттыра түсті.
Қашғарияның қалың қарлы бораны болмаса да, қар жауатын қалыптасқан қысы басталды. Кәдуілгідей қар түсіп, Шоқанның бала күнінен үйренген Сібір қысының салқыны бойын шымырлатып, денесін ширатты. Қашғариядағы бір әдет қар көріне пәңгі маусымы басталады екен. Бұл өздерінше еркіндік мерзімі екен. Жер емшегін еміп, бақ өсіріп, егін шығарып, күріш, жүгері даласын жаздай бағып қалаға оралған қашғарлықтар, сауық думанын бастайды екен. Олар наша тартып, мастанып, көшеде қосылып ән салып, би билеп, сайрандайды екен.
Бір қиын жері шаһар үйлері қыс суығына арналмаған ашық-тесік, наша тартқан, апиын жеген уланған адамдар қар үстінде қылжиып мүздап, көптеген күйзеушілікке ұшырайды. Осы сияқты қала салтын, ішкі-сыртқы тәртіптерін Шоқан қадағалай жазып жинастыра берді. «Шығыс елінің осы наша тартып есіруі, оны ғиш деп мадақтап, апиын жеп бас көтермей мас болуы барып тұрған қасіретті» деп ойлады Шоқан. Сонымен қатар Қашғар халқының өте-мөте ауыр халі, еселеген алым-салық: біресе Қытай чиновниктері алым жинайды, оған қоса ақсақалдар салығы, зекет-тұшыр салығы, Қоқан хандықтарының арнаулы салығы, еңбекші бұқарасына дем алғызбайды екен. Етер Қашғар еңбекшілері, диқандары, халқы болып өздерінің өндірістік табысын халық пайдасына бір беткей жұмсап, бір ғана мемлекетке бағынып тәртіпті болып отырса, нағыз бай өлке болар еді» деп бір ойын толғады.
ІІІоқан Семенов-Тяныпанский досынан естіген атақты Гумбольт талымның шәкірті Адольф Шлагинтвейттің тағдырын білуге іздестіру салды. Бірақ жете анықтарлық жайды аша алмады. Шығыс Түркістанның дүниежүзі ғалымдарына жұмбақ болған жайттың бір құпиясы осы Шлагинтвейттің тағдыры болатын. Осыны ашуды ең бір үлкен мақсаты еткен Шоқан бір күні кешке өзінің шәукенімен әңгімелесе отырып, сол туралы сөз қозғады.
— Әлімбай мырза, оны сіз анадан бері менен неге сұрамадыңыз. Ол кісінің қалай ұсталғанын, қандай жазаға ұшырағанын мен, өз көзіммен көргенмін, — деп әңгімесін бастады. — Өткен жылы жаз айында (онда Қашғарда Уәлихан қожа әмір жүргізіп тұрған болатын) бір күні жендеттер көшеден ақ шашты, ұзын бойлы, ақ сары шет жерлік адамды алып жүрді. Әлгі шетелдік адамның қолы артына байлаулы, шапанының етегі екі жағына жайыла адымдай басып жүріп бара жатты. Қала халқы шетелдік адамның өлім дарасына кетіп бара жатқанына таңдана қарасып қалды. Жендеттер оны қаланың қақпасынан шығарып алып кетті. Онан кейін оны ешкім көрген жоқ. — Шоқан өзінің шәукенінен мына сияқты хабарды естіген соң, Шлагинтвейттің күнделік дәптерін табуға кірісті. Бірақ күнделікті таба алмады. Сұрастыра жүріп Шлагинтвейттің жазаға ұшырап жоқ болуының түйінін іздестірді. Шлагинтвейт атақты неміс ғалымы, жиһангез, географ Гумбольттің таңдаулы шәкірті болған. Гумбольттің Петербургта Петр Петрович Семеновқа: «Мен Азияның анау асқар биігін, аспанмен тілдескен Алатауының қырқасындағы жанар тауының ертеңнен шыққан томарларын көрмей өлмеймін» дегенде сенгені осы шәкірті Шлагинтвейттің аттанған сапары еді. «Осы ғалымдардың аузында аңыз болған Шығыс Түркістанның Алтышәріне Алатаудың асқарынан асып келдім. Ал менің алдымда қатерге басын байлап келген өзіммен әріптес ғалымның тағдырын қалай анықтамай аттанам», — деп Шоқан бар ынта-жігерін сала іздестірді. Ақырында ол уақиғаның барлық егжей-тегжейін тапты. Уәлихан қожа аз күн әмір жүргізіп тұрғанда, қала халқының көрген ғаламаттарының ішіндегі елеулісінің бірі осы неміс ғалымының тағдыры болған. Оны әңгімелеп айтар бір адамға тап болған Шоқан: үлкен сияпат жасап қонақ ете отырып, бажайлай ұғынды. Шлагинтвейт Бұхараға келіп, ағылшын елшілігінде болып, солардың жәрдемімен осы Алтышәрге жолдама рұқсат алады. Ол жолдамада Шлагинтвейт ағылшын ғалымы болып жазылады. Сол Бұхарада Шығыс Түркістандағы Алтышәрдің қаласымен, халқымен таныс саудагер Нәменбай деген ұйғыр саудагерін басшы етіп серіктеседі. Сол Нәменбайдың басшылығымен Алтышәрдің орталығы Қашғарияға келіп, шетелден келетіндердің тәртібімен орналасады. Бұл кезде Қоқаннан ұрланып аттанған ғазауатшы Уәлихан қожа Қашғарияға ұрланып кіріп, қала билігін қолына алады.
Уәлихан қожаға сыйлық апарып және танысып, жөнін айтып, ғылыми жұмысына кірісуге Шлагинтвейт Нәменбайға — «қожаға сыйлық етуге Индияның алтын арқау ақ жібегі кашимир-жібек шәлісін тауып бер» дейді. Нәменбай Шлагинтвейт тапсырмасын орындағанша, Қытай патшалығының әскері келіп, Қашғар қаласын қамап алады. Қамауда қалған Уәлихан қожа шеттен келген сезікті қонақты шақырып алады. Оның себебі, мына сияқты жиһанкез оқымысты адам соғыс әдісіне жүйрік болуы мүмкін. Егер бұл ана сырттан қамаған Қытай әскерімен тілдесіп қалса өзі дінсіз қауымның адамы сол жаққа кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан, мұның қолындағы барлық жол қағаздарын алу керек деп ұйғарады.
Нашаға улап көзі бұлдырап отырған Уәлихан қожа Шлагинтвейттен «Қоқан хандығына арнап жазылған барлық бойыңдағы қағазды бер» деп сұрайды. Шлагинтвейт бойындағы жолдама қағаздарын беруден бас тартады. Өзі масайып отырған Уәлихан бағынбаған шетелдіктің басын алуға бұйырады. Өзі мас, өзі жау қамауында қанына қарайып отырған қожадан еш нәрсе шықпас деп, рақым сұрамайды. Қайсар да, қара жүрек қожа қаһарына қапыда ұшыраған Шлагинтвейт сонау Шоқан Қашғар шаһарына кірердегі жол бойындағы қадаларға ілінген бастардың бірі болып қаза табады.
Шлагинтвейттің басынан кешкен уақиғаны тұңғыш анықтаған да, қайғыра жаны аши күнделігіне бірінші рет жазған да Шоқан болды. Шлагинтвейттің халін есту Шоқанның өзіне де аз толғаныс болған жоқ. Егер Қоқанның жаңа ханы Уәлиханға жәрдем етіп жетегіне жүрсе, ол мына Қашғар еліне тағы қантөгіс жасап ойран салуы ғажап емес. Сондықтан — «басың сауда еліңді тап, аяғың сауда жеріңді тап» деген қазақ халқының мақалын есіне алып:
— Мұсабай мырза, қайтуды ойлансақ, — деп Шоқан өз пікірін айтты. Өзі де қайтуды есіне алып, жан-жақты жол жайын қарастырып жүрген Мұсабай:
— Әлімбай мырза, мен қайтуды ойламай жүргенім жоқ. Біз қазір қозғалсақ, онда Қоқанды басып жүреміз. Ол біз үшін, сіз үшін өте қауіпті. Ал мына өзіміз келген жолдың асуларын әлі қар басып жатыр. Сондықтан біраз күнге сабыр етелік, — деп өз ойын түсіндірді.
Шоқан Қашғар қаласынан көптеген көне қолжазба кітаптар сатып алды. Сол сияқты шығыс елінің алтын, күмістен нақыстап жасаған асыл бұйымдарын, піл сүйегі, бамбук, асыл тастан, асыл шыныдан жасалған ойыншық ғажайыптарды балаша жинастырды. Әсіресе Қытай, Индия шеберлерінің қолдан жасаған кейіп, алуан жәндіктер түріндегі мүсіндер. Суретшілердің жаратылыс бейнелерін түсірген суреттерінің аса қызықтыларын тауып алды. Осы сияқты мүліктерге қоса өзінің бірнеше ай бойы түнде май шам сәулесімен отырып, құмарта жазған ғылыми да әсерлі күнделігін жол жәшіктеріне елеусіздеу етіп салып, жаппаларын мықтап бекітіп қойды.
Шығыс Түркістанда көктем басталып, қар еріп,арықтарда сарқырап су аға бастады. Қашғар айналасындағы өзен көлшіктерде жыл құсы жылжып, үйрек, қаз тізбегі андыздады. Осы бір жол бойының қар басқан асу алқаптарының босауын көптен күткен Мұсабай, Әлімбай керуені де жолға шықты. Әлденеше ай мекен етіп тұрып қалған жаңа ұядан Әлімбай — Шоқан да сыйлас болған дос-жарларымен қош айтысты. Ол өзінің күнделігіне «7 наурыз, 1859 жыл» деп жазып қойды.
Шоқандардың Қашғарияға алып барған мүліктерін бара жатқанда неше рет жолын тосып, еркінше тиіп ала алмаған қырғыз қарақшылары қайтар жолын да тосты. Олар бұл керуеннің көп пұлмен барып, Россия кездемелерін саудалап, енді Қытай, Индия шеберлерінің қолынан шыққан асыл бұйымды тиеп қайтқан хабарын жансыздар, арқылы біліп те отырған болса керек. Ыстықкөл тұсына келгенде қырғыздың Төрегелді деген ру басы батыры Мұсабай керуенінің алдынан кісі жіберіп қонаққа шақырды. Соқпай өтер басқа жол жоқ, Шоқандар Төрегелді ауылына келіп түсті. Бірақ өздерінің шатырларын тігіп, көлігіне өріс, өздеріне демалыс етер қонысқа тоқтады. Төрегелді өзінің жасақты қарақшыларымен келіп, қонақасы деп бір-екі қой әкелгізіп беріп, сыйлық күтті.
«Сыйға сый, сыраға бал» дегендей, Төрегелді бастаған қарақшыларға Мұсабай орта қолды сыйлық ұсынды. Бай керуеннің Қашғариядан алып қайтқан асыл мүлкіне құмартқан озбыр қарақшы Төрегелді Мұсабайдың ұсынған сыйлығын сапысымен езіне серпіп тастады.
Немене, мені ит жауырын сарт шапанымен алдап көз боямақсың ба? Орыстың мына офицерін жасырын апарып не істеп келесің. Оны біз танымайды дейсің бе? — деп әңгімені Шоқаннан бастады. Шоқан өткен жылы Ыстықкөлде болғанда керген қырғыздың бір қуы танып қалған екен, мөлдірете бәрін айтып мойын бұрғызбады.
— Егер сыйлықты аясаң, мына қашқын орыс офицерін Қоқанға ұстап апарып беремін, — деп Төрегелді ат ойнатты. Лажы құрып қысылған Мұсабай, бір күнге мұрсат сұрап отырғанда, Верный бекінісінен керуеннің алдынан шыққан бір топ атты әскер жетіп-ақ келгені. Атты әскердің төбесі көрінісімен, жауыз аранына құм құйылған қаныпезер Төрегелді қарақшыларымен жоқ болды.
Ең ақырғы қыспақтан аман құтылып, керуен Ыстықкөл асуынан асып, Жетісу өлкесінің бір кең алқабына келіп қонды. Неше айдан бері үнемі қауіп пен қатердің қамауында үздіксіз үрейлене өмір кешкен Шоқан көкірегін кере дем алып, алаңсыз ұйықтап тынықты.
Керуен ертеңінде өздерінің анадағы келген ізімен Верный бекінісіне жол тартты. Айдыны шалқыған, сан шаһарды көк үйірім тереңіне батырған Ыстықкөл, ақ басты мәңгі мұз жастанған асқар Алатау, аспанмен тілдескен шыңдарымен мелшиіп қала берді. Сол асқардың ар жатында күні кеше өзі көріп қайтқан Азияның әлемге әйгілі қалалары қалып қойды.
Шоқан Верный бекінісінде де көп бөгелген жоқ. Омбыдағы генерал-губернатор Гасфорттың да экспедицияның хабарын асыға күткен қатынасын Хоментовскийден алды. Керуеннің артын күтіп, Іле бойында кездесіп, Мұсабай екеуі почта атымен Семейге суыт тартты. Қиын-қыстау жүрістен аман оралып, өз елінің кең сахарасына шығып еркіндеген Шоқан жаратылысындағы ащы ажуасын да ағыта, қасындағы Мұсабайды көңілдендіре отырды.
Олар Семей шаһарына да жетті. Өздерінен ұйымдасып жөнелген сауда керуенінің аман-есен оралып, саудаларының күсет болып қайтқанына Мұсабай да өте қуанышты болды.
Әсіресе Семейдің губернаторы Перемышельский Шоқандарды құрметпен қарсы алды.
Шоқанның Қашғариядан қайтып, Омбыға келген хабары Петербургқа да барып жетті. Оны хабарлаған генерал-губернатор Гасфорттың өзі болды. Ол өзінің әскери министрі Сухозонетке: «Өткен жылы май айында Қашғарияға жіберген керуеніміз аман-есен тапсырманы көңілдегідей орындап оралды. Сол керуенде айрықша тапсырмамен барған поручик сұлтан Уәлиханов та Омбыға келді. Уәлихановтың үнемі қауіп-қатер үстінде және күтімсіз жағдайда ұзақ жол жүруі оны мейлінше жүдеткен. Ол біраз дем алып, бойын жинамаса, саулығы нашарлап кетерлік жағдайда. Сондықтан Уәлиханов алып қайтқан ғылыми да саяси деректер біраз уақыт күте тұруды керек етеді», — деп жазды.
Шоқан біраз дем алып тынықты да, алып қайтқан мәліметтерін реттеп бір жүйеге түсіруге кірісті. Бәрімен болмаса да Шоқан еңбегінің беталысымен танысқан Гасфорт Петербург басшыларына мақтана жеткізіп жазып отырды. «Уәлиханов алып қайтқан мына мәліметке қарағанда, біздің Шығыс Түркістан жайлы қолданып жүрген географиялық мәліметіміз мүлде жаңылыс екен. Уәлихановтың жаңа мәлімдемесі сондай құнды да ғажап жаңалықтар. Азияның шығыс шоқтығындағы құпия дүниенің қақпасын ашып қайтқан» деп жер-көкке сыйғызбай мақтап жазды.
Петербургтағы достарымен қатар үкімет адамдары — ғылым кемеңгерлері де Шоқанның Петербургқа келуін асыға күтті. Ең болмағанда алып қайтқан мәліметтерінің алдын ала жазылғандарынан жіберуді өтініп маза бермеді. Әсіресе Егор Ковалевский Шоқанға арнап өзі хат жазып тездетуді сұрады. Шоқан өзінің қолжазбаларын әлі де бір жүйеге келтіргенше бөлшектегісі келмей, достарын тек хат жазып уәде берумен алдандыра тұрды. Август айының аяқ кезінде Тверь қаласына қайтар жолында Достоевский Омбыға келіп Шоқанға жолықты.
Екі дос сағыныса көрісіп сыр шертісті.
— Мені Петербургқа шақырып жатыр. Амандық болса Петербургқа шана жолымен бармақпын. Оған дейін мына алып қайтқан дүниемді қағазға түсіріп үлгерсем деп ойлаймын, — деген Шоқан пікірін аға досы қуана қуаттап:
Мен саған әлдеқашан айтқам, сен Петербургқа тез жет. Мүмкіндік тап, оқы. Саған оқу керек. Сен мынау еліңе білім сәулесін жеткіз. Ол сенің қолыңнан келеді, — деп ағалық ақылын тағы да қайталап айтты. Екі дос құшырлана сүйісіп, хош айтысты. Ендігі кездесу — Петербург қаласы десті.
Шоқан жолдан алып қайтқан деректерін қағазға түсірісімен Петербургқа почтамен жеткізілді. Шоқанның қолжазбасымен танысқан Петербург қауымы ауыздарынан суы аға оқыды. Бірінен бірі алып, қолдан-қолға тигізбей таласа танысты. Шоқанның қолжазбасы шетелдер ісінің министрі канцлер Горчаковқа ғажап ұнады. Азия департаментінің директоры Егор Ковалевский қуана оқып, аса жоғары бағалады. Министр Горчаков Шоқан қолжазбасының бұрышына: «Мен сізге аса үлкен алғыс айтар едім. Егер мына қолжазбаңыздан біраз лайықты дегенін География қоғамына берсеңіз», — деп жазды.
Шоқан өзінің Петербургқа жүрер алдында қолжазбадан мойны босап, омбылық достарымен бас қосты. Алдымен Карл Казимировичтің үйінен, сонау Верный бекінісінде қолына берген офицер киімдерін алып, Омбыдағы әскери төре қалпына кіріп еркелей амандасты. Ақ көңіл, ата жүректі Карл Казимирович, Екатерина Ивановна аналық ықыласпен аса қуанышты құрмет көрсетті. Әрқашан да қарындастық ерке мінезімен наздана, бұлдана сөйлейтін Елизавета да Шоқанмен қуанышты амандасты. Алтышәр әңгімесі бір күн түгіл, бірнеше айға азық болатын, бірінен бірі өткен қиянкескі уақиға ғой. Оның бәрін қайтадан қайтіп сарқиды. Тек, алыстан естіп таңдана тыңдайтын Азия халқының кейбір тұрмыс салттарынан қызықты жайларды айтып таныстырды. Дос үй-іштеріне Қашғариядан алып келген базарлық та Елизаветаның есін шығарды.
Шоқан келгенде Дуров досы еркіндік алып, өзі қалаған Севастополь қаласына жүріп кеткен. Ол досы өзінің сағынған, құмартқан хатын жазған. Әсіресе Қашғариядан алып қайтқан естелік жайында құмарлығын айрықша жазған. Шоқан осындай достарымен, қаладағы қызметтес достарымен біраз уақыт мәжілістесіп, жол жүруге дайындалды. Ол Қашғариядан келісімен ауылына хат жазып, әкесі жіберген адамнан ауылының, туыстарының амандығынан хабарланды. Өзі Петербургқа жүрер алдында ауылына қайтқан әкесінің шабарманынан Қашғардан анасына арнап алған аз да болса асыл бұйым сәлемдемесін жіберді. Осындай атүсті үздіксіз еңбекке мойындап алған Шоқан шана жолы түсе Петербургқа аттанған күнін ол өзінің күнделік дәптеріне — «1859 жылдың қараша айы» деп жазып қойды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі