Өлең, жыр, ақындар

Балапан ұясында

Аласының айтқан уәдесін күтіп Сәтжан балапанды алуды әлі ойлаған жоқ. Зейне де әзір балапан жайынан баласына ешбір сөз айтқан жоқ. Сәтжан мен Жанай көбінесе бұзауды сол ұялы жартастың бауырындағы өзекке өрістетеді. Екеуі үнемі балапанның ұясын аңдиды. Олар көбінесе балапан қанаттанып ұшып кетеді, айрылып қаламыз деп асығады.

— Ей, Сәтжан, сен екеуміз өстіп жүргенде балапан ұшып кетеді де, айрылып қаламыз ғой. Ол анадағы өзіміз барып басына шыққан Бүркіттінің тасынан қиын емес. Ешкімге айтпай алып қояйық, — деді Жанай.

Жанайдың мына сөзі Сәтжанға ой салып, балапанды тезірек алуды дұрыс көрді. Шынында балапан үясы Бүркіттің тасынан киын емес еді. Бірақ, онда бұлар көп бала еді. Экскурсияға апарып, мұғалімдері өздері бастап, ақыл айтып отырып еді. Сәтжан осыларды ойласа да, албырт бала мінезі бойын билеп асықтырып «Жанаш қашан барамыз?» деді.

— Тезірек барғанымыз жақсы, — деді Жанай.

— Онда ешкімге айтпайық, жібермей қояды. Тек керекті жабдықты әзірлейік, — деп Сәтжан Жанайдың сөзін қостады.

Өзен бойынан кешердегі кесіп алған ұзын тал құрықшаларын, бір мықты арқан, жіңішке жіп, қайыс, пышақ сияқты жабдықтарды буып-түйіп алдын ала бір өзекке апарып қойды. Ел жатар кезде екеуі бұзауларын қарастырған болып жүрістерін де ақылдасты. Егер біліп қойса, шешелері жібермейді. Әсіресе Зейне «тастан құлап жазым боласыңдар» деп аяғын бастырмайды. Ал, бұзауда жүріп балапан алам, деп алдану қауіпті. Бұзауларын иесіз тастауға болмайды. Не істеу керек? Неде болса ел тұрмай, таң ата кетіп қалып алып келу керек, көп болса таңертеңгілікте бұзауды біреуі өргізіп жая тұрар, — деп сөзді осыған байлады.

— Үй ыстық, далаға ұйықтаймыз, — деп Сәтжан мен Жанай екеуі далаға жатты. Олардың басқа ойы барын елеген ешкім болған жоқ.

— Таңертең төсек-орынды үйге кіргізіп қой, — деп Зейне Сәтжанға соны ғана тапсырды.

— «Тау соғар» тұр, таң атып келеді. Ел оянбай кетейік! — деген Жанайдың дыбысын өздерінің қасында жатқан Бөрібасардан басқа ешбір жан естіген жоқ. Мезгілсіз ерте оянған екі бұзаушыға таңданғандай Бөрібасар басын көтеріп барып қайта жатты. Екеуі сыбдыр шығармай киініп, керек-жарақтарын тығып қойған өзекке қарай жығып кетті. Екеуін аңдығандай арттарынан бұлаңдап еркелене басып Бөрібасар да жүгіріп келеді.

Сәтжандар «Таңбалы тасқа» келгенде шығыс жақты алқызыл нұрына бөлеп күн де шығуға айналып қалған еді. Барлық нәрселерді арқаларына түйініп алған екі ұяшы тастардың жігімен ұяның жоғарғы жағына қарай өрлеп келеді. Бұлардан қалыспай Бөрібасар да із қуып, қиядан қияға секіріп барады. Бұрыннан белгілеп жүрген өздерінің орамды деген жерімен тырмысып келіп, екеуі ұяның үстіңгі жатына шықты. Бұлар келгенде жартастың қиясынан ұшып шыққан екі ителгі әлдеқайда көрінбей кетті. Ол екі ителгінің ұшқанын көргенде:

— Апырай, анау қанаттанып ұшып кеткен балапандар емес пе, — деп Жанай безек қақты.

— Жоқты айтады екенсің. Құстың балапанын арқардың лағы дейсің бе, туа салып аяқтанып енесімен ілесіп кететін. Әлі ұшуға жараған жоқ. Өзіміз-ақ аламыз, деп едің, кәні, қалай аламыз? — деп Сәтжан Жанайға қарады.

— Несі бар, ана құрықшаларды біріне бірін жалғап, осы арадан ұяға саламыз. Сөйтеміз де балапанды тұзақтап тартып аламыз, — деді Жанай.

— Тұзақтап аламыз деймісің, балапанның мойны жұлынып кетпей ме? Және осы жерден құрықша жете ме. Сен де ойланбай сыйымсыз бір нәрсені айта саласың-ау, — деп Сәтжан Жанайдың ойланбай айтқанын дәлелдеді.

Сәтжан үстіндегі бар киімін шешіп жалаңаш етіне тонды киді. Арқанның бір ұшын ұяның дәл үстіңгі жағындағы жартастың бір мұрыншақталған өркешіне мықтап байлады. Бір ұшын өзінің ене бойына шандып орап:

— Мен мына арқанмен саумалап түсемін. Дәл ұяның тұсында бір кемерленген бунақ бар, соған ілінсем қалғаны оңай. Ал, сен мына бос арқанның бір ұшын ұстап отыр. Егер жазым болып тас байлаған арқан қиылса, не үзілсе, онда сен ұстаған арқанмен өрмелеп көрем. Бірақ, арқанды босатып жіберіп, мені құлатып, не өзің тартып тұра алмай ұшып кетіп жүрме, — деп Жанайға өз білген әдісін үйретті.

Әншейінде жай қимылдап сөзді сараң сөйлейтін Сәтжанның мына сияқты әрі тез, әрі өте тапқыш қимылына Жанай таңданғандай бетіне қарай берді. Сәтжан өзі дайындаған құрықшаны қолына алып, арқаннан ұстап жылжып түсе жөнелді. Бағанадан бері жартастың басында шоқиып аңырып тұрған Бөрібасар әлденеден мазасызданып қыңсылай бастады.

Ұяның тұсындағы мұрыншақ тасқа құрықшасын тіреп, Сәтжан мысықша тырмысқан ептілікпен дік етіп түсе қойды. Сол жерде тұрып балапандардың ұясына барудың әдісін ойлады. Ұяға сол жерден біраз солға қарай жағалап қол созбаса, балапан алынбайды. Ал, жан-жағына тиянақ етер бұдыр жоқ. Өзі тұрған тастың кемері тар. Әсіресе ұя жақ шетінің кемері өте жіңішке. Осы жермен ұяға бару, балапанды алу қиынның қиыны. Мына жерден қол да жетпейді. Өрмелеп шығуға тиянақ таты жоқ. Сәтжан аз ғана ойланып тұрды. Қылыштың қыры сияқты кенере, тез ойланып шешерлік қысылшаң жер. Құрықшаның жуантық басына байлап қойған қармақ темірдің керек жері енді болды.

«Мынаны не қыласың, балапанды осы қармақпен аласың ба?» деген Жанайдың сұрағына Сәтжан: «Керегін кейін көресің, әзір айтқанмен ұтымсыз» деген болатын. Рас, керек жері жаңа келді.

Сәтжан құрықшаның қармақты басын ұяның кемеріндегі тастан қапсыра салып тартып көрді. Көтеріле тартып салмағын салып та байқады. Сенімді тәрізді. Белде арқан, қолда қармақ. Тас ұяға талпынған жас қайрат қармақтан тартып, ұяға баруға бел байлады. Қарматын қапсырта қадаған жерінен алмай, содан ұстап тұрып өрмеледі. Ұяның кемеріне қолы ілінді. Тырмысып ұяға жетті.

Сәтжанды көргенде, бұйығып жатқан екі ақ үрпік балапан одан шошына қозғалып шырылдай бастады. Тіршілік дәрменімен ауыздарын ашып, қарақаттай көздері мөлдіреп жан қорғау лажын істегендей болды. Беліндегі балапанға алған орауын шешіп Сәтжан екі балапанды ептеп қана алып, мертікпейтін етіп орап мықтап байлады. Беліндегі арқанның осыған арнап тағылған бос ұшына байлап, Жанайға «тарт» деп дыбыс берді. Бағанағыдай емес, балапанды алғаннан кейін Сәтжаннан қорқу, сескену қаупі қалып, мақсат орындалғандай тұла бойын қуаныш биледі. Ол өзінің әлі де қия жартастың бетіндегі жалғыз арқанның тілінде тұрғанын ұмытқандай болды.

Сәтжанның дыбысымен балапанды тартып алған Жанай Сәтжанға қайта дыбыс берді:

— Енді ерлеп, тырмыса бер, өзіңді де мен тартам, — де¬ген даусы бүкіл зәулім жартасты жаңғырықтырып жіберді. Жаңа ғана екі балапанды аялап тұрған қия жартастың қиын қуысындағы әдемі ұя бар асылынан айрылып, құлазып қала берді. Арқаннан саумалай тартып Сәтжан жоғары өрмелеп кетті.

Балапанды алып Сәтжандар ауылға келгенде күн көтеріліп қалды. Күндегі уақытта өре қоймаған бұзаулардың дыбысын сезген Зейне далаға шыққанда, балапан құшақтап үйіне келе жатқан Сәтжанды көрді. Баласының күн шықпай кетіп, алып қайтқан олжасына Зейне бұл жерде онша түсіне қойған жоқ. Ол бұзаулардың отынан қалып, өруінен кешіккенін көріп баласына қатты ұрыспақ болды. Тап осы сәтте ойда жоқтан жортып келіп қалған Серікбайдың балапан ұстаған Сәтжанды керіп дыбыстаған үні киіп әкетті.

— Қарағым, мұны қайдан танып алып жүрсіңдер? Мынау бір тәуір ителгінің тұқымы. Ителгінің тұқымы төртке бөлінеді, оның асыл тұқымын қаражағал болады, мынау мен танысам тап соның тұқымы. Түлей келе көрерміз, ақ үрпік күнінің өзінде-ақ мына түскен қаражағал соның ізі. «Таңбалы тастағы» ұя қиын еді ғой. Оған осал ителгі ұя салмайды. Жазым болмай қалай барып алдыңдар? — деп Серікбай таңдана сөйледі. Ондай ойдан хабарсыз тұрған Зейнеге өзіне сезілген қатердің бейнесі енді елестеді. Ол қузар қиын жартастың қиясынан алған баласының табысына енді түсінді. Бала да, алған балапаны да олжа дегендей ішінен ғана ризалық етті.

— Әкелуін әкелді, баулуы атасынікі ғой, — деп Зейне Сәтжанның еркелеп тұрған бетінен сүйді.

Зейненің тапсыруын тұспалдан ұққандай Серікбай Сәтжанға:

— Балапанның астына тобылғы төсеп қой, тұғырға отыруға жарап, оған қонғанша жатақ болып қалмасын, — деп ақыл үйретіп құс күйіне баули бастады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз