Жетісу елін Қоқан әкімдері алыстан билеп, зекет, құшыр деп бір алып, баж деп үстемелі алым-салықтарын мезгіл-мезгіл жинап отыратын болған. Меркеде тұратын Құсбегі деген бектер бегі бұл тұстағы елге ойына келгенін істеп, талай қиындықтарды бастайды. Зекет пен құшырдан, баждан айырықша керек деген дүниені қолмен алу, кейбір көңілі түскен қыз-келіншекті жинап алып қыз ойнақ істеу сияқты ерсі бұзақылық та болады. Дулаттың қоралас деген руының Асыл деген бір тәуір адамының бойжеткен сұлу қызын, жаңа түскен келінін: «Меркеге төре шақырады», — деп, Құсбегінің жігіттері алып кетіпті. Асыл жылап Тойшыбек батырға келіпті. Тойшыбек Құсбегіге қарсы баруға бата алмай қорғалап отырғанда, жас Тойшыбектің жігіт баласы Бәйсейіт: «Әке, несіне қорғалайсың, бектер бегінің қорлауына нағашы апамды қоймаймын. Өзің именсең, мен барамын», — депті де, қасына кісі ертпестен жалғыз өзі тура Құсбегінің үйіне келіпті. Бәйсейіт келсе, Құсбегі көптеген қыз-келіншекті жинап алып, ортасында наша тартып отыр екен. Бәйсейіт рұқсат та сұрамай-ақ кимелеп кіріп келгенде, Құсбегі сасып қалып: «Батыр, неге келдің жоғары шық», — депті. Бәйсейіт сұрланып: «Жездеме амандасайын деп келдім, мына қыз-келіншектерді неге қамап отырсың, орын болса, мен де отырайын», — депті. Құсбегі Бәйсейіттің ашуынан шошып: «Өздері келіп қонақ болып отыр. Өздерінен сұраңыз», — деп, өз ісінен көзбе-көз таныпты.
Жиналған барлық қыз-келіншекті алып қайтыпты да, Бәйсейіт қару-жарақ сайлап алып, атын баптап, бірнеше жігіттерді қасына ертіп, тауда бекініп жүріпті. Оның себебі: ол кездегі Қоқан әкімдерінің әдісі — ондай наразылық көрсеткен адамның алдынан шықпайды екен. Ал артынан есебін тауып, қолға түсіріп, жоқ қылады екен. Бәйсейітті де солай алдап неше рет шақыртып, екі рет шақырғанына бармай, үшіншіде қару-сайманды бір топ жігіт жібереді. Бәйсейіт қырық жігітпен алдынан қарсы шығып, үлкен соғыс болады. Бәйсейітті ала алмай, Құсбегінің кісілері өздері жараланып әрең құтылады. Соның аяғы ұлғайып, Қоқан әкімдеріне Жетісу қазақтарының наразылығы өршіп, зекет -құшырдың өзі де дұрыс берілмей, суыса беріпті.
«Меркеде Құсбек Ұлық бар,
Қыз-қатынға ұзын құрық бар.
Қарсы келген тентекке,
Жуан келдек сырық бар», —
деген ел жыры мұны толық дәлелдейді. Елдің көңілі ала болып, бектер бегінің озбыр мінезінен жиіркеніп тұрған кезінде орта жүзді өзіне бағындырған орыс патшалығының елшілері де Жетісу еліне біртіндеп бас көрсетіп, сөз салады. Олар алдымен Ұлы жүз ішіндегі Әділтөренің (Абылай баласы) ауылдары арқылы ел.тамырын ұстайды. Бұл кезде қырғыз манаптарына тегіс жайылып, әлденеше рет шайқасып жүрген кез. Бір жақ сілемі Ұлы жүз ішіне де келген еді. Жамбылдың әкесі Жапаның деген батыр жігіт, жортарман кезі. Бірақ өз руының ортасында болмай, Жаныс руындағы Әшекейдің атарман шабарманы болады. Бір жағынан дүңкілдеп орыс хабары келеді. Бір жағынан Қоқан бектерінің істеген зорлығы бар. Тағы бір жағынан Кенесары көтерілісінің сілемі де келіп жатады. Осы жөнде қырғыз манаптарынан тіл алу үшін Әшекей бастаған Жаныс руының адамдары әрі тіл білетін, әрі сенімді мықты жігіт таңдағанда, көпшілік Жапаны жіберуге ұйғарады. Сонау етектегі алыс Хан тауынан қос атпен шығып қырғыздың сол кездегі үлкен манабының бірі Жантайға жолығып, тіл алып қайтады.
Жапа барған кезде қырғыз манаптарының орыс елшісімен Тезек төре арқылы сөз байлап, Кенесарыға да, Қоқан бектеріне де наразылық көрсете бастаған кезі болады. Miнe, осы хабарды алып қайтқаны үшін, Әшекей бай Жапаға ел атынан алғыс айтып сый да берген болса керек. Бұл — Жамбылдың өз әкесінің ауылына ие боларлық қайратты адам болғанына бір дәлел. Және ол осы жолы Жантай манапқа ел сәлемі етіп жақындастық, ниеттестік сөз де сөйлеседі. Ол сөзді Жантай аса ұнатады. Өйткені Кенемен ұстасып жатқан кезі болуы керек. Ол ара сын қалай шешіп қайтқанын ешкім анықтап айта алмайды. Тек сол Хан, Жамбыл бойындағы көшіп жүрген елдер Кенесарыға көмек бермегені айқын.
Айдос — Сарыбайдың әкесі. Бұл кісі Екей бытырағанда, Жалайыр ішіндегі Артық батырдың және Сөк төренің ауылына кешіп барды дегенбіз. Алғаш көшіп барған кезде Сарыбай жас болады. Әкесінің қайраты қайтқан, бірге туған ағалары тек малға ие, жай шаруа болады. Дулаттың боздағына құныкер болып кешіп барған аз ауылға іргелі ел қандай қызыққыш. Неше түрлі зорлық істейді. Артық батыр өзін паналаған қоңсысын қорғайды. Дегенмен, іргелі елдің үстем сөзі, істеген зорлығы көбейе береді. Жас та болса Сарыбайға бұл бата береді. Жігерлі бала жігіт елін ойлайды. Еліме қайтсам, өз руымның өзімдей жастарымен басымды қоссам деп талаптанады.
Шапыраштының Теке деген руынан шыққан Бөлек деген батырды естіп, ақыл сұрап соған барады. Жас бала жігіттің жайы - күйін сұрап алады да, бөлек ешнәрсе айтпайды. Бір айтқаннан кейін Сарыбай батырды мазалап о да қайта сұрамайды. Бірақ ауылынан кетпейді. Ертелі-кеш сәлем беріп, атқа мінсе, атын ерттеп қасынан қалмайды. Содан бір күні Бөлек: «Шырағым, сені маған кім жіберді?» — деп сұрайды. «Сізге бар деген Кененбай ақсақал еді», — дейді. «Е, өзі неге ақыл айтпайды?» — дейді Бөлек. Одан кейін тағы да тіл қатпайды. Бір күні ерте ат ерттетіп, Бөлек жол жүрмек болады. Сарыбай да бірге жүреді. Бөлек көп сөйлемейтін ызғарлы адам болса керек, артына бір бұрылып қарайды да, жүріп отырады. Іленің өр басында отырған Әділ төренің ауылына келеді. Төренің даяршылары келіп Бөлекті түсіріп, жолдасы ретінде қасына еріп барған Сарыбай бірге болады. Ол күні қонақ үйде болып, ертеңінде Әділдің өзі отырған үйге барады. Онда Әділ болмаса керек, Тезек төренің үстіне кіреді. Албан, Суан, Жалайырдың бірсыпыра адамдары болады. Төре үйінде мәжіліс болады. Осы мәжілісте Тезектің елге айтқаны: «Орта жүзді қаратқан орыстан кісі келді. Арқадағы елдің бәрі тегіс орысқа қарапты. Мұның ісі әділ көрінеді, мен қырғыз манаптарына да сөйлестірдім. Уәде беретін болдық. Соған осы жуырда бас қосамыз. Және біздің Қаратал, Қапал бойына кеп қолы келеді. Оған келуге рұқсат еттік, бұған не айтасыздар?» — дейді.
Қоқан әкімдерінен елдік ар-намысқа тиерліктей кеп өктемдік көріп қалған ел Тезек сөзін тегіс мақұлдайды. Осы пәтуанаға бата қылған Бөлек батыр болады. Бөлек ертеде батыр болғанмен, бұл кезде қартаң тартып, ақсақал болған кезі болады. Ел тарайды. Бөлек еліне қайтады. Жолда ат үстінде келе жатып Бөлек Сарыбайға: «Балам, не ұқтың?» — дейді. «Батыр, мен нені ұғам, төренің айтуына қарағанда, орыстың жол-жобасы жақсы көрінеді», — дейді. «Балам, байқаған екенсің, сен енді ақылды орыстан сұра», — дейді. Осыдан келген соң Сарыбай Бөлек батырдың батасын алып еліне қайтады. Енді ел орыс қолының алдынан шығуға қамданады. Бұл кезде Есқожадан шыққан Сұраншы батыр да орыс қолының алдынан шығуға келе жатыр деген хабар келеді. Осыны естіп Сарыбай Сұраншыға келіп қосылады. Сұраншымен қосылып Қаратал бойында орнап жатқан орыс қолына барады. Бұл барғанда тура өздері бармай, алдынан кісі жіберіп тіл алады. Сонда барып тіл алып қайтқан кісінің бірі Сарыбай болады.
Сұраншы батырды орыстар көңілді қабылдайды. Өйткені орыстарға бұрын танысып жақындасқан Жалайыр адамдары Сұраншының мақтауын жеткізіп, оның беделді батыр екенің айтып ұғындырған болатын. Осы жерде Найманның, Ұлы жүздің бірсыпыра кісілері бас қосып, орыстың басшы адамдарына ант береді. Орыстың қолын Іледен бастап өткел тауып өткізуге Сұраншы, Қожантай, Балпық батырдың баласы Тіленші ие болады.
Орыстың бір топ қолын Балпық баласы Тіленші, Есқожа Сұраншы бастап Қапшағайдың аяқ жағындағы Үшаралдан төмендеу атпен өтетұғын жерден алып өтеді. Бұл Іленің бұрынғы белгілі өткелі екен. Осы өткелде жас жігіт Сарыбай өте қайраттылық көрсетіп, кеп қиямет істейді. Орыстың әскербасы Сарыбайға аса разы болып, бұларға көп сый, әскер береді. Ол бетінде орыстар Қоқан бектеріне және қазақтың өздеріне қарсы болған Бәйсейіт, Керім сияқты адамдарға кісі жібереді. Оларға өздерінің ұсынысын жібереді. Өздеріне тартады. Бірақ олар оны қабылдамайды.
Бұл кез орыстардың Іледен өтіп, іргесін бекітіңкіреп алып және артындағы көп қолдарын Іленің бер жағына келтіріп алу әдісін қолданған кезі болады. Осы кезде Сарыбай орыстарға көп сенімділік көрсетеді. Аса жақсы қызмет істейді. Алды-артын жиып алғаннан кейін орыстың әскербасылары қазақтың өздеріне сенімді адамдарын алып, алдағы шабуылдың жөнін кеңеседі. Осы кеңестің ішінде Тезек төре, Қожантай, Әбілестер болады. Сарыбай орыстарға жол тауып беретін қолды бастап отыратын жершіл ретінде алынады. Қоқан бектері бастаған көп қол орыс шапқыншыларына кездесіп, ұрыс болып қалады. Бұл соғыс аса үлкен соғыс болмаған. Бұл жерде орысқа қарсы ұрысқан аса күшті жау Бәйсейіт батыр болады. Бәйсейіт Қоқан бектерінің де сойылын соқпайды. Қырғыз манаптарына да қосылмайды. Ол бір жағынан қырғыздың манабымен, Қоқанның бектерімен жауласса, екінші жағынан Қаратал, Іле бойындағы орыстың қолына да сан рет шабуыл жасайды. Әлденеше жерде кездесіп атысып, өз адамдарын да шығындатып, орыстың қолынан да бірсыпыра кісіні өлтіреді. Сөйтіп Бәйсейіт орыстардың ете кектескен жауы болады. Бәйсейіт ұрыстарында орыс жағында болып, көп қайрат көрсеткен Бәйсерке батырдың баласы Қожағұл болады. Әрі жердің жайын білетін, әрі Қоқан бектерінің қарауындағы елдің жайын білетін мықты жігіт өте батыл қимылдайды. Жол тауып Қоқан бектерінің қолының ішінен тіл алу, бірлі жарым руларды азғыру жөнінде Сарыбай да үлкен еңбек істейді. Албан Сарқыт баласы деген жігіт со л Қоқан қолының ішіне кіріп, тіл алып қайтуға, жер шолып келуде аса ептілік істейді. Ұзынағаш бекінісін орыс қолынан ала алмай Қоқанның көп қолы шегініп, Мерке, Шу, Құрағаты өзендерінің бойына барып бекініс жасайды. Құрағаты өзенінің бойында отырған Ботбай елі орыс қолының алдынан шығып қарсы алады. Ботбай Сыпатай батыр өзі елін бастап орыс қолының алдынан шығып түз, нан әкеледі. Орыс қолының ішінде бір бөлек тобына басшылық істеп келе жатқан Сұраншы батыр Сыпатайдың бұл келуін аса құп алмайды. Сұраншының қасындағы Сарыбай Сыпатайдың алдынан барып сәлем беріп және орыс Ұлықтарына Сыпатайдың ел ішіндегі беделін айтып түсіндіріп қабылдатады. Сарыбайдың бұл ісіне Сыпатай қатты разы болып батасын береді. Және орыс әскеріне көлік, азық беріп көмек көрсетеді.
Орыс қолы әлденеше жерде соғысып, Қоқан бектерінің қолын ығыстырып, Әулиеата қаласын алып, Тәшкенге қарай бет алып отырып Шымкентке дейін қуып барады. Осы күнгі Сайрам ауданының орталығы онда үлкен қала екен. Қоқан бектері сол қалада үлкен қорған бекініс жасап, қатты қарсылық көрсетеді. Сейпілге бекініп отырып, орыс қолына көп соққы береді. Осы бекіністі алу ұрысында Сұраншы қолға түсіп өледі. Сарыбай мертігіп тірі қалады. Сайрам қаласын орыс қолы өзіне қаратқаннан кейін онда бірсыпыра жатып ат тынықтырады, алды-артын жинайды. Оған дейін Сарыбай да жарасынан жазылады. Орыс қолы Тәшкенге қарай бет алғанда, Сарыбай да өзіне ерген қазақтарды бастап орыс қолымен бірге Тәшкенге дейін барады. Орыс қолы Тәпікен қаласын алудағы соғысында бірге болып, Тәшкен алынғаннан кейін елге қайтады. Жетісу қазақ, қырғыздарының орыс қолымен осы жорықта бірге болып еліне қайтқан адамдарын бастап алып келеді. Орыс әскербасылары да осы жолы аса сенімділік көрсетеді. Сонан Сарыбайға кейіннен әскери шен береді, өзін Жетісу елінде беделді, сенімді адам ретінде ұстайды.
Орыстар өзіне қаратып алған жерлеріне өздерінің тәртібін жүргізеді. Ел тізгінін өздеріне сенімді қызмет еткен өздері білетін адамдарына береді. Сол сенімді адамның бірі Сарыбай болып, орыс әскерлерінің айтуымен жоғарғы орыс Ұлықтарына да сенімді, беделді кісі болып танылады. Жетісу елі орыс қол астына қарап, тәртібіне алғашқы бағынғанда «дөңгелек болыс» деген атпен сайлау жүргізіледі. Осы сайлауда Шапырашты руы тұтас бір-ақ болып болып, оған Есқожа руының жуан күштісі Андас датқа (Саурық батырдың інісі) болыс болады. Бұл болыс алғашқыда Шапырашты болысы атанады. Сарыбай осы уақыттан бастап баяғыда бытырап кеткен Екей руының басын қосып жинап, ел қылудың қамына кіріседі. Бірақ бұрыннан орнығып қалған ел Есқожа руы жер жағына ие болып, жаңадан жиналған Екейге көңілді жерден қоныс бермейді. Сарыбай алдымен жиналатын ағайынына ірге теберлік қоныс алудың қамын істейді. Ұзынағаштағы және Алматыдағы орыс Ұлықтарына жолығып, ол елінің барлық жайын айтып, қоныстық жер сұрайды. Сарыбайдың бұл тілегін қабылдап, қалаған жеріңді өзің көрсет, біз кесіп алып береміз дейді. Сарыбай Екейдің бытырамай тұрғандағы өзіне тиісті жерінен де асырыңқырап қырғызбен шекарадағы Тоқпақтың бер жағындағы Көкайырық өзенінен үлкен Көбіннің түбінен бөлік жүргіздіртеді. Бергі шеті Қарғалы өзені, төменгі жағы Дегересті басып Құтырған, Үш бұлақты басып Қопаға дейін түседі. Бұл бөліктен қырғыздың бар жайлауы, Есқожаның көптеген қыстау күзеуі Сарыбай алған жерге кетеді. Бірақ бұл кезде Есқожа Екейдің қоныс шекарасы ашылмаған тұтас уақыты болады. Осы кестіріп алған жерге Шапырашты Дөңгелек болысы қыстап, күздеп, жайлап отыратын болады. Бұл арада біраз уақыт өтеді. Шетке кеткен Екейдің Сарыбай жайлауымен басы қосылып, о да бірсыпыра ел болады. Екей басы қосылған сайын, Есқожа руының қонысқа іші тарылады. Екеймен екі арада жерге, қонысқа таласып қалу біраз әңгімелері болады. Осындай әңгіменің кезінде Екейдің Сарыбайға серік боларлық атқа мінген адамының бірі әрі мықты жігіті Жамбылдың әкесі Жапа болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі