Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы — Жамбыл өміріндегі үлкен белеске шыққан аса үлкен өзгеріс. Жамбылдың ақын атын аспандатқан осы айтыс болады. Өйткені Құлмамбет Жетісу еліне аты ерте жайылған, айтысқан ақынды беттетпеген, аса ауызды ақын болған.
Құлмамбеттің аты алысқа кетіп, абыройы көтерілуі де Тезек төренің көтермелеуінен болған. Құлмамбет жас шамасына келгенде Сүйінбайдан кіші, Жамбылдан үлкен көрінеді. Ол кездегі Жетісу бойынан қолына домбыра алып өлеңге, әнге талап қылған ақын Тезек алдын көрмей, оның тезінен өтпей кетпеген.
Құлмамбет — Албан елінен шыққан ақын. Бірақ өзі Құлан, Аян деген аз атаның баласы болады.
Құлмамбет менің атым — Құлан, Аян,
Екенім менің Құлан тәңірге аян.
Албан, Дулат жиылып бата берсе,
Кеңес айтып жырлайын етіп баян, —
деп бастап, өлеңді кеңінен бастап, сөзін салмақтап айтатын жері кең, аса толғаулы ақын болған. Жамбыл өлеңнің ішінде Құлмамбетті «сен арғынсың қаңғып келген, ыза болсам, Албанымнан қуып жіберем» дейтіні де сол. Құлмамбеттің арғы аталары Уақ екен. Бір себептен ертеде кешіп келіп, Албан ішіне сіңіпті.
Құлмамбетті Тезек қолына ұстады, сол атын шығарды дейтініме дәлел. Найманнан шыққан атақты 'Түбек ақын сексен жастардың шамасына келгенде Тезек төреге өлең айтамын деп шығады. Ел ортасына аты жайылған Түбектің келе жатқанын Тезек естиді. Сол кезде Құлмамбет Тезек үйінде екен. Тағы бір басқа ақыны да болады.
Тезек — сөзбен қармасқан ақындықты аса қадірлейтін адам, үйіндегі екі ақынға: «Түбек келіп қалса, не деп жауап айтасыңдар. Оның ақсайтын сырын, елінің жайын білесіңдер ме, ақын адам өзіне кездесетін ақынның мән - жайын, сырын теріп жүрмей ме екен», — деп, өзі өлең айтып отырады. Сонда Түбек байқаусыз келіп қалып, айтыс басталып, Құлмамбет айтысып, онан Тезектің өзі де қосылып кетіп, үлкен айтыс болады.
Бұл айтысты Оспан ақын, бұл Таран колхозындағы Есдәулет ақын екеуі де айтады. Бұған қарағанда, Құлмамбет — Тезектің қолына ұстап айтысқа салып, арнасын ұлғайтқан ақынның бірі.
Әрі Тезек қолына ұстап шашбауын көтерген, әрі Түбек сияқты үш жүздің баласына аты жайылған ірі ақындармен шеңгелдесіп өріс алған Құлмамбет Жамбылға да, басқа ақындарға да маңайын бастырмайтын дүр болып көрінеді. Ел арасындағы бірнеше ақындармен айқасып және Сүйінбай айтысы, Бақтыбай айтысы, Қатаған айтысы сияқты үлкен айтыстарды өзіне сабақ еткен Жамбыл Құлмамбетпен бір кездессем деп жүреді. Жамбыл Құлмамбетті ертеден біледі, онымен бірнеше аста, тойда қатар өлең айтады. Сарыбай осында бірге болады. Бірақ айтысып өріс көріспейді. Қалайда бір айтысып көрсем деп ізденіп те жүреді. Осы кезде Жетісу болысы бас қосқан үлкен жиылыс болады. Жиылыс Іле кәпірінде өтеді. Бұл жер (көпір аузы десіп келеді) осы күнгі Іле станциясы тұрған жерден аз жоғары, сол жерге үй тігіледі. Алматы, Қапал уездері келеді, екі уездің болыстары, атқа мінерлері келеді. Бұл топта Тезек болмайды, ол өлген кез көрінеді. Топқа ақындар жиылып, айтыс болады. Құлмамбет бірнеше ақынды сөзбен буып сөйлетпей тастайды. Айтысты тілмаш арқылы түсініп отырған уез Құлмамбетті көтермелеп, сыйлық береді. Енді мұнымен айтысар кім бар деп іздегенде, Есқожаның болысы (Шапырашты) Құттық Сейіттің Құдайбергені: «Таздан басқа ақын құрып па, Сүйінбайдың інісі Жамбыл бар», — дейді...
Құдайберген омырау тентек, бетті адам болған. Әкел деп Жамбылды іздетеді. Жамбыл Құлмамбеттің бетінен әрі он шақты ақынды жеңіп тастаған екпінінен қорғанып, қашқақтап жүреді. Құдайбергеннің жіберген кісісі Жамбылды тауып алып келеді. Жамбыл сыртта кіре қоймай тұрғанда:
— Қара күңнің баласы Ысты бақыр,
Кім өлсе, соған туар заман ақыр,
Жамбыл деген бар дейді бір немесі,
Ақын болса, ол неме қайда жатыр?
Біреуді Жамбыл деген ел мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды,
Ақын болса, қайда жүр ол немесі,
Көрелік, оны неге ардақтайды.
Құдеке, кісі жібер Жамбылыңа.
Жамбылды болар ма екен алдыруға.
Албан, Дулат тобында мен бір жорға,
Менімен жарар ма екен шалдыруға, —
деп, содан кейін:
— Болғанда мен ақсұңқар, сен бір тауық,
Сен әтеш айғайлағыш ауық-ауық,
Сүйінбайдың күркілдеп үйде жатыр,
Басқаңды қою керек жылы жауып, —
деп лепіріп отырған Құлмамбеттің серпінінен жүрексініп тұрғанда, үйде отырып Құдайберген ақырыпты: «Қарасайдың аруағынан садаға кеткір, не ғып бұғып жүр?» - деп.
— Осы сөз сүйегімнен өтіп кетті және Қарасайды айтқанда не болғанымды білмеймін, домбырамды алып Құлмамбеттің алдына келіп қарама-қарсы отыра қалдым, - дейді екен Жамбыл (Үмбетәлінің айтуынан). Жамбылдың бұл айтысын Үмбетәліден жақсы білетін де, айтатын да кісі жоқ.
Айтыс аса қызу болады. Өзімшіл, өркөкірек Құдайберген Құлмамбеттің Шапыраштыны азырқана, кеміте сөйлегеніне терісіне сыймай ыза болып отырады. Жамбылға кезек келіп Шапыраштыны мақтап кеп бергенде, Құдайберген: «Сені тапқан шешеңнен айналайын!» — депті.
Бірнеше рет кезек айтысып Құлмамбетке кезек келгенде, Құлмамбеттің домбырасының ішегі үзіліп кетіп, енді домбыраның ішегін жалғағанша ыза болып отырған тентек Құдайберген үстелде тұрған 300 сомды жұлып алып қалтасына салып: «Сен домбыраңның ішегін жалғағанша, біздің Жамбыл отыра ма, біздің Жамбыл жеңді», — деп кісілерін ертіп тұрып кетіпті. Албан адамдары Жетісу ортасында Құдайбергенге күш істей алмай, Жамбыл жеңді лақап болып, Құлмамбет қалып қояды.
Мұны Жамбыл өз аузынан осылай айтады: «Шынында, Құлмамбеттен ақындығым асқан жоқ. Ол аса ірі ақын еді. Менің абыройымды көтерген Құттық Сейіттің Құдайбергенінің тентектігі ғой», — дейді екен Жамбыл (Үмбетәлі айтуынан). Осы топта Жамбыл атағы аспанға ұшқандай болады. Он шақты ақынды бет қаратпай қойған Құлмамбетті Жамбыл жеңді деген сөз бүкіл Жетісуға тарайды. Бұл айтысты ел сол жерден бастап жаттап әкетеді. Мұны Үмбетәлі Жамбылдың өз айтуынан жаттаған.
Бұл айтыс Іле көпірінде, шамасы, 1896 жылдары өткен. Өйткені бұл айтыста Сүйінбай тірі, бірақ ауру, үйінде, жиынға бара алмапты. Сүйінбайдың тірі екеніне Құлмамбеттің өз сөзі де дәлел. «Сүйінбай сонда ауру еді. Келер жылы өлді», — дейді Ыбырайым. Сүйінбай 1898 жылы өлген.
Жиын тарап, әркім өз еліне қайтады. Айтыстың артынан Құлмамбетпен Жамбыл бұрынғысынан да жақын танысады. Өзінен жасы да үлкен, әрі аруағы да ерте көтерілген Құлмамбетке Жамбыл інілік дәстүрмен сыйлап, өлең айтып, екеуі бұрынғыдан да достасады. Жамбыл Құлмамбеттің қасында бірнеше күндей болады.
Екеуі айрыларда Құлмамбет Жамбылға: «Сен қырғыз еліне таныс көрінесің, мен Шабданның алдына барып бір өлең айтайын деп едім, осыған мені бастап апар», — дейді. Жамбыл апаруға уәде қылады. Бірақ Құлмамбет еліне барып қайта келмек болады. Жамбыл кетеді. Сол жылы күзге жақын Құлмамбет Жамбылдың үйіне келіп, екеуі қырғызға баруға шығады.
«Құлмамбет апиын жейтін кісі екен, жолда атқа жүре алмай: «Жамбылжан, менің белімді шылбырыммен қатты буып бер!» — деп тартқызады. «Ұзын иір қара кісі еді, ішін шылбырымен тартқанымда, қолым қарысып қалды. Сонда да «қатты тарта алмадың - ау» деді Құлмамбет. Апиын деген адамның ішек-қарнын тартып, бауырын жаздырмайды екен, ел орынға отыра, Шабдан аулына әрең жеттік. Құлмамбеттің тамақ ішуге шамасы келмеді. Қонақ үйге барысымен белін шешіп, жатқызып қойдым. Бұл кім деп сұрағандарға Құлмамбет екенін айтпадым, маған ерген бір абышқа еді, өзі ауырып келді деп қойдым. Өзім түнде Шабданның өз үйіне барып өлең айттым. Мен қайта келіп жатқанымда да Құлмамбет жеңді есін жиған жоқ екен. Таңертең тұрсақ, күн сәске болып қалыпты. Құлмамбет апиыннан айығып, әншейін құрағытып отыр. Біразда сізді манап шақырады деді бір қырғыз. Енді Құлмамбетті ертіп, екеуіміз келдік.
Біз келіп отырған соң, Шабдан: «Жамбыл ботам, ат тоқытып жүргелі отырмын. Тәшкенге асығыс баратын жұмысым болып қалды. Біздің есіктерді бір көргенің бұл емес. Бір қара қызыл бесті байлатып қойдым. Мына жолдан мақтанып қайтсам, тағы соғарсың», — деді. Осы кезде құрғағытып отырған Құлмамбеттің қолына домбыраны ұстата бердім. Өліп отырған ақын:
— Тозады ел ағадан, тон жағадан,
Соғады арлан бөрі тay сағадан.
Ай өтіп, көрмегелі апта болды,
Жүрмісің, батыр Шабдан, есен-аман?
Абданда өткен екен Қашаған хан,
Серғазы жетпіс екі жасаған хан.
Аз сөзбен амандаспай кетемін бе,
Алтынды аттаған соң босағаңнан.
Абданда өткен екен Абақ, Жайнақ,
Өтіпті Сайымбөлек сан жылқы айдап,
Бұл тапта мұсылманға патша бопсың,
Бір сапар келіп қалдым тамаша ойлап.
Баласы хан Жантайдың неше түйін
Бар ма екен бұл жалғанда бауыры бүтін,
Қазақ, қырғыз баласын бірдей көрген
Айналған Қазықұрттай жалғыз құтым.
Жарасқан ақ — қызылға, асан — тамға
Ақ дидарың түсіп түр мұсылманға,
Бақыр менен ісіктей қиылғанда,
Қылышың бас кеседі ұшынғанда.
Қояннан елім жұтап қалғаннан соң,
Мен келдім амандаса Шабдан ханға, —
деді. «Ел көшкілік жерден іздеп келген екенсің, не мұқтажың бар еді?» — депті Шабдан.
А, батыр, өзіңе айтар арымыз бар,
Айтатын арызымды тәрізім бар.
А, батыр, бек қысылып келгеннен соң,
Шала қазақ Әпсәметке беретұғын
300 сом қарызым бар.
Атасы Абсәметтің Әлім еді,
Ақшасын суға берген залым еді,
А, батыр, бек қысылып келгендегім
Кешегі ер басқан Баттал қазы Төреге мәлім еді, —
деп, өлеңді кесек-кесегімен томарылта төккен ауызды ақынның сөзі Шабданның көкейіне қонып: «Жамбыл, ботам, мына абышқа ақсақал сенен ыршы тұрмай ма. Бізге түнде неге айтпадың?» — деп асыққан жолынан қала алмай өкінеді. Сөйтеді де Құлмамбетке өзінің асығыс жолын айтып: «Келіп қалдың, қалауың не еді?» — деп сұрайды. Құлмамбет «300 сом ақшаға борышты болып қысылған соң келіп едім», — дейді. Шабдан өзінің малының беретін-қоятынын билейтін Күйке деген манабын шақырып, жігітіне иек қағады. Ол: «Мен бұл кісінің жолын әкеліп отыр едім. Бірақ анадағы сатылған малдың ақшасы усталый кетіп, аз болып қалып еді», — деп, 200 сом ақша қояды. Сонда Құлмамбет: «Сен патшаның айтқан әмірін орындамай, барын жоқ дейсің» деп Күйкеге тиіп өлең айтқан соң, Шабдан намыстанып, өзі жүргізуге келіп отырған және өлең тыңдап отырған манаптардың бәрінің аттарының ер-тоқымын алғызып, Құлмамбетке матап бергізіп аттандырады.
Осы жолы Құлмамбет 12 ат, 200 сом ақша алып қайтты, мен бір бесті алдым. Алғашқы 200 сомды әкеліп алдымызға қойғанда, бұрын ондай көп ақша алып көрмеген көзім тұнып кетіп, алғалы жатыр едім, Құлмамбет қозғама деп ишарат етті де, өлеңді өршелендіре айтты. Қырғыз манаптары мәрт, намыскер келеді, бір құласа оңбай құлайды. Құлмамбеттің сөзі айтып отырғанда тыңдаушыны алып кетуші еді. Және бір бастап алғаннан кейін көтеріліп үдей беруші еді. Мен өзім ақын көргенде Құлмамбеттей ауызды ақын көргенім жоқ», — дейді екен Жамбыл ақындық жайы сөз болғанда (Бұл да Үмбетәлі айтуынан және Өмірзақ айтуынан).
Менің бұл жолдағы олжам Құлмамбеттен «Көрұғлы сұлтан» жырын үйрендім. Бірақ бәрін жаттап алу қиын екен. Құлмамбет бір айтқанда екі күн, екі түн ұйықтамастан айтты. Мен осының бір күн, бір түн айтуынан-ақ ұғып алдым. Менің өрісімді кеңіткен ірі жыр «Көрұғлы султан» болды», — дейді екен Жамбыл. Мұны Үмбетәлі де, Өмірзақ та, тағы бірнеше кісі айтады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі