Жамбыл Шашубаймен кездесетін тұста өлеңді көп айта қоймай, тоқталып жүрген кезі болады. Осы кезде ел ішінде болған бір уақиғадан ағайын арасына өкпелеп, қысқы Балқаш теңізі қатқанда Арқадан бергі қабаққа өткен Шашубай, Шу, Іле бойын әнімен аралап Алматы келеді. Алыста жүрген адамның ағайыншыл келетін әдетімен, сол кезде Алматы қаласындағы саудамен байыған Байбұлаң, Баймолда дегенді жандаралға, уезге переводчик (тілмаш) болып тұрған найман жігіттері Бақия, Барлыбек деген Сырттан балаларын тауып алады. Барлығын Орта жүз деп бауыр тұтып, осылардың қолына келіп өзінің арғындығын, онан қалды Орта жүздігін айтып, олардың байлығын, бектігін айтып әрі әнші, әрі ақын, гармоншы Шашубай өзі баурап әкетеді. Гармонымен қосылып толықсып айтатын Арқаның әсем әнін аспандата шырқаған Шашубай Жетісу елін аузына қаратады.
— Қызылжар, Қарқаралыдан келіп жүрмін,
Елдерін Ұлы жүздің көріп жүрмін,
Аузымда өлең деген мәлегім бар,
Әркімге сөйлеп-сөйлеп беріп жүрмін, —
деп, тоқсан толқытып әнін Алатау шоқтығынан асырады.
Абай айтқан ертедегі ел ақындарының алыста жүріп ауылын мақтайтын, жерін, суын, елінің аты шыққан адамын дәріптейтін әдет Шашубайда да бар-ды. Ол Ұлы жүз жиындарында өз елін, Арқаны көтере мақтайды. Ұлы жүздің ішінде жүрген кісілікке ілінген, саудамен ауысып келіп байыған адамдарын жер-көкке сыйғызбай мақтан етеді. Шашубай мақтанының арқауы болған жоғарыда аты аталған Байбұлаң, Бақия, Барлыбек, Тұрлыбектер болады. Қалың Ұлы жүздің ішінде бірлі-жарым ауысып кеп қатарға ілінген арғынды мақтау Ұлы жүз адамдарының намысына тиеді. Олардың намысына тиген сайын, өзімшіл бай, мақтан құмар шенеуніктер Шашубайға өздерін көтермелете түседі. Сол кездегі Ұлы жүз елінің, оның ішінде Шапырашты, Дулаттың Бақия, Барлыбек тұстас кісілікті жігіттері: Байбұлаң, Баймолда теңдес бай саудагерлері арғыннан келген ақынға қарсы айтыстыратын ақын іздеп, сөз есесін қайтарып арғынның аптыққан бай, асқақтаған қара таяғына (оқығандарына) өздерінше қыр көрсетпекші болады.
Алматы атырабы кісілігімен аты шыққан Шапыраштының бір белді ауылының баласы Мәңке болысқа қатар айтып, сол арқылы Жамбыл мен Шашубайды шайқастырмақ болады. Жамбылдың Алматыға келген хабары болған соң, Байбұлаң: «Тамаша менің үйімде болсын», — деп, сол шақырмақ болады.
«Мен сол жылы 17 жаста едім, Мақыш деген ағам, кәдуелгі батыр Мақыш абақтыға түсіп қалып, соған азық апардым. Бұрын қаланы кермеген және ағаш, балшық үйде болып көрмеген едім. Апарған азығымды абақтының алдынан бердім де, енді кешке қайда барарымды біле алмай, қаланың үйлеріне тамашалап келе жатыр едім, арт жағымнан біреу «Ыбырайым» деді, жалт қарасам, Қисыбай еке, «Мұнда не ғып жүрсің?» — деп сұраған соң жөнімді айттым. «Енді қайда барасың, бүгін менің қасымда бол, атыңнан айрылып қаласың», — деп ертіп жүрді.
Қисыбайдың жатқан үйіне келіп, атымызды қораға байлап, үйге кіргеннен кейін, үй иесі: «Қисеке, сізге бір кісі келіп тұр», — деді. Ол кісі үйге кіріп, Қисыбайға бір хат әкеліп берді. Хатты оқып Қисыбай: «Жарайды», — деп, әлгі үйдің шайына қарамай, шақырған үйге келдік, мені де тастамай ертіп келді. Үй тамаша салынған үй екен. Көктөбел деген, тақтайының бәрі сырлы. Есігінен төріне дейін жайып тастаған кілем, көрпе.
Біз келіп отырған үйде, бізден бұрын үш-төрт жас жігіт отыр екен. Олар Қисыбайға сәлем беріп амандасты. Үстінде ақ шалбар, ақ кемзалы бар, басында қара тақия бар жігіт үлкен сырнайы бар, соны алып құбылып, төңкеріліп отыра алмай отырды.
Желтоқсан іші, күн шыңылтыр еді,
«Мына кісілер тоңып келді, шайды жаса!» —
деп, дөңгелек жер үстелге шай жасалды. Менің екі көзім гармоны бар кісіде отыр. Бұрын гармонды, ондай қыс ішінде аппақ киім киген кісіні, сәнді адамды көрмегем, тіпті есім шығып отырмын. Бір мезгілде сырттан кісілер келіп қалды деп абыржып, көп кісіні үйге кіргізді. Ол кісілер де төрге шықты. Бұл келген кісілердің ішінде Мәңке, Самижан және Жамбыл бар екен, амандасып отырғаннан кейін ол кісілерге де шай әкелді.
Бағанағы гармонды жігіт ойнақтатып гармонды тартып, өлеңді қоя берді.
— Баласы Қошқарбайдың мен Шашубай, Пәндесін артықты кем қылған құдай. Саңлағын Алматының жиып алып, Сыйлады қонақ қылып Байбұлан бай. Шаһарым Троицкі, Қарқаралы, Барады кешкі базар тарқағалы. Бірқатар тосын адам кіріп келді. Уа, шіркін, ішінде бұл адамның Жамбыл бар ма, Сол шіркін кеп отыр ма байқағалы, —
деп гармонымен төңкеріліп, әнін қосқанда, менің есім шығып кеткені сонша, өзім қасына таяу отырған Қисыбайға басымды соғып ала жаздадым. Қисыбай байқап отыр деп түртіп қойды. Осыны бір айтып, әнін төңкерілте бір қайтарып тастап, Жамбылға бір соқтығып, түрткі салып бір етті де, әріптестік сөз барымтасының шекесін бір көрсетіп, Жамбылмен бірге келген кісілерге соқтыға:
— Бір көзі Самижанның қисық екен,
Байбатшаң Мәңкеменен пұшық екен.
Болғанда бірің ойқы, бірің шойқы
Бәрің де бап келісіп отыр екен, —
деп мазақтай бастады.
Төрде отырған Мәңке:
«Жамбыл-ау, мына арғын бізді өлтірді ғой, енді қашан», — дегенде; Жамбыл: «Айта түссін, айтқанымен қайда барар дейсің», — деп шай ішіп отыра береді. Тағы да Шашубай:
«Арқада мен айтамын салдығымды, Мұнда келсем айтамын
Бақия, Барлыбек, Тұрлыбектей хандығымды,
Қалада осы үшеуі аман болса,
Бұзбайды жандаралдар жарлығымды, —
деп гармонын қайта құйқылжытты.
Жамбыл шайын ішіп болып, домбырасын алып кие жөнелді:
«Шашубай, сен бір Арқадан қашып келген жалаң аяқ,
Жел сөзді не қылайын сенен аяп.
Тіліңді аңдап айт та, байқап сөйле,
Тимей ме, бүйте берсең, саған таяқ.
Шашужан, сен Көкшетау,
Қызылжардан келіп жүрсің,
Дидарын жақсылардың көрің жүрсің,
Аузыңда өлең деген мәлегің бар,
Әркімге сөйлеп - сөйлеп беріп жүрсің.
Шашужан, мен алдынан жақсылардың өтуші едім,
Мен дағы қуғаныма жетуші едім.
Ұлына Ұлы жүздің тіл тигізбе,
Жылыңда бір күн көріп кетуші едім.
Шашужан, мақтанбағың, Арқадан мен көрген арғын,
Бұл жерге бай боп жатыр келген арғын,
Келді де Жетісуға байып кетті,
Арқада без таба алмай жүрген арғын.
Шашужан, бастапта Байбұлаң келіп еді,
Мінгесіп қарала атқа,
Қос тігіп Алматы Тастағында үш жыл жатты,
Елімнің кеңшілігін сонан байқа,
Алсын деп тері-терсек аралатты.
Мұнымен Байбұланның тиын жатпай,
Қиқақтап қарала атпен отын сатты.
Жуындыммен бай болған Байбұланың,
Қойшысымен айтысқан байлар құсап,
Айтқаным жақсылығымды жарамас - ты.
Шашужан, мұнда келсе мақтайды Барлыбек, Бақиясын,
Сайлауға шықсаң екі көзің төбеңде ақиясың,
Әсте жоқ мұсылманға жақындығың,
Орыстың баса киіп тақиясын.
Құдайдың өзі патша, өзі құдай,
Бір жерден алар тауып оқиясың
Су орнына ішкенің арақ, боза,
Дозақтың ортасында отырарсың.
Дініңе кесек атқан сұрқиясың», —
дегенде, ішіп, қызып отыр екен, орысша киінген жігіт Жамбылға тұра жүгіріп қона түскені. Мен қайдан білейін, Бақия деді біреу артынан сұрағанымда. Оған Мәңке тұра жүгірді. Шартта-шұрт төбелес болды да қалды. Әлгі жасаулы тұрған шай, үстелі — бәрі тас-талқан болды. Қисыбай жылыстап далаға шықты, мен де ере далаға шықтым. Жанжал басылып, Байбұлаң далаға шығып, Қисыбайды үйге кіргізді. Елді тыныштатып отырғызды. Енді айтыс тоқталды. Гармоны бар кісі, әлгі орысша киінген кісілер, олар басқа үйге барып даурығып жатты. Біз отырып тамақ ішіп, үйге қайттық. Ел тарқарда Байбұлаң келіп: «Бір тамаша істелік деген соң шақырып едім, аяғы ұяттау болып кетті. Ұлы жүздің баласы үй менікі, жол сіздердікі», — деп, Қисыбайдың алдына 40 сом ақша әкеліп қойды. Қисыбай 40 сомның 25 сомын Жамбылға беріп, қалғанын отырған елге үлестірді. Сонда маған 50 тиын ақша берді. Ертеңінде елге қайттым. Осы өлеңді сол айтқаннан ұғып, елге айта келдім», — дейді Ыбырайым Байсімбет баласы.
Ол кісі биыл 58 жаста. Сонда Жамбыл мен Шашубайдың айтысқаны 1904 жылы болғаны дәлелденеді. Мұны бізге Ыбырайым 20 желтоқсан күні 1945 жылы айтты. Үмбетәлі де, Өмірзақ та тап осы Ыбырайым айтқандай қысқа және жыл мөлшерін де осылай айтады. Ал Шашубай айтысының бұрынғы кітаптарда басылып жүргені көп қосылып, аса өзгеріп кеткен және Құлмамбет пен Жамбыл айтысының сөзі осы айтысқа араласқан. Оның үстіне Майкөт ақынның Сарыбай асына келіп қайтқан жолы айтқан өлеңі де Шашубай сөзіне араласып кеткен. Менің байқауымша, мынау адамдардың айтқаны дәл шындық. Өйткені бұлар көзімен көріп, ішінде болған адамдар.
Жамбыл мен Шашубай осы айтыстан кейін өте жақын болып кетеді. Екеуі достасып, Шашубайдың Арқадан ала келген ете соны, жақсы әні, әдемі жыры, Шортанбай ақынның, Дулаттың жырлары болады. Бұл жырлар Жамбылға өте ұнайды. Әсіресе Арқа елі кеңейтіп, әдемілеп айтатын Асанқайғыны жөніндегі әңгімелі жырлар ақын жүрегіне қозғау салғандай, ел мұңының, халық арманының түйіні тәрізді болады. Құтты қоныс іздеген сыршыл, қияли ақын бетін терең сырға аударады. Жамбылдың ертерек ұғып ел айтуынан, Күсеп жырлап кеткен «Өтеген жырын» Асанқайғы сарынына салып жырлауға бейімдейді.
Жамбыл осы Шашубаймен айтысып, оның жырымен, үлгілі ақындардан алған үлгісін өзіне үлгі етіп, ел бас қосқан жердегі Жамбылдың көпшілікке таңдап айтар жыры «Өтеген жыры» болады. «Өтеген жыры» арқылы Жамбыл сол кезде қазақ елінің патша отарына қапталынан ілінген жер - судан ерік кетіп, қонысы тарылған, бастан ықтияр кеткен кезін «Өтеген жыры» арқылы ел көкейіне елеулі із түсіре сипаттайды. Жамбылдың ақындармен кездесіп айтысуы тек елді, руды, өз елінің байын, атқа мінерін мақтаумен ғана аяқталмай, ар жағынан басқа арна табады, ол арнасы ақындық өрісінің соны белеңі, әр саладан келетін халық ақындығының алуан тарауларына танысу болады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі