Қайран тіл, қайран сөз — наданға қадірсіз...
Абай.
Тіл тағдыры — ел тағдыры. Тілімізді сақтау арқылы жерімізді, елдігімізді сақтадық, мың өліп, мың тірілдік. Тіл — халықтың ажары, базары, бағы, төл мәдениеттің жүрегі. Мұны кім-кімде білуі тиіс. Ал менің тәптіштеп жазуымның себебі бар. Жуырда "Алтын орда" газетінде (13.10.2000 ж.) Жұмабай Құлиев: "Болашақ" бағдарламасымен шетелге оқуға жіберілгендердің бір тобы АҚШ-та премьер Қ.Тоқаевпен кездесіп: "Егер Қазақстанда қазақ тілі үстемдік алатын болса, біз Ресейден немесе басқа мемлекеттерден саяси баспана сұраймыз", — депті. Бізді көгертеді деп жүргендердің ойы әлгі. Бара-бара қазақ тілінің халі не болар екен?" деп жазады. Оған жауап берген Иран мәдени орталығының жетекшісі Ислам Жеменей: — Осыған қарап отырып, біз қойнымызда жылан өсіріп жатқандай әсер қалыптасады. Өткен-кеткенді сараптағанда ешбір зайырлы елдің жас ұландары мынадай көргенсіздікке барған емес, — дейді.
Исламның сөзіне қосылмасқа лажымыз жоқ. Әлгі жастар заң қабылданар кезде қазақ тілінің болашағына сенімсіздікпен қарап, оның мемлекеттік мәртебе алуына қарсы шыққан қазақтар сияқты. Қандайма ұқсас десеңізші?!
Жоғарыдағылар сияқты ана тілінен безген мәңгүрттер аяқ астынан пайда бола қалмайды, әртүрлі жағдай өз тілін білмеуге мәжбүр етеді. Оның бірі ата-анасының өз тілін білмеуінен немесе табиғи тілдік ортаның болмауы салдарынан баланың тумысынан ана тілін білмеуі, екіншісі бала кезден білгенінен есейе келе жиренуі (тілдің беделінің құлдырап кетуі, халық арасында болашағы жоқ тіл ретінде пайымдалуы), үшіншісі — тіл саясатының сөз жүзінде ана тілін дамытуды уағыздап, іс жүзінде оны білуге қажетті жағдай туғызбаудың жүйелі сипат алуы, соның негізінде адамның өзінің балаң кезден-ақ ана тілін менсінбеуі, келе-келе иланған нигилист болып қалыптасуы.
Халық пен оның тілі біртұтас. Төл тілінен айырылған халық тұл. Сондықтан ана тілінен өздігінен айырылатын халық болмайды. Әр түрлі жағдайлармен төл тілінен айырылып, өзге тілге телінген, бірақ атын сақтап қалған, тіпті атын да, өзін де жоғалтып, тарихта қалмаған тіл де, халық та аз емес. Бұл — үлкен орны толмас трагедия. Мысалы, латыш тілінің тағдыры тәлкекке түскенде белгілі неміс философы Кант: Латыш өз тілін жоймауы керек. Тілін жойса, ұлттық сипатын, характерін жояды", деуінің бір ұштығы осында жатса керек.
Патшалы Ресейдің орыстандыру саясатын жүргізгені, ана тілінде қарапайым білім алуға жағдай туғызбағаны баршаға аян. Орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялай отырып, өзге ұлттарды өз ана тілінен айыруға әрекет жасады. Мысалы, 1887 ж. "Журнал Министерство народного просвещения" "орыс тілін жазумен бекітсеңіз, оны әбден өңдеп, грамматикалық ережесімен мектепке енгізсеңіз, сол арқылы теңсіздікті жоясыз", — деп бүлк етпестен жазды. Осыдан-ақ "менің сиырым жалап тұрсын, сенің сиырың қарап тұрсынның" кебін көруге болады. Ал халық өз ана тілінде оқығысы келді. Ахмет Байтұрсынов 1914 ж. Думада мектеп мәселелері қаралуға тиіс екендігін айта келіп: "Ана тілімен оқытамыз деген пікір — кім орыстан тегі басқа, тілі басқа жұрттың бәрі қуаттайтын пікір. Ана тілімен оқу бізге де керек екендігінде еш талас болмасқа керек" — дейді (А.Байтұрсынов. "Ақжол", 271-бет).
Кеңес өкіметі билеген ғасырға жуық уақытта қазақ халқы надандық бұлтын түргенмен, оның саны мен ұлттық санасы өскен жоқ Соның басты бір белгісі — қазақ тілінің өркені өсіп, көсегесі көгерген тілге айнала алмауы. Компартияның басшылығымен жүзеге асырылған индустрияландыру, ұжымдастыру, тың игеруге байланысты басқа ұлт өкілдерінің көптеп келуі, шаруашылықтарды ірілендіру желеуімен қазақ мектептерінің жаппай жабылуы, тіліміздің аясын бұзды, жеріміздің солтүстігі мен орталығында, барлық қалаларымызда дерлік қазақтың азшылық болып қалуына әкелді. Бұған "бір тілде сөйлесек, коммунизмге тез барамыз" (Н.Хрущев) деген ұранды қосыңыз. Тіліміздің қолданыстан шығуына осының бәрі зор ықпал етті.
Кеңес өкіметі ыдырап, бұрынғы одақтас республикалар өз алдына мемлекет болып құрылды, сөйтіп қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыру ісі қолға алынды.
Сонымен қатар бұрынғы интернационалдық тәрбиенің орнына жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге негізделген халықтық педагогика ұлттық өмірге немқұрайлы қарайтын кейбір жастардың қазақ халқының рухани, материалдық мәдениетін толық меңгерген, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тәлім-тәрбие қасиеттерін бойына сіңіріп, ұлтын, Отанын, тілін сүйетін азамат болып өсуін қамтамасыз етуі тиіс. Халықтық педагогиканың негізі қалануы үшін оған сай ұлттық сана-сезім керек, ұлттық сана-сезім болған жерде ана тілі де дамиды. Психология ғылымының қазақ тілінде негізін салған ғалым Жүсіпбек Аймауытов "Тәрбиеге жетекші" (1926 ж.) деген еңбегінде: "Ана тілі — халық болып жасалғаннан бергі жан-дүниесінің айнасы: өсіп, өніп, түрлене беретін, мәңгі қурамайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын тұқымнан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы сол халықтың тілі", — деген екен.
Қазан төңкерісінен бұрын ана тілін білмейтін қазақ кездеспеген де шығар. Пәленбай деген қазақ ана тілінде сөйлей алмайды деген мәліметті ешбір әдебиеттен кездестірген емеспіз. Қазақтың ана тілінен айырылуы — қазақ тарихында кеңес үкіметі жағдайында ғана пайда болған соңғы құбылыс. Жас мөлшері бойынша алғанда, республика қазақтары арасында 70-жылдардың соңғы жылында ана тілін жоғалтқандардың басым көпшілігі (58%) 15 жасқа дейінгілердің үлесіне тиеді екен. Демек, бұл жағдай ана тіліне баланы жастан үйрету керек деген сөздің ақиқаттығын дәлелдей түседі. Осы орайда, көрнекті тілші ғалым Ахмет Байтұрсыновтың: "Біз тіліміз бүлінбей сақталуын тілесек, өзгелерше, әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиістіміз", — деген сөзі еске түседі. Өкінішке орай, бодандықтың, құлдық психологияның жемісі болар жастар арасында орысша сөйлеу әлі "модадан" түскен жоқ Әсіресе, облыстық кеден басқармасына, салық комитеті мен полициясына, басқа да заң орындарына барып көріңізші. Қаракөз қыздарыңыз бен ұлдарыңыз шүлдірлеп тұрады. Орысша сөйлегенді біліктілік, өзгеден ерекшелік деп біліп, өзінше дәреже көреді. Шындығында бұл надандық, өзін өзі сыйламаушылық.
Ғалымдардың пайымдауынша, қазақ тілі — ішкі құрылысы жақсы зерттелген, бұрынғы одақтас елдер ішіндегі сөйлеушісінің саны жағынан алғашқы бестікке кіретін, (жер жүзіндегі 5651 тіл арасында 70-ші орында) мемлекеттік қамқорлық болған жағдайда мемлекеттік тіл қызметін абыроймен атқара алатын тіл.
Халықтың келешегі рухани дүниесінің өсуінде, мәдени дамуында екені баршаға мәлім. Ал оның негізі — ана тілінде. Ана тілін білмеу — ананы құрметтемеумен бірдей. Сондықтан да әрбір қазақтың лауазымға, қызметіне, кәсібіне, көзқарасына, жасына, жынысына қарамай қайда жүрсе де, ең басты міндеті — қасиетті тілімізге қызмет ету. Осыны естен шығармайық, ағайын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі