Біз қазақ прозасындағы екі үлкен құбылысқа, өрісі кең екі дәстүрге қысқаша тоқталып өттік. Осы түпкі тамыры бір болғанымен, бір-біріне ұқсамайтын, екеуі халықтың екі түрлі сипатын екі салада жатқан даналығы мен суреткерлігін танытатын әдеби екі құбылысқа пара пар келетін үшінші құбылысты қазіргі қазақ әдебиетінен өз басым атай алмаймын. Әрине, қазіргі әдебиетімізде әр түрлі стильдер бар, дамып, жетіліп келе жатқан жаңа тенденциялар бар. Олардың өмірі әлі алда, олар жайлы сөз де кейінірек болатын шығар.
Бірақ жоғарыда аталған екі шебер қазақ прозасында жалғыз емес-ті. Олармен үзеңгі қағысып, соңынан еріп талай қаламгер келеді. Көптеген көлемді шығармалар жазып, әдебиетіміздегі ізгі еңбек еткен, өз стильдерін кең танытқан Ғ. Мүсрепов, Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов сияқты үлкен жазушыларымыз бар. Бұлардың шығармалары да қазақ прозасының кең арнасына сала-сала боп құйып жатыр.
Сол прозаның өзіндік айрықша бояуын, ерекше стилін танытқан бір саласы — Ғабит Мүсрепов шығармалары. Осы суреткердің де соңғы ірі шығармаларын шегере тұрып, өзіміз сөз етіп отырған дәуірдегі туындыларына тоқтала кетейік.
Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың бас кезіндегі Ғабиттің негізгі шығармалары: «Қос шалқар», «Талпақ танау», «Үздіксіз өсу», «Туннель», «Жеңілген есрафиль», «Бір адым кейін, екі адым ілгері» (бұл повесть кейін «Алғашқы адымдар» деген атпен басылған). «Кек үйдегі көршілер», «Өмір ертегісі» және ана туралы әңгімелер циклі. Бұл аталғандардың дені сол кездегі колхоз өмірінен жазылған.
Отызыншы жылдардың бас кезінде елімізде түбірлі өзгерістер болып жатты. Бұрынғы бытыраңқы, ұсақ шаруашылықты коллективтендіру ісі жүргізілді. Шаруалардың сан ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық негізін өзгерту, сонымен бірге атам заманнан ана сүтімен бойына сіңіп келе жатқан жеке шаруашыл ұғымды зерттеу саяси, экономикалық зор маңызды іс еді. Мұндай үлкен іске қарсылық та көп болды. Осы ұлы өзгеріс М. Шолоховтың «Көтерілген тың» атты ірі шығармасын туғызды. Сонымен бірге Ф. И. Панферовтың «Қайрақ» романы, Твардовскийдің «Жер ұйық» («Страна Муравий») поэмасы осы тақырыпқа арналған совет әдебиетінің көрнекті шығармалары. Сол кезде қазақ әдебиетінде жоғарыда аталғандардай ірі шығармалар жазылмаса да, шебер әңгіме, повестер де, әсіресе Б. Майлин еңбектерінде колхоздастыру дәуірінің көптеген картиналары көрінеді, қазақ жазушысының психологиясындағы өзгерістер аңғарылады. Майлин шығармаларымен қатар шағын көлемде жазылса да әдебиеттік құнын жоғалтпаған, сол дәуірге көркемдік ескерткіш боларлық туындылар да баp. Солардың қатарына Ғабит Мүсіреповтың «Қосшалқар», «Талпақ танау», «Алғашқы адымдар» тағы басқа кейбір әңгімелері кіреді.
Советтік орыс әдебиетінде колхоздастыру кезеңі жан-жақты, кең де, терең суреттеледі. Орыс жазушылары деревнядағы тап тартысын, кулактардың коллективтендіруге жасалған қарсылығымен бірге, шаруаның психологиясындағы ғасырлар бойы қалыптасқан ұсақ меншікшілдік ұғымының өзгеру процестерін де тереңінен суреттеп, олардың саяси өсу жолын әсерлі, айқын көрсете білді. Біздің қазақ әдебиетіндегі колхоз құрылысының алғашқы кезеңіне арналған шығармаларда ауылдағы тап тартысы, колхоз шаруашылығының өсуі сөз болады да жеке шаруа психологиясының өзгеруі қаға беріс қалады. Колхоз құрылысына арналған Ғабит шығармаларында, көркемдік бейнелеудің биігіне көтеріле алмаса да осы соңғы айтылған жағдай сөз болады.
Ғабиттің бұл тақырыпқа жазған шығармаларын екі жүйеге бөлуге болады: бірі — колхоздың алғашқы ұйымдастыру дәуіріне, сондағы тап тартысын, қиыншылықтарды көрсетуге арналған әңгіме, повестер («Қосшалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдар»), екіншісі — колхоз құрылысы ұйымдастыру кезеңінен өтіп, нығайып, қалыпты тұрмысқа көше бастаған кезеңіне арналған («Талпақ танау», «Туннель» т.б.).
«Қосшалқарды» әңгіме дегеннен гөрі көркем очерк деп атаған жөн. Мұнда, оқиғаға қатысушы адам болғанмен, оның қимылы, әрекеті, түйінді оқиғаның төңірегіне жинақталмаған. Кейіпкердің психологиясы, ішкі дүниесі де әңгіме дәрежесінде ашылмаған. Жазушы бұл шығармасында Қазақстанда ең алғаш ұйымдаса бастаған колхоз өмірін суреттейді.
Жазушы Қосшалқардың табиғатын лирикалық сезімге бөлеп өте әсерлі суреттейді, Әңгіменің бас жағында табиғаттың осы тамаша байлығы Қосым байдың меншігінде болғанын, Күсен сияқты кедей сол байдың тепкісін де азап шеккенін суреттейді. Әңгіменің екінші жартысында шүйгін, құнарлы Қосшалқарға колхоз орнап, кешегі кедейлердің енді табиғаттың азабын емес, рақатын көріп отырғаны көркем баяндалады. Жазушы Қазақстанда алғаш ұйымдасқан колхоз өмірін, тартымды, кеңірек суреттейді. Жаңа ауылдың, жаңа тұрмыстың картиналарын жасайды.
Бұл әңгімеде табиғатты суреттеу елеулі орын алады. Табиғат көріністері адамның жан сезімімен, оның көңіл күйімен күйініш, рақатымен астастырыла әсерлі сипатталады.
Жазушының коллективтендіру дәуірін кеңірек суреттеген алғашқы ұзақ әңгімесі «Алғашқы адымдар». Бұл шығармасында ол колхоздастыру кезіндегі ауылдағы тап тартысын: бай-кулактардың колхозға қарсы зиянкестік әрекетін, кедей бұқарасының оларға қарсы күресін суреттейді.
Бұрын рулы елді билеп-төстеп беделін жүргізіп қалған бай Есілбай колхоз құрылысына қарсы үлкен қастық әрекеттер жасайды. Ол колхоз басқармасының председательдігіне өзінің құйыршығы Рамазанды өткізеді. Сол арқылы жаңадан ұйымдасқан тәжірибесіз колхоздың шаруасын шайқап, мал мүлкін талан-таражға салып, әбден титықтатады. Осы әрекетпен еңбекшілерді колхоздан бездірмек болады. Екінші жағынан ол колхозға қарсы астыртын үгіт те жүргізеді. Есілбай — айлалы, әккі, қиын жау. Ол кезде оның жұрт арасындағы ықпалы әлі жойылып болмаған-ды. Көзі қараңғы, саяси сезімі оянбаған шаруалар оның сөзіне құлақ асатын-ды, Есілбай ауыл адамдарына үгіт жүргізудің әдісін де жақсы біледі; Мүләйімсіп, момақан жұртқа жаны ашыр, қайырымды адам көрініп, қараңғы кедейлердің құлағына сіңіп қалған ұғымды сөздермен сөйлейді.
«Мені ағайынына қастық ойлайды деп, құдайдай безген, аруақты аттаған-ақ адам айтар. Ана бірдемені істесе сал, мына бірдемені қайырыса сал. Менікін өзіңдікіндей көр. Аз ғана «Азнабай» желіңе жармасам, ығыңа паналармын. Ағайын, тәтті бол, тату бол. Бірің бас, бірің мойын. Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады. Құлдай қыл, биедей іш. Берген қолым алған дегеннен басқа ағайынға не жазығым бар еді?» Есілбай осылай байлардың атам заманнан кедей ағайынның құлағына құйып келе жатқан екі жүзді сұрқия сөзінен бастап, колхоздан безуге тура үгіт жүргізеді.
Есілбай жалғыз емес. Оның қолында Сүгір молда бар. Ол да халықтың нанымын пайдаланып, жұртты дін жолымен қорқытып, колхоздан үркітпек әрекетін жасайды. Есілбайдың бұлардан басқа да сойыл соғарлары бар. Тап жауларының зиянкестік әрекетіне қарсы Қайыр, Кәрім бастаған колхозшылар күреседі. Әңгімеде біркелкі тәуір шыққан Қайыр образы. Автор сараң суреттесе де, оның ұстамды, салмақты бейнесі, байсалды ақыл-парасаты қиындықтан қорықпайтын табандылығы шығарманың ұзына бойына сезіліп отырады. Кәрім оқиғаның дамуына едәуір араласса да оның образы штрихпен белгіленген. Жазушы оның образын тұтас бейнелемей, жеке-жеке негізгі қасиеттерін қысқа сипаттайды.
Бұл шығармада колхозшылар бейнесі қызық әдіспен суреттелген. Жазушы Жантық, Ақан, Қиналған сияқты жеке колхозшылардың образын қысқа болса да айқын, әсерлі бейнелейді. Бұл өз алдына бір сала. Ал, осылардан басқа дараланып, аты аталмаған көпшілік кітаптың өн бойынан өзін танытып отырады. Жазушы сол бір ұйымдастыру кезеңіндегі колхоз жиналыстарын өте шебер, көркем суреттейді. Осы жиналыстардағы халықтың шынайы қазақ тіліндегі екпінді, өткір сөзінен аты аталмаған әр кейіпкердің характері танылып қалады, сонымен бірге көпшіліктің саяси өсіп келе жатқандығы да айқын танылады.
«Жаңағы жиналыс өте қызу өтті. Колхоз мүшелері сұрау біткенді суырып салып, жүндей түтті. Басқарманың бес мүшесін тулақтай сілікті;
— Басқарма мен деп, бөшкедей гуілдеп ала жаздай шабуылдағанша малды қырып, егінді ұрлап жатқанда, соны неге тоқтатпадың? Өзің көрсең бұрылып кетіп, біз айтсақ құлақ салмадың.
— Жұмыс істемеген адам жоқ. Бәрің де бірдейсіңдер. Колхоз болғасын айырма болмайды. Барды-жоқты бірдей көресіңдер, — дейді.
— Ол, ол болсын, тұқымға алып қалған астығым қайда?»
Осы сияқты репликалар колхозшыларының колхоз шаруасына, көпшілік байлығына шын жаны ашығанын, өз колхозына өздері шын мәніндегі қожа болуға жарап қалғанын танытса, келесі жиналыста олар саяси мәні бар мәселелерді көтеруге жарап қалады:
— Найзаны бойлата, сапыны сағасынан сұғатын жеріміздің бірі — біздің колхоздың «Азнабайлығы», «Жаңа жолдың» көпшілігі жалғыз «Азнабай» руынан. Аласыз «Азнабай» айшықсыз ру бардай-ақ жұбымызды жазбастан, араңызды ажыратпастан жинала қалыппыз.
— Басқа рудан жиырма шақты үй келеміз дегенде: «ойдан-қырдан арық-тұрық жинайтын шамамыз жоқ. Даяр тамаққа ие болғылары келеді ғой... Алмаймыз!» — деп Рамазан мен Жанғали бет бақтырмады.
Осылай колхозшылар колхоз басқарудағы саяси теріс бағыттың бетін ашады. Осы жиналыстардан сол бір кезеңнің қызу атмосферасы айқын сезіледі. Бұл ең қажетті, сол кезге ғана тән детальдерді таңдап ала білген жазушының шеберлігіне байланысты болса керек.
Бұл шығарманың ішінде қысқа да болса айқын, әсерлі суреттелген екі кейіпкер бар.
Ол екеуінің бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсастығы сонша, екеуін типтік бір кейіпкер деп атаған да жөн. Aвтор да екеуін қосақтап суреттейді:
Қиналған мен Ақан колхоз ішіндегі екі «момыны», екі «аңсағы», екі «соқыры», екі «жаманы». Қиналған мен Ақан колхоз ішіндегі, жұмсай білсең істей беретін, ыңқ деп тіл қатпайтын, өздері онша ойлап жатпайтын, тапсырғаннан беті қайтпайтын, орысша «ноны» білмейтін, қазақша қара танымайтын, жұмыстан күш сарықпайтын, айтқанға көне беретін, жоспарды артығымен орындайтын, кәдуілгі «дұрыс келген ырыс келді».
Ең мықты дәлелі қоруыш болуға жарамағасын Ақан әуелі бір тон, оның сыртынан бір күпі, оның сыртынан бір шекпен киіп, бәрінің төбесінен сеңсең тымақпен бір бастырып, белін қайыс белбеумен сірестіріп тұрып тартты да, қорбаңдап күзетке жөнелді. Бұл күйінде Ақанға етек Сібір түгіл орта Сібір, арғы Сібір, одан арғы Сібірдің бәрінің суығы жабылса да мұртын қисайта алатын емес еді. Тек , жалғыз бір кішкене қауіп жазатайым болып, Ақан тайып жығылса, өз бетімен орнынан тұрып кетуі екі талай еді...».
Айқын бояулы азғантай сөзбен автор бұл екеуінің суретін айнытпай түсірген. Бұлар сол кездегі өмірдің қалың ортасынан тірі қалпында «сөлі сорғалатып» алынған кейіпкерлер. Осы Ақан қиналған сияқты әркімнің жүндеуіне көнгіш «жамандар» ертеде қазақтың әр аулында болды. Олар көнбіс те, жуас та, еңбекке де мықты. Осылай типтес еңбекші жандарды қажырсыздығына жоқшылығы, жалғасып әлсіретіп, оның дәл үстіне күштілердің тепкісі әбден жаныштап тастаған-ды.
Осылар сияқты меңіреу өмірден кещеленіп, есеңгіреп қалғандардың адамдық сезімін, санасын Совет өкіметі оятты. Ғабит Ақан мен Қиналғанның адамдық сезімінің оянуын шебер суреттейді. Бірте-бірте колхоз өміріне өздерінің де қожа екенін сезіп, төңірегіндегі өздері сияқты колхозшыларды көріп олар да өмірге саналы түрде араласа бастайды.
Ғабиттің колхоз тақырыбына жазған көрнекі әңгімесінің бірі «Талпақ танау». Жазушы бұл әңгімесінде колхоз тұрмысына енген жаңалықты, сонымен бірге шаруалардың психологиясына енген өзгерістерді жақсы аңғартады. Мешеу қалған қазақ шаруалары колхоз болған соң олардың шаруашылықтарына да жаңалықтар еніп, биік сатыға көтерілмек. Шаруасы көтерілумен бірге шаруаның дүние тануы, түсінігі, ұғымы кеңіп, мәдениеті арта бермек. Бұрын төрт түліктен басқа мал бағып көрмеген «Жаңа жол» колхозына бесінші түлік болып шошқа келеді. Ислам діні «харам» санап, халықты әбден жирендіріп қойған мал оның өзі. Шошқаны тіпті харамның ішіндегі харамы санайтын. Міне, сондықтан шаруашылыққа шошқа түлігін енгізу — шаруалардың санасындағы ескі, діни ұғымды жою процесіне айналады. Ауылға әкелген шошқаларды жұрт ұнатпай, қатты тосырқап, кемсіте кекетіп қарсы алады.
— Мүмкін, мал шығар...
— Орыстар мал деп асырайды ғой, әйтеуір...
— Аузы малға ұқсамайды-ақ...
— Жоқ, тұяғы айыр, қойға ұқсайды.
— Тек қойға теңемеші кәпірді...
— Үніне болайын жануардың!..
— Үні жаман болатыны — мойны қысқа...
— Кеңсірігі де келісіп тұрған жоқ. Үн кеңсіріктен келеді ғой...
Бұл шынында дін арқылы халықтың зердесіне терең ұялаған ұғым. Біраз уақытқа дейін ауылдағы алдыңғы қатарлы саналы адам колхоз председателі Сәденнің өзі де: «Әй арам шығарсың-ау, антұрған», — деп қатты қобалжып жүреді.
Әңгімеде жазушы алып отырған тақырыбына байланысты адам образын кейіпкерлерін бастан-аяқ мінездеп, суреттемейді, штрихпен береді. Әңгімеге аты аталып араласатын, характерлерінің негізгі белгілері салынған Сәден, Есендермен қатар әңгімеге аттары атаусыз көпшілік араласып отырады. Тосын, жат нәрсеге көпшіліктің реакциясы анық беріледі. Сол көптің көзқарасының өзгеруін, өз бойларындағы ескілікті жеңе бастауын жазушы әсіресе дәл, шын мағынасындағы көркем репликалар арқылы өте шебер береді.
Мүсреповтің колхоздастыру дәуіріне арналған шығармаларының таңдаулылары осы күнге дейін құнын жоғалтқан жоқ, әлі де жоғалтпақ емес. Бұл шығармаларда шалалықтар, кемшіліктер де бар. Бірақ осы еңбектері арқылы жазушы қазір өзгеріп кеткен, ұмыт бола бастаған заман суреттерін, ауыл келбетін, жеке характерлерді, аз да болса уақыт типтерін, сол бір кездің атмосферасын жанды тірі қалпында көркем әдебиет шежіресіне түсіріп қал дырды.
1934 жылы Ғабит ана туралы бірнеше әңгіме жазады. Осы циклге М. Горькийдің «Адамның тууы» әңгімесін, «Италия ертектерінен» екі аңызды аударып қосты. Жазушы қазақ тұрмысынан ана туралы жазған әңгімелерінде Горькийге тура еліктеді. Ұлы жазушының ертеректегі романтизміне еліктеді. Ана туралы үш әңгімесі («Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы») Горькийдің Италия ертектеріндегі аңыздардың және де кейбір әңгімелерінің ізімен шыққан. Бұл шығармалар қазақ жазба әдебиетінің жас кезінде, әлі де еліктеу мен үйренуді ажырата алмай тұрғанда туған. Сондықтан жазушы Горький дәстүрін жаңаша, өзінше дамытып алып кете алмай, алып таланттың көлеңкесінде қалып қойған. Жазушы 1934 жылы шыққан ана туралы алғашқы кітабында Максим Горький кітаптарынан күшті адамның образдарын тапқанын, өзінің де күшті адам бейнесін жасауға талпынатынын айтады. Бірақ жазушы Горькийдің күшті адамды өмірдің қалың ортасынан алып, оны реалистік характерімен, реалистік ортада суреттегенін жете аңғармаған. Ол өз кейіпкерлеріне реалистік характер, реалистік орта, нақтылы жағдай жасап беруден гөрі жалаң, асқақ романтикаға көбірек ұрынады. Ана туралы әңгімелердің ішінде заман бейнесін, шындығын, сол суреттеген дәуіріне сай адам характерлерін, олардың қарым-қатынасын шыншыл да, әсерлі де суреттеген, реалистік өмір шындығын романтикаға орынды ұластырған шығармасы «Ананың анасы» атты әңгімесі.
Бұл әңгімелер кезінде табысты болды. Әдебиетіміздің де, оқушыларымыздың да жас шағында өз міндетін атқарды. Бірақ бұл әрине, талантты, алымды жазушының биігі болып қала алмады. Бұл циклге соғыс кезінде жазылып қосылған екі әңгіме «Ер ана», «Ақлима» өзгеше өрісті танытады. Бұл екеуінде нақтылы мекені, уақыты белгілі реалистік өмір бар, кәдімгі өзіміз көріп жүрген совет адамдары бар. Бұлардағы өмір шындығы романтикаға ұнасымды, табиғи түрде келісті ұласқан.
Ғабит негізінде шебер әңгімеші. Ол әңгіменің бас-аяғын шығартпай, нақтылы бір идеяның төңірегінде жинақы оқиғаға құрып, сурет пен бояуды әңгіменің көлеміне,лайықтап шым-шымдап, шебер, дәл пайдаланады. Қысқа репликамен; ұтымды сөзбен характерді ашып кетеді.
Жазушы әңгімелер, шағын повестер жазу арқылы өз шеберлігін шыңдап, үлкен жанрға дайындалады. Көп оқиды, көп ізденеді. Оның осы алғашқы әңгімелерінен-ақ драмалық таланттың нышаны сезіледі. Ол ең алдымен диалогқа шебер. Бұл драматург үшін ең керекті қасиеттің бірі. Қай әңгімесінде болмасын Ғабит кейіпкердің аузына салған аз сөзімен оның мінезін аңғартады. Бұған жоғарыда біз «Алғашқы адымдар» мен «Талпақ танаудан» келтірген мысалдар куә бола алады. Тіпті мынандай бір аты жоқ кейіпкерлердің сөзін алайық:
— Көтек... Көргенде қайтсын... Өздері де қорыққан білем... Не екенін біз қайдан білейік... Бізден сұрайды ғой... О несі екен...
— Өй албастының әуейі басқыр, мегежіндер-ай!.. Жидіп естігендерін айта алмай тұрғандарын... Ат не қылыпты? Кісінеп пе? Оқыранып па? Әлгі бастың көзі бар ма екен? Құлағы ше?
Міне, осы екі әйелдің репликасы екі түрлі характерді аңғартып, пьесаға салса жайнап кетейін деп-ақ тұр. Бұл сөз жоқ драмалық таланттың белгісі еді.
Екіншіден Ғабит әңгімелерін қызу, қимылы көп оқиғаға драмалық сюжетке құрып, шиеленістіріп әкете біледі. Мысалы, «Ашынған ана», «Ананың анасы» сияқты әңгімелерінде драмалық тартыс басым. Ал, «Алғашқы адымдар» атты ұзақ әңгімесінің кейбір тараулары сахналық көрініске жақын. Мұнда жазушы кей кезде авторлық баяндауды қоя тұрып, оқиғаны, тартысты кейіпкерлердің диалогтары арқылы жүргізіп жібереді. Міне, бұл жайттар бір жағынан жазушының прозалық талантымен қоса драматургиялық талантын аңғартса, екінші жағынан оның жаңа жанрға келу жолындағы дайындығы сияқты көрінеді. Әрине, жазушы драматургияға келу үшін көп ізденді, көп оқыды. Әсіресе Шекспир, Шиллерден көбірек үйренгені байқалады.
1955
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі