Белгілі қазақ жазушысы Ә. Нұрпеисовтың 1960 ж. шыққан «Қан мен тер» романының бірінші кітабы қазақ прозасында елеулі оқиға болды. Онда автор біздің прозадағы «өсу ауруының» көп кеселдерінен өте сәтті құтылған, примитивтік-туралықтан, қозғалып кетсе сықыр ете қалатын ағаш-қимылдылықтан, қолмен қойғандай жасандылықтан арылған. Ол Октябрь алдындағы халық өмірінің қанық бояулы картинасын, шын мәніндегі халықтық характерлерді ашып бере алған.
Романның бірінші кітабы сияқты, екінші кітабы да көлем жағынан шағын, мұнда бірінші, екінші деп бөлудің өзі шартты түрде ғана, ал негізінен, бұл екі кітап — бір кітаптың екі бөлімі тәріздес. Демек, бұл екі кітапты бөліп қарау өте қиын.
Бірінші кітапта басталған тіршілік екіншісінде одан әрі дамып, характерлер, іс-қимылдар жаңа өpic ап, үстемелене, өрши түседі. Жаңа кейіпкерлердің қатысуымен жаңа конфликтілер ширыға береді. Екінші кітап оқиғасы февраль революциясынан кейінгі кезде өтеді. Автор қазақ балықшыларының тұрмыс-тірлігін, патриархалдық ауыл көрінісін, жаңа пайда бола бастаған темір жол жұмысшыларының өмірімен жарыстыра, салыстыра тәптіштеп тұрып суреттейді. Сырттай қарағанда патриархалдық ауыл өмірі қатып қалған, қимылсыз, өлі дүние секілденгенмен, тіптен онда да бір жанды әрекет, бүтін бұлқыныс бары аңғарылады. Тыныштық — дауыл алдындағы тыныштың екенін сезіну бар. Майданға, қара жұмысқа алынған азаматтардың алды келе бастайды. Олар өздерінің оралуымен ауылдарына қуаныш қана емес, мол күдік, реніш әкеледі. Ал, далада күшті феодал Тәңірберген өз үстемдігін баяғысынша жүргізіп тұр. Тәңірберген Құнанбай («Абай жолы») мұрагері болғанмен, екі шонжар арасында елу жыл өтсе де, қазақ ауылы баяғысынша түтіндеп жатса да, бұл басқа формацияның, басқа уақыттың адамы екені ашыла түседі. Қауіп-қатерді қазақ балықшыларынан көрген айлакер қу Тәңірберген қазақтың ғасырлар бойы қалып алған әдет-ғұрпын, рулық философиясын ақылды пайдалану арқылы олардың таптық лагерін ойран жасайды. Оның үстіне Тәңірберген даладағы жалғыз жембасар емес, оған көмекке Ебейсін, Темірке секілді, басты рольден үміткер, жаңа адамдар, сауда буржуазиясының өкілдері шығады. Қарапайым қазақтар әлі де рулық принциптен шыға алмағанымен, барған сайын патриархалдық белгілерін жоғалта береді. Ру ноқтасын сыпырған кедей-кепшік бұрын өздері безген балықшы қауымға қайтадан іш тартады. Олардың арасынан тұрмыстық теңсіздікке қарсы булыққан үн бұрынғыдан бетер естіле бастайды. Олар тек бірлік, ауызбірлік арқылы ғана бірдеңеге қол жеткізуге болатынын ұғады.
Даланың шағын қалаларында депо жұмысшылары мен тұрғын жұрттың басын біріктіретін революциялық ұйымдар іске кіріседі.
Роман кейіпкері Еламан «соқтықпалы, соқпақты» жолмен революцияға келеді. Ол ерлікті стихиялы түрде бастайды. Тентектігі темірдей тегеуірінді болғанымен Еламан жалғыз еді. Әділетсіздікке қарсы күресте, қараңғыда адасқан кісідей, соқыр, сүріншек. Егер бірінші кітапта ол, соқыр сеніммен болса да, батыл қимылдаса, екінші кітапта айналасына мән бере, ой жүгірте қарай бастайды. Қысқасы, бұл бірінші кітаптан бізге таныс Еламан емес, бүтіндей басқа адам, әділетсізді бір қойып өлтіріп (балықшыларды ұйымдастырып, болысты өлтіреді), бәрін оқсаттым деп мұртын шиырып отыратын Еламан жоқ. Ол соғыста болады, көпті көреді, барлық жерде қарапайым халықтың хәлі нашар екеніне көз жеткізеді. Енді ол теңсіздікке қарсы қалай күресу жайын толғап азапқа түседі.
Еламанның қараңғы миына жарық сәулеге шығар жалғыз аяқ жолды сипалап жүріп табу оңай іс емес-ті.
Романның әлеуметтік фоны осы. Автор мұның бәрін баяндап жатпайды, іс-әрекет, тірлік ағысы арқылы адалап, суреттеп көрсетеді. Жазушы халық өмірінің картинасын безендіріп отырып, характерлер қақтығысы арқылы оқушыны өмірдің өзіне, шынында, бір «өзгеріс керек екен» деген шешімге әкеледі. Кейде осы романның әр эпизоды: «бұлай өмір сүруге болмайды» деп жар салып тұрғандай болады. Сонымен кітаптың басты идеясы, әрбір жақсы кітап сияқты, оның негізгі дәні, арқауы болады.
Романда кейіпкер көп-ақ, бірақ олардың бәрі кітапты персонаждармен қалыңдату емес; мұнда артық адам жоқ.
Сол адамдар арқылы халық тірлігінің тұтас полотносы жасалады. Әр адамның өзіне тән мінез-құлығы бар деуге болады. Қатал, кесек, шақпа тілді, қыңыр Сүйеу қарт немесе, үлкен кісілік қайырымы бар, халық даналығымен суарылған Есбол, үнемі қырсығы арылмайтын, кез келген істе дәрменсіз, бірақ тілге тапқыр, өзінің қырсыз, берекесіздігін әйелінен көретін судыр Ахмет. Үш шал үш бөлек характер. Әрқайсысы өз бояуымен, өз түсімен көрінеді. Романның басқа да көп кейіпкерлері сықылды, бұл шалдар шын мәніндегі ұлт адамдары, патриархалды қазақ аулынан басқа жерден таптырмайтын адамдар. Тіпті судыр Ахметтің өзін алайықшы. Оның романдағы орнына қарағанда Щукарь атаймен әлдеқандай бір ұқсастық табуы тиіс еді. Ал, олардың екеуі екі ұлт екенін былай қойғанда, екеуі бүтіндей екі адам.
Судыр Ахмет бойындағы сипат көшпелі елдің аяғына оралғы болған кертартпа, кежір мінездердің жиынтығы. Кітаптағы адам мінездері, біріншіден, жеріне жете жасалғандығында емес, жаңалығымен, ешкімге ұқсамайтындығымен де әдемі. Кітап өте шыншыл, жалған «жаңашылдықтан» аулақ. Кейіпкерлер табиғатында психологиялық пісу, ширығу сәттері аз емес. Әсіресе Ақбаланың Тәңірберген үйінен қуылуы, оның бірінші күйеуі Еламанмен кездесу тұсы, Өтәлінің туған анасы Ақбаланы күндесі сабап жатқанда болыса алмаған дәрменсіздігі ерекше шабытпен, қуатпен суреттеледі. Жазушы кейіпкерлер табиғатын олардың іс-қимылы үстінде танытумен қатар, бүкіл болмысын, ішкі толғаныс-тебіренісін ізінен қалмай еріп отырып, қадағалап жазады.
Роман тілі бай, құнарлы. Адамдары сол ортаның, сол дәуірдің тілімен ғана сөйлейді. Әуезовтен кейін мұндай деңгейге жеткен қаламгер кемде-кем.
Тағы бір жағдайға көңіл аударған жөн-ау деймін: Мұхтар Әуезовтің соншалық көркемдік құдіретпен өмірлік философиялық тереңдікпен жазылған, рулық-патриархалдық қазақ тіршілігін қазып берген «Абай жолы» эпопеясы шыққаннан кейін бұл тақырыпқа жаңадан шығарма жазу — өте қиын секілді емес пе. Бұл кітаптардың арасында пәлендей ұзақ уақыт жоқ қой? Оған қоса, Әуезов суреттеген кездегі қазақ тіршілігінде ғасырлар бойы қалыптасып қалған тұрмыс, салт, сана Нұрпеисов көрсеткен уақытқа дейін өзгеріп үлгерген жоқ. Демек, бұл Әуезовті қайталау, линзаның екінші бір қырынан көргенді көшіру емес пе?
Мұндай ой, әрине, жазушыны, қауіптендірмей қойған жоқ. Бірақ Нұрпеисов сол қауіптен құтыла білген. Ол жаңа характерлер, бұрын ешкім байқамаған, танымал болмаған образдар жасап отыр. Әуезовтен «қашып құтылу» үшін мұның өзі де жеткіліксіз болған болар еді. Нұрпеисов рулық-патриархалдық қазақ тұрмысына бүтіндей басқаша қырынан, өзгеше тұрғыдан келеді. Ол ру таласы, ел арасының дау-шарынан гөрі патриархалдық қоғамның бірінші ұйтқысы патриархалдық семьяға көбірек үңіледі. Семья, үйшілік трагедияны, әйелдер арасындағы күндестікті, олардың бір-біріне деген жабайы өшпенділіктерін керемет күшпен, үлкен отпен суреттейді.
Екінші кітаптың шеңберіне Төлеудің үй іші кіреді. Бұл семьядан, айнадағы сықылды, патриархалдық қазақ қауымы айқын көрінеді. Бір кездегі байлық, үстемдікке үйренген, кейін осының екеуінен де айрылған, бірақ көкірегін сақтап қалған ана, Төлеудің өзі, кедейленген тіршілікке икемсіз бай баласы, байдың екі әйелі — Кенжекей мен Балжан қарама-қарсы характерлер. Байдың інісі Тұмайқұлақ... Бүкіл жаманшылықтың айуандық қасиеттерін бойына түгел жиған, жауыздықтың жалаң қылышы. Оның қарындасы жас Айғайша сұлу өмірге құштар, феодалдық, сенімнен шығуға батыл бет қойған жан. Төлеудің Кенжекей бәйбішеден туған ұлы Өтеу сезімтал, қайырымды, бірақ жаны жаралы адам. Бұл жай, қарапайым семья, түрлі характерлі адамдардың жиынтығы емес. Бұл бірақ бәрінен шаңырақ намысын артық көретін қазақтың ескі феодалдық семьясы емес. Сырттай, қарағанда бүп-бүтін көрінгенімен, іштей екі жік, екі лагерьге бөлінген бір ұя. Бірі-біріне жау екі топқа бірте-бірте айналып бара жатқан екі өмір.
Әдетте біздің ұлт жазушыларынан басқасынан бұрын ұлттық бояу, түр, этнографиялық өзгешеліктер іздейді. Тіпті бізде, әдебиетте қалыптасқан шығыстық мінездер бар, олар қатаң, қыңыр, бірбет, бірақ аң көңіл аңқау, сенгіш келеді. Мақал-мәтелді боратып айтатын ақылды шалдар. Өз басым мұндайларға сенбеймін. Өйткені шын адамдық қасиет барлық халыққа ортақ.
Ә. Нұрпеисов романында ұлттық бояу, жарқын түр, түс жетерлік. Бірақ бұл мен жоғарыда айтып өткеннен басқа. Нұрпеисовте дайын тұрған, бұрыннан белгілі, солай болуға тиіс делінетін шығыс типтері жоқ. Жазушыны алдымен адам тағдыры, өз халқының тағдыры толғантады. Ол өз кейіпкерлерінен тек қана адамшылық қасиеттер іздейді, ал ұлттық түр сол ортаны суреттеу үстінде өзінен-өзі жарасып шығып жатады. Сондықтан да оның кейіпкерлерінің үстінен дала гүлінің иісі шығады.
1964
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі