Өлең, жыр, ақындар

Арналы ақын

Поэзия мен музыканың сиқырлы сырын бөгде сөзбен айтын жеткізу дүниедегі ең қиын нәрсе болар. Өйткені, адам баласының осы озық екі өнері оқушысы мен тыңдаушысына өз сырын өзі паш етеді. Сондықтан да өлең сиқыры дарыған шынайы ақын жайлы сөз айту ауыр міндет. Шын поэзияның қат-қабаты қалың, сан қырлы әсері бар, көңіліңді баурап алатын сиқыры да құбылмалы.

Кейде бір өлеңнен шадыман шат көңіл де, қапалы қам көңіл де керегін тауып тебіренеді. Өлең атты сырын ішіне бүккен асыл тасқа әркім өз көкірегіндегі сезім сәулесін, парасат сәулесін түсіріп кереді, сол сәулесінің күші мен нұрына орай түсініп те көреді. Бірақ өлең тереңінде біз аңғармаған, ұрпақ ұғынар қат-қабаттар қалады. Бұл неткен сиқыр? Бұл сиқырды біз ашып болғанымыз жоқ. Соны түбіне жетіп аша алмағанымыздың өзі абзал. Өйткені, біз аңғармаған тағы да бір сыры қалмаса, тереңінде біз жетпеген тағы да бір қабаты болмаса — поэзияның таусылғаны.

Сиқырлы ақын, сыры терең ақын Хамит Ерғалиев туралы сөзді қиналып бастауым да содан. Ақын алпысқа келіпті. Инемен құдық қазғандай, өнер жолына қырық жыл өмірін беріпті, Осы қырық жылға көз жүгіртіп көрсеңіз, адамның рухани өмірі мен өнер өмірінің не бір ғажайыптары көз алдыңызға елестер еді. Ол қуаныш пен күйінішке, қажымас еңбекке толы өмір. Ақын өмірінің, алғашқы кезеңіне көз салсақ, он жылға жуық уақыты ізденіске кетіпті. Ол қаламынан шыққан тұңғыш ұйқастарды газет-журналдарға, баспаға ала жүгірмепті. Мыңдаған жол өлеңінен іріктеп-іріктеп, ондаған жолдарын ғана жариялапты. Бұл жас талапкерде сирек кездесетін, кейінгілерге үлгі-өнеге болатын қатал талғампаздық. Сонымен бірге Хамит Ерғалиевтің поэзиядағы алғашқы он жылдығын үлкен таланттың булығу тұсы деп айтуға болар еді.

Содан да болар, сол булыққан зор дауыс бірден ашылды. Оны ашқан халық басына түскен ұлы сын — кешегі Ұлы Отан соғысы. Бұрынғы тарих арқалап көрмеген салмағы бар, қасіреті мен жеңіс қуанышы аралас ұлы оқиға елді де есейтті, жырды да есейтті.

Ұлы жеңістен кейін қазақтың жарқырап айтылған өлең жәрмеңкесінен орын тауып, көзге түсу қандай талантқа да оңай соқпайтын. Осындай үлкен думанда қазақ поэзиясына бірден келген Хамит Ерғалиевтің даусы құлаққа ерен естілді. Бір қызық жағдай, бұрын қаға берісте сирек жарияланған Хамит өлеңдерінен хабары аз қауымға ақынның алғаш шыққан «Әке сыры» поэмасы тосын және керемет әсер етті.

«Әке сыры» поэмасында сол кездегі қазақ поэмаларына тән дағдылы сюжет, қаһарман кейіпкер жоқ. Қазақ поэмасына лирикалық герой, үлкен лирикалық герой басты кейіпкер болып енді. Мұнда жалынды публицистика, философиялық ой толғау, нәзік психологиялық тебіреністер жымдасып, бір арнаға тоғысқан.

Ақынның бастапқы он жылдық еңбегінің електен өткен асылы, сомдалып сығымдалған құрышы сияқты «Әке сыры» поэмасынан кейін Хамит Ерғалиев жаңаша бір қырынан жарқ етіп, оқушысын тағы бір таңырқатты. Жаңа ғана тапқан жақсы арнасын жалғай берудің орнына өзгеше бір өлең өзегін қазуға кірісіпті. Ол «Үлкен жолдың үстінде» поэмасы болатын. Мұнда да ол өзін тудырған қазақтың өлең топырағынан ойқастап шығып кетпейді. Бірақ сол өлеңнің жаңа мүмкіндігін ашып, өрісін кеңітеді.

«Үлкен жолдың үстінде» — сырт көзге жұпыны, дәстүрлі дүние сияқты. Кәдімгі сюжетті поэма. Оқушы оны сүйсініп жұтып қояды да, ішінде не жаңалығы барын аңғармай да қалады. Ал ойлана қарасаң, осы поэма қазақ өлеңіне тағы бір тыныс ашқанына көзің жетеді. Қарапайым күнделікті тіршілік, прозалық құбылыстар өлең тіліне, әсіресе, поэма жанрына іліге бермейтін. Хамит осы прозалық нәрселерді поэзия тіліне аударды. Сөйтіп, қазақ өлеңінің өлеңдік қасиетін жоғалтпай — тіпті прозаның ауыр жүгін арқалап кете алатынын, сол кезде романтика мен биік пафостан төмендей алмай жүгірген поэзияның реалистік, суреткерлік қауқарының молдығын танытты.

Ақын бұл поэмада проза қоймасынан көп реалистік суреттеу құралын алып, поэзияға түсірді. Кейіпкердің мінез-құлқын ашатын сөз саптасы — диалогтық не бір ойнақы тілі табылып, үлкен поэмаға — прозадағыдай тең праволы суреттеу құралы болып кіргені де — осыдан басталғанын ұмытпауымыз керек.

Хамит Ерғалиев қазақ поэзиясына — жаңа заманның, бүгінгі күннің жыршысы болып келді. Ол өткен кездің батырлары мен ғашықтарын емес, біздің замандастарымызды, күнде көріп көзіміз үйренген, кәдімгі қарапайым адамдарды жырлады. Ақынның кейіпкерлері сапына колхозшыдан бастап, мелиоратор, механизатор, экскаваторшы, әр саладағы инженерлер сияқты «өлеңге илікпейтін» мамандықтың адамдары қосылды. Шынын айту керек, біздің поэзия мұндай мамандық иелерінің күнделік тіршілігіне кіре алмай көбіне сыртынан мадақтайтын. Олардың іс-қимылына ескі поэтикалық арсеналдан балама,теңеу іздейтін.

Хамит Ерғалиев жаңа арнаның жүлгесін бірден тапты да жаңа заманды, мезгілді өз тілімен сөйлетті. Қазақ өлеңінің қасиетін мықтап сақтай отырып, ол дағдылы суреттеу, толғау, баяндау тәсілдерін өзгертіп, өзгеше ұтымды да әсерлі жол тапты.

Қырқыншы жыл. «Май»
колхозы қой бағып,
Колхозшы әйел құрт
қайнатты от жағып
Түсте Нарын жиегінде,
үйлердің
Шатырларын тұрды аңызақ
жел қағып.
Қой шетінде таң атқанша
әндеткен
Шопандарға қарап өтті
ай көктен.
Етікші мен ұстаның да
үйі ояу
Түнде май шам сығалады
әйнектен
Күнде ауылдың көріп
мұндай мол нанын,
Тіршілігін, ел әдетін, ел заңын.
Былтырғыдай жіптен жиі секірмей
Осы арада өсті биыл
Гүлжаным.

«Біздің ауылдың қызы» атты белгілі дастанның осы алғашқы қарапайым, ойнақы жолдары да ішіне көп сырды бүгіп тұр. Осы аз ғана жолдың ішінде пейзаж да, көңіл күйі де, мезгіл суреті де, сол кездегі колхозды елдің тұрмыс-халі — баршасы мөлдіреп тұр.

Бұл жаңа заманға, жаңа тақырыпқа орай заман талап еткен қазақ өлеңінің жаңа тілі, қазақ поэзиясының жаңаша суреттеу тәсілі еді.

«Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің» атты көлемді поэмаларында ақын біздің замандастарымыздың тамаша образдарының үлкен галереясын жасады. Есболат пен Попов («Үлкен жолдың үстінде»), Гүлжан мен Көшек («Біздің ауылдың қызы»), Шапай мен Айболов («Сенің өзенің») қазір оқушыларға етене жақын болып кеткен, бейне бір прозалық үлкен шығармадағыдай жан-жақты, мінез-құлқы дараланған, сырт пішіндері де көз алдында тұратын толыққанды образдар.

Қазақ поэзиясындағы эпикалық жанрға мықтап құлаған ақын өзінің кең құлашты, үлкен арналы туындысы — «Құрманғазыны», оған жалғастыра «Күй дастан» поэмаларын жазып қазақ өмірі мен өнерінің кешегісі мен бүгінгісін жалғастырын, эпикалық ірі дүние берді. «Құрманғазы» поэмасында автор өлеңнің мүмкіндік арнасын кеңейтіп, он тоғызыншы ғасырдағы қазақ өмірін жан-жақты көрсетеді.

«Күй дастан» поэмасын «Құрманғазының» заңды жалғасы дер едім. Ақынның жемісті ізденісінің нәтижесінде поэмада үлкен өнер иесі, композитор Ахмет Жұбановтың сом бейнесі жасалған. Сөйтіп, екі дастан табиғи астасып, халқымыздың әріден беріге Жалғасқан өнер жолын, рухани ізденістері мен күйзеліс-тебіреністерін жырлайтын шын мәніндегі эпикалық кесек туындыға айналды.

Хамит Ерғалиев ақындық диапазоны да, тақырып шеңбері де кең суреткер. Оның шығармаларында интернационалдық сарыны үзіліп көрген емес. Атақты Чапаевқа арналған «Оралдағы отты түн» поэмасы мен Тарас Шевченконың Маңғыстаудағы өмірі жайлы толғауын бөліп айтпағанның өзінде, интернационалдық рух ақынның барлық шығармасынан есіп тұрады.

Ақын диапазонының кеңдігі жайлы айтқанда, оның эпикалық құлашы мен поэтикалық арсеналының байлығын айтамыз. Ол жалынды публицистикаға да, эпикалық баяндауға да, реалистік штрих пен деталға да, нәзік лиризм мен жылы юморға да бірдей шебер екенін дәлелдей берді. Бірақ, осыншама әр қилы қасиеттердің бәрінің де басын қоса отыра X. Ерғалиев әрқашан ешкімге де ұқсамайтын өзіндік дара сипатымен көрініп келеді. Ол қазақ өлеңіне қиыннан қиысқан күрделі ұйқас пен соны тіркестерді әкелді. Оның өзі қазақ өлеңінің мүмкіндігін молайтып, тынысын кеңейткен жақсы жаңалық болып шықты.

Хамит Ерғалиев әлі күнге тынымсыз ізденісін бір сәтке үзіп көрген емес. Оның қай шығармасын оқысаң да, әбден аққаптал болып алған салқын қанды шебердің сабырлылығын емес, жаңаға талпынып, соныға бой ұрған жалынды жасқа тән албырттыққа жолығасыз. Бұған соңғы кезде ғана жазылған «Қыз қиссасы» мен «Қаһарман туралы хикаясы» куә.

Ақын әдебиеттегі қиын да күрделі барлаушылық қызметті таңдап алды. Бұл жолда табатының да, жоғалтатының да, сүйінішің де, күйінішің де аз болмайды. Хамит Ерғалиев та — қиын жолмен қияға өрмелеген. Дау-дамайды да аз көрген жоқ. Алайда ол алпысқа келсе де, ақынға тән албырттығынан, жаңалық құмарлығынан, қиынға құштарлығынан айырылған емес.

Ақынның көптен жазып келе жатқан «Жылдар, жылдар» дастанын да оқушы қауым зор қуанышпен қарсы алып, ой жүгіртіп, кешегі мен бүгінгісін тоқайластыра толғанып, тебірене оқиды. Бұл ақынның өзі мен өз дәуірі туралы ой толғанысы болмақшы. Автор — Октябрьдің құрдасы. Ол өткен оқиғалардың әншейін куәгері ғана емес, біздің тамаша дәуіріміздің барлық қуаныш-сүйінішіне шын жүрегімен қуанып, шын жүрегімен тебіренген күрескер қайраткері.

1976


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз