Өлең, жыр, ақындар

Бүгіннен ертеңге

Республика жас жазушыларының бұл мәслихаты совет халқы өмірінде тарихи оқиға болған, еліміздің одан әрі коммунизмге қарай даму жолында, бүкіл социалистік қозғалыстың дамуында жаңа белес болуға тиіс. Совет Одағы Коммунистік партиясының XX съезінен кейін бірінші рет шақырылып отыр. Партияның XX съезі халқымыздың алдына ұлы міндеттер қойды және еңбекшілердің саналы творчестволық инициативасының өркендеуіне кең жол ашты. Ілгеріректе белгіленіп, XX съезде кең де терең талқыланып ұлы арнаға түскен партия мен үкіметтің еліміздің өндірістік қуатын арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту жайындағы шаралары іске асып, тамаша жемістерін бере бастады. Бұл ретте етене бауырымыз Коммунист партиясының, оның Орталық Комитетінің көреген саясаты жеңісінің ғажайып айғағы есебінде бұрынырақта жартылай құлазып жатқан қазақ даласынан биылғы жылы Отан қамбасына құйылған бір миллиард пұт астықты айтсақ та жеткілікті. Қазақстан еліміздің ырыс-құт мекеніне, молшылық бұлағына айналды.

XX съезд еліміздің өндірістік қуатын, материалдық байлығын ұлғайтуда әр еңбекшінің инициативасын, қабілетін барынша жұмсауына кең жол ашса, мәдени құрылысымыздың да бұдан әрі дамуына сара жол ашты. Көркем өнердің терең, соны, тың құбылыстары арқылы халқымыздың рухани байлығын жаңа сатыға көтеру мүмкіншілігін меңзеді. Көркемдік жаңа биіктерге көтерілу мақсатын қойды.

Бұл биік мақсатқа жетудегі біздің көркемдік құралымыз талай сыннан өткен, өзін ақтаған социалистік реализм әдісі болмақ. Партия біздің әдебиетіміздегі елеулі кемшіліктерді ашып көрсетті. Жазушыларымыздың совет халқының зор талабының биігіне жете алмай келе жатқанын ескертті. Аты шулы тартыссыздық (конфликтсіздік) теориясынан әдебиетіміздің аса үлкен зиян шеккенін және соның зардабынан әлі де құлантаза арылып болмағанымызды біз жасырмаймыз. Әрбір жаман дағдының өмірі едәуір болады, ол біраз уақытқа дейін шалғайға жармасып қалмайды. Осыған байланысты совет әдебиетіндегі елеулі кемшіліктерге қарсы біраз сын айтылды.

Бірақ социалистік кейбір елдердегі өздерін халық үшін жазатын, социалистік идеологиядағы жазушылар санатына қосатын әдебиетшілер, біздің өзіміз қатал сынға алған кейбір кемшіліктерімізді ілік етіп, социалистік реализм әдісіне қарсы ашық шабуыл жасауға дейін барғаны мәлім. Бұл өзі теріс ниеттен, не болмаса адасушылықтан тусын, түп негізі соңғы кездегі халықаралық жағдайға орай буржуазиялық идеологияның белсене бастауынан туған нәрсе сияқты. Бірақ адам баласының көркемдік дамуында ұлы қызмет атқарған, XIX ғасырда өзінің асқар биігіне көтерілген сыншыл реализмнің заңды мұрагері, Октябрьде туған жаңа заманның көркем ойының көрінісі болып дүниеге келген социалистік реализм әдісінің берік іргетасы ондай соқтықпадан мұқалмайды. Қырық жыл бойы ең гуманистік идеяның, халық ойының көркем көрінісі болын, социалистік құрылыстың жауынгерлік құралына айналып, дүние жүзілік дауылдарда қалтырамай, торықпай адам баласын жарқын болашаққа, өмірге үндеген социалистік реализм әдебиетіне, оның қарсылары қай әдіс, қай әдебиетті қарсы қоймақ? Декадансты ма? Әлде сюрреализмді ме? Әлде тағы осылар сияқты соғысты, бүліншілікті, адамға деген өшпенділікті, моральдық азғындықты, қасиетсіздікті уағыздайтын, ең бері салғанда өмірден безінуді, әділеттіктен күдер үзуді, дүниеден түңілуді уағыздайтын ағымдардың қайысын қарсы қоймақ? Біз қазіргі замандағы дүние жүзі әдебиетінің табыстарын жоққа шығарудан әсте аулақпыз. Олардан шеберлікке үйренуге социалистік реализм тыйым салмайды. Және өзге елдердің алдыңғы қатарлы жазушылары социалистік реализм әдебиетінің табысына зор құрметпен назар аударатыны анық.

Біздің кейбір кемшіліктерімізді, сындағы кейбір сыңаржақтық жайларымызды тілге тиек етіп, қайсыбіреулер социалистік реализм әдісіне қанша күйе жағуға тырысса да оның таза тәніне жұқпайды.

Осы құнарлы әдіспен қаруланып шарықтап өскен біздің жас прозамыз жүздеген жылдар прозалық дәстүрі бар европалық әдебиетпен көркемдік дәрежесін ұялмай салыстыруға болатын «Абай», «Абай жолы», «Оянған өлке», «Ботакөз» романдарын, сондай-ақ жас драматургиямыз «Еңлік — Кебек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Түнгі сарын», «Ақан сері — Ақтоқты», «Достық пен махаббат» пьесаларын туғызды. Қазақ поэзиясы жаңа сатыға көтеріліп, соны өріс тапты.

Қазақ әдебиетіне соңғы жылдары жас таланттар, жаңа шығармалар қосылып толықты. Соғыстан кейінгі он жыл ішіндегі қосылған таланттардың шығармаларын қоспасақ қазіргі қазақ әдебиеті анағұрлым олқы болып көрінер еді. Әсіресе поэзия, әдеби сын жанрларында жас кадрлар көбірек есті. Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев сияқты әдебиетке соғыстан кейінгі келген ақындар қазақ совет поэзиясына елеулі үлес енгізіп, оның көрнекті өкілдерінің қатарына қосылды. Бұлардан басқа да поэзияға өз үнімен келген, өскелең ақындар аз емес. Бұлар туралы жас деп айтуға да болмайды. Олардың ізін басқан таланттар да ауыз толтырып айтуға жарап қалды. Әдебиетке кейінірек келсе де осы күнгі әдебиет сынының негізгі жүгін арқалап жүрген, совет әдебиетін кеңірек зерттеп монографиялар жаза бастаған Тәкен Әлімқұлов, Айқын Нұрқатов, Серік Қирабаев, Баламер Сахариев, Мырзабек Дүйсенов, Ә. Нарымбетов сияқты сыншылар бар. Әдебиет сынына соңғы жылдары араласа бастаған Қалжан Нұрмаханов, Қаратай Құттыбаев, Рахманқұл Бердібаев т. б. өз қабілеттерін сәтті аңғартты.

Проза жанрындағы жас кадрлардың өсуі жоғарғы аталған екі жанрдан қалықтау болса да мұнда да жастардың өсуі байқалады. Ә. Нұрпейсовтың «Күткен күн» (Курляндия), С. Шаймерденовтің «Болашаққа жол» романдары, З. Қабдоловтың «Өмір ұшқыны» повесі, Б. Сокпақбаевтың «Алыстағы ауылда» повесі мен әңгімелері, Н. Ғабдуллиннің повесі мен әңгімелері, С. Сарғасқаевтың екі повесі, С. Баязитовтің әңгімелері шықты. Көріп отырсыздар, жас прозаиктер жазған шығармалар сан жағынан аз емес. Бұған P. Әутәліповтың, С. Алдабергеновтің, Н. Серәлиевтің әңгімелерін, журналда жарияланған Ө. Қанахиннің «Ауыр күндер» романын, Б. Тоқтаровтың «Бақыт жолы», А. Байтанаевтың «Болат» повестерін т. б. қоссақ бұл тізім ұлғая береді.

Жоғарғы аталған екі жанрдан прозадағы жастардың өсуі қалықтау дейтін себебіміз сан жағынан емес, осы жанрдағы жастар шығармаларының қазақ прозасындағы алатын орны, дәрежесі жағынан. Егер де поэзияға соғыстан кейін қосылған Хамит Ерғалиев поэмалары, Сырбай Мәуленов өлеңдері қазіргі қазақ поэзиясының ең ілгері қатарына көтерілді десек, солармен қатарлас прозаға келген жастардың шығармалары жөнінде мұны айту әлі ертерек. Оған кейбір себептер де болуға тиіс. Біздің прозамыз кешеуілдеңкіреп, кейін өсті. Алдыңғы буын жазушылары да әдебиетіміздегі осы тың жанрда кейінірек қалыптасты. Қазіргі жеткен биігін қырқыншы жылдары тапты. Екіншіден, проза ауыр жанр. Бірден өмірді жан-жақты және терең қамту, көркемдік шеберлікке жетіліп кету өте сирек кездесетін нәрсе. Бірақ проза жазып жүрген жастардың өсу тенденциясы бар. Олардың көбі қазір іздену, шеберлігін шыңдау жолында.

Қазіргі проза жазып жүрген жастардың көбіне тән нәрсе олардың әдебиетке бірсыдырғы жазушылық мәдениетпен келуі. Егер де, біз соғыстан бұрынғы прозаға араласқан жастарды алсақ олардың көбінде-ақ осы жазушылық мәдениет кем болатын. Өзгені қойғанда, қазақ прозасының жақсы үлгілерінен жете үйрене алмаған болатын. Олар қарасөз құралын жете меңгере алмай, суреттеу тәсіліне жетіле алмай, оқиғаны қара дүрсін жалаң баяндайтын. Сол кездегі жазушыларға мұндай примитивизмнен арылу аса қиын болды. Ал, қазіргі әдебиетке келген жастар прозаның барлық компоненттерін, суреттеу тәсілін, аз-кем болсын композиция құру өнерін, портрет, пейзаж жасау әдістерін, ең маңыздысы адамның ішкі дүниесін суреттеуді азды-кем меңгеріп яғни маман әдебиеттің талабына жауап берерлік жағдайға келуде. Мұның өзі жас прозаиктердің бұдан былай жедел өсуіне негіз боларлық нәрсе. Әдебиеттік жолын ірі шығармалар жазудан бастаған Ә. Нұрпейсов, С. Шаймерденов, 3. Қабдолов алғашқы шығармаларында осындай жанр ерекшелігін едәуір меңгергендіктерін, прозаға дайындықтарын жақсы танытты. Бұл аталған жазушылардың роман, повестері кейбір кемшіліктеріне қарамастан осы күнгі қазақ әдебиетінің талабына жауап берерлік шығармалар.

Егер де бұл қуантарлық жай болса, осы жас прозаиктерге тән негізгі кемшілік бар сияқты. Оның бірі ірі шығарманы бастан-аяқ көркемдік тиянаққа (художественная завершенность) жеткізе алмау. Негізгі оқиға мен жанама оқиғалардың, негізгі кейіпкерлер мен жанама кейіпкерлердің ара салмағын пайымдай алмай, негізгі идеясын көркемдік тұрғыдан тиісті дәрежеде дамыта алмауы. Екінші кемшілік, өмірге терең бойлай алмай, көбіне үстіңгі қабатта жатқан оқиғаларды шығармаға өзек ету. Бұл екі кемшілік те жастыққа байланысты жүре түзелетін нәрсе.

Өткен жылы пленумда жас жазушылардың драматургиясы туралы арнайы баяндама жасалды. Одан бері бір жыл өтсе де соғыстан кейінгі драматургияға келген жас жазушылар жөнінде біз тілге тиек етер еш нәрсе таба алмадық. Өйткені соңғы он жылдан бері бұл жанрда жастар қаламынан шыққан елеулі бір де шығарма жоқ. Ең мықтағанда белгілі бір науқанға лайықталған, тез ұмыт болып жатқан азын-аулақ бір-екі актылы шағын пьесалар ғана бар. Өткен жылғы баяндамаға іліккен ірі пьесалардың бәрі әлі де піспеген, шала-шикі нәрселер болатын. Бұл шығармалардың аяғы қазір қойболдыға айналған сияқты. Драматургияның болашағы бізді қатты ойландыруға тиіс. Жалпы қазақ драматургиясы, театр өнері қазір өрлеу үстінде деп ешкім де айта алмайды. Біздің театр өнеріміз қырқыншы жылдардың бас кезіндегі биігінен көтеріле алған жоқ. Тартыссыздық теориясынан қатты зиян шеккен драматургиямыз бен театр өнерін тоқыраудан шығару үшін әлі де көп жұмыстар керек. Сол шараның бірі есебінде көмек көрсету, жанр ерекшелігін меңгеруге, білімін, мәдениетін көтеруге жәрдем ету Қазақстан жазушылар одағының ең басты міндетінің бірі болуға тиіс.

Бұл саладан Амантай Сатаевтың алғашқы адымы көңілге медеу боларлық. Ол қиын кинодраматургия жанрында еңбек етіп жүр. «Құрманғазы» атты киносценарий жазды. Қазір «Ақбөпе» сценарийін жазып жүр. Жас таланттың алғашқы табысына қуана отырып оған: «Тек ертерек тарихи тақырыпқа, дайын сюжетке бой ұрып, жазушылық жолыңның бас жағын жеңілдетіп алма, өйтсең кейінгі жағы қиын болып жүрер», — деген тілек артқымыз келеді.

Соңғы жылдары жастардың творчество жолында көп ізденуі, творчестволық белсенділігі артқаны байқалады.

Кейбір жас жазушылар алғашқы үйрену кезеңінен өтіп, шеберлігін шыңдап көркемдік бітімі түгел келген сындарлы шығарма жазуға шындап ниет етті. Әбдіжәмил Нұрпеисов «Курляндия» романын қайта қарап көп жөндеді. Бұл роман жөніндегі кейбір біздің ойымызша жаңсақ пікірлерге тоқтала кеткен жөн. Алғашқыда тәуір аталған осы шығарманы кейінгі кезде «нашар, сын көтермейді» деген пікірлер туып жүр. Біздіңше бұл қате пікір. «Курляндия» романында жас жазушы ең алдымен өзінің талантын, шебер суреткерлігін танытты. Соғыс өмірін оқушылардың көз алдына көркем елестете білді. Сонымен бірге азды-көпті шын мағынасындағы жанды, көркем бояулы образдар жасай алды. Біз өмірде кездестіріп жүрген замандастарымыздың ой-арманын, іс-әрекетін ғана емес, түр келбетін, дағдысын, мінез-құлқын, біраз жағдайда ішкі дүниесін сол бір бояуы сембеген ып-ыстық жанды күйінде көз алдымызға елестетіп берді. Тағы бір әсіресе айтып кететін қасиет — жас жазушы қазақ тілін жақсы білетінін және оны көркем шығарма құралы есебінде сәтті қолдана алатынын көрсетті. Бұл романның көптеген әсем беттерінің көркем бояуы әлі де оңған жоқ. Бірақ осы қуантқан қасиеттерімен бірге «Курляндия» романында жастықтан, тәжрибесіздіктен туған көптеген кемшіліктер де болды. Ол ең алдымен шығарманың композициясының болбырлығы, басты оқиғалары солғын тартып, жанама қосымша оқиғалардың романда өте көп орын алуы. Көп жерлерде орынсыз шұбалаңдық, ұзақтық. Автор көрінген нәрсеге қызығып суреттеуді тек суреттеу үшін қолданған жерлері де аз емес. Қысқасы, автор негізгі оқиғалар мен негізгі геройларды роман ішіндегі қалың көпшіліктен бөліп, жеріне жеткізе, шағындата көтеріп суреттей алмады. Тақырыпты еркін меңгере алмай, қалың оқиғаның ықпалына түсіп ығыңқырап кеткен. Бұл романның «Күткен күн» деген атпен қысқартылып жарияланған вариантының өзінде автор жоғарыдағы айтылған көп кемшіліктерден арылып, шығарманың жібін ширатып, суын сығып, біраз жөндегенін көреміз. Қазір жазушы бұл жұмысын толық аяқтады.

Бұрынырақта әдебиет сыншысы есебінде көрініп, әдебиетте біраз ой-пікір аңғартқан Зейнолла Қабдолов прозаға көлемді шығармамен келді. Өткен жылы «Әдебиет және искусство» журналында оның студент жастар өмірінен жазылған «Өмір ұшқыны» атты повесі жарияланды. Ол таяуда баспадан кітап болып шықты. Еске алатын бір жағдай повестің журналдағы варианты мен кітаптың арасында едәуір өзгеріс бар. Бұл өзгеріс көлем жағынан ғана емес,ең алдымен сапасы жағынан, көркемдігі жағынан. Журналдағы үстірт айтылған жайлар кітапта тереңірек, толығырақ қамтылады. Бірсыпыра образдар одан әрі толықтанып кемелдене түскен. Шығарманың тілі де жақсарып суреттері айқындалып көркемдене түскен.

Автор үлкен совет өмірінің бір бөлшегін – университет өмірін ойып алып,оны тарамдап жұмысшылар өміріне жалғастырып оқушыны сол бір әсем де жарқын, көңілге жылы жастық болмыспен таныстырады. Бұл шығарманы оқып шыққанда әдемі жарқын өмірді көз алдыңнан өткізіп, әр түрлі жақсы адамдармен танысып, олардың сырын ұққандай боласың. Шығарманың геройлары көңіліңе жылы ұшырап кейбіреулері тіпті ыстық тартып тұрады. Оқушыға осындай әсер туғызуы — шығарманың ең бір басты міндеті орындалған сияқты.

Повесте бірнеше жақсы жасалған характерлер, образдар бар. Автор образ жасауға, адам мінезін суреттеуге шебер десек асырып айтқан болмаймыз. Мұндағы кейіпкерлердің мінез-құлқымен де, психологиясымен де, түр-түсімен де, қимыл-әрекетімен де тіпті ой ойлау жүйесімен де қысқасы адамдық болмысымен бір-бірінен дараланған. Бұл жазушы үшін ең бірінші талап, аса керекті қасиет. Қабен мен Тайманның, я болмаса сол екеуімен Сашаның арасында ешқандай ұқсастық жоқ. Бұл повестегі ең бір тартымды, бояуы толық, тың образдар есебінде Қабенді, Айбарды, Арынғазыны, жағымсыз кейіпкерлерден Дәулетовті, Мусинді, 3әурешті ең алдымен атау керек. Сондай-ақ қысқа да болса Мұңал мен Дәурен сияқты жұмысшылар образы өте тартымды айқын есте қаларлық дәрежеде шыққан. Бұл адамдардың бәрі нағыз шын өмірден тың қалпында жеке-дара характерлер болып кітапқа сәтімен енген. Бұлар көптеген таныс кейде тіпті жолдас болған сыр мінезді адамдар сияқты. Бірақ оқушы осыларды кітаптан емес өмірден көрді. Арынғазы сияқты аңқау, ақ көңіл, оқуға құлықсыздау, ойын-сауыққа құмар студентті жоғары оқу орнынан талай кездестірген боларсыздар. Мұның және бір ерекше қасиеті ойын-сауыққа өзі сайран салып қызық көруден гөрі жұртқа қызмет етуді көреді. Оның сауықтан табатын барлық рақаты жұртқа гармонь тарту ғана. Ол одан шаршамайды да, зерікпейді де. Арынғазы аккордеонның ар жағында басы қылтиып отырған бар кескін-кейпімен, аңқау мінезімен шығармаға өмірден тура дік ете түскендей.

Я болмаса кітаптан көз алмайтын салқын мінезді, тұрмыста тақуалау Қабен ше? Бұл образдың да сыры жақсы ашылған. Қабен анық сара ойдың адамы. Ол еш нәрсені дүдамал, көмескі қалдыра алмайды. Әр пікірін есеп шығарғандай дәл тізімдеп бөліп, түбіріне дейін тінтінектеп қазып атайды. Өмірде дәл осындай адамдар да, жастар да бар.. Жазушы Қабеннің осы тақуа қазымырлығын тартымды бір юмормен суреттеп, сыртқы салқындықтың, құрғақтықтың ар жағынан оның жанының жылуын, ішкі жылы лебін сездіріп қояды. Осы адамның кей мінездерін ұнатпай, кей мінездеріне күлкің келсе де ақыры оны бір түрлі іш тартып қаласың.

Автор жағымсыз кейіпкерлерді де сәтін тауып суреттей білген. Қуыс кеуде, бәле қуғыш, тайыз білімді профессор Мусиннің образы, мінезі іс-әрекетіне сай тәуір суреттелген. Әсіресе әрі тәкаппар, әрі жағымпаз Жабас Дәулетовтің образы сәтті жасалған деп айтар едім. Бізде көбіне жағымпазды суреттегенде оны жылмаңдатып, жалпылдатып, иілдіріп, сызылдырып қояды. Дәулетов олай емес. Ол тәкаппар, паң, сырт көзге өр мінезді адам сияқты көрінеді. Бірақ өстіп жүріп-ақ, сол паң қалпын бұзбастан-ақ керекті адамдарының ебін таба біледі. Дәл осы мінездес мансапқорлар, өмірде бар екені анық. Автор схемаға ұрынбай бұл образды тыңнан ашқан.

Басты кейіпкерлер Тайман мен Надя образдары туралы бөлектеу пікір айтқым келеді. Тайман образы негізінен интеллектік жағынан ішкі ой дүниесінің дамуы, өзге дүниені қабылдауы жағынан дамиды. Тайман көп әрекет етпейді. Ол көбінесе сыртқы істерден, басқа адам әрекеттерінен әсерленуі арқылы суреттеліп отырады. Оның өмірінде екі үлкен толқу бар, оның бірі Надяға ғашық болу, екіншісі әкесінің қазасы. Автор осы екі үлкен рухани толқудың үстінде өз геройының ішкі дүниесін едәуір ашады. Менің ойымша психологиялық жағынан едәуір ашылған Тайман образының сыртқы суреті, характерінің жотасы жоғарғы аталған образдардай айқын емес сияқты. Дәл бір ұмытылмастай есте қалатын, аумай көзге елестейтін кейде сүйіндіріп, кейде күйіндіріп, бірде әттең дегізіп, керек жерде күлдіріп есте қалатын қылық, іс-әрекеттер Тайман басында аз сияқты.

Надя образын автор тереңдетіп, жанды, бейнелі түрде суреттеуге бармаған. Оның реалдық өмірі, тұрмыстағы тіршілігі, мінез-құлқының қырлары көмескі қалған. Негізінде ол кәдімгі тірі қыздан гөрі өте бір асыл, алыста қиялдай бұлдыраған ғашықтық объектісіне айналып кеткен.

Повеске айтылып жүрген сюжеті әлсіз, композициясы болбырлау, бастан-аяқ тартылған өзек жоқ деген сындар менің ойымша осы басты екі кейіпкердің образындағы олқылықтардан туған сияқты. Осы екі кейіпкердің арасы бастан-аяқ шығармаға өзек болын тартылып, автордың осы төңіректе тек қана махаббат емес, тағы да толып жатқан сырларды ашуына мол мүмкіндігі бар еді. Басқалардың қимыл-әрекетін, негізгі оқиғаларды осы төңірекке өргенде повестің композициялық құрылысы жинақы, сюжет желісі тартымды бір жүйемен, негізгі бір арнамен өрбіген болар ма еді.

Шығарманың тілі жақсы дегенде оның кедір-бұдырсыз жатықтығын, автор ойын жеткізуге, оқиғаны баяндауға машықтығын айтып отырған жоқпыз. Ол қолына қалам ұстаған әрбір адамға тән нәрсе болуға тиіс. Онымен жазушы тілінің байлығы да, ерекшелігі де әсте көріне алмайды. Біз ең алдымен автордың әр құбылысты, әр адамның мінез-құлқын, қимыл-әрекетін өз көзімен ғана көріп, бәлкім өзгелер байқамайтын, өз тұрғысынан аңдап, соған лайықты, бояулы суреттер жасай алғанын айтамыз.

Зейнолла тілінің әсіресе көзге түсер бір ерекшелігі онда юмор көп. Ол бір жұртты күлдірейін деп қиналып ойлап тапқан күлкілі эпизодтар емес, шығарманың өн бойына шым-шымдап еніп отыратын табиғи юмор. Автор көп адамдардың мінез-құлқына, оқиғаларға сәл ғана езу тартып, кейде мырс етіп күліп жіберіп жылы көңілмен еліге суреттейді. Бұл повесті оқуға сәтті жағдай туғызады. Кітаптың басынан аяғына дейін оқушы көңілін баураған жайдары жылы сезім үзілмейді. Зейнолланың юморы кейде иронияға ауысқандай болады. Бірақ ол еш уақытта ащы сатираға жете алмайды. Тегінде авторда сатиралық талант жоқ, оның өзі лириктеу адам сияқты.

Жазушы кейде күлкілі портреттерді жап-жақсы жасап өзінің юморлық сезімін айқын аңғартады: «Құдай Христофор ағайға өлшеп-пішіп, қиып кесіп онша сараңдық етпей-ақ «артық кетсе саған кетсін» дегендей, біршама мол бітім берген. Қандай дейсіз ғой? Кешіріңіз, сіз бала күніңізде жаңа жауған қардан жентектеп кісі жасап көрдіңіз бе?.. Жә, оны қоя тұралық, былай: бір күрек иі қанған саз балшықты сылқ еткізіп тегіс жерге тастай салсаңыз — Христофор ағайдың ісінген көнектей жап-жалпақ беті пайда болады. Оның орта тұсына күйген кірпіштің бір кесек сынығын қоя қойсаңыз — Христофор ағайдың жұдырықтай қып-қызыл мұрны шыға келеді. Мұрынның екі жағын ала, сәл жоғарырақтан бас бармағыңызбен екі сызып көз жасаңыз да, оның үстіне тауықтың екі қауырсынын жалбырата шаншып қабақ жасаңыз: ал, қабақтың жоғарғы жағына қанша сызық сыйса, сонша ирек сыза беріңіз: Христофор ағайдың маңдайы қырық қыртыс әжім. Жалғыз-ақ саз балшықтың орнында тұрған тас кесектей төменгі жерін алақандай қып ойып алуды ұмыта көрмеңіз: Христофор ағайдың ешқашан аузы жабылып, езуі жиылып көрген емес» (104-бет). Осы бір өте күлкілі гротескке айналдырып шебер жасалған портретте ащы мысқыл жоқ, жай қағыту, әжуа бар. Осының өзі автор талантының бағытын анықтайтын сияқты.

Осы арада қазіргі жас прозаиктердің көркемдік суреттеу әдісіндегі бір жағдайға тоқтала кеткен жөн. Біздің прозамыздың жас кезінде әдебиетке келген көп жазушылар біраз уақытқа дейін фольклор ықпалынан шыға алмай жүрді. Оларға әсер еткен нәрселер ертегілер, аңыз-хикаялар, мақал-мәтел, афоризмдер. Осының салдарынан олар сезімді берудің орнына дидактикаға ұрынып, суреттеу орнына баяндауға салынып, ал портрет жасағанда ертегідегі дайын портреттердің ықпалына түсіп кететін. Сондықтан да жеке адамның қайталанбас портреті орнына мың адамға салсаң да нобайы келетін стандартты кескін-кейіп, түр-тұлға, кейде тіпті мінездер де жасалатын. Прозаға кейінірек келген жастардың прозамыздың жасырақ кезіне тән болған осы бір суреттеу кемшіліктерінен қашқандығы байқалады. Олар қазір баяндаудың орнына суреттеуге, дидактиканың орнына сезімді беруге, жеке-дара адам портреттерін жасауға тырысады. Бұл, әрине, нағыз маманданған әдебиетші болуға тырысқандық. Бірақ осы жолда жас жазушыларға тән бір үлкен кемшілік барын атап өткен жөн. Ол Әбдіжәмилдің басында, әсіресе Сафуанның басында бар. Әбдіжәмилдің кемшілігі ол кейде қысқа айтылып кететін, негізгі оқиғаға қатынасы шамалы нәрселердің өзін қазымырлап ұзақ, кейде тіпті болбыр суреттейді. Мұның өзі шығарманы ауырлатып, жібін босатып, болбыратып жібереді. Ал, Сафуанға тән кемшілік ол әлі де суреттеу тәсілін меңгере алмай жүр. Жанды портрет жасау орнына анатомиялық портрет, жансыз мүсін жасайды. Ол шамасы адамның бет-аузын түк қалдырмай түгел айтып бергеннен жақсы портрет жасалады деп ойлайтын болса керек. Әдебиетте олай болмайды. Кейде тәптіштеп түп-түгел суреттегеннен гөрі ерекше жанды бір штрихтің өзі көңілге қона кетіп, көп нәрсені аңғартады. Кей жас жазушылардағы ең басты кемшілік адамды анатомша бөлшектеп алдына салады да, оны жанды бейне құрастырып жинастыра алмайды. Барлық көркемдік құралды қосып, қорыта алмайды. Портрет пен мінезді, қимыл мен ішкі дүниені қабыстырып бір-бірінен ажыратып аларға болмастай тұтас бітім жасай алмайды. Табиғат суретінде ауа, тыныс жетпейді де қимыл-әрекет сезімге боялмайды. Кейбір прозалық шығармаларды схемаға айналдырған ең басты көркемдік кемшіліктің бірі осы сияқты.

Ал, Зейнолла повесіндегі бір қуантарлық жағдай ол осы жоғарыда айтылған жас жазушылардың басындағы кемшіліктен едәуір арылған. Оның адамдарының ажарының нұры бар, табиғатының тынысы бар. Біраз жағдайда оқиғаларының да сыры бар. Әрине, мұның бәрі кемеліне келіп, шыңына көтеріліп болған жайттар емес, бірақ бастамасы тәп-тәуір. Келешекте тереңдей түсуіне мүмкіндігі бар. Қазақ әдебиетінің ең бір тәуір үлгілерінен біраз үйренгендігі байқалады.

Осы тәп-тәуір, оқушының көңілін жылытқан шығармада елеулі кемшіліктер де бар. Ең бірінші көзге түсетін кемшілік сюжет әлсіздігінде. Повесте бастан-аяқ тартылған ширақ бір арна жоқ. Сюжет дегенде біз шытырман оқиғаны да айтпаймыз. Әр жазушының стилі әр түрлі. Мысалы, жұртшылық тәуір атаған Вера Панованың «Серіктер» повесінде де бастан-аяқ тартылған жүлгелі оқиға жоқ. Шығарма бірнеше бөлшектен құралатын сияқты. Бұл автордың әлсіздігі ме, білмеймін. Бірақ оқушылар осы повесте сюжеттік тұтастық жоғын байқамады, сүйсініп оқыды. Ал, «Өмір ұшқыны» повесінде осы кемшілік өзін байқатпай қоймайды. Оның негізгі себебі біздіңше мынада сияқты. Панованың повесінде кесек-кесек тұлғалар, олардың биографиясы және бір қатты ескеретін жағдай, үлкен ішкі тартыс бар. Ал, Зейнолла повесінде көп образдар штрихпен беріледі де ішкі тартыс бәсең. Сондықтан көп жағдайда керексіз адамдар қабаттасып, онсыз да әлсіз оқиғаны ауа жайылтып әкетеді.

Көп әдебиеттерде оқиғаға, қимыл-әрекеттерге жөнді мән бермей тек адамның ішкі дүниесіне, психологияға құрылған шығармалар да бар. Барлық шығармада бірдей шытырман оқиға болуы міндетті емес. Ал, Зейнолла повесінің сюжетін сұйылтып тұрған нәрсе шым-шытырық оқиға тізбегінің жоқтығы емес, драматизмнің әлсіздігі. Кейіпкерлер арасында қарама-қарсы талас-тартыс, қайшылық, арналы күрес аз болғандықтан яғни оқиға драматизмі аз болғандықтан жазушы жеке кейіпкерлердің басындағы драмаға қарай бой ұруға тиіс еді. Ал, автор олай етпеген. Кейіпкерлердің басына түсетін қиындық мұнда аз. Бола қалса оңай жеңген. Автор көп жайттарға тереңдеп бармай, ұштығын аңғартады. Лапылдаған жалынның орнынан ұшқынын көрсетеді. Сондықтан да повесті оқығанда оның жақсы қасиеттерімен бірге бір түрлі тоқмейілділік сезім туады, бұл самарқаулық тек сюжет желісінің әлсіздігінен ғана емес, сонымен бірге әсіресе шығарманың ішкі құрылысының босаңдығында деп білеміз.

Әлі де шығарманың кейіпкерлерін екшеп, азайтып, оның орнына кейбір образдарды көбірек дамытып, әркім жасаған қысқа, келте қимылдарды тұтастырып жүйелей түсу керек сияқты. Сапаров пен Арман әрекеті. Рас, бұл екеуі екі жағынан көрінеді. Бірақ осы жағымды геройлардың істері эпизодтық дәрежеде қалған. Олардың Мусинге қарсы күресі үлкен тартысқа айналмай, жеке қақтығыстар төңірегінде тұйықталған. Шығармада жалпы тартыстың негізі белгіленіп, алғашқы қақтығыстар көрсетіледі де, күрес одан әрі ширығып дамып кете алмайды. Бұл сөз жоқ, оның композициялық құрылысын босаңдатады.

Прозалық үлкен шығарма — ішіне көрген-білгеннің бәрін тыға беретін созылмалы резинка қапшық емес, артық жапсырылған да, ойсырап олқы тұрған да еш нәрсесі жоқ, тұтас бітім. Осыны біздің көп жазушыларымыз ескермейтін сияқты. Роман, повестің ішіне өзі білген нәрселердің бәрін сыйғызуға тырысады. Сорайып бөлек тұрған бұтақтарға тарамайды. Жазушы кітаптың әр бетін қолдан келгенше тығыз ету керек. Әр оқиға, эпизод, көрініс жалаң болмай, екі қабат, үш қабат, тіпті қат-қабат болып жатуы керек. Мысалы, «Өмір ұшқыны» повесінде мынандай бір көрініс бар. Алмасқа біреу телефон соғып едәуір керілдеседі. Осының өзі бір беттен артық орын алады. Ал, айдаладағы біреу осы шығармаға неге керек бола қалды десек, ол автордың мынандай бір афоризмін айту үшін қажет болған екен. «Бастық болған адам жұрттың бәрін қолбала көруге бола ма? Терең кабинеттегі тайыз мінездер қашан құрыр екен?!» (116-бет). Өмірдегі біз көріп жүрген кемшіліктердің бәрін қыстыра беруді кітап көтермейді, ал егер автор әсте шыдай алмай, осы бір кемшілікті міней кеткісі келсе, оған қосымша осы көріністі тағы пайдалануға болатын еді. Өйткені әлгі бастық Алмастан телефон арқылы Мағрипаны сұрайды. Әйелдің атын атамай «Ернардың әйелі керек» дейді. Ал повестің өн бойында аралары белгісіз Алмас пен Мағрипаның қосылып қойғанын аяғында бір-ақ біліп қаламыз. Ал, автор дәл осы арада Мағрипаның бұрынғы күйеуінің аты аталғанда Алмас жүрегін дір еткізіп, оның көңіліндегі қызғанышты аңғартып кетуіне болатын еді ғой. Мінеки, сонда әлгі әдепсіз бастық та сыналады, кейіпкердің де сезімі көрініп қалады. Жазушы тек қана кейбір қызметкерлер жақсы тақырыптағы лекцияны жаман жасап, жалықтырады деген сын айту үшін парктің ішінде болған бір лекцияны бет жарымға суреттейді. Я болмаса, алдында еңбек сүйгіштігі көрінген Алмастың жұмыс істеп, кітап оқығанын да ұзақ баяндап кетеді. Міне бұлар шығармаға пайдасы жоқ, қиып тастауды керек ететін нәрселер.

Тағы бір біз байқаған, бірақ тез жойылатын ұсақ кемшілік: автор реалистік сарында баяндап келе жатып, кейде күтпеген жерден орынсыз патетикаға ұрынады. Мұның өзі байсалды, сабырлы әңгіме айтып келе жатып, күтпеген жерден айқайлап жібергендей әсер туғызады. Мысалы: «Надяның әкесі Николай Ленский төс қалтасынан сағатын шығарып, Кремль мұнарасындағы мәңгілік сағатпен, дәуір сағатымен түзеп алады да, жұмысына трактор паркіне жөнеліп бара жатады. Оны Москва еліміздің қасиетті гимнімен шығарып салады» (240-бет).

Я болмаса, әкесі қайтыс болған соң екі-үш күннен кейін қайтадан оқуына жүріп бара жатқан Тайман құлыным деп құшқан шешесіне былай қоштасады: «Мама! — деп құшақтай алды Тайман шешесін, — мен жүремін. Оқуымды тез бітіріп келемін. Мұңал ағамның қасына келемін. Адам неге өледі, қой, нағыз адам өлмейді. Мәңгілік өмір деген осы екен ғой!» (360-бет).

Мұндай орынсыз патетика реалистік шығарманың бойына сіңе алмай сынаптай бөлініп тұрады.

Көркем суреттеуді, образ жасауды, адамдардың характерін ашуды тым тәуір меңгеріп қалған Қабдолов шығармасының бойындағы ең ірі кемшілік — және біз жоғарыда айтқан кемшіліктердің бәрі осыдан туындайтын сияқты, — ол повесте суреттелген өмірдің тайыздығында. Повесте өмір шындығы бар, өмірді білу бар, бірақ өмір сырына терең бойлау жағы кеміс сияқты. Жазушы өмірдің үстіңгі қабатын алған.

Повесті оқып бітіргенде жайдары көңілмен жабасың. Көз алдыңнан күншуақ өмір өтеді. Жап-жақсы жарқын жастарды көресің. Олардың ертеңі қандай болатыны да көрініп-ақ тұр. Мамандығы емес, адамдығы көрініп тұр. Жазушының жаны жұмсақ, өзі көңілшектеу сияқты. Өмірдің шуағынан басқа сызы, сүйенішінен басқа ызасы, күйініші, сәтімен бірге сәтсіздігі, татулығынан басқа арналысы, қиян-кескі күресі бар емес пе? Жастардың достығымен бірге түңілуі бар емес пе? Автордың өз сөзіне шамаластырып айтқанда, бұл шығармада өмірдің ұшқыны көрінген. Ал оның келесі шығармасынан біз өмірдің жалынын да, ызасын да күтеміз. Соны оның алдына қатты талап етіп қоямыз.

Биыл баспадан шыққан Райымқұл Әутәліповтың «Әке досы» әңгімелер жинағы әдебиетімізде көңіл аударарлық нәрсе. Соңғы жылдары аздаған ілгерілеу байқалғандықпен, біздің әдебиетімізде, новелла жанры ұзақ жылдар тоқырап қалды. Қазақ әңгімесінің негізін қаласқан Әуезов, Мүсрепов, Мұқанов, Әбішев сияқты жазушылар үлкен шығарма жазуға бой ұрды да әңгіме жазудан тыйылып қалды. Жалғыз Иманжанов қимылы бұл жанрды тоқыраудан шығара алмады. Сөйтіп көп уақыттардан бері әңгіме жазу тек балалар үшін жазатындардың ғана үлесіне дербес тиіп келді. Соңғы кезде әңгіме жазушылар саны көбейіп келеді. Солардың ішінде көбірек те, сәттірек те жазатын жас прозаик Райымқұл Әутәліпов. Ол ең алдымен әңгіме жазу ерекшелігін ұғынған. Ондағы әр жазушыға шартты болса да, көп жазушыларымыздың бойынан табыла бермейтін бір қасиет дүниені өз тұрғысынан өз көзқарасымен көруі. Суреттейтін өмір құбылыстарын өз көңілінің елегінен өткізуі. Әзір шеберлікке жетіліп болмаса да Райымқұлдың өз бояуын өзгемен шатастырмай тануға болады. Жазушыда нәзік байқампаздық бар. Ол характер ашуда ұсақ штрихтарды сәтті пайдаланады. Оқиғаны, геройлардың қимыл-әрекеттерін жазушы лирикалық жылы сезімге бөлеп жеткізеді, Райымқұл талантының негізгі бағыты осылай сияқты. «Тың сөйлейді» деген әңгімесінде ол алыстан келген жас қыздың тағдырын сөз етеді. Бұл өте бір нәзік сырлы әңгіме. Мұнда жас қыздың жан толқыны лапылдап лауламай, іштей толқып, сыртқа тепсінетін сырлылықпен өзінше әсем бір күйде жеткізілген. Әңгіменің бас кейіпкері Инесса Украинадан Қазақстанға тыңға келеді. Онымен бірге оның қазір басқа адамға үйленіп келген ғашығы да келеді. Инесса соның қарауында істейді. Қызғаныштан шыдай алмай қайтадан қашып кету әрекетін де жасайды. Қыз сезімінің алғашқы сәтсіздігі, оның қызғанышы, жаңа жер, жаңа ортаның Инеске әсері әңгімеде сараң бояулармен тартымды суреттелген; мұнда кішкентай болса да өзінше тағдыр, адам образы жасалған. «Сабантой» әңгімесінде де адам тағдыры әжептәуір көрінеді.

Әутәліповтың «Әке досы» әңгімесі де сәтті шыққан. Мұнда орыс пен қазақтың қарапайым екі шаруасының арасындағы адамдық достық қонымды суреттелген. Жазушы осындайда жиі кездесетін, әсіре-қызылдан, жасандылықтан аулақ адамдардың қарым-қатынасын, қарапайым өмір құбылысын шыншыл суреттей білген.

Бірақ бұл жинақтағы әңгіменің бәрі пісіп жетілген, көркемдік бітімінде мін жоқ нәрселер емес. Ең алдымен көзге түсетін нәрсе — автор алуан түрлі тақырыптарға барады. Бірақ ол тақырыптардың бәрі бірдей авторға жақын, көңілінде пісіп жетілген нәрселер емес, сондықтан да кейбір әңгімелері үстірт, тартымсыз болып шығады. Автор өзі жеткен биігінен айрылып, құлдырап төмендеп кетеді. «Сыйлық», «Жылқышылар», «Юбилей» әңгімелері осыны аңғартады. Мұндай жағдайда автор өзіне тән лиризмнен айрылып, құрғақтыққа, үстірттікке ұрынады. Кейде тіпті схемаға да түсіп кетеді. Әутәліпов іздену жолында. Ол күшін әр қияға бір салып байқағысы келетін сияқты. Өзіне тиісті сабақ ала алса, оның осы алғашқы жинағында талантының бейім күшті жағы да, тайғанақтап кететін әлсіз жағы да өзгелерден анық көрініп тұрған сияқты.

Соңғы жылдары әдебиетке араласа бастаған Қалмұқан Исабаев әңгімелерінің көбін Қазақстаннан тыс тақырыпқа арнайды. Біз бұған қарсы болмасқа тиіспіз. Туысқан халықтар өмірі де қазақ әдебиетіне ене берсін. Исабаевтың «Шаруа бақыты» деген әңгімесі сәтті шыққан. Автор демократияшыл Германиядағы тап тартысының бір эпизодын көркем суреттеген. Мұнда әлінше тәп-тәуір адам характерін ашумен бірге, жас жазушы шаруа психологиясындағы өзгерісті де сәтті байқаған. Исабаевтың «Қазақ вальсі» әңгімесі де оқушыны қызықтырады.

Исабаевтың тілі нашар болатын. Қазір автордың тіл жағынан төселіп келе жатқаны байқалды. Бірақ әлі де оның тілі кедейлеу.

Әбдіраш Көпбаев «Шалдуар» дейтін әңгімесінде адам характерін ашуға бой ұрды. Адам мінезін суреттеуде әп-әдемі бояулар тапты. Суретшілік талантын аңғартты. Бірақ Көпбаевтың өзге әңгімелері оқушыны еліктірмей жүр. Ол көбіне әңгімені тартымсыз сюжетке, тиянақсыз оқиғаға құрады. Тың суреттер таба алмай зеріктіреді. Дәл осы сынды — еңбегі жарияланса да жазушылыққа жете алмаған С. Алдабергенов әңгімелері жайында да айтуға болады. Оның көп әңгімелері түйінсіз жайттарға, жалаң саяси тақырыптарға құрылады да көркемдік шешімі жабайы келеді.

Жас прозаик Кәрім Баялиев өмірден өзі көрген-білгенін жазады. Оның әңгімелерінің тақырыбы тың, осы күнге дейін еленіңкіремей келген өмірдің түрлі салалары. Авторда қысқа әңгімеге бейімдік бар. Жас жазушыда ой, фантазия бар. Бірақ шеберлік жоқ, тілі нашар, сөз саптауы қалыптаспаған. Екінші кемшілік — қай әңгімесінде болсын геройының ішкі сырын толық аша алмайды. Бірақ жазушыда от бар, қолтығынан демеп жіберсе, әрі қарай өзі алып кететіні көрініп тұр. Оның «Сіз кімсіз?» деген әңгімесі осындай сенім туғызады.

Жап-жақсы әңгімелер жазып талантын танытқан Сайын Мұратбековтің (Талдықорған) «Менің қарындасым» деген әңгімесі жүрекке жылы, тартымды, әдемі шешімін тапқан.

Қуанышты нәрсе, соңғы жылдары проза жанрында жастар көбейіп келеді. Олар қазақ әдебиетінің сан жағынан көп болмаса да күшті проза отрядын молайтуда.

Біздің қазақ әдебиетінің әсіресе, қазақ прозасының үлкен жетістіктері бары сөзсіз. Сонымен бірге әдебиет даму үшін, кейбір елеулі кемшіліктеріне, дамуға бөгет құбылыстарға тоқталмай кетуге болмайды.

Біз біраз жылдар РАПП-тың ескі ауруын қайта қоздатқан тартыссыздық теориясы, өмірді жылтыратып көрсету сияқты кеселдерге қатты шалдықтық та, соның салдарынан құлан-таза айығып кете алмай жүрген сияқтымыз. Көп шығармаларымыздың бойындағы кемшілік те осы зардаптан. Жоғарыдағы айтылған Қабдоловтың повесінің бойындағы кемшіліктер де осы тартыссыздық теориясының салқынынан сияқты. Жазушының прозалық талантын танытқан, кей жағдайда суреткерлігін аңғартқан С. Шаймерденовтің «Болашаққа жол» романына да тартыссыздық теориясы көп зиян тигізді. Сондықтан да көп жерде шығарманың тынысы әлсіз, геройлары сылбыр тартып, құрғақ ақыл иелеріне айналған. Жазушы «үлгілі студенттерді» көрсетем деп жастарын ойнақы мінезден, жастық жалыннан айырып, ертерек қартайтып алған. Бұл жастар сүрінбейді де, еш нәрсеге өкінбейді де, ұрынбайды, ең аяғы ғашық болған қызы мещанка болса, жүрегі дір етпестен нотация оқып, тастап кетіп жүре береді. Оп-оңай үлгілі қыз тауып алады. Міне осының салдарынан Мәулен, Женя сияқты жағымды геройлар жансыз схемаға айналып кеткен. Қайта Инеш, Мұздарапов сияқты жағымсыз геройлардың бойынан аз да болса сезім, өмір байқалады. Сөйтіп, керісінше — жазушы мақтаймын дегенін жамандап, жамандаймын, дегенін мақтап алған. Бұған үлкен себеп, роман 1953 жылы дайын болғанмен, 1950 жылдардан жазыла бастады. Оның үстіне автордың түпкі ойы одан әрірек туған болу керек. Ал бұл нағыз тартыссыздық теориясының дәуірлеп тұрған кезі еді. Міне сондықтан да жазушыға сол теріс жағдай қатты әсер еткен және де еркін, ашық ғылыми тартысты суреттеудің орнына тек бірыңғай Лысенкоға табынуға әкеліп соқтырған.

Тартыссыздық теориясы жастарға ғана емес, бүкіл әдебиетімізге, ірі жазушыларымызға да қатты әсер етті. Ғабиден Мұстафин «Миллионер» повесінде Жомарт пен Жақыптың, яғни ескі мен жаңаның арасындағы тартысты ширықтырып қатты бастағанымен аяғын тым жіңішкертіп, өте жеңілдетіп алды. Колхозшылар өмірін көп әсірелеп, жылтыратып емес, орынсыз жалтыратып көрсетті. Сол кездегі колхозшылар тұрмысының қиыншылығын, сол қиыншылықтың себебін ашудың орнына әлі де болмаған ағыл-тегіл молшылықты үйе салды. Біздіңше, автор бұл шығармасын қайта қарап, көп жөндеуі керек сияқты. Жазушы «Шығанақта» тапқан реалистік арнасынан «Миллионерде» көп уақыт ауытқып барып, оған «Қарағандыда» қайтадан түсті. Бұл роман кейбір көркемдік кемшіліктеріне қарамастан, әзірге қазақ әдебиетіндегі совет тұрмысынан жазылған ең құнарлы шығарма болып табылады.

Тақырыбына бола шығарманың көркемдік кемістігін, шикілігін кешіру бізге жаман әдет болып жабысты. Шын мағынасындағы халыққа ең керекті көркем де терең шығарма жазуға салқынын тигізді. Әдебиетте айқайшылар, шолақ белсенділер осындайдан пайда болды. Бұл жас жазушылардың аса бір аулақ болатын нәрсесі. Оңай жеңіске, оңай атаққа ие болғысы келген жас жазушылар мансапқорлыққа ұрынбай қалмайды. Мансапқор адам шын мәнісіндегі жазушы бола алмайды, халық алдындағы азаматтық борышын өтей алмайды.

Осылайша негізінен тақырыпқа ғана көңіл бөлу біздің негізгі геройымыз адам екенін қаға беріс қалдырды. Әрі-беріден соң «Қарағандының көмірін жазып жатыр», «Балқашты жырлап жүр», «Оңтүстіктің мақтасын жазып жүр» деген сөз саптаулары шықты. Біз, әрине, ірі тақырыптар алуға тіпті қарсы емеспіз. Бірақ әдебиеттің ең басты міндеті етіп ірі адам образын жасауды батыл қоятын уақыт жетті. Шынын айту керек, біз осы бүгінгі дәуірден халық аузынан тастамайтын тірі, шынайы көркем шығарма жасай алған жоқпыз. Орыс классиктерін, басқа да әдебиеттерін айтпай-ақ өзіміздегі бар мүмкіншіліктерді алып көрейікші, Абай, Базаралы, Дәркембай, Дәрмен, Ұлжан, Игілік, Жұман сияқты естен кетпес кесек образдар біздің советтік өмірден әлі жасалмағанын қалай жасыра аламыз? Я болмаса драматургиямызда «Еңлік — Кебек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Түнгі сарын», «Ақан сері — Ақтоқты» пьесаларымен тең түсетін драманың шығармалар өз заманымыздың өмірінен жасалмағаны айқын емес пе? Бүгінгі тақырыпқа арналған пьесаларымызда Еңлік пен Еспембет, Жантас, Жүзтайлақ, Қозы мен Баян, Қодар, Қарабай, Ақан, Науан образдарына тең келетін образдарымыз бар ма? Жоғарыда аталған образдарды басқа ешкім де емес, көзі тірі өз жазушыларымыз жасаған жоқ па? Осыған қарағанда советтік өміріміздің көрінісі есебінде үлкен шығармалар жасауға біздің мүмкіншілігіміз бар емес пе? Коммунист партиясының XX съезі алдымызға осындай ірі талаптар қойған жоқ па? Түптей келгенде жас, кәрі деп бөлетін де еш нәрсесі жоқ, біреудің таланты ерте, біреудің таланты кеш ашылады. Қазақ әдебиеті біреу-ақ, сондықтан да әр талап жас, кәрінің алдына түгел қойылмақ.

Көп жастар прозадағы жолын балалар әдебиетінен бастап, соған бейімделіп келе жатыр. Негізінен қазақтың балалар әдебиеті жастардың қолында. Бұл жанрда көптеген кітаптар шықты. Көп әңгімелер газет-журналдарға басылды. Б. Соқпақбаев, Н. Ғабдуллин, С. Сарғасқаев, С. Баязитов сияқты жазушылардың екі-үштен повесть, әңгімелері жарияланды. Ф. Дінисламов, Н. Серәлиев, А. Байтанаев, М. Гумеров тағы басқа жас жазушылар повестерін, әңгімелерін кітап етіп шығарды. Балалар әдебиеті саласынан шығатын кітаптың саны әсіресе өзіміздің төл кітаптар, әдебиетіміздің өзге салаларымен салыстырғанда аз емес. Бұл салада біздің кейбір табыстарымыз да бар. Кейбір жас жазушылар стиль өзгешелігін едәуір меңгеріп, балаларға тартымды өнеге боларлық кітап жазды. Бұл ретте ең алдымен Бердібек Соқпақбаевты атаған жөн. Ол бір әңгімелер жинағын, екі повесін жариялады. Үшінші повесть жазып бітірді. Соқпақбаевтың «Алыстағы ауылда» повесі кей жерлерінің солғындығына қарамастан негізінен сәтті шыққан шығарма. Автор мұнда балалар психологиясын жақсы ашады. Балалар арасындағы достық, бір-біріне көмек мәселелері тартымды, көркем бейнеленген. Бір айта кететін нәрсе Соқпақбаевта алақолдық күшті. Оның повесінің кей жерінде көңіл сүйсінтер жанды құбылыстар, көркем суреттелген бала мінездері шын сүйсінтсе, кей жерде тартымсыз қарадүрсін баяндауға ұрынып кетеді. Сол сияқты бір кітапта тақырыбы тыңнан табылған, шешімі шебер, бас-аяғы жинақы жұп-жұмыр әңгімелермен бірге түйсінсіз, тындырымсыз, автор сезіміне бөленбей құрғақ оқиғаны жалықтыра баяндайтын нәрсіз әңгімелері аралас жүреді. Бұл автордың өзіне қатал талап қоя алмағандығынан туған.

Нығмет Ғабдуллин балаларға арнап біраздан бері жазып келеді. Оның шығармасына біраз пікірлер де айтылады. «Алғашқы маршрут» атты тұңғыш повесінің схемаға құрылып, сәтсіздікке ұшырағаны мәлім. Ол биыл «Құрбылар» деген атпен әңгімелер жинағын шығарды. Өз тұрғыластарына қарағанда Ғабдуллинде байқалатын бір ерекшелік, ол тек мектеп, оқу жайлы ғана емес, балалардың мектептен тыс өмірін, еңбегін және өмірдің өзге құбылыстарын көрсетуге талпынады. Соңғы әңгімелер жинағында Ғабдуллиннің әдебиетке едәуір төселіп қалғандығы байқалады. «Құрбылар», «Кішкентай мұғалім» атты әңгімелері осы ысылғандықты, өмір құбылысын суреттеуге машықтанғандықты танытады. Бірақ төселумен ғана талант өспейді. Осы жинақтың ішінде өмір құбылысының жаңалығымен жарқ етіп көз тартатын, тапқыр шешімімен таңдандыратын соны нәрселер аз.

Насридден Сералиевтің «Өжет қыз», «Айлы түнде», «Менің үнім» әңгімелері бойына шақ тартысы, әсер жаңалығы, кішкентай геройларының психологиясын ашуы арқылы оқушыны қызықтырады. Машқар Гумеров кішкене балалар үшін «Дәрігер» деген жап-жақсы әңгіме жазды. Бұл жас автордың жақсы жағы балалар диалогына шебер. Ол әр жастағы баланы өз тілімен сөйлете біледі. Сайт Баязитов соңғы шыққан «Арал робинзондары» атты әңгімелер жинағында өзінің өскендігін аңғартпаған. Ол негізінен екі бағытта жазуға ниет ететін сияқты. Біріншіден, әңгімені қызық оқиғаға құрып, балалардың тапқырлығын көрсеткісі келсе, екіншіден, балалар арасындағы достықты шығармаларына өзек еткісі келеді. Бірақ осы екі тақырыпты да жас автор әлі меңгере алмаған. Тапқырлықты көрсететін шытырман сюжет құруға қиялы жетпей, бұрын жазылған нәрселерді солғын қайталайды. Ал балалардың достығын көрсетуге келгенде де тың ситуация, қарым-қатынастардың жаңа көріністерін таба алмай, ескі сүрлеу жолмен тартады.

Сансызбай Сарғасқаевтың «Бір отрядта» дейтін тұңғыш повесі жансыз схемаға құрылған сәтсіз шығарма еді. Ол повестің ішінде іліп алар көркем эпизод болмауы, бір жерден жарқ етіп балалық табиғи мінез көрінбеуі жас автордың болашағы туралы қатты ойлантқан. Сарғасқаевта талант бар ма деген сұрақ тудырған. Жас автордың «Сәуленің жаңа достары» деген соңғы повесі осы пікірді өзгертетін сияқты. Бұл повесте көп кемшіліктер бар. Артық жүрген қызғылықсыз тараулар бар. Тілінің де міні көп. Бірақ мұнда шын өмір көріністері бар. Балалардың шын сүйсіндірерлік мінез-құлқы, кішкене геройлардың образдары бар. Нұры жылтырап әп-әдемі балалық табиғи мінезімен сәтті суреттелген Әушен образын ең алдымен атау керек. Әушен автордың жағымды кейіпкері емес. Ол өзі сабаққа да нашарлау, оқуға дұрыстап құлық қоймайтын секектеген ұшқалақ қыз. Балалардың сөзін де бұғып тыңдап жүреді. Бірақ автор оның осы мінездерінің бәрін мынаусы жағымды, мынаусы жағымсыз деп бөлмей, мораль айтпай, дәл бір табиғи қалпында әп-әсем түсіре қойған. Оның мінезіндегі жағымды, жағымсыз жақтарын тапқырлықпен суреттеп, түптей келгенде жақсы ниетті, өмірге ынтық, қызықшыл көңілді жас баланың сүйкімді бейнесін жасаған. Повестің негізгі кейіпкерінің бірі Қайсар образы жақсы шыққан. Бұл жолы автор әдеттегі схема бойынша жаман баланы үлгілі жақсы баланың көмегімен түзетуден аулақ. Қайсар өр мінезділеу, бірбеткей қыңыр бала. Ол кейде тәртіпсіздіктер жасайды, оқытушының сөзін де тыңдамай кететін кезі болады. Қайсар мінезіндегі осындай кемшіліктерді сыртқы оқиғаға желі ете отырып, автор сол баланың характерін жақсы ашады. Ол қыңыр болса да адал, мейірбан. Жұртқа жақсылық, істеуге құмар. Өз басын ақтауға тырыспайды. Жазықсыз қиянат болса ішке түйіп үндемей жүре береді. Біреуге жақсылық істеймін деп жапа шексе де, өз басын ақтап алуға тырыспай ренішін жасырып, томаға-тұйық қалады. Достыққа да берік, өз жолдасының анау-мынау ұсақ қиянатын елемейді. Жұртқа кешірімі мол.

Келден образы да нанымды, жап-жақсы жасалған. Ол өзі отличник, қоғам жұмысына белсене араласқан болып ылғи көзге түсіп жүреді. Онда өзімшілдік пен қызғаныш күшті. Жолдастарына жақсылықты қимайды. Оның және де өзі тасада тұрып жолдасын айдап салатын, жауапкершілікке келгенде тайып кететін мінездері бар. Кейде тіпті жасырынып алып білдіртпей досын жамандайды. Ондай адамның қорқақ болатыны анық. Ол қорқақтық, қалтырауықтық Келденде де бар. Міне, осы үш баланың арасындағы қарым-қатынас мінездер тура үлкендердің басынан кішірейтіп алынған сияқты. Яғни ертең өскеннен кейін осы үш баланың әрқайсының қандай адам болатыны көрініп тұр. Бұдан біз автордың жасандылықтан шығып, шын өмірге бет бұрғанын, схеманың орнына табиғи нұрлы сурет тапқанын көреміз. Бірақ сонымен бірге автордың әлі де арылмаған көп кемшіліктері бар. Осы сәтті үш кейіпкерден басқа повестегі өзге адамдардың бәрі шын мағынасында образ қалпына келтірілмей, схемаға айналып кеткен. Повесть «Сәуленің жаңа достары» деп аталады. Ал, осындағы Сәуле қайда десек, ол шығармада жоқ. Сәуле жас вожатый. Ол балалардың жүрегіне жол таба алмай қиналады. Бірақ оның сезімі, балаларды ұғынуы, адам тануы нағыз схемалық түрде баяндалады. Жамал Төлендинова дейтін бір керемет көреген мұғалима бар. Ол Сәуленің екі елі қасынан қалмай, оны қинаған нәрселерге оп-оңай жауап, шешім тауып береді де отырады. Бұл екі образдың екеуі де шықпаған. Сондықтан повесть өзінің атын ақтамай тұр. Балаларға соғыс туралы әңгіме айтып беретін атақты бағбан әрі балықшы Захар Кузьмич те көлденең қосылған керексіз кейіпкер. Оның образы да шықпаған, повесте бітіретін шаруасы да жоқ. Осымен бірге автордың тіл кемшілігін де баса айту керек. Ол балалар диалогын характер ашарлықтай дәрежеде тәп-тәуір меңгергенмен негізгі тілге кедей. Әсіресе суреттеу жағына кемістеу. Кейде аз да болса өзі тапқан балаларға лайық суреттеу әдісінен тайқып кете береді. Мысалы, «Сәуле өз ойының тағы бір талшығын қозғап, жабырқата түскен бұл сөзге қатқыл ғана шырайсыз үн қатты» — деген сипаттау повеске үлкендер әдебиетінен кірген.

Қазіргі қолда бар балалар әдебиетіндегі негізгі көркемдік кемшілік, ең алдымен тіл кемшілігі. Осы салада жазып жүрген жастардың ең сәтті шығарма бергендерінің өздері тілге кедей. Олардың лексиконындағы сөздер аз. Қазақ тілінің бар байлығын қазақ сөзінің сырын ашып пайдалана алмайды. Азды-көпті сәтті еңбектер берген, шығармасының тапқыр шешімімен қызықтыратын Соқпақбаев тілінің өзі де жүдеу. Жас жазушылар бір жағынан қазақ тілінің лексикалық байлығын толық меңгеріп пайдалана алмаса, екінші жағынан сөз қиыстыруға, суреттеу әдісіне орашолақ. Балалар әдебиетінің тілі жатық, ұғыныңқы болуы бірінші шарт. Сонымен бірге жеңілдік, ойнақылық және керек. Балалар әдебиетіндегі суреттеу әдісі, образ қолдану тәсілі ерекше болуға тиіс. Мұнда тек суреттеудің, эпитет, теңеу қолданудың дәлдігіне жүгіре беруге болмайды. Көбіне балаларды ынтықтыратын ойнақы көрініс, қызық теңеу, есте қаларлық эпитеттер керек. Яғни, балалардың құбылысты, өмірді қабылдауы, көріністен әсерленуі, әр нәрсеге көзқарасы тұрғысынан шебер суреттеліп, еліктіру шарт. Сонымен бірге жас оқушыны ойын анық айтуға, бейнелі сөйлеуге, қысқасы, тіл мәдениетіне, сөз байлығына үйрету керек. Ал, біздің балалар жазушыларының сөз саптауы көбіне былай келіп отырады: «Қуат қалтасынан әдейілеп уатқан тас кесектерін алып, жалма-жан рогаткасын оңтайлауға кірісті» (М Гумеров), «Осындай әдемі, ашық кеште сырғанақ тебуді аса ұнататын Самат бір кісілік жеңіл шанасын сүйретіп, үй сыртындағы сырғанақ тебу үшін әдейілеп үйілген биік қар басына шыққан еді» (Н. Ғабдуллин), «Қайта ол өз жолдастарына тұрлаулылығымен, салмақтылығымен танылатын... шынында, Жалғастың қой көздері мен бидай өңді дөңгелекше жүзінде әлденеге асыққандықтың белгісі пайда болған-ды». (Н. Сералиев).

Балалар әдебиетінде жазып жүрген жас жазушылардың екінші бір үлкен көркемдік кемшілігі оларда тапқырлық жоқ. Көп әңгімелер, повестер жас оқушысы қызықтырмайтын күнделікті қарапайым тіршілік төңірегіне құрылған. Сылбыр басталып, түйінсіз сылбыр аяқталады. Әдемі сюжеттік қалтарыстар, еліктіретін оқиғалар, қызық жайттар, күтпеген бұрылыстар жоқ. Бала қиялын еліктірмей, таңдандырмай, самарқау баяндалады. Жас кейіпкерлерде реніш, өкініш жоқ, олар сәтсіздікке ұшырамайды. Балалар басындағы қиындық аз ба? Кешегі соғыстың зардабы ше? Жетім балалардың қайғысы қайда?

Біздің балалар жазушыларындағы бір жағымсыз әдетті атап ету қажет. Кейбір шығармалар сюжеттік ситуациялар тың емес, бұрын табылған, әсіресе орыс әдебиетінде шыққан сюжеттердің вариациясы сияқты. Мұндай әдет жақсылыққа апармайды. Ал, кейде біреуі тәуір тақырып тауып алса соны көбі жабылып тінтінектеп айнала қазатын әдет те жоқ емес. Балалар әдебиеті деп аталатын талай кітаптарды оқып шыққанда оларды бір-бірінен ажырату, жеке кейіпкерлердің мінез-құлқын есте сақтау тіпті қиын-ақ.

Ауыр да болса шындықты айтсақ бізге шын мағынасындағы балалар әдебиеті әлі жасалған жоқ. Осы аталғандардың бәрі және де көп авторлардың ең тәуір деп жүрген шығармалары осы әдебиетті жасаудағы барлау ғана сияқты. Және бір қиналатын нәрсе осы барлау жұмысы ылғи бір бағытта жүріп келеді. Осыншама авторлардың жиналып келіп жазатыны негізінен үлгілі бала мен сабаққа нашар тәртіпсіз бала арасындағы күрес. Кейінгі кезде осыған саяхат, аздап еңбекке араласу тақырыптары қосылды. Осы тақырыппен балаларды әбден жалықтырып алған жоқпыз ба деген заңды сұрақ туады. Оның үстіне осы авторлардың бір-бірінен стильдік айырмашылықтары жоқтың қасы. Және де бәрінің дерлік тіл байлығы шамалы. Бұған балалар өмірін оқуға қызғылықты етіп суреттей алмай, көбіне құрғақ, балаларды жалықтыратын ақыл айтуға бейімдігімізді қоссақ, біздің балалар әдебиеті көңіл қуантарлықтай емес екені айқындала түседі.

Балаларға тек өздері туралы, мектеп жайлы ғана айту жеткіліксіз екені даусыз. Бізде қызғылықты оқиға құрып жазып жүрген адамдар жоқ. Осы жанрдағы кітаптар дүние жүзі балаларының ең сүйікті рухани азығы емес пе?

Балаларға фантастикалық әдебиет керек. Табиғат, жан-жануарлар туралы қызғылықты әдебиет керек. Осы күнгі ғылымның таңғажайып табыстарын түсінікті етіп баяндап беруде, туған жеріміздің, тамаша табиғаттың сырын ашып, хайуанаттар өмірін суреттеп беруде біз Житковтың, Бианкидің тағы басқа тамаша жазушылардың тәжірибесін неге үйренбейміз деген заңды сұрақ туады.

Жас оқушыларға ғажайып ертегілер де керек. Бізде бұл жанрда жазып жүрген жазушы жоқ. Ал, Қазақтың көркем әдебиет баспасы атам заманнан бері қазақтың барлық жас ұрпақтарына жан азығы болып келе жатқан ертектерді басып шығаруды мүлде қойды.

Балаларға үлкендер туралы да көп айту керек. Үлкендердің өмір үлгісі арқылы адамгершілікті, еңбексүйгіштікті, достықты, ерлікті ұғындыру керек. Бұл салада жазылған азғантай әңгімелер талшыққа жарамайды. Олар құнарсыз, сүреңсіз, балаларды тартпайды. Балалар мен үлкендердің қарым-қатынасы да біздің әдебиетте жөнді сөз болған жоқ. Сонымен бірге жас оқушыларға тарихи оқиғалар туралы, әсіресе тарихтағы үлкен адамдардың өмірі туралы кітаптар керек. Бұл салада істелмей жатқан жұмыс ұшан-теңіз. Біздің балалар әдебиетіміз жас оқушыларын тар саңылаудан сығалатып, мектептің босағасынан ғана көрсетіп отыр.

Ал, біздің ең басты міндетіміз жас ұрпақтың алдынан есікті кең ашып, үлкен кең дүниені жадырата көрсетіп, ғажайып қиялдарға еліктіріп өрге бастау.

Өзге жанрларға қарағанда бізде поэзия отряды үлкен. Поэзияға қосылып жатқан жас талаптар да көп. Прозаға әсіресе драматургияға жаңа күштер кейде араларын үзіп кешеуілдеңкіреп қосылса, поэзияға қосылған күштердің бірінің-бірі өкшесін басып, үзілмей келе жатқаны байқалады. Соғыстан кейінгі уақытта баспа жүзінен жыл сайын өлең жазған жаңа есімдер арылған жоқ. Облыстан, ауданнан шыққан жаңа талаптардың көбісі осы поэзия жанрымен айналысады. Бұдан төрт-бес жыл бұрын өлеңдері жарыққа шығып, сынның назарын аударып, есімдері көпшілікке белгілі бола бастаған жастарды қоспағанда, соңғы кезде ғана көріне бастаған Тұманбай Молдағалиев, Шамил Мұхамеджанов, Қибат Иманғалиев, Бекен Әбдіразақов, Сағи Жиенбаев, Еркін Ібітанов, Әмириддин Әленов, Қазыбай Нұрмағамбетов, Смат Қабылбаев, Шона Смаханұлы, К. Туғанбаев, тағы басқа көптеген жас ақындар бар. Бұлар алғашқы жүрек сырын, дүниеден көрген әсерін өлең сөзбен толғап, поэзияға енді еніп келе жатқан жастар. Әрине, көбінің өлеңдері әлі пісіп жетпеген, мамандығынан жаттығуы басым. Бірақ сүйсіне көңіл аударарлық нәрсе бірсыпыра жас ақындар өмірді өзінше көріп, өзінше толғағысы келеді. Кейбіреулері жаңа тақырып, өзіндік стиль іздейді.

Жартысын алшы жанымның,
Азырқансаң тіпті бердім бүтінін,
Деп әр қызға жалындың
Жүрегіңнің айтқан болып үкімін.
Сол рольді бүгін де
Шебер ойнап тұрсың сұлу қасында.
Ойла, жолдас,
түбінде
Өмір керек! Өзіңе де қалсын да.

Сәтті шыққан өлең. Көрінгенге көз сүзген тұрақсыз ғашықтар жөнінде талай өлеңдер жазылып еді, бірақ Ібітанов осы көп жырланған тақырыпты әдеттегідей жағымсыз кейіпкерді балағаттап жамандамай, ақыл айтуға салынбай сәтті бір формасын тауып, өзінше жаңаша шешкен. Автордың осындағы тапқыр ирониясы жағымсыз адамды жамандаудан да, оған ақыл айтудан да анағұрлым күшті әсер етеді.

Әдебиетте жамандыққа қарсы ең күшті құралдың бірі күлкі. Сол күлкі поэзиямызда көп жылға дейін тиісті орын ала алмады.

Тікелей жазғырып жамандағаннан, ашумен зекігеннен, сықақ етіп қағытқаннан, оқушыны күлдіріп жирендірген анағұрлым әсерлі болмақ.

Қазіргі қазақ поэзиясында сатира кең өріс алмай отыр. Өзге әдебиет үлгісін атамағанда осы саладағы Абай үлгісін дамытып жүрген ақындар саусақпен санауға да жетпейді. Жалғыз Асқар Тоқмағамбетовты ғана атай аламыз. Сондықтан да сатиралық өлеңдер жазып жүрген Т. Исмаилов тәжірибелері сүйінішті нәрсе. Жас автордың біраз ізденгені байқалады. Төлеужан Асқардың ізін баспай, өз бетімен омбылайды. Сатиралық ойды жеткізу үшін жаңа форма, өлеңнің жаңа ырғағын іздейді. Силлабикалық машықты ырғақтан ауытқып, жартылай тоникалық интонация табады. Жас ақын Маяковскийге көбірек еліктейді. Қарапайым сөзді поэзияға көтеруге тырысады.

...Бірақ, асыл сезімнің ұрылары
Беттерін бояп сату —
бар тіршілігі,
Бірдің емес, қашанда мыңның жары,
Осылар —
махаббаттың халтурщигі!

Жас ақын опасыз әйелдерді осылай әшкерелейді. Қамшымен осқандай, қарапайым, өткір, тапқыр сөзбен соғады. Опасыз, тұрақсыз әйелдің жексұрын болашағын жиіркенте ашады.

Қызығып шошқасы мен сиырына
Сарқарын тартқан кезде —
Сидорова
Болды да тозған бір шүберектей
«Махаббат базарында» қалар өтпей!

Қарапайым тілмен, әшекейсіз теңеумен айтылған осы жолдар соншалық күшті мағыналы шыққан.

Жас ақын стилін сәтті тапқан. Бірақ оған қоятын үлкен талабымыз: ішкіштер мен жаман мінезді әйелдерді көбірек төңіректеп кеттің, тақырыбыңды кеңейт, ірі объектілерге бар, кеңірек аренаға шық. Осы сөзді жас ақынның творчествосына да, өз басына да талап етіп қойған дұрыс сияқты.

Балалар үшін жазып жүрген ақындардан Мүбәрак Жаманбалинов пен Әнуарбек Дүйсенбиев әдемі таланттарымен бөлегірек назар аударады. Бұл екі жас ақын өз жанрларын тапқан. Олардың өлеңдері балаларды шын қуантты. Дүйсембиевтің жақсы өлеңдері мен сәтсіз өлеңдері араласып жүргенін ескерту керек. Кейде оның тілі ауыр, тіпті оралымсыз болып кететін кездері бар. Балаларды тұтықтыруға болмайды. Жаманбалинов жақсы өсіп келеді. Оның сөзінде кедір-бұдыр аз. Ал көбісінше тілі әдемі де, ойнақы да. Кішкене оқушысына айтатын ойын қиналмай, әдемі бейнелеп жеткізеді. Ол жас геройларының сүйкімді қылықтарымен бірге ағаттығын, ұнамсыз мінездерін көрсетіп опық жегізіп отырады. Кейде қағытып, мазақ етіп оқушысын күлдіре де біледі. Кішкене оқушыларына табиғаттың әсем көрінісін де әп-әдемі жырлап береді. Біз оған сүйкімді болса да жазғаның шағындау, үлкендеу сюжет ізде, балаларды қызықтыра түс, олардың алдына дүние сырын тереңірек, молырақ аш дер едік.

Кашшаф Туғанбаев (Семей) көбінесе саяси лирикаға ойысып жүр. Өлең формасына жауапты қарайды. «Маяковскиймен әңгіме» деген өлеңі жұртшылық назарын аударды. Онда терең ой, темір логика, орынды шешім бар. Бірақ баспасөзге өте сирек қатысады. Соңғы кезде тіпті көрінбей кетті.

Тұманбай Молдағалиев әдебиетке екі-үш жыл ғана бұрын келді. Бірақ қазірдің өзінде көзге түсіп қалды. Баспаға жинағын берді. Лирикаға, махаббат лирикасына көп барады.

Ай қарады көгілдір көл бетіне,
Қыз қарады көлдегі келбетіне, —

деп бастайтын өлеңі оның тілі орамды, суретшілік қабілеті күшті екенін танытады. Бірақ күйректеу келеді көп өлеңі. Үлкен философиялық тұжырымдар жасай алмай, құрғақ эмоциямен кетеді. Ақынның кемшілігіне кешірім жасап, «жас» деген сылтау айта беруге болмайды. Естеріңізде болар, Лермонтов, Петефи, Шеллилер осы Тұманбай жасында талай терең шығармалар берген жоқ па еді?

Соңғы жылдары әсем лирикаларымен жарқ етіп көзге түскен, оқушысын сүйсіндіре, үміттендіре келген жас таланттың бірі Сағи Жиенбаев. Жас ақынның өлеңге деген жауапкерлігі жақсы. Өлеңнің қос тағаны — сезім мен мағына ғой. Бірақ өлең деген сиқыршының одан да өзге бүгіп жатқан сырлары көп. Сағи өлеңнің сол сиқырларын — ішкі үндестігін, музыкалық сазын, ойнақы ұшқырлығын іздейді. Соны таба да біледі. Әлі қатайып жетпесе де поэзиямызға өздерінің ерекше, балауса дауыстарымен келген бір топ жасты атамай өте алмаспыз.

Еркеш Ибраһим (Көкшетау), Мұқтар Құрманалин мен Қазыбай Нұрмағамбетов (Ақтөбе), Ә. Абайділданов (Талдықорған) лирикалық миниатюраларды көп жазып, лирикалық геройларының жан құбылысын, ой-арманын, қуаныш, ренішін тым тәуір аша біледі. М. Құрманалин тың туралы цикл жазды. «Шевченко Қарабұтақта», «Совхоз селосы», «Нөсер» деген өлеңдері оның шеберлігінің пісіп қалғанын көрсетеді.

Жаңа талап жас ақындарға тән негізгі бір кемшілік ақындық мәдениеттің, шеберліктің тапшылығы. Жаңа талаптардың көбі ақындық образ, тіл таба алмай, күнделікті болып жатқан оқиғаларды баяндамашының тілімен ұйқастырады. Бұл пікірді дәлелдеу үшін Жазушылар одағына келіп түсіп жатқан көптеген жаңа талаптардың өлеңдерінен жүздеген мысалдар келтіруге болар еді. Мысалы, шығармалары баспада жарияланып жүрген Әленовтің көп өлеңдері былай болып келеді:

Айтып тұрған бұл әнін
Барлық халық біледі.
Бұл да бейбітшілікке
Арнаулы әннің бірі еді.
...Колхозына ауылда
Салынады қаламыз.
Соның затын алуға,
Москваға барамыз.

Әрине, мұндай жолдарды өлең деп атауға болмайды. Кейбір жастар нені жырлауды, қалай жырлауды білмейді.

Сөйтіп, өзінің поэзиялық объектісін таба алмай жаңсақ басады.

Гүрілдей экскаватор,
Асаған шомбал тастарды.
Осы ғой алып шын батыр,
Теңеген ойға асқарды, —

деп жазады Шәкір Ыбыраев. Адамды жырлаудың орнына темірді, машинаны жырламақ болады.

Көп жас талаптар өлеңге жауапсыз қарайды. Ойын толқытып көкірегінде пісіп жетпеген нәрселерді де жаза береді. Өзінің сүйген тақырыбын, көңілін тебіренткен құбылысты өлеңге айналдырып, сол өлеңді қайта-қайта, қат-қабат жөндеп шыңына жеткізу үшін әлектенбейді. Жан қинағысы келмейді. Ислам Шұғаев Жазушылар одағына он мыңға тарта жол өлеңдерін ұсынды. Бұл өлеңдердің ішінде жас автордың ақындық талантын танытатын жеке жолдар, сәтті образдар анда-санда жылт етіп көрініп қалады. Ал, түгел алғанда осы қыруар жырдан басуға жарарлық жақсы бір өлең табу қиын. Автор шұбатып он мың жолды жаза бергенше, өзінің көңілі кеткен бір өлеңін он қайтара, тіпті жүз қайтара жөндеп шынықтыра берсе өте дұрыс болмас па еді. Былапыттап жаза беру жастарға жаман әдет. Ал, бір шығарманы сан қайтара жөндеу классиктерден қалған қасиетті үлгі. Бізге Пушкиннің бір өлеңін жүз елу қайтара жөндегені мәлім.

Өлең жазу тәсілін едәуір меңгеріп қалған, баспада жарияланып жүрген бірсыпыра жас ақындарға тән кемшілік — қайталау. Олар тың образ, жаңа ой таппай, саржайлау болып қалған тақырыптарды қайталайды. Не болмаса бір ақынның сәтті айтылған ойын екінші сөзбен қайтара айтады.

Желген атпен жылды қуып жетпекпін.
(Есет)

Әлди, әлди ұйықта, бөпем,
Саясында нұрлы таңның.
Жүр күзетіп солдат әкең,
Шекарасын Ұлы Отанның.
(Ө. Жайлауов)

Партиям, сенсің жан анам,
Өсірдің өзің бағыңда.
Борышым өтер көп саған,
Ант болып жатыр жанымда.
(Қ. Айтжан)

Алдыңғы «Желген атпен жылды қуып жетпекпін» деген образдың Сырбай Мәуленовтың бұрынырақта жарияланған «Біз келеміз жылды қуып құйғытып» деген жолынан қандай айырмашылығы бар. Ал, соңғы келтірілген екі шумақ біздің поэзиямызда қайта-қайта еселей айтылған ой, пікірлер емес пе? Автор өзі нені ашты? Нені көрді? Қандай жаңа образ тапты? Бұл ойдың жалқаулығы, қиялдың енжарлығы, қиыннан қашып оңайға бой ұру. Бір қиналатын жағдай мұндай мысалдарды ондап, жүздеп келтіруге болады. Жас ақындарға қатал талап қойылуы шарт. Мұндай өлеңдер жарыққа шыға берсе жас ақын омбылап өз бетінше жол табудың орнына біреудің арқасын ықтап, өзгенің оңай ізіне түсіп жаман үйреніп кетеді. Келешекте одан творчествоның адамы емес, епшіл конъюнктурщик шығады. Мысалға жасынан өлеңдері оңай басылып, қиналып ізденбей творчестволық енжарлыққа, қиялдың сылбырлығына бойын үйретіп алып, сақал-шашы ағарғанша түзеле алмай жүрген ақындар жоқ па бізде.

Ең талантты деген жас ақындарымыздың шығармаларынан байқалатын бір кемшілік бар сияқты. Біздің поэзиямызда біраз уақыт үстем болған халық ақындарынша толғаудан, лепірме көп сөзділіктен, элегиялық, одалық стильден қашып біраз жас ақындар өз өлеңдерін нақтылы өмір құбылысына құратын болды. Образды деталь, штрихтермен ашуға тырысты. Бұл салада едәуір табыстары да бар. Бірақ нақтылық деген жақсы ниет оларды едәуір ауытқытып алып кетті. Поэзияның тақырыбын тым ұсақтатып жіберді. Жырлауға татымайтын болмашы ұсақ құбылыстарды өлең етуге әкеліп соқты. Поэзияның қанатын әлсіретті. Жалынды пафосты суытып, терең ой толғауын дыз етпе кішкене сүйінішке сайды.

Соңғы жылдары әсіресе жас ақындар творчествосында махаббат лирикасы едәуір өpic алды. Жақсы-жақсы сырлар ашылды. Адам көңілін тебірентетін өлеңдер пайда болды. Әдебиетке жаңа келген жас талаптардың көбісі өлеңдерін осы тақырыптан бастап, алғашқы жүрек дірілін, жылы сезімдерін ала келді. Бірақ жырлаушылар көбейген сайын махаббат жырларының өзі қайталана бастады. Және бір айтатын жағдай жастардың көбісі-ақ осы тақырыпқа жан-жақты тереңдеп бара алмай айлы түн, алғашқы кездесу, хат күту, сағыну, кездесетін жерге келмей қалу сияқты махаббаттың алғашқы қадамын төңіректеп жүріп алды. Бұған кейінірек келіп тұрақсыздық, аздап опасыздық мәселесі араласты. Махаббат тақырыбы еш уақыт жырлап түгесілмек емес. Әрбір адамның психологиясы оны жаңаша ашады. Бірақ біздің жас ақындар махаббаттың белгілі бір азғана атрибуттарын қайталап, еселей жырлап бір төңіректі шиыр етіп барады.

Жастардың осы төңіректі айналсоқтауы қалай болар екен? Саяси лирика жанры дәл қазір өрлеу үстінде деп айту қиын. Жастардың көбі өлеңге ыңғайлы жеке бастың лирикасына ойысыңқырап барады. Қазіргі бір үлкен міндет бұрынғы етек алған жалаңқабат айқайдан, тікелей мадақтаудан арылып, саяси лириканың жаңа формаларын, жаңа мазмұнын іздеу шарт. Бұл сапарда жалаң еліктемей, Маяковский тәжірибесіне көбірек үңілген жөн болар еді. Саяси лириканы тиянақты оқиғаға, сюжетке құрып көрсе қайтер еді? Мүмкін сонда жаңа бір форма табылып қалмас па еді? Қазақ совет поэзиясының азаматтық лирикада қалыптасқан машықты дауысы бар. Көп жетістіктері бар. С. Сейфуллин мен Б. Майлиннің, Қ. Аманжоловтың, Ә. Тәжібаевтың, Т. Жароковтың, Ш. Саинның, Қ. Бекхожиннің, X. Ерғалиевтің, С. Мәуленовтің саяси лирикалары біздің поэзиямыздың ірі табысы. Оған осқыра қарауға болмайды. Олар ел өміріндегі ірі оқиғаларға жалынды үн қосты, халықты тебіренткен жағдайларға толығынан үн қосып отыруы керек. Бұл оның азаматтық борышы.

Әдебиет сынымыз едәуір ілгері басты. Қазір оның бұдан әрі жедел дамитын болашағы, өсу процесі көрініп тұр. Бұдан бұрынырақтағы тартыссыздық теориясы біздің әдебиетіміздің басқа салаларымен бірге сынымызға да көп зардабын тигізді. Ойсыз жеңіл сындар, әдебиет шығармаларына үстірт көзқарас, жалған талап едәуір өpic алды. Ол әдебиеттің көркемдік дәрежесінің осалдауына, оқушыларымыздың талғамын бұзуға едәуір әсерін тигізді. Әдебиеттің көркемдік ерекшелігін, сонымен бірге негізгі мақсатын ұғынбай «идеялық тазалық» деген адал ниетті сөзді бүркеніш етіп шығармаларға орынсыз талап, жалған қиянаттар таққан сауатсыз, ұр да жық сындар пайда болды. Олар әдебиеттің табиғатын түсінбей, я болмаса түсінгісі келмей, көркемдіктен идеяны бөліп алып, көркем образдармен, өмір шындығымен қабыса ашылатын шығарма идеясын трактат дәрежесінде тікелей ашып жалаң қабат беруді талап етті. Көркемдікпен, әсермен берілмеген жалаңаш идеяның әдебиетте өмір сүре алмайтынын ұқпады немесе ұққысы келмеді. Сөйтіп олар тілесін-тілемесін, әдебиетті терең идеялыққа емес, жалаң үгітке, идея тайыздығына қарай итермеледі.

Осымен сабақтас әдеби мұраны зерттеуде, бағалауда да ірі кемшіліктер, қателіктер болды. Өткен ғасырдың өкілдеріне, бүгінгі заман жазушыларына қойылатын талаптар қойылды. Әрине, олар ондай талапқа жауап бере алмады. Сондықтан халық мұрасы, XVIII—XIX ғасырлар мен XX ғасырдың бас кезінің әдебиеті түгелге жуық жарамсыз деп табылды. Кейбір сыншылар Абайдың алды-артында тұлдыр қалдырмады. С. Нұрышев сияқтылар Абайға бір жағынан халық поэзиясы, шығыс классиктері әсер етті деген пікірді зиянды деп даурығып жұртты үркітпек болды. Міне сондықтан да Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институты біраз жылдарғы еңбегін тек Абай мен Жамбылды зерттеуге ғана сайса да Абай творчествосының екі үлкен бастау-бұлағы — қазақтың халық әдебиеті мен шығыс классиктерінің әсері зерттеусіз қалды. XVIII—XIX ғасыр әдебиеті түгелге жуық архивке берілді. Бұл мұралар соңғы кезде ешбір зерттеусіз қалды. Қазір осыларды қайта зерттеу, жарыққа шығару әдебиетшілердің алдындағы үлкен міндет. Өткен ғасырлар ақындарының қөзқарастарындағы қайшылықтарды, творчестволық шытырман жолдарын зерттегенде сол кездегі заман шындығын, олардың туғызған экономикалық, қоғамдық жағдайды, ол дәуірдегі қазақ қауымының дәрежесін естен шығармау керек. Қазақ қоғамының XIX ғасырдағы дамуы мен орыс қоғамының XIX ғасырдағы дамуы бір емес. Сол кездегі қазақ ақындарына өзі тұстас орыс ақындары мен қайраткерлерінің ой тереңіне, идеялық биігіне жете алмадың деп айып тағу — диалектикаға қайшы. XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиетті талдағанда да осы жағдайды ескеру керек сияқты.

Қазір әдебиет зерттеудегі болған үстірттіктерге, қателіктерге қарсы біраз сын айтылып жүр. Ол сынды «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Әдебиет және искусство» журналының беттерінен көруге болады. Соңғы кезде бұл мәселеге «Казахстанская правда» газеті араласа бастады. Бұл қуантарлық жағдай. Бірақ бұл мәселеде екі жылдан бері ілгерілегеніміз шамалы. Көп сыншылар мен әдебиетшілер әзірге мәселе көтеру дәрежесінен өсе алмай жүр. Енді сол мұраларды қайта зерттеп, әрбір құбылыс жөнінде тиянақты пікірлер айтатын уақыт келген сияқты.

Қазір біздің әдебиет сынымыз бұдан аз ғана жыл бұрынғы дәрежесінен едәуір көтеріліп, әдебиеттің келелі, проблемалық мәселелерін көтере бастады. Бүкіл әдебиетімізге ортақ мәселелерді сөз етіп, жанр ерекшеліктерін, стиль мәселесін қозғай бастады. Советтік дәуірдегі әдебиетіміздің тәжірибесі — социалистік реализм тәжірибесі — әр саладан тексеріле бастады. Мұның өзі сынымыздың, әдеби ой-пікіріміздің ілгерілегендігін паш етеді; ең алдымен қазақтың әдебиет тану ғылымының тез дамуына жағдай, негіз жасалғандығын танытады. Жасыратыны жоқ, қазіргі әдебиет сынымыздың негізгі жүгін арқалап жүрген жастар. Бұрынғы азғантай, егде сыншыларымыздың кейбіреулері бірыңғай әдебиет зерттеуде, ал қайсыбіреулері тіпті прозаға ойысты. Бүгінгі мәдениет мәселелеріне өте аз араласады.

Қазіргі жас сыншыларымыздың көбісі советтік дәуірдегі әдебиетімізді зерттеуге көбірек көңіл бөліп жүр. Серік Қирабаев Ғабиден Мұстафин творчествосы жөнінде монография жазып жарыққа шығарды. Айқын Нұрқатов Мұхтар Әуезов творчествосы жайында он баспа табақ еңбек жазып баспаға дайындады. Тәкен Әлімқұлов Қасым Аманжолов поэзиясын зерттеумен шұғылданып жүр. Қалжан Нұрмақанов түпнұсқа және аударма жайында елеулі еңбек жариялады. Қаратай Құттыбаев, Рахманқұл Бердібаев, Сейділда Ордалиев, Баламер Сахариев тағы басқа жас сыншылар әдебиеттегі типтік, жағымды герой проблемасы, шеберлік мәселелері жайында елеулі пікірлер айта бастады. Бұл еңбектер мен мақалалар азды-көпті кемшіліктеріне қарамастан қазақтың әдеби ойының ілгерілегендігін байқатады.

Әдебиет сынымызда әлі де елеулі кемшіліктер бар. Әрине, бұдан төрт-бес жыл бұрынғы сынға тағылған кемшіліктердің көбісі жойылды. Бірақ қазіргі өсу, ілгерілеу кезеңімен байланысты жаңа талаптар туды, жаңа кемшіліктер ашылды. Қазір біз: әдеби сынымызды — пікір айтпай, шығарманың мазмұнын баяндайды, туындының көркемдік қасиетін аттап өтіп, тек саяси жағына ғана тоқталады, жалаң, жалған айыптар авторға ярлык тағады деп кінәлаймыз. Типтік және жағымды герой проблемаларын сыншыларымыз белгілі дәрежеде бүкіл одақтық және қазақ әдебиетінің тәжірибесіне сүйеніп тәуір талқылады. Бірақ көп мәселелерде — кейбір сыншылар айтқан пікірлерін әдебиетіміздің тәжірибесімен байланысты бермейді. Ал кейде тың зерттеу, соны пікір айту орнына әдебиеттегі дайын теорияларды соғатын сыншылар да бар. Бұған мысал ретінде Мұқаш Сәрсекеевтің «Әдебиет жанрлары жайында» деген мақаласына тоқтала кеткен жөн. Ол былай деп жазады: «Поэзияның саласы екеу: лирикалық өлең, эпикалық поэма. Лирикалық өлең қысқа жазылып, шағын бір ғана құбылыстың, жайдың төңірегінде ой өрістейді». Одан әрі: «Прозаның кіші түріне әңгіме, новелла, очерк, публицистикалық мақала жатады. Әңгіме бір фактыны ғана суреттейді, онда қатынасатын адамдардың саны да аз, арқауы да қысқа»... Мектеп оқушыларына үйрететін осы дайын формуланы автор өз пікірі есебінде мақаласында өзек етеді. Ал кей жерде осы теориялардан қазақ әдебиетінің тәжірибесімен дәлелдемек болғанда, тәлтіректеп шатасып кетеді. Әлгі алған схемасына қолына іліккен шығарманы жұмарлап сыйғызбақ болады. Автор былай деп жазады: «Оқиға басты кейіпкерлердің өлімімен кілт бітіп, сонымен шымылдық жабылса, совет жазушысы трагедия жанрының қазіргі жағдайға сай дамуына өзінен ештеңе қоса алмайды, классиктер қолына жаутаңдап қарап қалар еді. Ғ. Мүсреповтің жазушылық тапқырлығы, шеберлігі пьесаның финалынан көрінеді», — бұл не деген үстірт ой. Сыншы советтік трагедияның барлық өзгешелігін дәл шымылдық жабылар алдында біреуді сөйлетуден іздейді. Ал осы пікірін дәлелдеу үшін одан әрі ол былай дейді. «Жазушының ең соңғы сөзді Жайнақтың аузына салуы тегін емес. Оның әл үстінде жатқан Аманкелдіге: «Жолдас комиссар! Қала жаудан тазаланды, ту орнында берік!» деген рапортынан жазушының идеялық мақсаты, трагедияның оптимизмі, кейіпкерлердің (Жайнақ, Пластунов, Бану т. б.) жарқын болашағы бүкпесіз аңғарылады». Мінеки, көріп отырмыз, Жайнақтың соңғы бір ауыз сөзі болмаса, «Аманкелді» оптимистік трагедия болып шықпайды екен. Ал егер бір себептерден қала жаудан арылмай қалса, онда бұл трагедия барып тұрған пессимистік трагедия болмақ. Бұл әдебиет сынындағы білімсіздіктің, формализмнің бір көрінісі. Осы арада ескерте кететін нәрсе, сыншы әдебиетті көбірек оқуға керек. Ең болмағанда советтік әдебиеттің жақсы үлгісінен хабардар болуға тиіс. Егер трагедия жөнінде пікір айтпақ болса, ол трагедиялардың ескі һәм жаңа үлгілерімен танысып жүруі қажет.

Кейбір жас сыншыларымыздың білімі, әдебиетті түсінуі кемістеу. Кейде олар жақсы мен жаманды, сәтті мен сәтсізді айыра алмай қалады. Жаңсақ пікір айтып оқушы жұртшылықты шатастырады. Мұзафаров жолдас Мұқановтың Шоқан Уәлиханов пьесасы туралы рецензиясында: «Чернышевский образы жақсы шыққан», — деп мақтайды. Шындық олай емес еді. Чернышевский образы сәтті шықпағандықтан, ол пьесаның сахналық вариантында түсіп қалды. Мұзафаров көркемдік бітімі келісті образдардың сырын ашудың орнына, кейіпкерлердің өз аузындағы сөздерді цитатаға алып, саяз да жұртқа белгілі шығармада қозғалған мәселелерді айтады. Ол көркем образдың табиғатын түсінбей, тарихта кімнің тұлғасы ірі болса, соның образы жақсы шығуға тиіс деген ұғымда болса керек. Бұл біздің сыншымыздың әлі де жетілмеген жағы.

Біздің зерттеу еңбектерімізде, мақалаларымызда әлі де көркем образды жан-жақты терең талдау кеміс. «Романның негізгі кейіпкерлерінің бірі Мейрам Омаров — партия басшылығын бейнелейтін образ. Жазушы оның бойына партия қызметкерлеріне лайық қасиеттерді орынды жинастыра білген», — деп жазады Қирабаев өзінің Ғабиден Мұстафин творчествосы туралы еңбегінде. Ол Мейрам образын негізінде осы тұрғыдан ғана талдайды. Біздің көп сынымызда көп кейіпкерлер қоғамдық әр түрлі күштің немесе таптардың өкілі ретінде қаралады да барлық образ осы тұрғыдан талданады. Образ деген өкіл ғана емес, сонымен бірге ол адам ғой. «Абай», «Абай жолы», «Оянған өлке», «Ботакөз» туралы қанша зерттеулер, мақалалар жазылғанмен, ондағы образдарға бір жақты қарап, әр кейіпкерлердің көркем образдық мәнін ашып бере алмай жүрміз. Жазушылардың образ жасаудағы шеберліктері де жеке сөз болған жоқ. Жалаң қимылмен, жақсы идеямен толық қанды образдар шықпайды. Біз Базаралыны халық өкілі дейміз де, оның жуандарға қарсы қимылдарын мысалға аламыз. Одан әріге бармаймыз. Ал егер де Базаралының аузындағы сөздері мен Құнанбай Тәкежандарға қарсы қимылын ғана қалдырып, өзге бояуларын сылып алсақ, бұл образ қандай болмақ? Базаралыны дәл өз заманының адамы етіп тұрған (ең аяғы түнде қыз оятуына дейін) сырлы бояулар қайда? Біздің сынымыз әдебиеттің өзінде бар қасиетті оқушыға түгел ашып жеткізе алмай жүр.

Біздің әдебиетімізде соңғы жылдар өндірісті жазу керек не, жазсақ қалай жазу керек деген мәселе сөз болып жүр. Бұл мәселені өндіріс процесі емес, еңбек процесі деп қойған жөн болар. Бұл тоқтала кету керек болатын жайт. Өйткені соңғы жылдары әдебиет тәжірибесінің өзі соны алға ұсынып отыр. Өндірісті көрсетпей, жұмысшы образын, ғылымды айтпай ғалым образын жасау қиын. Бірақ, мәселе қалай көрсетуде. Біз жоғарыда сөз еткен З. Қабдолов повесінде осының сәтті жағы да, сәтсіз жағы да бар. Мысалы, Мәулен мен Мұңалды істеп жүрген еңбегінен бөліп ала алмайсың. Бұлардың нағыз жұмысшылар екені көрініп тұр. Ал Тайманның «өндірісі» кішкентай, яғни оның мұнай жөніндегі ғылымдары таластарға өз дәрежесінде араласы, көзқарасы бөп-бөлек тұр. Жазушы мұнай жөніндегі жаңа ғылымды Тайманның бойына сіңіріп, сезіміне бояп бере алмаған. Тек мінбеге шығып анықтама есебінде ол ғылымның жайын тікелей баяндаған. Сол сияқты С. Шаймерденовтың «Болашаққа жол» романындағы биология ғылымы жөніндегі талас та оқиғаға, геройлардың образдарының дамуына қатыспай, негізгі арнадан бөлек тұр. Романның бас геройлары Мәуленнің де, Инештің де бұл тартысқа араласы жоқ. Романда айтылған биология жөніндегі мағлұматтарды арнайы оқулықтардан оқып та танысуға болады. Бұл өндірісті көрсетудің сәтсіз жағы. Өндіріс шығармаға бөлек арқау болып бүйірден кірмеу керек. Кейіпкерлердің қанына сіңуге тиісті. Егер де біз агроном ашқан жаңалықты суреттеумен болсақ, оның барлық ғылыми процесін суреттеуіміз керек, сол жолдағы оған кездескен қиындықтарды, кедергілерді, күрес, іздену үстіндегі геройдың сезімін, қиындықты жеңу үстіндегі геройдың рухани өсуін көрсетуіміз керек. Әдебиет өндірістегі, ғылымдағы жаңалықты баяндамайды, жаңашыл геройдың образын ашады. Яғни біз өндірістің, еңбектің технологиялық процесін емес, психологиялық процесін суреттеуіміз керек.

Біздің сыншыларымыз көбіне шығармаларға бір тұрғыдан ғана үңіліп, әдебиеттің тәрбиелік рөліне тар көзқараста жүр. Көп сыншылар әдебиеттің саяси-тәрбиелік мәніне ден қояды да, өзге жағына бармайды. Әсіресе, әдебиеттің мәдени-тәрбиелік мәні жете айтылмай жүр. Әдебиет адамды өмір сүруге, тұрмыс құруға үйретеді. Моральдық тәрбиемен қатар эстетикалық көркемдік тәрбие береді. Сезім мәдениетіне тәрбиелейді. Талғамын арттырады, тілін байытады. Ақыр аяғында әдебиеттің оқушыға ләззат беретінін де еш уақытта ұмытуға болмайды.

Сондықтан да әдебиеттің көркемдік, эстетикалық проблемалары, образдың көркемдік мағынасы (сущность), тіл шеберлігі біздің әдебиет сынымыздан терең де көп зерттеуді қажет етеді. Шығармаға нағыз көркем әдебиет заңдарының тұрғысынан талап қоятын уақыт жетті. Шығарма ең алдымен шынайы көркем әдебиет дәрежесіне жауап беретін болуы керек. Егер де шығарма көркем болмаса, оның тақырыбы да, актуалдығы да, идеясы да ешбір кәдеге жарамайды. Ондай болса жазушылықты жинап қойып, лекция оқыған пайдалы.

Біздің осы күнгі әдебиетіміздің ұлы орыс әдебиетімен байланысы, тамырластығы терең зерттеуді қажет етеді. Орыс әдебиетінің жақсы үлгілерін үйрену мәселесіне дұрыс талқылау жүргізу керек. Сонымен бірге бауырлас республикалар әдебиеттерінің өзара қарым-қатынасы, бір-біріне әсері біздің сыншыларымыз ескерусіз қалдырған мәселе. Бұл саладан М, Әуезовтің бірді-екілі мақалаларынан өзге еш нәрсе атай алмаймыз. Бұл біздің сыншыларымыз үшін аса қызғылықты тақырып. Біраз жағдайларда қазақ әдебиетінің даму жолын бүкіл совет әдебиетінің, социалистік реализм әдебиетінің ортақ даму жолынан бөліп алмай, өзінің заңды ортасында зерттеуіміз қажет. Біздің сыншыларымызға орыс және басқа туысқан ұлттар әдебиеті жөнінде пікір айту қызғылықты емес пе? Әсіресе, көбірек ұғынықты түркі тілдердегі әдебиетке пікір айту міндет емес пе?

Біздің сынымыз әдебиеттің ұлттық сипаттарында жан-жақты, байсалды тексеруі керек. Дүние жүзілік әдебиеттің тамаша үлгілері ең алдымен шын мәніндегі ұлттық шығармалар екені анық. Қазақ әдебиетінің ең жақсы аталып жүрген шығармаларының бойынан ұлттық сипаттар мол табылады. Осыны талдап жеткізу жас жазушыларға көп көмек болмақ. Өйткені соңғы жылдары көп жас ақындардың, кейбір жас прозаиктердің орыс әдебиетіне жалаң еліктеп жүргені байқалады. Кейбір ақындар образ жүйесін көшіріп алуға дейін барады. Көп өлеңдер, тіпті прозалар да түсініксіз, оқуға ауыр болып барады. Ондай нәрселерді орысша ойлап үйренбеген адамдардың түсіне қоюы да қиын. Мұндай нәрсе әдебиеттің ажарын қашырып, жүдетіп жібереді. Советтік әдебиет қазынасына біз өзіміздің өзгеше қазақы бояуымызды, ұлттық тың характерлерді енгізуіміз керек.

Біздің сынымыздағы ең басты кемшіліктің бірі социалист реализм әдісіндегі мүмкіншіліктің кеңдігі туралы жалпы айтамыз да, ал шығармаларға талдау жасағанда тар тұрғыдан келеміз. Әркімнің талант ерекшеліктерін ескермей, әр алуан таланттарға бір тұрғыдан талап қоямыз. Егер де бір жазушы жаңа мен ескінің арасындағы ширыққан күресті суреттеуге бейім болса, ал басқа бір жазушы бір адамның басындағы психологиялық процестің ізіне түсіп, ішкі тартысты суреттеуге икем болады. Ал, біреулерді героикалық образ қызықтырса, кей жазушылар өмірдегі теріс құбылыстарды әшкерелеуге шеберлігін танытады. Менің ойымша А. Сурков жолдастың кейбір жазушыларды «өмірдің қалтарысын тінткілейді» деп айыптағаны социалистік реализм әдісін кеңірек түсінуге септігін тигізбесе керек. Біздіңше өмірдің қалтарысын да тазалау керек. Тұрмыстағы барлық зиянды құбылыстармен күресу керек. Әсіресе, біздің қазақ жазушыларының алдында адам санасындағы капитализмнің қалдықтарымен бірге рушыл феодализмнің қалдықтарымен де күресу міндеті бар. Санадағы феодализмнің қалдығымен күрес біздің бүгінгі әдебиетімізден орын алған жоқ.

Бізде әсіресе сатира жағдайы қиын. Сатира жөнінде зерттеу еңбектер жоқ. Айтылып жүрген пікірлер шым-шытырық, қарама-қарсы. Пікір алысу ретінде тоқтала кеткім келеді. Менің ойымша Ә. Тәжібаевтың «Дунай Шубаевич» аталатын сатиралық комедиясына берілген баға қате сияқты. Ә. Тәжібаев белгілі бір жағдайда кейбір кемшіліктерді пайдаланып едәуір өрістеген жаман құбылысты жинақтап, үлкейтіп ашты. Біз жазушылардан сатира жаз деп талап етеміз де сатираның ең басты құралы — гротескті тартып алмақ боламыз. Ұлғайтып көрсетіп, шегіне жеткізе масқараламай, сатира тумайды. Меніңше, бұл пьесаны зиянды деп жауып тастамай, ондағы бар елеулі кемшіліктерді дұрыс ашып, авторға көрсету керек еді. Ал жағымпаздықпен дандайсуды, дандайсығанда тіпті құтырып кетуді әшкерелеуден бізге келер қандай зиян барын мен білмеймін.

Бізге Гогольдер мен Щедриндер керек деп «Правда» айтқалы төрт жылдай уақыт өтті. Бірақ сатира жанры Одақ көлемінде артта қалып келеді. Москвадағы Орталық әдебиет баспасөз орындарында сатира мәселесі кең талқыланып, тиісті шешімін тапқан жоқ. Сыншылар жақсы ниетті жалпылай айтады да, сатиралық жеке шығармаға келгенде, қорқақтық көрсетеді. Байқайсыздар ма, бізде өлтіре соғатын ащы сатирадан көрі, жан ауыртпай, сипай қамшылайтын жеңіл водевильге бой ұру басымырақ болып бара жатқан жоқ па? Қорғаншақтық үлкен іске апармайды. Сатира мәселесіне жан-жақты терең, батыл талқылайтын уақыт жеткен жоқ па? Бұл да социалистік реализм әдісінің келелі бір мәселесі емес пе?

Біздің жас сыншылар әр шығарманың өз алдына қойған нақтылы мақсатын, мүмкіндігін, жанр ерекшелігін, тақырыбын, шешімін дұрыс ұғынып, социалистік реализмнің кең тұрғысынан талданғаны абзал. Шындықтың сырын ашуда солақай белсенділердің қоқан-лоқысынан ығып, тайсалмауы керек. Идеялық принципті берік ұстай отырып, оны социалистік реализм әдісінің кеңдігімен дұрыс байланыстыра білсе жөн болар еді.

Қазақ әдебиеті талантты жас кадрлармен толығып, күннен-күнге молығып келеді. Бұл жақсы жастарды мәпелеп, тәрбиелеу, баулып өсіру Қазақстан Жазушылар одағының абыройлы міндеті. Әдебиет әлемінде көзге түскен әрбір таланттан көз жазып қалмай, қаз тұрған жасты қолтықтап аяғынан нық бастырып жіберу — бір-екі күннің жұмысы емес. Оның үстіне әр жастың өсу жолы әр түрлі екенін, оған орай әр жасқа істелер көмектің де әр түрлі екенін ескерсек, бұл жұмыстың аса қиын екенін түсінеміз.

Біздегі байқалатын бір кемшілік — жастарға деген қатал талапты жұмсартып алдық. Көп нашар нәрселер талғаусыз басылып кетіп жүр.

Балаларға арналған көп жинақтарға тән нәрсе — бір-екі жақсы әңгімеге бес-алты нашар әңгімені сүйреттіріп қоя береді екен. Шынын айтқанда, бірді-екілі әңгіме жазған Баязитов пен Машқарлар әлі жеке жинақ берерлік дәрежеге жеткен жоқ. Жастар тарапынан нашар кітаптар аз басылып жүрген жоқ.

Несін жасырамыз, алыста жүрген жастарға қамқорлық өте аз. Олар тиісті консультация, жәрдем ала алмайды. Қолжазбалары ұзақ жатып қалады, жете тексерілмейді.

Жас жазушылардың моральдық кескіні жөнінде де үндемей кетуге болмайды. Кей жас жазушылар алтын уақыттары мен денсаулықтарын бейберекет шашып, жаңа гүлдеп келе жатқан жас таланттарын рәсуа етуде. Бұл сияқтылар бізде бірен-саран емес. Ондай жастардың әдебиет үшін жоғалып кетуі қауіпті нәрсе. Бір-екі өлеңі басылған жас ақын арақ ішуді кәдімгідей мәртебе көреді. Әрі-беріден соң ішпеген адамда талант болмайды деген ұғым да жоқ емес.

Несін жасырамыз, Одақ төңірегіне келген жастардың көретіні бірыңғай жақсы өнеге емес, осы шарап деген пәледен талай таланттардың жанбай жатып өшкені мәлім. Талай жақсы жазушылар бізге жан аямай еңбек етуді, жеңіл тұрмыстан безінуді, үлкен мақсат үшін шыбын жанды азапқа салуды уағыздап, өздері де сондай зор адамгершілік, ерлік үлгісін көрсетіп кетті. Арақ ақындыққа емес, азғындыққа жетелейді.

Біздің жас жазушыларымызға еңбексүйгіштік жетіспейді. Талант деген еңбек. Жас жазушылардың творчестволық белсенділігі аз десек, — оның аты жалқаулық, — ой енжарлығы, қиял шабандығы. Өз басым, Нұрпеисовтен басқа бір шығарманы үш-төрт қайтара жазған жасты көрмедім, естімедім. Ал Толстой деген кісі «Анна Каренина» сияқты үлкен шығарманы он екі қайтара көшірген. Джек Лондон күніне он тоғыз сағат жұмыс істеген. Бізде творчестволық үзілістер ұзақ.

Егер солар ізденуге кетіп жатса жақсы ғой. Жазушы қаламы қимылдамай өспейді. Бұл жағынан творчество спортқа ұқсастау, неғұрлым көп жаттықсаң, солғұрлым жетіле түсесің. Айырмасы тек Спорттық табыстың шегі бар, ал творчествоның шегі жоқ.

Жас жазушылардың білімі, эрудициясы кеміс десек, бұл да шындық. Әрі-беріден соң өзі жазып жүрген жанр ерекшелігін білмейтін жастар да аз емес. Ондайлар жас драматургтар арасында көп. Кейбір пьеса жазып талаптанып жүрген жастар сахна заңдарын жете зерттеп білуге асықпайды. Станиславский еңбектерімен де жөндеп таныс емес. Жалпы өнердің бар саласын жете білу әр жазушының міндеті, сонымен бірге жазушы барлық елдердің мәдениетінен де мағлұматы болуға тиіс. Артық болса ғапу етіңіздер. Жазушы күн сайын өз білімін, мәдениетін көтеруге тиіс. Жазушы — халық оқытушысы, білімі олқы, мәдениеті кем адам кімді оқытпақ?

Өмірді зерттеу дегенді бір-екі айлық творчестволық командировкаға, үстірт, мағлұмат, ақпар жинауға саятын шолақ ұғымнан арылатын уақыт келген сияқты. Жас жазушы өмірінің ішкі ағынын, терең сарынын, өзгелер елемейтін құбылыстардың сырын аңғара білуге тиіс. Әрине, көңілі соқыр адамдар тек фактыны, цифрды, жалаң істі көреді. Жазушы шығармасына бүкіл өмір бойы жиған-тергенін түгел береді. Сондықтан да тез таусылып қалмас үшін өмірді көбірек, тереңірек зерттеу шарт қой.

Бүгінгі мәслихатқа Алматыдағыларды қоспағанда, облыс, аудандардан жүз қаралы жас талап қатынасып отыр, олардың азды-көпті еңбектері бір баяндамаға сыймайды. Егер бәрін атап шығуды мақсат етсек, бұл баяндама бұдан да нашар болар еді. Жастар шығармалары семинарда қаралады. Қырық шамалы ақын-жазушылар жас жазушылардың шығармаларын талқылап, ақыл-кеңес айтады, нақтылы көмек етеді. Бұған кешегі пленум мен бүгін, ертең шығып сөйлейтін жолдастардың пікірлерін қоссақ, ала білген адамға аз ақыл айтылмаған сияқты.

Соңғы жылдарғы әдебиетке көз жібергенде жас жазушыларымыздың көп қиын кедергілерді жеңіп, есіп келе жатқанын байқаймыз. Бұл негізінен қазақ әдебиетінің жалпы өсу-ілгерілеуімен тамырлас. Қара дүрсін жансыз шығармалардан арылып, шын мағынасындағы көркем, терең идеялы өршіл әдебиет жасау бірінші мақсатымыз. Адам баласының көркем ойын жаңа сатыға көтеру міндеті қойылып отыр. Бұл міндетті орындауда совет әдебиетінің көпке танылған өкілдері, өсіп келе жатқан жастары бар — қазақ әдебиеті кадрлары елеулі үлес қосатыны хақ.

1956


Пікірлер (1)

Жомарт

Қызық әңгіме

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз