Ертеде өз еңбегімен күн кешірген бір кедей шал болыпты. Шал өмірінде бір шыр еткен көрмепті. Бар тілегі бір бала екен. Шалдың кәсібі отыншылық екен. Отын алғалы сайға кетіп бара жатса, жолдың шетіндегі бір топ шидің түбінде ораулы жатқан бір затты көріпті. Алып қараса, жаңа туылған нәресте бала екен. Шал қолына алысымен, бала шырылдап жылай бастапты. «Құдайдың бергені» деп, шалдың қуанғаны соншалық, отын алмастан баланы қойнына салып алып үйіне қайтыпты. Өмірі бала көрмеген шалдың кемпірі де жүрегі жарыла қуаныпты. Үйіне келген соң, маңайдағы көршілерін шақырып той жасапты. Шал баласының бақытты болуын тілеп, оның атын «Бақтыбай» деп қойыпты. Күн өтіпті, ай өтіпті, жылдар өтіпті. Бақтыбай есейе бастапты, әкесі Бақтыбайды оқуға беріпті. Бала өте зерек, алғыр болып өсіпті. Өзі тұстас балалардан ақылы анағұрлым артық болыпты. Басқа балалар бір-бірімен төбелесіп шатақ шығарса, Бақтыбай үнемі оларға арашашы болып, ақылын айтып жүретін болыпты. Сондықтан балалар оны өздеріне «би» сайлап алыпты. Бақтыбай «би» болған күнінен бастап балалар арасындағы ұрыс-жанжал түгепті. Балалар араларында болған әр қандай істі бітіруге Бақтыбайдың алдына жүгініске келетін болыпты.
Өз елінің биінің жалғыз ұлы бар екен, ол келіншегін төркіндетіп келе жатса, бұларға жолдан бір сайтан келіп қосылып алыпты. Әлден уақытта келіншек байқап қараса, күйеуі екеу болып қалыпты. Бір-бірінен титтей де айырмасы жоқ. Келіншек қайсысы өзінің күйеуі екенін айыра алмапты. Сол жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, оң жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Оң жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, сол жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Сөйтіп, келіншек қайсысысын «өз күйеуім» дерін біле алмай, екі жағына жалтақ-жалтақ қараумен жүре беріпті. Ал өңі-түсі айырғысыз би ұлы мен сайтан жол-жөнекей келіншекке таласып, керісумен болыпты. Екеуі де «келіншек менікі» деп, өзіне қарай бейімдеп, келіншектің атының шаужайына жармасыпты. Сөйтіп, би ұлы мен сайтан келіншекке таласып әбден төбелесіпті. Бидің ұлы өзінің сүйген әйелінен айырылмауға мықты кірісіпті. Сайтан да оңай көрінбепті. Осылайша дау-таласпен сол үшеуі бидің үйіне барыпты. Бидің баласы аттан түсе салысымен жүгірген күйі әкесіне барып:
— Әке, қайын жұртыма барып қайттым, бірақ жолда мына бір адам бізге жабысып алып, әйелімді «менікі» деп, таласып болмайды. Өзің айырмасаң, менде шама жоқ, – депті. Бұның артынан іле-шала баяғы сайтан келіп:
— Әке, қайын жұртыма барып қайттым. Бірақ мына біреу неме менің әйеліме жабысып таласып болмай жүр, бұны өзің айырып бермесең, менде айырарлық шама жоқ, – депті. Сонда келіншек:
— Ата, мен де айыра алмадым, қайсысы сіздің балаңыз екенін. Бұл екеуі жолда осында жеткенше дауласып төбелесіп келді, – депті.
Би қанша бағдарлап қараса да қайсысы өзінің жалғыз ұлы екенін айыра алмапты. Бидің әйелі де қайсысы омырау сүтін берген өз баласы екенін білмепті. Сөйтіп, әке-шешесі баласының әрқандай белгілерін қарастырса да ұқсас болыпты. Ешқандай нәтиже шығара алмапты. Бұлар ақылы таусылып, амал таппаған соң, ақырында көрші елдегі бір білгішке барып сынатпақ болып, өзі, әйелі, баласы, келіні және сайтан болып бесеуі білгішке қарай аттаныпты. Бидің ұлы мен сайтан тыныш жүрмей, жол-жөнекей керілдесіп отырыпты. Бұлар ұзақ жол жүріпті. Бір ауылдан өте бергенде, үлкен орманды сайда ойнап жүрген бір топ балаға кезігіпті. Жолаушылардың дауласып бара жатқанына таңырқаған балалар жиналып, бұларды тоқтатып алыпты.
— Сіздер неге дауласып келесіздер, егер сіздер шеше алмаған іс болса, біз сұрап бітіріп қояйық, – депті балалар. Даулылар «бұлардың қолынан не келеді?» деп, менсінбей жүріп кетіпті. Сонда балалар тағы да: «Біздің ақылды да әділ биіміз бар, бітпеген қандай жұмыс, дау болса да оның билік айтуға ақылы жетеді», – депті.
— Басқаның қолынан келмеген жұмысты бұлар қайдан бітірсін, – деп тағы да кекетіп, сайды өрлей жүріп кетіпті бұлар.
— Біздің сондайлық ақылды да әділ биімізді неге көзге ілмейді. Бұларға көресісін көрсетейік, – деп, барлық бала жабыла сайдың тасымен атқылап, әлгі бесеуін жүргізбей қойыпты. Жүруге жол таппай бөгелген би бастаған бес жолаушы лажсыздан балалардың биінің алдына барып жүгініпті. Балаларға болған оқиғаны баяндап беріпті.
— Ей, екі жігіт, екеуің қазір жалаңаштанып шешініңдер, шешініп болған соң, анау төбеден бері қарай жарысасыңдар, озып кеткенің мына құмыраның ішіне кіресің де артта қалғаныңды өлтіремін. Келіншек озып келгендікі болмақ, – депті Бақтыбай.
Бақтыбай балаларға бұйрық ретінде: «Сендер сөреден көмбеге дейін екі жаққа қаз қатар тізіліп тұрыңдар, артта қалғанды ұстап алыңдар», – депті. Бұл билікті естігенде, би де, бәйбіше де, келіншек те зәре-құты қалмай ұшыпты. «Арты не болар екен» деп күтіпті. Сонымен жарыс басталыпты. Бір кезде екі жігіттің біреуі озып келіпті де Бақтыбай әзірлеп қойған құмыраның ішіне еніп кетіпті. Бақтыбай жалма-жан құмыраның аузын тығындап алыпты. Ал артта қалған жігітті өлтірмеуге балаларға бұйрық беріпті. Бұны естіген балалар:
— Бақтыбай би, сен бүгінге дейін екі ұшты билік айтпаған едің, мынауың қалай, мұны әлгінде өлтір демеп пе едің, енді өлтірмеңдер деуіңнің мәнісін айтшы, – деп, жан-жақтан сұрақ қоя бастапты. Сонда Бақтыбай би асықпастан тұрып былай деп жауап қайырыпты.
— Мына құмыраға кірген адам емес, сайтан. Ал мына артта қалған жігіт нағыз адамзат, әйелдің жұбайы - осы. Мен бұл екеуінің қайсысы адамзат, қайсысы сайтан екенін айыру үшін осы амалды қолдандым. Шындығында, мына құмыраның ішіне адамзат сыймайды, – депті. Бұған балалар әбден риза болыпты. Құмыраны балалардың алдында үлкен от жағып өртеп тастапты. Сөйтіп, әлгі жігітті сайтанның пәлесінен осылайша құтқарып, келіншегін қосып қойыпты. Бұны көрген би қуанышы қойнына сыймапты. Бақтыбайға көп алғыс айтып, елін шақырып той жасапты.
— Қашан да елді ақылды адам сұрауы керек. Бүгіннен бастап осы елдің биі - Бақтыбай, – деп өз аузынан жариялапты.
«Қой асығы деме, қолыңа жақса сақа қой» деген мақал осыдан қалыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Ануар
Өте керемет