Өлең, жыр, ақындар

Театр тынысы

Әдетте дәстүрді жылдар емес ғасыр жасайды деп түсінеміз.

Ал, қазақ театр өнеріне бар болғаны отыз жыл толды. Алайда, оның өз дәстүр, өз беті, өз тендендиясы жоқ деп кім айта алады.

Қазақ драматургиясы мен театр өнері ескі ауылдағы ғасырлар бойғы көшпелі көне тұрмыс күйреп, жаңа өмір енді орнай бастаған революция жылдарында дүниеге келді. Әуелі ескі патриархалдық қарым-қатнасты сипаттайтын сатиралық пьесалар мен спектакльдер туды. Сосын сахнаға эпос шықты. Халықтық эпостың әшкерелеуші күші, демократияшыл дәстүрі жаңа заманның рухани талаптарын ойдағыдай қанағаттандыра алды. Эпос бойынша жасалған сахналық шығармалардан халық өткен жолын, өзінің ең таңдаулы ұлдары мен қыздарын кім өлтіріп, олардың жарыққа талпынған жақсы тілегін кім тұншықтырып келгенiн көрді.

Қазақ драматургиясының алғашқы қарлығашы — М Әуезовтің 1917 жылы жазылған «Еңлік — Кебек» трагедиясы. Феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы шыққан батыр жігіт пен батыл қыз жайындағы аңыз бір жарым ғасыр бойына халық аузында айтылып келеді. Оны талай ақын жаңаша жырлап көрді. Өз сахнасын 1926 жылы Әуезов трагедиясымен ашқан қазақтың профессионалдық театры көруші қауымды бірден биік романтизмімен, сом тұлғаларымен, ізгі адамгершілік сезімдерімен баурап алды.

Эпостық шығармаларға іле-шала ескіні күйретіп, жаңаны құруға үндейтін пьесалар жарық көрді. Қазақтың ұлттық театры алғашқы адымнан бастап үлкен тақырыпқа, терең идеяларға көбірек ден қоятын мінезімен көзге түсті. Театрдың алғашқы артистері — халық таланттары. Олар сахнаға ұлттық характер, халық тұрмысы жайлы зор білікпен келді. Олардың ұстазы — халықтың бай ауыз әдебиеті болды.

Қазақтың жас драматургиясы тарихи-революциялық осы заманғы тақырыптарды бірден меңгеріп алып кете алмады, ондай өрелі тақырыпты ұлттық театр өнері де бірден меңгеріп кете алған жоқ.

Бұл жолда ұлттық драматургия мен театр бүгінгі күнде жете түсіну үшін әуелі өз халқының өткеніне көбірек ден қойды, сосын бірте-бірте орыс пен әлемдік классикаға, совет драматургиясының таңдаулы шығармаларына қол соза бастады.

Қазақ авторларының С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқары», М. Әуезовтің «Түнгі сарыны», С. Мұқановтың «Күрес күндері» сияқты 1916 жыл көтерілісі мен азамат соғысына, Б. Майлиннің, Ғ. Мүсреповтің, М. Әуезовтің коллективтендіру, советтік интеллигенцияның қалыптасуына арналған пьесалары жазылды. Кейінірек Қазақстанның жас жұмысшы табы туралы пьесалар туды. Ол шығармалар көркемдік жағынан бір деңгейде болмаса да, бәрі де халық өмірін көрсетті. Бұның өзі қазақ драматургиясы мен қазақ театрының жақсы дәстүрінің қалыптасуына себепші болды.

Кейінгі творчестволық ізденістер осы ізгі дәстүрден өркен жайды. Егер М. Әуезов «Еңлік — Кебекте» махаббаттың асқақ романтикасын сақтай отырып, өткен дәуірдегі қазақ қоғамының әр алуан тобы өкілдерінің реалистік бейнесін жасаса, Ғ. Мүсрепов Қозы Көрпеш — Баян сұлу жайлы ескі аңызға жаңаша әр берді. Ол халық аңызындағы қара күш иесі Қодарды да махаббат құдіретіне бас игізеді. Автордың мұндай көп планды сом тұлға жасау жолындағы ізденістерді кейінгі «Ақын трагедиясында» философ-ақын Ақанның күрделі бейнесін табысты жасап шығуға себепші болды.

Қазақ драматургиясы ұлттық театр өнерімен бірге өсіп, бірге дамыды.

Аға буын актерлардың көбі кесек тұлғалар жасайтын суреткерлер ретінде қалыптасты. Қазақ ССР-нің халық артисі Е. Өмірзақов революционерлер бейнесін жасаса, Ә. Хасенов халық өкілдері бейнелерін жасады. Серке Қожамқұлов жасаған сатиралық образдар көруші қауымның көңілінен шықты. Сәбира Майқанова қазақ әйелдері бейнесін шебер жеткізді. Р. Қойшыбаева мен С. Телғараевтың комедиялық бейнелері — қазақ театрының үлкен табыстары боп табылады. Қазақ актерлары: Қ. Қуанышбаев, Ш. Айманов, X. Бөкеева, Қ. Бадыровтар адамдардың күрделі жан дүниесін ашуда зор табыстарға жетті.

Қазақ драматургиясының күні бүгінгі үлкен міндеті — осы заман тақырыбындағы шығармалар тудыру. Драматург Ә. Әбішев Қарағанды шахтерлары жайында «Достық пен махаббат» атты пьеса жазды. Совет адамының биік патриотизмі мен жасампаз еңбек пафосы көрушілерді тебірентті. Бұл пьесасында автор бұрынғы шығармаларындағы схематизм, жалған пафостан арылып, күрделі характер шындығын ашып береді. Ғ. Мұстафиннің «Миллионері») мен Ш. Хұсайыновтың «Кеше мен бүгіні» де өз тұсымыздың өзек күйдірер проблемаларына арналған.

Қазақ драматургиясы өмірдің маңызды проблемаларын көтеруге замандастарымыздың жан дүниесін ашуға талпыну арқылы есейіп, ер жетті.

Бірақ кейде ойдан шығарылған шырғалаң, абстракциялық тартыстарға бой алдырушылдық әлі күнге кездесіп қалады.

Мәселен, драматург Ш. Хұсайынов «Ертіс жағасында» атты пьесасында маңызды мәселе көтермекші болған. Алайда, су электр станциясын салып жатқандардың ой-толғаныстары, олардың арасындағы ескі мен жаңаның күресі былай қалып, драматург ойдан шығарылған әкенің қылмысына баланың жауапкершілік проблемасын көбірек сөз еткен.

Драматургтеріміз өмірді барынша батыл, барынша жіті зерттеп, өз замандастарымыздың ой-сезіміне көбірек құлақ асқанда ғана шынайы шығарма тудыра алатындарын ұмытпауға тиісті.

Біздің бүгінгі өміріміз әр алуан шындыққа аса бай. Тың ерлері мен Қазақстан Магниткасын салушылардың қаһармандық еңбегі өзінің көркем әдебиеттегі шынайы бейнесін әлі тапқан жоқ.

Біздің драматургиямыз бен театрымыздың қашанда өмірдің өзекті проблемаларын көтеретін жақсы дәстүрі бар. Енді тек сол жақсы дәстүрді одан әрі дамыта білейік.

1958


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз