Омарова Ұлана
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназия мектебі
Қазақ халқының тапқырлықты, өмір құбылыстарын бейнелі сөздерге бөлеп берушілікті ерекше бағалағаны,сөз өнеріне айрықша мән бергені ертеден белгілі. Халқымыз барлық байлықтың ішінен тіл өнерін бірінші орынға қойған. «Әуелгі бақ-тіл мен жақ», «Өнер алды қызыл тіл» деген нақыл бекер тумаса керек. Халқымыздың күллі тарихы көркем сөзбен өрнектелген.Елдің сан замандар бойы бастан кешкендері, өмір тәжірибесі, болып өткен істерге деген бағасы, алдан күткен арманы мен үміті ертегілерде, аңыз-әпсаналарда, жырларда, мақал-мәтелдерде, тарихи және лирикалық өлеңдерде, шешендік сөздерде көрініс береді. Шешендік сөздердің танытқыштық, тәрбиелік және эстетикалық мәні зор. Бұларда дала өмірінің қағидалары, шиеленіскен қайшылықтарды шешудің ережелері, әділдік, парасат, даналық үлгілері секілді тұжырымдар кездеседі. Шешендік сөздер көп ретте билер сөзі ретінде таралып сақталған. Қазақ шешендік сөздерінің көрнекті нұсқалары халқымыздың басына ауыр заман туған кезде өзінің биік мемлекеттік парасаты, ел келешегін кең ойлайтын кемелдігі арқасында өшпес даңққа ие болған Төле Әлібекұлының атымен байланысты айтылады. Ұлы билер, соның ішінде Төле бидің өмірбаяндық деректері мен атқарған істерінің шежірелік тізбегі толық сақталған жоқ. Оның өмір, еңбек жолдары көбінесе ауызша әңгіме, аңыз ретінде ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырған. Ал ауызша тараған шежіре мен әңгіменің әсіреленуі де, шындықтан ауытқулары да, тарихи жылнамалармен сәйкес келмейтін жерлері де болады. Бірақ шешендік сөздердің теңдесі жоқ өзгеше қасиетін де есте ұстағанымыз жөн. Халық қиялы жекелеген жайлардан жаңсақ кеткенімен, негізгі түбірлі мәселелерге келгендеәсте жаңылмайды.Осы күнге дейін жеткен халық ауыз әдебиетіндегі Төле бидің айтқан сөздерінен нені пайымдауға болады?
Біріншіден, өзі араласқан билігініңбәрінде ел мүддесін өз басының мүддесінен жоғары қойған.
Екіншіден, елдік мәселелерді шешкенде ауыл, ру көлемінің деңгейінде қалмай, адамдарды жеке басының қасиетіне, кісілік дәрежесіне қарап бағалаған, ешбір тұста да жақыным еді деп жасық туғандарды көтермелемеген, алысым еді деп қазақтың азаматтарын алаламаған. Ол «өзі болған жігіттің ата-тегін сұрама» деген шартты басшылыққа алған.
Үшіншіден, ұлы би қандай дау-жанжалға төрелік айтқанда ешқашан әділдік таразысынан аттамағаны көрінеді.
Төле би - көп оқыған, білімін өз бетімен шыңға көтерген, ерен туған дара тұлға. Жалпы Төле би жаратылысында, іс-әрекеті де жау қандай күшті болса да оған қарсы қояр күшті, ақылмен жеңуді іске асыруды ойластырып отырған. Оған мысал келтірсем: Жоңғар шапқыншылары елге шабуыл жасағанда күшпен қарсылық көрсетіп, елін қырғыннан сақтаудың мүмкіндігі болмағанына көзі толық жеткен соң, ақылмен елін сақтауды ойластырады. Ол үшін шығыс халықтарының әдет-ғұрыптарына, сеніміне сүйенді. Ерте замандары Шығыс халықтары, қарлығашты әулие құс санайтынын білетін-ді. Осы білімі шабуылдың алғашқы күндері-ақ жоңғарлар сеніміне ие болуға мүмкіндік берді. Жоңғар шапқыншылары келіп қалғанда Төле би үйден шықпай отырады. Неге қашпадың?-деп сұрағанда Төле би: -мен тастап кетсем мына қарлығаш ұясы бұзылып, қарлығаш балапанымен қырылуы мүмкін,-деп жауап қайырады. Мұны естіген жоңғар басшылары: «Бұл кісі әулие екен тимеңдер»-дейді.Сөйтіп, Төле би олардың сеніміне кіреді. Олардың бодауында болса да, қазақ халқының егемендігін сақтауға барлық күшін салады. Осыдан бастап, Төле би «Қарлығаш әулие» атанады.
Төле би бай-феодалдық қоғамда өмір сүріп, ержетті. Ол қоғамның бір ерекшелігі- шынжыр балақ, шұбар төс бай-сұлтандардың, хан-билердің балалары малбаққан, не шаруа ісімен айналысқан емес, керісінше, той-думан, тамаша-қызық қуып, өмірлерін бос селтеңмен өткізген, халық мұң-мұқтажының не екенін білмеген. Ал әкесі Әлібек Төлені ондай «қызықтан» ерте айырып,бейнеттің не екенін, қара халық тұрмысының қандай болатынын ерте танып, өсуіне жағдай жасаған. Бұл Төле өміріндегі ең маңызды, ең шешуші кезең. Олай дейтінім, ол халықтың мұң-зарын, арман-тілегін өз құлағымен естіп, көз жасын өз көзімен көріп, жаны ашып өсті. Мұның бір мысалын қой бағып жүргендегі төленің басынан өткен оқиғадан ерекше сезгендейміз.
Төле ертеңгісін ауыл сыртында қой бағып жүреді. Шайдай ашық боп тұрған аспан бұлттанып, найзағай жарқылдап, нөсер құйып кетеді. Төле үлкен түйе жапырақтың екеуін үзіп ап, басына жамылып, бұтаның түбінде біраз отырады. Көп ұзамай жауын басылады. Сол сәт күннің шығысынан бір сарын естіледі. «Ойпырмай, бұл не болды екен?»-деп Төле жапырақтың қалқасынан сығалап қараса, сары ала шапан түстес бір нәрсе ағып кеп тобылғылы сайға қарай жарқ етіп құлап түседі. Оның бүркіт екенін таныған ол орнынан түрегеп, үстіндегі киімін сығып, бұтаға жайып кептіріп, тобылғылы сайға қарай жүреді.
Бүркіттің әдетін әкесінен естіген, қандай аш болса да, түскен аңының сан етінен бір кеседей ойып жейді де, ұшып кетеді. Өлексеге қайтып айналып соқпайды.
Төле тобылғылы сай етегіне жете бере еліктің дәу текесінің серейіп жатқанын көреді. Бүркіт оның сан етінен ойыпжепті де, ұшып кетіпті.
Төле текені орнынан қозғалта алмайды. Біреу-міреу кездесер ме екен деп жан-жағына алақтай қарайды. Кішілеу төбе басына көтерілгенде, бір шалдың жылап отырғанын көреді. Қасына тез жетіп барып:
-Ассалаумағаликум, ата,-дейді сәлем беріп.
–Уаликумсалам, балам. Ау, қарағым, сен Әлібек бидің ұлы Төлемісің?
-Иә, ата. Бұл жерде неғып жылап отырсыз?
-Қарағым, екі күннен бері ашпыз. Азығымыз таусылды. Бүгін түйеме мініп, ел жаққа барып, азық әкелсем бе деп едім, оған шамам жетпеді. Кедейліктің кесірінен кемпірім екеуміз анау жыра етегіне егін салып, жалғыз ешкіміздің сүтін көже қатық етіп отыр едік. Енді не амал табарымды білмей, біреу-міреу кездессе, елге хабар бер дегелі осы төбе басына әрең шықтым, балам.
–Ата, жаңа жауын жауып кеткенде бір бұтаның түбін паналап отырып, бүркіттің тобылғылы сайдан бір еліктің семіз, дәу текесін ұстағанын көрдім. Ол ұшқанша киімімді кептіріп, бармадым. Ұшқан соң барсам, дәу теке. Жүріңіз сол еліктің етін үйіңізге апарайық.
Сөйтіп, Төле би шалдың батасын алады.
Төле басынан мұндай оқиғалардың жүзі, тіпті мыңы өтпегеніне кім кепіл? Халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауөз-өзінен келе қоймайды, ол-тәрбие жемісі. Ал тәрбие – әркімнің өмірден көрген-білгеніне, естіп-ұққанынан өріс алады десек. Әлібектің Төлені мал бағуға бөлудегі ниетін түсіну қиын емес.
Төле би ес білгенен бастап ел ішіндегі ақындардың туындыларына ерекше ықылас қойып, мән-мазмұнын терең түсіне білген. Олардың ненің жақсы, ненің асыл, қасиетті екенін дәріптеген өлең-жырларын есте тұтқан, әр сөзін ой таразысына салған. Елім деген ерлердің жан дүниесіне, ақыл-санасына барлау жасап, мақсат-мұраттарын аңдаған. Халқымыздың тіл құнарлылығын бойына жинап, оны қалай қолдану мүмкіндігін қарастырған, оның серпінді қуатынан нәр алған. Өткір шешен тіл арқылы, жыраулардың заман сырын шебер жырлап, жұрт жүрегіне ұмытылмастай түсінікті жырлай білгенін, ел-жұртты, туған жері табандылық танытқан ерлер есебінде жұртты әділдік, бостандық, теңдік үшін шақыра білгенін нәзік пайымдаған, терең түсінген. Қай әңгімеден де Төле бидің кең парасаттылығы, қазақ руларын алаламай, бәріне тең, әділ қарайтыны, рияшылдыққа бармайтындығы, құбылыстардың заңдылығын танитын көрегендігі, кекшіл емес, кең пейілділігі, адамға деген мейірімділігі көрініс беріп отырады.
Ұлы бидің қашан, қандай жағдайда айтқаны мәлім болмағанымен, «айтуы мүмкін» делінетін шешендік сөздер өз алдына бір шоғыр. Мәселен, «елге бай құт емес, би құт», «тұсау ат сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды», «жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, - өрісің тарылар» секілді сөздер ел бірлігін дүниедегі қымбат ырыс санаған қатал заманның жүрек жарды лебізі болып естіледі.
Қазіргі кезде халық бірлігіне, ұлт ынтымағына шақырған ұрандар, жалынды сөздер жиі естіледі. Бәрінің де айтатыны «бөлінбейік бірігейік, ел мүддесін жоғары ұстайық» дегенге саяды. Бірақ мұндай пікір құрғақ сөз болып қалмай, іспен дәлелденіп жатса ғой. Бірлікке шақыратындар өзінің маңайындағы жақындарынан басқаны көрмей, «аналарбізге туыс емес» деп руы бөтендерді сыртқа тепсе, рухани азудың ең жаманы сол.Сондықтан ынтымақты нығайтудың әділ жолы- жақсылықты жалпы қазақ ұлына жасап үйрену, «жақындағыны ғана емес, алыстағыны да» бағалап үйрену болмақ. Ұлы бидің аруағын ардақтап, олардың қалдырған үлгісін қадірлеп, қазақ бірлігінің символына айналған Ордабасыда бүкіл халықтық салтанат өткізілуі өшпес дәстүрлер мен ешқашан мәнін жоймас құндылықтарды жаңғыртуға септесетін оқиға.
Жалпы Төле би туралы деректерді жинақтағанда, тілінің өткірлігі, шешендігі ерекше байқалады. Төле бидің айтқан сөздері өлең түрінде де, қара сөз түрінде де кездеседі. Қай әңгімесін алсақ та, жіті басып, дәл табу немесе өздері шешіп білсін деген ниеттегі астарлап сөйлеу кездеседі. Әділдігімен қатар, көркем сөздің майталман шебері екендігі хақ. Сондай-ақ тура айтқандығымен елді өзіне тарта білуі, айналасына игі жақсылардың, әділдікті серік еткен жандардың топтасып жиылуы да, Төле биді тек төбе би емес, адамгершілігі жоғары, түсінігі терең жан екендігін де дәлелдейді.
Мысалы:
- Көсіле шабар жерің бар,
Қол боларлық елің бар.
Қол бастайтын ерің бар
Атадан қалған жолың бар
Жай отырып құл болсақ,
Атадан ұл боп туды деп
Кейінгіден кім айтар?!
Ер басына күн туса,
Етігімен су кешер,
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер.
Қайрат қылса қасқайып,
Қиындықтың бәрі әлі-ақ кетер, - деп Төле би ел-жұртын жаудан да қауіпті рухани күйзелістен сақтап, дұрыс бағыт сілтейді, сол жолда бар қабілет-дарынын, қайрат жігерін аямайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі