Өлең, жыр, ақындар

Ерлі-зайыпты шымшықтар неге ұрысты?

Бір күні ерлі-зайыпты шымшықтар бір-біріне ренжісіп, шоқысып қалыпты. Олардың күңкілдесіп жатқанын аң мен құстын тілін түсінетін Сүлеймен патша есітіп тұрды. Әйел шымшық күйеуінің айтқанына көнбей, қашып жүр екен. Сонда еркек шымшық жүндерін күдірейтіп: «Егер мен қаласам, Сүлеймен патшаның сәлдесін шешіп алып, теңізге лақтырып жіберем. Сен маған қарсы келетін кімсің?» — деп айқайға салып жатыр дейді.

Әңгімені есітіп тұрған Сүлеймен пайғамбар күлімсіреп: «Әй, шымшық! Сен, шынымен де, менің сәлдемді теңізге лақтыра аласың ба?» — деп сұрайды.

— Жоға, уа, Аллаһтың пайғамбары! Әрине, жоқ. Бірақ еркектің бәрі қатынына сөзін өткізу үшін ірілеу әңгіме айтатыны бар емес пе? Сондай тірлік қой меніңкі, — депті еркек шымшық ұялып.

Сонда Сүлеймен патша әйел торғайға қарап: «Ал сен ше? Күйеуіңнен неге қашып жүрсің? Ол сені жақсы көреді екен ғой?», деп сұрақ қояды.

— Жоқ, уа, Аллаһтың пайғамбары! Ол мені жақсы көрмейді. Тек сайраған тілімен ғана жақсы көремін дейді. Арғы жағында ондай емес. Бұл менен басқа әйел шымшықтарды да жақсы көреді, — деп жауап қайырды әйел шымшық.

Осыны көріп, есітіп тұрған Сүлеймен Пайғамбар бір сәт терең ойға шомып кетіп айтқаны мынау екен: «Уа, Құдайдың құдіреті! Кіп-кішкентай шымшықтың өзі бір жүрекке екі махаббат сыймайтынын қалай білді екен? Ал адамдар ше? Қалайша олар қызылды-жасылды дүниені, мал-мүлікті, байлықты сонша жақсы көріп тұрып, Раббысын да жақсы көремін дейді?» Содан соң: «Уа, Аллаһу Та’алам! Жүректерге Өзіңе деген махаббатты ғана орнықтыр! Сенен артық ешкімді, еш нәрсені жақсы көрмейік», — деп жылап тұрып дұға еткен екен.

Асылбек Әуезханұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз