Өлең, жыр, ақындар

Дайағашшы

Тізгін қағу

Жарықтық, Зейнелқабден ақсақалдан асқан атқұмар жан көрмеппін де, естімеппін. Ол кісі үшін жер бетінде бәйге атынан қадірлі ештеңе жоқ секілді. Өзі момындау кісі еді. Қырсыққанда өзіне көңіл өсірерлік жүйрік те бітпеді. Бірақ кімде жүйрік бар, өмірі соның айналасында өтті. Бәйгеге баптарда суарысып, жайылтысып дегендей сол атты күндіз-түні айналып-толғанады. Сол үйдің қолбаласындай жата-жастана жүріп қызмет етеді. Біреу жүйрік атын әредік қойға, иә, әлде бір шаруаға мініп жүргенін көрсе, астынан аударып алуға бар. «Құдай-ау, басқа қылқұйрық табылмай қалды ма, обал емес пе? Мә, менің атымды мін!» деп өз атын түсіп береді. «Алғабай жүйрік атымен қарағай сүйреп жүр екен» дегенді естігенде, басқа шаруасын ысырып қойып солай тартқанын жұрт жыр ғып айтады... Бәйге жақындағанда шабандоз баланың қозы жайып, қой қайырып жүргенін көрсе тағы да қомпылға басады: «Айналайын, қозыңды мен қайыра тұрайын, сен демалшы, ертең бәйгеге шабасың, ұйқыңды қандыр. Бұлар не қылған адамдар ей! Атқа шабатын балаға қозы қайыртып. Бар жүгір, мен айтты де!». Өмірі осы. Жылқы да, бала да өзінікі емес, бірақ осылай. Ауылдағы бүкіл жүйрік осы кісінікі сияқты. Күйінеді де жүреді. Жарықтықтың сол атқұмарлығы ақыры соңына елдің есінен кетпестей бір сөзін қалдырды.

Орталарында Зекең қария бар бір топ адам көрші ауылдағы қайтыс болған кісінің жақындарына көңіл айтуға барады. Бұлар кірген бетте жоқтау айтып, дауыс салып жылаған әйелдер бір-екі ауыз басу сөзге тоқтау бермейді. Үш қайырған «хұлхуаллаға» сәл кідіргенімен, сүре аяқтала бере күрекпен бөгей тұрған арық суындай қайта ағылып, екілене еңіреніп қоя береді. Мына кісілер қысыла бастайды. Бәрі ең үлкені болған соң басу айтыңыз, тоқтатыңыз дегендей Зейнелқабден ақсақалға қарайды. Сонда Зекең қапелімде сасыңқырап қалса керек, бір-екі жөткірініп алып: «Е, айналайындар! Жөн ғой, жылағандарың жөн. Бірақ сабыр етіңіздер! Алла сабырлылармен бірге деген. Жазмыштан озмыш жоқ, қимағанмен амал не? Талайды көріп келеміз, өмір деген сондай өзі, адамды қойып, не бір жақсы жақсы жүйрік аттар да өліп қалады ғой», деп жан-жағына (қалай айттым дегендей) жалта-жалтақ қарайды дейді жарықтық. Босағаға жақын жерде жоқтау айтып отырған екі келіншек мырс етіп орамалдарымен ауыздарын басқан күйі сыртқа шыға жөнеліпті. Жоғарыда отырған, қайтыс болған кісінің бәйбішесі күлкісін жылаумен жасырып, мырс-мырс етіп жалғастырып отыр дейді. Ал, мына жақта отырғандар қысқан күлкіні сыртқа шығара алмай қыстығып өліп қала жаздайды. Ақыры бұлардың да алды далаға шығып үлгеріп, қалғаны үй ішінде «жарылады» ғой. «Ақсақал-ау, не деп кеттіңіз, аты несі, қайдағы ат?» деп екі шекесін ұстап, тоқтап-тоқтап солқылдап тұрып күледі дейді бірге барғандардың естиярлауы. Көңіл айтушы қариямызда үн жоқ, қызарып, қос тізерлеп жүгінген қалпы бүктеле еңкейіп отырып қалыпты...

Бұл айтып отырғанымызды күй тартыларда домбыраның қос құлағын кезек бұрап тыңқылдатып бабына келтіріп алатыны секілді алда айтылар әңгіменің құлақкүйі деп біліңіз. Біздің ауылдың үлкендері Зекең ақсақалды көңіл айту оқиғасымен күліп еске алса, ауылда өткен айтулы бір бәйгедегі ісін айтып еріксіз бас шайқасып күрсінісіп алатын...

Дайағашшы

Жас ортасына келгенде танауын жарғызған ұлына сүндет той жасап, ат шаптырғалы жатқан біздің үйдің көршісі Ниғымет еді. Тойдың дайындығы деп, әсіресе, алыс-жуықтан келетін аттар жайы, қонақтар күйі дегендей күнде кеңес, күнде думан. Ақылдасудың аяғы аттың әңгімесіне ауысып жиналған жұрт кейде таңға таяу тарасып жүрді. Және бұл бәйге бұрынғы бәйгелерден мүлде өзге болмақ...

Бәйгеден екі-үш күн бұрын «дайағашшылар тізімін жасау» деген бір науқан бар. Оған да бір қой сойылып, ұйымдастырушылар жиналып ақылдасады, қызу талқы жүреді. «Өткен жолы Елеусіздің бәйгесінде бірінші атты Көксеген ұстады, енді Бәжібек ұстасын...», «әй, Жанаттың кемпірі өліп, көңілі жасып жүр ғой, екінші атты со кісіге ұстатпаймыз ба?» деген секілді уәждерін алға тартысады. Бұл біздің ауылда сақталып қалған қазақ бәйгесінің ерекше бір дәстүрі еді. Кейін есейе келе өзге жақтың бәйгесін де көрдік. Кей өңірде бұл дәстүр үзіліп, әуелгі сорабын таппай қалыпты.

Дайағашшы тағайындау тұтас қазақ бәйгесінің бір бөлігі екеніне тарихи деректер арқылы да көз жеткізу қиын емес. Ол туралы сәл кейін. Қазірше дайағашшы деген кім, ол не істейді дегенді қысқаша айта кетіп барып қайта оралуды жөн көрдік.

Мысалы, бәйгеге жетпіс ат қосылса соның тең жартысына жуығына, яғни, отыз атқа жүлде тігіледі. Отызыншы келген атты «үзіліс» деп атап оған алдыңғы бес аттың бірінің бәйгесімен бірдей жүлде береді. Кейде екінші аттың бәйгесімен бірдей береді. Ол енді басқа әңгіме... Ал осы отыз ат бәйгеден келген кезде оларды ұстайтын отыз кісі топтан бөлініп дайын тұрады. Осы адамдарды дайағашшы дейміз. Әркімге нешінші келген атты ұстайтыны ескертіледі, қағазға да жазылып қояды. Дайағашшылар қырағылықпен санап тұрып, өзі ұстайтын ат мәреге жақындай бергенде жанасалай шауып атты сулығынан ұстайды да, сүйіншілеп иесіне әкеледі. «Қатының ұл тапты ма?», «Атың бәйгеден келді ме?» деген қайда, бәйгеден келген атын жетелеп алдына келіп тұрған кісіден қазақ несін аясын, жүлденің жартысы дайағашшынікі болады. Тіпті кейбіреулер «Бәйгеден атым келген атағы да жетеді, жүлдесі — сізге!» деп мәрттік жасайды! Мұндайда дайағашшыңыз, «онда той біздікінде! Айналаңызды түгел ертіп келе беріңіз» деп екі сөзге келтірмей екі етегі желбіреп үйіне қарай шабады. Сөйтіп, өз алдына тып-тыныш, бей-жай отырған әлгі үйде әп-сәтте қой сойылып, қонақ күтіліп, той-думан басталады да кетеді.

Ал әдетте бірінші, иә екінші келген аттың жүлдесіне бір түйе тігілсе оның қасына бір тайынша дегендей қоспасы бірге жүреді. Ат иесі түйені өзі алса да, тайыншаны дайағашшыға береді. Сондықтан да дайағашшыны таңдау маңызды. Негізінен мал дүние жағынан орталау, алайда елге сыйлы үлкен кісілерден құралады. Бірлі-жарым үлкен әулет, қара шаңырақта отырғаны ескеріліп қосылған жас жігіттер де болады. Бұл дүние жағынан қабырғасы жұқа кей кісіге қыртыс болумен қатар көңіл өсірер бедел де.

Сонымен, тарихи дерек. «Бәйге аттарының алдынан бірнеше адамдар шығады, бұларды «даяшы» дейді» деп анық жазылған. «Бәйгеге шабатын аттардың сәйкестігіне қарай қанша сыйлық берілетін болса, сонша даяшы аттарды күтіп қатарласып тұрады. Мысалы, ат бірінші келе жатса, бірінші бәйгенің даяшысы шауып барып, ат үстіндегі баланың бас киімін алады. Бұл төрешілерге көрсетілетін айғақ. Даяшы берілетін сыйлықтың 10 пайызын өзіне алады» деп жазады зерттеуші Ахмет Тоқтабай «Қазақ жылқысының тарихы» атты энциклопедиясында 1905 жылғы «Алибий. Киргизские сьезды №51» құжатына сілтеме жасап. Ал зерттеуші Бекен Қайратұлы «Қазақтың атбегілік өнері» атты кітабында «Ат ұстайтын даяғышылар (төрешілер) саны той иесі тағайындаған жүлде санымен бірдей болады» деп жазады. Байқап отырғаныңыздай бір нұсқа «даяшы», бір нұсқа «даяғышы» болып тұр. Біз естіген, әлі күнге дейінгі қолданыстағы нұсқа «дайағашшы». Атқа байланысты «ат ағаш», «мамағаш» деп келетін сөздерді ескерсек соңғы нұсқа қисынға келіп тұрған сияқты. Қазір де Қытайдың Алтай, Тарбағатай өңірі, Моңғолиядағы қандастар ортасында бұл дәстүр әлі де қолданыста. Ондағы айтылуларда «дайағашшы», «дәйағашшы» болып келеді. Кейбір жерде «кіреші» деп те аталады екен. Қысқасы, бұдан «дайағашшы» қазақ бәйгесіне ортақ дәстүр екенін қапысыз аңғарамыз. Бұл айтпақ әңгімемізде оның атынан гөрі мән-мағынасының маңыздырақ екенін еске сала кеткеніміз де жөн шығар. Дайағашшылыққа қосу деген той иесінің және сол ауыл адамдарының үлкен құрметі деген сөз.

Көпке бөлінбеген қуаныш көңіл шіркінді көтеріп жарытқан ба?.. Дайағашшы деген кішкентай ғана бір дәстүрінің ұмытылуымен қанша қазақтың бір-біріне беруге тиіс қақысы, көтеруге тиіс беделі, сыйы жоғалды екен? Беделді дүниесінің аз-көптігімен өлшемейтін парасатты жұрт беретінін «мә, ал!» дегендей нұқып емес, оны да сый, сыйлық, (дайағашшы дегендей) бедел етіп бере біледі екен ғой. Атқанда оғы жетіп, айтқанда сөзі өтіп қабірге кіргенше қадірі қашпайтын қариялар қайдан шығады? Қапысын тауып қадірлей білген, салт-дәстүрі саралы, ұл мен қызы саналы елден шығады.

Дәстүр де жеке дара өмір сүрмейді, неге байланысты қалыптасқан болса сонымен бірге жаңғырып, өркендейді. Мысалы, жылқыға байланысты дәстүр болса ол жылқының тұтас қадір-қасиетін сезінумен, білумен қабысып жатады. Одан тіршілік рахатын, өмір мәнін сезінгенде бұ дүниеңіз қазақ үшін өзгеше құлпырып сала берген-ау, сірә!

Сонымен, алабөтен атқұмарлығына тәнтіліктен болар, иә қоңыртөбел тұрмысына септесін дегеннен шығар, біздің ауылда Зейнелқабден қария бәйге сайын белді дайағашшылардың бірі болушы еді...

Кертөбел мен Түйеқоңыр

Елді айға жуық арпалысқа салған бұл өзгеше бәйгенің қызығы Кертөбел мен Түйеқоңырдың бір бәйгеде қатар шабуы еді. Бәйгемізге Түйеқоңырды әкелсе деп арнайы адам жіберіп, мақұлдығын естігенде есі шыға қуанған біздің ауыл ұйқыдан қалған. Түйеқоңыр көрші ауданның жүйрігі. Оның алыстан жеткен атақ-даңқы орасан еді. Тіпті алыстағы біздің ауылға оның қай бәйгеде қалай келгені туралы аңызға бергісіз әңгімелер тарайтын. Қысқасы, тай күнінде құнан бәйгеге қосылып бірінші болып келіп, жүлдесіне түйе алған екен. Содан бері «Түйеқоңыр» атанып, «Түйеқоңыр» атанғаннан бері алдына қылқұйрық түсірмей бәйге сайын жалғыз қара келеді екен...

Ал біздің ауданда, дәл өзіміздің ауылдың тұмсығынан сыпырған төлтумасы Нәби деген ақсақалдың Кертөбел жүйрігі бар. Ол да бәйгеге қосылған алты жылдан бері алдына қара салмаған хас жүйрік. Бәйге сайын маңдайдағы төбелі жұлдыздай жарқырап жалғыз келе жатушы еді жануар! Ауылдың кейбір бәйгесінде «Ат терінің обалына қалмай бәйгесін бере салыңдар» дейтін ақсақалдар. Ондайда Кертөбелге «шаппай бәйге» беріліп, сол бәйгеден бірінші келген ат екінші келген саналатын.

Бүкіл ауылды күнде дүбір, күнде күбірге салған сын сағат жақындап келеді. Атақ-даңқына екі жақтың да елі қанық қос жүйрік жайлы әңгіме желдей еседі. Түйеқоңыр мен Кертөбелдің бір бәйгеде жолығуы. Бәйгені көреміз деген өзге алыс ауылдың адамдары да күні бұрын жылыстап жетіп алған. Жантая жатып күрең шәйді сораптап қойып, бәйгенің әңгімесін көкпарша тартқылайды...

Бәйгенің уақыты таяған сайын менің де бала көңілімнің уайымы қалыңдай түскен. «Кертөбел басқа емес, осы жолы бірінші келсе екен...» деген арман-тілекпен кей түндері ұзақ уақыт ұйықтай алмай дөңбекшитін болдым. Зейнелқабден қария Кертөбелдің маңында дейді. Бір қызығы, Кертөбел бәйгеге өзі бапталатын. Аялап мініп жүріп, бәйгеге 20 шақты күн қалғанда жүген-ноқтасын сыпырып өзен бойындағы қоршаулы түбекке қоя береді, жануар бәйге белгісін осыдан білетін болуы керек, сол күннен бастап өзін-өзі жарата бастайды екен. Су тұнығын жүзе жұтып, өлеңшөп жұлмай, төрт аяғын көсіле тастап күнге қыздырынып маужырап дегендей әбден баптанады. Зекең шал Кертөбелдің сыртынан бағып, назарын бұрады, ұйқысын бұзады деп Кертөбел жүрген аумаққа мал аяғын бастырмай аңдумен болады екен.

Түйеқоңыр келерден бір күн бұрын ауылдың ақсақал, көксақал, жігіт-желеңі жиналып тағы бір кеңес болып жатты. Жаман айтпай жақсы жоқ, алда-жалда Кертөбел кейін келіп қалса қайтеміз деген кеуіл де айтылды. Бәйге ұзын жолға шабатын. Таңертең ерте ат айдаушылар айдап әкетеді, кеште бірақ келеді. Жігіттер жағынан біреу «Кертөбел Ішігеннің жазығына түспей-ақ желке жағымен төтелей тартса, аз болса да жол қысқартады» дей беріп еді, «тәйт» деді әкемнің ағасы Мәден атамыз. «Хайуаннан хайуанды арамдық істеп оздырғанды қай атаңнан көріп едің? Алла көріп тұр ғой. Бағынан көрсін!» деп тыйып тастады. Төрде отырған Атсейіс Әділбек «Түйеқоңыр сәл де болса жол жүріп болдырып келеді ғой, Кертөбел бабында, Құдай сақтасын, бәйгені бере қоймас» деп еді, отырғандардың бәрі де кең тыныстап керегеге арқа сүйесті.

Бәйгеге екі күн қалғанда Түйеқоңыр келді. Ол кезде атты машинамен алып жүрмейді. Жетелеп әкеледі. Түйеқоңыр бір қиырындағы ауылынан енді бір қиырдағы біздің ауылға жеткенше араға екі қоныпты. Атты болдыртып алмау үшін барынша ақырын жүріп жылақонақтап жетіпті. Қасында екі атқосшысы мен шабандозы бар Түйеқоңырдың иесі келіп түскенде айналадағы жұрт түгел ағылды. Амандық-саулық сұрасқанша-ақ атағаштың маңы жыпырлаған адамға толып кетті. Түйеқоңырдың көзі мен құлағын ғана қалдырып, тұтас тұрқын кестелі кежіммен жауып әкелген екен, үймелеген жұрт Түйеқоңырдың о жақ, бұ жағынан шығады. «Оу, жарандар жылқы көрмеп пе едіңіздер? Обал емес пе, осынша көздің сұғы, обал емес пе?!» деп атағаштан шешіп алды да шылбырды атқосшысына берді. Біздің жігіттердің біреуі атқосшыны атқораға қарай бастай жөнелді.

Жануар! Жаратылысы шынымен өзге жылқыдан бөлек екен. Тұрқы қандай ұзын, сұлу! Есік пен төрдей деген осы шығар! Негізі, Кертөбел де өте сұлу жылқы. Бірақ тұрқы мынадан қысқарақ, есесіне биік еді. Шоқтығы жоталанып шығып тұратын. Сосын ойнақы еді жануар! Жүрген жүріс те, тұрған тұрыс та сұлу, сергек-тін. Бес-алты аттың ортасына түссе, шетіне қарай шығып алып анда-санда ауыздық басып қойып, кекіл қағып, шұлғи ойнап, шерте аяңдайтын.

Бір кезде атсейіс Әділбек өңі сұрланып кіріп келді де, «ақылдасамыз, дереу жігіттерді шақыр!» деді үйде отырған бір азаматқа. Жігіттер жиналғанша ұзақ ойға шомғандай кірген, шыққан адамдарға да назар аудармай үнсіз қалды. Ақсақал, көксақалымен тағы оншақты адам жинала қалды. «Түйқоңыр десе, Түйеқоңыр екен», деді сонан соң Әділбек әңгімесін бастап, «Екі күндік жолды да ескеріп, бабына кірістіре баптаған екен, жүрісті тіпті елең құрлы көріп тұрған жоқ», деп жеңіл күрсінді. «Тұтас тұрқын кежімдеп тастапты», деді төмен жақта отырған біреу. Бұл сөзді оның бабын қайдан біліп қойдың деген сыңайда айтса керек, Әділбек іле жауап берді. «Көзінен көрініп тұр. Тасбастаудың суындай тұп-тұнық қып қалай баптаған ә?!», деп басын жеңіл шайқай, білінер-білінбес мырс етті. Сөйтті де, дереу жинақталып тіке әңгімеге көшті.

«Мен бір амал айтайын деп отырмын. Мен Кертөбелді құлын күнінен көріп, әр бәйгеде шабысын бағып келе жатқан адаммын ғой, енді оның бір ерекшелігін пайдаланар сәт келген секілді. Кертөбелдің қанша жүйріктен бір өзгешелігі бар, ол айғай сүйеді. Бұл жолы Түйеқоңырдан озса, сол қасиетімен ғана озады. Әйтпесе білмедім... Сөздің қысқасы, Маралтының тұмсығындағы жартаста бес-алты жігіт тұрсын. Кертөбел дәл сол жерге келгенде қиқулап айғайласын, бойында жаны болса, Кертөбел екені рас болса сол жерден озуы керек!», деп айналасына барлай қарады. Ешкім өзге сөз айтқан жоқ, мақұлдық білдірісті де тез тарады.

Бәйге

Боймұздатар ызғырық желі бар күздің таңы енді ғана атып келе жатқанда ат айдаушылар «ат шығар, ат шығарлап» айғайға басты. Аттардың құйрық-жалын өріп, күлтелеп кекіл буып кермеге байлағанша Моншық аталатын қызыл таудың желкесінен қылтиып күн де шығып келе жатты. Кертөбелді тағы да бір көрмекке керме жаққа жүгірдім. Адам көп. Қолдарында аттың құйрық-жалын өріп байлайтын шүберек, әсемдеп кекіліне тағатын шоқ-шоқ үкі, қамшыға байлап аттың көзін сүртіп отыратын түкті мата, атқа шабатын немерелерінің қалтасына салып беретін құрт, кәмпит, қолбасындай кесек ет деген секілді қыруар дүниелері бар әжелер де жүр... Кертөбел керменің шет жағына таман байланыпты. Бір мұнша ел соның айналасында екен. Жануар! Онсызда сұлу еді ғой, бауырынан жарап бабына келгендегі, жал-құйрығы өріліп дүбірді сезгендегі тықыршыған бейнесі тіпті бөлек екен-ау! Бұл өзі сондай ат. Көп жүйрік мүсінін жасырып, сүлесоқ аяңдап, бәйгеге қосылғанда ғана бауыр жазушы еді ғой. Кертөбел кез келген уақытта жаныңды жадыратып жарқ-жұрқ етіп тұрғаны, жарқ-жұрқ етіп жүргені!..

Кертөбелге мінетін шабандоз Әкімбекті көрдім. Қасына бара бергенімде Әділбек екі қолтығынан қапсыра көтеріп «Әуп, біссіміллә!» деп Кертөбелдің жайдақ арқасына қондыра қойды. Тақымы тастай неме ғой, жабыса қалды. Басында қанқызыл шыт, жарасып-ақ тұр! Тізгінін қағып әсем бастырып, шерте аяңдатып, айналасына «Ал мен кеттім!» дегендей бүктеулі қамшысын бұлғап-бұлғап қойып қаз-қатар тізіліп жатқан аттарға қосылды. Зұлпықар қария амандық, ақжол тілеп бата берді. Төрт ат айдаушы сүмбедей жараған 100-ге жуық жүйрікті алдарына салды да «Тескентау қайдасың» деп көлбеп жатқан күнбатыс көкжиекке қарай тартып берді. Кермеден ұзап бара жатқан Түйеқоңырды да көзім шалып қалды. Ол да сусылдап сұмдық сұлу жүреді екен. Жыланбалық секілді тұрқы қандай ұзын деп ойладым. Шабандозы басына көк шыт тартыпты.

Аттар сол жүргеннен мол жүріп сиыр түсте Тескентауға жетеді. Айдаушылар сол жерден қайыра тізіп қайтуға белгі береді. Жол бойы еңісі де, өрі де, жазығы да, тастағы мен құмы да бар. Өзім де бірнеше рет бәйгеге шапқан жер. Барғанша қиын, сегіз көзің талады. Арлы-берлі қисайып та отырасың. Қайтарда бәрін ұмытасың. Ауырған, талған жеріңді ойлауға да мұршаң келмейді.

Сонымен мұнда қалған жұрт түске таман тойлы ауылға ағылады. Бас тартылып, бата беріліп дегендей ас ішіледі. Астан соң ақсақалдар бастап жаяу-жалпылы, тайлы-таяқты дегендей бүкіл ел бәйгетөбеге қарай шұбайды. Бәйге келгенше қызық думан сонда болады. Ауыл-ауыл бойынша балуан салынып, қол күрестіріп, өгізарқан тартысады. Ән-жыр айтылып, айтыс болады. Осындай жиын топтың шып-шырғасын шығармай ақырып жүріп басқаратын Қойшыбай деген қария бар. Әсіресе, ат келе жатқанда алдынан жүгіретін жұртты астындағы Торжорғамен кеуделете тықсырып топқа тыққанда сыртынан қарап тұрған адамның зәресі ұшады. Ат біреудің аяғын басып кетеді-ау, біреудің баласын мыжып кетеді-ау деп ойламай ма екен дейсің. Қысқасы, ол кісі бір ақырғанда жұрт қойдай иіріліп, қоғадай жапырылады.

Екінті ауа ел елеңдей бастайды. Барлығының көзі Маралтының тұмсығындағы жартаста. Бәйгенің алғашқы аты дәл сол тұстан көрінеді. Бәйгеге жаралған-ақ жер шіркін! Бәйге аттары сол тұмсықтан жарқ етіп шығады да, бәйгетөбеге қарай тура шаппай, қарынсау айналма жолға түсіп алып жұрттың көз алдында көсіледі. Сол бес шақырымдай жер бәйгетөбедегі қалың қазақтың жанын шығарады. «Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей, Аттарға шаң шығарып келе жатқан!», деп құлагер ақын Жансүгірдің Ілиясы жырлағандай, құйрық тістесіп келе жатқан аттың көмбеге шылбыртастам қалғанда суырылып алға шыққаны біреуге қандай қуаныш, біреуге қандай өкініш!? Маралтының тұмсығынан бәйгетөбеге дейінгі осы бір бес шақырым жер біздің ауылдың шоқша сақал, шошақ тымақты шалдарының талайын қарт бурадай күркілдетіп кіжінткен, талайын жас баладай үлпілдетіп мәз еткен кәрі шаңдақ. Әнеки, демін ішіне тартып, тым-тырыс көлбеп жатыр...

«Ат келе жатыр! Ат келе жатыр!» деген айқайдан түп қотарыла түрегелген жұртты Қойшыбай ақсақалдың аюдай ақырған дауысы сабасына түсірді. Маралты тұмсығының арғы жағынан екі қатар болып аспанға көтерілген шаң үлкен жартасқа қарай ойысты.

Ой, дүние-ай! Жүйріктің аты жүйрік деген осы екен ғой! Әлгі жүз қылқұйрықтан топ жарып сол екеуі дара шығыпты. Өзге емес, Кертөбел мен Түйеқоңыр! Көк шыт пен қызыл шыт! Қатар шықты да қарынсау айналмаға қарай ойысты. Ендігі шабыс қарайған халықтың көз алдына көлденең тартыла берді. Айтпақшы, Кертөбелдің бір қасиеті өмірі атпен қатарласып шаппайды екен, қатарласып шапса тынысы тарылғандай сезінетін болса керек, алдындағы атты қуып жетіп жанай бере екі құлақты жымырып жіберіп өте шығатын әдеті екен. Ал, бұл жолы... Кейін Әкімбектің айтуынша орта жолға таяғанда өзге аттар қалып Түйеқоңыр екеуі суырылып шыққан. Екеуі шыға қатарласып, таласып шапқан екен. Кертөбел баяғыдай озып кетуге барын салса да, тұяқты тұяқ жібермей Түйеқоңырда желдей есіп, жебедей зулап келеді. «Тізгін іркіп артта қалып, тыныстатайын десем сағы сынып қала ма дедім» депті шаңды бәйгенің талайын көрген шабандоз. Сөйтіп, сол таласқаннан мол таласып, қатарласа шауып қысаңдағы жартасқа да жетеді. Е, құдіреттің ісі! Екі жақтан айқай, ұран көтерілгенде жануар Кертөбел екі құлақты бір тіктеп, бір жымырып жіберіп екіншіні тынысы енді ашылғандай ерекше екпін алып екіленіп сала берген ғой... Әнеки, көз алдымызда Кертөбел суырылып алдыға шықты! Әкімбектің басындағы нарттай шыты қызараңдап шылбыр бойы, арқан бойы алыстап барады. Қызыл шүберек байлаған қамшысын төбесін айналдыра бұлғап барады!

Міне, сәл қарынсауға түсті де, жарқ етіп қайта шыққан Кертөбел енді Бәйгетөбедегі қалың жұрттың көз алдына көлденең тартыла берді. Сондағы Кертөбелдің шабысы... Әсіресе, қалың елдің тура тұсына келгендегі шабысы көкірегімде мәңгі сақталып қалған тірі сурет. Тілмен айтып жеткізгісіз еді... «Аш күзендей бүгіліп» дейді ғой жырда. Көзіммен көрдім соны, бәйгетөбедегі бүкіл ел көрді. Жануар-ай, мұнша сұлу, мұнша ғажап шабармысың!? Бүктетілгенде артқы аяқтың тұяғы сағанын соқты-ау, жолбарыстай атылып қайта жазылғанда бауыры жерге тиер-тимес болып, талдап өрген құйрығы су бетінде қалқып бара жатқандай қара жерде сүзіледі... Бәйгетөбе мен Маралтының арасын жалғаған елдің айғайы қос жүйріктің шаңымен араласып аспанға көтеріліп, бұлтқа барып сіңгендей... Ал, менің құлағым тарс бітелгендей мең-зең бір меңіреу күйге түстім. Тығылып, үнім шықпай, булығып қалдым. Айғайлағым келеді, жоқ. Жылағым келеді, жоқ! Қасымдағы «р»-ға тілі келмейтін Байқан дейтін қарияның шоқша сақалы дір-дір етіп жылап тұрғанын көрдім. «Жануай-ай! Намыш үшін жаятылған жануя-ай!» деп жасқа шыланған жүзін шаң басқан жеңімен айғыздай сүртіп солқ-солқ етеді. Менің де тұла бойымнан көтерілген ыстық ағын бұршақтап төгілгенде тынысым ашылып сала берді... Рас, дәл мына жерде ел намысын Кертөбелден өзге кім алып қалар? Зекең шал айтса айтатындай екен-ау...

Жануар! Сөйтіп өтті-ау айлап уайымдап, апталап кеңес құрған қалың елдің алдынан! Кертөбел мәреге жеткенде жанаса кетіп сулығынан ұстамақ болған дайағашшы далбақтап далада қалды. Әкімбек те әдейі істесе керек, алыстап барып айналды да топқа қарай тура салды. Шоқтықты, айдынды, омыраулы жылқының шабысын қарсы алдынан көру қандай ғанибет! Ойынды еттері бөлек-бөлек, маңдайдағы төбелі жұлдыздай жарқырап жиналған топтың желке тұсындағы дөңеске қарай тартты. Жұрт солай лап қойды. Сүйіншілеп айқайлаған жігіттер Әкімбекті көтеріп алыпты... Кертөбелді Әділбек жетелеп оңашалап барады екен, бәйгеден келген аттың сауыры көтеріліп, «бұтының арасынан ел көшкендей» алшайып, талтаңдап бір жүретін жүрісі болушы еді ғой, жануарды тура арт жағынан көрдім. Сол баяғы сергек жүрісінен айнымаған қалпы сүмбедей боп кетіп барады.

Шолақ тайыммен шет жағалап барып едім, жақындау мүмкін емес. Кері айнала берген Түйеқоңырды көрдім. Атқосшы жігіт шоқтығына басын сүйеп тұр екен. Шабандоз бала жерде отыр. Түйеқоңырдың тізгіні Зейнелқабден ақсақалдың қолында. Екінші аттың дайағашшысы сол кісі екен. Үні ішіне тартылып, «Әй жігіт, аттың аяғына қан түседі, жетелеп жүргізейік!» деп сөйлеп тұрғанын естідім. Дәл сонда сол кісінің жүзінен Кертөбелдің бірінші келгеніне қуанған, Түйеқоңырдың екінші келгеніне мұңайған бейне көрдім. Бәлкім сөйтіп ойладым. Бұл сірә қандай күй? Қалай сонда?

Тізгін тартар

Сол күні ауыл ақсақалдары Зейнелқабден қарияның үйіне жинады. Елдің айтуы бойынша Зекең Нәби мен Әділбекке, «Сіздер бүгін біздің үйде боласыздар, Кертөбелдің тойын қонақ кеткен соң тойлаймыз» деген екен. Сөйтіп, екі жүйріктің иесі, ауылдың қадірлілері дайағашшының үйіне жиналып, ақын-әншісімен, бұрынғы өткен небір жүйрік аттар жайлы әңгіме дүкенімен күздің таңын орталатады. Екінші ат Түйеқоңырдың бәйгесі бір түйе, бір жылқы екен. «Ақсақал, осы жүлде Сізде қалсын!» депті аттың иесі. Бір жағы аты бірінші болып келмегенге кейігені де шығар, кім білсін. «Онда бүгін біздің шаңырақта боласың» депті бұл кісі.

Жұрт қозғалақтап тарқасардың қамын қыла бастағанда Зекең қария сөз алыпты: «Жә, көпшілік! Бір ауыз сөзім бар еді. Өз басым Түйеқоңырдың атағын естігелі алты жыл болды. Бір көрсем деп армандаушы едім. Жер алыс, барып көре алмадым. Бүгін міне көргенді қойып, бұйрық болып тізгінін ұстап отырмын. Бұған да шүкірлік! Ат иесі дайағашшы болдыңыз деп бәйгесін маған тастап кетем дейді. Мен бұған қарсымын. Керісінше, атақты Түйеқоңырдың тұяғының біздің ауылдың топырағына тигенінің құрметіне мен, аты да Түйеқоңыр ғой деп бір түйемді берейін деп отырмын. Ертең алмай қойып жүрмесін, соны сіздердің көздеріңізше айтып қояйын деп едім», депті жарықтық, қалбалақтап. Жұрттың айтуынша беріп отырған түйесі қолындағы жалғыз атаны екен. Соны білетін, ат дегенде шығарға жаны бөлек Зекеңді білетін ақсақалдар ризалықтан бастарын шайқасыпты. Ақсақалдың ісіне қатты риза болған Түйеқоңырдың иесі осы ауылға тағы екі күн қонып, екі түйе, бір жылқысын жетелеп ауылына аттанған еді.

Біздің ауылда бәйге туралы сөз шыға қалса Зейнелқабден ақсақал жайында айтылмай қалмаушы еді. Әсіресе, аты жете алмаған кісінің жарым көңілін аулап, жүйріктің құрметіне деп жалғыз атан түйесін берген оқиғасы шалдардың көңілін босатып, сағыныштарын қоздатушы еді.

Жарықтық, Зекең дүниеден өткен күннің ертеңінде жұрт Бәйгетөбе маңындағы қабірінің басында жал-құйрығы әбден сұйылып тарлан тартқан Кертөбелдің тұрғанын көріпті. Құр сүлдерін сүйретіп қай жақтан, неге келді келді екен, жануар?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз