Повесть
Бұл араға ол таң қараңғысында келді. Алғы шептегі окопта ояу жатқандар, түнгі күзетте тұрғандар болмаса оның мұнда келгенін ешкім сезген жоқ. Бұрыннан таныс бекініске келіп жайғасты. Бұл өзі жардың басынан алға қарай сұғына жасалған, өте құпия орын. Бұрынырақта бір рет отырған. Бірақ ол күні күн бұлыңғыр, боз тұманды болды да, ештеңе көре алмады. Ертеден кешке дейін босқа отырып қайтқан.
Бүгін күннің ашық болар сыңайы бар, Бірақ төңірек әлі күңгірт. Бетін шаң тозақ басқан ескі қар сарғыштанып, күреңдене бастаған. Өзеннің жағасындағы жарлы қабақтар одан да сұрқай, сұсты. Күзден қалған жапырақтар ағаш бұтақтарында қалт-құлт етеді. Төңіректі тым-тырыс, өлі үнсіздік басқан. Өзеннің арғы бетіне дүрбі салды. Бүтін дүние сұп-сұр, қираған ескі қорғандардың меңіреу қабырғалары тәрізді сұрқайланып кетті.
Жаудың алғы шебі алыс емес. Екі ортаны Ловать өзені бөледі. Өзеннің екі жақ қабағы да биік. Ені болса оқ бойына жетпейді. Қысылшаң, жері екі-үш жүз, енділеу жері бес-алты жүз метрдей келеді. Екі жақтың жағалауы да жыпырлаған траншея, блиндаж, окоп. Түлкінің ініндей қуыс-қуыс қатысатын орлар. Әрине, бұлардың тең жартысы жалған, алдауға жасалған өтірік бекіністер. Көп ретте шыны қайсы, өтірігі қайда, біле алмай дал боласың. Ертең шабуыл кезінде алданып, от басып қалғың келмесе, анығына жеткен, жаудың атыс нүктелерін дәл білген жақсы. Мынау жас лейтенант Абызов осы араға нақ осындай мақсатпен келген.
Кей күндері дабырлаған солдат даусы, жөтелгені, айқайы екі жақтан бірдей естіліп жататын. Кешкі қараңғылықта бергі беттен біздің солдаттар ән салып, күліп жатса, олар да арғы беттен ауыз сырнайын ойнап, дауыстап қоятын.
Сегізінші дивизия бұл жерге қыста келді. Кәзір көктем шықты. Қар қалың, сылқылдап еріп жатыр. Гвардияшылар жаумен аңдысып та, арбасып та тұр. Күн сайын алғы шептен барлау жүргізіледі. Бірақ басын көтермей, үнсіз жатқан жыланның не өлісін, не тірісін, қанша күш-қуаты барын, қайдан, қайтіп білесің? Алыстан қанша айбар шегіп, айбат көрсеткенмен, жаудың шама-шарқын білмей қимылдау әнтектік. Ал, мылтық атпай, шабуыл жасамай үнсіз жатқан, қимылсыз жатқан жау күн шуақта мүлгіген улы жылан сынды. Ондай жыланның құйрығын байқамай басу — көп шығын, кенет еліммен бірдей. Мұндай толас, шабуылсыз шақта аңдысқан екі жақтың көзі мен құлағы — барлау.
Нақ қазір кімнің есінде бар? «Барлау — армияның көзі мен құлағы» деген бір қолбасшы. Кім айтса да дұрыс айтылған. Екеуін бірдей айтпағанның өзінде, не көзі, не құлағы жоқ солдат — толық мағынасындағы найза емес. Әсіресе, көзі жоқ солдат...
Барлаудың түрі көп-ақ. Соның бірі алғы шепті барлау. Бұдан жаудың шептегі нақты, ертең көтеріле қалғанда оқ ататын, қарсылық көрсететін күшін, әскерін, оның қозғалысын, келім-кетімін, орналасу тәртібін, атыс орталықтарын, қаруының түрі мен санын, адам күшін анықтайды. Алғы шептен тіл алу — бұл да барлаудың бір түрі. Бұл жағы онша кенде емес-ті. Абызовтың бүгінгі тапсырмасы тіл алу емес. Алғы шептегі соңғы өзгерісті, бұрынғыға қосылған не бар, не жоқ, жаңалық бар ма, соны анықтау. Бірден көзге түскен нәрсе сол бекіністе ешбір өзгеріс жоқ көрінді. Бұдан бұрынғы қалпында тұр. Бір байқағаны Холм қаласына қараған жағында, бізден қарасақ, оң жағындағы пулемет ұясының төңірегі өзгеріп кеткен. Тазалап, төңірегіне қайтадан қар үйген бе, әлде түбіне темір-бетонды ұя жасаған ба, әйтеуір бұрынғыдан биіктеу, қомақты көрінді. Оған келетін траншея ішінен әлдекімнің қылтың-қылтың еткен төбесі қараңдайды. Оның артынша сереңдеген біреу окопты бойлап, өзінше еңкейген боп, әлгі пулемет тұрған жерге келді. Пулемет тұрған ұя кең бе екен, екі адам келді, үш адам шығып кетті. Бұлар күніне үш мезгіл тамақ ішеді. Тамақ ішкеннің өзінде пулемет ұясын иесіз қалдырмайды. Адамдар ауысып тұрады.
— Пулемет ұясы біреу-ақ болуы мүмкін емес. Ұзындығы бір-екі шақырымға созылған қорғаныс шебінде кемінде үш пулемет болса керек. Басқалары қайда? Кәне, ізде, тап!
Соңғы сөзді естігенде лейтенанттың қасында жатқан солдат командиріне қарады.
— Маған айтасыз ба, жолдас лейтенант?
— Саған емей, Александр Сергеевичке айтады деймісің!
Ол «Александр Сергеевич кім еді?» дегендей тағы қарады.
— Пушкинді айтамын. Ол кісі мұнда жоқ қой. Демек, саған айтып тұрмын. Ізде, тап, қайда тағы пулемет, оқ ататын жай бар. Өлгің келмей ме?
— Кімнің өлгісі келеді дейсіз, жолдас лейтенант.
— Ертең шабуылда атып тастамасын десең, ізде, тап. Қайда екенін біл, ал!
Лейтенант пулемет ұясын картаға түсірді. Мынау не істеп жатыр дегендей жас солдат көз қиығымен қарады. Картаның бетіне ортасына крест қойған қызыл дөңгелек салды.
— Бұл не, жолдас лейтенант?
— Бұл ма, бұл ертең шабуыл басталарда, сенің жоятын объектің. Қазірден бастап көзіңді қандыр, қай жерден өтіп, қалай жетеріңді ойла! Анау биік қабақтың қай жерінен өтесің? Қайсысы саған әрі оңай, әрі жылдам болар еді. Соны ойла!
Солдат арғы қабақтан көзін ала алмай қалды. Мына отырыстың, айтылған сөздің тегін еместігін, әзіл емес, шын екенін енді ұққандай еді. Лейтенант дүрбіден көз алмаған күйі:
— Шабуыл бастадық делік, Анау пулемет біз мына өзеннен өткенше бәрімізді жайратып салмай ма? Алдымен оқ ататын жерлерді анықтап аламыз. Оны пушкамен, минометпен, немесе, сен тәрізді ер жігітті жеке жіберіп, жоямыз да, артынша өзіміз лап қоямыз. Шығын да болады. Жауды жылы орнынан қуып шығамыз.
Ол тапжылмай көп отырды. Әлденеше шақырымға созылған иір траншеялардан басқа ештеңе көре алмады. Түс кезінде қала жақтан артында тіркеуі бар автомашина келген. Одан тамақ, киім алып үлестірді. Бір солдат автоматын жоғары көтеріп, ербеңдеткен күйі машинаны айнала жүгірді. Біреуді қуып жүрген сияқты. «Атамын» дегендей, қаруын кезеп-кезеп қояды. Ойын ба, шын ба, кім білсін!?
— Жолдас лейтенант, ана біреу, төбелесіп...
— Жоқ боп кетті.
— Окоптан ербеңдеген қолын көрдім.
— Қайта шықты. Мылтық атылды-ау, пистолет даусы-ау.
Өкірген дауыс...
— Бізге керегі, атыс нүктелерін ашу ғой. Өкіре берсін, иттер! — деді.
Алғы шептен қараңғы түскенде қайтты. Бос емес, өзеннің жар қабағын тесіп жасаған бір нүкте табылды. Аспаннан жаңа бір планета тапқандай олжалы еді. Жау бергі қабақты арғы жағынан тесіп, қарғаның ұясындай тесіктен пулемет стволын шығарып қойған. Төрт елідей жоғарыда екінші тесік бар. Оған труба, қарап отыратын дүрбі орнатқан.
Штаб бастығына көрген, білгенді түгел баяндады. Ол лейтенантты мақтады. Бірақ, мұны растайтын жаңа, тосын көзді жіберетінін айтқан. Міне, арада екі жеті өткенде жаңа нүктенің бар екені анықталды. Жау өте қиын, құпия жерге пулемет ұясын жасаған. Бұл әсіресе, өзеннен өтерде қауіпті. Көрінбеген, ашылмаған нүкте «ә» дегенде қырып салуы кәдік. Бұл нүктені батальондағы жігіттер «Лейтенант Абызовтың ашқан жаңа планетасы» деп атапты. Ол алдымен қызарып, артынша күлді. Қазір құлағы үйренген. Жардың қабағын тесіп жасағандықтан өзі де кіші-гірім планета сияқты ұрланып, көзге әрең түседі.
Тағы қайдан басына сап ете түскенін білмеді, «Лейтенант Абызов ашқан жаңа планета» деген сөзді есіне күле-күле алды. Астына қалың етіп пішен төсеген, сыртына палатка жапқан исі аңқыған жайлы төсектен тұрып жатқанда алғы шепке асығыс келген байланысшы солдат:
— Гвардия лейтенанты Абызов жолдас, сізді штабқа шақырып жатыр! — деген бұйрық әкелді. Тағы да бар¬лау күтіп тұр ғой деп ойлады, жоқ, әлде планета жайындағы мәліметім өтірік боп шықты ма екен? Олай болуы мүмкін емес. Менің де көзім бар. Қасымдағы солдат растады. Керек болса, қайтадан барам. Қасыма комиссия алам. Неге шақырды? Тығыз шаруа, шұғыл тапсырма бар-ау, шамасы. Дивизия жазғы шабуылға шығу алдында еді. Қандай болса да, үлкенді-кішілі шабуыл жасап, қимыл көрсету үшін жаудың алғы шептегі күшін, тылын, онымен байланысын, олардың неге әзірлік жасап жатқанын білу — басты мақсат. Ойы дәл шықты. Күтіп тұрған штаб бастығы майор Андрей Ветков екен. Қасында отырған үш адам таныс. Бірі — әйел. Дивизия штабының барлау бөлімінде аудармашы болып істейтін лейтенант Евгения Иванова. Мұрнының үстінде аздаған шешек даты бар, қайқы ерін, ойнақы көз, ақсары қыз. Соғыс алдында ғана барлаушылардың арнаулы мектебін бітірген маман деп естіген. Неміс тілін жетік білетін адам. Штабта байланысшы офицер боп жүргенде талай-талай кездескен. Бір асханадан тамақ жейтін. Дивизияның оперативтік бөлімінде кезекші боп отырғанда талай-талай құпия телеграммалар мен телефонограмманы шифрден текске түсірген. Ол мұны көрген бойда амандықтан соң:
— Охо, бұл жігітті жақсы білем, — деп күліп қойды.
Ал екінші отырған да таныс. Ол ұзын бойлы, мығым денелі, кең кеуделі, иығы жалпақ, көзі бадырайған жігіт. Өңі күнге күйіп, қоңырқай тартқаны болмаса сарғыш. Бетінде үлкен тыртығы, пышақтың ізі түскен таңбасы бар. Оның қайда, қашан болғанын ешкім білген емес. Бұл дивизияның атақты барлаушысы Петро Толпеко. Үшінші адам мұның керісінше қағілез, орта бойлы, көзі өткір, сылыңғыр қара. Бұрын бір-екі рет көрген. Таныстығы шамалы. Бірақ аты белгілі барлаушы, Петромен үнемі бірге жүреді, айырылмас серігі Әшірбай Қоянкөзов.
Майор Ветков бірден-ақ:
— Бір-біріңді танисыңдар ма? — деді.
— Танимын ғой, — деді Абызов.
— О, танығанда қандай! — деді Петро. — Енді мүлде жақсы таныс боламыз, жолдас лейтенант, хал-жайың қалай?
— Жаман емес, — дей салды. Өйткені майордан көз алмай, соған қарап тұрған. Әңгіменің соңын күтті. Алғашқыдан еркіндеу «не айтарың бар, күтіп тұрмын» дегендей тесіле, сұраулы қарады.
Майор асықпады. Сынай қараған кейпі бар. Ең алдымен осы тұрысын бір шолып өтті. Бастан-аяқ қарады. Киімі мұнтаздай тап-таза. Басында пилотка, аяғында етік, белінде жалпақ қайыс белдік. Оған оғаш көрінер ештеңе жоқ екен. Ол ештеңе таба алмады, ең соңында:
— Отыр, жолдас гвардия лейтенанты! — деді.
Бұл адам көптен таныс. Жиырма үшінші атқыштар полкының штаб бастығы майор Андрей Ветков көп сөйлемейтін, бірақ өз ісіне берік адам. Өңі қоңыр, оның үстіне күнге күйген. Ал, көзі болса көкпеңбек тұнық, терең. Ақылсыз адам емес. Даусын қатты шығармайды.
Сабырлы. Соғыста өзін-өзі ұстай білудің өзі — ерлік, ақылдылық. Бұл кісі өзін қалыпқа салған, ойланбай бұйрық та, сөз де айтпады.
— Анау күнгі жерлестердің сыйынан саған тиді ме? — деді нақа бір осыны білуге шақырған адамдай-ақ. Ол әрине, осыдан бір ай бұрын Алматыдан келген еңбекші өкілдердің біздің дивизияға әкелген сыйын айтып отыр. — Тамақ бар ғой, әйтеуір, тиді ме, сендерге?
— Тиді ғой, әлі бар.
— Жауынгерлер көңілді екен ғой.
— Онсыз да жетеді ғой тамақ.
— Айтпақшы, жолдас лейтенант, сенің туған күніңе арнап ашқан жаңалығың өте дұрыс боп шықты. Жаудың жарқабақта пулеметі бар екен. Ол есепке енді.
— Туған күнімді қайдан білесіз?
— Неге білмеймін. Сен 1920 жылы, 15 апрельде тудың. Сол күні жаңа планета аштың! — Майор күліп қойды.
— Тағы бір жаңа жұлдызды бұл жолы да ашамыз ғой, жолдас лейтенант! — Иванова арқасынан қақты.
Ол Женяның не айтқысы келгенін ұқпай қалды.
— Дұрыс екен, — деп алды да, Ветков осы жігітке қалай қарайсың дегендей, тұп-тура Ивановаға қарады. Ол «жарайды» деудің орнына езу тартып, жымия күлді.
— Дегенмен сендерді бір-біріңмен таныстыра кетейін. Мынау — лейтенант Абызов. Соғыстан бұрын Армияда қызмет еткен. Қырық бірінші жылдан соғысып келеді. Тәжірибе бар. Евгения Васильевна Иванова — аудармашы, барлаушы. Петро мен Әшірбайды жау тылындағы серілер деп атайды. Екеуі де алғыр, жау тылына сан рет барған барлаушылар. Осындай төрт адам басқарған топ табыссыз қайтпас. Ие, айтпақшы, Толпеко соғысқа дейін шығыс шекарада қызмет еткен. Оның шекара бұзушылармен сан айқасқа түскен тәжірибесі тағы бар. Бейбіт күндердегі нағыз барлаушының, шекарашының атақты аңшының тәжірибесіне әдебиетшінің қиялын, айласын қосса жаман болмас.
Майордың барлаушысы мен шекарашысы түсінікті еді. Аңшы деп Әшірбайды айтты. Ол Алатаудың атақты мергендерінің бірі деп естіген.
«Енді әңгімені тура бастауға болады ғой» дегендей, Ветков алдында жатқан картаға үңілді. Бір-екі нүктені қаламмен түртіп, саусағымен басты да:
— Мұнда қара, жолдас лейтенант, мұнда! Өзіңнің картаңды ал да, бәрін соған түсір. Мынау біз тұрған жер — орман, мынау өзен — Ловать. Арғы бет — жау жағы. Барлауға барасың. Жаудың тылына өтесің. Мынау ормандармен жүріп, қаланы, Холмды айналып өтесің де, мына тұрған, көрдің бе, Холм — Локня тас жолына шығасың. Осы жолдың бойына аман жетсең, одан шығынсыз қайтып оралсаң, тапсырма орындалды дей бер. Барлық міндет осы. Мерзімі үш күн. Бір күн әрі, бір күн бері, бір күн барлау. Төртінші күні — түнде өзеннен өтер жерде күтемін.
— Тапсырманың не екенін білудің маған қажеті жоқ па? — деді лейтенант Абызов.
— Осыны өзі сұрасын деп отыр едім. Дұрыс-ақ, білуге болады. Өте маңызды барлау. Оны мына Женя өте жақсы біледі. Өзің де көресің. Жаудың алғы шебі мен тылының әңгімесін тыңдау — ең басты мақсат. Осы мақсатқа бола лажы болса оқ атпай, ұрыстан, жаумен бетпе-бет келуден қашқан артық. Ал, екінші тапсырма партизандармен, жергілікті халықпен тілдесіп, мұның алдында кеткен барлаушылар тобының тағдырын білсеңдер артық болмас еді. Ең соңғы міндет — егер оқ атпай, ұрысқа түспей, бірінші тапсырманы орындағансын, ала алсаңдар, тіл әкеліңдер! Міне, мақсат осы. Түсінікті ғой деймін.
Майор қалтасынан «Казбек» шылымының қорабын алды да, қақпағын ашты. Ішінде ештеңе жоқ екенін көріп, лақтырып тастамақ болды да, тоқтап қалды. Лейтенантқа ұмсынды. Ол қалтасынан бүктелген газет пен табақ салған кестелі қалта алып ұсынды, майор шылымды ширата орап тұрды да:
— Айтпақшы, сендердің есімдерің кім болады? — деді.
— Оны өзіңіз айтыңыз.
— Мынауың ащы екен ғой, — деп ойлана тұрды да, артынша: — «Темекі» болсын», — деді.
— Құп болады.
— Ал, «Темекі», жолың болсын! Бәрі де түсінікті шығар?
Мұның түсінбейтін несі бар. Анау үшеуі жолға шығуға әзірлікке кетті. Абызов ағаш арасына орналасқан взводына келді. Түстік ішіп, көңіл жай отырған солдаттар не жаңалық әкелдің дегендей бұған үнсіз қарады. Лейтенантта үн жоқ, «ТТ» пистолетін тазалап, кобурына салды, оқшонтайлардың бәрін оққа толтырды. Сыртына ағаш жапырағын салған көк халат киді, каска алды. Палаткадан сыртқа шықты да, осы лайықты шығар деген он жауынгердің аты-жөнін атады.
— Сергей Сорокин!
— Бозым Саяқбеков! — деп келді де, ең соңынан өзінің помкомвзводы, жәрдемшісі сержант Ширяевті атады.
— Жолға әзірленіңдер! Киімді жеңілдеу киіңдер, оқты көп алыңдар. Әрқайсыңда бір-бірден «лимонка» болсын.
Солдат деген шапшаң халық. Екі минут өтпей Ширяев өзімен он жігітті сапқа тұрғызды. Қалғандар палаткадан шығып, состиып-состиып, бұларға қарап қалған.
— Сендер де сапқа тұрыңдар! Бөлек, мына жерге! — Олар да тізіліп тұра қалды, — Ал, сендер қаласыңдар. Біз барлауға кеттік. Барлауға баратындар партиялық, комсомолдық билеттерді, үйден келген хаттарды, фотосуреттерді, аты-жөндері жазылған медальонды, әйтеуір, сенің кім екеніңді көрсететін қағаздарды, заттарды парторгқа тапсырамыз. Бәрін маған жинап беріңдер. — Бәрі бір дорба зат болды. Оны парторгқа жөнелтті. — Ал, жігіттер, сендер, біз келгенше осында болсаңдар, жолыққанша сау болыңдар!
Бұлар бұрылып жөнеле берді. Мұрты бар, жуан қара солдат Битабаров қалбақтап қолын жайып, артынан тұра жүгірді. Оған бұлардың мынау қылығы дүниенің бәрімен қош айтысып кетіп бара жатқандай көрінсе керек. Өзі де солай ғой. Барлауда өткен-кеткен ұмытылады. Документ болмайды. Сенің кім екенін белгісіз.
— Ой, лейтенант жолдас, ең болмаса қоштасып қалайық та. Қолыңды әкел! — деп ол қолын жайды.
— Қоштасқаны несі, ақсақал? — деді.
— Кім біледі, жолдас лейтенант, не деріңіз бар ма. Адамның басы ұстараның жүзінде тұрған жоқ па?
— Біз қоштаспаймыз, жақсы тілеуде болыңыз, аға! — деді Абызов.
— «Жаман айтпай жақсы жоқ». Кім біледі, сіздер қайтқанша біз жоқ болармыз. Бір бомба, бір оқ, бір мина кімге болса да жетеді ғой.
— Өй, осы шал қайдағы жоқты айтады! — деді Ширяев, қабағын түйіп, оған сестене қарады, — сені алатын жау жоқ, әзірге, шал!
— Асылық айтпа, бала. Меңдіғазин жоқ, боп кетті емес пе! Одан аулақ...
Ақ көңіл, адал жан, осындағы ең үлкені болғансын аяп кетті Битабаровты. Құйтырқысы, бүкпесі жоқ, ақ көңіл, өзінше турашыл адал адам. Взводтағы жақсы мерген. Бұрын атақты аңшы, додашыл шабандоз бопты. Жасы үлкендіктен бұл жолы барлауға алмаған.
— Анау қалғандардың бәрінің атынан, мына біздің бәрімізді сүйгендей, мынау Николайды сүйіңіз, сол қоштасқанымыз болсын! — деді Абызов, жәрдемшісінің оны ұнатпай тұрғанын байқады да.
Мұртты солдат жүгіре келіп, зор құшағымен қапсыра құшып, Николайдың нәзік, бала сияқты, қоңыр жүзінен сүйіп-сүйіп алды. «Аман жолығайық!», «Сау болыңдар!» деп күбірлеп қояды. Жаңа ғана оған қабағын түйіп, ерсілеу сөз айтқан Николай алдымен күлсе де, артынша толқыды, өңі өзгеріп, көзіне жас келгендей сырт айнала берді. Оның есіне майданға шығарып салардағы ата-анасы түсіп кетті білем. Ал, шынына жүгінсе, мұндайда кімнің есіне не түспейді. Өзі де толқыды. Есіне нақ осы солдат Битабаровқа ұқсайтын ағасы түсіп кетті-ау.
Ловать өзенін жағалап, ағаштың ішімен келеді. Жарық барда өзеннен өтетін межелі жерге жетпек. Сол шамадан бұларды Женя, Әшірбай, Петро күтіп алмақ.
Алғашқы шақта «әлде қалай болады?» деп тымырықтанып, тығыла қалған ой-жүйке, аздаған қызу жүрістен соң ыдырай бастады. Соңынан іркес-тіркес келе жатқан он адамға оның алғашқы айтқан сөзі мынау болды:
— Сендердің кім екендерін белгісіз. Бізде аты-жөн, есім, фамилия жоқ. Бәріміздің ортақ бір-ақ атымыз бар. Ол: «Темекі».
Мұның пароль екенін әркім ішінен ұқты.
— Сол темекіден тартып алсақ қайтеді? — деді әлі де іштей ширығуын баса алмай келе жатқан біреуі.
— Жүріп келе жатқанда ешкімге шылым тартуға рұқсат жоқ.
Біресе баяулап, біресе қатты жүріп келеді. Мұның бәрі ең алда келе жатқан лейтенанттың жүрісіне байланысты. Жауынгерлердің маңдайы терлеп, арқасы жіпсіді. Кімнің қандай халде екенін білуге мұның да септігі бар. Ертең қашқанда да, қуғанда да ең керегі солдаттың жинақы, шапшаң, төзімді, тіпті жүйрік болғаны жақсы. Мынау лейтенант Абызов Подольск қаласында әскери училищеде оқыған. Сондағы бастық генерал-майор Анакидзе айтатын: жорықта солдат бірде жүгіріп, бірле жайлап жүруге үйренсе, екеуінің ортасынан жортағы шығады. Жортақылық — жай да, қатты да жүріс емес, орташа. Оған үйренген солдат көпке дейін шаршамайды... Сол айтқандай кейде жүгіре басып, кейде адымдап келеді. Былайша айтса, жорға да емес, жортақы да емес, тең ортасы. Абызов осылардың көбіне қарағанда, кәдімгі машықтанған, әскер мамандығындағы адам деуге болады. Ол өзін әскердің маманы санайтыны да осыдан. Осындай жауапты, қиын тапсырма орындауға кірісер алдында өзіңе бағынатындарға ойлап, толғап жатуға мұрсат бермеген де жақсы. Әлде неден қорыққандық емес. Мұндайда ойдың да артық жері бар. Дедектетіп келеді. Жүрісі шапшаң, асығыс, үрдіс. Солдат көктемде жер құрғақ кезде бес шақырымды бұйым құрлы көрмейді. Ә дегенше-ақ, алдындағы сирек ағаштардың арасынан үш-төрт адамның қарасы көрінді. Дүрбі салды. Қасында бөтен біреуі бар, бұлардың бірге кетер серіктері Женя, Әшірбай мен Петро екен. Жақын келгенде таныды, олардың қасындағы Андрей Ветковтың өзі екен.
— Жолдас гвардия майоры, маған сеніп тапсырылған атқыштар взводының жауынгерлері барлауға шығуға әзір. Баяндап тұрған взвод командирі, гвардия лейтенанты Абызов! — деді қасына жақындай беріп. Ол мұны, жауынгерлерді бастан-аяқ шолып өтті де:
— Меніңше, әзір емессің, жолдас лейтенант, — деді майор.
Осы полкке қызметке келгеннен бері ұнататын, тәуір көретін адам еді. Мұнысы қалай? Ішімнен ойлап түр-түсіне қарап, сырттай жақсы көріп жүрген адамым осы ма? Ештеңеге көзі жетпей-ақ «әзір емессің» деп тұр. Не де болса, кіммен сөйлесіп тұрғанын байқасын дегендей, оның кезекті ескертуін күтпей-ақ:
— Оны қайдан, неден көріп тұрсыз, жолдас майор? — деді.
Қатты жүріп келгені бар. Оның үстіне нақақ сөзге төзе алмай, тым қызарып кетсе керек. Ол намысқой жігіттің бетіне шапшыған қанын, қимылын көріп қалған еді.
Ветков Андрей Акимович алдымен таңданып, артынша жымия күлді:
— Міне, өзіңнің әзір екеніңді көрдім. Ал, жауынгерлер ше?
— Олар да әзір, жолдас майор.
— Жақсы, жолдас гвардия лейтенанты, жақсы. Тапсырма саған түсінікті ме?
Нақ осы жолғы барлаудың үш міндетін өз ретімен қайталап шықты. Бастысы бару, қайту. Оны дұрыстады.
— Оқ пен тамақ, қарудан басқа нелерің бар? Тамақты қанша күнге алдыңдар?
— Каскадан басқа басы артық зат жоқ. Тамақ үш-төрт күндік.
— Басты сақтайтын зат артық болмайды. Рациядан басқа ауыр нәрсенің керегі аз. Күн сайын бір рет сағат он екі шамасында шақырамын. Жауап біреу-ақ: код бойынша айтасыңдар. Мен бұл жақтан «Темекі! Темекі!» деп екі рет айтам, сен «он төрт, он төрт» деп өздеріңнің сандарыңның түгел екенін айтасыңдар. Түсінікті ме, жолдас лейтенант? — деді майор. — Қараңғы түскен бойда өзеннен үрмелі қайықпен өтесіңдер. Қайықтың желін шығарып, арғы бетке, ешкім көрмейтіндей етіп, тығып қоясыңдар. Қайтарда да сол жерден өтесіңдер. Тосқауыл болса бұйрық күтесің.
Ол қараңғы түскенше бұлармен бірге болды. Бәрі де соның айтқанындай жасалды. Барлаушылар қайыққа отырып, арғы бетке шықты.
Елегізу осында басталды. Орманнан, ондағы қалың ағаштан басқа жанашыры, панасы жоқ он төрт адам қараңғы түнде қара орманды сағалап, солтүстікке бет алды. Жүріп келеді. Жолсыз. Өз аяқтарының тысырынан басқа ештеңе естілмейді. Алыстан оқтын-оқтын аспанға ракета атылады. Одан да алыста гүрс-гүрс атылған үлкен зеңбіректің, зенит артиллериясының жер құйқасын шымырлатқан даусы естіледі. Кішкене қол шаммен сығалап компасқа қарайды. Бет алыс түзу. Бұл өзі майданнан бос қайтқан жері. Қалың тоғай, батпақ. Тіркесіп жүрмесе қауіпті. Ең алдында Петро мен Әшірбай, одан соң, Абызов. Ортада әйел. Саптың соңында Николай. Аяқ басқан сайын қауіп бар. Батпақтан, адасудан, жаудан, ойда жоқта кездескен, бұлардың кімдер екенін білмейтін партизан постыларынан қаймығады. Қашан түсініскенше, соңғысы да қауіпті. Алға шолғыншы қойды. Олар кезекпе-кезек ауысып отырады. Келіскен белгі бойынша дозордағы жігіт «Кук» десе тоқтайды. Оны екі рет айтса, бірі оған барып жайды біледі.
— Кук — тоқта!
— Кук, кук — мұнда кел!
Түн ортасында аялдады. Төңірекке посттар қойып, кезек-кезек мызғып алды. Барлаушының бір жауы — ұйқы.
Түс көре ме, біреулер мызғып отырады да, селт етіп қайта оянады. Қайта мызғиды. Осылайша елегізіп, таңды жақындатты. Жорық қайта басталды. Енді солтүстіктен батысқа бұрылды. Алғы шеп мүлде қалыс қалды. Сонда да болса кім біледі «Жау жоқ деме, жар астында, бәрі жоқ деме, берік астында» деген емес пе, барлаушының құлағы түрік, көзі жіті келмесе, бұл өнермен ойнауға болмайды. Нағыз барлаушы болу — табиғатынан талантты болып туу деген сөз. Барлаушылық — ақылды, қабілетті, әдіс-айланы, қулықты, сезімталдықты, шапшаңдылықты керек ететін өнер. Күлмеңіз, бұл өнер, үлкен өнер.
Барлаушы арнаулы тапсырмамен жорықта жүргенде оның өткені мен кеткені деген жоғалады, міндетті орындаудан, сөйте тұра жан сақтаудан өзге ешбір арманы қалмайды. Бәрін, бәрін ұмытады, жау тылында сенің ойлауға мұршаң келмейді. Барлаушылар көбінесе өзара әңгіме айтудан да қалады. Бұл бір-біріне сенбеуден емес, басқаны ойлап, басқаны айтуға уақыт жоқ. Жапырақты селт еткізіп, ағаш басынан ұшып өткен сары шымшық сені елен, еткізеді. Ол бірдеңеден шошымаса неге ұшты? Сенен бе, өзгеден бе? Құстың, аңның даусы, олардың қимылы, қалай қарай, неден ұшқанына дейін барлаушының назарынан мүлт кетпейді. Сауысқан, құзғын қарға барлаушының әккі шолғыншының ең бірінші серігі. Ол биікте жүреді, биікте ұшады. Бәрін бұрын көреді, бұрын хабарлайды. Алыстан жеткен атыс үнін тыңдайсың. Қайда, қанша жерде не боп жатыр, мұны аңғармасаң, тағы аңғалсың.
Топтанбай, андыздамай, тіркес-тіркес боп, қаздай тізіліп келеді. Дозордан жүз елу метрдей кейінірек Толпеко мен Қоянкөзов. Взводтың алдында лейтенанттың өзі, артында помкомвзвод ортада Женя. Бұл кешеден бері өзінен-өзі өзгерместей заң боп кетті. Алдағы шолғыншы тоқтаса тоқтайды жүрсе жүреді.
Шолғыншыны көбінесе Ширяев басқарады. Ол күндіз-түні бірдей жерді жақсы ажырата біледі. Дыбысты естігіш. Мұның, үстіне ол өз басына ұнайтын жігіт. Кішіпейіл, көп сөзді емес. Айтқанды ұққыш, түсінгіш. Елгезектігі тағы бар. Майданға келерден бұрын екі жылдай оңтүстік шығыс шекарада әскери қызмет атқарған.
Өзі де сол жақта туған, өскен. Аласалау, қағылез, өңі жұқа. Бірақ сондай шапшаң, қимылы тез. Алғы шептегі қимылы мысықтың жорытқанындай елеусіз, жылдам болатын. «Жерлеспіз» деп мұны іш тартып, сағалап жүреді. Бұл да оны тәуір көреді. Мұндай жігітті жақсы көрмеу мүмкін де емес.
Шаңқай түсте дем алды. Жігіттер құрғақ тамақ жеді. От жағу — өзіңді өзің ұстап берумен бірдей.
Таң алдында алыстан естілген атыс, мотор даусы, түске жақын сап болды. Атыс та, жүріс те тоқталмаған болуы кәдік. Күндіз таңдағыдай үн алыстан жетпейді. Барлаушылар отырған орманның үстімен үш-үштен төрт топ «юнкерстер» жасағы ұшып өтті. Бет алысы алғы шеп — Холм маңы. Одан әрі кетсе Демьяновскіге соғады. Он екі машина ыңырана боздап, аспан мұхитында әрең-әрең жылжып барады. Жүктері ауыр екені даусынан байқалады. Көп жүк артып, батпаққа салған жүк машиналары тәрізді безектейді келіп. Кімнің соры, кім білсін? Өзі сонша неге зар илейді? Біздің самолеттер қайда? Бұлар әбден ұзағанша қарады. Сонау алыс көкжиектен бір қара ноқаттар көрінді де, бұларға жақындай түсті. Самолеттер екен. Біздікі. Жаудың жеңіл, ұшқыр самолеттері бұлардың үстінен зу-зу етіп тағы өтті. Бұлар алғашқы кеткен, бомба тиеген самолеттерге көмекке барады. Жігіттер осы бір жайларды аяғына дейін қарап та, ойлап та үлгермеді. Бұлардан алыста, шамасы, Демьяновск мен Холмның нақ ортасында айқас басталды. Аз сәтте-ақ көзбе-көз аспаннан жерге құлдырап, алты самолет жанып түсті. Кімді кім түсіріп жатыр? Оны білу қиын-ақ. Аспандағы айқас едәуір ұзақ болды. Сол біткен кезде барып, лейтенант жауынгерлерін қарады. Көңілге болмаса, бәрі де сергек көрінді. Дегенмен, Дарищ түбіндегі палаткадан шыққалы бері, осы сапарда өз солдаттарына тікелей қарап, «өсиетін» айтты:
— Сыз жерге отырмаңдар! Ауырып-сыздасаңдар, белден шойырылсаңдар, менің арқалап жүруге халым жоқ. Бұл — бір. Тамақты байқап жеңдер. Жетпей қалса, өзі жау тылында ашығып отырған елден тамақ алуға рұқсат етпеймін. Бұл — екі. Шұлғауды құрғақ ұстаңдар, аяқ алына бастаса, бірден алдын ала айтыңдар. Менің ондайларға мінгізетін ат түгіл, есегім жоқ. Бұл — үш. Сақ жүрудің құлақ түрік болудың рұқсатсыз ешбір оғаш, артық қимыл жасамаудың керектігін жақсы білесіңдер...
— Жолдас лейтенант, менің де «өсиетімді» қоса айта салыңызшы! — деп Женя оған күле қарады, аузының үлкендігі, бетіндегі шешек дағы болмаса, ойнақы көзі еркіндеу де еркелеу. Кейде әзілкештігі, күлкісі оны едәуір сүйкімді етіп көрсететін. — Түнгі жүрісте қалғып кетсем, сөйтіп құлап қалсам, соңғылар мені аяғымен таптап кетіп жүрмесін.
— Қам жемеңіз, бикеш, аяқасты боп өлген әйелді көрмеппін, — деді Әшірбай. Айтарын айтса да, өз аузын өзі басып, — жолдас гвардия лейтенанты дегенім ғой, әйел өлмейді. Әйел өлмесе соқпа дерттен...
Бәрі жым болды. Кім не түсінді, кім қалай ұқты? Оны біле алмады. Оның қажеті де жоқ еді. Әзілінің орынды шықпағанын Женя сезе қойды. Дегенмен ұялған тек тұрмас дегендей, артынша:
— Екі рет қуладым түнде сүрініп, сонда демеуші болған жауынгер Саяқбековке алғыс айтыңыз, — деді.
— Жауынгер Саяқбеков, бармысың?
— Бармын, жолдас лейтенант!
— Бар болсаң, саған, жақсы қызметің үшін, ие, анығын айтсам он үш жігіттің ортасындағы жалғыз әйел жынысын, тек қана саған сүюге рұқсат етем! Бар! Сүй! — деді.
— Мақұл, жолдас лейтенант, сүйемін! — деп дөңгелек жүзді, аққұба, тостаған көз, сондай сүйкімді, өрімдей жас жігіт орнынан тұрғанда Женя бір сәт барлаушылық қасиетін жоғалтып, әйелдігі есіне түсті білем, қылымсып, күле-күле қарады оған. Артынша:
— Жолдас лейтенант, кімге сүйгізетінімді өзім білем, оны сенен сұрамаймын! — деді, күлген боп.
— Дарищаға, штабқа қайтып оралғанша бар билігіңіз менде екенін ұмытып кеттіңіз бе? Жарайды онда. Жауынгер Саяқбеков, орныңа отыр!
Аз тыныстан соң тағы жүрді. Шағын бойлы жіті көзді жас сержант Николай Ширяев топтың ең алдында келеді. Көк емес, сарғыштау көзінің жиегі тар, қысық. Бірақ сондай өткір, көргіш. Мұның әкесі Николай Николаевич Ширяев біздің Отанымыздың сонау шығыстағы, Қазақстан жеріндегі шекарасында тұрады. Кіші Николай да жасынан застава қасында өсіп, шекарашылардың көмекшісі болған. Кейін сол заставаның қасындағы мекенде өзі қызмет еткен. Майданға қырық екінші жылдың көктемінде, осыдан екі ай бұрын келді. Жау тылындағы бұл сапар оның алғашқы үлкен жорығы... Артық сөзі жоқ, айтқанды дәлме-дәл орындайтын елгезек, сезімді, ұғымпаз. Атағы шыққан барлаушыларды қоспағанда осы келе жатқандардың ішіндегі ең сенетін, қате жібермейтін осы Ширяев. Содан да оны үнемі алға салатын.
Ақшамда тас жолдың сөресіне жақындады. Оны машинаның зулаған дыбысынан, анда-санда бір өткен атты арбалардың зіркілінен сезді. Жорықты тоқтатты. Біраз кеңесіп алғансын, Женя мен Николай бастаған тоғыз адамды орманға тастап, бес жігіт барлаудың ішіндегі барлауға шықты. Ақырын басып, кейде бүкшеңдеп, кейде еңбектеп тас жолға қарай жүрді. Орман арасындағы жол кейде бұраңдап алыс кетеді, кейде жақын келеді екен. Осындай бір иіннен үш адамның басы қылт ете түсті. Олар бұларды көрген жоқ.
— Жатыңдар! — деді.
Алдында ұзын бойлы, еңгезердей дәу қара жігіт. Қасында автомат асынған екі солдаты бар. Өзі тым еркін жүріп келеді. Ешкімді байқар да, сезер де емес. Дүрбі салды. Біздің адамдарға ұқсайды. Басында жеңіл пилотка. Оған жұлдыз таққан. Бұған сену де, сенбеу де қиын. Кім де болса, мылтық атпай тұрып түсініскен жөн. Ол үшін тым жақын жіберген абзал.
Аса ұзын, жас жігіт, плащ-палатка жамылған. Өңі қоңыр. Қасындағылары тым жас, бала жігіттер. Граната лақтыратындай жерге келгенде сабырмен, жайлап қана:
— Оқ атпа, үніңді шығарма, жата қал!
— Вот, сволочь! — деді де ол жата кетті. — Сен де үніңді шығарма! Кездескен жерін қара, сволочь!
— Кімсің? — деді. — Шыныңды айтпасаң, дүние бүлінеді.
— Сен кімсің?
— Мен сенен сұраймын, кімсің?
— Мен сенен неге сұрамаймын! — деді алғашқыдан гөрі жайлы үнмен.
— Сен менің тосқауылыма өзің келіп түстің. Енді кім екеніңді айт.
— Сен мені өзіңше тұтқынға алдым деп ойлап жатыр екенсің-ау! Па, шіркін-ай!
— Сен қақпанға өзі түскен қасқыр сияқтысың, кім екеніңді айт? Әйтпесе, жоямын.
— Пәлі, жоюдың оңайы-ай! Мені жоямын деп жүргенде өзің орныңнан тұра алмай қалма? Қазір жою екеумізге бірдей.
— Сенің адамың екеу-ақ. Менің артымда көп жасақ бар. Кім екеніңді айт. Немесе, орныңнан тұр да, теріс айналып, келген ізіңмен жөніңді тап, жолды босат!
— Оққа арқасын тоса қоятын ақымақты тапқан екенсің? Сен өзің кімсің? Король емеспісің?
— Жоқ, король емес, шахпын! — Артынша есіне бүтін Солтүстік Батыс майданына аты таныс, әйгілі барлаушы Михаил Король түсті. Мынаның сұрауына қарағанда бұл да барлаушы, немесе, соны іздеп жүрген жауыз.
— Өтірік айтпаймын. Корольді естігем. Оның адамы емеспіз. Сен шыныңды айт, Король саған неге керек? Өзің кімсің?
— Өлтіремін, басын кесіп аламын, ол иттің күшігінің.
Оның үнінен әзіл тәрізді жұмсақтық естілді.
— Әй, ерте күнді кеш етіп, осылай былшылдап жата береміз бе, айтсаңшы, кімсің?
— Жата бермесек, кел айтысайық, төбелесейік...
Қасына Толпеко еңбектеп келді де, құлағына сыбырлап:
— Аврамов емеспісің деп сұра!
— Әй, сен Аврамов емеспісің?
— Әй, оны қайдан... Оның кім-әй, иттің баласы ма?
— Әй, сен Аврамов болсаң, тұра кел! Сені танимыз.
— Танысаң, алдымен өзің тұр. Мен де сенің тұмсығыңды көрейін!
— Алдымен сен тұр, Аврамов! — деді Петро.
— Сенің атың кім?
— Петро...
— Қандай белгі бар?
— Бетім тыртық. Сенің ше?
— Менде белгі жоқ. Өзім қара, көзім көк. Қырық сегіз номерлі аяқ киім кием.
— Шын Аврамов болсаң, мұнда кел!
— Петро... Толпек... болсаң өзің кел!
«Сен кел, сен келдің» соңында бір-біріне қарусыз, орнынан тұрмай жер бауырлап баруға келісті. Кімде-кім орнынан тұрып кетсе, қарсы жақта жатқан солдат ешбір ескертусіз ататын болады.
Оқ атылды дегенше тапсырма жоқ болады.
— Әй, Аврамов, мен Кутузовтың шаруашылығынан келемін. Тығыз да, маңызды тапсырмам бар. Қылжақты қой, мұнда кел!
— Мен де сол, мұрты бар, ұзын қара шалдың қол астындамын.
— Шын ба?
— Шын!
— Мен тұрдым. Өтірігің болса, оғыңды әзірлей бер.
— Мен де тұрдым.
Серейіп ол да тұрды, бұл да тұрды. Петро оның бетін көрді де тани кетті.
— Борис!
— Петро!
Кейін шегіне келіп артта қалған топқа қосылды.
Аврамов Женяны көрген бойда:
— Охо, мен Корольді іздеп жүрсем, королевасы мұнда отыр екен ғой. Әй, лейтенант, мыналарың барлау емес, үйлену саяхаты боп жүрмесін?
— Қалай десең, де ерік өзіңде. Біздің барлауымыздың мағынасы осы кісіге байланысты, — аты-жөнін, атағын, қызметін айтып таныстырайын деп ойлады да, тоқтап қалды. — Жолың болсын айт, мына Петроға, жолдас Аврамов.
— Мен осы сендер келген соқпақпен біраз жүрем де, солтүстікке тік бұрылам. Новгород, Псков партизандарының бастығы Осломовқа барамын. Үлкен әңгіме бар. Ал, сендердің де жорытқанда жолдарын болсын! Мына соқпақ тегін соқпақ емес. Бұл Аврамов пен Король салған соқпақ. Мұны немістер «жылан соқпақ» дейді. Біз «серілер сүрлеуі» дейміз. Мұнымен батыл, ер жігіттер, серілер ғана жүреді және кілең жолы боп тұрады. Ал, Абызов, жолдарың болсын! Аман-сау, табыспен оралуларыңа тілектеспін!
Ол қоштасып, бұрыла бергенде, Абызов бұған ілесе жүрді.
— Біздің немен, қандай тапсырмамен жүргенімізді сұрамассың. Мен де сенен ештеңе сұрағым келіп тұрған жоқ. Бірақ бізге тас жолға шығуды айт. Қайдан, қай жерден шықсақ болады.
— Осы келген соқпақпен шықсаң дұрыс болады. Мұнда жолдың иіні бар. Кәдімгі аттың тағасы тәрізді жартыдан аса дөңгелек. Дөңгелектің ішіне емес, сыртына жатыңдар, — деді ол, бұлардың не істейтіндерін біліп тұрғандай-ақ. — Иә, айтпақшы, сол дөңгелектен бір, екі-үш жүз метрдей жерде кемусіз қалған солдаттың денесі жатыр. Осы өткен қыста сегізінші дивизияның осы арамен Ловатьтан әрі өткенін білемін. Сонда ол қалың қар астында көміліп қалған болса керек. Соны жерлеуді өтінер едім.
— Өзің неге жерлемедің? — деп ол шапылдай сөйлеп қалды.
— Айтарыңды біліп ем. Қайтар жолға қалдырғам. Егер сендер жолға аялдайтын болсаңдар, сауап жасаңдар.
Аяғында алыптар киетін қалың табан, зор ботинкасы бар, бойы тым ұзын, өңі қара, көзі көк Борис Аврамов кең адымдап, алыстай берді.
Бұлар жолға жақындай түсті. Машина даусы қайта естілді. Жата-жата қалды. Бір-біріне еңбектеп жақындай келіп, мынаған келісті: жалғыз адам барған, жол бойында жарты сағаттай жатады. Содан кейін ғана топты жақындатамыз. Кім барады? Әшірбайдың өзі сұранды. Ол жарты сағаттан аса жол бойын бақылап, қайта оралды.
— Көрініп тұрған қауіп жоқ. Жолға шығуға болады.
Соның өзінде он төрт адамды төртке бөлдік. Алдыңғы топ — Петро, Әшірбай, Сорокин және өзі. Жол бойын, Женяны жайғастыратын жерді қарастырды. Алдағыны күзететін, жолды қарауылдайтын екі топ тағы бар. Ең соңғы топ — қосымша қару-жарақты, тамақты күзетіп ағаш арасында қалған.
Жол бойы тып-тыныш. Екі жігітке жолдың екі басын қарауды тапсырып, Женяға қолайлы жер іздеді. Ең басты іздегені жаудың телефон сымдары еді. Ол жолдың солтүстік бетімен, дәл айтса, өздері тұрған жағымен өтеді екен. Бірақ жері қолайсыздау көрінді. Кілең аңқылдап сөйлейтін, ақ көңіл, батыр жігіт Петроға бәрібір тәрізді:
— Несі бар, жай таңдайтын уақыт емес, осы жерге отырсын келіншек, — деп қояды.
— Келіншек емес, ол қыз мұнда отыра алмайды. Екі жағы бірдей алыстан, ең болмағанда бір шақырым жерден көрінетін болуға тиіс. Кәзір анау бұрыштан, немесе, мынау айналыстан жау шыға келсе қайтесің? Не де болса, жауды бұлар бұрын көруге тиіс. Сонда ғана жасырынуға, айла жасауға болады. Әйтпесе, болмайды. Мен ұрысқа түспеуді ойлауым керек, — деді лейтенант Абызов.
Петро Толпеко тез қайтты райдан.
— Өзің біл, жолдас лейтенант! — деді ол.
— Ей, қу тілді жігіт, сен не ақыл айтасың? — деді Қоянкөзовке қарап.
— Біз таңдағанмен біздің тапқанымыз бикештің өзіне ұнамаса қайтеміз. Мен одан да оның өзін ертіп келейін.
Екі қарауыл мен Петро, лейтенант ағаш бұтағын жамылып, ойпаңға жатты.
Ивановаға бұлардың жатқан жері ұнамады. Қанша дегенмен оқыған, арнаулы мектебін бітірген барлаушы емес пе! Оның ойынша екі жақты алыстан көрген жақсы. Сонымен қатар биіктеу орын қажет. Жасыратын жер елеусіз болса оңды. Бұлар осындай орын іздеген. Ақырында енді тауып орналаса бергенінде нақ төбеден, өте төменнен екі самолет ұшып өтті. Жол бойында бүкшең-бүкшең, еткен барлаушыларды байқамады. Сонда. да болса сақтықта қорлық жоқ, самолет үні естілген бойда-ақ, бәрі бір кісідей лып етіп жата қалды. Оның артынша жолмен екі-екіден төрт ат жеккен екі жеңіл арба өтті. Екеуінде жеті-сегіз адам бар. Абызовтың қасында жатқан Петроның үлкен бадырақ көздері одан сайын бадырайып, жиегі қызарып кетті. Оған ерік берсең, кәзір қимылдап, арбаны қиратып, солдаттарды жойып, өзіне қажетті маңызды бір-екеуін алдына сап кері қайтпақ.
Әйелдің талғампаздығы мен орынсыз еркелігі жігітке ұнай бермейді. Женяны кеш алдында әрең орналастырды. Сыз жерге құрғақ шөп төсеп, жайлы да жылы орын салды. Жаудың телефон сымы өткен жердей алыс. Егер сымды бойлап келе жатқандар болса, жалғанған сымды тартып қап, жинай салуға әбден болады. Сымның сыртындағы резинканы кесіп, өз аппаратының сымын жалғаған бойда-ақ телефон сытырлап, сөйлей жөнелді. Женя ыржия күлді де, блокнотын алып жаза бастады. Қандай әңгімеге тап болғанын кім білсін? Жазып жатыр.
Бұлар үш-үштен төртке бөлінді. Алға, Женяға жақын Толпеко мен Қоянкөзов жатты. Одан соң Сорокин, Саяқбеков, Ширяев бастаған топты түгелдей рация қасында қалдырған.
Бұлар аз аялдады. Есіне Борис Аврамов айтқан белгісіз солдат түсті. Сорокинді алып алаңға шықты. Әлі бұзылмаған дене, сулы, сыз балшықта жатыр екен. Ешбір документ жоқ. Каскасы мен бас киімі, белдігіне қарап, біздің адам екенін білді. Тас жолдан екі-үш жүз метрдей жерге жерледі. Жуан ағаштың діңгегін қоса көмді. Оған Сергей Сорокин: «Осы жерде белгісіз солдат жатыр» деп жазды. Қайта келіп, жасырын, ағаш жапырағына оранып, отыра берді.
Осы жолдың бойында, қақ осылайша бір тәуліктен аса жатты. Не бітірді, оны бір құдай мен Женядан басқа жан білмейді. Абызов болса бір тәулік бойы осы жолмен олай-бұлай өткен машиналар мен танктердің санын, номерін жаза берді. Бір тәулікте номерлер қайталанып та кетті. Арбаларды, салт ат мінгендерді де тізді. Бұл жол темір жолға баратын, Локня, Насва, Новосокольникиге қатынайтын, одан Пушкин тауларына кететін жол.
Женя мәз. Холм бекінісінің бастығы генерал Шерердің тылымен сөйлескен сөзіне дейін тыңдапты. Шерер: «Жол қауіпті. Партизан, барлаушы деген толып кетті деген. Азырақ оқ-дәрі, киімді Холмға самолетпен жеткізуді ұсынған. Ол бір сөзінде жау өзі шаппаса, бізге шабу қолайсыз деген... Анау жақтан оған сені Гитлер мақтап жатыр. Орден бермек» депті...
Келер күннің кешінде үлкен жерге қарай бет алды. Аздаған кеңестен соң келген ізбен қайтуды аса қауіпті деп тапты. Ізді байқап қалса тосқауыл жасалады, жасырын топ барлаушыларды тосып алуы кәдік. Содан да келген ізбен емес, тас жолға жақындау жүруді ұйғарды. Ыңғайы келсе «тіл» алсақ дейді. Бірақ бұл өз тапсырмасын орындаған, енді соны баяндауға асыққан Ивановаға ұнамайды. Тас жолға жақын келу, ол жерден «тіл» алу қауіпті дегенді ол айта берді.
Женя Иванова көңілді-ақ. Мол олжаға батып, тілегіне жеткен адам өзінің қуанышын, күлкісін, толғанысын қанша жасырамын дегенмен, оны көзі айтып қояды. Бүгін үшінші күн бел шешіп ұйықтамағанына қарамай көзі күлімдеп, Женя сергек келеді. Барлаушылардың сыңайын танып, беталысын байқаған кезде:
— Жолдас лейтенант, қай жолмен жүрсең — ол жолмен жүр, әйтеуір пәлеге ұрындырмай, ешкімге соқтықпай ертерек, аман алып барсаң болды, — деді.
— О, асықпаңыз, жолдас Иванова, тапсырма әлі орындалған жоқ.
— Енді не істейміз?
— Тіл аламыз.
— Негізгі тапсырма жақсы орындалса, басқаларын орындаудан қашыңдар демеп пе еді майор, осы да жетпей ме? — деді Женя.
— Майор Ветков тіл әкел, Меңдіғазин басқарған барлаушылардың тағдырын біл деген. Ыңғайы келсе, тіл алам, деревняға кіріп, барлаушыларға сұрау салам.
Иванова бұған онша риза бола қойған жоқ. Өзі жинаған маңызды хабарларды жеткізуге асығады. Тіл аламыз деп жүргенде ұрыс боп кете ме деп те қаймығады. Онысын айтпаса да көзінен көрінеді. Бір сөзінде: «Холмға теңізшілер батальонын әкелмек» деп бір қойды.
— Әкелсін!
— Келмей тұрғанда, жолда құртса...
— Асықпаңыз, оған да үлгереміз.
Осы топтағы офицерлік атағы бар екі адамның, Абызов пен Иванованың өзара сөзін үнсіз тыңдап келе жатқан Әшірбай ортадан араласа кетіп:
— Біздің халықта мәтел бар. «Көңілі бұзық бұқа-тайыншалардың арасында жүреді» деген. Сол айтқандай, тас жолдан алыстамай келе жатқанынан қорқам. Осы кісінің не де болса да ойы бұзық, — деп қойды.
Рас па дегендей, Женя оған бір, Қоянкөзовке бір қарады. Ақырында, өңін суытып, зілдене сөйледі. Онысы ешкімге ұнаған жоқ.
— Көп шаруа бітірдім, құпия мәлімет көп маңызды хабар әкелемін. Соны біліп қой. Жеткізе алмасам, сен кінәлі боласың, басыңмен жауап бересің? — деді ол тағы да.
— Оның несін ескертесің, Евгения Васильевна! Бас деген шіркіннің өзі тек қана жауап беруге жаралған ғой.
Айналасы ашық бір шоқ ағашқа келіп паналады. Шығып кетудің қиындығы болмаса, тынығуға жақсы. Төңірек тұтас көрінеді. Осында жатты. Көп жүрістен, ыстық тамақ ішпегендіктен, үнемі сақтықпен қысыла-қымтырыла жүргендіктен жауынгерлердің жүйкесі шаршай бастаған. Қабақтары салыңқы. Бұл белгіні ең алдымен екі кісіден анық байқады. Бірі — Женя. Бірі — Бозым. Женя болса бір жарым күн тыңдаған сөзін ішіне сыйғыза алмай келеді, соны жоғалтып алатындай асығады. Бозым Саяқбеков қайтарда да, келгендегідей топтың ең соңында келеді. Алға Ширяев шыққан. Алақтап жан-жаққа қараудың өзінен-ақ әбден шаршаған. Көзінің алды ісініп қалған. Қабағы кіртиіп тұр.
Одан «ауру емессің бе?» — деп сұрады лейтенант. Басын шайқады. Ерні кезеріп, тілім-тілім бопты.
— Жауынгер Саяқбековке бір жұтым спирт берілсін! — деді ол.
Сержант Ширяев оның өңіне, бет-жүзіне қарады да, неге олай екенін түсіне қойды.
— Ой, бізге ше? — деп Толпеко гүж ете қалды.
Қоянкөзов оған көзін қысты. «Үндеме» дегендей.
Тоғайда біраз аялдады. Үлкен жермен сөйлесті. Артық сөз жоқ. Олардың «Темекі! Темекі!» деген сөзіне: «Он төрт! Он төрт!» деп жауап берді. Олар, Үлкен жер бұлардың дүниеде тірі жүргенін білді.
Бұдан кейін Сутоки селосының тұсына тоқтап, осы өткен қыста, шабуыл кезінде ерлік қазаға ұшыраған достардың зиратына бас иді. Бұрын мұнда Меңдіғазин тобы бопты. Қағаз тауып алды. Қағазды оқып тұрған Бозымға:
— Әй, археолог, жүр кеттік! — деді.
Күн шығысты бетке алып келеді.
Әшірбайдың әлденелер айтып күлдіргісі келеді. Амал не, қабағы қатыңқы он төрттің ішінде күлуге құштары аз. Шаршаған, ұйқы жоқ. Тамақ та аз қалған. Ең ауыры жау тылында, төңіректің бәрі — ағаш та, орман да, қарайған бұта да саған жау сияқты көрінетін жерде жүргенде ең алдымен жүйке шаршайды. Тіл алуға ниеттенді. Бірақ оның қалай шығарын, қалай орындаларын кім білсін? Толпеко мен Қоянкөзовтің мол тәжірибесінен басқа айла аз. Аудармашы-барлаушы тиіспеңдер, тілдің қажеті жоқ деп, без-без етеді. Бұлардың сыңайын байқап, қазір үнсіз келеді.
Әлі күн батпаған. Ағаш басы, ондағы ескі жапырақтары жарқырап тұр. Жоңқасы әлі қанат жаймаған. Жым-жырт дүние. Тас жолдан барлау жасаған жерден шыққалы тірі жан көрмеді. Шамалауынша Холммен тұспа-тұс келеді. Бұл деген жарты жол. Жартысы алда. Ел қайда, жау қайда? Бірінен нышан жоқ. Тымырық, тыныш. Қимыл, қозғалыс барда қарайғаннан секем ап, состия қалатын еді, енді елегізіп келеді. Жау қылт етсе жылт еткізіп, оны қағып түсетіндей. Мотор үні естілді. Жата-жата қалды. Алдағы оқ бойы жерден ел арасының кішкене жолы өтеді екен, сонымен зулатып, әрқайсысында үш-үштен адамы бар екі мотоцикл құйындатып өте шықты.
— Көбірек екен, — деді Петро.
— Аз болғанда да моторлы жауға тиісу біздің кәсіпке жатпайды.
— Жолды кесіп өткенде топырақтың үстіне іс түспесін. Біртіндеп, бір-біріңнің іздеріңді басып өтіңдер. Ең соңынан Николай өтеді. Сержант, жолдың топырағын шөппен сипап, ізді жойып от!
Жолдан, әлгі мотоцикл өткен жерден қарғып өтті.
Басқалардың қалай өткенін байқауға артына бұрыла бергенде үлкен ағашқа қағылған алақандай ақ тақтаға көзі түсті. Жұлып алды да, қойнына тықты. Біреулер ол не дегендей оған қарады. Жазуы бар тақтайды көрсетті ол.
— Бұл жерге кідіруге болмайды. Былай шыққансын Женяға оқытамыз. Немісше жазылған.
Жолдан өтті. Қалың ағаш. Кейбір жерлерімен көптен бері не адам, не аң өтпеген. Ит мұрыны батпас дүлей. Қолмен қармалап, тыңнан жол салып келе жатқан Әшірбай кілт тоқтап, жата қалды. «Жатыңдар!» деп тұншыға сөйледі. Көкек шақырады. Сауысқан шықылдайды. Мұндай жерде адам бар. Ел жақын.
Жата қап алға қарады. Қасына келген Николай Ширяевке қолындағы тақтаны берді. «Сақта! Кейін оқимыз». Әшірбай саусағын шошайтып қояды. Бұлардан көп болса жеті-сегіз жүз метрдей жерде, тоғай арасындағы шағын аланда екі адам тұр. Өздері емін-еркін, ештеңемен ісі жоқ, бейқамал сөйлескен. Еңбектеп, дыбыс білдірмей шегінді. Ал кеңесте Женя тағы безектеді. Алмаймыз, ала алмаймыз, бәрін бүлдіреміз. Қолға түсіп қаламыз дей береді. Басқасы басқа, бұл сапарда тапсырманы мүлтіксіз орындаған адам біреу-ақ болуға тиіс. Ол — өзі. Өзінен басқа осы топта олжалы кім бар? Немесе, шын қорқа ма? Кім білген? Біреу түгіл, өз әйелінің не ойлағанын білмейтіндер көп емес пе? Әйелі жоқ жігітті кінәлай қоюдың орны қайсы? Бірақ мұның түсінігінше өзінде барды басқада болсын дейтін әйел аз болар. Бұл жұрттың бір қасиеті осы. Ал, нақ қазір Женяны кінәлау, немесе, қорықты деу қиын-ақ. Көпке дейін оның соңғы сөзі: «Бәрін бүлдіресіңдер!» дегені құлағынан кетпей қойды.
— Ал бар ғой, алақанға салғандай бағалы да, оңай олжа! — деді Қоянкөзов, — екеуі де неміс. Біреуі офицер, штабтың қуы.
— Алақаным қышып келе жатыр еді. Е бер, құдай, кляп, кляп! — деді Петро.
— Аламыз! — деді Абызов. — Мылтық атылмасын, екеуін де аламыз.
Женя сұрланып кетті.
Тағы үшке бөлінді. Екі топ алатындар және алушыларды қорғайтындар. Алты адамды Женяға қосып орманның терең түкпіріне, қауіпсіз жерге жіберді Петро. Әшірбай, Николай, Саяқбектің Бозымы төртеуі алға кетті. Қалған үш жауынгерді алып, лейтенант тіл алатын топтың соңынан жылжиды. Ағашты, бұтаны қимылдата бермейік деп, қазша тізіліп, бір-бірінің ізімен кейде еңбектеп, кейде бүкшеңдеп жорғалай басады. Бір қызығы алда тұрған екеу ештеңені сезер емес. Тіл ұстайтын алдыңғы төртеу жақындап қалды. Ал, тіл алушыларды қорғайтын топ межелі жерге келіп жатты. Енді қозғалуға болмайды. Тыныс жиілене түсті. Күтіп жатыр. Асыға күткенде уақыт өтпейді. Құлақ шыңылдап, шеке тамырлар солқ-солқ етеді. Алдағылар жыландай сусып нақ қасына барды. Екі жауынгер тоқтады, жатты. Алға Әшірбай мен Петро шықты. Дәл қасына жетті. Ешбір сезік жоқ.
Екеудің бірі түрегеп тұр. Бірі кесілген ағаштың діңгегінде шылым тартып отыр. Түтін анда-санда будақ-будақ шығады.
Орман басына төмен түсіп, еңіске түскен күн шуағымен шағылысқан екі каска, жігіттердің басы жалт-жұлт етті де жоқ болды. Ешбір дыбыс шықпады. Қимыл көрінбеді. Бәрі де тез, шапшаң болды. Бәрі де ойлағандай сәтті шықты...
Жүрек жиі соқты. Олжаға қуанды. Ойлап та, қарап та үлгерген жоқ. Аппақ етіп жуған шүберектей боп-боз болған екі адамды сүйретіп, төрт жігіт қайта оралды. Бірін Әшірбай, бірін Петро қолтықтап апты. Екі жауынгер арқасынан итеріп келеді. Бірі солдат, бірі офицер. Әсіресе, офицердің сұры қашып кетіпті. Өзі де ашаңдау, жұқа жігіт екен, ауыздан көмекейлете тығып жіберген кляптан ба екен, көзі топалаң тиген қойдың көзіндей алақ-жұлақ етеді. Оған назар салуға мұрша жоқ. Женялар кеткен орман тереңіне қарай жөнелдік. Олжа мол. Бір сәт шаршағаны да, қарын ашқаны да ұмытылды. Зытып келеді. Тұтқындарға оңдап қарауға да мұрша жоқ.
Ымырт үйіріле бере Женяларды тапты. Алыс кетіпті. Бұларды көріп қуанып қалды. «Кляпты алыңдар!» — деді. Аудармашы ғой, өзінше, жау тылында-ақ тергеу жүргізбек.
Осы түні бұрынғы он төрт адам, он алты боп, түні бойы жүрді. Таң атпай межеге жету керек. Күндіз өтер жерді барлап, белгілеп, түнде өтпек.
Таң атты. Біраз тыныстап алды да, тағы жүрді.
— Көңілің тынды ма, жолдас лейтенант? — деді Иванова тыныстаған кезде.
— Не жайында?
— Тапсырманы айтам... орындалуын айтам...
— Әлі орындалмаған іс бар.
— Енді не істемексің?
— Жергілікті халықтан Меңдіғазин тобының тағдырын білеміз.
— Мүмкін сіз, Меңдіғазиннің өзін іздеп табамыз дерсіз.
Мінезі шақарлау, кейде шайпау, қыздың тілі улы.
Кекетіп отыр.
— Іздейміз, табамыз! — деді бұл.
Қыз ғой деп қанша іш тартса да, тілі ащы. Оның үстіне өзіне тапсырылған істі бітіргенсін, басқа шаруаны менсінбей келеді. Немістердің өзара не деп сөйлескенін ол бізге шет жағалап қызықтыру үшін ғана айтты. Бір жағынан, құпия екені рас. Екіншіден, Женя өз бағасын асырмақ. Үшіншіден, айта бастаса, жігіттер күледі деп сескенеді. Өйткені оған тау боп көрінген кейбір сөз бұларға күлкі болуы кәдік қой. Содан да ол әңгімені басқа жаққа бұрып, тілді қалай алғанын сұрады.
— Өздері айтсын, мынау отырған дәу сары Петро Толпеконы — «Қоңыр аю» деймін. Мынасы «Қара барыс» — Әшірбай Қоянкөзов. Бұрынғы аңшы.
— Бұл екеуі маған да көптен таныс. Екеуін де жақсы білем. Бірақ тіл алатын барлаушылар әдепті, үндемес бола бермейді. Көп мақтанады.
— Мақтайтын, мақтанатын іс бітіргенсін, неге мақтанбасын?
Мақтауды кім жек көрген? Петро мен Әшірбай күліп қояды. Бұлар Ивановаға қалжың-шынын араластыра күле отырып, тілді қалай алғанын айтты.
— Бұларды ұстаған жерде ештеңе қалмады ма? — деді Женя.
Бұл үлкен барлаушының ойы. Тұтқынға түскен жерде жау қу келсе, аса бағалы документті елеусіз тастап жіберуі, лақтырып кетуі кәдік-ақ.
Әшірбай тұтқын алғанда жан-жаққа, төңірекке қарамаған ба, қолайсызданып қалды:
— Қаруы, документтері түгел сияқты, не тастап үлгерді дейсің.
— Адамның қолы тілінен жүйрік те, шапшаң да емес. «А» деп тілімен айта алмаған адам, затты қолымен қалай тастап үлгереді? Дегенмен, осы екеуінің аузындағы кляпты алмасақ та, бостау етіп салуға бола ма? — деді Сергей Сорокин Петроға, — қолдары байлаулы ғой.
— Кляп бостау болса, тілімен итеріп, түкіріп тастайды.
— Ол өзі тілді басып тұр ма?
— Ал, енді қалай деп едің?
— Сенің кәсібіңді кім біліпті. Ал, осы екеуі біздің қай шамада келе жатқанымызды біле ме? Мынау офицер — штабист. Бұл біледі. Картаны, жерді жатқа білетін қу шығар.
— Бұлар алғашқыда зәресі ұшып, жаман қорқып еді. Енді үйренейін деді білем, — деді Петро.
— Үйренгеннен емес, мен білсем, бұлар алғашқыда партизандардың қолына түстік деп ойлады. Олардың тұтқын алмайтынын естіген. Енді бұлар біздің партизан емесімізді сезіп келеді. Жан қалады дейді ғой. Өздері біледі.
Офицердің гимнастеркасына тіккен қолындағы белгісіне көзім түсті. «Құдай бізбен бірге».
— Мынасын қара! — дегендей Женяға нұсқадым.
— Құдай бізбен бірге! — дегені ғой, — нағыздың өзі болар.
— Кім болса да алдымен сіз сұрайсыз ғой. Кім екенін айтарсың, бізге де!
Кезекті тыныстауда Николай мен Бозымды төңіректі барлап қайтуға жіберді. Екеуі де елгезек, сезімтал, байқағыш, ақылды жігіттер. Николай ең жасы. Бозым ең сүйкімдісі. Жас болғанда, екеуі де он тоғызда. Ең үлкені Петроның өзі отызға жаңа келген. Басқаларының бәрі жиырма беске жетпеген жігіттер.
Бозым жарты сағат өтпей, жүгіре басып қайта оралды. Тоғайда саңырауқұлақ теріп жүрген екі адамды көргенін айтты. Николай соларды бақылап, қалып қойған.
— Сендерді көрді ме олар?
— Көрген жоқ.
Осылардан ба, әйтеуір селодан, жоғалған барлаушылар жайында бір дерек. алған жон. Осы оймен саңырауқұлақ терушілермен сөйлескісі келді. Абызов бұта-бұтаны тасалап келді де, Николайға соқты, одан әрі жақын кеп, «көкек, көкек» деп дыбыстады. Кәрі кісі екен, бірақ сақ екен, дауысқа жалт қарады. Орман адамы дауысты тез айырады. Бұлардың «көкегінің» жасанды екенін бірден-ақ сезді. «Мұнда кел». Аздап еңкіш тартқан қарт кісі именбей, емін-еркін келді. Село жайын сұрады. Әзірше тыныш. Жау да, партизандар да анда-санда соғып тұрады екен. Барлаушыларды көрмеген, білмеген. Тек бүгін таңертең, бұлар осында келген кезде бір әйел, бір еркек оңтүстік шығысқа қарай кеткен. Өте сақтықпен, кідіре-кідіре, тың тыңдап барады екен. Бұдан артықты сұрамады.
Алда кеткен екеудің кім екенін білуге асықты. Бұрынғы екі бастаушыны ортаға, тұтқындар мен Женяны қасына қойып, алдына лейтенант өзі түсті. Ондағы ойы — алдан шөпті жапырған, батпаққа түскен жаңа із, әлгі екеудің алған бағытын білмек. Барлаушының бір қасиеті — ізшілдік. Мал баққан, далада өскен адам ізшіл келеді. Бірақ із көрінбейді.
Із жоқ. Ештеңе естілмейді, көрінбейді. Сонда қалай, алға кеткен екі бірдей адамды жер жұтып жіберді ме? Жетеміз, көреміз деген үмітпен қатты-ақ жүрді.
Барлаушылардың заңы сол, алдағы қатты жүрсе, соңғылар да шапшаңдайды. Олар тоқтаса тоқтайды, жатса жатады, жүрсе жүреді. Бұлар тың тыңдаса, олар да төңірекке құлақ тосады. Тоқтамай көп жүрді. Міне, қызық, бес-алты шақырымнан соң батпаққа тіреліп, енді соны айналып өтпек болған екі ізге тап болды. Бірі үлкен, екіншісі кіші. Бұл әлгі қария айтқан екеуі екеніне күдік қалмаған. Жүрген сайын із анықтала, жаңара берді.
— Не көріп келесің, Николай?
— Із көріп келем.
— Алға түс, дыбыс білдірмей қуып жет те, тоқтат. Оқ атылмасын! Ал, ұмтыл, алға! Осы ізбен...
Николай жүгіре басып, алға қарай зыта жөнелді. Арттағыларды іркіп, жайлап келеді. Мұның жалғыз қалғанын көргенсін жүгіре басып, Әшірбай келді қасына. Барлаушы ғой, ол Николайдың ізінің қатарындағы жаңа ізді бірден көрді. Ұзай алмаған болар, дұрыс жібергенсіз дегендей жымия күлді.
— Үндеме! Женяға сездірме! Бөтен түгіл, өз әйеліңе де сыр айта бермейтіндер бар. Біз бұл екеуін де аламыз.
— Жемтік көрген аш қарғалар сияқты көрінген жемтікке қона береміз бе? — деді ол. — Жақсы барыс, аю көрінген нәрсеге түсе ме?
— Аю мен барыс түгіл, арыстанның өзі жемтікті иіскеп барып, содан кейін жериді.
— Қағазында не барын кім білсін? Алтын арқалап келе жатқандай қыз әйтеуір мәз. Ұқтым. Қолға түсіргенше оған тіс жармаспыз.
Бұлар сөзін аяқтап та үлгірмеді. Алда, жүз қадамдай жерде, ағаштың тасасында үш адам отыр. Бірі — Николай.
— Өзіміздің адамдар екен!
Сақалы өскен, үсті-басы кірлеген, дөңгелек бет, тапал қара орнынан тұра беріп:
— Танымай қалдың ба, әлде білмеуші ме едің, мен Меңдіғазин Бақтиярмын ғой, — деді де, Абызовпен қос қолдасып амандасты.
Бұл не дерін білмей аңырып қалды. Шала таныс екені рас.
— Бір айдан бері өте алмадық, жол таппадық. Жігіттер партизандарда қалды. Өзім мына бір қызды жолшы етіп, алғы шепке беттеп келемін. Бұдан бұрын үш-төрт мәрте өте алмай қайттым. Бұл мәрте жолым болар, сендерді кезіктірдім ғой.
Женя келгенде Бақтияр онымен құшақтасып көрісті.
— Тірімісің?
— Көріп тұрғаныңдай, Евгения Васильевна!
— Міне, жолдас лейтенант, үшінші тапсырма да орындалды, қандай жақсы болды, — деді Женя.
Ол үндемеді. Өйткені, мұның ойынша әлі бірде-бір тапсырма орындалған жоқ. Бұлар әлі жау тылында, алғы шептен, Ловать өзенінен арғы бетке өтуге тиіс. Арғы бетке шығып, «Темекі» деген сөзді айтып, өз қаруластарының қолына жеткенше, тапсырма орындалды деу артық.
Кеш болып, қараңғы түскенше күтті. Тылға өтерде жасырып кеткен қайықты тауып, өзенге түсірді. Ең алдымен Женя Иванова бастаған топ өтті. Қайық қайта келді. Ең соңында Николай, Бозым, Сергей және Абызов отырды. Қайық өзеннің дәл ортасына жете бергенде алыстан ракета атылды. Өзен беті бір сәт жап-жарық боп кетті. Сасқанынан қайықтың қорабына бастарын тықты. Бір тәуірі ракета қайта атылмады. Бұлар жағаға жетті. Сөйтіп, бұрынғы он торт адам он сегіз боп өзеннен өткен. Ең алғашқы постқа «темекі» деген сөзді айтты. Жүрек бір сәт қуаныштан соқпай қалғандай сезілді. Қуаныш мол. Тан, бозарып ата бастады. Әшірбай мен Петро екі тұтқынның аузындағы кляпты алды. Офицер талықсып, құлап кетті.
— Ей, мынау қайтеді-әй! — деп оның басын сүйеді.
Тұтқынның бетіне су бүркіп, нашатыр иіскетіп жатыр. Ол әлден уақта есін жиып, көзін ашты. Артынша үстіндегі шолақ күрткенің астарын жыртып, қолына бір зат алды.
— Ой-бай, мынау нәлет, у ішейін деп жатыр, — деп Николай оның аузына қайтадан кляпты тығып жіберді. Алақанын ашсақ, әлгі жағасының астына, астардың ішіне тіккен улы ампул емес, значок екен. В. И. Лениннің бейнесін салған кішкене ғана значок. Аузын қайта ашты. Ол қолымен значокты көрсете тұрып:
— Ленин! Ленин! — деді.
— Кім де болса өлмеуді ерте ойлаған біреу екен. Қолындағы жазуы «Құдай бізбен бірге» дейді. Қойнына біздің көсемнің бейнесін тыққан. Кім екен өзі, сұрашы, Евгения Васильевна!
Женя өзінің мамандығына кірісіп кетті. Бірақ тұтқын көпке дейін сөйлей алмады. Николай оның аузына флягада қалған арақтың жұғындысын құйып жіберді. Оңала бастады. Әлі сөзге келген жоқ. Женя күтіп қалған. Әлден уақта ол қуанған адамдай:
— Әй, жолдастар, мынау менің коллегам боп шықты. Аудармашы екен. Капитан. Ие. Армия штабының аудармашысы капитан Иоган Майдель.
— Майдель! — деп Николай Женяға қарады.
— Не, танысың ба еді? — дедім күліп.
Менің әкем, Николай Николаевич осындай фамилия жайында көп айтушы еді. Әңгімесі қызықты. Соны есіме түсіргені. Фамилиясы бірдейлер бұларда да болатын шығар?
— Николай, оны қоя тұр. Өй, жеттік-ау, әйтеуір. Сен айтшы, бүгін қай күн? — деді Абызов. Шынында есінде жоқ еді.
— Бүгін 22 май, 1943 жыл, — деді де, ол әлде не тапқандай күле, қуана қарап. — Бүгін менің туған күнім, жолдас лейтенант.
— Шын ба?
— Шын.
— Құттықтаймын! — Оның қолын алды. — Құттықтаймын, жерлес, құттықтаймын.
— Менің әкемнің де туған күні осы.
— Мынауың қызық қой. Ол кісі қаншада?
— Қырықтан асты ғой...
— Бүгін сенің туған күнің... Бәріміздің ең үлкен жауапты тапсырма орындап, қайта туған күпіміз. Бүгін өте бір жақсы күн екен. Біз де бүгін тудық.
Бәрі жиылып кеп, Николайды көтеріп, аспанға лақтырды. Жеп-жеңіл екен.
Жағада аз аялдап, алғы шептен штабқа бет алды.
Жиырма үшінші атқыштар полкінің штаб бастығы майор Ветков орта жолдан қарсы алды.
— Жолдас гвардия майоры, барлаушылар кезекті барлаудан оралды. Тапсырма түгелдей орындалды. Екі адам тіл алдық. Бұрынғы кеткен барлаушылардың командирін ала келдік. Шыққан шығын жоқ. Барлау кезінде, тіл алуда бірде-бір оқ атылған жоқ. Баяндап тұрған атқыштар взводының командирі, лейтенант Абызов!
— Ерте жеткім кеп еді. Кешігіп қалдым. Саған, лейтенант, сендерге, жолдастар, Сізге, Евгения Васильевна, көп рақмет. Бүгін-ертең жақсылап дем алыңыздар. Ие, он төрт едіңдер, қазіргі топтарың он сегіз екен. Сендерге тамақ әзірлеп жатыр! Жарайды, жарайды, жігіттер, жарайды! — дей берді майор.
Абызов майордың «жарайды» дегенінен басқа ештеңе естімеді.
Майор бұларды өртеніп кеткен Княжин-Клин селосының ортасында қалқиып қалған екі үйдің бірі, орман жақтағы шеткісіне әкелді.
— Лейтенант Абызов, жау тылында неше күн болдың? — деді Ветков.
— Төрт күн, жолдас майор!
— Міне, осы үйде төрт күн дем аласыңдар. Тамақ болады. Жаңадан киім беріледі. Моншаға барасыңдар. Әбден демаласыңдар. Батальонға содан соң барасыңдар... Мыналарды дивизия штабына апарамын. Ал, мыналармен қоштасып қалыңыздар, — деп майор Ветков бұлардан бөліне бастаған топты көрсетті.
Ең алдымен Ивановамен қоштасты. Ол кісі бұдан мотоциклшілер өткен жерден алған ағаш тақтаны беруді өтінді. Оны Николайдың қапшығынан алып берді.
— Мына жазуын аударып беріңіз, біле жүрейік!
— Мұнда: «Сақ болыңдар! Осыдан былай қарай жыланның соқпағы басталады» делінген.
— «Жылан соқпақ» дегендер шекарада көп кездесуші еді. Мұнда да болады екен-ау!
— Жау мұнда партизандар мен барлаушыларды айтып отыр. Мұны анау күні Аврамов айтты ғой. Онда сендерде шекараны бұзатындарды айтатын шығар.
— Өзім өскен шекарада ондай соқпақтың талайын білем...
Николайдың соңғы сөзіне ешкім зер салмады. Бұлар Толпека, Қоянкөзов, Меңдіғазин, оның қасындағы әйел баламен қоштасты. Ең соңында Женя:
— Лейтенант, мына досыңмен де қоштас. Енді қайтып көре алмайсың ғой! — деді күліп... иегімен нұсқап тұтқынды көрсетті.
— Ие, айтпақшы, мұның ең болмаса аты-жөнін біліп қалайық та! — деп қасына бардым.
Тұтқын бұлардың не айтқанын түсіне қойды.
— Капитан Майдель. Переводчик Армейского штаба...
— Мынауың сайрап тұр ғой. Ие, тағы не айтасың.
— Мой отец русь офицером был... — деді тұтқын.
— Герр капитан, сенімен құдай бірге жүр. Қалтаңда біздің көсеміміздің суреті бар. Өзің орыс офицерінің баласысың... Енді не қалды. Онда сіз бен біз әлі кездесетін шығармыз.
Майор Ветков бастаған топ дивизия штабына кетті. Бұлар он бір адам — едені, пеші бар, ішіне пішен төсеген үйге орналасты. Үйдің ішіндегі иіс сондай әдемі екен.
— Жолдас лейтенант, әлгі неміс капитаны әкем орыс офицері болған деді ме? — деп сұрады Николай.
— Ой, сенің ондағы шаруаң не? Одан да сенің туған күніңді бүгін жақсылап өткіземіз. Азық-түлік, әлгі ішетін арақ керек. Бәрін майор жіберемін деді. Соның жібергенін күтеміз бе?.. Әлде, әлде... өзіміз біреуді жібереміз бе?
Тамақты атпен сүйретіп, батальон асханасы әкепті. Бәрі ұйықтап қапты. Жау тылында біліне қоймаған шаршау, шалдығу енді көрінген. Аз жатса да демалған. Бірден-ақ Николайдың туған күнін еске алудан бастады.
— Ал, жолдастар, қарны тамаққа толмай тұрғанда, жеңіл күйінде сержантты аспанға көтеріп алыңдар! — деді Абызов.
Николайды тоғыз жігіт алақанына салып, аспанға атты, қайта лақтырып, қайта қағып алды.
— Бүгін қаншаға келдің, Николай?
— Он тоғызға.
— Онда он тоғыз рет көтереміз...
Сержантты он тоғыз мәрте аспанға лақтырып, он тоғыз рет қағып алды. Осыдан соң тамаққа отырдық.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі