Дүкеннен келген Асан анасына есеп беріп, алған заттары мен артылған ақшаның қайтарымын столға қойды. Бірақ оң қолының кішкене саусақтары жұмылып, алақаны әлденені жасырып тұр еді.
— Аш қолыңды — деді анасы сұраулы жүзбен. Қолын артына жасырған Асан, қипақтап аша қоймады. Анасының қастары түйіліп, көзі тесіле қарап тұр. Амалсыз алақанындағы 85 теңгені көрсетті.
— Мынау не? Сенде артық ақша болмады. Қайдан алдың?
— Жаңа сатушы апай.. байқамай... шатасып...
— Артық беріп қойды ма..?!
— Иә..
— Неге бірден қайтарып бермедің?
— Басында қуанып кеттім... Сосын.. Сіз ұрсатын шығар деп...
— Әлбетте, ойламаған жерден артық тиын алғанға басында қатты қуанып кеттің. Сосын ұжданың мазалай бастаған ғой?! Балам, кел, отыр.
Жас кезімде маған да анашым осындай арам ақшадан аулақ болуды жиі айтатын. Бірде базар маңындағы сатушыдан банан алмақ болдым. Адам қаптап, шатасқан сатушы, маған байқамай бір бананды артығымен беріп жіберді. Дәл сол сәтте қатты қуанып кеттім. Үндемей банандарды алып, ұзай бердім. Бірақ, үйге таяған сайын әлгі банан маған жеміс емес, жылан секілді көрініп, өкіне бастадым. Қайта апарып беруге ерініп, әрі ұялып, ертесі күні қайтсем де ақшасын апарып беремін — деп шештім. Сол түні ұйықтамай шықтым десем болады. Егер алда-жалда не мен, не әлгі сатушы өліп кетсе, қабірде осы 50 теңге тұратын банан айдаһарға айналып тосып тұрардай, қатты шошыдым..
Базар ашылып, саудагерлер шығатын уақытқа дейін әзер шыдап, қолыма 50 теңгемді қыса ұстап, базарға қарай құстай ұштым. Кеше сатушының түріне дұрыстап қарамаған екенмін. Ал тапсамшы. Көп іздеп, әркімнен сұрап, еш таба алмадым. Сосын сол сатушыға ұқсас бір әйелге ақшамды ұстаттым да:
— Кеше осында бір келіншектен бір банан артық алып кетіппін. Кім екенін таба алмадым. Тым болмаса сіз алыңызшы!- деп, жауабын күтпестен жылдам кетіп қалдым.
Балам, қазақ ешқашан үйіне құлып салмаған, кісі затына тимеген. Керісінше қолы ашық жомарт, көмекке әзір, арамнан сақтанғыш, аманатқа адал халық болған. Бұрын өзге ұлттар біреуге сәлемдеме бергісі келсе, қазақтарды іздейді екен. «Қазақ — аманатқа қиянат жасамайтын халық» — деп, біздің ұлттың адалдығы түркі тілдес ұлттар арасында аңыз болған екен..
Ал, қазір ше?! Аманатқа адалмыз ба? Қолымыз бен арымыз таза ма? Не дейсің?
— Анашым, кешіріңізші..! Мен барлығын түсіндім - деген Асан, дүкенге қарай жүгіре шықты. «Енді мына тиындарды әлгі апайға қалай қайтарамын?» — деп, уайымнан терлеп те кетті. Дүкен сыртында тағы біраз аялдаған Асан, бір кісімен қабаттаса кіріп, бірнеше тиынды сатушының алдына тастай сала, атып шықты.
— Әй, бала! Мынау не ақша? Не керек?- деп айқайлаған сатушы, иығын қиқаң еткізіп, сыңғырлаған тиындарды суырмаға сала бастады.
Гүлмекен Қасенбай
26.06.2022
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі