Ақмолла билер (феодалдар) және байлар табының санасымен жырлаған ақын. Әрине, моллалығы да соның ішінде.
Билер, байлар табының санасының ақыны болған соң, өлеңдерінің қандайлығы өз-өзінен мәлім болса керек. Өйткенмен, Ақмолланың өзінен бұрынғы және кейбір өзінен соңғылар ескішіл, діншіл ақындардан айырмашылығы зор. Ол айырмашылық, бұл кісінің ақындыққа, әдебиетке, өнер деп зор мағына берушілдігінде. Және өзі молла болғанмен, көзді жұмып алып, аллалай берген молла емес.
«Сөз шығар шағырлардан хикметпенен,
Онша көз алартпаңыз қыддетпенен...»
және «Әр пенде шығар менен кітап толы, Қарасақ иелері қандай ұлы» — дейді Ақмолла.
Ақмолланың көп өлеңдері таза қазақ тілінде болса да, кейбір өлеңдері татаршаға жақын. Татарша дегенде, араб, фарсы сөздері толған «шағатайшалау», татаршаға жақын, мысалы Шиябеддин Маржаниді мадақтап шығарған «Марсиясы». Осы өлеңдерін қолға алып, татар әдебиетшілері Ақмолланы татар ақыны қылып, татар әдебнет тарихына кіргізген. Өз әдебиет тарихына кіргізгенде, татар әдебиет тарихшылдары Ақмолланы өте биік көтеріп, мадақтап атайды. Бір дәуірдің қақпасын ашсақ, сол дәуірдің қақпасының аузынан көрінетін зор ақынымыз дейді.
Әрине, Ақмолланың ақындығын мақтауға болады. Жұмаледдин Уәлитұлының 1912 жылы шыққан «Татар әдебиетінің барысы» деген кітабында Ақмолланы былай дейді:
«...Татар шығыр уа назымның ынтыбаден іліккі дәуіріні шушы қадар илә тумалап, қазір ынтыба дәуіріне киләбіз. Бұл дәуірінің қақпасына ашып кіргеш те біз анда ен әуел жарты қазақ, жарты татар Ақмолла әпәндіге ұшыраймыз.
Ол өзі қазақ шағыры болу дағуасыменен майданға шыққан және қазақ шағыры болуға тырысқанға ұқсаса да, оның бағзы бір шығармаларында татарлығы жеңген деп айтуға жарайды. Маржани қазіретлері қақында жазған «Марсиясы» оны шын татар қылады», — дейді. Және, Ғали Рақым, Ғ.Ғазиздің «Татар әдебиеті тарихы» деген 1925 жылы шыққан кітабында, Шамсиддин сопының жырларын баяндап келіп, Ақмолланы былай деп айта кетеді:
«...Шамсиддиннің медресесінен байтақ (көп) ғалым шәкірттер шыққан. Олардың ең атақтысы шағырліке ұстазының ыстық қақылы уарысы, Татар әдебиетінің жаңару дәуірінің бірінші шағыры Мұптақитден Мұқамедияр, яғни «Мәшһүр Ақмолла дүр», — дейді.
Татар әдебиет тарихшылары Ақмолланы әдебиет тарихында зор орынға қояды. Әлбетте үйтулері теріс емес, Ақмолла қазақ әдебиет тарихында да, татар әдебиет тарихында да зор орын алуға тиіс. Ақын екені рас.
Бұл арада және айта кететін, 1934 жылы 20-мартта шыққан Мәскеу деп «Лит. газетінің» нөмірінде Ақмолланы башқұрт ақыны еді дейді.
Басында татаршадан көрі қазақша жазғандары Көркемірек, және тілі де таза. Қазақша екендігі айқын көрінеді. Мысалы: түрмеде жатып жазған мынау сияқты өлеңдерінің тілінде Қазақшадан бөтені бар ма? Міне:
«...Менің жатқан мекенім аты зындан,
Әр түрлі адамы бар жапа қылған.
Ішінде түрлі ғибырат қысабы жоқ,
Сұрқия неше түрлі бар жиылған.
Темірмен қадақталған терезесі.
Қара тас қабатталған кірегесі.
Орыстың толып жатыр кінегесі.
Құдадан дұшпаныңа тілемеші.
Келмейді көңіл жетер көңіл сұрай,
Мылтықты солдат жүрер орай-орай.
Құдайым қылған іске шара бар ма?
Жатырмыз бейшаралар жылай-жылай...»
Міне бұл өлеңнің ырғақ мөлшері де, ескі қазақ ел өлеңдерінің ырғақ мөлшерімен жазылған. Татар және башқұрт жырларында мұндай ырғақ мөлшері көрінбейді. Тек, бұл өлеңдерді татар әдебиетшілері жинап, татар баспасында бастырып шығарғандықтан, кей сөздердің кейбір дыбыстарын татаршалап жіберген. Мысалы: «жатырмыз» деген, «жүрек» деген сөздерді — «ятырмыз, юрер» деп, өзгертіп, бір өлеңнің дені татарша деген.
Және Ақмолланың өлеңдерінде таза қазақ өлеңдерінде көп кез келетін қоспақ сөздер көп кездеседі. Мысалы, жаңағы келтірген өлеңдегі «Орай-орай», «жылай-жылай» деген қоспақ сөздер. Және «сабай-сабай» және мына өлеңдегі қоспақ сөздер:
«...Жемейтін бауырсақты Ақмолла едім,
Шайнайтын қара нанды қашыр-қашыр...»
«Солдаттар кеш болғанда қойдай қамай,
Жабады малдай қылып санай-санай...»
«Сарғайдым терезеден қарай-қарай,
Зарығып шыдамайды тәтті жан-ай.
Есенгелді Батушке астат болып,
Ақмолла қорлық көрді талай-талай...»
Міне, осы өлеңдегі, «санай-санай», «қарай-қарай», «талай-талай» деген сияқты қоспақ сөздер Ақмолланың сөздерінде көп кездеседі. Мұндай қоспақ сөздер Қазақтың ел әдебиетінде де көп кездесетін жайт.
Онсоң, Ақмолла ел әдебиетін жинап та пайдаға асырған адам. Өлеңдерінің көбінің сарыны қазақтың ескі ел әдебиеті сарынындай болып келеді. Мына шығармаларын оқыған адам оны өзі де көрер.
Ақмолланың өлеңдерін, оның кітаптарын және ол туралы жазылған сөздерді жинауда Башқұртстандағы Уәли Хангелдіұлы мен Ысмағүл Орманұлы жәрдем істеді.
Ақмолланың өлеңдері әлі де түгел жиналған жоқ. Ақмолла татар, башқұрт арасында туып, сонда оқып, сол татар-башқұрт арасында өлген соң және оның шығармалары татар баспасында басылып, қазақ арасында көп тарамаған соң, оны Қазақ әдебиетшілерінің біразы білмейді. Білсе де оның шығармаларымен жақсы таныс емес. Әрине, бұл азырақ ұялатын ғана жайт. Сол ақынның шығармаларымен таныс еместіктің сандарынан, жақында біреу, Алматыда шығатын «Қазақ әдебиеті» газетінде де Ақмолланы башқұрт ақыны деп жазыпты. Жазғанда әлгі, Мәскеуде шығатын: «Лит.газеттің» 20-мартта шыққан номеріндегі П.Низовойдың мақаласындағы Ақмолланы башқұрт ақыны деген сөздерін қазақшаға аудара салыпты. Аударғанда әрине Ақмолланың кім екенін білмегендігі көрініп тұр. П.Низовой ол мақаласында: «...Төңкеріске дейін Башқұртстанның тек Ақмолла деген ақыны ғана болған еді,» — дейді. «Одан басқа башқұрттың ешбір ақыны жоқ еді», — дейді. Әрине, П.Низовойдың Ақмолланы да, башқұрт әдебиетін де білмегені оғаштау болып көрініп тұр... Бірақ енді Ақмолла ақынды әркім білер. Әмин.
28-сәуір, 1934 жыл.
Алматы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі