Қазақ театрындағы биылғы жаңалықтардың әзірше бастылары — «Айман-Шолпан» мен «Хан Кене». Бұларды Қазақтың ескі әдебиетінен пьесаға аударған Мұхтар Әуезұлы. Ал бұл екі нәрсе Қазақтың ескі әдебиетінде белгілі әңгіме-жыр екенін жұрт біледі. Әсіресе «Хан Кене» қазақ тарихының белгілі дәуірімен байланысты нәрсе.
Мен «Айман-Шолпан» туралы бұл мақаламда пікірімді толық айтпай қоя тұрам. «Айман-Шолпанды» бірсыпыра жұрт мақтап шыққан сияқты. Бірақ ол туралы менің пікірім бөлекше. Оны кейін айтармыз. Әзір «Хан Кене» туралы айтайын.
«Хан Кене» алғаш театрда көрсетілген күннен бастап мен бұл туралы пікірімді ашық айтқан едім. Біздің ағарту, мәдениет істерімізді басқаратын орындардың шақырған кеңестерінде де «Хан Кене» туралы пікірімді айтқан едім. Баспасөз басқармаларының сұрауы бойынша сол пікірімді енді совет жұртшылығының алдына жазып салуға тура келіп отыр.
«Хан Кенені» Алматыдағы жұрттың көбі көрді. Бұл пьесаның қысқасынан айтқанда мазмұны мынау: Кенесары Ұлы жүз ішінде әкесіне ас береді. Сол аста өзі хан көтеріледі. Қырғызды бағындырамын деп соғыс қылып, қырғыздан жеңіліп, Наурызбай екеуі қолға түсіп, тұтқында өлтіріледі.
Әрине, жазушы өзінің жазуына нені тақырып қылып алса да ықтияр өзінікі. Ал, бірақ жұртшылық та, біздің совет жұртшылығы да ол тақырыптың көрсетілуіне қалай қарайтындығын, халық қалай түсінетіндігін айтуға тиіс.
Дұрысталып, толық тарихы жазылмаған Қазақ ССР-ына тарихи кітаптар қажет нәрселердің бірі. Тарихи әңгімелерді қолға алуы Мұхтардың дұрыс қызмет қылғандығы деп білемін. «Хан Кене» дұрыс көрсетілмегенмен тарихымыздың белгілі бір дәуірінің мәселелерін көтеріп отыр, — сонысының өзі пайдалы зат.
Енді «Хан Кененің» өзіне келейік...
Кенесары — Наурызбайдың қырғызбен соғысқанын тақырып қылып алып, бүйтіп көрсету өте келіссіз нәрсе болғандығы театрда айқыннан-айқын көрінді. Бірақ, мүмкін, кейбіреулерге келісті болып та көрінген болар, ол ғажап емес. Жұрттың сана-сезімі әлі бір қалыпта емес. Біреуге теріс көрінген нәрсе, екінші біреуге оң көрінуі де мүмкін.
Біріншіден мен былай деп ойлаймын:
Кешегі қазақ театрындағы Кенесары — Наурызбай, олардың әкесі Қасым төре, Исатай — Махамбет, Есет, Бекет батыр («Айман-Шолпан»-дағы Көтібардың балалары) және осылардай тарихи адамдардың аттары қазақ елінің патша үкіметіне қарсы және патшаға сүйенген ханға қарсы қозғалыстарымен байланысты. Ал байланысты болғанда қазақ елінің еңбекші бұқарасы патша үкіметіне қарсы және оның қолтығының астына кірген кішкене ханға қарсы күрес қылып қозғалса, Қасым төре, оның балалары Кенесары — Наурызбайлар, Исатай — Махамбеттер, Есет, Бекет батырлар — сол қозғалысты пайдаланбақ болған қазақ ақсүйек табының «әлі мықтымын» деген көсемдері. Бұлар — сол қозғалыстарды пайдаланып, ескі хаңдықтарды, ескі бейбітшілдікті жандандырып хан болмақ, би болмақ адамдар. Ал, патша үкіметі қазақ билер табының мұндайларын, бір жағынан, қудаласа, екінші жағынан, әзіне тартып, таяныш қылған. Кысқасы, қазақтың қалың еңбекші бұқарасының тілегімен Қасым төре, оның балалары Кенесары — Наурызбай, Исатай — Махамбет, Есет, Бекет батырлардың тілектері екі басқа еді. Бірақ, ол заманда қазақтың көп жерлерінде басқа ірі көсемдер шыға қоймаған соң, шын Халық көсемдері шыға қоймаған соң, қозғалған қалың еңбекші бұқараның бірсыпырасы бұларды бір кезде аз уақыт бастық қылған. Бастық қылып патша үкіметінің созған темір тырнағы шеңгеліне қарсы біраз шабуыл жасаған. Бұларды бастық қылғанда, патша үкіметіне бағынбауға қозғалған елге бұлардың өздері барып қосылып, әлгі айтқандай, сол қозғалысты пайдаланбақ болған...
Бұларды дәлелдейтін тарихи мағлұматтар аз емес. Сол тарихи мағлұматтардың дәлелдеуінше және елдің, сол заманды білетін қарияларының айтуынша, Абылайхан 1781 жылы өлгесін оның Уәли деген баласы (Белгілі Шоқан Уәлихановтың әкесі) патша үкіметімен байланыс жасап, патшаға бағынып хан болады.
Орта жүз қазақтары (Ақмола, Семей, Торғай Қазақтары) Уәлиге бағынбай, Абылайдың Ғұбайдолла деген баласын хан қылады. Ғұбайдолла патшаға бағынбай, 10 шақты жылдай хан болып еледі. Бұл өлген соң Уәли тағы патша үкіметінің күшімен хан болады. Абылайдың 30 ұлының көпшілігі Уәлимен бірге патшаның қолтығына кіреді, Көкшетауға патшаның әскерін әкеліп, бекініс қалалар салдырып бекіндіре бастайды. Көкшетау, Ақмола жерлеріндегі қалың қазақ бұған қарсы көтеріліс жасайды. Патша әскері мылтық жұмсайды. Көкшетау, Ақмоладағы керей, уақ деген рулар және Ақмоладағы Арғынның Алтай, Тоқа (Қарпық) деген елдері көтеріліп, патша әскерімен соғысып, Көкшетау, Ақмола жерлерін тастап, Оңтүстікке, Шуға, Қаратауға қарай жөнеледі. Міне, сол қалың Қазаққа Абылай ханның 30 ұлының кішісі Қасым төре балаларымен өздері келіп қосылып, бұлармен бірге кетеді. Бұл қазақтар Шу бойына, Қаратаудың теріскей жағына орнайды. Сол арада Қасым хан сайланады.
Сонда Қасым төренің қасында қыздарынан басқа 7 ұлы болады. Олар: үлкен қатынынан — 1-Саржан, 2-Есенгелді, З-Ағатай, 4-Бопы, 5-Көшек, 6-Кенесары, кіші қатынынан: 7-Наурызбай, патша шеңгеліне қарсы көтеріліп, жиылған халықтың көпшілігі аздан соң Қасым ханды тастап, өз беттерімен әрекет қылып кетеді.
Кешікпей Қасымның үлкен балалары Саржан мен Есенгелді сол замандағы Қоқан-өзбек үкіметінің беглер бегімен сөйлесіп, көмек сұрауға Түркістан қаласына барғанда, беглер бегі Саржан мен Есенгелдіні өлтіреді. Содан кейін Ахмет Йасауи «әулиенің» басына зиярат қылам деп Түркістанға барған Қасым ханның өзін де Қоқанның ұлықтары өлтіреді. Қасымды өлтіріп, Қарнақ деген қыстақтағы Қасым ханның ордасына әскер жіберіп, Кенесарыны, Саржанның, Есенгелдінің қатын-балаларын тұтқынға алдырып, конвоймен Ташкенге жібереді. Кенесары бір жылдай Ташкенде — Қоқан ханның ұлы бегінің әмірінде зынданда жатып, Қоқанның ханы Мәдәли ханның бұйрығымен босанады. Босанғанда, Қазақты Қоқан хандығына қаратам, елден алым (зекет) жинап берем деп уәде беріп, Қоқан ханынан 100 солдат (әскер-жасауыл) алып, Шу бойына, қазақ арасына келеді. Сол арада әлгі Қоқанның 100 солдатын өлтіріп, Ұлы таудағы ауылдарын алып, Торғай жағына кешіп барады.
Мен бұл әңгімелерді «Хан Кене» туралы белгілі тарихи мағлұматтардың шеттері шығып тұрсын деп жазып отырмын...
Ал, Қасым ханнан кейін, оның балалары — Кенесары, Наурызбайды аз уақыт бастық қылған қазақтар, әр тұстан Қазақ ішіне кіріп келе жатқан патша әскерлеріне қарсы талай шабуылдар жасаған. Мысалы: Ырғыз, Торғай бойларына кірген, Ақмола, Баян, Қарқаралы жерлеріне кірген патша әскерлеріне қарсы шабуылдар жасаған. Сол жылдарда патша әскері бекініс қылып Ырғыз бен Торғай қалаларын салған (1845 жылында). Ақмола, Ақтау, Қарқаралы, Баян қалалары — сол жылдарда салынған патша әскерлерінің бекініс қалалары (Ақтау қаласын кейін тастап кеткен). Және көтеріліс қылып жүрген қазақтар патша әскерлерінің салған сол бекініс, қорғанды, орлы қалаларының бірнешесіне шабуылдар жасаған.
Мысалы, осы күнгі Қарағанды облысына қараған жерлерде сол заманда патша әскерлері салған, әлгі Ақтау қаласын шапқан. Ақтау қаласының қазір орны жатыр, тас қорғаны, тастан салынған үйлері, қазған терең орлары әлі де бар. Патша заманында салынған Ақмола облысының картасында сол Ақтау қаласының орны «бұрынғы әскер бекінісі» деп жазылатын еді. Орысша «Быв. Актав. военное укрепление». Сонсоң Ақмола қаласына шабуыл жасаған. Бұл қаланың ішінде де соғысқан. Содан кейін қала бұрынғы орнынан көшіп, 25 шақырымдай жерге барып қайтадан қала салып бекінген. Ақмоланың қазіргі орны—сол екінші орны. Бұл екінші орынға орнаған Ақмолаға тағы да шабуыл жасап, қаланың ішінде соғыс болған. Соғыста қазақтардан Басықара деген шабымпаз батыр оққа ұшып өлген. Басықараның өлігін қазақтар қалада, патша әскерінің қолында қалдырмай тартып алып шығып, қаланың сыртында Көкбел деген жерге қойған. Мола соңғы жылдарға шейін де бар еді.
Сөйтіп, және Көкшетауға шабуыл жасаған. Көкшетауда патша әскері бастықтарымен байланысты бірнеше төрелердің ауылдарын шапқан. Жалпы осы шабуылдарда, патша үкіметінің қолтығына кірген талай ірі би-байлардың (феодалдардың) ауылдарына тиіп, малдарын шауып алып жүрген. Мысалы, әлгі біздің Алтай-тоқа деген елде Балта деген ірі би-байдың ауылына тиіп, бір жарым мыңдай жылқысын алып, жылқыда жүрген байдың Шойынбек деген 15 жасар баласын найзалап түсіріп, тұтқындап алып кетіп, бір жарым айдан соң қайтарған. Бұл туралы мен ІІІойынбектің баласы Тәжіктің өзінің аузынан естідім.
Бір аздан соң бұлармен де тілектері үйлеспейтінін көрген соң көтерілген қазақтардың көпшілігі бұл бастықтарды да тастап, өз бетімен әрекет қылып кеткен.
Міне, Кенесары — Наурызбайды көрсеткенде, бізге осы тарихи шындықтармен байланыстырып көрсету керек еді.
«Хан Кене» пьесасы мұны көрсете алмады.
Ал, мұны көрсетпеген күнде, біздің совет театрының бүгінгі мақсатына Кенесары — Наурызбайлардың, тек өз бастарының өмір оқиғаларының керегі шамалы ғой деймін.
Ал, енді екіншіден, олай болмағанмен, енді «Хан Кене» пьесасының өзін талқылайық. «Хан Кене»-нің мазмұнын қысқаша айттық.
Кенесары — Наурызбай әкесіне ас беріп, хан көтеріліп, Қырғызбен соғысып, жеңіліп, тұтқынға түсіп, тұтқында өлтіріледі. Міне осы оқиғаның өзі «Хан Кене»-де тарихи және социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілмеген.
Менің пікірімше, бұл оқиғаның өзі де пьесада тарихи социалшылдық шындық ретінен жарамды болып көрсетілмеген. Жарамды болып көрсетілмегені былай тұрсын, зиянды, ұлтшыл сезім оятатын жат пьеса болып шыққандығы айқын көрінді.
Ұлтшылдықты жасыл түске мысал қылып, социалды шындықты қызыл түске мысал қылсақ, «Хан Кене» пьесасы үлкен жасыл жайманың әр жеріне қызыл, қызыл болғанда қошқыл Қызыл жамаулар жамаған сияқты болып шыққан. Және ол жамаулар орынсыз, үйлессіз жапсырылып, дөрекі ақ жіппен көктеле салған сияқты болып шыққан. Және жасыл жайма, құлпырған жасыл асыл жібек сияқты болып шыққан да қызыл жамаулар қошқыл бояулы арзан жұқа қызын мата сияқты болып шыққан. Театрға келген жұрттың көбі әлгі қошқыл қызыл жамауларға көңіл тоқтатпайды. Көңілін жасыл жайманың көлеміне тоқтатады. Көлемді жасыл жібек жайманың құлпырған әсерлі түрі аңқау жұрттың көбін еліктіріп әкетеді.
Өйткені құлпырған жасыл жібек жайманың қызыл қошқыл жамаулары үйлессіз, келісімсіз жапсырылғандықтан қарап отырған аңқау жұрттың көбінің назарын, көңілін, зейінін бөле алмайды, құлпырған жасыл жібек жайма жеңіп аударып әкетеді.
Ал, атын атап айтайық: «Хан Кене» пьесасындағы суреттелетін негізгі басты адамдар: 1-Кенесары, 2-Наурызбай, Кенесарының қарындасы Бопай қыз. Екінші қатардағы адамдар: 1-Қырғыз Кәрібоз, 2-қазақ Бұғыбай басшы, З-Ағыбай батыр, 4- Сыпатай батыр және басқалар.
Кенесары қандай адам болып суреттелген? Кенесары «қиырға көз салған» қайыспас болаттай ер болып суреттелген. Наурызбай қандай адам болып суреттелген? Ол қарап отырған аңқау жұрттың көбіне тек «әттең сабырсыздығы-ай» дегізетін, қылшылдаған екі жүзді ақ алмастай, тасыған, құлшынған қайратына ие болмаған, өлімнен кірпік қақпайтын батыр болып суреттелген. Бопай қандай болған? Ал Бопай бүкіл Кенесары ниетінің, Кенесары тобының, Кененің өзінен соңғы ішкі ұйтқысы, қозғаушысы, рухы болып суреттелген. Қысқасы, мұның үшеуі де аңқау жұрттың көбіне «тек Наурызбайдың сабырсыздығы болмаса», «Ер болсаң, батыр болсаң Кенесары мен Наурызбайдай бол, қыз болсаң, Бопайдай бол!» дерлік адамдар болып көрінеді басталуынан ақырына шейін.
Әкелеріне ас беріп, Кенесарыны хан көтерген бірінші пердеде биікке тігілген жамбыны садақпен атысқанда, ешбір батыр атып түсіре алмаған жамбыны өрім шашы тоқпақтай болып беліне түскен Бопай қыз cap садақты шірене тартып атып түсіреді. Атып түсірген жамбысын Кенесарыны хан көтеріп, жұртқа үлгі, патуа айтып, батасын берген ақсақалға әкеп береді. Пьесаның ақырына шейін Бопай ылғи Наурызбайды ақылға шақырып жүреді... Бұйрық қылады. Кенесары тобының бірауыздылығын, ынтымағын сақтауға күш салады, сол ниетпен «ханның қызы болса да қараға бас иіп» бүкіл қолдың басшысы Бұғыбаймен жақын болып, оның көңілін табады. Қырғызбен соғысқанда дағдарған, жасыған батырларды қайрап, қырғызға шабуға аранға айдайды. Ақырында, Кенесарының тобы әлсіреген кезде қашып кетпек болған Бұғыбаңды «сүйген», «тамыр» батырын қашасың деп жарып тастайды. Мен «Хан Кене» пьесасы ең алғашқы күні ойналғанда болдым. Бопай қыздың әлгідей істеріне аңқау жұрттың көбі сүйсініп, қол шапалақтап отырды. Наурызбай да пьеса басынан ақырына шейін аңқау жұрттың көбін аударып әкетеді. Наурызбай қырғызбен соғысып жатқанда, бір қысылған жерде, ағасы Кене ханға айыпты болып қалғанда, атасы оны өлімге бұйырады. Батырлар ханнан Наурызбайдың күнәсін соғыс үстінде кешіруін сұрайды. Хан кешірім бермейді. Наурызбай: «Әмірің екі болмасын, бұйрығыңа, өлімге ырзамын, тек тілейтінім мені қоя бер, мына жауыңның — қырғыздың қолынан өлейін!» — дейді. Батырлар да соны сұрап өтінеді. Кене хан бұл тілектерін береді. Сол арада Наурызбай жалма-жан ақ боз атқа мініп, алмас қылышын жарқылдатып топтың арасына жетіп келіп, топты қыздырып, жандырып, ойнақтаған ақ боз аттың үстінде «хан Абылайдың аруағын» айтып Кене ханның бұйрығын айтып, «өлімнен ердің тайсалмайтынын» айтып қырғыздарға атылып жөнеледі. Сол арада театрда қарап отырған аңдау жұрттың көбі көтеріліп, қызыл қол шапалақтағанда театрды солқылдатады.
Кенесарының қолы әлсірейді, Дулаттар біртіндеп майданды тастап кетеді. Наурызбай батыр жанындағы тастың басына шығып, «Сарыарқа» әніне салып мұңайып өлең айтады. Өлеңі, әні Қазақ жерлерімен қоштасқан сияқты болады... қасына атасының қызы келеді. Наурызбай қарындасын құшақтап, Абайдың «Желсіз түнде жарық айындағы» «екі қашығындай» сүйеді. Сол кезде қобыздың сарнаған күйі естіледі. Наурызбай селт етіп тыңдай қалады. Мұңайып, қобыз күйін тыңдап, қарындасын ертіп шатырға жөнеледі. Қарындасына: «Қалқашым, ана күйді естисің бе... Қорқыттың күйі той!..» дейді.
Міне, бұл арасы. жан күйін көрсететін жерлерінің бірі. Және бұл арасы да қарап отырған аңқау жұрттың назарын аударған үстіне аударатын жерінің бірі.
Дәл бұл арадағы «Сарыарқа» әніне салып, «Шалқар көлді» айтып, «Сарыарқа — белді» айтып, қазақтың жерлері, суларымен қоштасқандай, мұңайып тұрғанда Қорқыттың күйі естілуі, оны тыңдап Наурызбай: «Қалқашым-ай, анау Қорқыттың күйі ғой!..» дегені Мағжанның «Қорқытын» еске түсіреді. Мағжанның «Қорқытында да» Қорқыт «тағдырдан» қашып аласұрып, сандалып қазақ даласында, құтылмас түбекте дағдарып отырып өзінің еңіреген зарын қобызға сап күй қып тартқан. Мағжан Қорқытты жыр қылып, Қорқыттың еңіреген күйіне өзінің үстемдігінен, байлығынан айырылған табының зарын қосып, ұлтшылдық сезім оятпақ болған, зарын зарлаған. «Қорқыттай болып, қобызымды құшақтап отырып өлсем арманым жоқ!» деген «Хан Кенедегі» Наурызбай Қорқыт күйіне үн қосқан Мағжан сияқты болып көрінеді.
Онсоң, Наурызбайдың манағы «сүйген» қыз үшін Кенесарыға кінәлі болып, Кенесары Наурызбайды өлім жазасына бұйырғанда, Наурызбай «Жарлығың екі болмасын, өліміңе ырзамын, Бірақ жауынның қолынан өлейін!» деп қылышын жарқылдатып, ақ боз атпен қырғыздың самсаған қолына қарсы шапқаны да маған және Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты болып көрінеді. Мағжанның жылап жоқтап, төбесіне көтеріп ардақтаған «Батыр Баяны» да «сүйген» қыз үшін інісін өлтіріп, өзіне-өзі кінәлі болып:
«...Ел беті енді маған болсын арам,
Алашым, аттанамын, жауыңда өлем!..»
дейді, сөйтіп, Кенесарының үлкен әкесі хан Абылаймен қалмаққа аттанып келіп, Абылайдың бетіне кеп, Абылайға кінәлі боп, қалың қалмаққа жүз шамалы ғана жігітпен шауып, қалмақта өледі... Сөйтіп, Наурызбай да Мағжанның батыр Баянынша қалың қолға қарсы шауып, қырғыздың қолына түсіп өледі.
Ал Мағжанның «Батыр Баяны» да, «Қорқыты да» қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдықтың және оның жылауларының ең ащы зар күйлері дерлік жырлар.
«Хан Кене» пьесасында көрсетілетін адамның ішіндегі ең бастысы, әрине, хан Кененің өзі. Ал бұл хан Кене (яки, Кенесары) пьесасының басынан ақырына шейін күшті, қайратты, «қиырға көз салған» ер болып суреттелген дедік. Және «қиырға көз салған» ер болып суреттелгенде ұлтшыл, «Қазақшыл», «халықшыл», «отаншыл» ер болып суреттелген. Мысалы, осы күнгі Күншығыс облысы мен Қарағанды облысындағы қалың қазаққа белгілі, патша үкіметіне жағынған ірі ақсүйек — феодал Мұса патша үкіметінің ұлықтарына Кенесарының істерін жамандап жазған хатын Кенесарының адамдары ұстап алып, Кенесарыға әкеп береді. Кенесары Мұсаны ордасына алдырады. Мұсаға зекіп: «мә, орыс ұлығына мені білдіріп жазған хатың!..» деп Кенесары хатты лақтырып тастайды. Мұса тақсырлап, құлдық ұрып, кешірім сұрайды. Кенесары жібермейді. «Бар, кет, енді маған ұшыраушы болма!..» дейді. Содан кейін ордасында өзі жалғыз қалғанда қатты қапаланып тұрып өзінен-өзі сөйлеп патша үкіметінің ұлықтарына жағынып, шен-шекпен, «дәреже», «орын» алған Мұса «мырза», Құдайменде төре, Рүстем тере сияқтылардың істеріне күйзеліп назаланады: «Ай, шіркіндер-ай: тілесем мен де солардың бірі құрлы «дәреже» орын, шен алар едім ғой. Бірақ, иенін мақсатым өз қара басымның дәрежесі ме? Менің мақсатым қалын елдің қамы емес пе!» — дегендей «сырын» айтады.
Міне, пьесаның бұл арасы қарап отырған аңқау жұрттың көбін нандырып, Кенесарыға мүлде тартып әкетеді. Пьесаның негізгі мәні Кенесарының осы «сыры» болып шығады. Ал, біздіңше, Кенесарының ең шын сыры, социалдық тапшылдық сыры бұл емес, оның шын сыры — хан болу. Мұны театрдың бастықтары да, жазушының өзі де айтады. Бірақ театрда көрсетілгенде пьесаның негізгі мәні Кенесарының әлгі өзі айтқан «Халықшылдық» «сыры» болып шыққан. Ал пьесаның негізгі «сыры» солай болып шықса, пьесада суреттелетін ең басты адамдар: Кенесарының өзі мен оның қарындасы — Бопай және Наурызбай үшеуі болса, мұның үшеуі де басынан ақырына шейін үлгі болғандай қаһарман болса, бірі қиырға көз салған «Халықшыл» қайыспас батыр болса, бірі «әйел болса да ерден артық» ақылды, әмірші, көсем ер қыз болса, бірі қылшылдаған алмас қылыштай, қайратына ие болмаған, қарсы келген өлімнен кірпік қағып жасқанбайтын батыр болса, міне, мұндай пьеса аңқау жұрт арасында хандарды, ханның балаларын, олардың сондай болып көрінген «қасиеттерін» кұрметтеп үлгі қылатын сезім туғызбай ма?.. Ал олардың сондай көрінген «қасиеттерін» құрмет-үлгі қылатын сезім туғызса және олардың жауласқан жауы жеңілсе екен деген сезім туғызбай ма? Айналып келгенде, ол сезім — жат сезім ұлтшылдық сезім емес пе?
Және Кенесары мен Наурызбай қырғыздардың қолында өлерінде өлімнен кірпік қағып жасқанбай, ерлердің еріндей тұрып өледі. Өлтіреміз деп келген еркек әйелдердің ішінен Кенесарының алдына келіп, пышақ ұстап тұрған әйелге Кенесары түрегеп тұрып: «Қас батырдың ажалы қағыннан деп еді — келсең кел!» деп тұрады. Қатын келіп, пышағын сұғып жатқанда да кірпік қақпай өліп кетеді.
Және қолы шынжырлаулы тұрған Наурызбай пышақ салуға оқталған қатынды қағып жіберіп, қырғыздың еркектеріне:
«Ай, иттер, еркектерің жоқ па!..» деп еркектердің қолынан өледі.
Міне, осының бәрін қосып алғанда, «Хан Кене» пьесасы бір-біріне жалғасқан сезім мен ұлтшылдық сезім туғызатын пьеса болып шыққан. Тұтасқанда осындай сезім туғызатын әлгі айтқан суреттерді, әлгі айтқан жігіттерді мен мысал қылып айтқанда құлпырған жасыл жібек жаймаға теңедім.
Ал енді «қызыл қошқыл жамауларға» келейік.
Бұл жамаулар екі мақсатпен жамалған жамаулар сияқты. Бір мақсат — хандардың және олардың табының қанаушы екендігін көрсетпек болған жамаулар. Олар мыналар: Кенесарының әкесіне ас беріп, ат шаптырғанда балаларын ат бәйгесіне тіккен қатындардың шулап, жылап шығуы және сол қатындардың арасынан шыққан Ғалымжан Ыбырайымұлының «Қазақ қызы» атты романындағы байдың жігітін балағаттайтын кемпірі сияқты кемпір. Сол ас беріп хан көтерілген жердегі Ұлы жүз қазақтарының кейбіреулерінің шашыранды сөздері. Ал қанаушы екендігін әлгі кемпір Кенесарының көзіне айтады. Қарғайды... Кенесары тобының соңынан қалмай жүріп ханның, хан тұқымының қанаушы екендігін айтады. Қырғызбен соғысып жатқан Алатау асуындағы Кенесары тобына келеді. Бұл арада Ғалымжанның романындағы кемпірден асып кетеді. Кенесарының тобын тастап кетуге толықсып тұрған 4 — 5 дулат жігіттеріне ұшырасады. Олар: «Кімсің? Қырғыз әйелімісің, қазақ әйелімісің?» — деп сұраса: «Мен анаңмын» дейді кемпір қаһарлы дауыспен. Кенесарының жауыздығын айтады, қарғайды. Ақырында, 4 — 5 дулат жігіті ол кемпірді қырғыздардың көпшілігіне — бұқарасына жібереді... «Біздің өзіміздің билерімізде, ақсақалдарымызда жұмысымыз жоқ. Олар өздері қырғыздың манаптарымен байланысты» дейді. Бүкірейген кемпір Алатауға өрлеп барып, қырғыз бұқараларынан кісілер ертіп келеді. Олар әлгі қазақтармен қол алысып бір туысқан болып, Кенесарыға болыспауға уәделеседі. Сонан соң Кенесары — Наурызбай тұтқынға түсіп, қырғыз қолында жатқанда, қырғыздың ерлері өліп, күйінген қатындарын, туысқандары өліп күйінген еркектерін әлгі кемпір бастап Кенесары — Наурызбай отырған үйге келеді. Жан күйінділер Кенесары — Наурызбайды өлтіргеңде кемпір шыға келіп жауыз ханның жауыз тұқымдарының қанаушы жауыздығын айтады.
Міне, осының бәрі тым сөлекет көрсетілген. Тым сөлекет жапсырылған. Қарап отырған жұрттың көпшілігін нандыра алмайтындай қылып көрсетілген. Нақ сондықтан сөлекет жамау сияқты болып шыққан. Нақ сондықтан қарап отырған жұрттың көпшілігі «Хан Кене» театрда алғаш қойылған күні манағы балалары аттың бәйгісіне тігілген қатындардың шулап жылап шыққанын және әлгі кемпірдің жүріс-тұрысын тым ыңғайсыз көріп отырды. Қартап, ханның тұқымының жауыздығын әшкерелеп жүргенінің біріне Наурызбай кез болып қалып, кемпірді тепкілеп, шашын кесіп алады. Сонда аңқау жұрттың қол шапалақтағандары да болды... Міне, бұл, әлгі қатыңдардың көрінісін және кемпірдің әрекетін сөлекет қылып оңай ғана жамай алғандықтан туған нәрсе деп білем. Шынында, әркім ойлап қараса да бұлардың тым жеңіл, тым сөлекет, тым арзан жамалған зат екенін көрмей ме?.. Бүкірейген, таяққа таянған қазақ кемпірі Кенесары тобының барған жеріне барады. Алатаудың бетінде соғысып жатқан Hayрызбайға барады. Алатауға шығып, аттап барып қырғыздарды ертіп әкеледі. Соңынан қырғыз елінен Кенесары — Наурызбай лаңынан өлгендердің қатын-қалаштары мен жігіт-желендерімен келіп, Кенесары — Наурызбайды өлтіргеннің басында болып, хан тұқымының жауыз екендігін сөйлеп, пьесаның ақырғы тапшыл сөзін айтады. Бұған қарап отырған жұртта екі пікір туады.
Бірсыпыра жұртты бұл нандыра алмайды. Ол — бір. Екінші пікір — аңқау жұрттың көпшілігі пьеса біткенде мынадай ой ойлап шығарады... «Бұл кемпір болмаса, Кенесары оның қарғысына ұшырамаса, Наурызбай сәл ақылдылау болса Кенесары дегеніне жетер еді-ау...» дейді. ...Мұны мен кейбіреулерден ауызша да есіттім. Және бағанағы қатындар бірден шулап шыға келді: «Балаларымызды аттың бәйгісіне тікті...» дейді, қазақ пен қырғыз бұқаралары әлгі кемпір арқылы туысқандаса қояды. Міне, осының бәрі тым жеңіл, тым оңай істелген жамау болғандықтан театрда қарап отырған аңқау жұрттың көпшілігі бұларға зейін бөлмейді. Ал жамаулардың екінші бір түрлерінің мақсаты — хан тұқымының азғындығын көрсетпек мақсатпен жамалған жамаулар. Мысалы, ол — Наурызбайдың әз қарындасын сүюі. Міне, қырғыздармен соғысып жатқандарында да, топ жинап, ел шауып жатқандарында да осы мақсатпен Наурызбай өз қарындасын қайта-қайта құшақтап, былш-былш сүйе береді. Менің ойымша, бұл сөлекеттеу жамау сияқты. Бұл да қарап отырған жұрттың көпшілігін онша нандыра алмайды... Соғысып жатқандарында, сөйтіп өз қарындасын құшақтап жүрді ме екен?.. Және ханның тұқымының азғындығын жалғыз Наурызбайдың өз қарындасын сүйгені ғана көрсете алады да өзге заттар көрсете алмай ма екен?..
Бұл пьесаның жазушысы Мұхтар Әуезұлының бір мінезі — «бұрын үлгі қылған қаһарманын жақын қарындасына ғашық» қылушы еді. Мысалы «Қара көз» атты пьесасында Мұхтардың жұртқа үлгі қылған, үлгілі деген бас қаһарманын жақын қарындасына ғашық қылады. Ал «Хан Кенеде» Наурызбай жақын қарындасын соғыс үстінде құшақтап жүрді. Сонда ол не мақсатпен көрсетілген болады? Әрине, мен мұны азғындықты көрсетпек болғаны деймін. Бірақ, олай десем, Мұхтар «Қара көзінде», бұрын Наркомпростан бәйге алған «Қара көзінде», жұртқа үлгі қылып көрсеткен бас қаһарманын жақын қарындасына ғашық қылып сандалтады.
...Азырақ осы арасын ыңғайсыз көрем.
Және «Хан Кенеде» тек Наурызбай ғана жақын өз қарындасын «сүйеді», өзгелері бұған өте қарсы болады. Бұған алдымен Кенесары қарсы болады. Және оның әлгі ер, ақылды болып суреттелген қарындасы — Бопай қыз қарсы болады. Сондықтан білініп қалғанда Кенесары Наурызбайды өлім жазасына да бұйырады... Бұл қалай?.. Азғындық тек қарындасын сүюмен сипатталатын болса, қарсы болған Бопай қыз бен Кенесары азбаған жандар болғаны ма?.. Бұл да ыңғайсыз жәйт.
Мен жоғарыда «Хан Кене» пьесасы қазақ жерлерінің әр тұсынан ішке кіріп келе жатқан патша үкіметінің әскери күшіне қарсы Арқадағы қалың Қазақ көпшілігінің көтеріліс шабуылдарын көрсете алмаған дедім... Ал, оны қоя тұрғанда да, Кенесары — Наурызбай қырғыз еліне келіп соқтығып, соғысып қолға түсетін уақиғаның да тарихи шындығын көрсете алмаған дедім. «Хан Кенеде» тек қана Нысамбай ақынның жырындағы кейбір шолақ мағлұматтардан аса алмаған. Мұнда қазақ, қырғыз көпшілігін көрсете алмаған. Ағыбай сияқты батырлардың ісін көрсете алмаған. Шапырашты Саурық батырдың тіпті аты аталмайды. Ал, шынында, бұл батырдың көп істері болғаны белгілі. Ағыбайды әскер бастық — «командарм» сияқты қылып көрсетпек болған. Бірақ олай да қылып көрсете алмаған. Шынында, белгілі мағлұматтардың айтуынша Ағыбай әскер бастық болмаған: тек «жер білгіш», «ел тапқыш», «жол тапқын» адам саналған. Кенесарының әкесінің әкесі Абылай хан қалмақ елімен соғысып жүргендегі бір аттанысын әңгіме қылған Мағжанның әлгі «Батыр Баян» деген әңгімелі өлеңінде, Абылайдың қолының жол басшысы — Бұғыбай басшы еді дейді:
«...Тартты қол. Қалды елдер. Қалың белдер.
Бастаған Бұғыбай басшы қол көрмес шел.
Бірнеше тәулік бойы тынбай тартып,
Қол енді жүрді бойлап бір айдын кел».
Міие, осының қайсысы рас?.. Бұғыбай қай заманда болған адам? Тіпті Бұғыбай Кенесарыдан да, Абылайдан да бұрын болған адам емес пе екен?..
Және ең бір еске алатын жер «Кенесары біраз қазақты аз уақыт ертіп, қырғыз елімен соғысқан жерде патша үкіметінің екі жаққа астыртын салған, екі елді біріне-бірін айдап салған астыртын жүргізген әрекеті жоқ па екен?.. Менің ойымша, бір жағы, бабасының құлаған хандығын қайта тұрғызам деп аласұрған Кенесары қырғызды бағындырып алғысы келсе, екінші жағынан, патша үкіметінің қазақ пен қырғыздың бірін-біріне қарсы айдап салған астыртын әрекеті де болды ғой деймін. Өйткені, патша үкіметінің бір ұлтты екінші ұлтқа жау қылып айдап салатын саясаты болғандығы жалпы белгілі нәрсе. Онан соң сол Кенесары қырғыз еліне келген кездегі және одан бұрын да, патша үкіметінің ұлықтары қырғыз манаптары мен рудың бастық, билерімен байланыс жасап жүргендері тарихи мәліметтерден белгілі. Тіпті, Кенесары қырғыз елінің шегіне келіп, Бекбатыр дегенді бас қылып, қырғыз билеріне, манаптарына сөз салып жатқан кезінде, патша әскерінің Аягөз бойына келген бір отрядының бастығы жасауыл Нұқалов деген 1846-жылы қырғыз манаптарына, ру басшыларына астыртын хат жазып «Кенесарыны жойыңдар, Кенесары сендерге де, патшаға да дұшпан, сендерге патша үкіметі жәрдемдес болады» деп өкілдер жібереді. Нұқаловтың қасында Кенесарының әкесі Қасым төренің достары: Сөк төре, Әлі төре, Әділ төрелер болды. Және оларға Барақ төре Солтыбайұлы, Бөлең төре Шаңқайұлдары қосылады. Бұлармен бірге және бірсыпыра би-байлар болады. Мұны орыс тіліңде Недзевский дегеннің «Жетісу облысы туралы ескерткіш кітапша» деген 1905 жылы басылған кітапшасының 11-бетінде айтады. Көтеріліс қылып жүрген қазақ көпшілігі патшаның осындай әскерлерімен де соғысып жүрген...
Ал көтеріліс қылып жүрген Қазақтармен соғысып, соларды басуға қырды кезіп қазақ жерлерінің түкпіріне келген патша үкіметінің бір қосынының бастығы жасауыл Нұқаловтың немесе сол сияқты әскер бастықтардың тағы да қазақ билеріне, және Кенесарының өзіне де екінші түрлі сөздер жазып, астыртын өкілдер жіберіп ұйтқытбағанын кім біледі?.. Патшаға қарсы көтеріліп майданға шыққан Арғын елінің әуелі Кенесарының әкесі Қасымды, сонан соң Кенесарының өзін біраз уақыт бастық қылып айырылған. Сол айырылған бастықтарға патша әскерінің бастықтары хат жазып солардың бірсыпырасын өзіне ертіп алғанын біз білеміз. Оны біздің білетініміз, сондағы патша үкіметіне қарсы қозғалып, көтеріліс. қылатын Арғын ішіндегі бұтақтарының бірі, жоғарыда айтылған Алтай, Тоқа (Қарпық) деген елдер, біздің елдер еді... Солардың бәріне патшаның атынан сый, «шен» бергенін, медаль бергенін білеміз. Патша үкіметінің өз «батырларына» беретін медалінің ең қадірлісі — Георгий кресін де бергенін білеміз. Біз алғаш әліп-би оқып жүрген кезімізде біздің елде Қыздарбек деген ақсақалды қартты көрдім. Өзі ірі тұқымның билеу-байлау адамы еді. Сол кісінің патша үкіметінен алған Георгий кресі бар еді. «Қалай алдыңыз?.. Не үшін берді?» дегенде, «патшаға қарсы көтеріліп жүрген жұртқа ермей қалып, сонан соң патша әскеріне еріп жүргенімде, бір жерде келе жатқанымызда патша әскеріне Қазақтар тиіп қалды. Сонда соғысқа кіргендігім үшін берген еді...» дейтін. Онан соң «Кенесарының тобын тастап, патша әскеріне қосылған пәленге, түгенге осындай крест берді. Сонда, Қаңтар деген батырлау кісі біресе Кенесарыға барып, біресе патшаның әскер бастық ұлықтарына келіп жүріп еді... Ол да медаль алған еді...» дейтін еді. Қаңтар ауылы бұрын ірі-күшті ауылдың бірі болған.
Және, әлгіде айттым ғой. Әлгі патша әскерінің бір қосынының бастығы Нұқалов қырғыз манаптарына, қырғыз ру бастықтарына әлгідей астыртын хат жазып, өкілдер жіберген деп. Және, сол сияқты, олар қазақ билеріне де, тіпті, Кенесарының өзіне де астыртын хаттар жазып, кісілер жіберіп әрекет қылып қазақ пен қырғызды бір-бірімен соғысқа ұйытқуы да мүмкін дедім. Міне, осы жағдайды да еске алуы керек еді. Орыс жазушысы Смирнов дегеннің кітабының 18-бетінде мынадай сөз бар: 1846 жылы қырғыздың Қалша деген биі арқылы Кенесары қырғыздың ру бастықтарына хат жазады. Хатында «мен бұл жаққа сендермен жауласқалы келгенім жоқ, қырғыз, қазақтың басын қосып, Қоқанның қысымынан құтқарайын деп келдім...»дейді. Кенесарының бүйтіп жазғаны рас болса, бұл — бір жағынан Кенесарының саясаты, дипломатиясы болса, екінші жағынан — бұдан патша үкіметінің әскери бастық, ұлықтарына да жасырын жасаған әрекеттерінің иістері сезіледі...
Міне «Хан Кене» пьесасында, осындай тарихи істердің негізгі жайттарын көрсету керек еді.
Онан соң қырғыз манаптары, ру бастықтары қазақ төрелері сияқты Кенесары заманынан бұрын да патша үкіметімен байланысты болғаны белгілі. Академик Бартольдтің кітабында мынадай сөздер бар. «1824 жылы қырғыз Шерәлі бидің баласы Қойшыбек бірнеше жолдастарымен Ыстықкөлден Сібірге барып, Сібірдің Глазунов деген генерал-губернаторына жолығып қайтқан. Ресей керуеніне жәрдем бергені үшін Қойшыбекке капитан шенін берген, алтын медаль мен қылыш берген... 1824-25 жылдарда қырғыздардың өкілдері Семейге келіп қайтқан. Оларды Семейден патша әскерінен бір отряд Ыстықкөлге шығарып салған...» дейді.
«Хан Кене» пьесасындағы Арқадағы қалың қазақ еңбекші бұқара көпшілігінің патша үкіметіне қарсы қозғалыстары көрсетілмесе, қазақ төрелерімен, Қазақ бай-билерімен патша үкіметінің неше түрлі қатыс-байланыстары да өзінің тиістісіндей көрсетілмейді. Тек бұл туралы бірен-саран сөздер ғана айтылады және ол сөздер елеусіз қалып отырады. Ал, қырғыз еліндегі бұл жайттар тіпті ауызға да алынбайды.
Қысқасы осының бәрін айта келгенде, бізге: Кенесары, Наурызбайдың өз бастарының өмір уақиғасын көрсетуден гөрі, қырғыз елімен соғысын көрсетуден гөрі, сол замандағы қазақ елінің қалың бұқара еңбекші көпшілігінің патша үкіметіне қарсы, оның ел ішіне кіріп келе жатқан әскерлеріне қарсы, салған бекініс әскер қалаларына қарсы қылған көтерілістерін, қарсы шабуылдарын, қалың қозғалысын көрсету керек еді.
Ал Кенесары, Наурызбай көрсетілгенде, тек сол қозғалыстарды пайдаланып, өзінің атасының — Абылайдың одан 70 — 80 жыл бұрын құлаған хандығын қайта тұрғызбақ болғандығын суреттей көрсету керек еді. Тарихи шындық сол еді. Бұл бір.
Ал, екінші, олай болмаған күнде, Кенесары, Наурызбайдың тек қырғызбен соғысқанын көрсететін болғанда, онда да әлгі айтылған тарихи шындықтарды көрсету керек еді. Мұнда да, қырғызға да, Кенесарыға да, төрелерге де патша үкіметінің жұмсаған, қолданған түрлі әрекеттерін, құпия, жария әрекеттерін көрсету керек еді. Және мұнда да, Кенесарының қазақ қозғалысын пайдаланып жүргенін айқын көрсетіп, ақырында Қазақ көпшілігінің оны тастап кеткенін айқындап көрсету керек еді.
Онан соң манағы айтылған оңай, сөлекет «жамауларды» жамау қылып көрсетпей, негізгі жайманың түрлері қылып көрсету керек еді. Және қарап отырған жұртты нандыратындай қылып көрсету керек еді. Екінші мысалмен айтқанда да, ол «жауларды» жамау қылмай, жайма кілемнің өрнек түрлері қылып көрсетсе, көрген жұртты нандырып, назарын аударып алар еді. Ал өйту үшін, әлгі шет жағалары айтылған сол замандағы тарихи, саяси, социалшылдық, таптық шындықтардың керекті жерлерін мықтап көрсету керек еді.
Әрине, бір пьесаға бір елдің тарихы сыймайды. Бірақ, әйткенмен, бір пьесада тарихтың бір дәуірінің бір кесіндісін көрсетуге болар еді ғой.
Жазушы мен кейбір жолдастар айтады: «Хан кенеде» тек хандықтың құлағаны көрсетіледі» дейді. Бұл да онша дұрыстау емес. Хандық Кенесарының әкесінің әкесі Абылай ханның ақырғы жылдарында-ақ құлап қалған (Абылай 1781 жылы өлген). Мұны белгілі Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің 1915 жылы шығарған «шежіресінде» анықтап айтады. Абылай хан, Кенесарының бабасы, хан болып отырған Орта жүзден соңғы жылдарында сырғып көшіп Ұлы жүз ішіне кетеді... Тарихи шындық ретінен, Кенесары уақиғасы хандықтың құлағанын көрсете алмайды. 70 жыл бұрын құлаған бабасының хандығын қайта тұрғызбақ болған әрекетті көрсетеді...
Мен мұны жазғанда, өзіміздің театрды мінейін деп яки болмаса бұл пьесаны жазған Мұхтарды мінейін деп жазып отырғаным жоқ. Анау күні болған мәжілістерде өзімнің осы пікірімді айтқандығымнан «Сол айтқанды жазып бер» деген соң, біздің театрға да, жазушы Мұхтарға да бұл сөздердің аз болса да жәрдемі болар деп жазып отырмын. «Хан Кене» туралы айтылған осындай пікірлерді, осындай тарихи мағлұматтарды молырақ жинап, Мұхтар мен театрымыз «Хан Кене» пьесасын қайта түзеп, жөндеп шығарар деп сенем. Театрымыздың қазір едәуір тәжірибесі, ысылғандығы бар екендігі айқын. Және Мұхтар қазіргі Қазақстандағы білімді, зор драмашымыз. Пьесаның кемістіктерін көрсетіп, білген тарихи мағлұматтардың шет жағаларын көрсетуіміз өсіп қалған театрымызға және білімді, күшті драмашымызға аз да болса көмек болар деп сенем...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі