Орта мектептің соңғы класында оқып жүргенде менің қолыма "Өмір ұшқыны" аталатын көлемі шағын қызыл мұқабалы кітап түсті. Авторы — Зейнолла Қабдолов. Кітаптың алғашқы бетінде күлімдей отырып түскен келбетті жас жігіттің суреті де бар екен. Әсіресе өзіңе жылы ұшырай қараған мейірлі жанары жалт қаратпай қоймайды екен. Қолдан тастамай оқып, әлде кейіпкерлері де біз сияқты жастар (мен өзім мектепті сәл кешеуілдеп бітірген адаммын) болғасын ба, солардың әр қылығы, әрбір сөзі мен әрекеті айрықша әсер етіп, құрбы-құрдастарыма әңгімелеп беріп, күн сайын мектепке де оқулықтармен бірге алып келетін болып алғам. Сол кезде Зекең сөзіне жазылған "Жайық қызы" әнін де құмарта тыңдап жүргенбіз.
Бір күні кітапты тағы ақтарып отыр едім, әдебиет пәнінен дәріс беретін сүйікті мұғалімімнің бірі Сара Стамбекова:
— Ә, Зейнолланың кітабы екен ғой, әкелші, көрейін, шықты деп естіп едім, бұл жігітпен біз университетті бірге бітірдік қой, — дегені.
"Әй, айта береді-ау адам деген, әйтпесе, мынадай кітап жазған адам біздің апаймен қалай бірге оқи қойсын!" — деп ойлап едім мен. Шынында да, Сара апамның сөзі күпірлік сияқты болып көрінгені рас еді.
Обалы не, ол кезде жап-жас Сара көрікті кісі еді. Қазір мөлшерлеп отырсам, әлі отызға жете қоймаған келіншек еді, күйеуі аудан прокуроры. Сол прокурордың інісі Марат (қазір Есік қаласында тұрады) менімен бірге оқитын да, мен ол үйге жиі бас сұғып тұратын едім.
Кейін КазГУ-де оқи жүріп, осы оқиғаны Зекеңе айтып едім, ол кісі:
— Иә, бірге оқып едік, қазір қалай, ей, өзі, сол бұрынғыдай әдемі ме? — деп, енжар қалмай, сөзіме қызғушылық танытқан. Көмейінде Сара мұғаліміме деген ыстық бір ілтипат барын да аңғарып қалып едім.
Қазақ университетінің филология факультетіне сырттай оқуға түскем. "Лениншіл жас" газетінде қызмет атқарып жүрдім.
Ара-тұра газеттер мен журналдарда бірлі-жарым өлеңдерім жарияланып тұратын. Соны көзі шалған болуы керек, кезекті бір емтихан үстінде Зейнолла ағамыз:
— Сәкен, сен ақынсың ғой, соңғы жазылған бір өлеңіңді оқы. Сол өлеңнің дәрежесіне қарап баға қоймақ ойым бар, — деді.
Сол кезде жазылған "Жолдаяқ" аталатын өлеңімді зуылдатып оқып бердім. Зекең бар зейінімен тыңдап алды да:
— Жақсы өлең, бірақ, — деп бір сәт ойланып қалды, не дер екен деп мен отырмын, — кәдімгі он бір буынды қара өлең үлгісіндегі шығармаға соған лайық ұйқас керек. Сен шалыс ұйқаспен жазыпсың. Шалыс ұйқас жыр түріне көбірек жарасады. Есінде болсын.
Сөйтсе де, көркемдігі үшін жоғарғы баға қоятынын айтты. Менімен бірге Сәбит Баймолдин де оқитын еді.
— Аға, мен де ақын едім, мен де өлең оқып берейінші, — деп жабыса кеткені.
Зекең сырбаз қалпынан өзгермей, маңғаздана қарап, жайымен:
— Жоқ, сен өлеңіңді кейін оқырсың, әзірше билеттегі сұрақтарыңа жауап беріп көр, — дегені.
Неге екенін білмеймін, маған ерекше ілтипат білдіріп, бауырына тарта түсетін еді. Оны оқушылар да, оқытушылар да сезетін.
Оқуға кешеуілдеп түскенімді бір жерде айттым ғой деймін, біраз оқыған-тоқығаным да бар. Жөпшендіні менсіне де қоймаймын. Өзімше болып-толып та қалдым деп жүрген кезім ғой. Туысқан тілдер әдебиетінен Қарбанова деген кісі дәріс оқитын еді, қара басып, сол кісінің сабағына кешіге беретінді шығардым. Жаратыңқырамай жүрді де, бірде: "Сен неге кешіге бересің? Сабақ білмей қаласың ғой", — деген сыңай танытты.
— Бірдеме білетін болған соң да оқып жүрміз ғой, — деп жүре жауап беріп ем, ол кісі көңіліне ауыр алып, ренжіп қалды.
Не керек, сол кісінің сабағы бойынша емтихан тапсырдық та, маған қырғыз Тоғалық молданың "Бүркіт пен қарға" деген мысалын талдау бұйырғаны.
Оқымаған дүнием екен, әйтсе де, "Әй, осы шамадан табыларсың-ау" — деп, ойша жобалап алдым да: "Мұнда бүркіт дегеніңіз — үстем таптың өкілі де, қарға — еңбекші таптың өкілі. Бүркіт қарғаға әрдайым тырнағын батыратын болған", — деп сықпырта бастап едім, Қарбанова күліп:
— Тоқта, тоқта, сен мұны қайдан оқыдың? — деді.
— Кітаптан, — деймін мен күмілжіп.
— Отыр. "Қанағаттанғысыз" деген баға қоям. Күзде оқып келіп, кейін қайта тапсырасың, — деді ұстазым.
Салым суға кетіп, Зекеңе бардым. Болған оқиғаны өз аузымнан естіген ағам жатып кеп күлді. "Жарайды, ертең пәлен уақытта кафедраға келе қой, сөйлесіп көрейік", — деп мені күле отырып шығарып салды.
Ертесінде барсам, Зекең төр жақта отыр екен, көктей өтіп барып, сәлем бердім де, жағалай жайғасқан басқаларына басымды изей амандастым. Шеткері бір столда Қарбанова апайым да отыр екен.
Зекең менімен терезесі тең адамдарша шұрқырай сөйлесіп, қал-ахуал сұрасып жатты. Сол кезде Қарбанова:
— Зейнолла, сен осы Иманасовты бекерге көтере мақтап жүрсің бе деймін, бұл өзі түк оқымайтын жігіт, оның үстіне, сабаққа да кешігіп келеді, білмеймін демей, білмесе де жобалап соға береді, — деп кешегі жағдайды түгел айтып шықты. Оған тыңдап отырғандардың бәрі де бір-бір күліп алды.
— Қой, Нұртай, — деді Зекең, — әдебиетті бұл білмесе, онда басқалары жайлы сөз етіп керегі не. Тоғалақ молданы онша менсінбегені де, әйтпесе, неғып білмейді. Көріп, тыңдап жүрміз ғой, — деп тігісін жатқыза жұмсартып біраз сөз айтып, ақыры емтиханнан өткізіп жіберді.
Енді бірде қолыма Сергей Антонов деген орыстың жақсы бір жазушысының "Письма о рассказах" дейтін кітабы түсті де, лекция үстінде соны парақтап отырғам. Әлгі кітапты көрген Зекең:
— Сен осы кітапты маған бер де, менде "Литературная Россия" апталығында басылған нұсқасынан тігіндісі бар еді, керек етсең, соны ал, — деді.
Кітапты Зекеңе ұстата салдым. Ол ақтара қарап отырды да:
— Сәкен, осы әңгіме деген не? — деп тосын сұрақ қойғаны.
Мұндайда кісі абдырап, сасып қалады екен. Әдеби жанр ішінде әңгіме деген мөлшермен осы шығар деп, әйде бір көсіліп берейін. Зекең елең етіп, маған бажырая қарап қалыпты.
— Әй, осы сен туралы пікірімді өзгертем ғой деймін, тура әнеукүнгі Қарбановаға берген жауабың сияқты ғой мынау. Әйтсе де жобаң дұрыс. Дегенмен, әдебиет теориясында айтылған тұжырым бар емес пе, оқымаған сияқтысың, — деді. Өзі әдебиет теориясын жасауға атсалысып жүрген адамның діттеген жерінен шықпағанымды сезіп, тілімді тістей қойдым.
Университетті бітіруге бір жыл қалғанда, үй саламыз деп, әкем Алматыға жібермей қойды да, келесі жылы келсем, курсты басқаратындар: "Сен бір курс төмендегілермен бітірерсің, диплом тақырыптары тапсырылып қойды, кешігіп қалдың", — дегенді айтты.
Екі өкпемді қолыма ала тағы Зекеңе жүгірейін. Ол кісі сөзге келмей: "Жүр, Бейсекеңе кеттік"! — деді. Бейсекеңі кафедра меңгерушісі ғалым Бейсенбай Кенжебаев еді.
Бейсекеңе алып кірген Зекең:
— Бейсеке, мына Сәкенді ғой танисыз, — деп бастады сөзін. Бейсекең бас изеген болады. Қайдан танысын. Мен сияқты сырттай оқитын студент аз ба, қайсы бірін біле береді ол кісі.
— Бейсеке, — деді Зекең бірқалыпты баяу сөйлеп, — осы курстағы қырық баланы түгел шығарып жіберіп, бір ғана осы Сәкенді алып қалсаңыз, Құдай біледі, биылша түктен ұтылмайсыз. Былтыр келмей қалған екен. Өзім жетекші болайын, диплом тақырыбын бекітіп беріңіз.
Бейсекең сөзге келген жоқ, бірден келісіп:
— Зейнолла, өзің жетекші болсаң, сөз бар ма, тақырыбын қарап, таңдап, мен айтты деп тіркет қыздарға, — деп келісімін берді.
Зекең ол кезде бар болғаны доцент, ғылым кандидаты ғана еді. Сонда да кафедрада беделі барын сезетінмін. Ақыры аз күнде өз басшылығымен маған қазақ лирикасы хақында диплом жұмысын жаздырып, қорғатып шықты.
Диплом жұмысының алғашқы нұсқасын жазып болып, жетекшіме бергенмін. Зекең бір-ақ күнде оқып шығып, пікірін жазып әкелген екен. Бір мәжіліс үстінде ұстата қойып еді, мен оны қолымдағы қағаздар арасына сала салғанмын. Ұстазым жалт қарап:
— Әй, сен өзің оқығың да келмейді ғой, мен шынында сен жайлы қателесіп жүрмін-ау осы. Әкел өзіме, қайта жазам. Асыра мақтап қойып ем тіпті, — дегені.
"Үйге барып оқимын ғой" дегеніме болмады, әлгі бір парақ қағазды тартып алып кетті де, ертесінде, сол ма, басқа ма, әлі білмеймін, диплом жұмысына берген әділ бағаны, пікірін табыс етті. Жастығым да болар, әлде өзімсіне бастадым ба, тым құрыса алғашқы пікіріне бір рет көз тоқтата қарасам-шы. Бірақ мына берген бағасы да әділ, көтеріңкі көңілмен желдірте отырып, мақтап жазған екен.
"Құдайдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!" — деп Мұқағали айтпақшы, мен де қайбір қаражатқа қарық болып жүретін едім. Диплом қорғай сала далаға шықсам, біздің аудандағы бір колхозды басқаратын, ұлты молдаван ба, сыған ба, әрдайым аңқылдай күліп жүретін Александр Чурсинов дейтін азамат жолыға кетті. Астында су жаңа "Волга". — "Ауылға ала кетесің бе?" — "Әйда, отыр". Сөз сонымен бітті. Отырдым да кете бердім. Өйткені жолақысын төлерлік ақша жоқ еді қалтамда.
Дипломның да мен үшін аса қымбат мүлік болмағаны ғой, оқу бітіргенімді айғақтайтын сол құжатты келесі жылдың жазында бір-ақ алдым. Сол екі арада тығыз бір шаруамен Алматыға келгенім бар еді. "Столичный" гастрономында кездейсоқ Зекеңе ұшырасып қалдым.
— Оу, сен қайдан жүрсің? — деп жатыр ағам, — жұрттың шәкірттері диплом қорғай сала жетекшілерін іздеп шауып жүр. Сені көре алмай, жан-жағыма біраз қарадым да, күдер үзіп, жөніме кеткем.
— Аға, кешіріңіз, осылай да осылай, ақшам болмай қалды да, біреудің артына мінгесіп ауылға тартып кетіп ем, — деп ақталған болдым мен бейбақ.
Жетекшім алдындағы сол айыбымды, Зекеңнің есінде бар ма, жоқ па, білмеймін, мен араға он, он бес жыл салып барып әзер жудым-ау деймін...
Академик Зейнолла Қабдоловпен қазір де оқта-текте кездесіп жүрем. Мені көрген жерде құшағын кең ашып, құшып-сүйіп жатады. Мен де барынша інілік ізет көрсетіп, құрметпен иіліп-ақ бағам. Одан арыға барған емеспіз.
Жазушылар одағында болып тұратын әлдебір жиынға қатысқалы барып, ұзын столдың бір шетінен отыра беріп едім, қарама-қарсы келіп Зекең жайғасты. Елпілдей амандасқан менің сәлемімді алып жатып:
— Иә, Сәкен мықтысың ба? — деді ол.
Алдымда жатқан ақ қағаздың бір парағын алдым да:
Жоқпын ғой айлаға да, пайдаға да,
Мықты бола қояйын қайдан, аға.
Кейде бір кісі таппай қиналамын,
Қарманып, қанша қарап айналама! —
деп бір ауыз өлең жаздым да, Зекеңе қарай сырғыта салдым. Ол кісі оқып шығып:
— Сен қай күні жазылғанын көрсетіп, қол қойып бер, — деді.
Айтқанын бұлжытпай орындадым. Зекеңе арнап жазған тағы бір өлеңімде:
Мен үшін сол баяғы Зейнолласыз
Салмағы басқа жанмен өлшенбейтін! —
дегенім бар.
Былтыр (1997 жылы) Зекең 70 жасқа толды. Соның қарсаңында жұмыста отырған маған телефон соғып:
— Әй, Сәкен, біздің жігіттер менің архивімнен сенің бір ауыз өлеңіңді тауып алыпты. Соны Қазақ университеті шығаратын "Вестникке" кіргізбекші, сен қарсы болмайсың ба? — деп сұрады.
— Жоқ, аға, неге қарсы болайын, қайта, қуанбаймын ба! — деп жатырмын мен де.
Зекеңнің 70 жылдық мерейтойын республика болып дүрілдетіп өткіздік. Іштік, жедік, ойнадық, күлдік.
Сөйте жүре мен де алпыс жасқа толып қалам ғой баяғы. Сол қарсаңда шығарған бір томдық таңдамалымды қолтаңба жазып ұстазыма жіберген едім.
Менің мерейтойыма жетекшілік еткен Тұманбай айтты:
Стадионда Зекеңе жолығып қалып едім, мені тұрғызып қойып: "Әй, мына Сәкен дегенін дөй ақын екен ғой, кітабын оқып қатты разы болдым!" — деді.
Мен әжептеуір марқайып қалдым.
Бірақ Зекең өзіме ол жайлы әлі ләм деген жоқ.
Кім білсін, кейде біреу бірдеңе деп, араға от жағып жүр ме деген күдік те ұялайды көңілге.
* * *
Тоқсаныншы жылдың жазында кезекті бір жыр кітабымды жазамын деп, жазушылардың Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйінде табан аудармай қатарынан үш-төрт ай жатып қалдым. Мен сияқты ұзақ мерзімге келгендер ішінен бүгін қатарда жоқ, марқұмдар Сәуірбек Бақбергенов, ұйғырдың жақсы бір шайыры, қыз мінезді Ізім Бақниязов бар, үшеуміз жұп жазбай, әр сәрсенбі сайын "Арасан" моншасына баратынды шығардық. Әр сәрсенбі сайын біреуіміз монша пұлын, әргі-бергі такси шығынвн түгел ғана кезегімен өз мойнымызға алатұғынбыз. Кейде бізге өз көлігімен Сафуан ағам Шәймерденов қосылатын еді де, такси іздеп әуре болмай, аса бір жырғап қалатынбыз. Сондай сәрсенбінің бірінде тағы да дорбаларымызды арқалап, машинасы бар Сафуан ағамызды қолқалап дегендей, жиын-терін қалпымызда моншаға бармаққа шыға бергеніміз еді, қарсы алдымыздан академик Зейнолла Қабдолов ұшыраса кетті. Ұшыраса кетті де бәрімізбен асықпай ырғала, ыңырана амандасып болып:
— Иә, жол болсын, қайда бет алдыңдар? — деп сұрады сабырмен.
— Моншаға, — дедім мен елден бұрын жауап беріп.
— Уай, шіркін, монша! — деді Зекең тамсана сөйлеп, — рахат-ay, дүние-ай! Салқын сыра да ішесіңдер-ау!
— Жүріңіз, бірге барайық, — дедім мен.
— Шіркін, монша! — деді тағы Зекең дауысын соза түсіп. — Барар едім-ау, бірақ қазір бір адамды тосып жүргенім. Уәде беріп қойып ем. Сыра да ішесіндер-ау, ә!
— Тамсанып, таңдай қаға бермей, жүрсеңізші бірге! — деп Сафуан ағам сәл өктем сөйледі оған.
— Бір адамға берген уәдем бар еді тосамын деп, соны күтіп жүргенім, — деп Зәкең қала берді де, біз жөнімізге тарттық.
Моншамызға түсіп, буырқанып, бусанып, мөлшерлі мезгідде үйге қайтып келе жатқанбыз. Қалтарыс көшелердің бірінде жабық машинадан сыра түсіріп жатқанын көзіміз шалды. Ол кезде осылай там-тұмдап татырып, сырақұмарларды тамсандырып қоятын бір тапшылықтың түрі болушы еді. Сафекеңе айтып, солай бұрылдық та, азды-көпті кезегіне тұрып, бір торкөз дорбаға толтыра көтергенімізше деп, он-он бес шөлмек сыра алдым. Салдыр-күлдір еткізіп машинаның артқы жағына қойып жатырмын.
"Оның бәрін қайтесің?" деп сұраған серіктес ағаларыма "Керегі болып қалар", — дей салдым.
Бағанағы күткен адамын енді ғана шығарып салған ба, Зейнолла ағам сол маңғаз қалпында өнержай алдында әлі де қыдырыстап жүр екен. Машинадан түсіп жатқан бізді көріп, бері бұрылды.
— Жеңіл буларыңызбен! — деп жатыр, — Әй, сыра іштіңдер ме?
Мен салдыр-күлдір еткізе сыра толы дорбамды көтере түстім де, Зекеңе ұсындым.
— Өй, бұ не? — деп сасып қалды ол кісі.
— Сізге алып келдім, сыра ғой.
— Маған ба, қаншасын алайын?
— Біз сыра ішпейміз, осының бәрі сізге, — деймін мен.
— Ой, пәлі, мынау бір қызық болды ғой, — деп Зекең ыңғайсызданып қалды.
Қоярда қоймай жүріп бөлмесіне кіргізіп бердім.
Зекең дәл осы бес-алты шөлмек сыраға зәру болып тұрмағанын білемін, сыра ішкісі келіп бара жатса, толып жатқан інілерінің біріне ымдай салса болды, жер түбінен болса да жеткізіп берер еді. О кісінің әйтеуір сөз болсын деп айта салғанын білдім. Ал менің атаққа табынып, лауазымға бағынышты екінің біріне жығыла бермейтін мінезімді о кісі де біледі. Әлгі сәл-пәл абыржу содан шықты ма деймін. Сол күні ме, кейінгі кезде ме, Зекең мені өз бөлмесіне арнайы шақырып, алдыма бүйірлі шишаның бір үйірін қойып қонақ еткені де бар.
— Ой, мына Сәкен қызық екен, қалжыңға айта салып ем, бір қап сыра арқалап жетіп келіп тұр, — деп әркімге айтып жүргенін де естідім.
Үлкен адамдардың болмашы ілтиштқа да балаша мәз бола қуанып қалатынын сонда бір көріп, тәнті болып едім мен.
1998 жылы Зейнолла Қабдолов "Менің Әуезовім" кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. "Парасат" журналына жарияланған бір мақаламда сыйлық берудің алдында талантты бір жазушы ініммен болған әңгіменің сұлбасын келтіре кетіп едім. Соны дұрыс қабылдамады ма, әлде біреулер араға ши жүгіртті ме, әйтеуір, үйіне бір телефон соққанымда, ағам бұрынғыдай емес, едәуір салқын амандасты. Өзімді ақтау үшін біраз "терлеуге" тура келді. Ақыры, араға ай салып барып, тосын бір кезіккенде ұзағырақ әңгімелесіп, сөз түбіне жеткендей болып едік.
Сол күннен бастап ұстазыммен қайта түсініскендей жайым бар.
Өзіне ұлы ұстаз тұтатын Әуезовтің кейде жоқ жерден балаша бұртиып өкпелеп қалатыны жайлы әркім-әркімдер жазып жүр ғой, сол мінез Зекеңде де жоқ емес-ау деп ойлап қоятын болдым мен осы күндері.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі