Баққожа Мұқайдың менімен жолығып қалса, үстімдегі костюмімнің о жер, бұ жерін шұқылап, астарына үңіліп: "Қай елдікі?" — деп сығалай қарап шығатын әдеті бар. Тым құрыса бел құрдас болатындай арамызда бес жас емес, азды-көпті он жыл жатқанынан хабары бар жұрт оның бұл қылығына таңырқаса қарап қалатыны рас. Сондықтан мен Баққожаның мұнысын өзімше түсіндіріп әлекке түсемін. Ол болса, арсалаң қағып күле береді құр.
Оның да өзіндік себебі бар. Көп жыл бұрын мен Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеп жүрдім де, Баққожа "Жұлдыз" журналында болуы керек, бір шаңырақ астында жиі кездесетін едік. Ағалы-інілі қалпымызда әмпей-жәмпей сырласып кететінбіз. Бір күні сүр түсті шетелдік жаңа костюм сатып алдым. Өзі маған арналып тігілген сияқты, құйып қойғандай бойыма жараса кетті. Бақкожа үндемесе де, көз қырын салып, сол костюміме қарағыштай берген. Араға бірер күн салып, ол да тұп-тура сондай костюм сатып алып киді.
Ол кезде табылып жатса, алып киюге әжептәуір мүмкіндігіміз бар еді ғой, көп ұзамай мен тағы да қара жолағы бар, сол кездің сәніне сай келетін және бір костюм алып кидім. Араға күн салмай, Баққожа да содан айнымаған костюм сатып алды. Бұл кездейсоқтық па, жоқ әдейі жасап жүр ме, білмедім, бірақ:
— Оу, Баққожа, инкубатордан шыққандай болып кеттік қой, менімен бәсің бір ме осы, неге басқа түр, басқа түсінен алмайсың костюмді? — дедім әзіл-шынын араластыра ренжіп.
Ол үндеген жоқ еді. Келесі күні дәліз бойлап келе жатсам, Баққожа сол кездегі бірінші хатшымыз Әнуар Әлімжановпен әңгімелесіп тұр екен, мені көре сала:
— Әнеке, қараңызшы, мына Сәкен ағам мен қандай костюм алсам, ертесінде тұп-тура сондай костюм алып киіп, жарысып-ақ жүретін болды, — деп қоя берді.
Әнекең менің үстіме бір, оның үстіне бір қарады. Қас қылғанда, сол күні екеуміз де бір-біріне ұқсас костюмдерімізді киіп келіппіз.
— Онысы несі екен Сәкеннің? — деді Әнекең күліп, Баққожа сөзін құптағаны ма, менің қылығымды қош көрмегені ме, белгісіз сыңаймен.
Мен үндей алмадым. Өйткені іні сөзі үстем шығып, өтімді болып тұр еді. Енді не десем де ақталған болып шығарымды сезіп, тіл қатпай қала бердім.
Костюмімді тексеруінің осындай бір сыры бар Баққожа кейінгі бір жылдары:
— Костюміңіздің сапасы нашарлай бастаған ба, немене, Сәкен Құсайынович (кейде осылай сөйлейтіні бар)? — деп сұрайтын болды.
— Жас озады, амал не! — деп мен қоям.
"Парасат" журналына бас редактор болғаннан кейінгі бір кездескенде:
— Бір топ өлең берсеңізші, жақсы костюмге жетерлік қаламақы қойғызайын, — деді.
Әне-мінемен салақсып, ол өлеңдерді жыл өткізіп барып апардым-ау деймін. Обалы не, мол етіп жариялады. Бірақ қаламақысы жақсы костюмге жетпеді ғой деймін, соны наз қылып айтып ем:
— Дер кезі әкелмеген өзіңізден көріңіз, былтырғы жағдайда костюмге жетер еді, қайтесіз, инфляция! — деді Баққожа.
— Әйтеуір бір костюмге қарызсың! — деп мен кеттім. Бір күні жеті түнде телефон шырылдады. Алып едім, ар жағынан:
— Сәкенсің бе, қарағым, — деген көмескі дауыс естілді.
— Иә, — дедім мен.
— Бұл Дихан ағаң ғой, Әбілев, — маған аса қажет болып тұрғаның, — деп жатты әлгі дауыс. Сәл қарлығып шыға ма, қалай.
Бұдан бұрын біздің үйге Дихан аға телефон соғып көрмегені өзіме белгілі. Не дерімді білмей таңырқап:
— Жай ма, аға? — деп сұраймын.
— Сен біздің үйге тез келіп кетші, — дейді ол кісі.
— Дихан аға, түн ортасы болып қалды, ертең барсам қайтеді? — деймін мен.
— Түу, сендер де кергіп сонша, күнде мазалап жатқам жоқ қой, келіп-ақ кетпейсің бе қазір! — дейді.
— Жарайды, аға. Онда адресті айта қойыңызшы, — деп жатырмын жалпылдап.
Сол кезде ар жақтан күмбірлеген күлкі естілсін, мазақ күлкі.
— Әй, қатырдым-ау! — дейді сабазың. — Әйтсе де, Дықаңның адресін айтып беріп, бір жүгіртпеген екенмін.
Бақсам Баққожа. Ызадан булығып, жазықсыз телефон тұтқасын лақтырьш жібердім. "Қорқыт дегенде, осынша қорқыт деп пе едім" дегендей, әзіл-қалжыңның да шегі бар ғой, тегі.
Бұдан бұрын да осылай бір алдағаны бар еді. Ол сонау жетпісінші жылдардың соңы ғой деймін, кенеттен телефон шылдырлады.
— Сәкен ағасыз ба? — дейді аржағынан бір бала, — мен ауылдан, Алакөлден келіп едім, сізге беріп жіберген сәлем-сауқат бар еді, ет болуы керек. Өзім автовокзалда тұрмын, келіп, алып кетпейсіз бе?
Мен оған: Такси алып жет, ақысын өзім төлейін", — деп, қалай келетін жолын айтып, біраз әуреге түстім-ау деймін. Бір мезетте:
— Бұл Баққожа ініңіз ғой. "Ет дегенде бет жоқ", ә, қатты састыңыз ғой, — деп тұр. Ұялған тек тұрмас деп, ренжіп, өкпелеген болдым. Бірақ не істерсің! Жабулы қазан жабулы қала берген.
Сол қалжыңның аяғы күлкілі бір жағдайға да соқтырды. Жұмыста отыр едім, телефон тағы безілдеп қоя берді.
— Сәкенбісің, — деді аржағындағы дауыс. — Мен Дихан ағаң ғой.
— Әй, көп сөйлемей, костюмді қашан алып бересің, — деймін мен, тағы да Баққожа екен деп.
— Әй, сен Сәкенбісің, мен Диханмын деп тұрмын ғой, — дейді аржағындағы дауыс безілдеп.
Сәл-пәл сасайын дедім. Бірақ тағы да күлкіге ұшырап жүремін бе деген күдікпен:
— Сөзді қой да, костюмді әкел, содан кейін сөйлесерміз, — деп қоям.
— Әй, Сәкен, саған не болған, костюмің не? Сен Сәкенбісің өзің! — дейді ар жақтан өзеурей.
Телефон тұтқасын тастай салдым. Бір нәрсенің бүлінгенін ішім сезеді, бірақ анық қай жағына шығуды білмей, әлекке түсіп біраз отырдым.
Алқынып Есенғали Раушанов кірді:
— Аға, маған Дихан Әбілев телефон соғып: "Мына Сәкенге не болған, дені дұрыс па?" — дейді. О несі? Түсінбей қалдым, — деп тұр.
— Ой, пәле болды, енді сұраса: "Сәкен жоқ еді, жолаушылап кеткен", — дей сал. Мен ол кісіні Баққожамен шатастырып, — деп, Есенғалиға мән-жайды түсіндірген болып жатырмын.
Ішек-сілесі қата күліп ол кетті.
Осы жуырда сол Дихан ағам тағы да телефон соқты.
— Сәкен, 91 жастың атынан өтінем, менің кітабымды тездетіп өндіріске жібертсеңші, — дейді.
Қолжазбасының баспада жатқанына көп бола қойған жоқ. Оны Баққожа білмейді. Сондықтан сенімді түрде:
— Дихан аға, редакторлардың бәрі демалыста жүр еді, солар оралысымен қолға алады, — дейін.
— Е, оларсыз болмаушы ма еді, Есенғали екеуіңнің біреуің қарай салмайсыңдар ма? — дейді Дықаң.
Есенғали — баспа директоры, мен баспаның Бас редакторымын. Өзі де баспада көп істеген. Кімнің қандай жұмыс атқаратынын жақсы білетін адамның сөзіне ұқсамай барады.
Күдігім тағы да күшейе бастаған соң:
— Жарайды, аға, сөйтерміз, сау болыңыз, — деп сөзді доғардым да, телефон тұтқасын орнына қойдым.
Бұл жолы телефон соққан Баққожа ма, Дыңаң ақсақалдың өзі ме, ажырата алмай әлі далмын...
Кей-кейде менімен сиректеу араласатын жора-жолдастың бірі беймезгіл телефон соғып, сол аптаның бір күніне қонаққа шақыратыны бар. "Осы Баққожа болып жүрмес пе екен" деген күдіктен арылу үшін, мен араға аз уақыт салып, сол адамға телефон соғамын да: "Әлгінде сәрсенбі күні деп пе едің, анықтап алайын деп жатқаным ғой", — деп қайыра пысықтап шығатын болдым.
Оның үстіне, "Мен пәленшемін ғой" деген адамның сөзін асықпай, ұзақ тыңдап алып барып қана жауап беретін болдым. Баққожаның әзілі кісіні осылай да әлекке салып қояды, бар болсын, бар болғыр!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі