І
Осыдан біраз жыл бұрын «Жалын» баспасы ағайын-туыс, қаламдастары мен замандастарының Мұқағали Мақатаев жайындағы естеліктерін жеке кітап етіп басып шығарғаны бар еді. Сол кітапты баспаға дайындау кезінде де, одан кейінде де әңгімеміз ұдайы ғана жарасып жүретін ақын інілеріміздің бірі Айтақын Әбдіқал маған да неше дүркін қолқа салып, Мұқаң жөнінде білетінімді, көріп, көңілге түйгендерімді жазып беруімді өтініп, едәуір мазалаған болатын. Бірақ дер кезі мойным да жар бере қоймай, оның үстіне сол кезгі көңіл-күйім де өз еркіме жібермей, келісе тұра кейінге сырғыта берген едім. Оның үстіне ақынның алпыс жылдығы қарсаңында (1991 жылдың бастапқы кезі) тағы да сол Айтақынның қолқалауымен әлденеше рет теледидардан да сөйлеп, бірқатар жоғары оқу орындарындағы кездесулерге де қатысқанмын, өзімнің Мұқағали ақынмен азды-көпті бірге жүрген, әңгіме-дүкен құрған кездерім жайында айта келіп, ол кездесулердің көбі негізінен сыраханалар маңында, буфеттер мен ресторандарда, шөлмегі молырақ дастарқан басында болғанын айтамын деп, сол кезгі айналасына екі шоқып, бір қарап дағдыланған, «ауыздарына аса сақ» ағаларымнан: «Соның бәрін тәптіштеп тізудің қажеті қанша еді!» — деген тұрғыда сөгіс те естіп, едәуір бой тарта тіксініп қалғаным да бар болатын. Соның әсерінен де, 2001 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бетінде «Үндемейін десем де» деген шап-шағын мақалам да жарық көріп еді. Сол мақаланы жариялаған редакция қызметкерлерінің де «қырағылығы» ұстап, менің Мұқағали болмысына орай айтылған «Шарабын да сілтеп, сырасын да сіміріп» деген сөздерімді өздерінше «оңдап» «Ашқылтымын ішіп, сусынын сіміріп» деп жұқартып-жұмсартпақ болғандарының үстіне, кейбір сырт ағайындардың да менің: «Мұқағали тірісінде бұл өмірден қорлық та көрген жоқ, зорлыққа да ұшыраған емес» деген сөздеріме де дау айтып, ақиық ақынды өз бойларымен өлшегісі келгендей әжептәуір реніш білдіргендері есімде қалған.
Мұны да, реті келген соң, айтпай кетуге болмай тұр.
Қашан да болса біздің: «Со жағын айтпай-ақ қойса да болар еді, керегі де жоқ еді» — деген сияқты жауырды жаба тоқыған қазақы қылығымыз қалған ба?! Қашан да болса тозақты көре тұра оны пейіш деуге, періден періште жасауға әуес-ақпыз. Ал өзгеден гөрі біз (қаламдастарды айтам), көбірек те жақсырақ білетін Мұқағали ондай-ондай «өңдеу мен жөндеудің» ешбіріне мұқтаж да, зәру де болған емес еді. Оның үстіне біз үшін су түбінде жатып жұмырланып алған тас секілді малта тірлік, мәймөңкесінен гөрі Мұқағалидың сол бір алып тұлға байсалды бойымен, былайғы біраз жұрттан мойны да озық, төбесі де биік адуынды асқақ ойымен, ақынның «өзі айтқандай», «ер-тұрманы бүтінделмей» кеткен, алқам-салқам алпамса қалпы көбірек ұнайтын. Өлеңінде қандай өр болса, өмірде де ешкімнің мүсіркеуіне де, мінеуіне де бойсұны кіріптар болған, кідіре тоқтаған жері жоқ маңғаз да тәкаппар тұлғасы құндырақ еді. «Ең бірінші байлығым — халқым менің» деп, «мені өзгеге ұқсай бермейтін оқшау, дара жаралған осынау қалпында қабылда» дегендей, сол халқына еркелеген еркін жүріс-тұрысы, туабітті бітім-болмысымен, өз кейпіне кір түсірмей, сонау бір кері кеткен қоғамның икеміне де иілмей, мойынтұрығын да мойындамай өткен орасан дара тұлғасымен де қызық еді. Арағын ішсе де ақылын ішпегеніне бүгінгі бәріміз оқып тауыса алмай, тереңіне әлі де бойлай алмай жатқан мол мұрасы куә. Өле-өлгенше (өлгеннен кейін де) жұрты жабыла іздеп оқитын екі ақын болса — біреуі сол, бір ақын болса соның дәл өзі дерлік дәрежедегі сөзінен дәм, өзінен мән кетпеген күйде өткен еді ол өмірден. Біз айтсақ, жып-жылмағай ете жылтыратпай-ақ, талан-табиғатын, болмыс-бітімін түгендей түссек деген ниеттен туған сөзімізді айтып жатырмыз.
Ол шын мәнінде ерте де тумаған, кешігіп те қалмаған нағыз өз заманының бітімі бөлек бір жыршысы еді. Басқа тұстастарына қарағанда арындырақ та, дарындырақ та болуы ықтимал. Сондықтан да өз елі, өзінің туған жерінде ешкімге де жалтақтамай, жаны жайсаң, жағасы жайлау қалпында алшақ басып, адымдап өткісі де келді. Бәрін де көріп, бәрін де білгісі келді, кең дүниенің құшағында қысылмай ғана жүргісі келді. Содан да барып артық кетті, кем түсті. Баз-базда баянсыз тірлікке налып, көзі үйренген белдеу шеңберден де шығып кете беретін. Оны біреу түсінді, біреулер түсінбей, үрке қарады. Түсінетіндері оны түгел қостады, түсінбегендері сан-саққа жүгіртіп, соңынан сөз ертіп, күстаналай бастады. Ол сонымен де болмысы бөлек ақын ретінде мойындалды. Әйтпесе, ол да былайғы көп қаймана қазақтың бірі ғана болып қала берер ме еді, кім біледі.
Қасым сондай болмаса несі Қасым, — дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым, — деп еді ол Қасым Аманжолов турасындағы бір өлеңінде. Мұқағали да сондай болмаса, басқадай десі басым тұрғыда өтіп кете бермесе оның несі Мұқағали болар еді.
Ақынның басқалардан даралығы да осында.
Таулар алыстаған сайын биіктей түседі деген де сөз бар, уақыт жылжып, күн озған сайын Мұқағалидың да атақ-даңқы аспандап, абыройы асып, ақыл мен ойдың, парасат пен пайымның ғана үлгісі емес, ақыры келіп, қазақы қара өлеңнің құдіретті бір қуат-күшіне айналып отырғанын білеміз. Ендеше оның асқақ рухына ешкім де, ешқашан да ешқандай дақ түсіре алмасы әбден аян.
... Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғы ма екен, әлде жетпісінші жылдардың басы ма, әйтеуір әйгілі Ғали Орманов ағамыз бастаған, іштерінде Сәду Машақов, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбековтер бар, бір топ ақын-жазушы ағайынның Талдықорғанға сапарлап келе қалғаны бар. Облыстық газет редакциясында істеп жүрген кезім, бес-алты күн солармен бірге болып, ауыл-ауылды бірге аралаудың сәті түскен еді. Бұрын да білетін Мұқағалимен етене таныс-біліс бола түсуім де сол жолы басталған. Өлеңіне онсыз да ежелден қанық едім, бір кезде осыдан он шақты жыл бұрынырақта Еркін Ібітанов өзара жолыға қалсақ, айналасы жұмыртқадай жұмыр, жүрекке жылы тиетін өлеңдерін оқып жүретін еді. Кейін Мұқағали кітабы жарық көріп, біздің де қолымызға түскенде барып қарасақ, әлгі Еркін оқып беретін өлеңдер Мұқағалидікі болып шыға келді де, біз: «Мұның қалай?» деп сұрасақ, Ерекең ешбір қысылмастан: «Әй, біздің арамызда сенікі-менікі деген болмайды, ағайын адамдардың, өлең түгілі мал-мүлкіміздің де осылайша араласып жүре беретіні бар» — дейтін еді міз бақпай.
Сөз арасында болса да айта кетейік, бұл күнде сол әңгімеге өзі де араласып, өзі де естіп, тіпті өз аузынан шыққандай етіп ретті-ретсіз малданып қойып, өз ыңғайына қарай бұра пайдаланып жүргендер де кезігіп қалады. «Шіркінде ес болсашы сезет деген», — дегендей, тым құрыса пәленшекеңнен естіп едік деп, сілтеме де жасамайдындарын қайтерсің солардың.
Мұқағали деген кісіңіз жайшылықта аса ақкөңіл, пейілі кең, саған қарата қатты сөз айтпайтын, араласып жүрген ағайын алдында кінәлі адамдай-ақ қинала сөйлеп, қысыла күліп тұратын азамат болып шықты. Өлеңінде кездесетін асқақ көңіл, адуын мінездің бірі де байқала қоймайтын. Кей-кейде ғана, сол кездің дастарқанына иық тіресе тізіле қалатын шөлмек шіркіндер мөлшерден асып, көбірек босаған сәттерде ғана артық-ауыс сөз айтып, айналасына жайсыздана түсетіні болмаса, шектен шығар шәлкем-шалыс қылығын көре қойған емеспіз. Қасындағы үлкен-кішілер де, шашпауын көтере ілесіп жүрген біз де: «Ондай-ондай хан қызында да болады» дегенге сайып, қырғи-қабақтық таныта қоймадық-ау деймін.
Әйтеуір, дәл сол бір сапардан соң мен оның тасқа басылып шыққан әр өлеңін қалт жібермей, қадағалап оқитын болдым. Бірде-бір сөзін жерге түсірмей, желге ұшырмай қағып алып, қастерлей түстім. Содан кейінгі Алматы көшелерінде шұбырып соңына еріп, қайда барса ілесе жүретін аға-інілерімен қосылып, мен де қасынан қалмайтын едім. Оның әр сөзі, әрбір қимылына қызыға қараған да, баз-баяғы қысыла қараған да кездеріміз аз болмайтын. Рет санын ұмыттым, Қазақстан жазушыларының кезекті бір құрылтайына қатысу үшін Алматыға арнайы келіп алып (мұндай жиынға тұңғыш қатысуым еді) бірден Мұқағалиға ілестік те, екі-үш күн бойына соның үйіре қайырып, иіре жусатуына бодан болған қалпымызда мейманхана мен дәмханаларда теңселе жүріп алғанымыз да бар. Арамызда Атырау жағынан келген ақын Жәрдем Тоғашев болып еді. Ол өзі бізден жасамыстау, тіпті кексе тартыңқырап қалған әрі қалталы да жігіт көрінді, қоржынының түбінде қалбыр-қалбыр қара уылдырығы да бар болып шықты. Өзі болса жасы біршама шамалас Мұқағалидың алдына түсіп алып, айтқанын екі етпей елпілдейді де отырады. Сейіл құрамыз деп жүріп құрылтайдың аяқталғанын да аңғармай қалған менің өкінішіме: «Сен несіне ренжіп отырсың, бізбен бірге жүргеніңнің өзі де съезд емес пе саған, осыдан артық қандай әңгіме естиін деп едің, зәнталақ, қой ондайыңды!» — деп, біржола тұқырта тыйып тастағаны да бар еді Мұқаңның.
Кім туралы жазсаң да ең алдымен әділетке жүгінетініміз бар ғой, мұндайда артық айтып — асыру, кем айтып — жасыру деген мүлдем болмауға тиіс. Жоғарыда айтқанымдай, әр сөзіне имандай ұйып, ұдайы ғана қабағына қарап жүрген жаратылысы өзгеден өзгеше жанның іс-әрекетінде оғаш көрінер кінәрат болады деп ойламайсың, әр жолыққан сайын оған деген құрметің де, қызығуың да ұлғая түспесе келмімейтін, сенің бір басыңа ғана емес, ұлт өлеңін өрге сүйреуде өз тұстастарының бәріне үлгі бола бастаған азамат сөзін аяқасты ету біз үшін ауыр күнә сияқты көрінетіні де рас-тұғын. Сол кезгі ұғымымыз бойынша айтқанынан шықпай, айдауына көніп жүргеніміз де соның әсері болды-ау деп ойлаймын.
Өмірінің соңғы айларының бірінде, жазғытұрым «Баспоштамптың» қасынан кездейсоқ ұшырасып қалып, қоярда-қоймай мені үйіне ертіп апарғаны да есімде. Екі-үш сағат бос уақытым болған соң тартынбай соңына ерген едім. Төрінде отырып, тұңғыш рет Лашын жеңешеміздің қолынан дәм де татқанмын.
Жеңгеміздің асы түсірілгенше мені кабинетіне ертіп кіріп, «Мәскеуде жоғалтып алған қалың бір дәптер өлеңдерімнің сексен пайызын қайтадан қалпына келтірдім. Тыңда, оқып берейін», — деп алып, бірер сағат бойына маған сол өлеңдерін оқып еді. Мен де хаққа мүлгігендей қыбыр етпей отырып, түгел тыңдағанмын. «Апыр-ай, бұл неткен жады!» — деп те ойлағам мен сонда. Өзіміз кеше жазып, кездейсоқ жоғалтып алған бір өлеңімізді қайыра еске түсіре алмай жатып кеп қиналамыз. Құрығанда кішігірім бір кітап боларлық кереқарыс қалың дәптер өлеңді қалпына келтіру, сірә, Мұқағалилардың ғана қолынан келетін іс-ау деп те ойлағам.
Мұқағалидың аса көп оқыған, оқығанын ойға тоқи да білген ақын екендігін бұдан бұрын да бір рет аңғартқаным бар еді. Арғы жағын қоя тұрғанның өзінде, сол кезгі Кеңестер Одағында азды-кем аты шығып жүрген орыс һәм басқа да әйгілі ұлт ақындарының шығармаларын мейлінше жетік білетініне таңырқай қарайтынмын. Тоқу жағы болмаса, оқу жағынан біз де ешкімге есе жібермеспіз деп жүрген жасырақ кезіміз ғой, бірақ сөйлесе келе, сырласа жүре оның әйтеуір арғы-бергі әдебиетке қанығуы, солардың інжу-маржанын санасына сіңіре білуі екі бірдей жоғарғы оқу орнын тауысқан менен гөрі қомақтырақ екеніне көзім анық жете түсіп еді.
ІІ
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,
— деген еді бірде Мұқағали.
Осынау бір қарапайым ғана екі жолдың өзінен-ақ ақынның поэзиясындағы бағыт-бағдары, өмірлік ұстанымы, ұлт перзенті ретіндегі берекелі болмысы, бүкіл ғұмыры бойына өз ісіне өзгені араластырмай, басқаға басын билетпей өзі ғана ұстанған дара табиғаты, қаламгерлік позициясы қылаң беріп қалар еді. Осы бір тұжырымға бұл жерде ешкім де дау айта алмасы хақ. Олай дейтінім екінің бірі-ақ біледі дейтін қазақтың қатардағы ғана қарапайым сөзі Мұқағали қаламына іліккен шақта қыстан шыққан қарағайлы ормандай өз-өзінен жан біте түрленіп, аяқ асты әлденіп, әрленіп, көзі ашылған бұлақтай шымырлай қайнап, ширыға құлпырып, ажарланып, асқақтап, аспандап ала жөнелетіні бар. Ал біз болсақ көк пен жердегі жоқты іздеп, тосын бір дүние тузығардай әуреге түсіп, шала бүлінумен сарсылып барып, сарқылып тынар едік. Мұқағали әсте олай етпеді. Қазақтың кең дастарқаны басында, тіпті болмаса алқалы топтың алдында айнала жұрттың бәріне де қажет, бәріне де түсінікті, бәрінің көкейін тесіп, жан-жүрегін сыздатып жүрген аса бір қат кепті ақтара шертіп кеткендей, тыңдаушысын еңсере ұйытып, өз сөзіне ұмсындыра ұйлықтырып қойып, өзі де соған ұйып, әлдекімше үздікпей, үзіле жаздамай жайбарақат әңгіме үстінде сөйлеп отырғандай әсер етер еді.
Мұқағалидың даралығы да, даналығы да сонда ма деп ойлаймын.
Ешкімді кеміткенін, ешкімді ешкіммен салыстырғаным да емес, біз болсақ әр өлеңге таяныш қылар тиянақты бір түйін (концовка) іздеп әлекке түсер ме едік, қайтер едік, ал Мұқағали өз өлеңінің соңы қалай аяқталатынына пәлендей көңіл аударып, ой тоқтатып жатпайды. Оған ең алдымен өлеңнің қалай басталуы қымбат. Өз көңілі қалаған әлдене тосын саз, тосын ырғақ тың сарынмен ел құлағын елең еткізе аузына қаратып алады да, одан әрі сенің де көңіліңді жерге түсірмей биіктеткеннен биіктетіп, бауырына ала баурап, ерекше екпініне ілестіре, саған беймәлім қай-қайдағы бір тылсым әлемге қарай жетелеп бара жатады. Алғаш бір оқығаныңда әлгі өлеңдегі оқыс ой кілт үзіліп, орта жолда қала бергендей де болып көрінетіні бар. Бірақ оған да көңіл бөліп, тоқтап қала алмайсың. Қайырыла бір қарасаң немесе келесі өлеңіне көз салар болсақ, әлгі ойдың үзілген жерінен қайта басталғандай болып, сен де тосылып, тосырқамай, кібіртіктеп тасырқамай, әлгіндегі әуенге ілесе ілгері тартып бара жатқаныңды ғана байқайсың.
Ұлылық феномені дегеніміздің өзі де осы шығар, бәлкім. Кім біледі...
Мұқағалидың нағыз бір ылдидан салса төсте озған ерен жүйрік ақын екендігін көзінің тірісінде-ақ үлкен-кішінің бәрі мойындаған болатын. Мойындағысы келмей бұра тартқандар болса, өзінің дара талантына табындыра отырып, халықтың өз аузынан шығып жатқандай болып көрінетін кесек-кесек ой түйген даңғайыр дарынына жүгіндіре отырып, ақыры келіп еріксіз иіп әкеп мойындатты.
Оның бойына дарыған ақындық алып құдірет-қуаттың, басқаның маңдайына бұйыра бермес талант табиғатының құпия сыры да осында болатын.
Біздің қазақта өзінің оң жамбасына келетін белгілі бір тақырып аясында алдына жан салмайтын үздік ақындар бұрын да болған, құдайға шүкір, әлі де баршылық. Олардың біреуі ішкі иірімі мол интимдік лириканың хас шебері болса, екіншісі азаматтық әуен мен дидактикалық асыл да нақыл сөздің мұхитын жеке өзі жалғыз иемденген алпауыт, үшінші біреулері эпикалық жанрда ешкімге дес беріп көрмеген, айлап шапса алқымы іспес арғымақ сипатты ақиықтардың өзі дерлік тұлғалар.
Ал Абайды қай жанрдың ақыны деп бағалар едік? «Абай» десек болды, кітабын ашып қарамай жатып-ақ оның көңіл қылын дәл басқан даналық сөздері, жеке шумақ, жекелеген жолдары аузыңнан өз-өзінен ақтарыла бермейтін бе еді. Оның мұңы — сенің де мұңың, оның қайғысы — сенің де қайғың. Атар таң мен батар күн, арманың мен мұратыңа жетер жолды тура көрсетіп, тұла бойыңды тұтас қана баурап алатын, махаббат пен ғадауат гимні ретінде жан-дүниеңді түгел жаулап, адами қалпыңнан өзге бір тірлік иесіне ауысқаныңды да аңғартпай, отбасында басталған, үйелменің қасында өрбіген әңгіме өткенің мен кеткеніңе ұласып, толқымалы, толғақты ойлар түйініне айналып, шоғырлана келіп, шоқтай қарыр еді.
Мұқағали да солай, яғни, бұл сипатты тұлғалардың табиғаты да басқадан гөрі бөлектеу. Оларды оқып отырып тіршілік атаулы, тірлік атаулыны бөле-жармай біртұтас қалпында ғана қабылдап, күлсе де, күйінсе де, қамығып, тарықса да өзінің жеке басы ғана емес, әрдайым сенің де барыңды түгендеп, жоғыңды жоқтап, мұңыңды мұңдап отыр деп қана білесің. Солай ғана қабылдайсың. Қабылдап қана қоймай, жан-тәніңе сіңіре жұтып, сөз сиқырына тұтас сіңіп кете бересің.
Бұл Мұқағалиға, Мұқағали сияқты нағыз ғана біртуар ақындарға тән сипат.
Ал сенімен бірге жүріп-тұрғанымен, елі үшін де, жері үшін де қабырғасы қайысып, қамығып та жарытпайтын, басы ауырып, балтыры сыздамаса болғаны, тамағы тоқ, көйлегі көк тірлігі сөгілмесе, бала-шағасы аман болса жеткені, қалған дүние қараң қалса да күйзеле қоймайтын, отбасында алаңсыз отырып, өлеңін жазып, абырой-атақ қуып, оны да есебін тауып берсе қолынан, бермесе жолынан қақшып ала білетін ақындарға дауа жоқ, әрине. Олардың жөні бір бөлек...
Біз таныған Мұқағали олай ете алмайды. Ондайға тітіркене тұрып, жаны түршіге қарсы шығады. Оның өлеңдеріндегі, басқа да телегей-теңіз барлық шығармаларындағы ешқашан үзіліп көрмеген ащы жас, ауыр өксік, өкініш пен өкпе-наз, ашу мен ыза, соларға ілесе көп жағдайда еріксіз шаң беріп қалып жататын шарасыз дағдарыс, үргедек көңіл мен үркек ой, «күресуге жоқ екем, күресуге!» — дегізетін дәрменсіздіктің сарыны, міне, дәл осылардан барып туғандығын баса айтқан болар едік. Кейінгі көп «зерттеушілерді» адастырып жүрген де, оларға: «Мұқағали тірлігінде қорлық пен зорлықтан көз ашпаған екен-ау!» — дегенді айтқызып жүрген де, мінеки, ара жігі ажырамас осы сарыннан өрбіген деп білген болар едік.
Өйткені, әрбір ұлы жүректі ұлт ақыны өзінің қасірет-қайғы, мұңы мен мұқтажын ешқашан қоғамнан бөле жырламайды. Ол күңіренсе де сол баяғы айналасындағы адам шошыр алапестен, ел биледік, жұрт шүйледік деп жүріп те қарабас қамын ғана күйттеп кеткен, ала қойды бөле қырқып әдеттенген адамдардың қомағай қылығына, өз ортасының осы бір жазылмас дерті жанына батқандықтан, соған күйзелгеннен күңіренеді. Өзі де нар, нарлығына лайық сөзі де бар ақынға амалсыз зар шектіретін де сол. Ойы да, бойы да өзінен көп төмен пәкене біреулердің, оған біткен ақыл мен арын, талант пен дарынның қасында қыл есуге де жарамайтын әлдебір құл кеуде пенделердің ұдайы ғана алдын орап, ақысын жегенімен қоймай, қымс етсе жөні жоқ, жосығы жоқ ақыл үйретіп, жол көрсетпек болып жатса — ақынның адал жаны оған қалай төзіп, қалай ғана шыдасын. Мұның бәрі бір өзінің ғана көрген құқайы болса, оған мойынсынып, тіпті шыдас та берер ме еді, кім біледі, ал өзі сықылды ақылдың азабын тартып, қатар жүрген және бір шоғыр қаламдастары бар, соларға да ара түсе алмай, тордағы арыстандай аласұра күй кешкен, дәрменсіз бармақ шайнаған тұстары аз болды дейсің бе!.. «Ағайын бек көп, айтайын ептепке» басып, «жартасқа барып күнде айқай сала» жүре қайырыла келе күйзелісі мен күйінішін ащы бір запырандай ақ қағазға төкпесіне қойды ма. Сөзіңе сеніп, селт етіп жатқан да бірі жоқ, «баяғы жартас бір жартас». Басқасын былай қойғанда, аз күн қолына билік тиген кешегі сырлас «дос», тұғырлы тұстасың да сөзіңді салғырт тыңдап, салқын қабақ танытып жатады. Содан барып ол бүкіл қазақ жігіттерінен жәрдем таппай, айнала қармана жүріп, ақыры Фариза қызға шағынады. «Жанымды бір түсінсең — сен түсінесің» деп жырлай отырып, зарлап та алады.
Бұл да ноқтаға басы сыймас өр де өжет ақынның ел-жұртына не болды бұл, ежелден-ақ осындай ма едің деп, сұрапыл ойдың сергелдеңіне түскен бір сәттері болса керек. Бұл оның тәніндегі емес, жанындағы жара еді. Ұдайы ғана жанын күйзелтіп, тырғырыққа тірей бере жегідей жеп жатқан да сол. Екі шекесін солқылдата, ұзақты түнге ұйықтатпай, удай ашыта дуылдатқан да, құлағы мен миын түгел шуылдатқан да сол. Содан кейін барып адуын өлеңнің ақ маржаны аралас алқымдағы ащы зар запыран ақтарылды.
Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай,
Мына халық жатыр неге тойламай?!
деп те жазып еді сол тұста. Сол сөздерінен-ақ бүгін болмаса ертең туған халқының өзіне айрықша ықылас танытып, атақ-абыройын асыра, жамандығын жасыра отырып, барша құрмет-қошеметімен атын да атайтынын, тойы да тойланатынын ақынға ғана бұйырар тылсым түйсікпен күн ілгері болжай біліп, ертеңге сенген сезім де бой көрсетіп қалған сияқты еді.
Айтса айтқандай екен, Мұқағали ақынның алпыс, жетпіс жылдық мерейтойлары иісі қазақ жерінде түгел дерлік дүркірей аталып өткен. Әсіресе, Қарасазда мұражай ашылып, соңынан 60 жылдығын тойлаудың өзі бөгеттің алдын ашып жібергендей болды да, содан кейін басқа да ақындардың туған жыл, туған күндері айрықша аталып өте бастаған. Енді, міне, оның биыл өтер сексен жылдығына да еліміз болып еңсеріле әзірленіп жатырмыз.
Әлгінде бір айтқанымдай, ақынның рухани еркіндігін, еңсесінің биіктігін көре алмай, шәлкем-шалыс мінезін көтере алмай қағаберісте тұрып қамшы үйірген, жанына жолай қалса жиырыла танауын шүйірген әлгі бір қағынып туған көкжұлын немелердің біразы сол ұлы дүбір тойлардың үстінде жан-жақтан жиналған меймандарының қолына су құюға да жете алмай жүретінін, болмаса өрт сөндіргендей қызыл танау болып, сол Мұқағали тойын өткізуге амалсыз ат салысарын алдын-ала көре де білді-ау, көрегендікпен сезе де білді-ау деп ойлай беремін.
Әйтпесе:
Әй, Сергей, Сергей, Сергей,
Сергей, Сергей,
Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей,
— дегізерлік зобалаң ақынның жеке басына түсе қойған жоқ еді. Ақындығын әлдеқашан мойындап, азаматтығына ден қоя бастаған тұрғылас, құрбыластарынан, өзінің теңдес-теңінен қудалау да, қуғын да көре қоймағанына тірі жүрген біразымыз куәміз. Ол турасында айтып та, жазып та жүрміз ғой, қайталай беріп қайте қоялық. Бірақ айтпаса сөздің атасы өледі. «Мұқағали тірісінде мұқабасы қалың бірде-бір кітап шығара алмады, көбіне көп биттің қабығындай ғана жұқалтаң жинақтарын қанағат тұтып, сол бір шағын көлеммен шектеліп қалып жүрдіге саятын тағы бір алыпқашпа әңгімелер төңірегіне қарай ойыссақ, бұл арада да ақиқаттан аттап кетуге болмас еді. Ол кездегі үрдіс бойынша Жазушылар одағын жағалап, баспа төңірегін сағалап жүрген бірен-саран ақындар болмаса, кезекті жыр жинақтарына берілетін көлем небәрі 2-3, әрі кеткенде 4-5 баспатабақпен ғана шектелетін. Жыл сайын кітап шығару да екінің бірінің қолынан келе бермес қиямет-қайым бір дүние еді. Әдебиетке кешеуілдеп келіп, тұрғыластары қатарына кейінірек қосылған Мұқағали ең алғашқы «Армысыңдар, достарым» кітабынан (1964 жыл) кейінгі он екі жыл ішінде жұқасы, жұқалтаңы бар он бір кітап шығарған екен. Оның үстіне Алматыға қаншама қоржын басын толтырып келді дегенімізбен де, дәл сол бастапқы кезеңде Мұқағалидың да жыл сайын қалың-қалың кітап шығарып отыруға мүмкіндігі келе бермесі анық қой. Оның құлашын барынша кеңірек жайып, көсіле сілтей көп жазған кезеңі, жасыратын несі бар, өмірінің соңғы кездері болған.
Ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы әлгіндей келеңсіз әңгімені бұл күнде «Мұқағалидың көзі тірісіндегі жан досы болып, жанынан табылып едім» деп жүрген әлдебіреулердің шығарған, бүгінгі күннің лебіне ілесе туған байбалам ғана деп білген жөн. Әйтпесе, поэзиялық шығармалардың «жұрт қатарына қосылып, көзі ашыла бастауы» да өткен ғасырдың сексенінші жылдары болатын. Ендеше Мұқағалиды өз үлесінен қағылып, қағажу көріп өткен ақын деп оңды-солды айта берудің де реті жоқ-ау деп ойлаймын.
Тағы бір жәйтке тоқталсақ, Мұқағалидың қасында көбіне-көп аға досы, әйгілі Тоқаш Бердияров, інілерінен сол кезде атағы дүркіреп естіліп, аты жайылып жүрген Тұрсынзада Есімжанов, Еркін Ібітанов, Мұқатай Жылқайдаров сияқты жерлестері, ертерек марқұм болып кеткен тағы бір талант иесі Марат Отаралиевтер жүретін еді. Ара-тұра біз де қосылып қоятынбыз. Ал әлгінде айтқанымыздай жер астынан шыға келген «жан аяспас достарын» оқта-текте Мұқағали қасынан көрсек көрген шығармыз, біраз көкейде қала қоймапты.
ІІІ
Тақыр жерге қақ тұрмасы ақиқат. Мұқағали да екі аяғы салбырап аспаннан түсе қалған жоқ еді. Өзіне дейінгі қазақ жырының барша інжу-маржанын сүзіп теріп, су түбінен суырып алған асылының бәріне сұқтана сүйсініп, соның барлығын сіміре отырып ержетті, бойына сіңіре жүріп жетілді. Қазақы жырдың қайнар бұлағынан қанып ішіп, қалтқысыз қабылдай отырып, соның бәрін іштей қорытып барып халықтың өзіне қайыра ұсынып отырды. Қанатын қаққан сайын халқына жақындай түсті.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,
— дейтін ой да содан туындаса керек-ті.
Оның үстіне Мұқағали әдебиетке келген тұс — қазақ поэзиясының кемелдене толысып, әлемдік деңгейге қарай бетбұрған аса бір асқақ та құнарлы кезеңі еді. Әрісі Абай, Махамбет, сәл бергідегі Мағжандарды айтпағанның өзінде, қолына кешігіп барып тисе де жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров шығармалары оның еншісіне екпін қоспауы, шабытын ширықтыра қайрай түспеуі әсте мүмкін емес еді. Қатыгез тағдырдың қаншама михнат-машақатын арқалай жүре, опынып-өксімей, аузымен от шайнай жүре қазақ сөзінің алқызыл жалауына айналған Қасым Аманжолов, басқа емес, дәл Мұқағалидың өзі орыс тарихында айырықша орны бар ашулы Грозный патшаға теңеген Әбділда Тәжібаев ағасы бар, дарыны өзімен деңгейлес — бір шоғыр құрбылас-тұрғыластары бар әйтеуір оның ақын болып қалыптасуына барынша ықпал еткен үлкен бір үлгі, ізі суымас өнеге болғаны анық еді. Өзіне дейінгі сол бір ұлы дәстүрдің бәрін бөле-жармай дәріптеуге үйреткен де, үлгі болуға жараған да солар еді деудің де ерсілігі бола қоймас. Мінеки, сол бір қазақ жырындағы асыл да асқақ рух, астарлы да аңсарлы, аяулы да абыройлы асыл сөз, шабытыңа шабыт қосып отырар төгілмелі де төкпелі қуатты құдірет, елде жоқ орасан ерпін Мұқағалиды ұдайы ғана заңғар биіктерде самғатып, алға қарай жетеледі де отырды десек те артық айтқандық бола қоймасы ақиқат. Оның ақын ретіндегі ең негізгі, ең басты қару-құралы да осылар. Бұл да болса өзінен ешкім озбайтын, уақытпен бірге күйреп барып тозбайтын туындылар берген хас шебердің өзіне ғана тән киелі қасиет, тек соның ғана маңдайына бұйырар өлшеусіз сыбаға еді.
Ең алғашқы балаң жылдарымен-ақ жалғандық, жасандылық атаулыға атойлай қарсы шығып, арсыздық пен аярлық, арбау мен алдаудың, жәдігөйлік, екіжүзділік пен ездіктің бәрін талантымен ықтыра, адуын дарынымен біржола бұқтыра келді де, өзінің сүтпен сіңген сыпайы күлкі, сырбаз мінезінен айнымай жүріп-ақ бітімге көнбес бірбеткейлік таныта білген еді-ау ол. Жақсының ғана жанашыры, тектінің ғана демеушісі болуға тырысты. Содан шығар, өзі қайтыс болғаннан кейін отыз бес жыл ішінде Мұқағалиды оқыған да, оқымаған да (егер ондайлар табыла қалса) арманда болып жүргені. Өйткені ол әр өлең, әрбір шығармасы арқылы сенің де сол сәткі көңіл пернеңді дәл басып, одан әріге қарай еріксіз ертіп, еліктіріп, ойыңнан кетпестей болып, біржола көкейіңе орнығып қала берер еді. Әу деп оқи бастағаннан-ақ ойың да, санаң да солай қарай еңсеріле ойысып, сиқырлы әуен құшағына соңынан ілескеніңді байқамай да қалар едің.
Оқыған адамның ой-санасын осылайша біржола тәуелді ете билеп алып, жыл өте ме, жылдар өте ме, бір өзіне бағындыра, табындыра түсіп келе жатқан кесек ақынға, қалаймыз ба, жоқ па, — біз де тағзым ете бас шұлғи беретініміз де содан.
ІҮ
Жасырып-жабары жоқ, Мұқағали жырларына мен әсіресе осы бір соңғы кездері қайырыла соғып, қадала түсіп, көбірек оқыдым. Өзімнің көңіл-күй, бітім болмысыма орайлас тұстарына, сәйкес сәттеріне көбірек ден қойып, терең ойландым. Көптен бері көгілдір сағымға ілесіп көз ұшында кетіп бара жатқан салқар көшті ғана қуып жеткендей бір жұмбақ та жеңіл әсерге бөлендім. Мұқағали рухы, Мұқағали әлемі мені де қайта бір қайрап, өлең мен өмірге бұрынғыдан да құлшындыра түскендей, жігеріме жігер, күдеріме күдер қосқандай болды. Мұқағали құдіреті оның талант-табиғаты жайында, Мұқағали феномені төңірегінде өз әлімнің келгенінше тебірене отырып, ұзақ-ұзақ толғана жазғым да келген. Бірақ бұл Мұқағали жылына орай баспасөзге берілер мақала болғандықтан, бұдан әріні газет ауқымы көтере қоймас, тәңірім мұрша беріп жатса, тағы да бір оралып соғамын деген оймен өзімді-өзім тежей де отырған жайым бар еді.
Мұқағали туралы сөз бір күнмен де, бәр жылмен де аяқтала қоймасына да көзім әбден жетеді.
Ү
Биыл, міне, Мұқағали Мақатаевтың туғанына аз ба, көп пе, білмеймін, әйтеуір табаны күректей тұп-тура 80 жыл толып отыр. Оның алдағы мерейтойына деген дайындық осыдан бірер жыл бұрын басталып кеткенін де білеміз.
Бір өлеңі — бір елдің мұрасындай,
Жыр жаза алмай жүрмін-ау Расулдай.
Расулдай бағым да жүр ашылмай,
Аңшының қолындағы лашындай,
— деп еді ол өзінің сырлы да сүбелі бір өлеңінде. Мұндағы Расулы — дағыстан халқының атағы жер жарған айтулы ақыны Расул Ғамзатов еді. Бағы жанып кеткенде сол Расулдан қылаң елі қалмасын жақсы сезінген, өз құны, өз бағасын білетін, шығармашылық деңгейінің қаншалық екенін анық сезетін адамның ащы да болса айтылып қалған бір мұңы еді бұл. Нағыз бір кемеліне жетіп, көсіле сілтер шағында қысқа жіп күрмеуге келтіре қоймайтын замана тарлығына, алтынды қолда барда қадірлеуге жоқ айыр құйрық қоғамның аярлығы оның да арқасына аязбай батып, көңілін кірлетпеді дейсің бе. Ол да белгілі жәйт, түсінікті тірлік еді. Зәуде бір сарай маңын сағалаған бірер-жарымы болмаса, өз заманына толық разы болып өткен ақынды әдебиет тарихы біле де қоймаған шығар-ау.
Мен білсем, Мұқағалидың бағы өзі қайтыс болғаннан кейін ғана барып ашылды. Өлгеннен кейін ақынның екінші өмірі басталады деп жатамыз ғой, сол екінші өмірі Мұқағали бұлағының қайнар көзін ашып, қалың қазағына бүкіл болмыс, орасан зор еңсесімен көрсетер берекелі кезең болды деп есептеуге болады. «Жазылар естеліктер мен туралы, біреулер кісі еді дер өр тұлғалы, біреулер жігіт еді деу де мүмкін, бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы», — деп өзі айтқандай, ол туралы естліктер де жазылды, еңселі ескерткіш те орнатылды, мұражай ашылып, мектеп пен көшелер аттары берілді. Бұл дағы ілуде біреуі болмаса, талант біткеннің бәріне бірдей бұйыра берер сыбаға еместігі және аян.
Сол ұлы дарын, ірі талант, қазақ поэзиясының даусыз таза классигі жайында бұрын да аз жазылып жүрген жоқ еді, сол сөздердің қатары биыл тіптен толығып, көбейе түсуде. Біреулер біліп барып, өзі көрген, көңіліне берік орныққан ойларын ортаға салса, енді біреулері әйтеуір айтаққа айқай қосып қалу ниетімен дарпыртқа ілесе солармен қапталдаса бере әудем жер ентігіп барып, орта жолда қалып та жатыр.
Осы жерде тағы да бір даусыз шындыққа жүгіне кетсем деп отырмын.
Мұқағали есімін қалай ғана асқақтатып, қалай мақтаймыз десек те сыйымды ғой әрине, бірақ артық қыламыз дей отырып, тыртық қылып алмау жағын да ескермей болмайтын сықылды. Бір кезде Жамбыл-Жәкемнің: «Сталинге теңеу таба алмай, қиналған Жамбыл жері осы» дегені де бар сияқты еді, біздің де кейбір аты белгілі азаматтарымыз Мұқағалиды мақтаймын деп, көтере түсемін деп отырып, қаншалықты төмендетіп алып жүргендерін аңғармайтынға ұқсайды. Осыдан біраз бұрын менің бір жақсы інімнің ақын туралы «Қазақ жырының Хан Тәңірісі» деп жазғаны да бар еді. Бұл Мұқағалиды биіктікке балама етіп, туған жеріне қарай тарта, бауырына баса бұра түскісі келгеннен де болар. Әйтпесе, Мұқағали қазақ жерінің бір ғана өңірінің құшағына сия қоймайтын, Қарасазға да, Қаратауға да тең ортақ, Сарыарқа мен Жетісу, Алтай мен Атырау үшін де бірдей ыстық, әлгінде айтқанымыздай, иісі қазақ түгілі, алты алаштың маңдайына біте қалған ірі тұлға екендігі даусыз ғой. Қазақ жырының екі тумас, қайталанбас Абайы бар, Махамбеті, Дулат жырауы, Сұлтанмахмұт, Мағжандары, Ілияс, Қасымдары бары рас. Сол сияқты қазақ жырының біртуар Мұқағалиы да бар. Ол — сонысымен әулие, сонысымен мықты, сонысымен де орнықты. Ешқандай артық мақтауды, асыра әспеттеуді қажет те етпейді.
Мұқағали жайындағы мақаласының бірін «Қазақ жырының қара бурасы» деп те атағын тағы бір талантты ініміз бар. Кісіні қайыспас қара нарға теңегенді білуші едік, қара бураға апарып теңегенді алғаш рет естіп отырмын. Автор өзі біледі ғой, бірақ қалай дегенде де құлаққа жұғымды естілер теңеу емес екендігі көзге ұрып-ақ тұр.
Кей-кезде біздің сырлаймыз деп отырып сындырып алатынымыз да болушы еді. Содан да сақтандырып жатқаным бұл. Құрмет те, қошемет те әр ақынның өз басына лайық, бойына шақ, жарасымды болғанға не жетсін. Әсіресе ұлтының ұранына айналып бара жатқан Мұқағали сынды ақынға артық жамау да, орынсыз жасқау да қажетсіз, біз таныған ірі тұлға, дара бойына жараса бермесі хақ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі