Ақынның 200 жылдығында сөйлеген сөз
Осыдан аз күн бұрын Махаббеттің осы жиынына орай бірер ауыз сөз айтыңыз дегенде, аз-кем тосылыңқырап қалған едім. Өйткені соның алдында ғана М.О.Әуезов атындағы әдебиет институты дайындап, "Ғылым" баспасы шығарған "Махамбет" деп аталатын 4 том кітап сатып алғаным бар-тын. "Апыр-ай, Махамбет мұрасы осыншалық мол екен-ау, біз болсақ сол баяғы Қажым Жұмалиев ағамыз құрастырған, алғысөз жазған қалақтай ғана қара кітап пен беріде Берқайыр Аманшин толықтырып бастырған жалғыз қалың елі кітапты ғана малданып, соны ғана жастанып жатып, жаттап өсіп жүре бергенбіз бе?" — деген күмән-күдік аралас оймен әлгі 4 кітапты түгел ақтарып шықтым. Мұнда Махамбет өлеңдері, күйлерінің нотасынан басқа да көбімізге беймәлім, орыс-қазақ архивтеріндегі көп-көп құжат-қағаз, тосын дерек тың тұжырым, бұрын тасқа басылғаны бар, шашырап шашылғаны бар зертеу болжамдардың ең қажет, ең құндылары топтастырылған екен. Жинап-теріп шығару ғана емес, оларды сыдырта оқып шығудың өзі үлкен күшке түсетін сол мол қазынаға соңғы бірер жыл ішінде Махамбет өміріне, оның жеке басы, айналасы мен заманына орай жазылған, жазылып жатқан сан сипаттағы көркемсөз, көсем сөздерді қосыңыз, олар да түзіле келе тұп-тура 4 том боп қалар еді. Махамбеттің туған өңірінде күні кеше әлемдік деңгейде аталып өткен ұлы жиын-үлкен той үстінде біреуі бәйге аламыз деп, біреуі біз қалай құралақан барамыз деп, марапат мақтау дәмете дүниеге келген өлең-дастандар легі тағы бар. Бір Р.Ниязбековтың өзі екі жүз өлең жазып жеке дара кітап шығарғанын білеміз. Қазір ғана естідім, таяу күндерде Махамбет жайында жиырма кітап оқырман қолына тиіп қалатын көрінеді.
Ал осыдан кейін, мықты болсаң сен де Махамбет жайлы өз жаныңнан жаңа бірдеңе қосып айтам деудің өзін әбестік санамай көр. Жұрт айтқанды қайталап, тіл-жағыңа сүйене езіп-мыжып сыдыртып өте шығу аруақ алдында күнә болар еді. Енді не істесем болар еді деп ойлағанмын.
Мен де арнау өлең жазсам ба екен деп те ойладым. Бес-алты ауыз өлеңді басқалардан гөрі біршама тәуірірек жазып шығарыма сене тұра, Махамбеттей ұлының өзінен асыра қоярмын-ау, тіпті сол деңгейге жете жығылармын-ау деудің өзі де бекер әурешілік, құр далбаса, босқа тыраштану болып шығатын сияқтанды.
Ендеше бұл күнде ұлтының ұяты, халқының қалқаны сынды бұлжымас тұрақты ұғымға айналып кеткен Махамбет туралы сөйлеуден гөрі, өзіміздің оған деген қатысымыз жайлы ойлау, соны сәт сайын, сағат сайын еске түсіре отырып, арғы-бергімізді таразылау әлдеқайда тиімді көрінді. Ал осы тұрғыда ойлану үшін де оқта-текте Махамбетті қайталай оқи түсіп отыру қажет екендігіне көзім жете түсті. Бірақ мынаған қараңыз, бар болғаны соңына 70-80 өлең қалдырған Махамбетті арнайы зерттеп жүрген адам болмаса кісінің бір ғұмыры ішінде түбегейлі сіңіре оқып тауысу да, оны өз болмысымен бірге тұтас қабылдау да мүмкін еместей көрінері бар екен. Оны да ұлы Абайды оқығандай, ұдайы үзбей ғана там-тұмдап оқып, күнделікті қажетіңе жаратып отыру керек екен. Сөйтсең ғана кез-келген уақыттағы кез-келген жағдайға байланысты өз көңіл күйіңе орай есіңе түсіп, үнемі саған қол ұшын созып, атой сала көмекке келіп отырады екен.
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық-жалын шарт түйген,
Кескекті ердің сойымын, кескілеспей басылман! —
деп, жасыған шағыңда жаныңа жігер беріп, күйрей бастаған көңіліңді бір көтеріп тастар еді ол.
Ұдайы аттың жалы, түйенің қомында темір қазық жастана, қу толағай бастана жүріп жазған жырлары біз жоғарыда айтқан көп-көп томдықтардың бәрінен де құндырақ, бәрінен де салмақты, бәрінен де биік тұр.
Кез келген үйдің табалдырығын аттай бере:
Қарағайға қайқы бұтап біткенше,
Еменге иір бұтақ бітсейші,
Қыранға тұғыр қыларға.
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан жалғыз тусашы,
Ата жолын қусашы,
Артымыздан біздердің,
Ақырып теңдік сұрарға! —
немесе:
Мен, мен едім, мен едім,
Мен нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім, —
болмаса:
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың, —
деп бастаңызшы сөзіңізді, құдай біледі, ешқашан кітап ұстап көрмеген, өлең дегеннің иісі мұрнына да бармайтын иісалмастың өзі: "Махамбет қой!" деп санқ етер сөзсіз.
Оның есімі халық сөзі ғана емес, халықтың мұрат-мүддесі, ұяты мен ұранына айналып кеткеніне сол да бір дәлел.
Кейде біз бұрынырақ өткен белгілі бір тұлғалар жайлы айтып отырып, оларды мақтағымыз келгенде: "Әр сөзі бүгін де өз құнын жойған жоқ, бүгінгінің өзіндей болып естіледі, ол біздің замандасымыз" сияқты деп жатамыз. Махамбет турасында олай айту мүмкін емес. Ол бізге замандас бола алмайды. Оқ бойы, жоқ, ол бізден ғасыр бойы алда, ғасыр бойы озық жүр. Үнемі ғана жыр жалауын желбіретіп біздің алдымызда осылайша жүре беретін болады.
Артында кесек сөзі қалған әрбір кемеңгер ақынның ізбасарлары, шәкірттері еліктеушілер мен солықтаушылары болады. Ал Махамбетке еліктеу әсте мүмкін емес. Оған көзсіз еліктейміз деген әрбір талант иесі сөзсіз масқараға ұшырар еді. Сондықтан оған еліктеудің орнына, оның асқақ та адуынды үнін үзіп алмай ұдайы жалғастырып кейінгіге сол қалпында жеткізе беруге тиіспіз.
"Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық" болады деп жатады жұрт. Махамбет те әлденеше қырық жыл бойына кейінгілерге, оның ішінде біз де бармыз, азық болумен келеді. Азық дегенді тура мағынасында да, тұспалды жанама мағынасында да айтып отырмын. Ендеше бәрімізді де демеп, әсіресе қалам ұстар қастерлі қауімді Махамбет рухы әлі де жебеп жүрсін. Ол болашақ ұрпақтарымызға да рухани ұстаз ғана емес, рухани азық бола бермек!
Рахмет!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі